Жанат Әбдіғожин – 1989 жылы Ұлытау жерінде дүниеге келген. ҚР Жазушылар одағының мүшесі. "Қопа тоғай" жыр жинағының авторы.
Құнапия ақсақалдың соңғы сөзі
Қазақ байларын конфискелеу кезінде қуғынға ұшыраған Жанұзақ бай 1932 жылы амалсыз қытайға өтіп кетеді. Соңынан ерген 5 жасар ұлы Құнапия Жанұзақұлы 1962 жылы елге оралып, өзінің атақоныс туған жері – қазіргі Ұлытау ауданы Қоскөл ауылына келіп, өмірінің соңына дейін елге адал қызмет етеді.
Аулақпын өкініштен, базынадан,
Кенде емен бақыттан да, қазынадан.
Мен бірақ, жетім құлын секілдімін
туа сап үйірінен ажыраған.
Бейбақтық – заманға да өкпелеуім,
Келеді ақ тілеулі көктеп елім.
Жат жұртқа табанымыз тиген сәттен,
Ержетіп, есейіп-ақ кеткен едім.
Зарын естіп жер деген Ұлы Ананың,
Күні жетпей бекіген бұғанамын.
Көру қандай қасірет нар кеуденің
құлағанын, еңкілдеп жылағанын...
Дос та қалған соңында, қос та қалған,
Ас төгілер күн арман тостағаннан.
Жылай-жылай қайтсін-ай, қайран шешем,
Жас суалған мейірімді қос жанардан.
Қыр асырып, біздерді тау асырып,
Көкейінде көктеген жаңаша үміт.
Әкем өтті өмірден байыз таппай,
Кеудесінде көп арман аласұрып.
Сәуле құйып өткен күн санама аппақ,
Армансыз ана өмірге барам аттап.
Әке сөзі – сертпен тең, қош айтысқан,
Туған жерге жетуді аманаттап.
Орындадым әкемнің ұлы арманын,
Шықсаң, мейлі, шық енді шығар жаным.
Туған жердің топырағы қасиетті,
Осы – менің өмірден ұға алғаным.
Тіршілікте тартылар бұлақ талай,
Адам ғана жалғанда қуатқа бай.
Менен де бір өсиет қалсын десең,
Туған жерден жүріңдер жырақтамай!
Одан басқа әкеңнің жоқ тілегі,
Деп қария арманы көк тіреді.
Отан – деді соңғы рет демін алып,
Отан – деді. Тоқтады қарт жүрегі...
***
Тұратын ақ пен қарадан
Өмір ғой, керек жан шыдау.
«Зор» деп жүргенің – зобалаң,
Ит мініп, ирек қамшылау.
Ару да аяр – кербезің,
Тұрса да құлап, өптірме.
Сұлтанның сиқы – енді өзің!
Біздерде бектік жоқ мүлде.
Бермейтін едім мән бұрын,
Зерделеп бүгін түсіндім.
Кеудесі толған қанды ірің
Аға деп жүрген бір сұмның.
Желкеніп құсып тастадым,
Ұшықтан әлі дерттімін.
Өзіме сауал тастадым,
Қанағатыма сеп бүгін.
«Басыңды тауға, тасқа да
Соқсаң да, болмас оңғаны», –
Деуші едің, аға-ау, масқара,
Осы ма тауың сондағы?..
Әділдік еді сүйгенім,
Не жазып, тағы ұрындық?
Көзінен өтер түйменің,
Жігіттер жыры – жылымқұрт.
Бозарып болып тұрар реңім,
От болып жатып кейде ішім.
Жылап тұрып та күлемін,
Жетіскеннен ғой деймісің?..
Көңілімде күн күлетін тәрізді
Есті жалған қалған ба ауып есінен,
Уақытқа ұлы жасамайды еш үнем.
Алағанға алақанда түгім жоқ,
Әйтпесе, мен айтқан сөздің несі кем?
Жүре ме екен күнелтіп бір-бірі үшін?
Бойымдағы ұятым – бар ұлысым.
Бөрілердің дәурені өтіп кеткен бе,
Жолдан табылады деуші ем ырысым.
Жанымды орап тастайтындай оқпанға,
Жақындауға қорқам жалын, оттарға.
Бұл-бұл үнін естімеймін неліктен?
Өлексеге құжынаған көп қарға...
Біздер жайлы не дейді екен өлгенде,
Өлі күйі тірлік кешкен көр кеуде.
Оймақтай боп ойға шомып отырмын,
Қанағат қып қуықтай қос бөлмемде.
Қауқар қылар қайбір жөнді бар айбын?
Қасарысып Ар деймін сол – арайлым.
Үміттеніп, үт түсер деп бөлмеме,
Терезеден әлсін-әлсін қараймын.
Жапан түзден жан табардай жаны ізгі,
Еске алам кеп сонау ескі аңызды.
Тұңжыр түнді тастауға тез асығам,
Көңілімде күн күлетін тәрізді...
Жанымыздың белгісі ме жүдеген?
Кейде өзім де түсінбеймін – мұң, өлең...
Найзағай боп шатыр ете қалам да,
Күндей күліп жіберем.
Карта ойыны
Ақырғы ойын – ақырғы заман тектес,
Ұтыс-тірлік осымен тәмәм – деп шеш.
Қызыл көз боп мың жерден құныққанмен,
Құлқыңды құм көмеді - шамаң жетпес.
Шығарсың, «ондығыңнан» лебіз күткен,
Пәрмен жоқ, «жетіліктен» мен үздіккен.
«Тұз-тарлан» сияқты еді соңғы үмітім,
Қор болды аса алмай«сегіздіктен».
Сымбатты болғанменен бар қызға бек,
«Тірілер тізімінде бармыз ба?!» деп,
«Тоғыздыққа» қарайлап қан жылады,
Ойынның бетке ұстары – жалғыз «валет».
Жоқ енді бәрімізде манағы ызғар,
Көзір құзыр жүргізіп санамызға.
Сабырлылық сардары деп таныған
«Король-шалдың» күллі ойы – «дама-қызда».
«Поп валеттің» «крештен» талабы асқақ,
Мазақ қып «қарға» қарқ-қарқ – араласпақ...
«Түйе» келіп, түрткілеп титықтатты,
Жарым жанын қойған соң жалаңаштап.
«Асығың алшы түссе, алқынып қал,
Карта түгіл, адамнан да артылып па ар?!.» –
Дегендей, жай корольді аңдып отыр,
Көзір боп күдірейген «алтылықтар»...
Карта ойыны...
Біреуге ол – таң қылықтай,
Ол да – өмір,
Ойнама салтын ұқпай...
Жолымды қиып кеткен пенделер бар,
«Тұзымды» қиған көзір «алтылықтай»...
Қарақұмның кернеген кеудесін күй
Сипатындай тұлпардың тұрқы бөлек,
Жел құтырса, құла құм үркіп әлек.
Әлсін-әлсін зорайған кер төбелер,
Көндігеді құйынның ырқына кеп.
Қыста қандай бұл дала жазда қандай?
Бауырына тіршілік маздағандай,
жым-жырт болып жатаған ауыл жатыр,
Сүттің бетін сексеуіл қозғағандай.
Кеулеп алған жер менен көкті сағым,
Сона буып, үзген шақ ат тұсауын...
Нағашы атам ашатын «Жаман жиен,
Құлжанбайға қош келдің!» деп құшағын.
Жер түбінен таппастай жұрт пайда түк
көрінгенмен, жататын бұқпай бақыт,
Иін ағаштай иіліп апам жүрер,
Ми қайнаған ыстықта құрт қайнатып.
Торы күнге тотығып, маңдай қызып,
Құм өткелде күн өткен талмай жүзіп.
Қар боратып балақтан өскен ұлға,
Шаң боратып ойнаған сондай қызық!
Мамыражай мекен бар қайда осындай?
Жатса болды қозыға қой қосылмай...
Күн төбеден ауғанда көрінетін,
Қоскөл күллі әлемнің айнасындай.
Қарақұмның кернеген кеудесін күй,
Қоймас жерден қасиет Ерге сіңбей.
Тарих сөйлеп тұрады оқтын-оқтын,
Қарияның дария кеудесіндей.
Есейсек те, жыл тозып, күн ескіріп,
Үміт сыйлап келеді үлестіріп.
Шетсіз, шексіз сол дала мені әкеткен,
Шексіз-шексіз қиялға ілестіріп...
Құлынмын кәусарыңнан қанып ішкен
Көш керуен көркі болған кер төбенің –
Қалған жер балаң күнім ерке менің.
Алаңсыз шақтарымды есіме алып,
Алғаусыз кеп тұрады еркелегім...
Жалғаған үзік-үзік жырымды үміт,
Келеді қасиетіңді ұғындырып.
Қорғасын қалыбымды бұзбай келем,
Атыңды жылдар бойы ырым қылып.
Алдаспан бар батырың, ақының да,
Қан алған қадалғаннан ақырында.
Елім деп өткен талай тарландарың,
Олжасын басқан күйі тақымында.
Демесін «Тілсіз дала сезеді не?»
Топырақ тартып тұрар өз еліне.
Құдіретің болмаса егер, кім ойлаған,
Өлең боп өрілем деп өзегіңе!..
Ақ бесік кіндік кесіп, құндақтаған,
Өміршең өрлігің ғой қымбат маған.
Маңдайымды сүйдіріп самалыңа,
Кез қандай келбетімді күн қақтаған!..
Айтпай-ақ сезіп жүрем бәрін іштен,
Ел үшін бақ, мерейің анық үстем.
Көзісің қасиеттің сарқылмайтын,
Құлынмын кәусарыңнан қанып ішкен.
Толқытып, жанымды ылғи тербеген не?
Алаңдап, аңсар болдым мен де өлеңге.
Шеңберім, сені есіме ала кетем,
Әйтеуір, ел дегенде, жер дегенде...
Қайшылық
Жүрдек күннен жүрем ылғи татып мұң,
Ширығамын шегеленген шерменде.
Мені көрсе, жыны бар ма бақыттың?
Жылжи түседі енді жете бергенде...
Алдау, арбау, жағымпаздық – әрісі,
Дауасыз-ау жалған мына бес күнің.
Мазмұны жоқ құрғақ сөздің жарысы,
Сырласатын қалмады да ешкімім.
Кеткім келді қала жаққа бет бұрып,
Армандарым бардай онда жетпеген.
Тас көшеде телміретін тектілік -
Қатып қалған қағидасын жек көрем.
Қылмасы анық даңғазамен елді ұлы,
Даңғойлардың құлағыма жат әні.
Маған мекен болмайтыны белгілі,
Мына қоғам – қорқаулардың апаны.
Демім бітіп, тарылады тынысым,
Түскен шақта аласұрып ой сынға.
Зар илеткен қазақ Абай ұлысын,
Мені, сірә, жетістіре қойсын ба!
Жаһандану – жарыспалы жарты ұғым,
Қолдан оңай жоғалту бұл ұлыны.
Таралғыға қажалады балтырың,
Қолға егеулі найза ұстамақ түгілі.
Бірі ішіп ап, ал біреулер ішпей мас,
Мен немесе олар шығар ақымақ...
Жаны ашығансиды, бірақ іштей қас -
Жүреді екен қадамыңды бақылап.
Өң қашқанда ажарыңнан шырайлы,
Түргісі кеп жүреді екен іргеңді ел.
Өкінішті – сен өлгенде жылайды,
Сені өмірде жыларман ғып жүргендер
Сарлық таңы
Саф ауа танауыңды қытықтаған,
Сары әтеш шақыруын ұмытпаған.
Сәулелі көтерілді күн аспанға,
Сар дала сұлулығын ұлықтаған.
Сағым көшкен, шық түсіп қыр етегі,
Сарсаң болған санаңды түлетеді.
Сиыр сауа бастады келіншектер,
Сүйретіп шелектерін бір-екеуі.
Салты сол – баласына данасы үлгі,
Сыртынан қарап тұрсаң – жарасымды.
Самаурынға су құйды сары бәйбіше,
Сотқар ұл бұзау тартып аласұрды.
Сары майдан бір қасық шайға салып,
Сірә да, сол берердей бойға шабыт.
Сораптады ақсақал қызыл шәйді,
Суыса да әзірге қоймасы анық.
Сабырлы, барын беріп, бізді ойлаған
Сыпайы қалпын ешбір бұзбайды анам.
Сатыр-сұтыр басталар, міне, осылай,
Сарлықтың тіршілігі қыж қайнаған.
ҚАНДЫ БҰЛАҚ
«Иә, бұл – шынында да, қанды бұлақ,
Бұл жерде сан шаңырақ қалды құлап...»
Сағындық Есенаманов
Тақым тозған үзеңгі, таралғыдан,
Заман өткен не қилы алаң-бұлаң.
Сұңқар күннен садаға қала бердік,
Қара жаяу күн кешіп қараң-құраң.
Тірі жанға, әрине, тұмарлы әр күн,
Сыңар езу, суытпас сыңар қалпын.
«Ұлытаудың басынан ұлар көшкен...»,
Кім білсін, көшсе, көшкен шығар бәлкім?..
Адамдай таланына тағдыр ие, -
Тап болған ала құйын дау, киеге.
Сөз еттім биігіңді төмен тұрып,
Әуселем «Әулиетаудан» әулие ме?!
Ес болса, есті сөзді ұғып алар,
Ескінің есімізде құны қалар.
Бал бұлақ, Тас бұлақты білген елдің,
Жүрегін тастай қарыр мұңы да бар.
Бірлікті етіп келген мәңгі мұрат,
«Айғыржалдан» бір күн бақ қалды құлап,
«Тас бұлақ» – Ұлытаудың сәні болса,
Ұлытаудың қайғысы – «Қанды бұлақ».
«Қанды бұлақ» – шын аты – «Бастау бұлақ»,
Көркіне тағы көрік қосқан құрақ.
Бұл жерді Әлім батыр мекен еткен,
Жасынан жақсы сөзге тосқан құлақ.
Арқасында алға озған талабының,
Ел де Ес – деп білген ғой болар ұлын.
Егін егіп, аң аулап өркендеген,
Қоңыр төбел тірлігі кәрі ауылдың.
Дәстүрді жалғап келген сақтап бабам,
Өнерсіз жігіт елден бақ таппаған.
Тіршілік атаулының тілін білер, –
Жігіт қой аңға шығып, ат баптаған...
Жақсылық жақ болмай ма баталы Ерге,
Әлімнің кең жайылған атағы елге,
Тарлан ат, жүйрік тазы – мұңы болды,
Бақ пенен сор мінгескен қатар ерге.
Сол маңда бай болыпты Зекет деген,
Айтқанын естіген ел екі етпеген.
Зекеттің бұйрығымен қолшоқпарлар,
Әлімннің ала айғырын «жетектеген...»
Сірә да, шыдап тұрмас Әлім бұған,
Төккендей қас жауына кәрін құлан.
Зекеттің жендеттерін түгел сабап,
Дүркірей қашқан екен қалың қылаң.
Қарақшы жерге құмар құрық салған,
Зекет бай ел көрмеген бүлік салған.
Ертеңіне қол жинап, суыт келіп,
Әлімнің ауылын түгел қырып салған.
Жанын солай ауылдың жаралаған,
Жан біткенді мал құрлы санамаған.
Тірі тұяқ қалдырмай, түгел қырған,
Әйел деп те, бала деп қарамаған.
Жосылып жүре берсек күрең ізбен,
Уақыт өткен осылай, міне бізден.
Өлдіге санап зұлым жай тауыпты,
Әлімнің тірлігінен күдер үзген...
Күдер үзер бар еді себебі де,
Асып-тасып толғандай кемеріне.
Құзға апарып тастапты теріге орап,
Ит-құсқа жем болады дегені де...
Зекетті қарғап-сілеп діні мықты,
Сұмдықты естіген ел түңіліпті.
Қатын-бала бір күнде теріс айналып,
Мал-жаны түгел дерлік қырылыпты.
Тосын келген күткендей ажалды алдан,
Шыбын жан үзілуге тәмам қалған
жерінен құмай тазы тауып алып,
Әлім батыр ажалдан аман қалған.
Ит артық кейбір зұлым адамдардан...
Он шақты түтін солай қалды құлап,
Естіген – естен танып, алды жылап.
«Айғыржал» аза тұтып, содан бері,
«Бастау бұлақ» атанған «Қанды бұлақ».
Ертеңге тарих болар бүгініміз,
Айтқанды емес, айтпақты ұғыңыз.
Өлер ат, қалар жерге бола алысып,
Қолдан лайланбаса екен тұнығымыз!
