Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ДРАМАТУРГИЯ
/
«Әміре»: Дауыс және тағдыр...

«Әміре»: Дауыс және тағдыр

20.12.2025

3622

«Әміре»: Дауыс және тағдыр - adebiportal.kz

Сахна төріндегі ән – жай ғана әуен емес, ол – адам тағдырының өзегіне айналған өмір дастаны. Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрында көрерменге жол тартқан «Әміре» спектаклі – қазақ халқының маңдайына біткен дарабоз әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнеріне тағзым. Қоюшы-режиссер А. Маемиров көркемдік ойды шеберлікпен өріп, тарихи тұлғаның психологиялық портретін сахналық кеңістікте жан-жақты ашып көрсетуді мақсат еткен.

Спектакльдің ең басты табысы – Әміре рөліндегі актер Оразалы Игіліктің керемет дарыны мен табиғи болмысы. Ол қойылымның алғашқы сәтінен-ақ, өзінің кең диапазонды, ашық та ойнақы, әрі тебіреністі дауысымен көрерменді өзіне баурап алды. Домбыраның үніне ілесе шырқалған «Гәкку» әні – тек ән емес, Әміренің ішкі жан-дүниесінің, оның мұңы мен қуанышының, өмірге деген құштарлығының символдық көрінісі. Актер кейіпкерінің нәзік сезімдерін, сағынышы мен арманын, сахнадағы барлық қозғалысы мен мимикасы арқылы дәл жеткізе білді. Бұл – тек ойнау емес, Әміренің тағдырына «ену».

Спектакльдің көркемдік шешіміндегі тағы бір маңызды бөлшегі – сахналық костюмдер. Әміренің киімдері жай ғана декорация емес, ол кейіпкердің сол замандағы әлеуметтік орнын, ішкі жан-дүниесін, тағдырдың талқысына түскен жолын көрсететін семиотикалық белгілер. Қоюшылар әр костюм арқылы тарихи атмосфераны дәл жеткізе білді. Әсіресе, Әміренің үстіндегі қоңыр түсті шапан – қазақ халқының тарихының, оның далалық болмысының, көшпелі мәдениетінің терең тамырының символы іспетті.  Қоңыр түс – жердің түсі, табиғаттың тылсым күші, ұлттық тұтастық пен салт-дәстүрдің айнымас көрінісі. Костюмдердің қойылым барысында екі-үш рет ауысуы Әміренің өміріндегі бетбұрыс кезеңдерін, оның шығармашылық жолындағы өзгерістерді бейнелейді. Бұл – театр өнеріндегі киім арқылы идея жеткізудің классикалық әдісі. Әр костюм Әміренің бір кезеңін – даладағы еркін әнші, кейіннен Еуропаны таңғалдырған өнерпаз және тоталитарлық жүйенің қыспағына түскен тұлға ретіндегі эволюциясын көрсетеді.

Актер Оразалы Игіліктің көзінен Әміре Қашаубаевқа тән ішкі отты, харизманы байқауға болады. Оның әрбір репликасы (сөздері) арасындағы паузалар – жай кідіріс емес, ойдың тереңдігін, кейіпкердің ішкі күйзелісін, айтылмай қалған сырларын жеткізетін күшті экспрессиялық құрал. Актердің сөзден тыс (репликадан бөлек) көзбен жеткізген эмоциясы – оның кәсіби шеберлігінің биік деңгейін көрсетті.

Минималды, бірақ функционалды декорациялар қойылымның идеясын ашуға қызмет етті. Үстел, домбыра, киім ілгіш, сахнадағы кішкентай көтерілген саты және ширма (оны киім ауыстыратын жер ретінде қолданды) – бәрі де ақталды. Бұл заттар Әміренің қарапайым тұрмысын, өнер жолындағы сапарын және сахна артындағы өмірін бейнелейді. 

Ширма – тек киім ауыстыратын орын емес, ол кейіпкердің бір кезеңнен екінші кезеңге өтуін, уақыттың ауысуын көрсететін символикалық бөлшек. Қойылым соңында пайдаланылған перделер де символдық мәнге ие. Олар Әміренің өмірінің аяқталуын, оның трагедиялы тағдырын, уақыт пен кеңістіктің шекарасын көрсету үшін қолданылуы мүмкін.

Спектакльдің сюжеттік желісі Әміре өмірінің маңызды кезеңдерін қамтиды. Әсіресе, Париж сапарына дейінгі және одан кейінгі оқиғалар – қойылымның кульминациялық нүктелерінің бірі. Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрында да көрерменге жол тартқан «Әміре» спектаклінде режиссер А. Маемиров хронологиялық оқиғаларды дұрыс сақтай отырып, кейіпкердің ішкі дүниесін ашуға басымдық берген.

Әміренің Париждегі сапары алдындағы ішкі толғаныстары, сахнадағы көріністер арқылы жан-жақты жеткізіледі. Оразалы Игілік Қоянды жәрмеңкесіндегі атмосфераны, халықтың ән-күйге деген құмарлығын, өнерпаздардың бәсекесін ерекше актерлік шеберлікпен, шынайылықпен жеткізе білді. Әміренің Парижге келгендегі сахнасында, қобалжудың әсерінен кейбір репликаларын шатастырып алуы байқалды. Алайда, бұл жағдай қойылымның жалпы көркемдік сипатын бұзған жоқ, керісінше, оның жанды организм екенін, ешбір идеалдылықтан ада шынайы өнер туындысы екенін көрсетті.

Сахна өнері – адам болмысы сияқты күрделі әрі кенеттен болатын жағдайларға толы. Актердің дәл осы сәттен шығуы, сөзден шатасуын табиғи түрде жеңе білуі – оның кәсіби шеберлігін, сахнадағы еркіндігін және кейіпкердің ішкі күйіне терең енгендігін танытады. Бұл эпизод, шын мәнінде, Әміренің тарихи кезеңдегі күйзелісін, елінен жырақтағы уайымын, өнер көрсету алдындағы тынымсыз толғанысын мейлінше терең ашуға қызмет еткендей әсер қалдырды. Бұл – актердің өз қателігін де көркемдік тұрғыда тиімді пайдалана білгендігінің айғағы. 

Қойылымның көркемдік құрылымында Әміренің Париж сахнасында өнер көрсетуі кезіндегі хореографиялық шешімдер мен пластикалық экспрессияның алатын орны ерекше. Алайда, бұл көріністегі Муза бейнесін сомдаған Арелана Амангелді мен жұмбақ кейіпкерді ойнаған Мақсат Қабдештің дуэттік орындауында эстетикалық және техникалық тұрғыда біраз олқылықтар көрініс тапты. Музаның таза, нәзік пластикасы мен серігінің дөрекі, ретсіз қимылдары арасындағы айырмашылық сахналық үйлесімді бұзды. Хореографиялық дуэттегі бұл диссонанс (үйлесімсіздік) актрисаны жеңіл көтерсе де, қимылдың пластикалық әсемдігін жоғалтып, көрерменде эстетикалық қарама-қайшылық туғызды.  Актриса өз партиясын серігінің пластикасынсыз да толыққанды алып кетер еді деген ойға жетелейді, бұл хореографиялық ансамбльдің эстетикалық тұрғыдан сәтсіз шыққанын көрсетеді. 

Жұмбақ кейіпкердің бейнесіндегі қара костюм мен жиналмаған шаш Музаның жинақы, әсем образымен үйлеспеді. Сахнадағы бұл контраст тек эмоционалдық емес, сонымен бірге визуалды тұрғыда да қарама-қайшылық тудырды.

Қойылымдағы ең маңызды әрі символдық қуаты жоғары сәттердің бірі — Мұстафа Шоқайдың сахнаға шығуы. Алайда, Әміренің оған матаға орап қара топырақ ұсынуы – көркемдік қуатқа ие болғанымен, драматургиялық тұрғыдан ақталмаған шарттылық болып табылады. Көрермен үшін: «Әміре Францияға келе жатқанда Мұстафа Шоқаймен кездесетінін білмесе, неге өзімен бірге топырақ алып келді?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл көрініс реалистік тұрғыдан логикаға қайшы келеді. Әміренің қалтасында немесе жолдорбасында топырақ салып жүруі – тұрмыстық шынайылықтан алыс. Бұл жерде қоюшы топ топырақтың символдық мәніне басымдық беріп, оқиғаның логикалық тізбегін ескермеген. Мұны режиссердің ұлттық мұратты көркемдеудегі шартты шешімі ретінде қарастыруға болады. Бірақ бұл шарттылық көрерменді сендірмей, күдік туғызады. Топырақ – Отанға деген шексіз махаббат пен патриотизмнің символы болғанымен, оның сахнадағы көрінісі ойдан шығарылғандай, "жасанды" әсер қалдырды. Мұндай тұстар шығарманың көркемдік құнын төмендетуі мүмкін, өйткені көрермен сахнадағы оқиғаға терең еніп бара жатқанда, логикаға қайшы деталь оны оқиғадан алыстатып жібереді.

Мұстафа Шоқайды сомдаған актер Аққанат Қуандықовтың актерлік әлеуеті мен дарыны оның табиғи келбеті мен дауысынан айқын көрініс табады. Актердің дауысында сирек кездесетін, үлкен терең үн бар, бұл кейіпкердің ішкі мәнін жеткізуге зор мүмкіндік береді. Сахнадағы тұрысы мен әрбір қимылынан оның кейіпкерге деген құрметі мен ішкі байыптауын байқауға болады. Әсіресе, Әміренің «Балқадиша» әнін орындап жатқанда, Ахмет пен Дулатқа хат жазып отырған көріністе, актердің көзінен еліне, жеріне деген сағыныш пен ішкі қайғы-қасірет айқын сезіледі. Бұл – актердің рольге терең енгендігін көрсетті. Дегенмен, актердің табиғи мүмкіндіктеріне қарамастан, оның кейіпкерді толыққанды ашуында кейбір кемшіліктер орын алған. Актердің бет-әлпетінің мимикалық бейнесі статикалық болып, эмоциялық тұрғыда біржақтылық танытты. Ым-ишарасының тым шектеулі болуы, пластикалық қалыптың еркін болмауы (зажатость) кейіпкердің ішкі дүниесіндегі күрделі толғаныстар мен қайғыны толық жеткізуге мүмкіндік бермеді. Бұл актерлік шешім Мұстафа Шоқайдың терең тұлғасын ашуға кедергі келтіргендей әсер қалдырды. Әсіресе, хат жазып отырғандағы қайта-қайта мұрнын тартуы – ішкі күйзелісті көрсетуге бағытталған сыртқы техникалық деталь болып қалды. Мұндай қайталанатын детальдер кейіпкердің ішкі дүниесінің шынайы көрінісі емес, механикалық әрекет сияқты болып, көрерменге жасанды әсер етті.

Сыртқы дауыс, келбет сияқты сипаттамалар актерлік талантының бір қыры болғанымен, бұл үн мен мимика, ым-ишара арасындағы синтездің жетіспеушілігі образдың тұтастығына кедергі келтірді. Актердің ойынындағы тежелу, пластикалық еркіндіктің жетіспеуі Мұстафа Шоқайдың күрделі тұлғасын толыққанды ашуға мүмкіндік бермеді.

Әміренің Париждегі көрінісінде француз дыбыс режиссерінің сахнаға шығуы маңызды. Бұл рөлді Абзал Арапов орындап, Әміренің дауысын жазып алатын сәтті жеткізді. Актер шетелдік кейіпкердің акценті мен сөйлеу кідірістерін дәл бейнелейді, бұл оқиғаның мәдени контекстін көрсетуге қызмет етеді. Сондай-ақ, Абзал Рашидовтың (басқа рөлде) дауысының өзге қойылымдардағыдан (мысалы, «Шоқ қыздар») өзгеше болуы – оның әртүрлі рөлдерде көрінуге талпынысын және актерлік икемділігін көрсетеді. Дегенмен, бұл сахнадағы сценографиялық және жарық шешімдері сұрақ тудырады. Авансценада отырған Абзал Рашидовтың қараңғылықта көрінбеуі – жарық берушінің айқын кемшілігі. Дегенмен, сахна алдында отырған көрермендер оның оқиғаға деген таңданысын, ішкі эмоциясын бет-әлпетінен оқи алды. Бұл актердің рөлге деген шынайы көзқарасын көрсетті.

Қойылымда бірнеше рөлді (биші, фотограф, құпия тыңшы, НКВД сарбазы) сомдаған Мақсат Қабдеш. Актердің бірнеше рөлді қатар алып шығуы – оның әмбебаптығын көрсететін әлеует. Алайда, бұл рөлдердің арасында стилистикалық және психологиялық айырмашылықтың жеткіліксіздігі көрініс тапты. Актердің пластикалық мәнері мен мінез-құлқы, тіпті киімінің өзгеруіне қарамастан, оның сахнадағы болмысы бірдей болып қалғандай әсер қалдырады. Мысалы, оның сатқын кеңесші рөліндегі кейбір мінез-құлық ерекшеліктері НКВД сарбазы рөліне ауысқанда да сақталып қалған. Бұл жағдайда актердің міндеті – әр образға жаңа тыныс, жаңа пластика, жаңа психологиялық сипат беру. 

Бірақ орындаудағы бір амплуада қалып қою әрекеті әр рөлді жеке-жеке дамытуға мүмкіндік бермейді. Әсіресе, солдат образында айқын контрасттың болмауы – биліктің қауіптілігі мен тұлғасыздығын көрсету тұрғысынан – драматургиялық әсерді әлсіретеді. Қойылымдағы бұл кейіпкерлерді біркелкі орындау актердің образдық трансформациясына кедергі келтірді. Актердің әмбебаптығына қарамастан, орындау шеңберінде бір ғана стилистикаға арқа сүйеуі – оның кәсіби шеберлігінің негізгі көрсеткіші саналатын әртүрлі образдарды сомдау қабілетін шектейді.

Оразалы Игіліктің Әміре монологы кезіндегі Ақанды сомдап, Құлагерді жоқтаған сәті қойылымның ең күшті эмоционалдық тұсы болды. Бұл эпизодтағы актерлік ойын шынайы, асыра сілтеусіз (әсіре ойнамайды) әрі жеткіліксіз ойнамау (недоигрывать) шекарасында ұсталып, үлкен кәсібилік танытады. Актердің ішкі энергиясы мен ойлы пластикасы соншалық, сахнаның өзі де оның ықпалына бағына бастағандай әсер қалдырады. Қойылымның қарқыны басынан аяғына дейін түспей, көрерменді бір тыныста ұстап отырады. Бұл – актердің кейіпкерге беріле ойнауының нәтижесі. Қойылым аяқталғаннан кейін де актер Оразалы Игіліктің бірден рөлінен шыға алмай, Әміренің күйінде тұрып қалуы – оның кәсіби шеберлігінің шыңы. Бұл – актердің кейіпкерді ойнап қана қоймай, онымен біте қайнасып, оның тағдырын іштей кешкенін көрсетеді. Бұл сәт көрермен үшін де, актер үшін де ұмытылмас әсер қалдырды.

Көрермен залындағы реакция – қойылымның шынайылық деңгейі мен көркемдік қуатының басты көрсеткіші. Әміре Қашаубаевтың өнерін жалғастырушы, дәстүрлі ән өнерінің танымал тұлғасы – Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Қайрат Әукенұлы Байбосыновтың спектакль кезінде көзіне жас алғаны – бұл қойылымға берілген ең жоғары баға.

«Әміре» қойылымы – тек тарихи тұлға туралы баяндап қана қоймай, көрерменді ой толғауға жетелейтін, театр өнерінің қуатын сезіндіретін көркем туынды. Қойылым соңында режиссер Асхат Маемировтың шақыруымен Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов сахнаға көтеріліп, Әміре рөлін сомдаған Оразалы Игілікке: "Оразалының да дауысы Әміреден кем емес" деген бағаны берді. Бұл – спектакльдің шынайылығының, халық жүрегіне жеткендігінің айқын дәлелі. «Мәселе залдың кеңдігі емес, отырған халықтың жүрегі» деген пікір осы жерде өзінің ең маңызды мәнін табады.

Нұрсая Қайрат, 

Қ.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan