Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Айзада Рахымжанова. Алыста жүрген жақын адамға, А...

Айзада Рахымжанова. Алыста жүрген жақын адамға, Ақ сәлемімді жеткізіңдерші

01.11.2025

4942

Айзада Рахымжанова. Алыста жүрген жақын адамға,  Ақ сәлемімді жеткізіңдерші - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясының бүгінгі кеңістігінде ақын Айзада Рахымжанованың есімі ерекше нәзіктік пен сыршылдықпен астасып айтылады. Оның жырларында сезім мен ойдың тепе-теңдігі сақталған. Ол өмірдің көп адам аңғара бермейтін көріністерінен үлкен философия тудыра алатын ақын. Бір ғана жаңбыр тамшысы немесе желдің лебі оның өлеңінде тұтас күйге айналып, оқырманды ой тереңіне жетелей алады. 

Тілі жеңіл, бейнелеуі көркем. 

«Көктемде аспан ғана жылайды екен,

Бұлбұлдар әніне сөз сұрайды екен...». Осы екі жолдың өзі Айзаданың лирикалық табиғатын толық танытатындай.

Өлең арқылы, жүрек арқылы сөйлейтін сол Айзада Рахымжанованың  Астанада әдемі поэзия кеші өтті. Жанның үнін тыңдай білетін, сөздің салмағын сезіне алатын оқырмандар ақынның әр өлеңін жылы қабылдады. Кеште әдеттегідей сыпыра мақтау мен көпірме сөзге кезек берілген жоқ. Тек жыр оқылды. Сіздер де оқи отырыңыздар. 

 

ҰЛЫТАУДАН АТТАНАРДА

Тәрк ететін тағдыр заңды,

Жүрек жылап, жан былғанды,

Аспан қимай әлек салды, 

Күн күркіреп, жаңбыр жауды.

Ұлытаудан аттанарда… 

 

Небір ойлар жетеледі,

Сағынышты еселеді,

Нөсер жаңбыр төпеледі,

Қимай тұрды қала мені,

Қимай тұрды көшелері,

Ұлытаудан аттанарда…

 

Сағат тілі тоқтай қалды,

Жанар жасын шоқтай жанды…

Албырт сезім алабұртты,

Жүрек бір сәт соқпай қалды.

Ұлытаудан аттанарда…

 

Ұясына күн құлады, 

Мұңды еді түннің әні.

Сені ұнатып қалғанымды,

Сезді бәрі, білді бәрі.

Ұлытаудан аттанарда…

 

Айтпаса да күн дерегін,

Бәрін, бәрін білген едің.

Күллі қала шулап жатты, 

Тек сен ғана үндемедің,

Ұлытаудан аттанарда…

 

Жақты шырпы шырақты үміт,

Бір-ақ себеп, бір-ақ күдік,

Жалғыз қайың жол шетінде,

Қол бұлғады жылап тұрып.

Ұлытаудан аттанарда…

 

ЖОЛ

Іштегі мұңды жасыра алам ба?

Көк мұнарлардан өткізіңдерші.

Алыста жүрген жақын адамға,

Ақ сәлемімді жеткізіңдерші,

Жолдар…

Соны іздеп келем,

күш беріп таулар,

Сәлем дүр қырлар, сәлем гүл-белдер!

Көрсеңдер, сырды іште жұтпаңдар,

Сағынып сені әрең жүр деңдер,

Жолдар…

Сезімін іште жасырғандарды,

Жол торабында түйістіріңдер.

Сағынып жүрген жақын жандарды,

Қауыштырыңдар, сүйістіріңдер,

Жолдар…

 

ҚЫЛМЫСКЕР

Мен бүгін аса ауыр қылмыс қылдым,

Сезімді тұншықтырдым, пышақтадым…

Сағынбауға ендігі серт еттім де,

Соңғы рет көздеріммен құшақтадым…

 

Таңдайға талай рет у татырды,

Жүрекке бәрін айттым лағынеттің…

Жауапсыз махаббатқа душар қызды,

Қаскөйдің көлігімен қағып өттім…

 

Жасадым кешірілмес бір қателік,

Жанына балта шаптым жыр-қанаттың…

Өлеңді жүрегіммен бірге көміп, 

Соңғы рет көз жасымды сырғанаттым…

 

Мен болам - махаббаттың қорқынышы,

Сайтанмен сайран құрып, бірге ішкенмін…

Ең ұлы сезімдерді өлтіруші,

Ең ірі, ең қауіпті қылмыскермін…

 

***

Қалай бәрін ұмытасың оп-оңай?

Сөздерімді, көздерімді ботадай?

Ештеңе де болмағандай қасымнан,

Тағы өтіп бара жатсың о, тоба-ай…

 

Сезім жайлы, қап-ай, дұрыс қалды ма ән?

Ессіз неге ол? Талай ұрысқам бұған.

Сені көрсе сексен есе соғатын,

Жүрегімді қалай тыныштандырам?

 

Мені ұмыту - саған білдік оп-оңай,

Сені аңсау - ауыр неткен о, тоба-ай…

Таңдайыңда тәтті дәмім қалды ма?

Маңдайыма бұйырмаған ботам-ай…

 

БҰЛ КӨКТЕМ...

Бұл көктем мезгілдердің бөлегі екен,

Ең іңкәр сезімдерге себеп екен,

Нүктесіз, шын сүйетін адамыңа,

Бүкпесіз сырыңды айтқың келеді екен…

 

Көзің тек көріктіні көреді екен,

Қайғыңды қуанышың жеңеді екен.

Дерексіз хабарласпай кеткен жанды,

Себепсіз іздеп тапқың келеді екен…

 

Өткеннің жарығы ерте сөнеді екен,

Өкпеңді жер астына көмеді екен.

…Кәделі өрнекпенен көмкерілген,

Әдемі көйлек кигің келеді екен.

 

Далаңа жасыл желек төгеді екен,

Санаңа сезім тамшы себеді екен,

Асқына түспес үшін сағыныш-мұң,

Қапсыра құшақтағың келеді екен…

 

Көктемде аспан ғана жылайды екен,

Бұлбұлдар әніне сөз сұрайды екен…

Гүлді өпкен суретім де шырайлы екен,

Бұл көктем маған қатты ұнайды екен…

 

МҰҢ

Айдан алыс ұзап кетті, күннен шалғай дерегің,

Саябақта шақпа аязға қарсы жүріп келемін…

Ең сүйікті шарфым да құтқармады,  қайтейін,

Астананың суық күнін жылытатын сен едің…

 

Жанарыма орнап алды қалауымсыз, жас түнеп…

Хәл нашарлап, кеуде толып, үміт сөніп, бас жүдеп…

Мұндай қырсық болмас еді, ең мінезді ақымақ,

Мұндай қатал болмас еді, ең сезімсіз Тасжүрек…

 

Ең өрнекті қар қылауын алқа қылып тағамын, 

Ең әдемі түнде келіп есігіңді қағамын…

Аспан жақтан аққан жұлдыз, білер бәлкім мекенін,

Ол туралы айтшы, Қаңтар, бар ма сенің хабарың?

 

Көкке бұлт боп тізілгендей басымдағы шатпақтар,

Ғазал үнің…

Назалымын…

өз-өзіңді ақтап қал…

Суықторғай біздер жайлы ән айтады бұл бақта…

Сол әуенге шыр айнала билеп жатыр аппақ қар…

 

Айдан алыс ұзап кетті, күннен шалғай дерегің,

Саябақта шақпа аязға қарсы жүріп келемін…

Ең сүйікті шарфым да құтқармады, қайтейін,

Астананың суық күнін жылытатын сен едің…

 

СЕН ДЕ ҮНСІЗ КҮТІП ЖҮРСІҢ КӨКТЕМДІ

Сен де үнсіз күтіп жүрсің көктемді,

 Асықпайды ол, былтыр да өстіп кеш келді.

 Өткеніңнің ең бақытты сәтінен

 Өкінішті, қалмайтыны еш белгі...

 

 Маxаббатты жұрт болмаған десіп жүр,

 Ақ сезімге тең келмейді еш үлбір.

 Асқақ-асқақ арманымыз аспанда

 Бұйра-бұйра бұлтпен бірге көшіп жүр.

 

 Түнім менің тоңдырады, тонайды,

 Таңың сенің шуақты һәм арайлы.

 Мұңым болса мынау аппақ әлемге

 Жанарымнан жасырынып қарайды.

 

 Жанымызға бүгіп келген сыр неткен?

 Мен де сенен дәмелі едім, білмеп пе ең?

 Ең жауапсыз сезімдерге жаны ашып,

 Қар астында тыныстайды гүл-көктем!

 Р.S.

 Бір ғажапты күтеміз-ау көктемнен,

 Асықпайды ол, былтыр да өстіп кеш келген...

 

НЕГЕ?

Неге жүрек тыныш емес,

Неге жоқты қозғайды?

Неге аспан түнереді,

Неге дала боздайды?

 

Неге өлең жазылмайды,

Неге қағаз әлі аппақ?

Неге әлі ұйықтамадым,

“Фаризаны” парақтап..?

 

Неге бүгін үйде отырмын,

Неге жалған сөйледім?

Керуеннен сатып алған,

Киілмеді көйлегім…

 

Неге әтірім себілмеді,

Неге далап жақпадым?

Суретіне “жүрек” бастым,

Неге бүгін басқаның?

 

Неге бұл түн текке керім?

Неге мұңды тағы да ән?

Неге оны  жек көремін,

Неге оны  мен сағынам?

 

***

Сезімімнің лаулаған өрті мұнда, 

Түнмен бірге шығады жортуылға…

Сені ойласам мен тағы жерде емеспін,

Өмір сүрем ауаның толқынында…

 

Жігерім жетпеген соң жанасуға, 

Көз жасымды қосамын қара суға.

Сені ойласам, ұшамын,  жерде емеспін,

Өмір сүрем бұлттардың арасында…

 

Кеңістікті күйдірем, өрт етемін,

Дүниенің бәрін де тәрк етемін…

Қара түнге қоп-қою енемін де,

Таңғы шықтай  мөлдіреп, мөлт етемін.

 

Көз жанарың не деген тұнық көкем?

Тұманына ойымның сіңіп кетем…

Соңғы демім қалғанша сені сүйіп,

Тағдырыма миықтан күліп кетем…

 

АРҚАНЫҢ АППАҚ ҚЫЗЫ ЕДІМ…

Он сегізде едім,

Арқаның аппақ қызы едім…

Фаризаны оқып, бойымды бекем түзедім.

Еркелігімді көтерген асыл анамдай,

Айнакөлімде аққудай қалқып жүземін…

 

Он сегізде едім,

Бәйшешек, балғын ару ем,

Жарық ем күндей, 

Жарқырап жанған лағыл ем,

Талдырмаш бейнем, 

Жібектен еді көйлегім,

Ақ тамағыма Меруерт моншақ тағып ем.

 

Он сегізде едім,

Сүйріктей еді саусағым,

Сол шағым екен, 

менің ең тәтті бал шағым,

Алысқа кетіп, көз жазып қалдым жұртымнан,

Ақбөкеніндей арқаның.

 

Жанарым енді жасындай қарып жанбайды,

Жүрегім ғана, жассың деп әлі алдайды.

Ешкім де маған, 

ешкім де маған қайтейін, 

Он сегізімді қайтарып бере алмайды…

 

ЖЕР БЕТІН ҰСТАП ТҰРҒАН ӨЗІҢ, МАМА!

Анашым, сөзімнен нұр таратамын,

Ып-ыстық әлі сенің алақаның,

Қиялдан саған сәлем жолдап тұрар,

Ұяңнан ұшып шыққан балапаның…

 

Сендік үн, сыңарындай кей ұғымның:

Кеңдігін көріп өстім пейіліңнің.

Шомылдым жүрегіңнің жылуына,

Тербелдім бесігінде мейірімнің.

 

Сен жайлы айтылмады қандай ұлы ән?

Ақ сүтің кетпеді әлі таңдайымнан,

Сағына құшағыңа қысшы, мама,

Тағы да иіскеші маңдайымнан…

 

Төккенде көзқарасың жазғы лебін,

Шырқайды қарлығаштар сазды керім…

Күмістен, сенің ана әзиз күлкің,

Алтыннан, ана сенің әз жүрегің…

 

Ең жұмсақ, ең сүйкімді сөзің мама,

Ең көркем, ең аяулы көзің, мама,

Өтінем, сен мұңайма, сен ауырма

Жер бетін ұстап тұрған өзің, мама!

 

ӘКЕМ ЖОҚ ЕНДІ МЕНІҢ...

Қалай ғана жазмышқа көндігемін?

… Келген жанға ашатын кең жүрегін,

Елге барсам алдымнан күліп шығар,

Әкем жоқ енді менің…

 

Болмысы бар бәйтерек, дара шынар,

Ең ұлы туындысы бала шығар,

Әкем өтіп кеткелі дүниеден,

Жанымның жазылмайтын жарасы бар…

 

Иманымен толтырып құмырасын,

Тірлікте түгел еткен құбыласын.

Әкем өтіп кеткелі дүниеден,

Анамның жанарының мұңы басым.

 

Сары уайым сағыныштан жаншылады,

Ол туралы сөнбейді ән шырағы,

Әкем өтіп кеткелі дүниеден,

Көзімнің Суалмады тамшылары…

 

Жалғаннан жалықтық деп жыламаңдар…

Тәңірден бармақтай бақ сұрамаңдар,

Шынында ең бақытты пендесіңдер,

Ей, әкесі тірі адамдар!

 

АУЫЛДАҒЫ БАЛАЛЫҚ

Қыр басында жатқан ауыл,

Таң шуақ…

Әкем кетті тұғыр атын қамшылап.

Әжем де жүр, құрт қайнатып, іркітін, 

Қапқа құйса, сары суы тамшылап.

 

Анам болса, сүтін тартып, әндетіп,

Үніменен тербеледі таң-бесік.

Бұл ауылдың аспаны да тұп-тұнық…

Бейнетімен келетіндей бар несіп.

 

Ерек келген мүсіні мен бітімі,

Ақтөсімнің бөлек бірақ күтімі.

Сары сүтті сорпылдатып ішеді, 

…Будақтайды самаурынның түтіні.

 

Ең бақытты сәтке толы айналам,

Төр көрпеге жата қалып, жайланам,

Ыстық-ыстық,

Пеште таба нан піскен.

Тәтті-тәтті,

Отта қаймақ қайнаған. 

 

Үстелдегі ыстық нанға тояттап,

Асап жейміз балқаймақты қалақтап.

Тор төсекке құлай кетем, тойған соң,

Қолымдағы кітабымды парақтап.

 

Шіркін, қандай, жайлы еді төсегім?

Қиялымда бұлттан бұлтқа көшемін. 

Шапан тігіп,

Құрақ құрап болған соң,

Түске таман әжеме еріп кетемін...

 

Бұл ауылда, кірген жерім төр еді,

Үлкендердің мектебі де зор еді.

Күлпаш әжем салқын көже ұсынса, 

Қамила апам айран құйып береді.

 

Бір күніне ұқсамайтын бір күні,

Рымды апа қымыз пісер бір күбі.

Райхан апам жал-жаясын асады,

Сол дәмдерді аңсап жүрмін бұл күні.

 

Рысбала апа даярлайды кеспені,

Рысты апаның ірімшігі тәтті еді.

Мәйна апамның құртын сорып жүргенде,

Бітіп қапты жастығымның дәптері…

 

Балалығым қайда кетті?

Білмедім…

Аша алмадым есігінің ілгегін,

Ең алаңсыз ауылдағы балғын шақ,

Ең бақытты кезім екен бұл менің…

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan