Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЭССЕ
/
Тұрсын Жұртбай. Қырық серкештің біріне татитын олж...

Тұрсын Жұртбай. Қырық серкештің біріне татитын олжа (эссе)

02.04.2026

245

Тұрсын Жұртбай. Қырық серкештің біріне татитын олжа (эссе) - adebiportal.kz

Тау баурайындағы жазушылардың шығармашылық үйіне он күнге жолдама алып, ақшам үйіріле орналастым. Таңертең тоғызға он минут қалғанда асханаға бардым. Дастарқандастарым – Марат (Қабанбаев) пен Жұматай (Жақыпбаев) екен. Екеуі де сопиып, қолдарын қусырып отыр. Еркінси шәйнектің тұтқасынан ұстай беріп ем, Марат: «Тоқта, қимылдама. Күтіп отырмыз. Өкпелеп қалады», - деді. Кімді күтіп отырмыз, неге өкпелейді?

– Ғабең келіпті. Ана ақсақалдарды көрдің бе, бәрі де екі қолдарын алдарына сап, сол кісіні күтіп отыр. Тура тоғызда кіреді. Егер, біреулердің тамақ ішіп отырғанын көрсе бітті, өкпелеп, теріс бұрылып кетеді. Бұдан кейін кешігіп келмесек болмас», - деді қыжылмен.

Зады бұл Ғабеңнің «Күнделігіне»: «Жат қолында» аяқталды, «Қайран Майраны» бітірдім. «Екі Мұхтар» деген бес-ақ бет мақаланы бес күн жаздым. Енді осымен соқаны суыратын шығармын. 19. VІІ.84.» (169-бет), - деп жазған уақыттың тұсы болуы әбден мүмкін. Өйткені, келесі жылғы өмір сыбағасы Ғабеңе басқаша бұйырды.

Сонымен… Іле, есік ашылып, маң-маң басып Ғабең де кірді. Асхана ішіндегі күбір-күбір тиылып, тым-тырыс бола қалды. Ғабең екі-үш аттап барып тоқтап, мұқым асханада отырғандарды көзімен шолып шықты. Содан мамырлай басып ең төргі дастарқанға отырды. Қасында Ғалекең – Ғалым Ахмедов дегдар. Маңғаздана отырып, жан-жағына тағы да қарады. Бәрі де қимылсыз. Бір кезде шанышқының ұшымен бір түйір дәмді ерніне апарды. Сол-ақ екен, асхананың іші шақыр-шұқыр болды да кетті. Бәрі жапатармағай асқа кіріскен. Марат сондай ашқарақ еді. Тамақты тез ішетін. Мен бір кесе шәйді ұрттап болғанша, ол таңғы асын ішіп бітіп, тықырши бастады. Сөйтсем, Ғабең орнынан тұрмай, ешкім қозғалмайды екен. Онда түскі тамаққа келмей қоюы әбден мүмкін екен. Әйтеуір бір уақытта Ғабең ырғалып барып орнынан көтерілді. Ілезде асхана бос қалды. Әдетімше, таңғы шәйді қанып ішіп, онға он бес минут қалғанда темекі тарту үшін сыртқа шықтым. Темекімді асығыс тұтатып, аттай бергенімде, шыға берістегі оң жақтағы орындықта отырған Ғабеңді көрдім. Лездетіп қолымды кеудеме апарып, ассалаумағалейкумдетіп өте беріп ем:

– Ііі-ік! - деген Ғабеңнің үні естілді.

– Ассалаумағалейкүм, Ғабе. Жаңа амандастым ғой, - дедім сасқалақтап.

– Ііі-ік, - деп таяғымен есікті нұсқап, орнынан баяу ырғалып тұра бастады.

Қолтығынан демейін деп ұмтылып ем, қабағын түйе қарады. Сүйеме дегені. Лып етіп есікті аштым. Ішке кірген соң тағы да қолтықтай беріп ем, бұл жолы тіпті сұстана қарады да, бойын тіктеп, кеудесін жоғары ұстап, кербездене басты аяғын. Сөйтсем, кезекші қыздар қарап тұр екен ғой. Соларға сексендегі серінің көрсеткен қыры, өзінше намыстанғаны екен. Баспалдаққа таяғанда сытылып кетуге ыңғайланып шегіншектей беріп ем таяғын нұсқап, алдым түс дегендей белгі беріп:

– Ііі-ік, - деді.

Жазған құлда шаршау бар ма, соңынан ілестім. Бөлмесі екінші қабатта. Ал, көтеріліп болсашы. Асықпай, баппен екі жаққа кезек шайқала басады. Оң аяғын көтергенде – жаз шығады, басқан кезде – күз болады, сол аяғын көтергенде – қыс түседі, басқан кезде – көктем шығады. Не қолтығынан деметкізбейді, өйткені келіншектер қарап тұр ғой, Ғабеңнің сәні кетіп қалады емес пе! Қойшы, шәй қайнатым уақытта екінші қабатқа көтерілдік. Өзінің тұрақты №2 бөлмесі бар.

– Ғабе, кілтіңізді беріңіз, есікті ашайын, - дедім пысықсып.

Кілтті алақаныма сұлық тастай салды. Ойым: есікті тездетіп ашып, бөлмесіне кіргізе сап, зытып беру. Жататын бөлмесінің де, жұмыс бөлмесінің де есігін қатар ашып, жатар бөлмесіне қарай қолымды созып ем, таяғын бұрышқа қойып:

– Ііі-ік, - деп жұмыс бөлмесіне беттеді де сәл аялдап, иегін көтерді.

Түсіндім. Түсінгенде, адуынды арыстанның торына мықтап түскенімді түсіндім. Амалсыз, қатар тұрған үш орындықтың ортаңғысына барып отырдым. Көзімді Ғабеңнен алмаймын. Көзі, қас-қабағы, қолы бәрі де назарда. Мүлт жіберуге болмайды. Бір емеурінін, не ишарасын қағыс қалдырсам, міндетті түрде қабағы кіртие қалатынын білем. Алдыңғы жиған тәжірибелерім соны үйреткен. «Қайдан ғана темекі тарта қалдым екен, енді мына тордан қалай аман құтылам. Қалайда қыбын табайын» - деген оймен сергек отырдым.

Кең бөлме. Терезеден Алатаудың шыңдары асқақтай ағараңдайды. Қырынан қойылған жазу столына ырғала басып отырды. Ұзақ тербеліп барып, темекі қорабын алды. Одан бір тал шылымды жайымен ғана ерніне апарып, қисайта тістеді. Содан кейін жәйімен тартпасын ашып, шақпағын алды. Сосын шылымын баппен тұтатты да, ұзақ сорып барып, орындыққа маңғаздана шалқая беріп, сондай бір өлшемді деммен түтінін сыртына сыздықтата шығарды. Бұл рәсім кем дегенде он минутқа созылды. Қашанғы қаздиып отырам, сау болыңызды айтуға ыңғайлана беріп ем, сезе қойды да, босаға жақты иегімен нұсқап:

– Ііі-к, - деді.

Бұрышта тоңазытқыш тұр. Сонша саңлаусыз емеспін ғой. Тағы да түсіне қойдым. Тоңазытқышты ашып қалсам, ішінде зәмзәм суынан бастап, құрма, өрік, мейіз, қазы, қарта, жал, жая, шөп-шалаң, ақ пен қызыл, хрусталь тостақ сыңсып тұр. Мәселе енді басталды? Дастарханға не қоямын? Көңіліндегіні таппасам, Ғабеңнің сыры өзіме мәлім, қылт ете қалуы мүмкін. Қияметтің көкесі сонда басталады. «Қысылғанмен жан қалмайды». Тәуекел. Қазақы дәм ғой деп ырымдағансып қазы-қартаны, тіске басар шөп-шалаңды, шанышқыны, су ішетін фужерлерді столға алдымен қойдым. Ендігі таңдау қиынға соқты. Басталған және басталмаған шөлмек тұр. «Жарымаған Жұртбаев» демесін деп, ашылмаған, сол жылдары аса қат есептелетін «Абсолютті» таңдадым. Қаздиып «Қазақстан» мен «Армян коньягі» тұр. Екеуі де ашылған. Ал, енді қайттым? Қайсысын аламын. Көңілін таппасам, «Ііі-к» деп томсара қалатыны анық. Екеуін де алдына қойдым. Енді, рюмкелердің кезегі келді. Не де болса деп, 25, 50, 75, 100, 200 грамдік рюмкаларды қатарластыра тізіп қойдым. «Боржоми» мен «Сарыағаштың» қайсысын құямын? Ебін тауып, екі фужерге екеуінен құйып, алдына тақадым. Енді, «Абсолютке» кезек келді. Әдеп сақтағансып шөлмектің ауызын 50 грамдыққа тақай беріп ем, қабағы түйіле қалды, одан 75, 100 грамдыққа апарғанымда да қабағы ашылмады, 200 грамдыққа орталай құйсам да қабағы жазылмады, амалсыз, лықа толтырдым. Коньякқа келгенде жаңағы әдісті қайталап, 75 грамдықтан төмендете жылжыттым. Сол кезде «Ііі-к» деп қозғалып, баппен тартпасын ашып, бір қорапшадан оймақтай ғана, тіпті оймақтан да кіші, шынашақтың басындай ғана көзені алып шығып, столға қойды да: «Бізге осы жарайды», - деді. Астафиралла, Ғабең де сөйлейді екен-ау. Көзесі бар болсын, ауызының кішілігі сондай, сыртқа құйып алмайын деп тырысып отырып, екі тамшы құйып ем, мөлтілдеп шыға келді. «Уһ» деп шегіне беріп ем, көзесін көтеріп: «Ііі-ік», - деді. Тағы да әдеп сақтағансып елуден асқан соң жұтуды саябырсытып ем, қабағы тағы да түйіле қалды. Тәуекел. Күнде Ғабең сыйлай бермес! Мен де тауыстым, ол кісінің де қабағы ашылды. Су мен шанышқыға қарай ұмтыла беріп, тосылып қалдым. Асханадағы оқиға есіме түсті. Ғабең екі қолын алдына салған күйі үнсіз отыр. Қой, пәлесінен аулақ. Көңіліне келіп қалар. Ауызбастырыққа жоламадым. Орныма отырдым.

Ғабең өз-өзімен болып, темекісін тұтатып, сыздықтата ұзақ тартты. Менің мазам кетіп барады. Мұнысы қалай, не сұрайды, жазушылар одағының ішіндегі жағдай ма, жоқ нақты бір адам туралы білгісі келе ме, әлде, менің сын бөлімінде істейтіндігімнен хабардар Ғабең, әдебиеттің жаңалығын сұрай ма? Әйтеуір, өзімнің бірінші боп сөз бастамау керектігін білемін. Ол әдепсіздік болады. Бір уақытта тағы да «Ііі-ік» деді. Жазған құлда шаршау бар ма? Бұл жолы еркіндеу қимылдадым. Ғабең тағы да басыртқыға қол созбады. Бұл неғылған үнсіз, тылсым жаза, мені сынап отырғаннан сау ма өзі. Бір жарым сағат болды, әлі бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бұл жолы паузаны ұзақ ұстап, темекісін баптап тартып, арасында қозғалақтап қойып, менен көзі алмай бағып отырды. «Адамның ойының портреті жүзінде дегім – келеді» («Күнделіктен», 97-бет), – деп Ғабеңнің өзінің жазғанына қарағанда, менен тапжылмай көз алмай отырғанда, менің жандүниемдегі құбылыстарды оқып отырған болды ғой.

Қайдан ғана алдынан шыға қалдым, қалай құтыламын, бұл не сынақ, апырмау! Дегенімше, тағы да «Ііі-к», - деді. Енді қысылатын не қалды. Батылырақ қимылдадым. Сескенбей тартып жіберіп, отыра беріп ем, Ғабең, о, тоба, «Боржомиге» қолын созып, ернінің үшін тигізіп, бидайдай ғана етті таңдайына салды. Отыра бере, «Сарыағашты» құныға жұтып, қазыны қос қабаттап шаншып, аузыма толтыра асадым. Асадым да, отыра бергенім сол еді, тыныс алдырмастан ырғалып қойып, ұмсына отырып:

– Баста! - деді.

Ой, Алла-тағала-ай, «Бастасы» несі, мен бұйымтай айта келген жоқпын ғой. Әлде, әлдебір астарлы емеурінін аңғармай, не түсінбей қалдым ба? Нені бастаймын? Әлгі үш «200»-дің де буы болар, не сұрайтынын біліп отырған адамсып:

– Қайсысынан бастайын, Ғабе? - дедім батылсынып. Ыңыранып, ырғалып, езуіне мысқал үйірілгендей боп, нығыздалып барып:

– Мен де кереймін-ғой! - дегені.

Ой, Алла! Не дейді, керейі несі. Бұл кісінің руында менің жұмысым қанша. Керей болса, қайтейін. Неге бұл сұрақты маған қойып отыр? Екі сағат бойы арбағанда осыны айтайын деп арбады ма? Қайдан ғана тап болдым? - деп отыра бергенімде көзім алдымдағы жаюлы дастарқанға, босаған шөлмекке, қазы-қарта, жал-жаяға түсті. Сонда мына сыйдың бәрін керейлігін білдіру үшін жасап отыр ма? Тоқта, «Мен де кереймін» дей ме. «Мен де кереймін» деп, неге «де»-ні қосып айтады. Тағы кім керей еді, біреуді меңзеп отыр ғой. Апырмай, керей десе тосылмай, жортақтап кетуші едім ғой. Керей дей ме, керей… деп күбірлей бердім де кенет ойыма осыдан бір апта бұрын «Қаламгерде» Сафакеңе – Сафуан Шәймерденовке айтқан сөзім есіме түсе кеткені. Баяғы сол, менімен емін-еркін тәжікелесе бертін Баянғали Әлімжанов: «Сафаке, мұны несіне еркелете бересіз. Керей, керей деп жездемсініп, апайыма арқа сүйеп, барлық керейге ер-тоқымын теріс ерттеп мініп, күн көрсетпейтін болды. Кегімді бір алып беріңізші», - демесі бар ма. Сонда Сафакең: «Қой, барлық керейді басына бермес. Солай ма, Тұрсыкен?» - деген кезде: «Маған бәрібір, тек таза керей болса бітті, кез-келген керейдің шаруасын үш-ақ минутта бітіріп жіберемін», - деп жауап беріп ем. «А, солай ма, солай де. Жарайды, оны да көрейік», - деген. Ал, күні кеше Сафакең келіп, Ғабеңе сәлемдесіп кеткен. Е, сонда әлгі әңгімені Ғабеңе айтып: «Тұрсын бізді сөйтіп бір шоңқитып кетті. Ол да осында екен. Сізден басқаның тісі батпайды. Өзін ұстап ап, бір тұқыртып, кегімізді қайтарып беріңізші. Сіз де керейсіз ғой», - деген болды ғой. Содан басқа Ғабеңнің мені: «Мен де кереймін ғой» – деп «де»-ні қосып тұқыртатын сылтауы жоқ. «Абсолюттің» де абсолютті күшіне кіре бастаған қызуы ма, кім білсін, отыра беріп:

– Ғабе, бітіп кетті емес пе! - дедім.

Ғабең «Аа!» - деп маған аңыра тіке қарады. Мен алдымдағы дастарқанға қарадым емеуірін етіп. Егер әлгі Сафакеңнің жұмсағаны рас болса, онда мәселе шешіліп бітіп кетті емес пе. Өзі қонаққа шақырса, қазы-қарта, жал-жая тартса, «Абсолютпен» сусынымды қандырса, одан артық не керек. Істің бітіп кеткені сол емес пе! - деген емеуірінімді ойланып барып түсініп:

– Иә, солай екен ғой! - деді дауысын соза. – Менің де шаруамды бітіріп жібердім де. Енді сен Еркеғалиға барып, соның шаруасын бітір. Оған тапсырып қоямын. Ал, ана қымызды бөлмеңе алып кет. Күнде сағат онда бөлмеге кеп, қымыз ішіп тұр. Ұмытпа, - деп орнынан қозғалды.

Дастарқанды жиып, бес литр қымызды алып, төртінші қабаттағы бөлмеме келіп, енді түскі асқа жинала бастағанда есікті қағар-қақпастан Марат асыға басып кіріп кеп:

– Ғабеңмен не сөйлестіңдер, ей? Тура сағат онда кіргенсің. Екі жарым сағат отырдың. Таң қалдым, - дей бергенде, есікті еппен ашып, жұмсақ басып Жұматай:

– Біздің де қатарымыздан Ғабеңмен үш сағат сөйлесе алатын адам шықты ғой. Тәубе. Сен үшін мен жуып берейін, - деп басталған шөлмекті ортаға қойды. Сөзіміздің аяғы жиылмай есікті сатыр-сұтыр ашып:

– Қазақ жазушыларының арасында Ғабеңмен мен ғана бір сағат сөйлесе алатынмын. Ал, сен тура екі сағат қырық бес минут отырдың. Сонда, не сөйлестіңдер, ей? - деп екпіндей сөйлеп Сәкен (Жүнісов) ағамыз кіріп келді.

– Енді мәселе көп қой. Қазақ әдебиетінің, әлем әдебиетінің даму бағдары деген сияқты…, - деп жорта жөнелдім… Е, абзал аңғалдарым-ай, менің тозақ пен жұмақтың арасынан шыққанымды қайдан білсін.

Сөзімде тұрып, Ғабеңнің бөлмесіне күнде сағат онда барып, қымыз ішіп тұрдым. Кейде өзі жоқта, бөлмеме алып та кететін болдым. Сөйтсем, осы сынақтардың барлығы Ғабеңнің мені өзімсінгені екен ғой. Ол кісінің әзілі мен мысқылы аралас, мысқылы – әзілге бергісіз, әзілі – мысқылға бергісіз астарлы емеуіріндерін дер кезінде терең түсіне алмағаным өкінішті. Өзінің Мылқау палуанға қарата «ол халықтың тілсіз өкілі» – деп айтқанындай, Ғабең де – дегдар Ғабит Мүсірепов те ұлтымыздың астарлы-емеуірінді, тылсым тұлғасының нақ өзі еді. Шіркін, сол емеуіріннің қаншасының астары ашылмаған күйі кетті десеңші!

Ал, керейлердің еш жазығы да, бұл араға қыстырылатын себебі де жоқ еді. Онда қазақтың нағашы-жиендерінің, жезде-балдыздарының арасында дәстүрге айналып кеткен жарасымды базына ғана бар. Оның тағдырлы ілігі мынада: менің 16 жастағы әкем Құдакелді атты шабарман бозбала 1918 жылы 24 көкекте Ахмет Байтұрсыновтың хатын Алаш жігіттерінің (әскерінің) сардары Садық Аманжоловқа жасырын апарып беріп, жауап алып келгені үшін қамалған кеңес түрмесінен үш рет: әуелі отыз екінші жылы Алматыдағы Тастақтағы түрмеден, содан кейін Аякөзде қолға түсіп, Шолпандағы қызыл әскер лагерінен, одан сытылып шыққанда тура шекарада ұсталып, үшінші рет Мақаншыда ебін тауып сытылып шығыпты. 39-жылы Ике Әділев пен Зият Шәкәрімовтың қатарында тағы да ұсталған. Бағына орай, сол кезде (1936) Семейде Ет комбинаты ашылып, оған түрме мекемесі де мал өткізуге міндетті болады. Төрт қиырдан – Ноғайсібір мен Монғолияның, Ақмола мен Шығыс Түркістанның аралығындағы айшылық алыс жерден жиналатын малды көктемде жиып, семірте жайып Семейге айдап әкелу үшін жол мен суатты, малдың жағдайын жақсы білетін адам іздегенде, әйгілі қашқын Құдакелді естеріне түсе кетеді. Міне, содан бастап оның «сандыбадтық сандалысы» басталады. Әуелі шешем Хадиша қоспен қоса көшіп жүреді. Он үш құрсақ көтерген екен. Он бірі жолда шетінеп кетеді. Бір қызын (Айымхан) аман сақтау үшін немере ағасы Ескендір бауырына басады. Содан ел арасында: «Хадишаның жатыры қағынған. Бала тоқтамайды», - деген қазақы сумақай сөз тарайды. Жастары да елуге жақындап қалған кез. Содан мен бойына біткенде шешемнің шешесі, керей қызы Нухан қыстауда жалғыз қалған шешемнің қасына келіпті. Іле сіңілісі Туханды шақыртып алады. Бір бөлмені шымылдықпен екіге бөліп, мен туғанда шешемнің өзіне де көрсетпей етегіне салып, сол шымылдықтың ішінде ешкімді кіргізбей бағыпты. Емшек емізбек түгілі Хадишаның шымылдық жаққа қарағанын жақтырмайды екен. Сөйтіп, емшек сүтін ембей, бір бөлмеде тұрсақ та ата-анамды жатырқап, бес жасыма дейін керейдің екі қызының әлпештеуінде болыппын. Әжесінің баласы ерке келеді. Тілім шыға салысымен «керейлету» басталды. Әуелі: «Керей елдің серкесі» дегеннен басталды, ақыры елу бес-елу алтыншы жылдары Нухан мен Тухан әжемнің ақсақалды-қарасақалды, түбіт мұрт туысқандары іздеп келгенде, «керей сақнасына» ашық шықтым. Қойны-қонышымды көрімдікке толтырып: «Кәне, әжесінің баласын көрейік» – деп қауқылдаса ұмтылғанда менің «керейлетуім» де басталды. Қазір де айтуға қымсынамын, керейдің қос қызы – әжелерімнің үйреткен боқауыздарын әрқайсысына арнап сықпырта жөнелдім. Ренжу қайда, керейлерім одан әрмен өзімсініп: «Өзімізге тартқан екен» - деп қойып бұрынғыдан бетер бауырына басады. Көкдөнен тайды бәсіреме беріп, өздері үйретіп беріп кетті. Екі әжемнің көзі жұмылған соң мен әке-шешемді саяқси жатырқап, «қияңқы ұл» атанып, үйге жоламай ел кезе беретін едім (Ол кезде ел іші еркінси бастаған). Бәрі де: «Ой, әжесінің баласы келді!» - деп қауқылдасатын, ара-арасында «керейлетіп» боқтағанымды айтқызып, қарқылдаса мақтап, шақпақ қант беретін. Мен мәз болам соған. Мұндай өтінішті керейлердің өздері де жиі айтқызып: «Қайран, намысқой Нухан мен Тухан апайымыздың көзі ғой. Елін, бізді ұмытпасын деп үйретіп кеткен екен-ау!» - деп кәукілдесетін және өле-өлгенше (Ғабеңмен «керейлеткен» кезде көздері тірі болатын, айтып бергенімде: «Есемізді бір қайтарған екен!» - деп иықтары көтеріліп қалған) алдымнан жүгіріп шығып, киімімді іліп, төріне шығарып, бәйек болатын еді, жарықтықтарым. Менімен қатар оқыған ұл-қыздары намыстанып: «Бізді неге сөйтіп еркелетпейсіңдер осы?» - деп күйіп-пісетін. Мен одан бетер марқадамситынмын. Кейін әдетіме айналып кетті. «Керейлетпесем» олар да «ренжітіп алдық па» деп бәйек болады. Ал, «керейлетпесем», ана екі әжемнің әруағы риза болмайтындай өзімді кінәлі сезініп, қоңылтақсып қаламын. Ал, Баянғали сияқты «жиендетіп, жезделетіп» желетін қуларды бидайша қуыра жөнелем. Өзім, содан екі әжеме қатар еркелегендей масаттанып, рақаттанып қаламын. Содан ғой, Баянғалидың құрған қақпанына түсіп, Сафакеңнің қармағына ілініп, арыстанның ауызына түсіп жүргенім.

Несі бар, қазақы дәстүрлі тағылымның арқасында Ғабеңнің қолынан дәм таттым, бір апта бойы қымызына қандым. Ол да, қырық шыбар тайға болмаса да, қырық серкештің біріне татитын олжа. Әй, Ғабем-ай, өзімсіп отырып бауырыңа үнсіз тартып, мысыңмен тұншықтырдың-ау! Несі бар, қай жиен ел боп жарытқан дейсің? Біз де соның біріміз. Бір дулы мәжілістен шыққанда Ғабеңе сәлем бергенсіп, еңкейе беріп: «Ғабе, ана «керейлетудің» мәнісі былай», - дей беріп ем: «Білем», - деді. «Оған себепкер менің үлкен әкем Ахаң – Ахмет Байтұрсынов» - деп сыбырлап үлгердім. «Солай ма?» - деп сондай бір маңғаздықпен ұзақ қарап қалды. Сол кезде Сафакең кеп қолтығынан демеп, бұрып әкетті. Ғабеңді ту сыртынан бағып мен қалдым. Демек, бұл «дәстүрсіз дәстүрдің» себебін Ғабең сол кезде-ақ алдын-ала біліп алған болды ғой. Өйткені, барлаушылары сенімді, ұқыпты, тиянақты, өтімді адамдар. Уа, қайран сылаң сері Сафакем-ай (Сафуан), өстіп те додаға сап жібердіңіз-ау. Рақмет, тәлімді тәсіліңізге! - деп қазір де ризашылықпен еске аламын. Ал, Баянғали ма, Баянғали Астанаға ауысқан соң, ес кіріп, «сіз, біз» дей қалыпты. Әй, айызымды қандырып тұрып сыбағасын беріп ем, қазір тілі қайтадан кәлимаға келіп, «бәрі апайымыздың арқасы» дегенге қайыра көшті. Е, бәсе, бір керейді бас білгі жасауға әлі де жарайды екеміз.

Тәубә. Тек, қиылып тұрып өтінерім, мына мен жазған керейдің – қазақтың руына да, рулы елге еш қатысы жоқ. Жәй, өзімсініп «керейсінген», керейдің қос қызының құшағында бес жыл бойы иісі мен тері сіңіп, ақ сүтін еміп, күнін көрген сіңбенің сүйкемесі ғана деп қабылдаңыздар. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan