Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Махаббат атын жамылған қылмыс...

Махаббат атын жамылған қылмыс

31.03.2026

339

Махаббат атын жамылған қылмыс - adebiportal.kz

Әлбетте біз көркем дүниені өмір, махаббат, арман жайлы айтатыны үшін, адамның ерік күшінің қуатын, жасампаздығын таныта алатындығы үшін оқимыз. Бір замандарда көркем шығарма адамды тәрбиелеуге қызмет етуі тиіс деп ойлаған кездеріміз болды. Шынымен де егер ол жамандықты, қатыгездікті айтса, одан адамға қандай үлгі, тәрбие болады?

Бірақ, кейде мейірім мен ізгілік жайлы ғана айтуға тиіс көрінетін жазушылардың өзі шығармаларында адамның ойына келмеген, тіпті миын жарып жібере жаздайтын оқиғаларды баяндап айран-асыр қылатыны бар. 

Оқыған дүниең жайлы ойлағанда ондағы оқиға өмірде болған ба, болмаған ба дегенді ойламайсың, автор бастан-аяқ иландырса, ондай сұрақ қалдырмайды.   Сұрақ басқа жақтан келеді. Адам неге шектен шығады?  Оны міндетті түрде тозақпен қорқытып, моральмен қысып қоймаса болмай ма? Былай қарасаң, адам баласы шектеуден де кенде емес, «өйтуге болмайды, бүйтуге болмайды» деген тыйымдар, шектеулер, ережелер онсыз да жетеді бізде. Ал онда неге шектен шығады? Демек, бұл адамның өз ішіндегі тежегіштің әлсіздігінен. Егер адамды өзінің ішкі шекарасы ұстап тұрмаса, ешқандай заң да әсер етпеуі мүмкін. Шынында, ойлап көрейікші, біздің түрмелерде де қаншама адам жасаған қылмысы үшін жаза кешіп жатыр, бірақ, солардың бәрі кінәсін түсініп, опынып, күндіз-түні азап шегіп отыр деуге бола ма? Әрине, жоқ, екінші бір адамның өмірін құртып отырып аппеляциялық шағым түсіретіндер де бар. Демек, кейде адамға заңмен белгіленген жаза да әсер ете алмайды, адам сол өзі жасаған қылмыспен бірге өмір сүріп жүріп қана күйреуі мүмкін.

Іштегі «түрме»

Әрбір оқырманның өзінше бір мақтанышы болады ғой, Эмиль Золяның 1958 жылы шыққан кітабын қолыма алған сайын ерекше сезім болады. Жұлым-жұлымы шыға тозған осы кітап қанша адамның ішін қозғап, ойында дауыл тұрғызды екен дейсің. Осының ішінде адамның ішкі табиғатын, құмарлық пен моральдың шекарасын, қылмыс психологиясын ашуға бағытталған «Тереза Ракенді» айтайық, бұнда Золя эмоцияны ғана бермейді, қылмыстың тәнге сіңіп кететінін айтады. Қылмыс жасаған адам тек моральдық жақтан  емес, тұла бойы тұтасымен өзгеріп кететінін көрсетеді. Күйеуінен құтылса еркін боламын деп ойлаған Тереза бұрын айналасындағылардың пікір-көзқарасына тәуелді болған болса, енді өзі жасаған қылмысқа тәуелді болып қалды, сыртқы шектеуден қашам деп, ақырында ішкі түрмеге түсті. Золя кейіпкерлерін бір-біріне жиіркенішпен қарауға, жанасудан қашуға жеткізеді, көз алдыңда жүйкесі сыр берген қорғансыз адамға айналдырады. 

Басқаңызды білмеймін, мен үшін Золяның осы шығармасы сезім емес, сезімсіздік жайлы шығарма бола тұра, өте аянышты да. Золяны не үшін басқа авторлардан бөлек қарастыра беремін десем, оның  психологияны тек ой арқылы емес, адамның жан-тәнімен өзгеріске ұшырауы арқылы көрсететін шеберлігіне тәнті болғаным екен. 

 Көп оқырман үшін негізгі оқиға – оның ашынасымен бірігіп күйеуін өлтірісуі болып көрінуі мүмкін. Бірақ Эмиль Золя үшін негізгі қызық жері ол емес, қылмыстан кейін не өзгерді, сол қызық. Бір қарасаң, ештеңе өзгермегендей көрінеді, Тереза мен Лоран енді ылғи да бірге, өздерін бұрынғыдан еркін сезінуі керек еді, бірақ дәл осы жерде ең терең психологиялық механизм іске қосылады, бұрын бір-бірімен жолыққанша тағат таппайтын екеуі енді бір-бірінен суына бастайды. Неге? Себебі енді олардың арасындағы байланыс екеуара сезім емес, ортақ қылмыстары ғана болып қалды. Енді Лоран Терезаны көрген сайын өз қорқынышын көреді, ал Тереза Лоранды көрген сайын өзінің адам ретінде қалай құлдырағанын сезеді. Көрдіңіз бе, олар бір-біріне баяғыдай жақындай алмайды, өйткені бір-біріне есіне өткен шындықты салады.

Міне, осы жерде біз галлюцинацияны емес, сананың бөлінуін көреміз. Шығармадағы елес, қорқыныш, мазасыздықты «ардың жазасы» деп ұғу қай-қайсымызға да бірінші келетін ой. Дұрыс. Адам өзін толық ақтай алмаған кезде оның санасының бір бөлігі «мен дұрыс істедім, махаббатым үшін солай істеуге мәжбүр болдым» деп, ал екінші бөлігі «жоқ, сен адам өлтірдің ғой, ауыр күнә жасадың» деп екіге бөлінетіні көрінеді. Осы екі дауыстың текетіресінен психика елес, үрей, жиіркеніш арқылы бұзыла береді де осы ішкі қайшылық қорқыныш пен үрейді туғызады. Оқырман ретінде әрі-бері ойланып көргенде, бұндағы сұрақ «бұлар қалайша адам өлтіруге барды?» деген емес, «қалайша адам өз ішіндегі өзгерісті байқамай қалады?» дегенге ауысады. 

Бұнда басында байқамасаң да, артынан бәрібір қайта ойландырып өтетін нәрсе –    суыққанды, опасыз Терезаның бір сәтте емес, жыл өткен сайын бірте-бірте «жүрегі бар адам болудан» алыстай беретіні. Есіңізде шығар, басында ол анау айтқандай жаман адам болған жоқ еді. Оның өмірі басынан-ақ күштеп өзгеріске ұшырап отырды: о бастан ешкімге керексіздігі, бақытсыз балалық, мәжбүрлі неке, ішкі қалаудың басылып қалуы, жылусыз тұйық ортаға тап болуы, апатия... шамасы осының бәрі оның ішінде бос қуыс қалдырған болу керек. Сол қуысты толтыру үшін оған қатты әсер керек болған. Лоранмен байланыс дәл сондай әсер берген. Яғни бұл жерде махаббат емес, Терезаның «оянуға деген талпынысы» деп түсінер болсақ, онда Тереза қылмысқа махаббат үшін емес, өзінің тірі екенін сезіну үшін барған болып шығады.

Жастайынан қосылған күйеуіне опасыздық қылғаны аздай, оның көзін құрту үшін жоспар құрып, ашынасы екеуі осы жолда одаққа айналып, күйеуін абайсызда суға батты қылып, үйге оралып, енесінің көзінше түк болмағандай өмір сүріп, ең ақырында шарасыздықтан денсаулығынан айрылып, кембағалға айналған бейшара кемпірдің көз алдында өздерінің бет-бейнесін жасырмайтын Тереза... әрине, автор біздің ішімізден нешетүрлі күйге түсіп, әділетсіздікке төзе алмай қыстығып отырғанымызды сезгендей ең соңында ашыналардың өмірінен маза кетіп, олардың тыныш өмірін әруақтың ойынына тәуелді қылып қояды. Осылайша әлдебір әділет  орнатқандай болады. Бірақ сізде оқырман ретінде тек қана «неге» деген сұрақ қалады. Неге әйел ашынасымен ойнап-күлу үшін күйеуін өлтіруге барады? Бір күні болмаса, бір күні ашылатын жасырын ләззатының, айыбының әшкере болуынан қорқа ма, әлде ым-жымын білдірмей абсолютті бақытты сезінемін деп ойлағаннан ба? Неге?  Есіңізде болса, Теодор Драйзердің «Американская трагедиясы» де осыған ұқсайтын, тек онда екі әйел, бір еркек, онда да артық адамнан құтылу мақсатымен жоспарланған қылмыс жасалды. Ондағы діндар адамның ұлы, кедей үйден шыққандықтан жастай жұмыс істеген, бай адамдардың өміріне қызығатын, ақсүйектер ортасына кіру үшін сүйкімін пайдаланып, сәттілікке сенген Клайд өзіне ғашық болған байдың қызын өз өмірін «жақсарту» үшін және өзі жақсы көрген әйелге үйлену үшін өлтіреді.

 

Құмарлыққа жұтылған

Лесков деген жазушы болды орыста. Сол кездегі орыс қоғамы үшін қатқыл, «қауіптілеу» шығармалар жаза алған жақсы жазушы. Соның «Леди Макбет Мценского уезда» деген шығармасы бар. Әдетте әдебиетте әйелдің екі архетипі жиі кездеседі ғой: біріншісі жаңа өмірді жаратушы, өмірді қорғаушы ролінде, екіншісі сол өмірді қор қылатын, еркекті сорлататын (фатальды) әйел. Катерина Львовна көпес шалға тиіп, одан жалығып жүргенде Сергей деген жас жігітпен тіл табысып, екеуі бірігіп көпестің түбіне жетіп... бір адамның қанын мойындарына жүктегендері аздай бұларға күмәні бар көпестің әкесінің көзін құртып, ақыр аяғында мұрагерлік орны бар кішкентай баланы да тұншықтырып өлтіреді. Сіз болсаңыз оқырман ретінде  одан өзінің кінәсін түсінгенін, азап шеккенін, сол азабын арқалап жүруге ауырсынып, әбден қиналып өзінің өміріне нүкте қоятын шығар деп күтесіз, ал ол болса,  есі-дерті сол баяғы Сергей... Бұны дерттің бір түрі демеске амал кем. «Нені қатты жақсы көрсең, ажалың содан болады» деген қисын да, «нені қатты жақсы көрсең, соны жоғалтасың» деген қисын да осы жерде өзін ақтады, шығарма соңында кейіпкер арпалыс кешіп, өзін құрбан қылады. Бірақ, істегеніне өкінгеннен емес, каторгада жазасын өтеп жүріп Сергейді басқа әйелден қызғанғаннан.  Катерина Сергейді ессіздікпен жақсы көрді, тек сонымен қалуы үшін бәріне барды, тоқтай алмады, ақыры ажалы да сол өзінің есірік, ауру сезімінен болды. Әйелді тек ермек қана көретін еркекке оның ағыл-тегіл сезімі, көл-көсір махаббаты керек емес еді, Сергей әйел сезімін бағалайтын адам емес, бір жағы әйелдің осыншалық алапат сезімі оны шошытқаны да анық. Соның жетегінде жүріп мойнына кісі қанын жүктегенін білетін Сергей одан қорқатын да еді. Бәрібір де ішкі жағында сондай бір бұққан үрей-қорқыныш болғаны анық. Өзі әйел бола тұра, мұрагерлік қақы бар баланы міз бақпай жастықпен тұншықтырып өлтірген әйелден кім қорықпайды? Мұнда махаббат үшін жасалған қылмыс жоқ, тек махаббат деп қателескен құмарлық бар.

 

Көпестің елесі

Осыған ұқсас оқиға қазақ жазушысы Сәуле Досжанованың «Ескі үйдегі үрей» атты шығармасында да бар. Байларды қудалап, совет үкіметі орнап жатқан алас-күлес шақта Қарқаралы өңіріндегі Ахметов деген татар бай басын сауғалап келген жағына қашып кетіп, одан ел тынышталғанда бір күні сән-салтанаты келіскен үйін, жинаған байлығын қимай қайтып оралады. Сол кезде оның жас әйелі Хадиша қуанудың орнына, кешегі қаратаяқ, бүгінгі қып-қызыл комсомол атанған ашынасы Төрегелдімен екеуі өз үйіне қайтып келген Арсланның көзін құртады. Кейін осы үйді елес пайда болып, әртүрлі тылсым оқиғаларға, қайғылы жағдайларға себепші болады. 

 

Артық сезімнің азабы

Жоғарыда біз әңгімелейтін үш шығармадағы ортақтық – оқиға еркек, бір әйел арасындағы қарым-қатынастан өрбиді, үшеудің біреуі міндетті түрде артық болады, оны жоқ қылу үшін жоспарлар құрылады. Әдетте әйел табиғаты, жаратылысы бұндай қатыгездіктен алыс деп ойлаймыз, өйткені, дүниеге, айналасына, перзентіне жылу мен мейірім ғана көрсететін әйел мен қылмыстың мотиві дегенің бір-біріне мүлдем жуыспайтындай көрінеді ғой. Бірақ, авторлар бұл жерде адам табиғатының біз ойлағаннан да аса күрделі, адам психикасының қатпарларында небір пәлелер жататынын көрсетпек болады. Мысалы, Тереза Ракеннің бұрынғы ашынасы, ендігі күйеуімен жатын бөлмеде жатқан кезіндегі бір-бірінен жасырған үрейлері, орталарындағы әруақтың барын сезінгендегі күйлерін бергендегі эпизодтарды арқа-басың мұздап отырып оқымау мүмкін емес. 

Осынша доза қосып, осынша детально, осынша терең түсіндіруге жеткен Эмиль Золядан өзің де қорқа бастайсың. Ал Лесковтың айтып отырғаны басқа нәрсе, бұл не нәрсеге де ессіз құмарлықпен берілмеу дегенді ескертетіндей. Бұл жерде Катяның жаны дертті. Шын сүйе алатындар тек әйелдер ғана деген ойды Мопассан да айтқан, ол жерде әйелдің сезімін ұзақ жылдар жүрек түкпірінде ұстап, кейде құрбандыққа да бара алатыны бізге құрметтеуге татитын қасиет көрінетін. Бірақ, не нәрсе де мөлшерімен болмаса, заңдылық бұзылады. Артық сезім есті алады, артық ықылас естанды етеді. Артықтың бәрі зиян. 

 

Махаббат деген ең әуелі сабыр дейді

Сонымен Эмиль Золя натурализм бағытындағы осы шығармасы арқылы адамды орта, жағдай, тәндік құмарлықтар билейтінін көрсетеді. Оның Терезасы да, Лесковтың Катеринасы да о баста «тума жауыз» емес  олар белгілі бір жағдайда шектен шыққан құмарлықтың құрбанына айналған адамдар. Бұндағы  кейіпкерлер «сүймейді», олар «ауырады». Ия, мәніне жете алғанға махаббат – жауапкершілік, сабыр, кейде шектеу де. Ал, құмарлық – бұл басыбүтін иеленуге құштарлық, керексіз болып қалудан туған қорқыныш, осыдан күшейген тәуелділік, осыдан да Катеринадан есірік құмарлыққа жұтылған адамды көреміз.

 

Мұндай шығармалар оқырманға не береді?

Золя физиология мен психиканы, Драйзер психологиялық қысымды, Лесков ессіз құмарлықты жазған осы шығармаларды кезінде неге оқыдым деп ойланғанымда біреуін кітапқұмарлардан естіп оқығаным, біреуі кездейсоқ қолыма түсіп оқығаным еске түсті. Сосын ойлайсың, бұндай шығармалар неге керек? Қылмыстың бүге-шігесі жайлы шығарма жазған авторлар нені мақсат етеді? Ойлана келіп өзімізше жауап тапқандай болдық, бірақ, басқа оқырман басқаша ойлауы мүмкін.

 Бұл жерде мәселе кейіпкерлерде емес, әдебиеттің міндетінде тұр. Біз бір нәрсені ескере бермейміз, әдебиет адамды тек қана «жақсы қылу» үшін ғана жазылмайды. Кезінде әдебиет міндетті түрде тәрбие беруі керек деген түсінік болғаны рас, бірақ Эмиль Золя сияқты жазушылар бұл шеңберді бұзды. Олар адамды түсінбей тұрып, оны түзету мүмкін емесін көрсетті. Сондықтан мұндай шығармалар үлгі көрсетпейтінін, керісінше, адамның ең әлсіз, ішіндегі ең қараңғы тұсын ашатынын түсініп отырмыз. Демек, жазушылар жамандықты насихаттамайды, оның қалай пайда болатынын көрсетеді. 

Ал, оқырман ше? Ол әртүрлі ғой, осының бәрін қалыпты нәрсе деп қабылдап қалмай ма? Міне, біздің қауіп ететініміз осы тұс. Бірақ, біздіңше бұл да оқырманның дайындығына байланысты. Оқырманның бірі тек опасыздық, қылмыс, құмарлық оқиғасын ғана көрсе, екінші оқырман адамның қалай өзгергенін, қай жерде тоқтай алмағанын, ең соңында неге осылай болып күйрегенін көреді. Сондықтан мұндай шығармалар не үшін қажет дегеннің жауабы да әртүрлі болуы мүмкін. Айналып келгенде осы ауыр, тіпті жиіркеніш тудыратын шығармалардың да адам табиғаты тек мейірімнен тұрады деген иллюзияны бұзатын, ішкі шекараны көрсететін, оңашада оқырман өзіне «мен болсам қай жерде не істер едім, қай жерде тоқтар едім» деп сұрақ қоятын да қызметі бар. Адам психикасы күрделі дейтініміз, адамды кейде басқа ештеңе емес, өзінің қорқынышы ғана сақтауы мүмкін. Рас қой, кейде адамға моральдан гөрі, нәтижені көру әсерлірек. Ол тіпті «бұлай істеме, ол дұрыс емес» дегеннен күштірек әсер етеді. Тек авторлар өзі жазып отырған қылмысты әдемілеп, тартымды етіп көрсетпеуі, оның зиянын, тигізген салдарын жеңілдетпеуі керек, әйтпесе бұл  шынымен қауіпті. Жақсы шығарма адам әрекетінің салдарын толық ашса адамды мазасыз күйге түсірсе ғана мақсатына жеткені. Бұл автордың жауапкершілігі барын көрсетеді.

Көркем әдебиет адамды шыныдай мөлдір деп қорғауы керек пе әлде оның ең салқынқанды қылмысқа бара алатын қаніпезерлігін де қоса көрсетуі керек пе деген ауыр сұрақты сіздің өзіңізге қалдырайық, қадірлі оқырман.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan