Ақын, жазушы, фольклор зерттеуші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәдірхан Қизатұлы 2026 жылдың 21 наурызында 63 жасында көлік апатынан мезгілсіз дүниеден өтті. Кәдірхан Қизатұлының шығармашыл тұлғасы жайлы белгілі қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлы былай деп жазады: «Қайран, Кәд-аға!
Жаныңыз Жәннәтта болғай! Ардақты, асыл, аяулы азамат! Кең, мол қазына еді! Болмысы да пошымындай кесек, ірі еді. Қытайдағы қазақ айтысының ірі өкілі ғана емес, зерттеушісі, жоқтаушы еді. Күйші еді, шежіреші, шешен еді. Күллі әңгімесі айналасындағы таланттардың ғажап болмысына сүйіну еді. Солар туралы ершімді естеліктер еді. Жазба жырдың да жүйрігі еді. Этнограф, зерделі зерттеуші еді.»
Өзінің саналы ғұмырында ұлт руханиятының жоқшысы бола білген дарынды азаматтың қазасына байланысты ақын бауыры Әділет Ахметұлы жоқтау жыр жазған екен. Марқұмның топырағы торқа болсын дей отырып, осы жоқтау жырды жариялап отырмыз.
Бұл Кәдірхан кім еді?
(жоқтау)
Алаңда көңіл алаңда,
Ақ нөсер, дауыл, боран ба…
Алаңсыз адам бар ма
Алмағайып заманда.
Армансыз адам бар ма
Аршыдай алып ғаламда?!
Алай да дүлей боп кеттім,
Алапат мынау хабарға.
Алапат суық хабардан,
Ақпа жас толды жанарға.
Наурызда, аппақ азанда,
Бұйрығын беріп Хақ-Алла,
Пәниден жырақ кетіпті,
Кәдірхан атты ағам да.
Өзекке өрт боп бұл өлім,
Қолымды создым қаламға.
Сегіз қырлы кісіні,
Сетінетпей жазам ба?!
Марғасқа нарым жол тартты
Маң-маң басып мазарға.
Майдангер жүйрік қош айтты
Мың күндік мимырт базарға.
Жолбарыс жонды кісіге
Жоқтау жыр жазсам болар ма?!
Опасыз ойран дүние,
Тоқтау бір саған болар ма?!
Егілген жанмен жыр жазсам,
Тоқтатып жұртым алар ма?!
Езілген жанмен жыр жазсам,
Орның шіркін, толар ма?!
Тамырлы, діңді бәйтерек,
Жапырағың енді солар ма?!
Бұлыңғыр күнде бұлбұл құс
Бұтағыңа қонар ма?!
Сары аязда ықтаған,
Еліктер енді тоңар ма?!
Көлдей болған көз жасым
Қабіріңе тамар ма?!
Сарыарқаның төсінде,
Маңдайын төсеп самалға.
Кәдірхан ағам жүретін,
Ширығып шытқыл боранға.
Ізетке толы ізі бар,
Ұлан да байтақ даламда.
Қасірет шегіп тұр бүгін,
Қарауытқан қалам да.
Ау, Кәдағам, қош болғай,
Айтатын сөзім әлі алда.
Бұл Кәдірхан кім еді?
Қизаттың егей ұлы еді.
Есім Хандай еңсегей,
Еңселі биік ірі еді.
Жыраулардың жыры еді,
Хакімдердің нілі еді.
Тарбағатай тауының
Шым кестелі шыңы еді.
Абыздарға іні еді,
Інілерге күн еді.
Аппақ еді жүрегі,
Аруларға гүл еді.
Бердіханның ізі еді,
Жамалханның жүзі еді.
Басылмаған қыр еді,
Ашылмаған сыр еді.
Толқыны еді Емілдің
Алакөлдің түбі еді.
Қара Ертістің ағыны,
Қарт Жоңғардың дүрі еді.
Қара көздей сүйетін,
Алтай, Боғда, Ілені.
Қарағайбастау қаймақты
Арасанның суы еді.
Тотықұстай түрленген
Көкшетаудың нуы еді.
Астананың серісі,
Алматының мінезі.
Маңғаз да маңғаз маңмаңгер,
Майлы-Жайыр түлегі.
Ағайынға сын еді,
Арызқойға мұң еді,
Қайран да қайран Кәдағам,
Жүзің қандай жылы еді…
Дөрбілжін атты мекеннің,
Меңсіз қара түні еді.
Ебі өтіндей боз боран,
Тұмса дала түнегі.
Шежірешіл шешенім,
Жасымаған жігері.
Адуынды айтыскер,
Хас дүлдүлдің бірі еді.
Әңгімесі тоғанақ,
Ақиқат пен шын еді.
Еміреніп сүйетін
Алты Алашын үнемі.
Алтай менен Атырау,
Сыр мен Сібір – тілегі.
Көкірегі көмбе алтын,
Қисса-дастан пірі еді.
Жаттап өскен жасынан,
Қасиетті сүрені.
Жолдас болсын иманың,
Әй, ағатай қимадым,
Әппақ арнау сыйладым,
Әппақ еді дидарың,
Том-том жазған, жиғанын,
Шығарғалы жүр еді…!
Хас асылдың сынығы,
Тас бұлақтың тұнығы.
Асау жырдың құрығы,
Ақбоз үйдің сырығы.
Жарыстырған дүние-ай,
Тірі менен тіріні.
Алыстырған дүние-ай,
Ірі менен іріні.
Көк өзеннің гүрілі,
Көк майсаның дірілі.
Жүрегіне сыятын
Күллі алашы, түрігі.
Шын өлеңнің шырыны,
Ықылымның ырымы,
Кеудесіне сыятын
Үрімі мен Қырымы.
Кейде алып данадай,
Кейде сәби баладай,
Кәдекеңнің қылығы.
Ізгілікті көргенде
Босайтұғын буыны.
Ашкөздікке ашынса
Үзілгендей жұлыны.
Көкірегі сыздайтын,
Көрсе тексіз ұрыны.
Өліп-өшіп сүйетін,
Өнер қуған ініні.
Мың жүйріктің күлігі,
Шын жүйріктің құлыны.
Кейде балаң ұл сынды
Алынбаған тұлымы.
Кейде балғын қыз сынды,
Толқындаған бұрымы.
Ілкі ғасыр ілімі,
Білгі бабам білімі.
Аспантекті алаштың,
Құпиялы ғылымы.
Тыңда тылсым дүние,
Көкірек сал күйіме…
Мынау жарық жалғаннан
Кетті Алаштың бір ұлы,
Бір болса да ірі ұлы.
Кіші делік кішіні
Ұлы дейік ұлыны.
Бұл Кәдекең жаттаған
Бабалардың жыры ұлы.
Бұл Кәдекең сақтаған
Даналардың сыры ұлы.
Ақ пен қара тең берген,
Жат-жақынды тең көрген.
Хақтығына сендірген,
Әміріне көндірген,
Күле жүріп жылатқан,
Жүре жүріп құлатқан,
Шындыққа бас идірген
Қаңтар қыста күйдірген,
Шіліңгірде тоңдырған,
Шинелімді оңдырған,
Нақтығын да өдімнің
Хақтығын да өлімнің
Жалғандығын жалғанның,
Таусылмасын талғамның
Азаймасын арманның
Тоқтайтынын арбаңның
Жалғыз сәтте ұқтырған,
Жалғызды да жұп қылған,
Жұп болуды құп қылған,
Жұп жарасса құт қылған
Құп жарасса ұштырған…
Алла ғана шын Ұлы!
Жаппар Құдай шын ұлы!
Көңілі аппақ ақ қардан,
Рухы биік асқардан.
Ойы тұнық бастаудан,
Сөзі өміршең ақ таңнан.
Біздің егей кісі еді,
Сүлей сөздің құсы еді,
Артына мол хат қалған.
Тарбағатай белінен,
Үліңгірдің көлінен,
Ырысты Іле жерінен,
Дөрбілжіннің елінен,
Қарт Боғданың оңынан
Қарт Жоңғардың жонынан
Алатау мен Арқаға,
Алашым деп аттанған.
Алаш титтей қуанса,
Пәк сәбидей шаттанған,
Қазақ титтей қуанса,
Емірене мақтанған.
Алаш титтей мұңайса,
Қайғы жауып аспаннан,
Қазақ титтей мұңайса,
Мақпал жаны тас болған…
Сондай ізгі бір адам
Қапияда құлаған,
Уа, Жасаған білесің,
Халқы мынау жылаған.
Кәдірхан Қизатоғлына,
Бөлеп шексіз Нұрыңа,
Орын берші мәңгілік,
Бейіш атты бақшаңнан!
Әділет Ахметұлы
