Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Алаш Кеңшілікұлы. Елдің құты (әңгіме)...

Алаш Кеңшілікұлы. Елдің құты (әңгіме)

25.12.2025

5739

Алаш Кеңшілікұлы. Елдің құты (әңгіме) - adebiportal.kz

Біздің Үш Ойғыр өлкесінде елге әйгілі екі адам болыпты. Бұлар елдің еркесі, «шайқы пәни» атанған, өз өтіріктеріне өздері сеніп, қиял әлемінде өмір сүретін, былайғы ғұмырда ауызың қайсы десе мұрынын көрсететін бейуаз, әсіре Қожанасыр жандар еді. Солардың бірі – ұзын бойлы, инеліктей имиген арық қара шалды ел өзінің айтқан әңгімесіне қарап, Арқар атаң деп атап кеткен-ді. Азан шақырып қойған шын атын, көз көрген үлкендер жағы болмаса жастар жағы біле бермейтін. Екіншісі – тәпелтек бойлы, қимыл-қозғалысы ширақ, ор қояндай орғып жүретін қағілез кісіні ел-жұрт Оқтимес шал деп атайтын. Бұл енді шын аты ма, ол жағы да жастарға беймәлім болатын. 

Екеуі бір жылы туған түйдей құрдас болғандықтан, қандай бір жиын-тойда кезігіп қалса бір-біріне есе бермей лепіріп, өтірікті шындай қылып тайталаса жөнелетін. Қуларға да керегі сол ғой: «Ойпырай-ай, ә, расымен де Оқаң, сізден мықты болған екен ғой!» - деп Арқар атаңның қолтығына су бүркетін.

Ондайға айылын жиятын Арқар атаң ба: «Қартайған соң ерлігіңді айтпа деген, бұл тапалды жас күнімізде лақтай қылып ат үстінен талай іліп алып едім!» - деп мойыны үзілердей болып бұрқ ете түсетін.

Құрдасынан Оқаң қалыс қалсын ба: «Ыһым, ұзын сирағыңды аспаннан келтіргенімді ұмытқан екенсің ә!» - деп сүзеген бұқадай ежірейе қалатын.

Ең қызығы бұл кісілердің айтқан әңгімелері ауыз әдебиетінің үлгісімен ел ішіне кеңінен тарап кеткенінде еді. Балалар жағы бұған шын сеніп, қиялында оларды қисса-дастандардағы хас батырларға ұқсататын.

Әсіресе Оқтимес шалдың «Жапон соғысына қатысқанымда» деп басталатын әңгімелері еш түгесілмейтін. Әңгімеге тұз себушілер жорта: «Оқа сіз андағы алпамсадай денеңізбен албаты ұсақ-түйек, кішкене мылтық ұстамаған шығарсыз ә?» - деп жел беретін. Мұны естіген Оқаң екі иығын ұшатын бүркіттей қомдап алып, отырған орнынан қозғалақтап: «Мен сол жалғыз мылтыққа қарап қалды деп пе едіңдер? Атпен шауып барып жапәндәрдің пүлеметтерін шалмалап сүйреп келіп, өздеріне қаратып атқылап қырып салатынмын!» - дейтін, беті бүлк етпей.

– Алла сақтасын, оқ қайтып тимеді екен әҚоянға оқ өш деуші еді ғой! - деп өзін қоянға теңеп қарқылдай күлгендерге:

– Жәбірейіл өзі жебеп тұрса оқ неге тисін? – деген уәжбен дүрсе қоя береді.

– Шынашақтай бойымен қарауылға қайдан ілінсін? - деп кейбірі мысқылдай күліп жататын.

Арқар атаңның әңгімелері тіптен қызық. «Осы Қобда бетінде менен асқан мерген болған жоқ», - деп бастайтын.

– Расымен де сізден асқан мерген жоқ деп естідік үлкендерден. Бір оқпен сексен арқар атқаныңызды айтып беріңізші! деп әзілкештер бір-біріне көз қысып, құлақтарын түріп Арқар атаңа таяй түседі, қасақана.

«Бір оқпен...» деп өтірігін шығару үшін әдейі айтып тұрғандарын аңғармай, Арқар атаң да есе жөнелетін.

«Ол, былай болған... Бірде әлгі жаман аңшы Ұзақбай бар ғой. Сол: «Үкіметтің аң ату жоспарын орындай алмай қалдым. Ақа, оғыңыз жерге түспейтін мергенсіз ғой, біраз арқар атып келсек қайтеді?» - деп қолқа салған соң қандыауыз «кәләбірімді» мойныма аса салып, аңға мінетін торымды тебініп, арқар тұраққа жөнеп бердік. Ұзақбайдың астына мінген жаман бурыл аты жүрмеген соң «ат жаманы жолда қалдырады, ер жамын жауда қалдырады» деген нақыл есіме түсіп амалсыз тосып отыруыма тура келді. Әйтпесе көптен қансонарға шықпай әбден ширығып қалыппын. Ұзақбайдың мойнында бесатар мылтығы бар. Қойын-қонышы тола оқБәрін үкіметтен береді ғой оған. Соның өзінде жоспарын орындай алмай жаман неме маған жалынып жүр ғой, баяғы»...

– Ойпыр-ай, ә! «Жаманның жамандығы қалмайды деген рас та. Соншама мол оқпен. Сізге сенбей ме, үкімет, неге оқ-дәрі бермейді? - деп сөзін бөлген қутыкешке жаратпай қарап: «Қай жеріне келіп едім, сөзімді бөлмей отыршы! Неге бермесін, кебежесімен әкеліп тастайтын. Көңілшек басым аңшыларға таратып жіберіп өзім құр мылтық көтерген кездерім көп болды...».

– Түһ, недеген ақкөңіл жан едіңіз... Сосын қанша аң аттыңыздар? - деп әңгімеге май құюшылар, тезірек созбақтатпай аңды қырғанын айтқызу үшін ұмсына түседі.

– Мә, атқанда ғой, қырып тастадық. Нақтырақ айтсам: қырып тастадым. Жаман Ұзақбай не қарық қылсын, ол мылтығын оқтап үлгергенше олай-бұлай жата қалып атқылап, сексен арқарды өзім жайратып тастаппын. Оғым таусылып қалмағанда, мұнан да көп атқандай екенмін. Мен атқан арқарды санай алмай қалған Ұзақбай жүгіріп жүр қуанып. Ақкөңіл басым біреуін де алмастан жиыстырып, екі түйеге теңдеп Ұзақбайдың үйіне жеткізіп бердім...»

«Ойдойт, деген... Міне нағыз аңшы. Бір оқпен сексен арқар атып, екі түйеге сыйғызып, теңдеп артып кеткен аңшыны алғаш көруіміз..», - деп шулағандардың сөзін Арқар атаң расымен алқап жатыр екен деп ойлап, өз өтірігіне өзі сеніп, құлап қалуға дәс қалатын.

Ауылдары шалғай отыратындықтан көптен кезікпеген қос құрдас бір тойда дастарқандас болып қалыпты. Тойға тігілген оншақты ақ боз үйдің біріне құдайдың құдіреті ме, немесе той иесі әдейілеп кіргізді ме екен, өңкей ығай мен сығайлар бас қосыпты.

«Бір тоқтының етін екеуі ғана жеп кетеді» деп ел таң қалатын, осы өңірге әйгілі қос мешкей Түкен мен Кәкен, бұлармен жасы құралпы әзілкеш қулар Арын мен Шарғын, сараңдығымен аты шығып, қарау байлар атанған Берді мен Келді, алып күш иелері Асым мен Тасым ұзынқұлақтар Мекен мен Шеген, бұларға Арқар атаң мен Оқтимес шал қосылғанда, кигіз үйдің іші жел кеулеп кеткендей желпінді дерсің.

Тегештерге толтыра құйылған қымыздар қызу әңгіме үстінде лезімде босап, дамыл-дамыл толтырылуда. Арын мен Шарғын екі қу: «Қос мешкейді мықтайық», - деп өзара келісіп алды. «Қымызға әбден қыздырып алған соң, Арқар атаң мен Оқтимес шалды да күрестіріп қызығын көрейік», - деп жоспар құрысты. «Қарау байлардың да санын бір соқтырайық», - десіп сыбырласты.

Айтқандарындай, екеуі Түкен мен Кәкенге жорта құрақ ұшып, «ішіңіз-жеңіздің» астына алып шараларына қымызды әлсін-әлі құйдыра берді. Түкен Кәкендей емес, қу адам еді, анадан гөрі азырақ ішіп-жеп отырды. Кәкен қулардың құрған тұзағын сезбей, қымызды сіміріп, тамақты жапырып отыр.

Бір-біріне қырбай екі бай Келді мен Бердіні де, желдірте мақтап: «Бай болса, сіздердей малсақ, табыскер болсын!» - деп оларға да көпшік тастап қойысты арасында.

Қымызға әбден тойды ау, деген кезде төре табақ ет тартылды. Екі қу қос мешкей отырған дастарқанға үстеме табақ тартқызып, құрақ ұшуда.

Асай-мүсейі көп қындарындағы өткір пышақтарын алып, Түкен мен Кәкен ет турауға кірісті. «Пышағы бар сүйгенін жейді, пышағы жоқ тигенін жейді» деген сол ма дерсіңҚу құлқын қаратсын ба, екеуінің жас етті табаққа турағанынан өз ауыздарына салып қарбытқандары басым болды. Бір саба қымызды түгесіп, төре табақ етті обырлана соққан қос мешкейге жасамыстар таң қалып отыр.

Ет желініп болып, қонақтарға сорпа құйылғанда, екі қу бетінің майын қалқымай үлкен аяқ шынымен Түкен мен Кәкенге ұсынды. Өзгелер бір кесені әрең тауысып, кері қайтарғанда қос мешкей бес-алты аяқтан сораптап, «ішімізге жаңадан ел қонды-ау» дегендей, майлы ауыздарын сүрткіштеп дастарқаннан шегінді.

«Ойбүу, бір қойдың етін жеке-дара жеп кетеді деп ел мақтаған Түкен мен Кәкен сендер болсаңдар қой-ақ, қой! Бір үйлі жігіт бір қазан сорпаны тауыса алмадыңыздар!» - деп Арын қу әдейі сөз бастады.

– Сен, досым, бұл кісілердің шамына тимеАқаң мен Оқаңа қарағанда бұлар ішсе ішіп, күрессе күресіп шыдайды. Мықты болсаң бәс тігейік. Еркек қойдың құйрығын алып кел, бұл кісілер кесектеп жұтқанда жұмырына жұқ та қылмайды! деп Шарғын іліп әкетті. 

Отырғандар қызық көрмекке кеу кеулесіп, Түкен мен Кәкенге дем беріп жатыр.

– Күресеміз, неге күреспейді екенбіз? Бұл өңірде бізден өткен алып палуандар болмаған, - деп Оқаң шал орнынан атып тұрғанда ел ду күлді.

– Бұл тапалды қолтығыма қысып-ақ  алайын! - деп Арқар атаң да елеуреп шыға келді.

– Ойбай, үлкен кісілер! Алдымен бәс тігілсін, сосын сыртқа шығып күресесіздер. Әйтпесе екі алып мына жаман лашықтың быт-шытын шығарасыздар ғой! - деп екі қу өтірік жыламсырап, шалғайларына оралып зорға сабасына түсірді.

Істі тындырған екі қу, енді қарау байларға қолқа салсын.

– Бұлар екі еркек қойдың құйрығын тұтастай жеп кетер болса, бір-бір қойларыңызды қиясыздар емес пе?! Бердекеңе қарағанда Келағаң мықты ғой, қолы ашық! - дегенде Берді бай, өңі томсарып, жұлып алғандай

– Беремін, бермегенде! Алдымен тауысып жесін, көреміз сосын, -деді.

Түкен мен Кәкен еркек қойдың құйрығын еш құспастан жеп кетер болса бір-бір қой алатын болып келісті.

«Арқар атаң мен Оқтимес шалдың қайсысы жықса, палуанның бәсін өзіміз беремізә, - деп екі қу да елге уәделерін берді. Бұл әңгімені құлақтары едірейе тыңдап отырған ұзынқұлақтар біртіндеп жылыстап, басқа үйлердегі тойшы қауымға жеткізу үшін үйден сытылып шықты. Оларға мән берген ел жоқ, езулерінен майды ағыза соғып жатқан қос мешкейге қарап отыр. Алдымен жеп біткені еркек қой алатын болды. Он минут ішінде жеп шыққаны бойлақ қой алатын болып келісілген. Ал, жей алмаған жағдайда қойға қой берісетін болған қос мешкей барын салуда.

Алдына келгенін жайпай берген Кәкен Түкендей емес, құйрық майды білемдеп кесіп алып, біраз асаған соң асқазаны айнып, құсуға дәс қалды. Сөйті де салқын судан көбірек ұрттап, сазарып отырып қалды. Түкен түк болмағандай қарбытып отыр. Екі қу да тықыршып, уақыт тез өтсе екен дегендей сағаттың тіліне қарап қояды. Қарау байлар да жей алмай қалса екен деп тықыршуда. Мешкейлер майды асаған сайын тыжырынып, бір тоқтыларын қимай жандары шығып барады.

Арасында Арқар атаңның арқасы қозып: 

– Тәйірі, еркек қойдың құйрығында не бар дейсің? Жас күнімде бір арқардың етін жалғыз өзім жеп кетуші едім! - дегенде Түкен бөспенің сөзіне күлемін деп, аузындағы майын лақ еткізе жаздады.

«Міне, батырлық!» - деп ел Арқар атаңның сөзіне қыран-топан күлісіп жатыр.

«Жапөн соғысында...», - деп қырылдай жөнелген Оқаң шалды да, әңгімені кейін айтасыз деп зорға тоқтатып алысты.

Түкен табақтағы ең соңғы білемдей майды ауызына тоғытып жібергенде алдымен бәс тіккен Берді бай: «Бұған дәт жоқ екен», - деп шалқалай берді. Қиналса да көп қалыс қалмай, Кәкен де бір құйрықты түгесіп шықты. Екі бай амалсыз бәске тіккен малдарын беретін болып тынды. Қулар қос мешкейді масқаралап шыдамаса да, екі байды сан соқтырғандарына мәз.

– Ендігі кезекте алыптардың белдесуін тамашалаңыздар!

Тойға тігілген ақшаңқан кигіз үйлердің алдыңғы жағындағы алаңқайдағы жаршының үні елді елең еткізіп сыртқа сүйреді.

Ұзынқұлақтардан құлағдар болып үлгерген жастар жағы екі шалдың күресін көрмекке ортаға бұрын жиылды. Не болғалы жатқанын жақсы ұқпаған құлағы мүкіс кемпір-шалдар таяғына сүйеніп, ортадағы алаңға бет алған. Ұққандары «алыптар күрескелі жатыр» деген сөз болды.

Тарамыс қолдарымен көздерін күннен көлегейлей келіп көргендері: белдеріне қайыс белбеу ораған тыриған арық Арқар атаң мен шынашақтай Оқтимес шалдың қораш тұрқы еді.

«Ой, тәйір-ай, мына бәтшағарлар екен ғой! Елді шулатқан алыптар қайдан келіп қалды десек!» - деп ақжаулықты әжелер еріндерін сылп еткізіп күліп жатыр.

«Қойыңдар, бәтірлер, қартайғанда бір-бірлеріңді жазым қыласыңдар!» - деп кейбірі шын жанашырлық танытуда.

Елдің кеу-кеулеуімен «екі палуан» ортада бір-біріне қарсы беттеді. Намысқа тырысып ортаға шығып кеткендері болмаса, қалай ұстасудың ығын білмей дал. Үп еткен жел соқса ұшып кетудің аз-ақ алдындағы сидиған Арқар атаңның екі аяғы бір-біріне шалынысып, тізесі дір-дір етеді. Оқаңның да оңып тұрғаны шамалы. Қысық көзі сығырайып, қарағайдың басындағы тиінге қарағандай, Арқар атаңның қылқиған мойынынан бір ұстасам дегендей тесірейеді.

Екеуі таяп келеді де, ұстасуға бата алмай, қайта шегінеді. Елдің де іші пыса бастады. Алда нағыз палуандар күресі, аламан бәйге бар дегендей, еріккен екі шалға қарап тұрсын ба: «Енді қашан күресесіңдер! Тездетіңдер», - деп шуласуда.

Қулар да оларды ұстастырудың амалын тапты-ау, ақыры.

– Осы Оқаң Арқар атаңнан қорқып ұстай алмай жүр-ау! дегенде намысқа қызған Оқтимес шал оқша атылып, тырбық қолымен сидиған ұзын Ақаңның белінен шап берді. Арқар атаң сидиған сирағын тартып қаламын дегенде, екеуі де үйме-жүйме болып жерге қатар құлады. Ел ұлар-шу.

«Менің палуаным жықты» деп Арын Арқар атаңды көтеріп тұрғызып, арқалай жүгірді жорта айғайлап.

«Әдісті бұрын жасаған – менің палуаным. Менің палуаным жеңді», - деп Шарғын қу да Оқтимес шалды көтеріп алып дауырығып жүр.

Көңілдері қалмасын деп ел: «Итжығыс түстіңіздер, екеуіңіз тең болдыңыздар», - деп екеуіне де жақтасып жатыр.

«Алла, құдай өзі сақтапты, жер белуарға дейін ойылып кетіпті!» - деп Шарғын қу жорта таңданып жағасын ұстағанда:

– Сендерге айттым емес пе, сақ болыңдар деп! – деп Оқаң көзін сығырайта жан-жағына қарағанда, бұлардың қылығына күлмеген пәнде қалмады.

Тағдыр сағаты жетіп, бұл кісілер дүниеден озғанда, өңір-өлкеде жыламаған жан қалмапты. Қулық-сұмдық дегенді білмейтін, сәби кейпінде қалған шайқы пәнилер – қай заманда да елдің құты екен ғой. Олардың айтатындары тек зиянсыз өтірік, қылықтары – зәбірсіз мақтан. Олар өмірден қайтқанда күн тұтылған деседі. Елдің естілері: «Құтымыздан айырылдық-ау!» - деп шынымен күйзелген деседі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan