Адамзат көп дүниенің сырына, тереңіне үңіліп түсіне алғанмен, жан әлемді сан түрлі ағысқа бөлеп, бірде шалқытып, енді бірде тылсым мұңға бөлеген поэзия деген құдіретті өнердің не екеніне әлі толық жауап бере алмағандай көрінеді де тұрады.
Өлең деген – не өзі? Арнасына сыймаған асау, асқақ рух па? Әлде мөлт-мөлт еткен мөлдіреген сезім бе? Бәрі мүмкін... Керісінше болуы да ғажап емес... Ендеше, өлең туралы айту да, жазу да қиын. Себебі, ақынның ішкі әлемін, не айтпақ болған тұспалын өзінен басқа кім біліпті. «Шабытты ақын дүниенің қожасы» дегенде мүмкін өлең жазып болғаннан кейінгі көңіл-күйді де меңзеген болар.
Дұрысы, өлең туралы айтудың, оны түсіндіріп ежіктеудің түк те қажеті жоқ. Поэзияны, әрине, нағыз өлеңді ішіңнен оқып, жүрегіңмен әлдилеп, ең аяулы арманымыздай асқақ бағалап, бағдар тұтсақ құрметтің үлкені сол болар еді. Біз, көбінесе, түсіндіреміз деп бүлдіреміз. Сонда да, жеріне жеткізе түсіндіріп, талдап та жарытпаймыз. Содан, өлеңнің қадірі кетеді.
Нағыз ақын, шын өлең ешкімге, ештеңеге жалтақтамай, марапат күтпей, ағысқа қарсы жүзеді. Ең бастысы – өзіне өтірік айтпайды. Көлгірсімейді. Өлеңге, әдебиетке болымсыз ғана жұққан кір, оның ішкі тазалығына үлкен зардап әкеледі. Поэзияның табиғаты – адам жанымен үндес. Оған түскен сызаттың орны ешқашан қалпына келмейді.
Бүгінде шын өлеңнен – өлең өндірісі көп. Кеше де солай болған. Бола да беретін сияқты.
Қолымызға «Қазақстанның әдеби-танымдық паномарасы» сериясымен шыққан 12 кітап тиді. Сапалы, көркем безендірілген қалың-қалың жинақты парақтай бастадық. Есімі оқырманға жақсы таныла бастаған Батырхан Сәрсенханның «Жасыл құс» жинағы өлеңдер мен поэмалардан жинақталған екен.
Бұл түні сөндірем де тоқтың бәрін,
Жай ғана жараламай жаттың жанын.
Жай ғана жүзін барлап батқан айдың,
Әйнектен әлденеге көп қараймын.
Алматы. Сынған сәуле шағылысы,
Сабылыста боздайды сағынышым.
Тағы да тарс жабамын есігімді,
Тұрам қайта қаттырақ жабу үшін, – дейді ақын жан әлеміндегі тиянақ таппаған ой мен сезімді қатар жатқан қос рельстей қабаттастыра суреттеп. Бұл – ақын жүрегінен өткен жарықшақтың дыз етпе ұшқалақ жарқылы емес, жан әлеміндегі тым-тым тереңнен оянған іңкәр сезімнің оты. Ендеше, сол отты ақын маздата түсуге барын салуы керек. «Түнектен жарыққа қаштым» деуінде ішкі бір шарасыздық. Ширығу бар. Батырхан – көп ізденіп, өзін табуға құлшынып жүрген жас талант. Осы ізденісінен танбаса, оның жұлдызы әлі-ақ жанып, айы оңынан туары сөзсіз.
Өлеңдері баспасөз арқылы жақсы таныс Еламан Қабділәшім «Болмысымның бояуы» кітабында қала, дала табиғат көріністерін өзара жымдастырып, үйлестіре, шендестіре жырлайды. «Шайтанкөлге барғанда...» өлеңінен мына бір жолдарды оқып көрейік:
Ойымды көкте көшкен бұлт аңдайды,
Жерге түстім,
Тамшы боп сыр тамбады...
Көлдің бетін көрсетпей жауып тастап,
Қалқып жүрді қарағай қылқандары. Соңғы екі тармақ, көз алдымызға көл бетінің тылсым суретін жайып салды. Сөзбен сурет сала білу – жанды образ тудырады. Оның Жәркен жырауға арнаған «Ақын үйін іздеу» деген балладасы Жайырдың жалғызына ғана емес, өлеңде өз үні, өз жолы бар ақындарға сөзбен қойылған ескеркіш. Құрмет. Мына бір жолдарда ақынның болмысы жарқырай көрінген.
«Аға үйінен тұнық болып шықтым мен,
Жүрегімді үміт керіп шықтым мен.
Босағадан бозбала боп аттап ем,
Жалындаған жігіт болып шықтым мен» – деп, жырлайды Еламан. Қабділәшім баласы, байқағыш, сезімтал ақын. Өзі жырлағандай, әлі-ақ, «ақындықтың кенішін» іздеп табарына сенімім мол.
Мөлдір сезімін жүрегіне орап өлеңге келген талантты қыздарымыз көп. Кейде олардың өткір жырлары азамат ақындарды ығыстырып, састырып жіберетінін мойындаған жөн болар. Әдебиет – жынысқа қарамайды. Кім талантты, соның тұғыры қашанда биік болмақ. Қолымызға Айзада Рахымжанованың «Сарыарқаның жаңбыры» жинағын алдық. Алғашқы беті «Ұлытау» деген поэмамен ашылыпты.
«Көгінде Ұлтаудың күн ойнаған,
Төсіңе құлай кетсе жылайды адам».
Немесе:
Жүректің ішіндегі ыстық мекен,
Көзімнің ішіндегі көк байрағым, – деп, төгіле жырлаған Айзаданың поэтикалық қуаты мықты. Бір ойын бір ойы үстеп, тереңдеп, Ұлытаудың қатпар-қатпар тарихы жыр тілінде сөйлейді. Бірақ, поэма шорт кесілгендей, қысқа қайырылған. Үш бет. Алдағы уақытта өткен тарихты зерделеп, оқиғаны ширатып, толықтырып жазса, тіпті де үлкен туынды боларына гәп жоқ.
Меңдібек Лұқпанның «Кешіккен көктем» жинағы таңғажайып табиғат тылсымын, тұлғалар болмысын барынша шынайы ашуымен ерекшеленеді. Әсіресе, Жайық өңірінің тарихын мейлінше көркем суреттеп, нақты деректермен өрнектей білген. «Әке бейнесі» атты өлеңінде:
Солғын тартқан реңі соғыс салған із дедің,
Сұм соғыстың бейнесін өткеніңнен іздедім.
Немесе:
Әке деген әуелден құбыласы ұлының,
Темірқазық жұлдыздай ел сүйсінген ғұмырың, –
десе, енді бірде:
Күн шығысқа күрсінген терең деммен ішінен,
Туған жердің салмағын тынысыңан түсінем, – дейді ақын әке болмысы, мінезі арқылы ел мен жердің қадір-қасиетін, өнегесін жыр тілімен кестелеп.
Қара бұлт қарашадан сейілмеді,
Батады кеудеге ауыр күйінгені.
Қатары сирей берді күзгі ауылдың,
Көтеріп әкеткендей құйын-желі.
Бұл – не? Ақын нені меңзеп тұр. Сол ұлт басына төнген нәубеттің зардабы. Бас көтерген ердің «барса-келмеске» айдалған мехнаты. Қарғыс атқыр зұлматтың кесірі.
Меңдібектің бұл кітабы тарихи оқиғалардың жиынтығы іспетті. Үлкен тақырыпқа құлаш ұруымен айрықша.
Өлең қандай болу керек дегенге – әркім өз түсінігі бойынша үн қатар. Бірақ, өлең Қадыр ақынша айтқанда, «ұйқас, ырғақ құрсауында тұрып та» еркін болу керек. Өлеңге, әдебиетке лек-легімен келіп жатқан жастардың
бірсыпырасы ақ өлең ауылына ат байлағандар. Әрине, олардың ізденісі, поэзияға деген басқаша көзқарасы құптарлық. Бірақ, сол ақ өлең жазып жүрген жастардың көбі Омарғазы Айтанның көлеңкесінен шыға алмай жүргендей көрінеді... Омарғазы ағамыз кезінде «Қызыл атпен келемін», «мен Азиятпын» деген тегеуріні қатты ақ өлеңдерімен қалам ұстаған қауымды дүр сілкіндіріп, әдеби дискуссияны қыздырған болатын.
«Көлеңкесіне кез болған кесіртке» кітабының авторы Қарлығаш Қабай ақ өлеңге қысылмай-қымтырылмай ат байлаған екен. Арқауын босатпай, жыр тұлпарын тізгіндей білсе, өрнегі бөлек өнер жарататынына сенім білдіреміз.
Жақсы өлең оқығанда – жанымыз шуаққа бөленіп, жадырап шыға келеміз. Нағыз поэзия адамды, ізгілікке, мөлдір, таза әлемге жетелеп қана қоймай, ізгілік сыйлайды. Тілеубек Батыстың «Сал көкше» жинағы аптап ыстықта шөлдеген жанға Алатаудың қойны-қонышынан сарқыраған бұлақтай сарайыңды ашып, көзіңнің отын жарқ еткізеді.
Шерліні айдалада кім біледі?
Әйтеуір өсек-аяң бір жүреді.
Алашқа аты шығып асқақтаған,
Сері Ақан бүгінгі күн мұңлық еді.
Ақан өнерімен кімді тебірентпеген. Ақан өмірі кімді қызықтырмаған? Әрі сері, әрі сал Ақан – тіршілік атты теңіздің тереңіне сүңгіп, жағалауына жар жағаламай жеткен саңлақтың бірегейі емес пе. Тілеубек Серінің өнері мен өмірін Көкшенің сұлу шоқысындай әспеттеп, майса даласындай құлпыртып, жұпар аусындай жұтындырып жырлай білген. Тақырыптан тарлық көрмеген Батыстың ұлы алдағы уақытта бұл қомақты дүниесін жетілдіре түсемін десе, ол оқырман үшін бұдан да пайдалы болмақ...
Осы күнге дейін, лирикалық өлеңдерімен көп көрініп, аға-буын тарапынан жылы сөз естіп үлгерген Мұхтар Күмісбек «Жанардағы жан бояуы» жинағымен өзінің ақындық әлемін барынша шынайы, жарқырай көрсете білген сияқты. Өлең ырғағына, сөздің қанық бояуына мән беретін Мұхтардың тақырып ауқымы кең.
Отан.
Осы сөз ең дұрысы,
Сен барда қоңды тұяқ,
Өңді кісі.
Бабалардың қанында бұрынғысы,
Баласының қолында ендігісі, – дейді ақын жан-жүрегін алдыңа жайып салып. Бұл – ақ, адал аманат қой. Аманаттың жүгі ауыр екенін түсіндірудің қажеті қанша? Оны арымызға тапсырайық. «Бұл қазақты жүреді, әлімсақтан, қызын ұят жетектеп, ерін үміт» дейді тағы сол Мұхтар ақын. Оның өлеңдері тереңдігін жасырған көл сияқты. Оқыған сайын өзіне қарай тартып, еркіңді жаулап алады.
Тетелес, бір қолдың саласындай замандас ақын жігіттердің аяқ алысы әртүрлі. Бірақ, мұң-қайғылары ұқсас. Кейде «өздерінен үлкен шерді қайтып көтеріп жүр» деп басың қатады. Ол енді басқа әңгіменің ұшығы...
«Нәзік түндегі ноктюрн» кітабымен Дәурен Тілеухан жыр әлеміне өз үнімен келген екен. «Қайыңдыкөл» өлеңінде:
Көзіме сыйдыра алмай көл-ырысты,
Тарылып, түгесілді демім ішкі.
Мен көрмей қалай жүргем бұрын сені,
Сендегі Тәңір салған көріністі?
Немесе:
Жанарым айдыныңа үңіледі,
Айдының шаң қонбаған шыны ма еді? – дейді тебіренісін жасыра алмай. Дәурен – байқағыш, кез келген нәрсеге ақындық көзбен қарайды. Ақтарылып, бүкпесіз жырлайды. Сөзбен сурет салуға да әуес. Оның өлеңдеріндегі үзік-үзік суреттер ақындық талантын айшықтай түседі.
Тағы бір жас пері Азамат Әбілқайыр кітабын «Құдірет» деп атаған екен. Сөздің құны, сиқыры әркімге әрқалай әсер етеді. Алғашқы беттегі өлең бірден Қадыр ақынды еске түсірді. Мырза Әлі қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстырса, Азамат өзімізге өзімізді таныстырыпты. Несі бар. Жарасымды. Өзімізді өзіміз танымай, ішкі әлемімізге үңіле алмай қалғанымыз жасырын емес қой.
Азаматтың «Құдіреті» елдің, жердің, сол ел үшін отқан түскен ерлердің адамдық қасиетін, рухани келбетін жыр тілімен кестелеген жинақ.
Дауысымды жоғалттым,
Намысымды жоғалттым.
деп ұлтық жоғалтуларды айта келіп, ақын өзін қайрағандай:
Енді сені, азаттық,
Жоғалтудан қорқамын! – деп түйіндейді «Жоғалған» өлеңін. Иә, жоғалтқаны көп халықпыз. Бірақ, барымыздың қадірін бағалай біліп, қадамымызды нық бассақ осы күнге дейін жоғалған құндылықтың орнын толтыра аламыз. Азаматтың да айтпағы – осы...
Ақындық Құдай сыйлаған қасиет. Оны жетілдіру, дамыту, өзге жұрт көрмегенді көру, сезбегенді сезу түйсіктің еншісінде. Кез келген шығармашылық адамының мінез-құлқынан оның жазу мәнері, анық болмаса да, байқалып тұрады. Жазу деген – саф таза болмыс. Ең әуелі жазуыңнан өзің көрінесің. Әр шығармашылық иесі – өз жан дүниесінің айнасы.
«Дегелең» Ділда Уәлибектің нәзік әлемін айқайлап, аттандамай-ақ көрсете білген кітап.
Екеуміз туыс едік,
Түбіміз бір-тін.
Әлі бір,
Әлі де туыспыз.
Бірақ менің әміршім – мейірім,
Сенікі – құлқын.
Немесе:
Мен тіршілікті бастап бердім,
Сен аяқтауға шақ қалдың.
Осы үзінділерден Ділданың ақындық әлемін көруге болады деп сеніммен айта аламын. Ақ өлеңге де, қара өлеңге де етене жақын. Қалай жазса да, өзін жоғалтпаса болғаны. Болашағынан үміт күттіретін жастардың бірі екені сөзсіз.
Замандастарынан сәл ертерек көрініп, өлеңде өз өрнегін салуға талпынған ақынның бірі – Әділет Шопен. Оның «Түсіме салынған үй» жинағын оқып бастағанда, ой да, сурет те, тарихи оқиғалар да лек-легімен көз алдымыздан өтіп жатқандай әсерге бөлендік. Тақырып қоюы да, сөз ойнатуы да жарасымды.
Кісіге айналды кәдімгі іштегі жара деген,
Ықылымыңа сіңіп барады Өлең.
Сені сүйемін, бірақ та енді саған,
Қайтыс болуға ғана келем!..
Не дейміз? Бұл – дара Мағжанның жан айқайы. Шарасыздық. Өзі сүйген елінің сүйікті ақынға жапқан жаласынан айла таба алмағанда аһ ұрып өкінгені болар, бәлкім. Ақтарылу да, ақталу да емес. Өзіміздің өзімізге құрған қақпанымыз. Ақын сол ойды шебер түйіндей білген.
Өз замандастырынан тым ерте көзге түсіп, аударма, жұмбақ, жаңылтпаш, балаларға арналған өлеңдерімен тәуір бағаланып жүрген Еділбек Дүйсен «Алматы аспаны» жинағын оқырманға ұсыныпты.
Қаңғып жүріп қараңғы ойдың ішінде,
Мен де есейдім,
Өлімім де есейді.
Түн ұзағы көріп шығам түсімде,
Елде қалған шешейді.
Немесе:
Түнек кезіп,
Таппай титтей жалқы нұр,
Жүрем сатып көзімді.
Айнасына қарасам да әркімнің,
Көрем ылғи өзімді.
Жөн-ақ!.. Қайда қараса да, өзін көре білгені, өзін іздеп шарқ ұрып жүргені болар? Өзін тапқан, іздеген адам адаспайды. Біз, өзімізді емес, жоқты іздеп шаршаймыз. Өзімізбен қоймай, өзгені де шаршатамыз. Жоғарыда айтқанымыздай, Еділбек Дүйсен – жан-жақты ізденіп жүрген жас қаламгер. Оның жарқырап, көрінер шағы әлі алда.
Кең арналы, озық әдебиетімізде жастардың үлес-салмағы ауыз толтырып айтарлықтай деуге болады. Біз қолымызға тиген кітаптарға тоқталдық. Бірақ қадағалап оқып, аяқ алысына сүйініп жүрген жастардың қарасы қалың. Олардың кітабы болмаған соң, жеке дара тоқталып, сөз арнай алмадық. Бірақ, ізденістері де, өлеңдері де саздылығымен, өзіне тән боя-үнімен ерекше Қуаныш Жазай мен Сезім Мергенбайды айрықша бағалаймын. Екі жас талапкер өте жақсы ізденісте жүргені кімді де болсын сүйсінтері анық.
Сонымен «Қазақстанның әдеби-танымдық паномарасы» атты он екі кітапты шолып шықтық. Алғашқы әсер жаман емес. Бәрі дерлік үлкен тақырыпқа құлаш ұрған. Көңілге құлта сақтамай айтар болсақ, уақыт қысқа болды ма, әлде зерттеу-дерек кемшін түсті ме, поэмалардың бір қайнауы ішінде жатқандай ой қалдырды. Бәрі жас, жазатын дер шақтары ғой. Мүмкін, қайыра соғып, кем-кетігін толтырар деген үміттеміз.
