Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ДРАМАТУРГИЯ
/
Әлібек Байбол. Жақсылық пен Жамандық (Балаларға а...

Әлібек Байбол. Жақсылық пен Жамандық (Балаларға арналған ертек)

15.04.2026

1114

Әлібек Байбол. Жақсылық пен Жамандық  (Балаларға арналған ертек) - adebiportal.kz

Қатынасушылар:

Жақсылық.

Жамандық.

Арыстан.

Қасқыр.

Түлкі.

Бай.

Қыз.

1-ші кейіпкер.

2-ші кейіпкер.

3-ші кейіпкер.

4-ші кейіпкер.

Төртеуі төрт түрлі мамандық иесі: бірі ‒ мүсінші, екіншісі ‒ зергер, үшіншісі ‒ тоқымашы, төртіншісі ‒ ат әбзелдерін жасаушы. Қойылым басталғанда, олар жұмыстарын жасап отырады. Диалог басталғанда, жұмыстарын доғарып, бойларын жазып, ортаға қарай ойысады.

1-ші кейіпкер. Мені бір сұрақ мазалайды?

3-ші кейіпкер. Қандай?

1-ші кейіпкер. Осы жамандық дегеніміз не? Және жақсылық дегеніміз не?

3-ші кейіпкер. Сол да сөз боп па? Жамандық деген жамандық! Ал, жақсылық деген жақсылық!

1-ші кейіпкер (сөзді қайталап). Жамандық деген жамандық! Ал, жақсылық деген жақсылық! Онда, тағы бір сұрақ! Сонда... сонда... жақсы жаман, ал жаман жақсы бола алмай ма? Немесе керісінше...

3-ші кейіпкер. А-а-а? (Басын қасып). І-і-і! Білмедім!

2-ші кейіпкер. Біз кімнің жақсы, кімнің жаман екенін ісімен ғана анықтай аламыз. Мысалы, өтірік айтса, ұрласа, өсек тасыса жаратылыс иесінің қандай екені көрінеді. Ал, біреуге көмектессе, досқа адал, сертке, уәдеге берік болса, қайрылы істі көп жасаса, біз оны жақсы деп айта аламыз.

1-ші кейіпкер. А-а-а, түсіндім. Адам іс барысында сыналады екен ғой, иә?

2-ші кейіпкер. Иә, дұрыс айтасың. Ал, енді мен саған сұрақ қояйын. Ақ түс жақсы ма, әлде қара түс пе?

1-ші кейіпкер. Меніңше... меніңше... Әрине, ақ түс! Сізге ше?

2-ші кейіпкер. Маған қара түс ұнайды!

1-ші кейіпкер (таңғалып). Қа-ра түс?

2-ші кейіпкер. Иә.

1-ші кейіпкер. Қара... қара... ол жамандықпен байланысты түс қой. Қара адамның еңсесін басып тұрады. Қара деген бұл ‒ түнек. Ал, ақ деген...

2-ші кейіпкер. Ақ деген жақсылықтың түсі демексің ғой, иә?

1-ші кейіпкер. Иә. 

2-ші кейіпкер. Өйтіп те бірден кесіп айтуға болмайтын шығар. Себебі, қазақта қарашаңырақ, қара қазан, шойын қара секілді ұғымдар бар. Қара сөзінде салмақ бар, негіз бар. Сол секілді ақ парақтың бетіне қара сиямен жазады. Аққа ақпен жазатын болсақ, жазу көрінбес еді.

1-ші кейіпкер (таңғалып). Мен бұл жағына ойланып көрмеппін. Қызық екен, иә?! 

3-ші кейіпкер. Иә, ағаң дұрыс айтады. Ақ та, қара да табиғатта бар түс. Бірінсіз-бірі жоқ. Егер қара түсті алып тастасақ, біз ақтың қадір-қасиетін түсінбес едік.

4-ші кейіпкер. Келісем. Өте орынды айтылған.

1-ші кейіпкер. «Аққа ‒ Құдай жақ» деген сөз бар. 

4-ші кейіпкер. Келісем. Әр түстің өз реті барындай, мына ғаламдағы әр жаратылыстың өз жолы бар.

1-ші кейіпкер. Оны қалай дәлелдей аласыз?

4-ші кейіпкер. Мәселен, қызыл мен сарыны қосса күлгін, егер сары мен көкті қосса жасыл түс шығады. 

1-ші кейіпкер (қайталап, таңғалып). О-о-о! Жасыл түс!

4-ші кейіпкер. Дәл солай. Ал, ақ пен қараны қосса қандай түс пайда болады?

1-ші кейіпкер. І-і-і... біл-мей-мін.

4-ші кейіпкер. Ақ пен қараны қосса қандай түс пайда болады, балалар? Қане, кім айтады? Дұрыс айтасыңдар. Сұр түс пайда болады екен. 

1-ші кейіпкер. Сұр түс?

4-ші кейіпкер. Иә.

1-ші кейіпкер. Мәссаған!

2-ші кейіпкер. Көрдіңдер ме? Біз біреуді бірден жаман я жақсы деп кесіп айта аламыз ба? А-а-а? Дұрыс, жоқ, айта алмайды екенбіз. Өйткені, жақсы деп жүргеніміз жаман, ал жаман деп жүргеніміз жақсы боп шығуы мүмкін. Солай ма? Әне, солай екен! Балалар! Олай болса, балалар, жақынырақ жайғасыңдар. Мен сендерге Жақсылық пен Жамандық туралы бір уақиға баяндап берейін. Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, бір Жақсылық деген адам иен далада атымен шауып келе жатады. Сол кезде оның алдынан Жамандық шығады...

1-көрініс

Жамандық. Ассалаумағалейкүм!

Жақсылық. Уағалейкүмассалам!

Жамандық. Ат-көлік аман ба?

Жақсылық. Аман-аман. Өзіңде?

Жамандық. Жаяу-жалпылап келе жатыр демесең, былай жаман емес.

Жақсылық. Жаяу жүрген денсаулыққа пайдалы дейді.

Жамандық. Дұрыс қой. Бірақ, астыңда атың болса, жұмысың да ертерек бітеді. Ұзақ жолды да қысқартасың.

Жақсылық. Е, оны дұрыс айттың.

Жамандық. Атың кім?

Жақсылық. Атым ‒ Жақсылық. 

Жамандық. Аттас деуге келе ме екен? Менің атым ‒ Жамандық. 

Жақсылық. Бір-біріне қарама-қарсы нәрсе ғой.

Жамандық. Бір әріптен басталады дегенім ғой.

Жақсылық. Е, оны дұрыс айттың.  

Жамандқ. Қайдан жүрген жолаушысың? Қай жаққа бет алдың?

Жақсылық. Базарға бара жатырмын. 

Жамандық. Ананы, қара! Мен де сол жаққа шыққам! Ел көріп, жер танып, мүлік-мүкаммал, зат алып дегендей. 

Жақсылық. Е, онда жолымыз бір екен.

Жамандық. Көмегің керек боп тұр, Жақсылық.

Жақсылық. Не істеу керек, еді? Қолдан келсе, аянып қалмаймын.

Жамандық. «Адам күні ‒ адаммен» деген. Сен мені артыңа мінгестіре кетсең.

Жақсылық. Олай болса, сен қазір мына атқа мін де, біраз жер жүріп барып, түсіп, атыңды байла да өзің жаяу кете бер. Cодан соң мен жетіп, атпен біраз жерге жүріп, саған тағы байлап кетермін. Сөйтіп, баратын жерімізге кезек мініп жетейік. 

Жамандық. Екеуміз мінгессек атқа қиын соғар. Одан да, сен осында күте тұрсаң. Мен тез барып келем.

Жақсылық. Бұл қалай болар екен, а?

Жамандық. Әйтпесе, артымнан ілесіп отыр. Мен межелі жерге жеткен соң атыңды үлкен ағаштың жанына байлап кетем. Сол жерден аларсың, атыңды.

Жақсылық. Сертіңде тұрасың ба?

Жамандық. Тұрам.

Жақсылық. І-і-і... қалай істесем екен? Кел серттесейік, онда! (Қол алысады). Сертіңді бұзба. Уәде бердің. Ал, уәде ‒ Құдай сөзі.

Жамандық. Атыңды қайтарып берем. Алаңдама, Жақсылық.

Жақсылық. Қазір, қазір. Балалар, Жамандыққа атымды берейін бе? А? Естілмей тұр? Берейін бе, бермей-ақ қояйын ба? 

Жамандық. Сен оларды тыңдама. Маған қара. Атыңды қайтарам дедім бе, қайтарам.

Жақсылық. Жақсы. Ал. Осында күтейін бе?

Жамандық. Иә. Отыра тұр.

Жақсылық. Жарайды.

Жамандық атпен шауып кетеді.

2-көрініс

2-ші кейіпкер. Сөйтіп, Жамандықтың сертіне сенген Жақсылық ұзақ жол жүреді. Шаршайды, шалдығады. Ол арып-ашып, әбден қаталап, шөлдеп әлгі үлкен ағаштың қасына келсе, ат жоқ боп шығады. Ары жүгіреді, бері жүгіреді, алайда ешкімді таппайды. Ат та жоқ, адам да жоқ, сайтан да жоқ, сапалақта жоқ. Сол сәтте жапанда жалғыз қалған Жақсылық бүйдеді... 

Жақсылық. Жамандық! Әй, Жамандық! Қайдасың? Еһе-хей! Жамандық! Қай-да-сың? «Ау!» ‒ деген біреу болсашы. Үн-түн жоқ. Ей, қалайық! Қарагер атты көрген кім ба? Еһе-хей! Арып-ашып келе жатқанымды қарашы. Е-е-е, сертте тұрмаған осындай болады екен ғой! Мен аңғал, таза көңілмен сендім, ал ол алдап кетті! Әй-әй-әй. Бір жағынан өзіме де обал жоқ қой. Нем бар еді, жақсылық жасап?! Уф, қу жан-ай! Ал, енді қайттім? Күте-күте күпті болдық. Одан да мен жолды қысқарту үшін ары қарай жүре берейін.

Уф, жеттім-ау, бір күркеге! (Жан-жағына қарайды) Әй, кім бар? Тып-тыныш! Ортада бір үлкен қазан асулы екен. Айдалада қайнап тұрған не қылған тамақ? Бұның иесі бар болу керерк. Себебі, мұның бәрі бекер емес. Ал, иесі бар затты рұқсатсыз алуға, жеуге болмайды ғой. Е-е-е, одан да мен әліптің артын бағып, жасырына тұрайын.

Қасқыр, Түлкі, Арыстан күркеге кіріп келеді.

Қасқыр (иіскеп, танауын желге тосып, жерді тінтіп). Мына жерде біреу болған сияқты...

Арыстан. Иісшілін-ай, өзінің!

Қасқыр. Иә. Шамасы, адам ғой деймін.

Түлкі. Адам?

Қасыр. Иә. Себебі, тамақтан біреу жеген екен. 

Түлкі (тексеріп). Расынд да біреу жеген екен. Бұл ‒ әдіпсіздік! Бұл ‒ мәдениетсіздік.

Арыстан. Кім болды екен, а?

Түлкі. Иә, иә, кім болды екен, а?

Арыстан. Міне, соны анықтауымыз керек.

Түлкі. Міне, соны анықтауымыз керек. 

Арыстан. Бірақ, бұл жерге адам аяғы баспағалы қай заман. Күмәнім бар.

Түлкі. Иә, дұрыс айтасыз, Ареке! Бұл жаққа адам баласы келмегелі қашан.

Қасқыр. Күмәнім бар?

Арыстан. Аң патшасы ‒ Арыстан қателеспейді.

Түлкі. Аң патшасы ‒ Арыстан қателеспейді! Ол әркезде дұрыс айтады. Жасасын, Арыстан, жасасын!

Қасқыр. Ей, Түлкі! Сен жылпылдамай жөніңе тұршы. Меніңше...

Арыстан. Жә-ә-ә, жетер. Ермек болсын, одан да көрген-білгенімізді айтайық.

Түлкі. Иә-иә, Арекең дұрыс айтады. Табылған ақыл. Қане, көрген-білгенімізді айтайық. 

Арыстан. Түлкі, сен не көрдің? Не естіп, не білдің? Айта отыр.

Түлкі. Мен бе? Мен... мен бір жерден бір алтын көрдім. Пәлен деген байдың қыстауының қасындағы жаман қыстаудың ортасында, бір сүйем жердің астында жатқан бір құмыра алтынды күнде қарауылдап, қарап келемін.

Қасқыр. Ал, мен... (орнынан тұрып) күнде пәлен деген байдың қойының арасында үлкен ала тоқтыны қарауылдап келем. Себебі, ол байдың ауырып жатқан бойжеткен қызы бар. Қандай ем қылса да жазылмайды және оның емін ешкім білмейді де. Бірақ, мен білем. Ол қызды жазатын ала тоқты. Ала тоқтыны сойып, өкпесін жегізсе, жазылады. Тағы да сол бай: «Кімде-кім осы қызымды емдеп жазса, соған осы қызымды берем», ‒ деп жар салған. «Дегенмен, оның емін әлі ешкім тауып айтқан жоқ, тауып айта алмайды да», ‒ дейді. 

Арыстан. Ы-ы-ы... кезек маған да келіпті. Мен де түнде барып, түген байдың жылқысының біреуін жеп келіп жүрмін. Ол бай мені еш уақытта ұстай алмайды және маған оның ешбір жылқысы қуып жете алмайды. Жететін бір-ақ тайы бар. Ол тай пәлен тоғайдағы жылқының ішінде. Сол тайдан басқасынан мен құтылып кетем. Және ол байдың жар салғаны бар: «Кімде-кім менің жылқымды жеп жүрген арыстанды ұстап берсе, соған бір үйір жылқымды берем», ‒ деп.

Жақсылық. А-а-а, бұлардың сырын біліп алдым. Маған не істеу керек екендігі анық болды. Олай болса, уақыт оздырмайын!

3-көрініс

Жақсылық (Емші ұқсап киінеді). Ассалаумағалейкүм!

Бай. Уағалейкүмассалам. Аманшылық па? 

Жақсылық. Аманшылық.

Бай. Қайдан жүрген адамсың? Жолаушысың ба, кезбесің бе, дәруішсің бе, кімсің?

Жақсылық. Емшімін!

Бай. Емшімін дейді?

Жақсылық. Иә. 

Бай (Сыбырлап). Мына адамды Тәңірдің өзі айдап келген болар. Құтты қонақ! (Даусын зорайтып) Келе ғой. Төрлет. Төрге оз! Әй, бәйбіше! Құдайы қонақ келді, үйге. Қазан көтер, ет ас! Емін-еркін жайғас. 

Жақсылық. Не жаңалық, байеке?

Бай. Не жаңалық деймісің? Саған қолқа салсам деймін.

Жақсылық. Қандай?

Бай. Қызыма бал ашып бер!

Жақсылық. Мақұл. Қыз қайда?

Бай. Жүр, жүр, міне, мына жерде жатыр.

Жақсылық. Ойбу!

Бай. Не? Не боп қалды?

Жақсылық. Баланы емдетпей, босқа қинапсыңдар ғой! Әкел анау үлкен ала тоқтыны. Мұның ауруы соның өкпесінде.

Бай. Өкпеде?

Жақсылық. Иә, иә. Тездет, тездет. 

Бай. А-а-а, қазір, қазір. Ей, тоқтыны сойып, өкпесін әкеліңдер. Жылдам, жылдам.

Жақсылық. Әкелдің бе?

Бай. Иә, мінеки.

Жақсылық. Піссіміллә рахман рахим. Ал, мына өкпені же. Ем болады.

Қыз. Жей алмаймын.

Жақсылық. Жиіркенбе. Жей ғой.

Бай. Жеші, қзым-ау. Айтқанын тыңдашы.

Қыз жей бастайды.

Жақсылық. Әп, бәрекелді! Қазір ауру-сырқаудан құлан-таза айығасың.

Қыз. Әке!

Бай. Қызым!

Қыз. Әке, менің басым да ауырмайды, балтырым да сыздамайды. Рақмет, сізге!

Жақсылық. Оқасы жоқ.

Бай. Саған рақметімді қалай айтсам екен?

Жақсылық. Қызыңды бер.

Бай. Қызымды?

Жақсылық. Иә. Елге сөйтіп жар салыпсың ғой. Енді, уәдеңде тұр. Уәде ‒ Құдай сөзі.

Бай (Қайталап). Уәде ‒ Құдай сөзі!

Жақсылық. Адам жақсылыққа жақсылықпен қайтару керек.

Бай. Мынауың ақыл екен-ей! Мақұл. Келістік!

Жақсылық. Ал, онда мен бағанағы ескі қыстауға барайын (Ұзақ жүреді). Ал, міне, межелі жерге де жеттім. Қораның айналасын қазуым керек. Қазір, қазір. Әп, әп... Бір сүйемдей қазсам жетіп қалар. Қазақ сүйем деп бас бармақ пен сұқ қол аралығымен өлшенетін мөлшерді атайды. Міне! Қандай тамаша! Алтын шықты, бір құмыра алтын! Ал, енді, бұны Арыстан айтқан жерге алып барайын.

3-ші кейіпкер. Жақсылық ұзақ жүреді. Шаршайды, шалдығады.

1-ші кейіпкер. Шар-шай-ды?

3-ші кейіпкер. Иә. 

1-ші кейіпкер. Неге?

3-ші кейіпкер. Өйткені, ол таудан асты, өзеннен өтті, ну орманмен, қалың тоғаймен, сала-саламен жүріп отырды.

1-ші кейіпкер. Мәссаған! Онда... онда... расында да шаршаған екен!

2-ші кейіпкер. Жақсылықтың өз мақсатына жеткенін қалайсың ба?

1-ші кейіпкер. Әрине. 

2-ші кейіпкер. Балалар! Сендер Жақсылықтың өз мақсатына жеткенін қалайсыңдар ма? Қане, қане, естілмейді! Тамаша!

1-ші кейіпкер. Ал, ары қарай не болар екен?

4-ші кейіпкер. Соны білгің келе ме?

1-ші кейіпкер. Иә. Қызық боп тұр.

3-ші кейіпкер. Бірақ, ол үшін Жақсылыққа қолдауларың қажет, балалар. Ал, қане, қане! Жақ-сы-лық! Жақ-сы-лық! Жақ-сы-лық! Керемет! Мынандай қолдаумен Жақсылық ешкімнен қорықпайды, бәрін жеңеді!

4-ші кейіпкер. Шынымды айтсам, ары қарай не болатынын өзім де білмеймін.

3-ші кейіпкер. Олай болса, олай болса, бірге көрейік, балалар! Сөйтеміз бе?

1-ші кейіпкер. Иә, иә, бірге көрейік, бірге көрейік!

4-көрініс

Жақсылық. Ассалаумағалейкүм байеке. Хал қалай?

Бай. Халды көріп тұрсың ғой.

Жақсылық. Не боп қалды?

Бай. Бір арыстанды ұстай алмай жүрмін. Осыдан бар ғой, қолыма түссінші...

Жақсылық. Мен сол арыстанды ұстап берсем, сен маған не бересің? - дейді.

Бай. Егер ұстап берсең, саған бір үйір жылқы берем.

Жақсылық. Жақсы. Келістік. Онда мен тоғайдағы жылқылардың ішінен ала тайды ұстап алып, арыстанды күтіп тұрам.

Бай. Өз еркің. Әйтеуір, қолға түсірсең болды. 

Жақсылық. О, жағынан қам жеме, байеке! Жасырынайын.

Бай. Тығыл, тығыл, әне келе жатр.

Жақсылық. Дәу екен, өзі.

Бай. Күжірейген, түр-түсі қорқынышты бір нәрсе ғой, мынауың.

Жақсылық. Алаңдама. Қазір екеуміз сайысқа түсеміз.

Бай. Абайла. Шайнап тастап жүрмесін.

Жақсылық. Міне, арқан, міне, шалма, астымда жүйрік атым бар, кімнен қорқам?

Бай. Ал, сәттілік.

Жақсылық жақындайды.

Арыстан. Кім бұл?

Жақсылық. Мен ғой...

Арыстан. Мені кім, тағы?

Жақсылық. Жақсылық.

Арыстан. Ха-ха-ха. Жақсылық! Ақымақ, адам! Жайыңа жүр, Жақсылық! Гүтірлетіп шайнап тастаймын. 

Жақсылық. Шамаң жетсе, көр. Кел екеуміз күш сынасайық.

Арыстан. Кел.

Ұрыс сахнасы. 

Жақсылық. Қолға түстің бе, пәлем?

Арыстан. Жіберші, мені Жақсылық. Өтінем.

Жақсылық. Кеш, тым кеш. Енді, менен құтылмассың. Шу, жануар! Байеке! Міне, арыстан! Менің бір үйір жылқым қайда? Әне. Ала бер. Уәде ‒ Құдай сөзі. Уәдеге берік болу керек.

Жақсылық. Дұрыс айтасың. Айтқан соң уәдені орындау керек.

5-көрініс

Жамандық. Жақсылық! Ау, Жақсылық! 

Жақсылық. Ал, айта ер! Неше ай, неше жылдар өткен соң келгеніңе жол болсын! Бұның адамшылық па? Уәде бердің. Бірақ, орындамадың. Ал, Уәде ‒ Құдай сөзі ғой.

Жамандық. Кешірші, мені. Менікі дұрыс болмады.

Жақсылық. Үсті-басыңа не болған? Түк жоқ қой. Нағыз қайыршы, диуана болыпсың.

Жамандық. Саған жамандық жасап едім осындай күйге түстім. Уәдені де орындамадым. Соның кесірінен мен жамандыққа душар болдым.

Жақсылық. Не боп қалды?

Жамандық. Сенің атыңды алып, қашып кеткен соң, мен қарақшылардың қолына түстім. Олар мені құл қылып, ұрып-соғып, тамақ та бермей, нәр татырмай, қара жұмысқа салды. Аяған жоқ, қамшымен де сабады, азаптың неше түрін көрсетті. Содан, жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп жүріп, олардан әзер құтылдым. Зорлық түбі ‒ қорлық деген осы екен. Ойландым! Көп нәрсені түсіндім! Жақсылықжан! Енді сен мені адам қыл. Сен бұл мал-мүліктерді қай жақтан таптың?

Жақсылық. Не де болса, адамзатсың ғой! Сен жамандық істегенмен, мен саған жақсылық істейін. Пәлен төбеде бір үй бар. Сен қазір соған жет. Оның ішінде асулы бір қазан ет бар. Бірақ, оның ішіндегі еттен тек бір саусағыңды батырып, дәмін көр де үйдің төбесіне шығып жат. Сонда түлкі, қасқыр, арыстан келеді. Сен олардың әңгімесін тыңдай бер. Олар кеткеннен кейін естіген сөздеріңді істесең, сен осындай боласың.

Жамандық. Жарайды. Айтқаныңды орындайын. Рақмет, саған.

6-көрініс

Жамандық. Міне, Жақсылық айтқан күркеге де жеттім. Сөзінде бір өтірік жоқ екен. Әне, қазан толы ет асулы тұр екен. (Қызығып кетіп). Мына бір жілігін жейінші! Еттен асап-асап, бір-екі шыны сорпа ішсем қазан ортайып қалмас. А-а-а, ұйқы келді. Күркенің төбесіне шығып жатайын.

Түлкі, арыстан, қасқыр үшеуі күркеге кіріп келеді.

Түлкі. Әй, оңбаған Жақсылық менің алтынымды ұрлап кетіпті. Міне, содан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым.

Қасқыр. Еһ, Жақсылық, Жақсылық! Бізді алдап соқтың ғой. Осыдан қолыма түссең, оңдырмаспын. Айтқаным ‒ айтқан!

Арыстан. Жақсылықты ізгі істің жаршысы ма деп жүрсем, мынауы қалай болды? Мүлде түсінбедім.

Түлкі. Оны ұстап ап, аямай қинау керек.

Қасқыр. Оны ас-ауқатсыз қатыру керек.

Түлкі. Дұрыс, дұрыс, соған қоса зынданға тыққан жөн. Тәубесіне түссін.

Қасқыр (күрк-күрк жөтеліп). Ана, қыздағы қарғыс маған кеп қонған секілді. Ауыз жаппай жөтеліп, мазам болмай тұр.

Түлкі. Иә, расында да бозарып, сазарып, біртүрлі боп тұрсың, Қасеке!

Қасқыр. Иә, бұның бәрі Жақсылықтың кесірі. (Жөтеліп). Елді емдеймін деп зиянын мен шегіп отырмын.

Арыстан. Жақсылықтың мұнысы үлкен қателік болды.

Түлкі. Иә, иә, үлкен қателік болды. 

Қасқыр. Мына жерде біреу болған секілді.

Түлкі. Ойбай, мына еттің тоқпақ жілігі жоқ, омыртқасы жоқ, сорпасы жоқ, біреу жепті.

Арыстан. Кім жеді?

Қасқыр. Осыдан ұстасам оңдырмаспын.

Арыстан. Бұл жерге адам келуші ме еді?

Қасқыр. Жоқ! 

Түлкі. Осы күрке үстіне шығайықшы, сонда бір пәле бар секілді.

Үшеуі күрке үстіне шығады.

Қасқыр. А-а-а, ұсталдың ба?

Түлкі. Жатқан жерін қарай гөр, өзінің?

Қасқыр. Ет жеп, сорпа ішіп, ұйқысын қандырып алыпты.

Арыстан. Ал, енді бұның сазайын беру керек.

Жамандық. Кешіріңдерші, мені. Жаза бастым, қателестім. Жіберіңдерші, өтінем.

Қасқыр. Жоқ, сені жазалаймыз.

Түлкі. Сені жазалаймыз.

Жамандық. Қалайша?

Қасқыр. Ет жеуді білесің...

Жамандық. І-і-і, ет...

Арыстан. Қысқасы, сені жейміз.

Жамандық. Жо-жоқ... кешіріңдерші! Мен дәмді емеспін! Аштымын... тұздымын! Етім де қатты!

Түлкі. Фу! Ондай етті жемеймін!

Қасқыр. Е-е-е, «ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» деген ‒ осы.

Арыстан. Бұны қалай жазалаймыз, аң әріптестер?

Қасқыр. Мұны ма? Мұны ма?

Түлкі. Қытықтап өлтірейік.

Қасқыр. Уф! Денем түршігіп кетті ғой. Жоқ! Қол-аяғын байлап, ағашқа асып кетейік. Күнде әбден шыжып, шұжыққа айналсын!

Түлкі. Шұжық деп ең, қарным құрылдап, шұрылдап кетті ғой, Қасеке. Әлде, қазанға әбден қайнатамыз ба?

Қасқыр. Көміп тастайық.

Түлкі. Өртеп жіберейік.

Қасқыр. Суға батырайық.

Түлкі. Ал, Сіз қалай ойлайсыз, Арыстан мырза?

Қасқыр. Иә, аң патшасы деген атыңыз бар.

Арыстан. М-м-м! Ойланып отырмын!

Жамандық. Ке-ке-кешіріңдерші, мені. Бі-бі-білмей қалдым. Е-е-е-енді қайталамаймын.

Арыстан. Қалай ойлайсыңдар, аң әріптестер?

Түлкі. Сеніңкіремей отырмын. Көзі күлімдеп тұр. Сөзі өтірік секілді.

Қасқыр. Қу ғой, ол. Сенбеңдер!

Жамандық. Шын айтып тұрмын. Ісіме өкініп отырмын.

Жақсылық. Ей, Түлкі, Қасқыр, Арыстан!

Түлкі. Кім бұл?

Қасқыр. Кімсің-ей?

Арыстан. Мықты болсаң бері шық.

Жақсылық. Бұл мен ғой, Жақсылық!

Түлкі. А-а-а, қолға түстің бе?

Арыстан. Көктен сұраған, жерден табылды ғой. 

Қасқыр. Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан деген бар еді ғой. 

Түлкі. Енді, бізден құтыламыз деп ойлама, Жақсылық.

Жақсылық. Тоқтаңдар! Тоқтаңдар! Мен атыма сай Жамандықты құтқарып, жақсылық жасауға келдім.

Қасқыр. Не дейді?

Түлкі. Жақсылық жасауға келдім дей ме?

Арыстан. Мынау қызық жағдай болды ғой. 

Жақсылық. Бір ретке Жамандықты кешірейік.

Түлкі. Жоқ, жоқ, кешірмейміз. Жазалаймын. 

Қасқыр. Сазайын береміз.

Арыстан. Жақсылықтың мына сөзі мені ойландырды. Әркез жамандыққа жамандықпен қайыруға да болмайтын шығар.

Түлкі. А, солай ма? Дұрыс, дұрыс, Ареке! Жамандыққа жамандықпен қайырған жөнді іс емес. 

Арыстан. Олай болса, көпшіліктен сұрап көрейік. Жамандықты кешіреміз бе, балалар? Ал, егер екінші рет қайталаса қайтеміз?

Жамандық. Екінші рет қайталанбайды! Жіберіңдерші, өтінем.

Түлкі. Кешіреміз бе, балалар?

Арыстан. Жақсы. Онда, Жамандыққа бір мүмкіндік берейік. «Жаңылмаймын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген осындайда айтылған. Онда, Жамандықты босатайық. Ей, Жамандық! Елдің көзінше айт, уәде бер. Енді, жамандық жасайсың ба?

Жақсылық. Тек шындығыңды айт. 

Жамандық. Жоқ, жоқ, енді тек жақсылық қана жасаймын! Осыдан аман шықсам адамдарға, аңдарға көмектесем. Табиғатты аялаймын. Өз жөніммен жүрем. Тәубеме келем! Ешкімнің ала жібін аттамаймын. Сертке берік болам. Жақсы адам болам. Жақсылық көп жасаймын.

Арыстан. Солай ма?

Түлкі. Солай ма?

Жамандық. Иә, имандай шыным.

Арыстан. Онда, жолың әне! Кете бер!

1-ші кейіпкер. Сонда аңдар Жамандықты жібере салды ма? Құтылып кетті ме?

2-ші кейіпкер. Иә, жіберді. Себебі, Жақсылық оны құтқарды.

4-ші кейіпкер. Бұнда да бір ғибрат бар.

1-ші кейіпкер. Ғибрат?

4-ші кейіпкер. Иә.

1-ші кейіпкер. Қандай?

4-ші кейіпкер. Жаңылмайтын жан жоқ. Мен де, сен де, ол да, бәріміз жаңыламыз.

3-ші кейіпкер. Дұрыс айтасың. Түзелуге мүмкіндік беруіміз керек.

1-ші кейіпкер. Түзелуге мүмкіндік?

3-ші кейіпкер. Иә.

2-ші кейіпкер. Кезінде мен де үлкен қателік жасағам. Оңбай ұрынғам. Бірақ, міне мына бауырларым мені кешірді. Ал, мен жаман қылықтан, өрескел әдеттен құтылып, бүкіл елге жақсылық жасап, қызмет етумен келем.

1-ші кейіпкер. Мен түсінген секілдімін!

2-ші кейіпкер. Нені?

3-ші кейіпкер. Қалай? 

4-ші кейіпкер. Қашан?

1-ші кейіпкер. Егер... егер... біреуге жамандық жасасаң, ол алдыңнан шығады. Ал, жақсылық жасасаң... онда... онда... өмірің де жақсарады. Солай ма?

2-ші кейіпкер. Дәл таптың!

3-ші кейіпкер. Ақылыңнан, айналдық!

4-ші кейіпкер. Тамаша жауап!

1-ші кейіпкер. Енді, мен де тек жақсылық қана жасаймын! Бәріне көмектесем. Пайда тигізе алмасам да, ешкімге зиян шектірмеймін! Мен дұрыс айтып отырмын ба, балалар?

4-ші кейіпкер. Олай болса, біздің ертек аяқталды. Көргендеріңе рақмет.

2-ші кейіпкер. Сау болыңдар!

3-ші кейіпкер. Аман жүріңдер!

2-ші кейіпкер. Және ең бастысы жақсылықты көп жасаңдар! Кезінде Жақсылықты алдаған, сертінде, уәдесінде тұрмаған Жамандық мен болғам. Иә, мойындаймын, қателік көп жасадым. Алайда, адамға, жан-жануарларға оның ешқандай пайдасы тимейтінін түсініп, тура жолға түстім. Бүгіндері, міне, жақсылық жасап, сауапты іске кенелумен келем! 

Шымылдық

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan