«Уақыт – оны пайдаланатындар, еңбек етіп,
ойланатындар, ойдың көкжиегін кеңейтіп
отыратындар үшін жеткілікті түрде ұзақ».
(Волтер)
Алматы қаласындағы орталық мешітке 2012 жылы алғаш табалдырығын аттағанда зәулім ғимараттың әдемілігіне таңғалып, «кім салдырды екен?» деген сауал көкейімді бір шарпып өтіп, балалық дәуренмен ұмытып кеттім. Студент болып келген жылы орталық мешітті салынуына тікелей атсалысқан Рәтбек қажы екенін естіп білдім. Мен іздеген газеттерден хазіретті сынаған, жала жапқан мақаладан басқасын таба алмай қынжылдым. Қаланың күйбең тірлігімен уақыт зымырап өтіп жатты. 2025 жылдың желтоқсан айында Қанат Алтынбек бауырымыз Рәтбек Нысанбайұлы туралы «Хазірет пен құзірет» деген кітапты шығарғанын естідім. Бұл кітапты алып, Рәтбек қажы туралы толығырақ танысайын» деген оймен жүргенде 2026 жылы қаңтар айында Рәтбек қажы келместің кемесіне мініп кете барды. Осыдан кейін Рәтбек қажы туралы іздене бастадым. Ертерек Рәтбек қажы туралы біліп, көзі тірісінде көрісе алмағаным жаныма батты. Қанаттың қолынан кітабын алып, бір түн ішінде бас алмастан оқып шығып, бір ай ой үстінде жүрдім. Көңіл кеудесіне сәулелі ой түскесін дереу қағаз бетіне қондырмасаң таң шапағы көрінер уақыттағы шық тәрізді сәлден кейін еске түсіре алмай қаласың.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1940 жылы қарашада Түркістан облысында дүниеге келген. 1964 жылы Бұхарадағы "Мир-Араб" медресесін және Бұхара педагогикалық институтын тәмамдаған. 1969-1975 жылдары Ливия университетінің Шариғат және құқық факультетінде оқып, жоғары діни білім алған.
1990 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құрып, бас мүфти болып сайланған. Рәтбек қажы 2000 жылға дейін Діни басқарманы басқарды.
«Хазірет пен құзірет» кітабы оқыған оқырманға жеңіл, түсінікті көркем тілмен көмкерілген. Хазіреттің өмір жолы мен ғибратты әңгімелерді қатар баяндай отырып, оқырманды өзіне еріксіз баурайды. Қара түнек тәрізді түнерген, қылышынан қан тамып «Құдай жоқ, дін апиын» деген КСРО уақытында Өзбекстан мемлекетінің Бұхарадағы медресесін үздік тәмамдап, Ливия университетінде жоғары діни ілім алады. Шет мемлекетте өзінің білімге деген ізденімпаздығының арқасында бірнеше шет тілін меңгеріп, оқытушыларының көзіне түседі. Елге оралғасын Қазақстан мемлекетінде өзінің діни басқармасы жоғына іштей қынжылып, болашақта жүзеге асыруға іштей мақсат қояды. Кітапта Ливияда оқып жүргендегі жүрегі елім деп соққан жас Рәтбектің алғырлығы керемет суреттеледі. Пышақтың жүзінде жүріп Ливияда білім алған Рәтбектің артынан шам алып түскендерде аз болмаған. Жүрегіне иман ұялаған, Жаратқан өзі жар болған пендесіне қиындықтан шығар жолды әркез көрсетіп отыратыны заңдылық. Тәуелсіздік алғанға дейін діни ілімі толысқан, қазақтың тарихы мен әдебиетін жетік білетін азаматтар саусақпен санарлық ғана болатын. Соның бірі де бірегейі Рәтбек Нысанбайұлы болған.
1990 жылы алға қойған мақсаты орындалып, Қазақстанда діни басқарма құрылды. Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы тағайындалды. Қолына тізгінді алған сәттен қазақ елінің діни сауатын көтеруді қолға алады. Соның нәтижесінде Қазақстанда 5000 мешіт салынған. Соның ішіндегі ауқымдысы Алматы қаласындағы орталық мешіт. Құрылысы ұзаққа созылған, қиындықтарға толы болған да осы орталық мешіт еді.
«Хазірет пен құзірет» кітабын оқи отырып, «Тұлпарды тұлпар тұяғынан таниды» деген тәмсіл ойыма еріксіз оралды. Оған себеп 1991 жылдары кеңестік мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев екеуінің дін тақырыбындағы әңгімелесуі еріксіз жаныңды жылуға бөлейді. Ұлы адамдардың елдің ертеңі үшін уайымдауы, қолынан келгенше күресуі кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік сабақ. Екі тұлғаның диалогынан елдің қамын жейтін азамат болмаса, көлденең көкаттылар ел ішіне іріткі салып, жаман пиғылдарын жүзеге асыруы мүмкін екенін түсінесің.
Рәтбек қажы аманатқа адал болған. Ол туралы кітапта; «Өзіңізге айтар өтінішім, сөзімнің басында айтқанымдай бүгін бе, ертең бе біздің де ақырғы сағатымыздың соғылуы анық. Сол кезде мені мұсылманшылықпен жерлесеңіз деген қалауымды ұмытпасаңыз деймін. Бұл шаруаға тек сіздің ғана шамаңыз жетеді» деп Дінмұхамед Қонаев Рәтбек қажыға өтініш білдіреді. 1993 жылы Дінмұхамед Қонаев өмірден өткенде айналасындағы адамдар табытқа салып жерлемек болады. Сонда Рәтбек қажы қарсы болып, жаназа намазын оқып, мұсылманша жерлеп, ағасының алдындағы уәдесін орындаған.
«Еліңді сүйсең – ерлік істейсің» деген халқымыз. 1991 жылы Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы болып тұрған Өзбекәлі Жәнібеков бас мүфти Рәтбек қажыны шақыртып арнайы тапсырма береді. Бұл туралы кітапта: «Рәтбек інім, біз қазір қараңғыда жол іздеген секілдіміз. Кеңестік қысымнан шаршаған халық рухани шөлдеп отыр. «Құран-Кәрімді» қазақ тіліне аударып, қарапайым қазақтарға жеткізетін кез келді. Бірақ... бұл шаруа ешкімге айтылмай атқарылуы керек. Жоғарыдан «рұқсат» күтпейміз. Қазір – әрекет етер уақыт», - дейді. Екі мезгіл ішінде қатесіз Рәтбек қажы құранды аударып, Қазақстанда таралуына тікелей әсер етті.
Қанат бауырымның «Хазірет пен Құзірет» кітабы елі үшін еңбегі сіңген тұлға Рәтбек қажының шынайы жақсылығын дүйім жұртқа паш ету. «Жақсылық жасалмаған қоғамда жамандық табиғи түрде өседі» деген Конфуций сөзінің дәлелі қазіргі уақытта осындай адамгершілікті биік ұстаған, жақсылық жасағанын жарияламаған ізгілердің өмірін насихаттау басты парыз. Елімізде дін саласы, руханият, медицина, ғылым салаларына еңбегі сіңіп жатқан, дүйім жұрт біле бермейтін тұлғаларды дәріптеуіміз керек.
«Сол сәтте ол Жаратушыға шын жүректен дұға етті. Еліне тыныштық, халқына амандық имандылық жолынан жаңылмауды тіледі» елінің көкірек көзін ашып, өзі алған білімін өзгелерге үйретіп дүниеден өткен Рәтбек Нысанбайұлының жаны жәннатта болсын!
Кітаптағы айтылған Рәтбек қажының игі амалдары тек бір парасы. Адамгершіліктің озық үлгісін көрсеткен қажының жақсылығын паш етуге бір кітап аздық ететіні белгілі. Сондықтан бұл кітаптың екінші бөлімі де жазылып дайын тұр екен. Тек қаржылық қиындыққа байланысты баспаға берілмей тұр. Осыған байланысты кәсіпкер ағалар атсалысып, екінші кітапты жарыққа шығарса екен деген тілек бар бізде.
Қанат бауырымыздың қаламы мұқалмасын. Жаста болса бас болып жүрген, қазақ руханиятына тамшыдай үлес қосып, өзінің табандылығының арқасында үшінші кітабы «Хазірет пен құзірет» кітабын жарыққа шығарды. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» деген даналарымыз Қанат Алтынбек болашақ еліміздің тарихында қалатын жазушы болуы бек мүмкін. Болатынан нық сенемін!
Алғабек Хамитұлы, журналист
