Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әкім Ысқақ: ӘКЕГЕ ХАТ...

22.06.2016 17827

Әкім Ысқақ: ӘКЕГЕ ХАТ

Әкім Ысқақ: ӘКЕГЕ ХАТ - adebiportal.kz



«Жасыл боп қала ма екен көк терегім,

Беу, дүние, неткен сұлу – көктем едің?!

Жалғаса жолымызды келер ұрпақ,

Бақыт та содан артық жоқ дер едім...»

Сұлтан ата өсиетінен



аким ыскак.jpg

Көке, Сіз білесіз бе, мен қазір өткен күндерге жиі көз жүгіртемін. Балалық шағымның әр бөлігі мен үшін ерекше естелікке толы. Қайта оралмас тәтті сәттерді, сағымға айналған сағынышты кездерді еске алып, оңашада ой құшағына бөленемін. Кейде өз-өзімнен күлімдеп, кейде үнсіздік әлеміне бет бұрып, мұңайып кетем...

Тәубә, Аллаға сансыз мадақтар мен мақтаулар болсын, қазір арамызда асқар тау болып отырған Өзіңіз барсыз. Көке, Сіз – біздің биік шыңымызсыз. Біз сізге әлі де жас баладай еркелеп, ақыл-кеңес сұраймыз.

Көке, мен алаңсыз асыр салып ойнаған балалығымды ғана емес, жаныма жақын жандарым – аяулы атам мен ардақты апамды (әжемді), анам Ләйләні сағынамын. Олар күні кеше біздің ортамызда болды ғой. Кеше ғана атам мен апам өсиетін айтып, басынан ақ жаулығын тастамайтын анам мейіріміне бөлеп жүрді емес пе бізді?! Мына жарық дүние мәңгілік мекен емес екен ғой. Баяны да, байлауы жоқ өмірдің қас қағым сәтте өте шығатынын білмей қалыппыз. Енді, міне, олар біз көрмеген алыс сапарға аттанып кетті... Біле білсек, бақыт дегеніміз байлық пен мансап емес. Бақыт деген шаңырағыңдағы қазыналы қарттар мен былдырлаған тәтті үнді бүлдіршіндердің күлкісі екен. Бала күнімде марқұм апам: «Сендердің табандарыңа кірген шөңге менің маңдайыма кірсін», – деуші еді. Көке, бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, суыққа тоңдырмай, ыстыққа күйдірмей мәпелеп өсірдіңіздер. Иә, жарықтық анам марқұмның дәм-тұзы ерте таусылды. Балаларын бейнеттеніп өсіргенімен, қызығымызды көре алмады...

Көке, арамызда ақылшы болып қарайып отырған өзіңізді қаншалықты бақытты ете алдық?! Сіз бөлеген мейірім-шуағының титтей бөлігін біз өзіңізге жасай алдық па? Осы мені ойландырады. Ақ парақ пен қауырсын қаламды жаныма серік етіп, өзіңізге хат жазуымның сыры осында, көке. Иә, алғашында абдырап, не жазарымды, неден бастарымды білмедім. Жүректегі тұнған сағынышты һәм келмеске кеткен балдәуренді өзіңізбен бөлісіп, естен кетпес шақтарды естеліктер арқылы болашаққа сіздің көзіңізбен қарап, ұрпаққа ой салсам деген үміт қой менікі. Балалық шаққа саяхат жасап, атамның өсиеттеріне, апамның ізгі қасиеттеріне, анамның асыл тірліктеріне, өзіңіздің жүріп өткен жолыңызға тоқталуды ұйғардым.

Көке, менің сағынышқа толы хатым өткен күннің белгісіне айналары хақ. Біздің әулеттің ұл-қыздары әр кез бабалар салған ізді өшірмей, аналар жаққан шырақты сөндірмей, адалдықты ту ететініне сенімім мол. Өйткені біз Сіздер берген тәлім-тәрбиені балаларымыз бен немерелерімізге үйретіп келеміз. Ертең олар да ұяда көргенін ұрпағына үйрететіні анық. Тек Жаратқан ием пәле-жала, қауіп-қатер мен тіл-көзден сақтасын...

Шыққан шақта сеңгіріне сексеннің,

Өміріңнің өткелдерін өткердің.

Мақтан етер, сеніміңді ақтап өтер

Ұлағатты ұрпағыңа бек сенгін!



Әке көрген оқ жонар


Қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақал бар. Бұл сөздің мазмұны терең. Сонау ерте дәуірден қазақ азаматын бағалап, ерекше қадірлеген. Ата-бабаларымыз елін жаттан, жерін жаудан қорғау үшін, иығына садақ асынып, қорамсағын оққа толтырып, қозы жауырын жебені мөңірете тартып, адырнадан ағытатын болған. Ерте кезде дұшпанның шебін бұзып, ортасын ойсырататын қозы жауырын жебелі оқтың бел ағашын жону нағыз әке тәрбиесін көрген жауынгер ұлдың ғана қолынан келген. Сол себепті ақылды әке ұлына алдымен оқ жонуды үйретеді екен. Оқтың бел ағашы түзу жонылса, ол нысанаға ауытқымай дәл тиеді. Сондықтан да садақтың оғын түйсігі дамыған, шеберлігі шыңдалған, ақылы кемел, ойы ұшқыр, сезімі сергек адам ғана жасайды. Ұрпағын жебе жасауға баулыған бабаларымыз оқты жона білген ұлды ұлыстың бағы деп түсінген. Содан бері қаншама заман өзгерсе де, қаншама ғасыр өтсе де, қазақтың осы бір өзекті өнегесі мәні мен мазмұнын жойған жоқ. Қазіргі технология дамыған дәуірде ағаш оқты жонбасақ та, атаның «оқ жонар» асыл мұратынан тайғамыз жоқ...

Көке, біз – ата жолын жалғаған ұрпақпыз. Біздің әулет – атаның ізгі жолын қуған, ұстаздықтың оғын жонған әулет. Сіздер ұлды ұятты, қызды қылықты етіп тәрбиелеуді үйрететін халық даналығындағы ұлылық ұлағаты мен үлкендік өнегесіне зор көңіл бөлдіңіздер. Міне, осының негізінде біз сіздер берген тәрбиенің жетегімен тура жолдан таймай, адалдықтың туын көтеріп келеміз. «Тегіне тартқан тегін болмайды» демекші, көке, біз дүниенің кішкентай кірпішіндей қаланып, әрқайсымыз өз жолымызды таба білдік. Алға қойған алыс арманды бағындырып, межелі мақсатты орындай білдік. «Тәрбие тал бесіктен басталады» екен. Біз айналамызға кең қарап, терең ойлауды атамыз бен Сізден үйрендік...

Атам демекші, менің марқұм Сұлтан атам қазақтың кең даласындай бекзат болмысты, жаны жайсаң жан еді. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған. Жарықтық көкірегі ояу, көрген-түйгені көп, қазынасы мол адам еді. Біздің ұстаздар әулетінің басында осы атам тұр. Атамның саналы ғұмыры өзінің кіндігінен тараған жалғыз ұлына, яғни менің көкем – Әбдіқайымға, артынан маған әсер етті.

Мен атаммен мақтанамын. Олай дейтінім, атам ұрпағының ғана емес, ауыл балаларының саналы азамат болып өсуіне септігін тигізген. Атамның есімін бүгінде көпшілік ардақ тұтады. Баяны да, байлауы жоқ өлшеусіз ғұмырда атам ізіне өшпейтін мұра қалдырған. 1940 жылы атам жарықтық ауылда өз қолымен орнатқан мектебіне ұлы ақын Абайдың есімін бергізген екен. (Әуезовтың әйгілі «Абай жолы» кітабы осыдан екі жылдан соң жарық көріпті). Ол заманда мектепті ұлы ойшылдың атымен атау ерлікпен тең екені айтпаса да түсінікті. Атам іргесін қалаған Абай мектебінің табалдырығын мен 1967 жылы аттадым. Осы мектептен бітірген түлектер қазір еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Мен мектепті бітірген тұста алдымда мамандық таңдаудың бірнеше сатылары тұрды. Адамдық пен адалдық диқаншысындай ұстаздық жолын ардақтаған ата, әке тәрбиесімен бойға сіңген тектілікті сақтау керектігін түсіндім. Ұстаздықтың ұлы мұратын көксеген әке ұлағатын жалғастыруды жөн санадым. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген осы емес пе, көке?!.


«Әкімтай, қадамың құтты болсын!»


Көке, есіңізде ме, мен мектепке баратын жылы біздің әулетте үлкен той болып еді. Бізге ақсақал секілді көрінетін атам сол кезде бар-жоғы 55 жаста екен ғой (ойлап отырсам, осы күнгі менің жасым). Жаздың соңғы айында Сұлтан Ысқақұлы ұзақ жылғы ерен еңбегіне орай «Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген мектеп мұғалімі» деген құрметті атағын иеленді. Осы қуанышпен қоса тұңғыш немересі – менің де бірінші сыныпқа барған мерейлі сәтімді атап өтті. Республиканың тұс-тұсынан беделді меймандар, атамның шәкірттері, тілеулестері жиналды. Атам ел туын көтерген абыз ақсақал, құрметті ұстаз болғандықтан ба, өз тойында апам екеуі төрде отырды. Жандарында мен де мәз-мейрам болып шапқылап жүрдім. Екеумізге де жан-жақтан сыйлықтар тапсырылуда. Ата-әжесінің қолында еркелеп өсіп, мектеп табалдырығын аттағалы жатқан баланың сол кездегі қойнына сыймаған шаттығын білсеңіз ғой...

Көке, қазір өткен күндердің белесіне көз жүгіртіп байқасам, тойдың барлық ауыртпалығы сіздің мойныңызға артылған екен. 32 жастағы әкемнің таңды-таңға ұрып, зыр жүгіріп қонақ күткені әлі есімде. «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, атамның көптен күткен бір тойын абыроймен атқардыңыз... Бала болсам да, бәрі есімде. Әсіресе, Сіздің көзіңіздегі қуаныш мен көңіліңіздегі ықыласты сезіндім, көке. Атамның баласы болғандықтан, мені сонша айналып-толғана қоймайтынсыз. Бірақ тұла бойы тұңғышыңыз мектептің табалдырығын аттап, өзі тағы бір мерейлі белесіне иек артса, бұдан артық қандай қуаныш болсын?!

Той жақсы өтті. Бірақ менің көкейімде тойдың аста-төк дастарханы емес, адамдардың атамды алқалап айтқан ағыл-тегіл мақтаулары емес, көке, Сіздің маған мейірлене қараған ыстық жанарыңыз сақталып қалды. Көңілімді көкке жеткізген осы бір ықыласты көзқарас әлі күнге жаныма демеу болып келе жатыр. Бәлкім, әке құдіреті деген осы шығар...

Атамның баласы болғандықтан, Сіздің жаныңызға көп үйірсектей бермейтінмін. Бірақ сол той үстінде жаныңызға бір жүгіріп бардым. Көке, сонда Сіз өзіңіздің сабырлы қалпыңыздан айнымай: «Әкімтай, қадамың құтты болсын! Бақытты бол!», – деп жылы жүзбен күлімсірей қарап, бетімнен сүйдіңіз. Іштей қуансам да, атам көріп қоймады ма екен, болмаса біреулер атама айтып қоймас па екен деп жан-жағыма сасқалақтай қарадым. Сізге: «Атама айтам!» – деп еркелікпен бұртиғаным әлі есімде. Осы оқиғаны ойыма алсам, балаң қылығыма күлкім келіп, ұяламын.

Қазір қадамымның құтты болып, отбасымызбен бірге Астанада ел қатарлы бақытты ғұмыр кешіп жатқанымыз бір кездегі әке, Сіздің берген ақ батаңыздың қабыл болғаны болар деп ойлаймын. Маған көп тіс жара бермесеңіз де, сол бір ақжарма сөзіңіз елжіреген жүрегіңізден ақтарылған шынайы тілек екенін күні бүгінге дейін ұмыта алмаймын.


«Мына балаңыз жазушы болады...»


Осыдан біраз жыл бұрын күнделігіме: «Өмір ешкімге мәңгілік берілмейді. Бірақ оның әрбір сәтін мәңгілік есте қалардай өткізуге болады», – деп жазғаным бар еді. Расында, өткен күндердің ішінде ғибратты шуағын шашқан сәттер ғана есіңде қалады екен. Есіңізде ме, біз мектепте оқыған жылдары Жаңа жыл мерекесіне ерекше мән берілетін-ді. Өйткені аталмыш мерекеде үздік оқушылар марапатталады, ұстаздардың да еңбегі бағаланып, сый-сияпат көрсетіледі. Ол кездегі Жаңа жыл мерекесі қызметтегі озат жандарды көпшілікке таныстыруымен құнды еді.

Бірінші сыныпта Жаңа жыл мерекесіне дайындық жасағанымыз әлі де ойыма оралады. Сол кеште өнерлі балалар сыйлық алу үшін ұзақ еңбектенді. Мен «Январь, январь, бұл айдың өзгеше сәні бар...» деп басталатын тақпақты жаттадым. Үйреткен, әрине, көке, өзіңізсіз.

Сонымен Жаңа жыл басталды. Сынып болып Аяз ата мен Ақшақарға, мектеп ұстаздары мен ата-аналарға өнер көрсеттік. Мен бар ықыласымды салып, дауысымды көтеріп, мәнерлеп тұрып жаттаған тақпағымды оқыдым. Ешбір шумағынан мүдірген жоқпын. Естіген жұрт мәз-мейрам болып қол соғып жатыр. Сонау шетте мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Сіз басыңызды изеп, күлімсіреп қарап тұрдыңыз...

Көке, кешке мектептен үйге оралғаныңызда атама: «Балаңыз бүгін мәнерлеп тақпақ оқып, елді таңғалдырды, дауысы да әдемі екен. Әуелі жыр оқуға деген ынта-ықыласын айтпайсыз ба? Мына Әкім болашақта жазушы болады», – дедіңіз. Неге бұлай айтқаныңызға сол мезетте таңғалдым. Өйткені мен сурет өнерін жақсы көретінмін. Сурет салуға аздап икемім бар болғандықтан, қолым қалт еткенде ақ қағаз бен қаламды жаныма серік ететінмін. Иә, ара-тұра кейде өзімше тақпақ жазған болып, ақ парақты шимайлап тастайтынмын. Оңаша отырып, табиғат көріністерін өзімше сөзбен суреттейтінмін. Сөйтсем, көке, соның бәріне зер салып, байқап жүреді екенсіз. Тіпті жазған орнымда қалған қағаздарымды сақтап қойыпсыз.

Атам қазақ «Әке балаға сыншы» деп тегін айтпаған-ау. Отыздан жаңа асқан шағыңызда жеті жастағы баланың болашақта қаламгерлер қатарынан табыларын қалай аңдадыңыз екен? Сезімтал жүрегіңіз бала болашағын қатесіз бағамдап, қабілет-қарымын жазбай тани алған екен ғой.


Самарқандқа саяхат


Ақырын жылжып жылдар өтіп жатты. 1972 жылы 5-ші сыныпта оқитынмын. Көктемгі каникулдың уақыты жақындап қалған кез. Көке, ол кезде Сіз мектеп басшысы болатынсыз. Біздің кезімізде мектеп оқушылары әр елге саяхат жасайтын жақсы үрдіс бар еді. Бұл іс арнайы жоспарлы түрде жоба болып бекітілген. Балалардан құралған топтың алдыңғысы Алматыға аттанса, кейінгісі Орталық Азиядағы туысқан халықтардың мәдени тұрмыс- тіршілігімен танысып қайтатын. Алайда бұл тізімге кез келген оқушы іліге алмайтын еді. Саяхатқа шығу үшін де сабақты үздік оқуға тиіссің. Әлбетте, мен үздіктер санатында болатынмын.

Бірде бір топ бала Самарқанд қаласына саяхаттайтын болдық. Ол жерде көне қорғандар бар және ескі архитектуралық нысандарды тамашалаймыз. Бірақ жеме-жемге келгенде атам: «Бармайсың», – деді. Мен сол кезде суық тиіп, тұмауратып ауырып жүргенмін. Атама қарсы келу әдетімізде жоқ. Мен жыларман халде тұрмын. Көке, Сіз де үнсіз қалдыңыз. Біраздан соң, көке, бір жөткірініп алдыңыз да: «Әке, Әкім балалармен бірге барып, ел-жер көріп келсін. Ол жақта тарихи құнды дүниелер көп. Болашақта балаңыздың бір кәдесіне жарап жатар...» – дедіңіз. Енді атам ұзақ ойға батты. Ол кісі ойланған сайын, көке, Сізден маза қашты. Әке үкіміне қарсы келу деген жоқ. Мен де атамның жауабын тағатсыздана күтіп тұрмын. «Құдай-ай, атам жіберсе екен...» Сәлден соң атамның үкімі шықты. «Жарайды, ауылдағы Әмзе дәрігерге қаралсын. Егер ол рұқсат етсе, барсын!» Көкем мені үнсіз көзімен шығарып салды. Дәрігер мені тексеруге кірісті. Шамасы, салқын қатты тисе керек: «Денсаулық керек. Күтінбесе болмайды», – деді. Көңілім түсіп кетті. Мына сөзден кейін менің үмітім өшкендей еді. Самарқандты енді түсімде көретін болдым. Бір кезде үстел үстіндегі телефон безек қақты. «Алло», – деп телефон тұтқасын көтерген дәрігер орнынан атып тұрды да: «Дұрыс, дұрыс, бәрі дұрыс. Ағай, барсын, барсын», – деді. Сөйтсем, дәрігерге қоңырау шалған атам екен. Ұзақ ойланып менің балалармен бірге барғанымды жөн көріпті.

Әмзе ағай сырқатыма байланысты бірнеше дәрі жазып беріп, үзбей ішіп жүру керектігін ескертті. Көкем атамның шешімін естіп, қатты қуанды. Самарқандқа кетерде атам қалтама он сом салды. Бұл менің сапарға шығуыма берілген ұлықсат еді. Алыс жолдағы алғашқы саяхатыма мен, міне, осылай аттандым.

Көке, мені өзге қалаға саяхатқа жіберуге неге соншалықты құмар болғаныңызды кейін түсіндім. Менің келешегімнен кемел үміт күткен екенсіз ғой...

Самарқанд тамаша қала екен, көп жерді көрдік. Атам берген ақшаны үнемдеп, көкеме түрлі түсті қаламсап, атама тақия, апама білезік сатып алдым. Ауылға келген соң атама тақиясын, апама өз сыйлығын тарту еттім, екеуі де қуанып қалды. Одан сайын қуандырайын деп: «Ата, ақшаны көп жаратпадым, міне, үнемдедім», – деп қалтамда қалған алты сомды ұсындым. Сонда атам ашуланып: «Ақшаны өз керегіне жарат деп бердім ғой. Неге өзіңе сыйлық алмағансың?» – деді. «Ең бірінші сіздерді қуантайын деп едім», – дедім ұялып...

Үйге кеш келген Сізге сонау Самарқандтан әкелген сыйлығымды тапсырғанымда, қашанғы қарапайым қалпыңыздан айнымай, менің балаң жүзіме мейірлене қарап: «Рахмет. Өмірде қадам жасауың таным мен пайымыңа байланысты. Ешқашан бір орында тоқтап қалма. Өмірдің жолы – ізденістің жолы», – дедіңіз. Көке, осы сөзіңіз әлі есімде. Бала кезде адамның жады жарқырап тұрмай ма?! Көкейімде ұмытылмастай жатталып қалыпты. Азамат атанып, ат жалын тартып мініп, халық қалаулылары қатарында талас пен қарбаласқа толы күн кешіп жүргенімде осы бір ауыз сөзіңіз жаныма жігер, бойыма қуат дарытты.

Самарқанд саяхаты шынында мен үшін тағылым сапарына айналды. Жаңа нәрсені көрген сайын түйсік-танымың артып, зердең сәулелене түседі екен. Мен осы Самарқандқа барған саяхаттан өмірдің жаңа бір парағын ашқандай күй кештім. Көке, бәрі үшін рахмет Сізге!


ПЕРЗЕНТ ЖҮГІ


8-сыныпта оқып жүргенімде атам қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Ауруханаға барардың алдында жастай өмірден өткен інісі Әбдіханның баласы Әбдіәлімді алдыртып: «Балам, енді жас емессің. Өмірдегі өз жолыңды дұрыс таңдай біл!» – деп өз әкесінің жинаған зейнетақысын аманаттап тапсырды. Одан соң жанына мені шақырып: «Әкімтай, келешекте кім боласың?» – деп сұрады. Мен күтпеген сауал. Көпке дейін үнсіз қалдым. Себебі атам бұрын-соңды бұл сауалды маған қоймаған еді. Атам менің жауабымды күтіп тұрмын дегендей бетіме қарады. «Өзіңіз сияқты ұстаз болып, білімді шәкірттер тәрбиелеймін», – дедім. Осыны айтуым мұң екен, атам балаша мәз болып: «Әй, бәрекелді, өркенің өссін! Ниетің қабыл болсын, балам!» – деп батасын берді. Білмеймін, сол сәтте жүрегім жамандықты сезді ме екен, біртүрлі сыздай ауырды. Атам күлімдеп, арқамнан қаққанымен, менің жанарыма жас толды. Балаң жүрегім атамның қайтадан үйге оралмайтынын сездірсе керек...

Көке, атамның қазасы отбасымыздың қабырғасын қайыстырып жіберді. Әсіресе, атамнан қалған жалғыз тұяқ – Сіздің еңсеңіз түсіп кетті. Алдыңызда арқасүйер ағаңыз, ізіңізден ерер ініңіз болмағандықтан, көке, көпке дейін күйзелісте жүрдіңіз. Екі қарындасыңыз ғана жаныңызға жанашырлық танытты. Олардың өзі тұрмыста болатын. Күлшәт әпке Келес ауданында тұрады. Ал Әлима әпке Алматыда еді. Көкемнің осы бір қайғысы маған да ауыр тиді. Көке, Сізді өзімше жұбатқым-ақ келеді, бірақ қолымнан келер дәнеңе жоқ. «Көке, ендігі сенің тірегің де, тілеушің де мен боламын. Өзімді дәлелдеймін. Атамның арманда кеткен істерін қалай да жалғастырамын», – деп сан мәрте айтқан шығармын. Бірақ оның бәрін ішімнен қайталадым.

Атам дүниеден өтетін күннен бір күн бұрын Сіз қырық жасқа толдыңыз. Оны ойлауға шамаңыз келмей, көз ілместен ауруханада – атамның жанында болғаныңыз есімде. Берік қорғаныңыз, алып бәйтерегіңіз ертесіне құлап, жанына араша бола алмадыңыз... Содан бері әрбір жыл сайын туған күніңізді еске алғанда осы бір қайғылы күн көз алдыңызда көлбеп өтіп жататын шығар...

«Жан бар жерде қаза бар». «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дейді қазақ. Атамды ақ жуып, арулап жер қойнына тапсырғаннан кейін де үйге көңіл айтып келген кісілердің қатары көп болды. Қайғымызға ортақтасқандар саябырсығаннан соң, апам екеуіңіз мені ортаға алып, атамның аманатын бердіңіздер. Бұл атамның ұрпағына қалдырған қалың екі дәптерден және бірнеше қойын кітапшалардан тұратын өнегелі өсиеті еді. «Е, балам, саған артылар жүк ауыр. Неге маған ауыр жүк артып жатыр деп сөкпе. Біле білсең, адам болып өмір сүрудің өзі қаншама жүкті арқалауға тура келеді. Өмірдің жүгі қап арқалағаннан ауыр. Тереңіне мән бер. Өмір көрген түстей өтіп кететінін ұмытпа. Осынау жазған дүниемді «Келешекке хат» деп атауымның себебін сонда ұғарсың». Атамның осы өсиеттерін әлі күнге дейін тебіреніспен еске аламын...

Көке, атамның дүниеден өткеніне де, міне, 40 жылдың жүзі бопты. Мен аманатқа қиянат жасамай, атама берген уәдемнің жолында әлі күнге аянбай еңбек етіп келемін. Көзі тірісінде арман еткен «Ұрпаққа аманат» атты кітабын 90 жылдық мерейтойына орай жарыққа шығардым. Барынша сол парыз бен қарызға адал болдым деп өз арымның алдында еркін айта аламын.

Көке, маған өмір бойы жеңгем болып кеткен, ғұмыр сыйлаған анам Ләйләның да қазасы ауыр тиді. Анамды еске алсам, әлі күнге жанарым жасқа толады. Ауылға бір барғанымда көзіне жас алып: «Үлкен бала (атаның баласы болғандықтан, ол мені осылай атайтын), саған ризамын. Қайда жүрсең де, абыройлы бол!» – деп жүрек сөзін айтып еді. Сөйтсем, осы жолы Ләйлә менімен қоштасыпты. Соңғы сөзді есту адамға қашанда ауыр тиеді екен... Ал апам (әжем) қатты қиналып, науқастанып, есі біресе кіріп, біресе шығып жатқан кезінде қасында болдым. Апам ана дүниеге аттанарының алдында: «Айналайындарым, өздерің аман болыңдаршы. Бұл жалған келте келеді. Өмірде адасып кетпеңдер», – деген жылылыққа толы сөзін айтты.

Көке, білесіз бе, перзент үшін ана разылығын алудан, ата мен әке үмітін ақтаудан артық бақыт жоқ шығар, сірә! Өмір бойы жанымды мазалаған, аманатқа адал болуды көздеген ниетімді алғаш рет ақ қағаздың бетіне ашық жазып отырмын. Бұл мойынға артылған перзенттік жүктің жауапты екенін сездірсе керек.


«Ұстаздар әулеті жалғасатын болды...»


10-сыныпты бітіретін жылы біздің мектепке жазушы Жұмабек Еділбаев келіп, оқушылармен кездесу өткізді. Осынау бір әсерлі кездесуден кейін қаламгерді үйге шақырып қонақ еттіңіздер.

Сұлу, дөңгелек жүзді жазушы қонағымыз төрге жайғасып, ұзын-сонар әңгіме айтып отырды. Азғантай кідірісте көкем: «Әкім, мына ағаңмен әңгімелесіп, шайын құйып бер. Мен біраздан соң келемін!» – деп, өзіңіз шаруамен шығып кеттіңіз. Жазушы ағаға шай құйып беріп отырмын. Менің бас-аяғыма барлай қараған қонақ:

– Болашақта кім болмақ ойың бар? – деп төтесінен сұрақ қойды. Мұндай тосын сұрақты күтпеген басым бірден:

– Журналист болам, – дедім.

Тағы да үнсіздік орнады. Ол менің бас-аяғыма тағы да бір барлап қарады да:

– Журналист болам дедің бе? – деп жауабымды қайта қайталады.

– Иә.

Сол сәтті пайдаланып, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға шыққан мақала, ақпарат, хабарларымды жинаған ақ папкімді көрсеттім. Ол кісі мұқият қарап шықты да:

– Әкім, шырағым, дарын-қабілетің болса, журналист болу онша қиын емес. Талабы бар адам игеріп кетеді. Сен мені тыңда, қарағым, мен де журналиспін, бірақ оқыған мамандығым – заңгер. Егер мен журналист мамандығын оқығанда, заң саласын білмей, мақұрым қалар едім. Соның арқасында заң, милиция, құқық қорғау саласын жақсы білемін және бірнеше кітап жаздым. Сен де солай жаса! Жазу қабілетін саған құдай онсыз да берген екен, оны оқып қайтесің? Одан басқа бір мамандықты таңда және ауылыңнан алыс кетпей, Шымкентте оқы! – деді.

Жазушы қоштасар сәтте маған құқық қорғау, қылмыс тақырыптарында жазылған кітабын тарту етті. Онда «Болашақ қаламгер-журналист Әкімге ізгі тілекпен ағасы» деген қолтаңба бар.

Кейін түсіндім. Мектеп бітірген соң журналист болу үшін Алматыға аттанғалы жүргенімді сезген Сіз мәртебелі мейман болған ағаны үйге әдейі шақырып, маған жол сілтетіп, өз ойын жазушыға осылай айтқызған екенсіз ғой. Расында, үйдің үлкенімін және «ата баласы» деген атағым бар, менің ауылдан алыс кетуімді Сіз қаламайсыз, әрине.

Осылай Сіздің ниетіңіз бен жазушы ағайдың ақылы түрткі болып, Шымкент қаласындағы педогогикалық институтына келіп, физика мамандығы бойынша оқуға тапсырдым. Сондағы Сіздің айтқаныңыз: «Ұстаздар әулеті жалғасатын болды!..»


«Саған сенемін ғой...»


Студент кезімізде қатар құрбы-достардың ата-ана, туған-туыстары келіп, баласының оқу жайымен танысып, ұстаздарға аман-сәлемін жасап, абыр-сабыр болып жататын. Ал біздің ауылымыз қаланың іргесіне тиіп тұрса да, Сіз бір рет те келіп көрмедіңіз.

Басқа балалардың әке-шешесі келіп-кетіп жатқанда өзімді біртүрлі жалғыз сезініп қалушы едім. Содан бірде Сізге: «Көке, менен басқа студенттердің ата-анасы ұстаздарға жиі жолығып, амандық-саулығын сұрап жатады. Сіз неге бір ат ізін салмайсыз?» – дедім. Сонда жымиған қалпыңызда: «Саған сенемін ғой!» – деп жауап бердіңіз. Осы сөзді естігенде бойыма қанат біткендей болды. Алақай, көкем маған сенеді. Ен даланы айқайлап жүгіргім келіп кетті. Көке, Сізді қуаныштан құшақтағым да келді. Бірақ бата алмадым. Мен «атаның баласымын» ғой.

Әке сеніміне ие болу көңіл жалауыңды желбірете түседі екен. Біреудің алдына барып, жарамсақтануды білмейтін әкенің осы сөзі кездескен өмір өткелдерінен алып шықты. Азапты кезіңде әлсіретпей, көңілсіз мезетте шыңдай білген сиқырлы сөз құдіретті күштей еді. «Саған сенемін ғой» деген бір ауыз сөз бойыма қуат бергендей. Осы сәттен бастап «Мен көкемнің сенімін ақтаймын», – деп өз-өзіме серт бердім. Ол үшін менде бір ғана мақсат болды. Оқу бітірген соң ұстаздар әулетінің ісін жалғастыру. Мен бұл мақсатыма жеттім...

Көке, әлі күнге мен Сіздің тәрбиеңізге таңғаламын. Ұлыңа деген бар ықылас-ниетіңді бір-ақ ауыз сөзбен білдіріп, қайратына міндіріп жіберетін қасиетіңізге тамсанумен келемін. Мен Сіз жүрген жолмен жүргенімді мақтан тұтамын. Құр мақтан ғана емес, ұяда көрген тәлімді балаларыма көрсетіп келемін. Мектепті үздік бітірген Бақыт, Мұхтар, Айжан атты үш балам Астанадағы ұлттық университетте оқыса да, бір рет ізінен іздеп барған емеспін. Тура Сіздей тәртіпті ұстандым. Тіпті, сенсеңіз, балаларымның қайсысының қай ғимаратта білім алғанынан да хабарсызбын. Тәуба, үшеуі де жоғары оқу орындарын өте жақсыға тәмамдады. Балаларым: «Әке, Сіздің мектебіңіз мықты ғой», – деп Сізді мақтан етеді. Шынында, мен Сіздің мектебіңізден өткенімді мақтан етемін. Балаларымның бойындағы асыл қасиет өзіңізден дарыған деп білемін, әке!

Көке, Сіздің сеніміңіз мені ғана емес, балаларымды да өрге жетеледі. «Сенім қашанда алға жетелейді, үміт өрге тартады», – деген сөзді жиі айтушы едіңіз. Сіздің білеріңіз көп қой...


«Ата жолын қуған немере»


Мен физика факультетінде оқыдым. Бірақ таңдаған бағытым басқа сала деп, әдебиеттен қол үзіп кеткенім жоқ. Мақалаларым, сықақ өлеңдерім түрлі басылымдарда жиі жарияланып жүрді. Жазушы Мархабат Байғұт ағамнан тапсырма алып, кездесуге барып тұрдым. Бұл кісі мен үшін орны бөлек ұстаз бола білді. Соның арқасында «Оңтүстік Қазақстан» газеті менің екінші алтын ұяма айналды. Жаңа дүние жазсам, сүйікті басылымыма жеткізгенше асығатынмын. Газет басшылары «Оңтүстік Қазақстанда» қалуыма мүмкіндік берді. Әйтсе де, атам мен Сізге берген уәдемді қандай сәтте де ұмытқан емеспін.

Әрине, уақыт бір орында тұрмайды, өмір алға озады, заман өзгереді. Қызығы мен шыжығы мол студенттік күндер де аяқталды. Ол заманның заңы өзгешелеу болатын. Оны менің қатарластарымның бәрі біледі. Институтты бітірген соң қолыма жолдама ұстатып, қызметке Жамбыл облысы, Талас ауданына жіберді. Алайда менің арманым – туған елдегі атам салған мектепте мұғалім болу. Көке, Сіздің де: «Ұстаздар әулетін жалғайды», – деген үмітті сөзіңіз есімнен кетпей қойды. Мен оқыған Абай мектебінің іргетасын атам қаласа, сол мектепте ұстаздық жолды Сіз жалғастырсаңыз, мен неге өзге аймақта қызмет етуім керек?! Бұлай жарамас! Бұл менің қиындықтан қашқандығым емес, керісінше ата салған сара жолды сол соқпақпен бір ұяда жалғастырсам деген арман еді. Осы ойдың жетегімен Алматыдағы оқу министрлігіне келдім. Жолым болып, министрдің орынбасары қабылдайтын болды. Кірдім. Барлық жайды жіпке тізгендей баяндап шықтым. Бағыма орай жоғары лауазымды қызметкер қазақы адам екен, үнсіз тыңдады. Ара-арасында басын изеп, құптаған сыңай танытып, күлімсіреп қояды. Мен сөзімді аяқтап болдым-ау деген сәтте: «Міне, азамат! Ойың өте орынды. Ата жолын өз мектебіңде жалғастырғың келетініңді құптаймын. Бұл ұстаздар династиясы ғой! Менің бұл ойымды министрлік те қолдайды», – деді жымиып. Төбем көкке жеткендей мәз болдым. Иә, мен үлкен іс тындырдым. Әке үмітін ақтау, әке көңіліне қаяу түсірмеу, әкені қуанышқа бөлеу бақыт баспалдағының биік шыңы емес пе?!

Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, министрдің арнайы 1957-ші нөмірлі жолдамасымен өзім оқыған Бөржардағы Абай орта мектебіне физика, астрономия және еңбек пәндерінен ұстаз болып оралдым. Сіз қолымдағы бір жапырақ жолдаманы көргеніңізде: «Міне, ата жолын қуған немере», – деп қуандыңыз.


«Арыз емес, парыз»


Ауылға мұғалім қызметіне келгенімде бірлігі жарасқан ұжым қуана қарсы алды. Біздің ұжым қай істі де жұмыла атқаратын. Аудандық білім бөлімінің қызметкерлері: «Абай мектебіне келсек, бәрі тып-тыныш, жұмысы жылжып жүріп жатыр, рахаттанып қайтамыз», – дегенін талай естідік те. Себебі өзге кейбір білім ұяларындағы берекесіздік, арыз-шағым, дау-дамай барған адамдарды қатты шаршататынын естіп жүрдік. Бұның бәрі, расын айтқанда, мектепті басқарып отырған Сіздің арқаңыз еді. Қол астыңыздағы ұстаздарға дауыс көтеріп қатты сөйлегеніңізді байқамаппын. Үлкенге де, кішіге де ілтипатты ниетіңізді арнай білдіңіз. Көкіректі де керген, намысты да қолдан берген емессіз. Бойыңызда тәкаппарлық жоқ болғандықтан, әрі өте қарапайым адам болғандығыңыздан, Сізді елдің бәрі құрметтейтін. Жас мамандарға да ұстаздықтың нағыз көркем үлгісін көрсете білдіңіз.

«Жақсы әке жаман ұлды қырық жыл асырайды» дегендей, көке, мен атамның қадірін өз басым бір кісідей көрдім. Менің бақытым да, барым да, сол атамнан жалғасып, Сізден өтіп, маған жеткен қасиет – қарапайымдылық. Дүниенің кілті де осы қарапайымдылықта жатыр. Бір ғұлама: «Өмірде ең ұлы адам – бойында қарапайымдылық қасиетін сақтай білген адам», – деген екен. Дәл осы сөз, әке, Сізге арналғандай. Мұнан артық теңеудің қажеті де жоқ секілді көрінеді маған.

Әлі есімде, бірде мынадай оқыс оқиға орын алды. Оған себепші тағы мен. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде тәжірибеден өту үшін ауылдағы өз мектебіме келіп, аз уақыт сабақ бергенім бар. Ол кезде ауыл мектебінің жағдайы жұпыны еді. Баяғы ескі сарынмен салынған үйлер ғой. Астық пен мал шаруашылығын дамытқан кеңшар орталығында бірнеше қабатты жаңа үлгідегі мектеп керек екені белгілі. Осыған орай «Мұңайған мектеп» атты фельетон жазып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жібердім. Менің ойым – үлкен адамдар оқып, ауыл тұрғындарына жаңа мектеп салып бере ме деген үміт. Фельетон жарияланған жоқ, бірақ та газетке жіберген хатты ауданға жіберіпті. Міне, содан шу шықты. Аудандағылар істің байыбына бармай, Сізге «Балаңа арнайы жаздыртқансың» деген жала жауыпты. Ал менің бұл әрекетімнен шынында бейхабар едіңіз. Себебі жазған дүниелерімді Сізге көрсете бермейтінмін. Үнемі басылым бетінде шыққанда ғана көріп, пікір айтып отыратынсыз. Неге екенін қайдам, менің жазғанымды ондағылар арыз деп қабылдады. Сізді аудандық білім бөліміне шұғыл шақырды. Хат иесі мен де қалмай бардым. Тіпті аудандық атқару комитетінде де қаралыпты. Алғаш рет Сіздің ашулы жүзіңізді сонда көрдім. Істің ақыры аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін жетті. Сонда ашына сөйлеген сөзіңізді, дәлелмен келтірген уәжіңізді жұрт ұйып тыңдады. Аудан басшысы, атыңнан айналайын Жандарбек Қожабаев шын мәнінде ақылды адам еді. Жағдайды сараптап отырып: «Әкімнің жазған дүниесі арыз емес, парыз ғой. Елді шулатқанша, жаңадан мектеп салуды неге қарастырмайсыңдар?» – деп атқару комитетіне нақты тапсырма беріпті.

Шешім қабылданғанымен, жоспарда жоқ болғандықтан, мектеп құрылысының жұмысына кірісу оңайға соққан жоқ. Оны әлі талай жерде дәлелдеуге тура келді. Қаншама мекеменің табалдырығын тоздырғаныңыз өз алдына бөлек әңгіме. Қашан сол мектеп салынып біткенше, самайыңызда талай ақ шаш пайда болғанына біз куәміз. Сол оқиғадан кейін: «Мұның не, алдын ала ақылдасып алмадың ба?» – деген бірауыз сөзді айтқан да емессіз, маған қарап ашулы кейпіңізді көрсеткен де емессіз. Бірақ көпке дейін сол кезеңде ұйықтай алмай жүргеніңізді менің жүрегім сезді. Өзім де ұяттан жарылардай болып қиналғаным есімде. Оның үстіне құрылысшылардың сан құбылған әрекеттері де аз шаршатқан жоқ. Бейне бір мектептің емес, құрылыс мекемесінің бастығына әрі қарауылына айналғандайсыз. Түн ұйқыңызды төрт бөліп, құрылыс алаңына баратынсыз. Көз қырын салмасаңыз, құрылыс материалдары жоғалып кететін. Кейде тиісті қаржы бөлінбей қалатын. Ол Кенес Одағының ыдырауының алдында тұрған сәт еді. Сонда жұмыстың жүруі үшін аудан, облыс басшыларының алдына жүз рет барған шығарсыз. Азаппен өткен сол үш жыл өмір бақи есіңізден шықпайтын шығар, сірә. Сіздің ұқыптылығыңыздың, жауапкершілігіңіздің және табандылығыңыздың арқасында ауылда осылай жаңа мектеп бой көтерді.

1988 жылы салынған 624 орынды үш қабатты мектептің әрбір қабатында, әрбір кабинетінде, әрбір дәлізінде, спорт, акт залдарында сіздің ізіңіз бар. Оның әрбір шегесіне дейін сізге қымбат болатыны сондықтан. 1940 жылы атам осы мектепті ауыл тұрғындарын асарлатып тұрғызса, 48 жылдан соң үкімет қаржысы есебінен Сіз салдырттыңыз. Жарты ғасырға жуық ұстаздық өміріңіздің отыз жылын осы алтын ұяны басқаруға жұмсадыңыз. Мектеп облыс, республикаға танылып, қаншама игі шаралардың ұйытқысына айналды. Мұның бәрін ел алдындағы парызым деп білдіңіз.

Бәрінен де фельеотон соңы осылай нәтижелі аяқталғаны мектепке де, ел-жұртқа да абыройлы болды.

Мектептің салыну тарихы осылай болатын. Қазір ауылдағы мектепті көрген сайын еріксіз езуіме күлкі үйіріледі.


Жақсылық жоғалмасыншы


Көке, осындайда өзіңіз айтқан өнегелі әңгімелер еске түседі. 1945 жылы Жеңіс туын Берлинде желбіретіп, соғыс аяқталғанда кеудесінде орден-медальдары жарқырап, атам өзі салдыртқан мектепке қайта директор болып оралыпты. Әрі сол кезде оны ауылдағы ұжымшарлардың (колхоздардың) партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Сіз сонда небәрі 10 жаста екенсіз. Атам ә дегеннен-ақ тозған ауыл мен қамкөңіл жерлестерінің жыртығын жамауға кірісіп, соғыста ер-азаматы опат болған отбасыларға қол ұшын беруді алғашқы міндеті санады. Әсіресе, Мүштек апаның төрт бірдей ұлы майданда опат болып, оралмады. Сол және өзге де соғыстан қаза болғандардың отбасы туралы «Лениншіл жас» газетіне хабарласып, сондағы жас тілші Ахат Жақсыбаев ауылға арнайы келіп, оған бар жағдайды түсіндіріп, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы?..» атты мақала да жаздыртқан еді. Өзі тыным таппай аудан, облысқа ат ізін салып жүріп, ақыры сол отбасыларға дұрыс мөлшерде зейнетақы бөлгізді. Үйлерін жөндеуден өткізіп, тұрақты түрде мектеп оқушыларына отын-суын тасытып бергізіп тұрды. Соғыс кезінде ауыр жұмысқа жегілген ауыл балаларын мектеп партасына тартып, сауатын ашты.

«Ұялыжар», «Ықыластемір»», «Қайнар» колхоздарындағы соғыс салдарынан өз елдерінен күштеп көшірілген кавказдық қарашай ағайындарға көп қамқорлық көрсетті. Жазықсыз жапа шеккендердің жоқтаушысы болып, әділдіктің орнауына күш салды. Ішерге асын әзер тауып отырған қарашайлардың көбінің балалары тіпті аяқ киімге жарымай жүр еді. Ағайын ұлттың жалаңаяқ балаларына жаны ашып, ұжымшардан мал терісін алдыртып, аяқ киім тіктіріп берді. Барлығын өзі басқаратын қазақ мектебіне қабылдатып, білім алуларына жағдай жасады. Сол жылдардағы мектеп бітірген түлектердің альбомдағы суреттерін қарасаңыз, қарашайлардың Кипкеев, Қошқаров деген фамилияларын жиі ұшыратасыз. Атам оларды ұжымшар тарапынан азық-түлікпен де қамтамасыз етуді қарастырды. Кейде бір мәселелері шығып, жазықсыз істі болып жатса да, алғаш араша түсетін атам еді. Араларындағы Захария Абайханов деген білімді азаматты өз мектебіне алып, орыс тілі пәнінің мұғалімі етті. Өз туған жерлерінен айдалаға ауып келген бейбақтарға қорған болып, ең бастысы, қазақ халқының бауырмал ұлт екенін дәлелдеді.

Атама бауыр, әрі жақсы шәкірт бола білген Хусейін Кипкеев деген қарашай азаматы менің де есімде. Ленинградтағы медициналық институтта үздік оқып жүргенде соғыс басталып, Сталиннің жарлығымен бір күнде Қазақстанға көшірілген. Білімді болғандықтан, атам оның ауылдағы дәрігерлік бөлменің меңгерушісі болуына ықпал етті. Үш-төрт жасымда тамағым ауырған кезде атам мені көздері мейірімге толы Хусейінге апарып көрсететін. Ол барын салып түрлі әдістермен емдеп жазатын.

Кейін жағдай орнына келіп, ел тыныштала бастағанда қарашайлар өз елдеріне көшті. Кисловодск қаласындағы шипажайларға ел жақтан қазақтар бара қалса, қарашайлар салған жерден атамды сұрап: «Сұлтан ағайдың жағдайы қалай? Ол кісі – біздің ұстазымыз, ең үлкен ағамыз, қамқоршымыз. Сол бір кісі арқылы бүкіл қазақ халқын жақсы көріп кеттік», – деп жасаған жақсылықтарын айтып, сәлем жолдап, кейде сәлемдеме де беріп жібереді екен. Көпке дейін үзіліссіз хаттар жазып тұрды. Атам қайтыс болғанда сонау Кавказдан Хусейін бастаған бір топ қарашайлар арнайы келіп көңіл айтты. Ия, көке, бұл өзіңіз де өмірлік ұстанымға айналдырған адамдарға жақсылық жасаудың өтеуі болса керек. Осы орайда атамның «Ұрпаққа аманатындағы» мына сөздері еріксіз ойға оралады: «Ең бастысы, жүрек жылуың, адамдығың жоғалмасын. Адамдық әрдайым жақсылық жасау, ізгілік, мейірімділік деген ұғыммен қатар тұруы тиіс».

Көке, мұның барлығын айтып отырған себебім, сіз атамның осы бір асыл қасиетін бойыңызға сіңіріп, адамдарға көп жақсылық жасадыңыз. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын мектепке тартып, білім алуына мүмкіндік бердіңіз. Тіпті кейбірінің оқуға шамасы жетпесе де, кешкі мектепке қосып, аттестат алуына, қанаттанып кетуіне жәрдемдестіңіз. Ауылдағы мектеп жанындағы шопандардың балаларына ғана арналған интернатқа жағдайы жоқ жанұялардың ұл-қыздарының да орналасуына себепші болдыңыз. Талайға білімнің шамын жағып, азамат атандырдыңыз.

Бала кезімде есімде, үйге қаншама адамдар түрлі өтініштермен ағылып келіп жататын. Солардың бәрінің негізгі өзегі – балаларға қатысты мәселе және сан алуан қиын тағдырлар. Таңғаларлығы, ешқайсысының көңілін қалдырып, ешқашан «жоқ» деп айтқан емессіз. «Болмайды» деген сөзді қолданысқа енгізгеніңізді көрмедім. Қай кезде де бала болашағына немқұрайды қарамай, алаңдап, дұрыс жолға түсуіне өз қолғабысыңызды жасауға дайын тұратынсыз. Сол бір кезде ешқандай мектепке сыймаған, тәртібі қиын немересін де интернатқа орналастырып, қатарға қосқаныңызға ризашылық білдіріп, жылап тұрып бата берген ақ жаулықты ана есімнен кетпейді. Мектеп партасына жетектеп әкеліп отырғызып, тәрбиелеген шәкірттеріңіздің барлығы қазір Сізді құрмет тұтады, ұстазымен мақтанады. «Менің мамандық таңдауыма себепкер болған өзіңізсіз», «Менің қателіктерімді кешіріп, адам болуыма мүмкіндік жасаған сізсіз» деп алдыңызға алғысымен келетіндер әлі де аз емес.

Атамның да, Сіздің де осындай адамдық биік қасиеттеріңізді бойыма сіңіріп, қиналғанға қол ұшын беріп, бабадан қалған өнегелі әдетті келесі ұрпаққа жеткізу жолында мен де аянбай келемін. Бар тілегім –адамдар арасындағы ізгілік пен мейірім өлмесінші, жақсылық жоғалмасыншы...


Атасын сағынған Алтынай


Мен өткен-кеткеннің бәрін есіме алып, барлығын жіпке тізгендей етіп қағазға түсіріп отырмын. Неге екенін білесіз бе, көке? Себебі біз – пендеміз. Пенде болған соң, бардың қадірін білмейміз. Соның ішінде ата-ананың қадірі – өлшеусіз дүние.

Көке, Сіз көркем адамсыз. Қарапайымсыз әрі мінезіңіз де жұмсақ. Адамзаттың ұлысы Мұхаммед пайғамбар: «Адамдар өздерінің көркем мінезділігімен көп жақсы қасиеттерге қол жеткізеді. Менің де міндетім – көркем мінезділікті кемелдендіру», – деген екен.

Көке, Сіз осы бір көркем мінезіңіз бен қарапайымдылығыңыздың арқасында жүрген ортаңызға, ауыл-аймаққа, туған-туысқа, жора-жолдасқа өте сыйлы болдыңыз. Адамдардың ілтипат, алғысын көп алдыңыз. Бәлкім, жақсы істеріңіздің көп болғандығынан болар, осы жасқа жеттіңіз. Он бір баланы дүниеге әкеліп, анамыз «Батыр ана» атанды. Екі бауырым шетінеп кетті. Бүгінде ұяға қонған ұлдан, қияға қонған қыздан 32 немере, 8 шөбере сүйіп отырсыз.

Көке, Сіз әр немереңіз бен шөбереңіздің қылықтарына сүйсініп, қызығып қарайсыз. Әрқайсысын өзінше жақсы көресіз. Ауылда ұрпақтарыңыз күнделікті көз алдыңызда өсіп келе жатқаны қуантады. Олардың «ата» деген бір ауыз сөзіне кәдімгідей марқайып, балаша қуанып қаласыз. Жол алыстығына байланысты Астанадағы шөберелеріңізді жиі көре бермейтініңіз анық. Алайда қашықтық ұғым емес, көке. Немере, шөберелеріңіз Сізді аузынан бір сәт тастаған емес. «Үлкен ата» деп бәрі Сізді сағынып отырады.

Бірде немерем Алтынаймен болған мына бір оқиға есіме түсіп отырғаны. Ол кезде Алтынай 7 жаста еді. Тамағы ауырып жүрсе де, мұздай су ішіп тұрғанын көріп қалдым. «Алтынай, мұның не? Саған салқын су ішуге болмайды ғой», – деп ұрыстым. Ол бұлтиып шығып кетті. Біраздан кейін қайта келіп тұр:

– Ата!

– Ау?

– Ата, білесіз бе, сізге маған ұрсуға болмайды ғой?..

– Неге?

– Өйткені мен кішкентаймын. Көп нәрсені әлі білмеймін ғой. Кейін үлкейгенде доғдыр боламын. Сол кезде сен Үлкен ата сияқты кәрі боласың, сонда саған қараймын ғой.

– О, алтыным сол, айналайын. Менің айтқанымды көңіліңе алма, – деп бетінен сүйдім. Сол кезде ғана бала болса да жылы сөзді түсініп:

– Ата, мен сені жақсы көремін, – деп мойнымнан құшақтай алды.

Көке, «Үлкен ата» деп Өзіңізді айтып отыр шөбереңіз. Өткен жылы немереңіз Айжанның тұрмысқа шығу тойына келгеніңізде бәріміз бір көлікке міндік. Менің Сізге құрмет жасап жүргенімді байқаған Алтынай қашанда ашық-жарқын пейілімен, балалық әуестікпен:

– Ата, мына ата кім? – деп сұрады.

– Алтынай, бұл – менің әкем, – дедім күліп.

– Сонда бұл ата сіздің папаңыз ба?

– Иә, менің папам.

– Сонда не, атада да папа бола ма?

– Болады.

Алтынай сыңғырлап күліп алды да, бірдеңе есіне түсіп кеткендей:

– Үлкен ата! – деді.

– Не айтасың, Алтынай? – деп Сіз бері бұрылдыңыз.

– Үлкен ата, менің атама ұрысшы, кейде маған ұрса береді, – деп отырғанның бәрін бір күлдірді.

Кіп-кішкентай болса да, тілі тәп-тәтті. Бала ыстық, немере тәтті болатыны сол екен ғой. Ал шөберенің сөзі шырын екендігін Алтынай дәлелдеумен келеді. Ауылға қайтарыңызда: «Үлкен ата, сен өте жақсысың. Тек енді ауырмаңызшы», – деп бетінен сүйіп шығарып салды.

Қазір Алтынай Үлкен атасын жиі айтады. Және сағынатынын үнемі жеткізіп отырады. Бірде ол:

– Келер жазда Бөржарға, Үлкен атаға барайықшы, – деді.

– Алтынай, Үлкен атаны не үшін жақсы көресің?

– Себебі ол кісі ұрыспайды, – дейді.

...Көке, Алтынай дұрыс айтады. Сіз ешқашан да біреуге өкпелеп, ренжіп немесе пенделік айтудың не екенін білмей келесіз. Ешкімге де жамандық тілеген емессіз. Қараңызшы, қай кезде де жайдары тіл қататын мінезіңізді шөберелеріңіз де жақсы көреді.


Атам салған ізгі жол...


Көке, жас күнімде мына бір аңызды оқып, көкейіме түйгенім бар еді. Балаларым әр кез біліп жүрсін деп айтып отырамын. Сізге арнаған хатқа да жазайын, келер ұрпақтың кәдесіне жарар...

Ертеде бір адам әке атаныпты. Ол бар ниетімен баласына дұрыс тәрбие беруді ойлапты. «Ол үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап алу мақсатында бір ғұламаның алдына барыпты.

– Баламды қалай тәрбиелесем болады? Қатал болайын ба, жоқ, әлде мәдениетті болғаным дұрыс па?

Сонда ғұлама:

– Балаңды тәрбиелеу үшін өзің тәрбиелі болуың керек. Балаң сенің «Өйтпе, бүйтпе» деген сөзіңе емес, өзіңнің жүріс-тұрысыңа, сөйлеген сөзіңе, атқарған ісіңе қарап өседі, – деген екен.

Көке, өз басым аптасына екі рет сізбен сөйлесіп, жағдайыңызды білмесем, ішкен асым бойыма сіңбейді. Мен ғана емес, балаларым да Сіздің жағдайыңызды біліп, көңіл-күйіңізді көтеруге тырысады. Өткенде ұлым Мұхтар өзі жұмыс жасап жүрген Вьетнам елінен Сізге хабарласып, Құрбан айтта құрбандық шалып, Құран оқытып, осынау қасиетті мерекемен құттықтаған екен. Сіз ерекше қуандыңыз. Байқаймын, көке, осы Мұхтардың бойынан өз әулетіңізге тән бауырмалдық пен қарапайымдылықты көруге құмартатын сияқтысыз. Мұхтар немереңіз екені рас болса, Сізге тартпай қоймайды. Алаңдамаңыз!

Көке, жүрегімді мазалаған осы хатты жазудағы мақсатым еңбек жолыңызды айтып мақтану емес, балаңыздың жүрек түкпірінде сіңіп жатқан шынайы сезімді ақ параққа түсіру еді. Кейде тіпті Сізді еш дүниеге теңестіре алмай әлек боламын. Өйткені Сіз өзгеше жаратылған, өзгенің қамы үшін өмір кешкен, бойына сабырлылық пен адамгершіліктің таусылмас қазынасын сақтаған, алып рухани қамба сияқты елестейсіз.

Көке, Сіздің денсаулығыңызға алаңдаймын. Соңғы екі жылда төрт рет ота жасаттыңыз. Аурухана есігін әр ашқан сайын: «Япырмай, көкем қиналып қалған шығар», – деп елегізіп жетемін. Ал Сіз болсаңыз түк болмағандай, тіпті қабақ шытпай, мені үнемі күлімдеп қарсы аласыз. Сізді айналшықтап жүрген сырқаттың басы сол абайсызда аяғыңызды сындырып алғаннан басталды. Оны менен тағы жасырдыңыз. Құдайдың құдіретін қараңыз, тура сол мезетте қоңырау шалғанымда: «Бәрі жақсы, аманмын», – дедіңіз күліп тұрып. Түк болмағандай отыра бердіңіз. Көке, бойыңызға біткен қайрат пен сабырға, темірдей төзімге қайран қаламын. Мен үшін осы асыл қасиеттеріңізбен-ақ үлкен тәрбие мектебісіз!

...Ауылдағы үйдің бақшасынан шығатын жалғыз аяқ соқпақ жол бар. Әр барған сайын сол жол көзіме ыстық көрінеді. Себебі сол соқпақпен атам екеуіңіз қызметке баратын едіңіздер. Кейін сол сүрлеуде, көке, екеуміз бірге жүретін болдық. Астанада да балаларыммен бірге мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын болғандықтан, ұлым Мұхтар, қыздарым Бақыт, Айжанмен жұмысыма бір жолмен бірге барып-келіп жүрдік. Балаларыммен жұмысқа бірге шыққан сайын ауылдағы үйден бастау алған сол соқпақ есіме түседі. Бұл ата салған, әке жалғаған, ұрпағына жұғысты болған қасиетті жол, киелі сүрлеу деп білемін.


Менің көкем көркем адам


Бір өнегелі де, ақылды адам өмір сүріпті. Өзі зәулім, кең сарайда тұрады екен. Жұрттың бәрі осы парасатты жанмен ақылдасады екен. Жылдар өте келе сол ақылды адам да қартаяды. Үш баласын шақырып алып: «Өмір кілті неде? Соны біліп келіңдер», – деп жібереді. Міне, содан үш жыл өткеннен кейін перзенттерімен өз шаңырағында қайта кездесіпті. Ондағы мақсат – өз сұрағына жауап алу.

Әке тапсырмасы бойынша бірінші үлкен ұлы: «Әке, өмірдің кілті жер-жаһанды шарлау деп түсіндім. Осынау үш жыл ішінде қаншама жер көрдім. Адамның бар қуанышы ел мен жерді танып, түйсігін арттыру екен ғой», – деп жауап беріпті.

Ортаншы ұл: «Әке, өмірдің кілті байлықта екен. Байлығың болса, жұрт сені сыйлайды. Қараңызшы, қаншама асыл тастар таптым. Мұның бәрі байлық емес пе?» – деп мақтаныпты.

Кенже ұлына кезек келгенде: «Осы үш жылдың ішінде жақсы адамдарды көп жолықтырдым, олардың мен үшін қымбат екенін түсіндім. Перзент сүйдім, соның жауапкершілігін сезіндім. Әке, өмір кілті адамдардың қадірін біліп, ата-анаңды ардақтап, үлгілі ұрпақ өсіру екен. Менің осыған көзім анық жетті. Өмірдің қызығы балалардың қызығымен басталса керек. Сен қанша бай, атақты болсаң да, ұрпағың өнегесіз болса, еткен еңбегіңнің бәрі зая кетеді», – дейді.

Ақылды әке кенже ұлының сөзіне разы болып, қара шаңырақтың иесі атандырып, өз мұрасын қалдырып, батасын берген екен.

Көке, ұрпақтарыңыз Сізден үлгі алса, сіздей болуға тырысса, сіздің адамдық биік қасиеттеріңізді бойына сіңіріп өссе, менің де тілегімнің қабыл болғаны. Мына мен – сіздің тұла бойы тұңғыш ұлыңыз, суыңыздың тұнығы, отыңыздың шүйгіні тек сізге ұқсауға тырыстым, сіздей болуға талпындым. Бойымда жылт еткен жақсылықтың ұшқыны болса, ол сізден дарыды. Оның арғы жағында, әрине, атамның абзал сүрлеуі жатыр. «Адам Отанды таңдамайды. Қай жерде тудың, сол жер – Отаның. Адам ата-ананы таңдамайды. Кімнен тудың, сол – сенің ата-анаң» деген ойлы сөз бар. Құдай маған сіздей әке бергені үшін тағдырыма мың мәрте алғыс айтамын.

Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру – әрбір перзент үшін қасиетті борыш. Атамның көрсеткен өнегесі мен Сіздің үлгілі істеріңіз арқылы бойыма сіңірген тағылымды тәрбиені өз балаларым мен немерелеріме жеткізсем, мен – бақыттымын. Сіздер салған сүрлеу жолымызды жаңғыртып, биіктетіп, әрдайым жауапкершілікке бастайтынына көзім жетті.

Баласы бәйгеге шапса, ауылда тұрып тақымын қысатын әкеліктің, ата болудың жауапкершілігін бар жүрегіммен сезінетін мен балаларымды, немерелерімді көркем мінезді етуге бар күшімді салып келем, олар сондай адам болуға міндетті. Өйткені менің көкем, яғни Сіз – көркем адамсыз!


***


Көке, айтылатын әңгіме де, сырласатын сөз де бітпек емес. Осынау ақ қағазға түскен жүрек түкпіріндегі адал ниеттің ар жағында балалық болмыс, перзенттік махаббат, шебер тіл, жеткізе алмас көңіл, өшпес өнеге, өлмес өмір жатыр. Бұл мыңдаған ойдың бір сәттік көрінісі ғана. Ал Сізге деген шексіз ізгілікті сезімді түгел жеткізу мүмкін де емес...

Көке! Бар болғаныңыз үшін мың да бір рахмет! Бұл өзіңізден тараған балаларыңыздың тілегі деп қабылдарсыз.

Тағы да ата өсиетін оқып отырмын: «Әрбір ата-ана парызы – дүниеге әкелген ұрпағының парасатты азамат болуына жол көрсету. Әкелік атқа дақ түсірмей, оның атын жақсы жағынан шығара білген бала да үлгілі әке болатынына сенемін».

Ал мына жазған шумағында:

«Жасыл боп қала ма екен көк терегім,

Беу, дүние, неткен сұлу, көктем едің?!

Жалғаса жолымызды келер ұрпақ,

Бақыт та содан артық жоқ дер едім...» –

деп өз ұрпағына айтылған аманаты жүрегімде мәңгілік сақталып, жатталып қалды.

Дәл осы сәтте өзіңізге деген ақ тілегімді жыр жолдарымен былай жеткізгім келді:

Үкілеген үміттің шырағымын,

Сен секілді жақын боп тұрады кім?

Өмір деген бәйгеде сенім артып,

Баптап қосқан жүйрігің, пырағыңмын.

Бастауымсың, дария арнасымын,

Сенен ұқтым өмірдің жалған, шынын.

Бабадан мұра болған тәрбиенің

Аманаты, мұрагер, жалғасымын.

Шырағыңнан сәуле еніп тілегіме,

Айналғансың бір әулет тірегіне.

Асқар тауым алдыңда аласармай,

Биік шыңың жол болар жүрегіме.

«Әке!..» Неге екенін қайдам, осы құдіретті сөзді айтқан кезде жүрегім шымыр ете түседі...


Сәлеммен тұңғышыңыз Әкім Әбдіқайымұлы,

Астана қаласы

2015 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар