Бүгін қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғалым, абайтанушы, публицист, аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 160 жыл толып отыр.
Тумысынан текті тұлға қоғамдық-саяси қызметінен өзге, орман шаруашылығы, статистика, т.б. ғылым салаларындағы зерттеу еңбектерінен өзге, көсемсөз, көркем әдебиет, аударма, тілтану т.б. салаларда да айтулы із қалдырды. Төменде Әлихан Бөкейханның осы бағыттағы еңбектеріне қысқаша шолу жасалды.
Әлихан Бөкейхан шығармашылығының сан салалы болуының себебі мен ықтимал мүмкіндігі өзінің жерлесі, үзеңгілес бауыры, қазақ жерінің тұтастығы үшін Ленинге уәжін тыңдатқан білімпаз Әлімхан Ермековтің мына бір пікірі арқылы айқындалып жатқандай: «Терең дария-мұхит, өте білімді ғалым болатын. Шетелдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біздің онымыздың ақыл ойымыз Тоқырауын өзеніндей, бірде Балқашқа құйып, бірде жетпей орта жолда қалса, Әлекең Балқаш көліндей дария еді ғой.»
1. Ұлттық баспасөзді дамытушы. Зерттеушілердің пікірінше Әлихан Бөкейханның ұлттық баспасөзге атсалысуы 1889 жылдан басталған. Омбыдағы техникалық училищеде оқып жүргенде «Особое прибавление к акмолинским областным ведомостям» газеті мен оның қосымшасы ретінде шығатын «Дала уалаяты газетінде» Әлихан Бөкейханның үлкенді-кішілі 8 мақала жарияланған.
Әлихан Бөкейханның бас редакторлығымен «Иртышъ», «Омичъ», «Голосъ степи» газеттері шығарылған. Зерттеушілердің дерегінше «Иртышъ» газетінің тоқсанға жуық, «Омичъ» газетінің үш саны табылған.

Профессор Өмірзақ Озғанбаевтың «Алаштың ардақты ұлы» атты мақаласында мынадай деректер бар: «Қазақ зиялысы Әлихан Бөкейхан ұйымдастырған «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылы 2 ақпанда жарық көріп, Николай патша тағынан тайған соң, осы азаматтың ұсынысымен «Сарыарқа» газеті дүниеге келді. Мұнан басқа «Темірқазық, «Шолпан» журналдарын шығарды. 1906-1907 жылдары «Иртышъ», «Омичъ», «Голос степи» газеттері Бөкейханның редакторлығымен шығып тұрған. Сол тәрізді «Әйел теңдігі», «Сәуле», «Жаңа мектеп» журналдарын ұйымдастыруға көмегі тиген. Бөкейханның қаламының қуатты, ісінің ширақ болғандығын оның бір емес, бірнеше басылымдарға мақала, ғылыми жұмыстарын жариялауы нақты дәлел. 1895-1903 жылдары «Степной край» газетімен ғана шектелмей, өзге облыстық, аймақтық газет-журналдарға, ғылыми жинақтарға жиі жазып тұрады. «Туркестанские ведомости», (Ташкент), «Киргизская степная газета», «Дала уалаятының газеті», (Омск), «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинский листок» газеттері мен «Русское богатство», «Русская мысль» және «Жизнь» журналы, «Памятная книжка Семипалатинской области» анықтамасы, (Семипалатинск), «Известия Западно- Сибирского отдела» И.Р.Г.О. (Омск), «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского Отдела И.Р.Г.О.». (Семипалатинск) сынды ғылыми жинақтары бар.
1905 жылы «Халық бостандығы» партиясының С.Петербордан шығатын «Речь», «Слово», «Сын Отечества», «Наша жизнь» газеттерімен жақын араласа бастайды. Алыстан болжап, келешектің көкжиегіне көз жүгірткен қайраткер ұлт мұратына кіретін ең басты игіліктерге аса мән беруді естен шығармаған.»
Сондай-ақ Әлихан Бөкейхан 1908-1910 жылдары шыққан «Сибирские вопросы» ғылыми-публицистикалық журналының авторы, 1922-27 жылдары Мәсеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасы Қазақ редакциясының әдеби қызметкері қызметтерін атқарды.

2. Аударма саласындағы еңбегі. Әлихан Бөкейхан көркем аударма саласында еңбектер қалдырды. Мәскеуде «Интернационал» баспасында қызмет атқарып жүрген кезінде Әлихан Бөкейханов ежелгі грек мысалшысы Эзопттың туындыларын, еуропалық жазушылар Оскар Уайлдтың, Ги де Мопассанның, Л.Н.Толстойдың, А.П.Чеховтың, В.Г.Короленконың, Д.М.Мамин-Сибиряктың, И.С.Тургеневтің орыс жазушылары туындыларын қазақ тіліне аударды. Өз аудармаларын басылым беттерінде «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен жариялаған.
Көркем аудармадан басқа, Әлихан Бөкейханов ғылыми, ғылыми-танымдық, саяси әдебиеттер мен түрлі пән оқулықтарын, оқу-ағартуға арналған құралдарды аударумен де шұғылданып, өнімді еңбек етті.
3. Әдеби тілді қалыптастырушы, термин түзуші. Ұлттық әдеби тілді, ғылым тілін қалыптастыру жолында еңбек еткен Әлихан Бөкейхан мақалалар жазу, аударма жасау барысында тыңнан көптеген терминдер ұсынды. Олардың ішінде жанартау – вулкан, құс жолы – млечный путь сияқты кейбір терминдер қазіргі күні де қолданыста.
4. Фольклор зерттеуші. Әлихан Бөкейханов — Алаш қозғалысының көсемі ғана емес, қазақтың ауыз әдебиеті мен фольклорын жүйелі зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі. Оның фольклортану бағытындағы еңбегі ұлттық кодты сақтап қалуға бағытталды.
1896-1903 жылдар аралығында Ф.Щербина бастаған экспедиция құрамында жүріп, Әлихан тек қасаң экономикалық деректерді ғана емес, этнографиялық және фольклорлық мәліметтерді де жинақтады. Мұнда ол қазақтың салт-дәстүрлеріне, бата-тілектеріне және жоқтау жырларына ерекше назар аударды.

Әлихан Бөкейханов қазақ эпостарының ішінде «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырына ерекше мән берген. Ол бұл жырдың нұсқаларын жинап қана қоймай, оған ғылыми сараптама жасады. 1899 жылы «Түркістан уалаяты» газетінде осы жырдың маңызы туралы мақалалар жазды. Халық ақындары Шортанбай, Ноғайбай және басқалар туындыларына да мән беріп, пікір білдірді.
Әлихан қазақ даласын аралап жүріп, халық аузындағы аңыз-әпсаналарды, шежірелер мен мақал-мәтелдерді қағазға түсірді. Ол қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, оларды «халықтың өмірбаяны» деп атаған. Қазақ ру-тайпаларының шығу тегі мен тарихын фольклорлық деректер арқылы негіздеуге тырысты.
5. Абайтанудың негізін қалаушы. Әлихан Бөкейхан – абайтану ғылымының бастауында тұрған тұлға. Абай өмірден өткеннен кейін-ақ ол ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын баршаға танытуды қолға алады. 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде жарық көрген Әлихан Бөкейханның «Абай (Ибрагимъ) Кунанбаевъ» «қазанамасы (мүнәһибы) – абайтанудың бастауында тұрған еңбек. Белгілі алаштанушы-ғалым, профессор Дихан Қамзабекұлы бұл жөнінде былай деп тұжырым жасайды: «Әлиханның шынайы тұрпатты авторлық әдебиетке айрықша үмiт артуы 1905 жылы жарияланған Абайға арналған мұнақып-мақаласынан («Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы») бастау алады… Абайды тану мен танытуға деген ықылас алғаш Ә. Бөкейхан тарапынан байқалған… Ә. Бөкейханның «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» мақаласында ұлы ақынның ғұмырбаяны алғаш рет мүмкіндігінше толық сипатталған…»
6. Әдебиет сыншысы. Әлихан Бөкейханның Ташкент қаласында шығып тұрған «Туркестанские ведомости» газетінде 1899 жылы жариялатқан «Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі» атты мақаласында жырға әдеби талдау жасайды. Бұл жөнінде зерттеуші Нұрғали Махан былай дейді: «Әлихан «Қобыланды» жырына Еуропаша жан-жақты білім алған адамның өз халқының ауыз әдебиетіне деген терең сүйіспеншілікке толы ұлттық көзімен қарады. ...Әйелді адами құқықтан айырған қоғам өркениетке еш уақытта жете алмайды, - деген мақсатты ойды ұстанып, «Қобыланды» жырындағы әйелдер бейнесін саралаған Ә.Бөкейханның бұл мақаласы, қазақ әдебиетіндегі әдеби шығарманы сыни тұрғыда талдаған ең алғашқы әдеби-сын мақала еді. Сол себепті де: «Қазақ әдеби сынының негізін салушы Әлихан Бөкейхан, - дейміз».
Әлихан Бөкейхан сондай-ақ «Бақытсыз Жамал», «Қартқожа» романдарына да өзінің сыни көзқарасын білдірді. Самара қаласында жүргенде Әлихан Бөкейхан «Бақытсыз Жамал» романы жайлы былай деп пікір білдіреді: «Бізде мұнан бұрын роман жазылған емес. Мир Якуб романы «Бақытсыз Жамал» – кішкентай ғана кітап. Мен мұны «Қазаққа» сын жазбақ болып, қолға алып едім. Екі жұма отырдым. Бұл – менің бұрын қылмаған ісім еді. Сонан ба, жоқ, сын өнері менде жоқтықтан ба, оны оқушылар білер. Мәдени жұртта көркем кітап жазып отыратын Ахмет, Мир Якуб газетаның уақ ісіне есіл ғұмырын байлап отыр. Білгенді қылам дегенге жұрт керегі қойып жатыр ма? Шаhкәрім, Ахмет, Мир Якуб (бұлар Аполоннан бата алған жоқ) жерге түсті демесе, мен сыншы фарызын өткеруге құл болдым».

Әлихан Бөкейханның көркем шығарма, әсіресе өлең жазушыларға деген талап, талғамын өз мақаласындағы: «... олардың өлеңін сынамай жібере берсең «шілдірік» сұйық өлеңдері жас әдебиетімізді қотыр ала қойдай болдыртады, аздырады», - деген тұжырымынан аңдауға болады.
Дәуірдің құбылмалы саяси өмірінің бел ортасында жүрсе де, Әлихан Бөкейхан осылайша ұлттық тіл мен әдебиеттің дамуына, қазақ баспасөзінің қалыптасып нығаюына, фольклор мен сынның, аударманың өркендеуіне өзіндік үлес қосып, атсалысты.
Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы ұлы тұлғаның әдеби сынға сіңірген еңбегі жайлы мынадай пікір білдіреді: «Әлиханның ұлт әдебиетінің өз алдына жеке бір саласы – әдеби сынның іргесін қалап кеткен еңбегі… әлі де болса лайықты бағасын алған жоқ… Отарлықтың бұғауында отырған халқының төл әдебиетінің күйзелген жайы болашақ Алаш серкесін ертеден терең толғандыра бастайды…»
Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатайұлының Әлихан Бөкейханға арнаған өлеңі - өмір шындығының куәсі:
Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,
Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы.
Өгіз өліп, болмаса арба сынып,
Өмірің өткен жансың азаптағы,
Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан,
Тәңірім айырмасын талабыңнан!
Қалған жоқ қоңсы қонбай ақылыңа,
Қазақтың – хан, қырғыздың манабынан...
Ақынның «Өгіз өліп, болмаса арба сынып» дегеніндей, Әлекеңе бодан жұртының көзін ашып, көкірегін оятпақ мақсатын жүзеге асыруға, білімін, күш-жігерін толықтай арнауға заманы еш мүмкіндік берген жоқ. Түрмені есептемегенде, он төрт жылы үйқамақта өткен екен. «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды». Әлихан Бөкейхан тұлғасы туған халқының жүрегінен өзінің лайықты орнын алды. Алаш көсемінің сан қырының ішінде шығармашылық әлеміне қатысты біз қарастырған алты қырына қысқаша шолуымыз осы еді.
Фотосуреттер ғаламтордағы ашық ақпарат көздерінен алынды.
