Ақын Әбділда Аймақтың өлеңдері көктемнің ақ жауыны секілді құйылып тұрады. «Қарлығаш», «Мерейлі мекен», «Ләйла», «Жүрегімде махаббат» сынды бірнеше жыр жинағы шыққан ақын 2015 жылы өмірден озды. Бүгін – ақынның дүниеге келген күнінде оқырман назарына бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Әкемді еске алып…
Түсіме кірші менің, кірші менің,
Мен-дағы тіршіліктің дүрсілі едім.
Неге сен алыстадың менен, әке,
Жанымды жалғыздық жеп күрсінемін.
Кей-кейде қырсыз ойдан түршігемін,
Таба алмай ізіннің де бір сілемін.
Айтайын айналама түсіме енші,
Менде де әке барын білісін елім.
Тірлігіңде барыңды түсінбеп ек,
Ең болмаса тіл қатшы түсімде кеп.
Ақылымнан адасып қала берем,
Сөзім бөлек шығады, ісім бөлек.
Жабы ойлар жоғалсын арам қатқыр,
Аяғына жем түскір жаманатқыр,
Түсіме енсең сейіліп кетер ме едім,
Сақалыңды қолыңмен тарамдап бір.
Кім дәрі етер жалғыздың құр сүренін,
Бүгін түнде түсіме кірші менің.
Жолым да бола қоймай әбіржідім,
Жер бетіне кеп қалған қырсық едім.
Төбемнен кетпей қойды нала құсы,
Жетектеп жүрген де жоқ қара кісі.
Бетшымшып күлген маған сары қыздар,
Бар мені ебін тауып талағысы.
Қайрылмай немерең де кетті маған,
Өзінің әнін салып көпке ұнаған.
Ойлардың тоқпағыңда соққылаған,
Түнеукүні молаңа соқтым аман.
Қалт-құлт етер мен мінген сең далбаса,
Не етейін жаға түгіл, жең қалмаса.
Түсіме еніп, бір сипап маңдайымнан,
Жолың мынау деп кетші ең болмаса.
Көңілім қайтсем ғана марқаяды,
Шөберең шікірейіп талтаяды.
Адасып бара жатыр арда емгенің,
Опырды омыртқамды ар таяғы.
Түсіме кірші, әке, кірші менің.
Жаңқаланған жүрегім білсін емін.
Жария боп заманға өтейінші,
Тіршіліктің мен де бір тылсымы едім.
Түсіме кір, жан әке, түсіме кір,
Балаңды өлең қуған түсіне біл.
Сен келіп қолдамасаң осы жолда
Береке қонбай қойды ісіме бір.
2
Бармай жүр ме жіберген елшілерім,
Түспедім бе жолына жөн-сүренің,
Отау құрып шыққалы елден бөлек,
Өлең дейтін киені еншіледім.
Көп қонақтап көңілге көктен елес,
Көз алдымнан нұр бейнең кеткен емес.
Шөліркеген бақшасы дымқыл енбей,
Шыр бетпеген ұлға әке өкпелмес.
Өкпелемес анам да сүтін берген,
Әупіріммен әйтеуір бүтінделгем.
Жырым-жырым жүрегім жыр болыпты,
Жан емес ем жасымнан күтім көрген.
Енді, міне, сендермен сөйлесемін,
Жиып алып ашылмас ой көсегін.
Өмір бақи өрісім түгелденбес,
Айналамнан алданған тойды есебім.
Болмаған соң көп нәрсе жанға сабақ,
Қырық бірмен бал аштым далбасалап.
Алысып алты басты албастымен,
Қыл көпірде өзімді барға санап.
Талай жерде соғылды соққа басым,
Беделділер бет алды оттағасын.
Қылғынып қалған пері перзенттерің,
Сендерді қалай ғана жоқтамасын.
Таусылмас көкірегімнің көрші кенін,
Мен деген өлең-жұрттың меншігі едім.
Келіндерші, түсіме еніңдерші,
Бара қалса жіберген елшілерім.
***
Бүгін ешкім ат ізін салмады маған,
Өмірімді тағы да жалғады қалам.
Ауырғанда жолдастар есікті қақпай,
Жалғыз өзі кісінің қалғаны жаман.
Керексіз жан ешкімге саналдым дағы,
Апта болды, үйіме қамалдым тағы.
Достарым түсіп кетті де есіме менің,
Ұйқымнан шошып ояндым таң алдындағы.
Отырдым тұрып төсекте мезі еткен мені,
Бірақ та бірақ өлеңге кезек келмеді.
Шырылдап торғай ақ таңнан хабар беріп тұр,
Өкініш біткен өртеніп өзек кернеді.
Барады екен ойлансам бәйгең де қалып,
Орнымнан тұрдым басымды ой кернеп алып.
Оңаша ғана бөлмеде оңаша ғана
Отырдым сосын бір шәйнек шәй демдеп алып.
Бір пана тілеп тауға да бардым,
Күркіреп құзға құладым.
Түсінбей ешкім саудада қалдым,
Қиқымнан көрпе құрадым.
Өлімші болып өзенді кештім,
Башпайым соққа соғылды.
Бал шарап құйған көземді тестім,
Таппадым бірақ жоғымды.
Күн салып қайта қырқаға шықтым,
Адастым тағы сағымнан.
Болмайтын іспен құр таласыппын,
Тайып-ақ кеттім тағымнан.
Гүл іздеп келіп жағалаулардан,
Қураған қурай теремін.
Бақытымды іздеп табан аударған,
Көкке де ұшсам деп едім.
Аймалап қана торы ала мені,
Күннің де нұры төгілсін.
Жарылқамаса Жер –ана мені,
Көк аспан, шіркін, не қылсын!
***
Сендер маған ұрыспаңдар, өтінем,
Сәл еркінсіп, серуендеп кетіп ем.
Қалам малып бал шараптың буына,
Құс өте алмас мұхиттардан өтіп ем.
Жарты құртты алты ай азық ететін,
Жаяу едім шаңы шықпай кететін.
Сендер маған ұрыспаңдар, өтінем,
Менің жаным тым балауса, бөпе тым.
Сендер маған ұрыспаңдар лайым,
Ұрыссаңдар бұзылады шырайым.
Кейімеңдер, жылап қалам баладай,
Тұман тұтып қалғандай-ақ Күн, Айын.
Жыр жазуға қалмай айла-амалым,
Бұза алмадым өсекшінің қамалын.
Жалғыз едім өлеңде де, өмірде,
Сондықтан да мұң жамылды жамалым.
***
Тәтті қиялға жанды жүздіріп,
Шарапты іштім қанды қыздырып.
Өлең дежаздым, әнге де салдым,
Жүрегімді мәңгі қыз қылып.
Түп-түгелденіп құбыла деген,
Шарапты іштім құмыраменен.
Аймалап жатты ақырын келіп,
Бет-жүзімді шұғыла дөнен.
Бұдан бір асқан жылу бар ма, аға,
Сел болды сезім тығулы арнада.
Бұрала билеп жөнімен бөлек
,Қасымда болған сұлулар ғана.
Пейіште болар мүсінді тірі,
Келтірді Алла, түсінді түбі.
Қыз-қыз қайнаған қызыл шарапты,
Пияламенен ұсынды бірі.
Бұрын да мұндай төгілмедім-ау,
Мың батпан жүктен жеңілдедім-ау.
Сұлулар менен шарапқа мас боп,
Сыймай да жаттым өмірге мынау.
***
Тырс, тырс, тырс,
Желдетеді, тамшы ұрады.
Өшіп-жанып лыпылдап жан шырағы,
Жүрегім әрнені ойлап қансырады,
Сандалған санамда ой сансырады.
Қаңылтырға тамады суық тамшы,
Жон арқамды қабады суық қамшы.
Қайта-қайта қасыма келе берді-ау,
Қырық бір құмалағын буып палшы.
Тырс-тырс, тырс,
Қара жаңбыр тынбай тамар,
Шемен болған жүректе мұңды айта алар.
Мына менің жырымды өлгеннен соң,
Өзімдей боп, шіркін-ай, кім қайталар?
Мен де ғашық едім ғой бақ, талапқа,
Менің думан күндерім тоқтамақ па?
Жалғыз қалған сәттерде дәл осылай,
Тырс, тырс тамды жаңбырым ақ параққа.
***
Жүрегімді келіп бір назға орағым,
«Өлеңім» деп өзімше мәз боламын.
Сырт айналып бәрі де жүре берді,
Кімге керек қатықсыз сөз, қарағым.
Төңірегімді торлаған тозған ағын,
Азып-тозып мен дағы қозғаламын.
Өтсем екен естімей дүниеден,
Ескерусіз өлеңнің боздағанын.
Адам қалай бүтіндер азған арын,
Жүргендеймін бауырында өзге ананың.
Арыс болып ағып ем, ебіл-дебіл,
Білгенімде өзіме сөз қонарын.
Қалып кеткен ескіден көз ғанамын,
Өзгелерден сол шығар озбағаным.
Адыраспан түтетіп тазарсам ба,
Жасап алып жолыма аз ғана ырым.
Қоламтада ойымның қоздағанын,
Сеземін де шығады, боз-бораным...
Ескерусіз тағы да қалып кетіп,
Мүжіп жатыр өзімді өз қаламым.
