Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Ақкүрең Бақыт. Бейкүнә періште (әңгіме)...

Ақкүрең Бақыт. Бейкүнә періште (әңгіме)

27.03.2026

151

Ақкүрең Бақыт. Бейкүнә періште (әңгіме) - adebiportal.kz

Трактордың оқуын бітірген соң, Мәулен екі жылдай бригадирдің көмекшісі болды. Бригадир шақырғанда, қанатын қағып құйындай ұшады кеп. Мәулен өзгерген. Алай-дүлей заман өзгертті ме, көнгіш, тіл алғыш, қанағатшыл болып алған. Қыр үстінде түйе баққан, дәулетті, мінезді Мәулен жоқ. Екі көзі ботадай, сүйкімді қызы бар. Ескі үйдің қабырғасы көктемгі селден соң қисайып, құлағалы тұр. Ауылдың еңгезердей жігіттері келіп, баған қағып тіреп кетті.
Шөкпер үйдің қисайғаны елу жыл тұрады, қорықпаңыз, қамықпаңыздар,- деді ұста, бойшаңдау қара бала. Алайда сары келіншек тұңғышын – Ақмоншағын есік алдына шығара бермейді. Ақмоншақ 5-ке қарай кетті. Ақмоншақ  мылқау. Әкенің де, шешенің де басы қатып, ыңғы-дыңғысы шығы жүр. Аудан орталығына барып, үш айдай емге апарды. Жас ата-ананың уайымы зор болды. «Әке!» деп айғайлап жүгіріп алдынан қашан шығады? Ауыл іші алақанға сыйғандай-ақ жиырма үй. Әр төбеде  бір-бір үйдің сөнер-сөнбес әлсіз жарығы. Көбі  Ли бастықтың жері. Аудан көлемінде мұндай үлкен жер мен зәулім үй жоқ шығар?! 

Сығырайған, піте, қыли көз, бұжыр бет -деп Мәулен бір көргеннен-ақ жүрегі қобалжып, үрке қарады.

– Сиырдың көзіндей дәу, басынан көзі үлкен екен малдың. Қайдан шыққан?  деп Ли бастық, Мәулендер көшіп келгенде қыңыр қарады. 
Көршіге жарымай қалдық қой. Қаны бұзық, кеуде көтерген, қыңыр-қисық, Құдайдан безген біреу. Суық кісі. Ескі үйдің жылуы жоқ, қабырғасы опырылып тұр. Қабырға құлап, Ақмоншақ тұншығып қалатындай көрінеді. Кетейікші,-деп құлақ етін жеген еді сұлу, ақсары келіншегі. 
Қабырға қисайып, уайымы көбейгенде, Ақмарал түс көрген. Түсінде атасының айтқаны: 
Ала дорбаңды алып, елге қайт. Мәулен  – аңғал. Үй құлағалы тұр. Ақмоншақ пен сенің тағдырың қыл үстінде. Мәулен козғалмаса қалсын, сендер елге қайтыңдар. Он жылдан бері көшіп келеді, әбден титығы шықты, шаршады. Қалың түрікпеннің ішінде аз қазақ: «Тыныш жүр. Сен  қазақсың. Жан бағу керек. Ұрпақ үшін ақымақтық істеме» деп құлақтарына құйып-ақ отыр. Кіл жас шыбық болғанымен, жұлып түсер алыптар, алып-ұшып тұрған қызу жүректер. 



                                                                                                                                      ***

Түрікпеннің тойына барып, сұлу Жамал, көркем Жамалға сырттай ғашық болды. Көз тастап, баққаны Жамал. Той бітер-бітпес Алдоңғардың баласы көп түрікпеннің таяғының астында қалып, шала жансар күйде әлсіз жатты. Тойға барған бар бала төбелестің ішінде жүр. Бірі жығылып, бірінің басы жарылып, көзі шыққан, бірі жаға жыртысқан қанды төбелеске ұласты. Орталықтан шалғайда орналасқандықтан, сақшы да екі сағаттан соң келіп жетті. Алаңда ыңырсып он шақты бала ғана қалды. Жеті қараңғы түн. Саусақпен санарлықтай қазақтар ақсақ-тоқсағын теріп алып кеткенімен, түрікпен жігіттер өз жігіттерін ұрып-соғып алаңға тастап, бір түрлі амал етті. Іс қозғалғанда: 
– Өз жерімізде бізді ұрып-соқты, қашқындар.

Қашып-пысып жүргендер, бандит жауыздар, қылықтары болмады-ау, - деп сөйлегенде бастарына күн туғанын, басы бәлеге шатылғанын түсінгендей, аз қазақтың көзінен үміт сөніп барады.

Арғы жағын тексеріңдер, үкіметке қарсы адамдардың ісі ғой бұл. Мұндай қарсы күш қайдан шықты? Сот отырысында махабат пен қызғаныш, Жамал қыз бен жастардың ұрыншақтығы айтылар деп отырғанда, төбеден түскендей жағдай болды. Жеті жігіт істі болып, сотталып кетті. Соққыдан есін жимай үш жігіт жындыханаға жатқызылды. Шырайы ұрланған кейбір тонды қазақтар бар малын сатып, айыппұл төлеп, түрікпен ауылдан көшуді ойлады. Дымы құрып, Қарақалпақ жеріне бір түнде көшкеннің біреуі  тракторшы Мәулен еді. 


***

 

Қабырғасы қисайған, шалғай ауылдың шеті. Ескі үй. Мәулен көшуден әбден мезі болған тұс.

Дүниедегі жаман кісі, қыли Ли дегенің....сөзін жұтып қойды. Құдық басына суға барған сайын «сұлусың», «Тракторшы жаман күйеуің» деп жолын кес-кестей тұрып алатын елудегі кісіден қорқатынын айта алмады. «Тракторшы істі болар, маған қаласың ғой» деген арам жымысқы ойлы бұжыр беттің, шешек ауруынан қалған бетіндегі дағы қорқынышты еді. Күннің сәулесін, адамның жылулығын сезбеген, тезі қатты, Жаратушысынан безген, қара ниет адам. Кең жердің иесі. Күріш егеді, он-жиырма шақты жұмысшысы бар. Күрішке мол су керек. Жер асты суының көзін ашып, суға ақша төлемей, үлкен пайда көрді. Тексерушілер бұжыр беттің жанында бес минут кідіргісі келмей, іштей: «Адам емес-ау, неткен мұздай адам», -деп кетуге ыңғайланып.

Қағаздарды қарап шықтық. Қайтайық!-деді. Жалғыз жанына медеу кішкентай қара күшігі бар. Әуелі күшік тамақ жейді. Рахаттанып, тамақ жегеніне қарап мәз болады. Қасқырдай аш жүру Лиға қалыпты жағдай. Кейде бір жетідей ас жемей, кофесін ішіп жүре береді. Күш-қуатты қайдан алады, белгісіз. Он жыл ізін суытпай әкімшілікке барып:
Шаруашылыққа жер бер, -дейді үш-төрт беттік қағазын көрсетіп. 
Кәсіпкерді қолдау керек. Қайда, кімге барды, жазып жүреді. Осы әрекеті нәтиже беріп, жылдан-жылға жер көлемі ұлғайып келеді.


***

 

Айманның күйеуі ашық тоққа түсіп, күйіп қалды. Малшының көзінің әлсіздігі де бар еді. Ауыл адамдары су жағасына апарып судың шетіне көмді. Зар еңіреп, қу тізесін құшақтай, шашын тарақтап жұлып, еңірей берді. Жалғыз бала әкесінен қалған азын-аулақ малды күнұзақ бағады. Көк сиыр мен ала сиыры бар. Көбіне шешесі баланы мектепке жібермейді-ау шамасы. Үнемі малдың соңында жүргені. Бірде, күні кеше шешесі алып берген картаға, ойынға қызығып кетіп, ала сиырынан көз жазып қалғаны. Ала сиыр құрымағыр, бастық Лидің жеріне өтіп кетіпті. Шешеден бір, жаманнан екі, аяқтары қалтырай, қорқа-қорқа Ли бастықтың жеріне кіріп, шөп көрмеген ала сиырын шығара алмай әуре-сарсаңға түскені.

Жеріме кірдің, атаңа нәлет, жау шапқыр. Тірсегіңнен атайын,-деп Айманның жалғыз баласының оң аяғын көздеп, мылтықтың шүріппесін басып қалды. Он жасар бала ұшып түсіп, жансыз жатты. Ала сиыр аула ішінен шығып, көлге қарай асты. Куәлар арқылы айыпталып, іс сотқа кетті. Сотта Айман мен баласы айыпты болып табылды. Осы кәріс Жансұлудың сиыры егінге кірді деп, айырды сиырдың қарнына тығып алған. Сиырдың тыпыршып жатқанын көріп, адамдар шошыды. Ақырында, адамдар ауылдан көше бастады. Сотта Лидан басқасының ісі дұрыс болмайтұғын болған соң, күдерді үзіп, «реңсіз адамнан, жаманнан аулақ отырайық» дегені еді. Мәулен де өзгерді.

Мынауың адам емес, - деп, аз-маздан соң, сөзін аяқта дегені.

Күзден қалмай көшерміз. Дайындала бер. Келіншегі іштей қатты қуанып «Жақсы болды ғой, түге» деп лепіріп тоқтады. 



     ***

 

Жет дегенде жет! - деген азар да безер хабар келген соң тракторын от алдырып, Мәулен асығыс жолға шыққан бойы. Көз алдында бірдеме қарайып, жылт беріп, бақ етті. Трактордан түсіп қараса, қарғыс атқыр бастық Лидың күшігін басып кетіпті. 
Лидің өзі болғанда ғой. Қарғыс атқырдан құтылатын біржола. Қайтпек керек? Жаман кісі. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан көліктер көп қой. Білмес. Күшікті ағып жатқан суға лақтырып жіберді. Содан кейін үш күн ұйқы көрмеді. Түрікпенде істі болғанда да мұншалықты уайым көрмеп еді ғой. Ли бастық Мәуленнің күшікті өлтіргенін біліп, үш күн күтті. Мәуленнің үйіндегі сұлу келіншекке ғашық еді. Өтірік кешірген болып, Мәуленді жұмысқа алуды, содан соң «жұмыс үстінде ұрлық қылды» деп істі қылуды жоспарлаған болатын. Күшікке мұншалықты байланып қалғандығын өзі де сезбейді екен-ау! Үш-төрт күн Мәулен де, бастық Ли да ұйқы көрмеді. Сәрсенбі күні таңертеңгісі Мәулен бастық Лиға барды.

Кешірерсіз, Ләке! Асығыс шығып ем. Жол үстіне шыға келіп, күшігіңізді басып, өлтіріп қойдым. Суға кетті ағып.
Мәулен жер шұқып, қара жерге қарай берді. Әттең, Байғанин ауданының жері болғанда ғой.

Күшік табылды, табылды деп Ли бастық рахаттанып күлді.

 Кете бер, кете бер, дороогой!

Салы суға түсіп, денесін үрей билеп кетті. Қалай өлген күшік табылады? Бастық алжып кетті ме өзі?...



***

 

Қызу жұмыс. Науқан. Мақтаны пунктке жеткізіп, түн жарымда үйге келді. Ботадай боздап, көз жасы көл болып, ағыл-тегіл жылап, екі көзі ағып түскендей болып, діңкесі құрыған сары келіншек:
Ақмоншақ жоқ. Таңертеңнен бері Ақмоншақ жоқ. Қара жаспен тұмсығы қасқа болғандар, маңдайының соры бес елі болғандар түнімен айдың жарығымен Ақмоншақты іздеп, қызып-күйген табаны тілінді. Ли бастықтың күшігін суға лақтырғаны Мәуленнің есінен кетер емес.
Күшіктің обалы ұрды мені, - деп Мәуленнің жаны қиналып.
Күшік қой, күшік, деп жанын жауыздық иелеген Ли Ақмоншақты таңертеңгі уақытта төсегінен күшікше көтеріп алып кеткен. Аяғын уқалап, бетінен сүйіп, күшігін аймалағандай аймалап, екі аяғына, қылтырықтай мойынға шынжыр кісен салып, күшігінің орнына Ақмоншақты торға салды. Ақмоншақ жоғалған соң, есі ауып Мәуленнің келіншегі жындыханаға түсті. Ли бастықтың жері ұлғайып, тамынан ары асып өте алмай соры қайнаған Мәулендер у жұтты.


***


Арада жеті жыл өтіп, Ли бастық ұсталып, тергеу ісі жүріп жатты. Ауылдың сәні кеткен, әр жерде шошайып бір-бір үй қалған. Ауыл ішінен куәгер жинау қиынның-қиыны. Сүйреп алып шыққандай, әрең аяқтарын басып келеді.
Барасыңдар. Бұйрық. Бітті, - деген сақшының айғайы аспанға атылған оқтай болды. Амалсыздан еріп келеді. Үлкен үйдің қорған тамы екі метрдей. Тамға жақындағанда-ақ, тамақ ашып, жөтел буды. Ли бастықтың мұрны иіс сезбейді-ау, осы. Шошқаның саны жылдан-жылға көбейіп отыр. Қора төңірегі лас. Жиналған адамдар кетуге асық. Жағаны жоғары тартып, ауызды жапқандай болғанымен, түшкіргендердің жағдайы ауыр.

Ауырып қалармын-ау, - деген іштегі уайым ұлғайып барады. Қолаңса иіске көміліп қалғандай. Үлкен үй, қора-қопсы бәрі көзден өтті.
Ли бастықтың жертөлесі бар. Соған барайық, - деді сақшы.
Ойбуй, жертөлеге кірмеймін, - міңгірлей сөйлеп Бектемір.

Ауырып тұрмын. Аяқта жан жоқ. Жертөле бір жарым метр тереңдікте қазылған, кең бөлме. Темір баспалдақпен қолдарында бір-бір қолшырақ. Жарық әр бұрышқа түскен сайын, бөлме іші кеңейіп бара жатқандай. Кептелген қара суық адамдардың жанын суырып алардай, қалтырап-қалшылдап түршігіп, жайсыз күйге түсті. Бригадир баспалдақтың ортасына келіп, қисайып құлап түскенде, оның қолтығынан демеп, сылтау табылғандай бірінен соң бірі кері бұрылды. Жертөлеге кіргісі жоқ. 

Жертөлеге түсу – ақырған арыстанның аузына түскендей. Жарты сағаттай уақыт өтсе де, екінші рет жертөлеге түсуге жүрексініп, шегіншектей берді. Қайтадан түскен бригадир ағайдың ышқынған айғайы адамдарды орындарынан қозғап, еріксіз төмен түсіп келеді. Кең бөлменің әр тұсынан жан-жақтан түскен он шақты адамның қол шамының жарығы бөлменің әр бұрышын тінтіп, қазына іздеген қарақшыдай. Жертөле кең болғанымен, көзге түскен іліп аларлықтай дүние көрмей таң қалысты. Баспалдақ астындағы бұрышқа қол шам жарығы түскенде, жылтыраған көз. Балықшы Бектемір:

Дәу мысық па?, -деді. Көздері жылтырап көрінген әлсіз көзге түсіп.  Қорықты, жағасын ұстады. Иә, осыншама кең бөлме жалғыз мысық үшін бе? Бектемір таңданып қарай берді. Он адам жылтыраған көзге қарай жүруге дәті шыдамай, орындарынан қозғалмай тұр.

Екі көзі шамдай жанған махлұқты тағы жақындап көргенде, кейбірі шошып құлап жатты. Аяқта әл жоқ, қалтырап тұр. Жуас, қорқақ Бектемір қалшиып қозғалмай қатып қалды.

Шайтан ба, шағал ма, ит пе? Жансыз махлұқ па біле алмай дегбірі қашты. Жүрек жұтқан Алпамыс:

Шайтан болса да, шағал болса да алып шығайын, - деп көзі жылтырағанды құшақтай алғанда, төрт бағандағы шынжыр сатыр-сұтыр сүйретіліп қозғалды. Алпамыс жансыз, дәрменсіз, ұсқынсыз махлұқты жерге отырғызып, шынжырды қағылған қазығымен суырып алып тастағанда, махлұқтың көзіне көзі түсіп, етпетінен құлап түсті.

Адамның баласы ғой, - деп Алпамыс оң қолымен жер тіреп, көтеріліп жатып.

Көзіне қарашы, нәрестенің көзі ғой. 

Ой , тоба- ай! Мұндай сұмдық көрдік пе? Көзім шықсын, көзім шыққыр. Жауыздық қой, мынау. Сорлы кім болды екен?
Он адамның жүрегі әлсін-әлі соғып, амалы таусылып, бір-біріне қарады. Көзден жасы тоқтамай Алпамыс әлсіз қолын ұстап, жеп-жеңіл балақайды көтеріп алды. Жүрек соқпай, тоқтап қалғандай. Аяқ ілгері баспай, ақырын қозғалып, баспалдаққа қарай жүрді. Реңі жоқ, шидей ұзын аяғы, жансыз сүйір қолы, шашы сіресіп қатқан тезектей, кесілген томарды басқа таңып тастағандай.
Жарықтық-ай, әлсіз, инеліктей дене анау бір бастағы қатқан ұйпа-тұйпа шашты қалай көтеріп тұр?! Мойыны жоқ, көрінбейді.
Он адам он қадам жүруі қиындау, ауыр жүкті арқалағандай күйде.
Жүрек-ай, нені сездің? Бұншама, баланы қолға алғанда соншама тарсылдап, не көрінді?... Он адамға қаншалықты жақындығы бар. Он кісі абайлап жүрді. Ай құлап жертөлеге түскендей, аяқтарынан күйіп. Сақшы ауданнан дәрігер шақыртып, нәрестені алып кетті.
Бала ұрланып, не жоғалған бала болды ма?

Ой, тобай-ай!

Мәуленнің Ақмоншағын бір-ай іздегенбіз. 7 жыл болды-ау шамасы.

Аллам-ай. Не дейді? Бұл бала Ақмоншағымыз болғаны ма? Зәре-құты қашып, қатып, тіл-жағы байланып, үн шықпай қалды.
Жаңбыр да таусылмай шелектеп құйып, жиналған адамдардың көзінен жасы тынбады. Көзі ағарғанша жылап, жетімнің күйін кешкен ауыл, жансыздың күйіне түскелі қаша-а-н-н!... Өлі жанды құшақтап біраз отырған адамдай, ішке үрей кіріп, жертөлеге түскендер бір жеті бақсыға барып, ем алды. Не адам, не ит емес Ақмоншақ табылды. Соры қайнаған Мәулен мұны естіп, өзін атып тастады. Мәуленнің апасы Ақмоншақты алып, Ташкент пен Самарқант дәрігерлеріне қаратты.

Адам болмайды, - деп кесіп айтқан соң, апасы олар ұсынған қағаздарға амалсыздан қол қойды. Ақмоншақты қинамай, бір дәрі беріп денесін берді. Ағыл-тегіл пойыз ішінде жоқтау айтып, зорығып елге жетті ол.
Өлсем елге барып өлейін. Атса атып тастап,- деп Қоңыраттан пойызға отырып, жалғыз баласын ертіп, Ақтөбеге кетті. Ақтөбеден осылай ауып көшкенде Ғайып молданың ауылының жүзге жуық адамынан екеу жалғыз, жаяу елге қайтты. Кеңес үкіметі тепсінген тұста, қараңғы түні тоғайда жоғалған Ғайып молданың үлкен баласы Мәуленнің басынан өткен ащы тағдыры еді.
Жаманға тап болмағайсың, жаманның аяғы сегіз ғой!...
 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan