Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
«Иесіз көлеңке»: неге біз өз көлеңкемізден қорқамы...

«Иесіз көлеңке»: неге біз өз көлеңкемізден қорқамыз? (Мураками мен Миядзаки мұңы қазақ прозасында)

07.04.2026

214

«Иесіз көлеңке»: неге біз өз көлеңкемізден қорқамыз? (Мураками мен Миядзаки мұңы қазақ прозасында) - adebiportal.kz

Әр адамның ішінде өзі мойындауға жасқанатын, қоғамнан жасырған қараңғы бөлмесі болады. Карл Юнг мұны «Көлеңке» деп сипаттаса, Әлішер Рахат сол жұмбақ әлемді «иесіздік» ұғымымен астастырады. Жазушының бұл романы – тек бір кейіпкердің тағдыры емес, адам жанының түкпіріндегі бостық пен жатсынудың айнасы».

Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке» романы – қазіргі қазақ прозасындағы психологиялық иірімдер мен экзистенциалдық сарындар тоғысқан құрылымды шығарма. Туынды алғашқы беттерінен-ақ оқырманды мистикалық үрейге бөлейді әрі адам жанының жұмбақ қалтарыстарын ашатын терең пәлсапалық астары бар. Мұндағы қорқыныш сыртқы трансцендентті күш емес, керісінше, кейіпкердің ішкі «Менінің» деструкцияға ұшырауы мен ығысқан (repression) сезімдерінің көрініс табуы. Автор арзан үрей тудыру немесе үстірт хоррор элементтерінен саналы түрде қашып, Шәкен есімді кейіпкердің жан дүниесін қажытқан мазасыз ойларын дәл, көркем сипаттайды. Бұл ретте жас жазушының оқырман мен кейіпкер психологиясын қатар меңгерген зеректігі байқалады; оқырманның көкейінде енді ғана бүр жарған ой келесі бір ойларда авторлық баяндаумен түйінделіп, мәтін мен сана арасындағы шекараны жойып жібереді.

Шығарманың ішкі иірімдері әлемдік әдебиеттегі «экзистенциалдық жалғыздық» тақырыбымен, атап айтқанда Харуки Муракамидің «Норвег орманы» романымен үндестік табады.

Мураками Ватанабэ арқылы өлімді өмірдің заңды жалғасы ретінде қабылдап, жалған дүниеден іштей іргесін аулақ салған, қоғамнан оқшауланған индивидтің бейнесін жасайды, Әлішер Рахаттың Шәкені де сол рухани сабақтастықтың жалғасындай әсер береді. Наоко мен Кидзукидің суицидтік әрекеттері Жазира мен Алдиярдың тағдыршешті қадамдарынан көрініс тауып, жас ұрпақтың нәзік жанының өмір мен өлім арасындағы арпалысты бейнелеп көрсеткендей. Мураками шығармасында «Norwegian Wood» әні фондық лейтмотив ретінде қызмет етсе, мұнда Linkin Parkтің «Numb» туындысы кейіпкердің рухани күйзелісі мен тоқырауын әуен тілімен шебер ұштастырады. Мураками кейіпкері аталған әуен арқылы естелікке үңілсе, Әлішер Рахаттың кейіпкері еркіндікке ұмтылады. Соңғы сапарда шырқалған «Numb» – Шәкеннің өз тағдырын өзі жазуға бекінген экзистенциалдық таңдауының дыбыстық айғағы сынды.

Шәкеннің ішкі дағдарысы тек Мураками әлемімен шектелмейді. Біз бұл рухани сәйкестікті Франц Кафканың «Құбылуындағы» Грегор Замзаның жатсынуынан, Альбер Камюдің «Бөгдесіндегі» Мерсоның селқостығынан (өмірге бейжайлығынан) немесе Герман Гессенің «Дала қасқырындағы» Гарри Галлердің екіұдай болмысынан да тани аламыз. Тіпті, Шәкеннің көлеңкесі мен оның ішкі тоқырауы – Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» немесе Мұхтар Мағауиннің «Жармағындағы» тұлғаның екіге жарылу трагедиясымен үндес. Бұл есімдердің барлығы дерлік адамның өз «Менімен» бетпе-бет келу сәтіндегі дәрменсіздігін көрсетеді. Шығарманы басқа туындылармен қатар қою сюжеттік ұқсастық іздеу емес. Бұл параллельдер автордың әлемдік классикалық үрдістерді ұлттық топыраққа шебер икемдей алғанын, қазақ кейіпкерінің де жаһандық деңгейдегі рухани дағдарыстарды бастан кешіп жатқанын аңғартады.

Кітаптағы «Иесіз көлеңке» бейнесі Хаяо Миядзакидің «Елес ерткен» (жап. Sen to Chihiro no Kamikakushi; ағылш. Spirited Away) анимесіндегі «Бет-бейнесіз» (Каонаси) кейіпкерімен концептуалды түрде астарласады. Каонаси – өзіндік өзегі жоқ, айналасындағылардың эмоциясы мен ашкөздігін жұтқанда барып пішінге ие болатын абсолютті бостықтың символы. Сол секілді, Шәкенге көрінетін қара көлеңке де қоғамның ішкі бостығы мен тұлғаның мойындалмаған жағымсыз қырларының жиынтығы іспетті. Ешкімге тән емес, бәріне ортақ үрей ретінде де бой көрсетеді.

Бұл тұлғалық сипаттың жоғалуы мен өзіндік «Менінің» көмескіленуі заманауи мәдениеттегі кең ауқымды фэнтези-эпопея – Джордж Р.Р. Мартиннің «Мұз бен жалын дастаны» (A Song of Ice and Fire) романдар желісінде түсірілген «Таққа талас» (Game of Thrones) туындысындағы Арья Старк пен Сан сипатты Тәңір (The Many-Faced God) ілімімен де терең үндеседі. Арьяның Қара мен Ақ ғибадатханасындағы «Қыз – ешкім» (A Girl is No One) деген қағиданы қабылдауы – өз болмысы мен өткенінен бас тарту арқылы өлімнің абсолютті күшіне айналу процесі. Бұл Арья үшін саналы түрде таңдалған трансформация болса, Шәкен үшін «иесіздік» – өзін жоғалтудың белгісі. Сан сипатты Тәңірге басыбайлы жандар секілді, Шәкен де өзінің «иесіз» қалған Менінің алдында дәрменсіз. Көлеңкенің нақты иесінің болмауы оның Сан сипатты Тәңір секілді кез келген бейнеге ене алатын, кез келген адамның үрейін жұтып, соның келбетін таңбалай алатын қасиетіне нұсқайды. Бұл жердегі бейнесіздік пен иесіздік – тұлғаның өз даралығынан ажырап, көптің ішінде еріп кетуінің я жойылуының символы.

Осы тұрғыдан алғанда, Карл Юнгтың «Көлеңке» (Shadow) архетипіне жүгінсек, адам өзінің көлеңкелі жақтарын санасынан ығыстырып, онымен бетпе-бет келуден қашқан сайын, ол сыртқа материалданып, дербес өмір сүре бастайтын құбыжыққа айналады. Бала күнгі «Құлақ» лақап атының Шәкен санасына салған өшпес таңбасы мен қоғамдағы ер адамға тән төзімділік, мінсіздік туралы қасаң қағидалар оның ішкі үрейін тым тереңге жасыруға мәжбүрледі. Соның салдарынан басып тасталған сол қорқыныштар кейіннен адам кейіптес (антропоморфты) қара бейнеге айналуына жол ашқан.

Оған қоса, Шәкен мен Рауанның тағдырына үңілсек, ағайындының ата-ана үмітінің құрсауында қалғанын аңғарамыз. Әкесінің Шәкенді өз арманының жалғасы, өзі жетпеген аяулыға ұлының жетуін қалауы, ел сүйсіне қарайтын тұлға ретінде көргісі келуі баланы табиғи болмысынан ажыратып, оны риясыз мейірімге зәру етті. Дәл осы үлгілі ұл болу міндеті мен ішкі рухани шөліркеу кейіпкердің соңынан ерген қара көлеңкенің бастауына айналған.

Ал дәптердегі жазуды көргендердің ажал құшуы мистикалық тылсымда емес, ақиқаттың көтере алмас ауырлығында. Бұл көрініс ащы шындықтың кез келген жанды өртеп жіберетіндей қауқарлы екенін, оған тек өз ішкі қараңғылығын жеңіп, болмысын тұтас қабылдаған рухы кемел адам ғана төтеп бере алатынын аңғартады. Вова сынды кейіпкерлердің төңірегіндегі күмән мен ауыл тіршілігінің тұйықталған хронотопы кейіпкердің ішкі тығырығын арттыра түседі.

Шығарма соңында уақыт өте келе Шәкен көлеңкеден қорықпай қалатыны айтылады, бұл кейіпкердің индивидуация жолынан өткенін білдіреді. Жеңіс – сыртқы жауды жою емес, ішкі Көлеңкені «менің бір бөлшегім» деп мойындау, қабылдау. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Жас ғалымдар кеңесі мен институттың ғылыми қызметкері Айжан Құрманбай және «ÓzgeEpic creative hub» ұжымы ұйымдастыруымен өткен талқылауда автордың айтқан «шығарманы әркім өз қалауынша аяқтайды» деген ойы психоаналитикалық еркіндікке саяды. Адамның ішкі әлемі қандай болса, оның сыртқы болмысы мен қоршаған ортаны қабылдауы да солай бейнеленбек. Түйіндей айқанда, «Иесіз көлеңке» тылсымы біз айтуға қорқатын шындықтың, қоғамдық жатсынудың (alienation) және ұжымдық бейсананың айқын кескіні. Әлішер Рахат оқырманды осы үш соқпақтың қиылысына әкеліп, әрқайсымызды өз «көлеңкемізбен» бетпе-бет келіп, болмысымызбен табысуға шақырады.

Мақаладағы суреттер автордың ұсынуымен жарияланды.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты,

«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері

Әмірбай Шолпан Мейрамғазықызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan