Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Қуаныш Жазай. Қара қазан (поэма)...

Қуаныш Жазай. Қара қазан (поэма)

28.03.2026

248

Қуаныш Жазай. Қара қазан (поэма) - adebiportal.kz

1.
Жаңа күн,
Жаңа ғасыр,
Жаңа заман, 
Сабылған әрлі-берлі қалада адам. 
Ортасын бұзып-жарып қаңбақ өтті, 
Еріксіз таңырқадым қарап оған.

Желаяқ күндерімді бір есіме ап, 
Артынан зорға келем ілесіп-ақ. 
Ол неге желге қарсы домалайды?
Қалада не істеп жүр ол? –
Міне, сұрақ!

Неге оны байқамайды мына дүрмек, 
Әркімге үңілемін сұрағым кеп. 
Ойымды оқығандай тоқтатты қарт:
– Қоя ғой сұрағыңды, шырағым, – деп.

«Қария, елес көре бастадым ба?..»
Құдай-ау, сұратпастан қас-қағымда, 
Долы жел ұйытқи соқты, 
Тозаң түсіп, 
Көзімді қайта жұмып-ашқанымда:

– Қоя ғой сұрағыңды, шырағым, – деп
Қаңқа тұр.
Шегіншектеп құладым кеп. 
Астыма текеметін төсей берді, 
Жапан дүз қала орнына тұрағым боп.

Не тылсым?
Мен білмедім, 
Мен білмедім, 
Бір сәтте қалай өттім жолдың жолын?
Жаңағы сапырылысқан қала қайда?
Жаңағы дүрмек қайда?
Орнында оның –

Хан сүйек, 
                  Қара сүйек, 
                                       Дана сүйек, 
Шал сүйек, 
                    Ана сүйек, 
                                       Бала сүйек, 
Үстіме аспан құлап баратқанда, 
Әр тұстан тұра қалды дара сүйеп.

«Зәузәтім, мойыныңды маған бұр!» – деп, 
«Мен сенің анаңмын!» – деп, 
«Бабаңмын!» – деп.
Көшіріп көз алдыма алып келді,
«Ұмытпа,
Өткеніңді, балам, біл!» – деп.

Біреулер мәнсіз десін, 
Мәнді десін, 
Біреулер, мейлі, есінен танды десін.
Шашылып жатқан тау-тау сүйектердің, 
Мен айтам, сіз тыңдаңыз әңгімесін.


2.
– Кекірік атпады жер қанға тойып, 
Кісі өлсе, ел қайтпады зорға қойып. 
Тартпады көкпар қылып шибөрілер, 
Қарғалар көзін шоқып алмады ойып.

Сауысқан өлім даңқын шын ұлықтап, 
Әр талдың отырмады түбін ықтап. 
Шертпеді жел тұрғанда азалы күй, 
Ішектер ши біткенге ілініп қап.

Ауылдың ақ иттері, көк иттері, 
Оларға өлі көзін мөлитпеді. 
Жемеді адам етін...
Әлгі айтқанның,
Бұл маңда біреуі де жоқ үйткені;

Білесің, адамның да көп иттері, 
Олар да өлі көзін мөлитпеді. 
Жатпады қадам сайын бір-бір өлік, 
Бұл маңда ешкім өлген жоқ... 
Үйткені:

Ол келді! –
Танауынан ыстық ұрып, 
Зымиян күлкі ерніне қыстырылып.
Ол басқан жердің шөбі қошқыл тартып 
Тұрды да, сол заматта түсті үгіліп.

Түске еніп оны көрген күн де күрең, 
Айрылды бәз баяғы нұрлы өңінен. 
Келбеті көз суырар шырайлы алқап, 
Қуарып келе жатты бірге онымен.

Бір сойқан болатынын сезіп көптен, 
Жан-жаққа жан-жануар безіп кеткен. 
Құрт екеш құрт көрмейсің жерді қазсаң, 
Құс екеш құс таппайсың кезіп көктен.

«Ол келді!»,
«Ол келді!» – деп салып ұран, 
Қарады үрейленіп бәрі бұған. 
Теңселді тыным таппай тал-теректер, 
Кете алмай қопарылып тамырынан.

«Қалай деп кесер екен сендерге үкім?» –
Елді ойлап шерленді күн, 
Шерленді түн. 
Апшысын дүниенің қуырғалы, 
Ол келді!..
– Кім?


3.
– Өткерді:
«Мұның бәрі түс пе?» – деп күн, 
Тануға өң мен түсті күш те жоқ-тын. 
Қалжырап кеткен екен,
Хош иісі, 
Танауын қытықтады піскен еттің.

Ойлады келді екен деп аңшы жары, 
Азаптың құрсауынан аршығалы. 
Тұруға дәрмен қайда?
Өлімсіреп, 
Қарауға ғана жетті әл-шыдамы.

Бір сөніп, 
Бір тұтанып жанар оты, 
Сенбеді, 
Сене алмады – қарады екі.
Бейтаныс адам отыр.
Алдында оның –
Балбырап піскен ет тұр. 
Адам еті!

Бәлкім бұл түсі болар, 
Бәлкім түсі, 
Сонда да алқынды дем,
Шарқ ұрды іші. 
Қарманып іздей берді өз ұлдарын, 
Кішісі – омырауында.
Ал, тұңғышы...

«Бар, – деді демін басып, –
Бұл түс екен...»
Әйтсе де, көңілінде тұрды секем. 
– Апа, мен мұндамын! – деп тіл қатты ұлы,
Қараса... 
Піскен бала тұңғышы екен.

Жатқанда айыра алмай рас-жалғанын, 
Әлгі адам сұқты да екі бас бармағын, 
Тастады
(Өзге ештеңе айтқызбастан,)
Ұлының ажыратып бастан жағын.

Ал, сосын:
– Құлап-тұрдық, 
Жылап-күлдік, 
Осымен аяқталды жұмақ тірлік... –
Деді де бүлдіршіннің:
Сан етін сылып жеді, 
Кеуде етін көсіп жеді, 
Сүйегін жұта салды бір-ақ қылғып...

Ымыртта аңға кеткен күйеуі кеп, 
«Тірілтіп» алған еді сүйеуі боп. 
Көргені түсі дейік,
Онда неге, 
Ұлының киімі бар да, 
Сүйегі жоқ?..

Жиылып ертеңінде ел көбірек, 
Сүзіліп шықты барлық жер – төңірек. 
Тым құрса, сүйегі жоқ.
...Жеп кеткенін, 
Айтты ана. 
Ел түсінді ертегі деп.

...Біздің көз не көрмеді, ой, қарағым, 
Көндік-ау, 
Көнбегенде қайда амалым?
Қайран ел қайдан білсін осы ертегі,
Күні ертең ақиқатқа айналарын...


4.
– Келіннің сөзін қалай ұға аласың?
– Адам ол ет емес қой бір-ақ асым.
– Сүйегін бітеу жұта салды дей ме?
– Тәйт әрі! Құдай бұлай сынамасын!

– Ол шырақ айтқан шығар, сірә, расын?
– Кім білсін, жетпейді оған мына басым?..
...Ел іші абыр-сабыр күйге түсті, 
Жоғалтып бірі әкесін, бірі анасын.

Біреуі көрмей жатып жар қызығын, 
Біреуі әлпештеген жалғыз ұлын. 
Үй-үйді аралаған жұмбақ нәубет,
Аяусыз әр жүрекке салды зілін.

Шаң басқан домбыраңды тиегі жоқ, 
Ал, шалым, қолыңа ал да, күй еңірет. 
Апыр-ай, көкке ұшты ма, 
Жер жұтты ма,
Бәрінің киімі бар да, 
Сүйегі жоқ.

Қайғының қалыңдатып қара бұлтын, 
Қабарып ашпай қойды қабағын күн. 
– Уай, тірі болса қане?
– Өлді! – деді,
– Өлтірді! – деді бірі.
– О да мүмкін...

– Сүйегі қайда кетті?
– Көмген шығар?..
Әттең-ай, құдірет жоқ жерден сұрар.
Сол сәтте-ақ түгенделіп төбе біткен, 
Төңкеріп төмпешікті сенделсін, ал.

– Сүйегі қайда кетті?
– Жаққан шығар?..
Әттең-ай, құдірет жоқ оттан сұрар. 
Сол сәтте-ақ аударылып ошақ біткен, 
Аралап күл-қоқысты ақтарсын, ал.

Қысқасы, ісін қылды «жындандының»,
Қырдан-қыр кезіп кетті, 
Құмнан-құмын. 
Көрмеді ту сыртында әлдекімнің, 
Миықтан күліп қана тұрған түрін.

– Киімі ғана жатыр...
– Сақтай гөр! – деп,
Қыстығып үн қатқанға лап қойды ел кеп.
Жанында жаңа ғана жүрген жанның, 
Аһ ұрды сүйегін де таппай қор боп...


5.
Әлқисса, ел түскенде сергелдеңге, 
Ой-қырдан «сүйек» іздеп сенделгенде,
Көрінді қыр астынан қою түтін, 
Сол түтін қол бұлғады шерменде елге.

Сол түтін бұлтқа сіңіп мамық-мамық, 
Айналып ұшты оларды танып қалып,
Телміртіп қойды сосын отта тұрған,  
Қазанға адастырмай алып барып.

Мұншалық кірпік қақпай төне қалар, 
Ішінде сол қазанның немене бар?
...Жапанға жалғыз қонған бұл қандай үй,
Бұл үйдің иесі кім демеді олар...

Отта тұр қара қазан бүлкіл қағып, 
Ішіне үңілсеші, шіркін, барып.
Үңілу былай тұрсын, жақындауға,
Бата алмай аяқ біткен іркілді анық.

Оларды тежеген күш не сондағы? –
Бауыры,
Ұлы,
Анасы,
Қосақ-жары, 
Балбырап пісіп жатқан секілденіп, 
Қақпағын ашпады ешкім. 
Аша алмады.

Ал, мейлі, ашты делік:
Адам ба?
Адам!
Алайда, дәрмен қайда қарауға оған?!
Рас еді күдіктері...
Анығында –
Қасірет бұғып жатты одан жаман.

Ой, неткен шайпау заман,
Шайпау заман, 
Төңкеріп, жер-әлемді сойқандаған. 
– Ішінде не қасірет жатыр оның?
– Шыдай тұр, кейінірек айтам, балам...


6.
– Қазанда кімнің еті?
– Сенің етің,
Батылың жетсе ашып көр,
Көріп өкін... –
Онсыз да түгесілген төзімдердің,
Осы сөз жеткен еді шегіне тым.

Ызалы білектерді бір күш кернеп, 
Ызалы жүректерді бір күш кернеп, 
Иесін жапандағы жалғыз үйдің, 
Сұрақтың астына алды қылмыскер деп.

Қылмыскер – заты жынды, 
Аты – Қадыр, 
Осы елдің жақыны да, 
Жаты да бұл. 
Жасынан бұйығы өсті.
Қашан көрсең, 
Ойларға жүретұғын батып ауыр.

Көргенде ойға шомған мұңды кейпін, 
Ел оны еріксізден жынды дейтін. 
Қазанды көзбен бағып, 
                                          сөзден қалып, 
Түнеріп отыратын бір түлей-тін.

Күрсініп күбірлейтін сосын
(Кімге?)
Сөзі де, қылығы да тосын мүлде.
«Бәріміз бір қазанның ішіндеміз, 
Пісіріп жейді бізді!» – десін бірде.

Жасқа айтты, 
Осы сөзін кәріге айтты, 
Алдынан кім кезікті – бәріне айтты. 
Жай айтпай, 
                   кейіп айтты, 
                                        налып айтты, 
Ешбірі сенбеген соң кері қайтты.

Жоқ,
Кері қайтқан жоқ ол,
Тоқтамаған, 
Тасадан әр қимылын баққан адам,
Кім білсін, қорқытты ма, өлтірді ме,
Ел жаққа Қадыр қайта соқпады одан.

Өлмепті. 
Міне, қазір тұр алдында, 
Бекер кеп бұғынбаған шығар мұнда?
«Қазанда сенің етің!» дей ме? 
Дейді!
Ендеше, қылмыскер сол!
Күмән қылма!

Ойласаң, қисыны бар, иә, мұның, 
Қарашы, бұл қазанға сияды кім?
Жіліктеп, 
            я, жартылай асып мүмкін, 
Жемісін жеген болар қиялының?

Бәрінің осы болды жорамалы,
Жазалау...
               Тергеу...
                          Терлеу одан әрі:
– Сүйектер қайда деймін?
– Жұтып қойды...
– Кім жұтты?
– Айттым делік, не болады?

– Ей, шірік, тұрсың ішке нені бүгіп?
– Енді кеш... қайтесіңдер оны біліп?
– Айтпасаң, жаныңды алам!
– Олай болса, 
Көмусіз қаласыңдар... – деді күліп.

– Қарай гөр қорқытады,
О, сұмдығын, 
Сенсіз де көмілеміз, кешір, күнім... –
Әлдекім (ыза буып) қапияда, 
Қадырдың мәңгілікке өшірді үнін.

Тек қана көктен бұлттар, 
Сайдан бұлақ, 
Ол үнсіз қалған шақта қойған жылап. 
«Енді ешкім жоғалмайды!
Жоғалмайды!»
Осыған сенді бәрі.
Қайдам бірақ...


7.
Сүйегі басқан сайын уатылып, 
Әлдене табанынан шұбатылып, 
Шыңғырды қашып шығып піскен кемпір, 
Киімінен будақ-будақ бу атылып.

Бір қолы – қаңқа ғана,
(Несі қалған?)
Үзіліп кетердей боп есін алған. 
Иықтан саусағына дейінгі етті, 
Секілді жеңмен бірге шешіп алған.

Ел аң-таң. 
Күбір-сыбыр қай жақтан да:
– Тірідей қазанға сап қайнатқан ба?.. 
...Шыңғырған кезде түскен жақ сүйекте, 
Күйген тіл әлдене деп ойнақтауда...

– О, Алла-ай!..
– Бұл не сұмдық?..
– Кім пісірді?..
– Бәлкім... бұл... – кемсең қақты, – 
                                        тұңғышымды?..
Сілтідей тына қалды даурыққан ел,
Соңғы сөз әр жүрекке зіл түсірді.

Кеудесін ыза мен кек кернеп алған, 
Айбарлы ел үйге кірді –
Бөлме толған. 
Арнайы «жоғарыдан» келген уәкіл, 
Жеп отыр кемпір етін жеңде қалған.

Көз емес – 
Әр маңдайдан көрінген от, 
Сөз емес – 
Әр таңдайдан төгілген оқ:
– Анамды сен бе жеген?
– Әкем қайда?
– Балам ше?
Айт, оны да жедің бе? – деп.

Жақтырмай ұсқындары жүдеу елді, 
Кекірік атып уәкіл түрегелді. 
Бәрінің сұрағына басын изеп, 
Қарнын бір сипап қойып күле берді.

Сай-сайдан құлағандай бұла көшкін, 
Арыны асау еді мына «көштің».
Сабады,
Алқымдады,
Пышақтады, 
Уәкілді жеңе алмады бірақ ешкім.

Балтамен көрген еді жаншып тағы,
Жан түгіл, кеудесінен қан шықпады. 
Ашуы қазан толы судай еді, 
Басылды қайнай-қайнай қаңсып бәрі.

Сілелеп, 
Қалған кезде құр сүлдері, 
– Жынсың ба?
– Сайтансың ба?
– Кімсің? – деді. 
...Селк етті піскен кемпір...
Дәл жанынан 
Зеңбірек жер соққылап гүрсілдеді.

Жалма-жан қараша үйден атып шығып, 
Қабағы қара тастай қатып, суып, 
Зеңбірек емес, 
Қашқан ел еді бұл, 
Жоғалған қою түнге батып, сіңіп.

Ішінен:
«Не жаздым, – деп, – Алла?..» –
Жылап,
Елменен кетпек еді ол да жырақ. 
Құлады екі ұмтылып піскен кемпір,
Сылынып сүйегі еттен қалды ажырап.

Тағдыры кесті солай кесер күнін, 
Жетім жел ұзақ өксіп есер бүгін. 
«Иемнің сүйегін де жұтқан сол!» – деп,
Киімі ғана жатты о сорлының...

...Бытырап, 
Бет-бетімен тұра қашқан, 
Есінен бірі танып, бірі адасқан,
Тоқтады әудем жерде есеңгіреп,
Кеткендей төбесіне құлап аспан.

– Қаштық-ау, қаштық, қаштық, 
Қаштық кім боп,
Көрерміз кім жеңерін?!
Бастыққым жоқ!..
Бәрінің кетпей қойды көз алдынан, 
Қарқылдап күлген уәкіл:
– Аштықпын! – деп...


8.
Небір дүр – даусы жетіп жатқан айға, 
Небір дүр – шетсіз-шексіз батқан ойға, 
От бүрікті,
Оқ жаудырды,
Қақпан құрды, –
Уәкілді жеңетұғын таппады айла.

Көзсіздер содан қайтып ізгі ерлікке
Бармады, 
Күдерлерін үзген, 
Түк те
Шықпасын ұғынған соң мойынсұнды:
«Маңдайға тағдыр жазды –
Біз көндікке».

Сақ сөйлеп, 
Санап басып қадамдарды, 
Басталды тіршілігі алаңдаулы. 
Адамдар пісіп жатты өздігінен, 
Еті іріп түсіп жатты, одан қалды.

Уәкілдің қайда ауар деп бетбұрысы, 
Тасадан тамашалау – көптің ісі. 
Ал, уәкіл піскендердің жемеді етін, 
Сүйегін бітеу жұтқан жоқ,
Дұрысы:

Бүйірі шықпай,
Місе тұтпай қарны, 
Қотара салды аузына құт-қайнарды. 
Ол кірген үйдің бәрі аза тұтып, 
Ол жүрген жердің бәрі жұтқа айналды.

Жақын маң, 
Алыс аймақ – болмай бұйым, 
Ешкімнің қалдырмастан шарлайды үйін. 
Санайды ел бос киімді:
– Бүгін қанша?
– Кешеден неше есе көп...
– Жағдай қиы-ы-ын...

Ол – ол ма?
Одан сайын қиын болып,
Ел қалды отырудан жиынға еніп. 
– Арулап көмеміз бе?
– Кімді айтасың?
– Киімдер...
– Жын ұрып па киім көміп?!.

Қадамды анда да бас, 
Мұнда да бас –
Бос киім – 
Сіңіп қалған кіл нала жас. 
Бойжеткен отқа жағып отыр киімін, 
(Тыржалаңаш...)

Бар болсаң, жапырағын жайған шынар, 
Жасыршы,
Көйлегіне айналшы, 
Бар!
...Гүрс етті көне қорым. 
Бабалардың, 
Сүйегін мүмкін жұтып қойған шығар?..


9.
«Өй, мені қазанға сап пісірген кім?» –
Бұл сұрақ зәре-құтын ұшырды елдің. 
...Бетке алды жапандағы жалғыз үйді, 
Түгелдей жұтыларын түсінген күн.

Қадырдың айтқанының жаны бардай,
Сондықтан жолға түсті бәрі қалмай. 
Әйтеуір уәкіл жайлы құпияның,
Жауабы тек сол үйден табылардай.

Бір күдік: «Барма!» – деді,
Тыңдамады, 
«Қауіп бар онда!» – деді,
Тыңдамады. 
Ол үйдің иесі – Қадыр (әлгінде өлген),
Ол өлсе, от жаққан кім?
Кім жағады?

Қаншама шақырымды басып келіп,
«Тұрғаным жарамас, – деп, – 
                                       жасық болып»,
Үңілді пісіп жатқан өздеріне, 
Қазанның қақпағын ел ашып көріп.

– Өй, мені пісірген кім? 
                                           ...түсінбедім...
– Мен неге бұл қазанның ішіндемін?
– О, тоба, 
              көрдіңдер ме, 
                                      мынау мен ғой?
– Қалайша мен де осында пісудемін?

Қанша адам – сонша сұрақ...
Кенет,
Кенет,
– Соны да түсіндіру керек пе? – деп,
Қазаннан шыға келді таныс бейне, 
Үріккен ел ыға берді бөлек-бөлек.

Ол «бейне» өлмеп пе еді?
Анық өлген, 
Өлгенін көрмеп пе еді?
Бәрі көрген. 
Сенбесең, сұра соны тағы желден, 
Сенбесең, сұра соны кәрі жерден.

Бөгеп көр үркіп қашқан елді, көкем,
Тапталып...
              Сылтып басқан елді, көкем. 
«Иә, біз пісіп бара жатырмыз!» – деп,
Қазанға қайта жатты. 
Ол кім екен?


10.
Қазаннан көп дауыстар естіледі, 
Жақын һәм жат дауыстар естіледі, 
Шер, 
        Нала,
                    Кек,
                            Намыс,
                                         Зар естіледі, 
Алайда, естімеді ешкім оны.

Дауыстар тіл күлдіреп, 
Өңеш күйіп, 
Қалғанша қауқылдасты, 
Кеңесті ұйып. 
Сол «бейне» жақын барсақ есіңді алар, 
Алыстан, не дегенін, кел, естиік.

Естісек:
– От жанғалы талай заман,
Зер салып қарадың ба, алайда, оған?
Өзім де сол қазанның ішіндемін, 
Ендеше, астына отты қалай жағам?

– Сөзіңе сендік делік. 
– Көргендерің,
Қақың жоқ ертегі деп сенбеуге, елім. 
– Сен өліп қалмап па едің?
– Ол келгелі, 
Бұл маңда өлмеді ешкім,
Мен де өлмедім... –

(Бұл дауыс Қадырдікі. 
Таныдың ба?
Тірі еді, 
Сап-сау еді анығында. 
Ол сосын сөзін қалай сабақтады,
Құлақ түр, мойыныңды тағы бұр да.)

– Мысалы, сен де өлмейсің...
Жұтыласың –
Өлу сол! 
Солай ғана құтыласың. 
Ешқашан көмейі оның бітелмейді, 
Дүниенің кептесең де бүкіл асын...

– Басыма не күн туды?
Туды не үшін?
– Несіне білмегендей дүрлігесің?
Қарашы, 
Пісіп жатқан жоқсыз ба енді, 
Ал, сосын бізді жемей, 
Кімді жесін?..

– Біз неден жаза бастық? 
Неге?
Нені?
– Өткенге құр өкіну не береді?
Болғанда от – онікі, 
Біздікі – ошақ, 
Ошаққа ие болу керек еді...

– Нәлет-ай!..
– Алдыңда әлі қарғанар күн.
– Тажалды жеңер амал бар ма?
– Бар-тын:
Қазанға бір-бір уыс топырақ сал,
Сонда, бәлкім...

(Қадырдың сөзін бөліп, 
Іле содан, 
Ошаққа от тастады бір есалаң:)
– Қазан – көр, біз – мәйіт пе?
– Солай дейді!
– Мәйітті көрсетейін, міне, саған...

Бітті сөз. 
Жетті сын сәт.
Өтті қызық, 
Білемін, шыға алмады шепті бұзып. 
Әуелі қырылдады, сырылдады, 
Содан соң Қадыр даусы кетті үзіліп...


11.
Тынысым бірде кеңіп, 
Бірде кеміп, 
Күрмеліп, 
Әзер-әзер тілге келіп,
«Ал, қазір Қадыр қайда?» – 
Сұрамадым, 
Сүйектер үндемеді. 
Үндемедік.

«Сөйлеңдер, – дей алмадым, –
                                                тілің бар ма?»
Ол түгіл дәрменім жоқ қыбырлауға. 
«Әлгінде алқымынан алған кезде, 
Піскен бас кеткен шығар жұлынған да?»

Көкейде қоя алмаған көп сұрағым, 
Білмеймін, қойсам қалай боп шығарын. 
Айтпақшы, әлгі есалаң...
Алқымдаған 
Сол сұмның өзі ғой деп топшыладым.

Сол бір сұм бар ма мұнда?
Үн қатар ма?
Көрейін:
Не бар екен қымбат онда?
Әй, бірақ, оның мына сүйектермен,
Тұруға қақысы жоқ бір қатарда!

Көкейде қоя алмаған көп сұрағым, 
Білмеймін, қойсам қалай боп шығарын. 
Қаңбақты (мені осында ертіп келген),
Қадырдың басы ғой деп топшыладым.

Топ қаңбақ қашса сезіп боран барын, 
Бұл өзі жайбарақат –
Соны аңдадым. 
Алайда, бассыз қалған қу қаңқаны, 
Еш жерден көзбен іздеп таба алмадым.

Тірлікте кешкен еді қанды сүргін, 
(Мойнына арқаламақ қарғысын кім?)
Тым құрса, қаңқасын да қалдырмапты, 
Бұл, сірә, ісі болар әлгі сұмның?..

Топ қаңбақ қалай-қалай көсіледі, 
Бұл қаңбақ солай қарап есінеді. 
– Бірлік пен ынтымағы кеткендердің, 
Қашан да көретіні осы... – деді.

Көзді де, көңілді де тұман көміп, 
Үлгердім шыдам кеміп
Сұрау беріп:
– Сосын ел бірікті ме?
– Е, біріксе, 
Тізіліп мұнша сүйек тұрар ма едік?!


12.
Үйлерін дүрліккен ел жатыр жығып, 
Болмайды сөзге тоқтап, 
Ақылды ұғып. 
Жан-жағын 
                 жалмап-жұтқан 
                                            жалмауыздан, 
Жер ауып, 
Жан сауғалау – ақырғы үміт.

«Туған жер!
Ауып барам сенен аулақ, 
Дәм тартса қайта айналып келем-аулап...»
Апыр-ай, қалай аумақ мұнша жүкпен, 
Ат түгіл, сайтан да жоқ –
Немен аумақ?

«Өзге жұрт, 
Мейіріміңе бөлей гөр!» – деп,
Өзінің топырағын өгей көрмек.
Өз жерін өгей көрмек!
Қадыр басы 
Домалап кеткен жаққа жөней бермек.

Тең-тең жүк. 
Буып-түйіп бәрін алған, 
Алғанын азырқанып тағы да алған. 
Тастайды теңді шешіп қимастықпен, 
Алмақ боп бұрылады тағы жолдан.

Біріне бабасының қаны тамған, 
Біріне анасының табы қалған.
Тастауға – көз қимайды, 
Әкетуге –
Буғанын көтере алмай қары талған.

Бас шайқап, 
Қарт кісі отыр таяқ ұстап, 
Таяғын иегіне таяна ұстап. 
Елінің әпенделеу бұл қылығы, 
Күлкілі әрі сондай аянышты-ақ.

Тұтатын бірін жекжат, 
Бірін бауыр, 
Ақыры қарт кісіге бұрылады ауыл.
– Қария, көшпейсіз бе? 
– Көшер едім, 
Көтере алмай тұрмын жүгімді ауыр.

Көтеру былай тұрсын, 
Буа алмадым, 
– Жүгіңіз қане, қария?
– Мынау... бә-ә-әрін... 
Әлгі қарт сонда нұсқап таяғымен,
Көрсетті шетсіз-шексіз қыр аумағын.

Ойпаңын,
Тау мен тасын, 
Құм мен шөлін, 
Ішкен су,
Кешкен шалғын, 
Жүрген сорын –
Барлығын буды делік, 
Теңді шешіп, 
Тастауға бола ма екен бір бөлшегін?

«Көшейін, 
Ал, қанеки, көтер» – деді, 
«Көтере алмайсың ба – бекер» – деді. 
Аялап топырағын жанарымен, 
«Біз көшсек...
Жұта салмай ма екен?!» – деді.

«Қария, бір басыңда қатер неше?!
Қимасаң, жастанып ап жат, ендеше!» –
Бұл сөзді айтпады ешкім. 
Адамдар-ай,
Ажалын ұмытатын Отан десе!

...«Көшсек пе?»
«Көшпесек пе?» – ел аптығып, 
Екіұдай күйге түсті тағат құрып. 
...Ал, уәкіл таңдайының суын жұтты, 
Қазанның төбесінен қарап тұрып...


13.
Айналды, 
Қара қазан шыр айналды, 
Тап қазір бастамақ боп бір ойранды. 
Жайына құдай қалды жерде жүрген,
Құдайдан басқасы да былай қалды.

(Келмеді шын құдай да маңайға әлгі, 
Тоқтатар еді, әйтпесе, зорайғанды.)
Жоқ!
Қазан айналмады,
Айналған жоқ,
Қазанның ішіндегі ел айналды!

Апыр-ай, бұл неғылған ала құйын,
Құйынның мың бұралған, қара, биін. 
Долданып естіртпейді іштегі елдің, 
Зар-әнін,
                  аза-жырын, 
                                           нала-күйін.

Сол құйын оңды-солды лақтыра, 
                                                        ұшып,
Соғылып,
                 соқтығысып, 
                                          қақтығысып, 
Одан да қатты пісіп,
Ет-сүйектер
Сылынып жатты түсіп, 
Жатты түсіп.

Апыр-ай, 
Бұл неғылған шалқыма сәт! –
Қазанға жалаң қолын алқына сап, 
Құйынның ортасында уәкіл тұрды, 
Сылынған ет-сүйекті қарпып асап.

Айналды, 
Қазан іші шыр айналды, 
Уәкілдің жүзі ерекше шырайланды. 
(Ол қазір осындағы жалғыз құдай, 
Жо-жо-жоқ, одан бетер құдайланды.)

Хан киім...
                     Қара киім...
                                             Дана киім...
Шал киім...
                      Ана киім...
                                             Бала киім...
Оларды оңды-солды шашып жатыр, 
Қазаннан суырып ап ала құйын.

Әр киім – кекті жүрек, шерлі кеуде, 
Сұлауда.
Бүк түсуде.
Желбіреуде. 
...Әлдекім қапылыста ретін тауып, 
Қазаннан қарғып шығып қонды жерге.

Ол адам, қараңдаршы, Ана ма екен,
Таңғаны арқасына бала ма екен?
Ие, солай!
Бірі – жесір, бірі – жетім,
Қос ғәріп қалай тірі қалар екен?..


14.
Қос ғәріп – бірі жесір, бірі жетім, 
Не қалды енді мұнда кідіретін?
Ауылды алты мәрте айналдырған, 
Туған жер, бәлкім, сенің құдіретің?!

Осында байлап едің бар ғұмырын, 
Осында тапқаны ма мәңгілігін?
Ауылды жетінші рет айналғанда, 
Киімі ғана жатты барлығының...

«Осынау шетсіз-шексіз атырапта, 
Қайсы көп – бос киім бе?
Жапырақ па?» –
Сәбиін Ана дереу алдына алып, 
Толтырды аузын оның топыраққа.

Сыймайды бұл қасірет сөзге, білем,
Тек оқы,
Оқы Ананың көздерінен: 
Топырақ салмайды ешкім екеуіне, 
Осылай салмаса егер өз қолымен.

«Жұт!» – деді...
...Өзі жұтып үлгермеді,
Уәкілдің шарпығанда үрген демі,
Қасқайып тұрып алды: 
«Мені же!» – деп,
Дегені орындалды –
Бірден жеді.

Киімі ғана жатты...
Жер қақырап, 
Сәби боп шырқырады шерлі атырап. 
Топырақ кетті Ананың уысында, 
Уәкілдің қыздырды ішін сол топырақ.

«Топырақ... топырақ...» – деп аптыға тіл, 
«Топырақ... топырақ...» – деп аптыға тіл
Қатуға келмеді әлі.
Кенет...
Кенет...
Тарс етіп жарылды да кетті уәкіл.

Өзі жоқ, 
Қалды орнында қара таңба,
Басылды қара таңба ақ Отанға. 
Төгілді сау-сау етіп тау-тау сүйек,
«Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға».

Тұрды, ой-хой, қара қазан жаңғырығып, 
Екпіні көк теңселтіп, 
Тауға ұрылып. 
«Бір күні қайта айналып келем!» – деген, 
Уәкілдің сөзі аспанға қалды ілініп.

Байырғы салтанатын тапты дала, 
Қыран құс көкте қанат қақты дара. 
Үйілген тау-тау сүйек арасынан, 
Еңбектеп шығып келе жатты бала...


15.
– Еңбектеп,
Тұрдың, 
Алға қадам бастың, 
Ол енді оралмайды – оралмас күн... –
Сүйектер үнсіз қалды. 
...Қазанды мен
Ашпадым.
Ашсам қайта жаба алмаспын.

Тар жолдан өтер шақта сан тұсалып, 
Жүрмесек болды Ертеңнен қарғыс алып. 
Қазанға зер салған ем, 
Астына оның, 
От жаққан қолды көзім қалды шалып...

Үңілдім:
«Кім екен, – деп, – қас жауым ба?»
Құдай-ау, көрсетпестен қас-қағымда, 
Қоламта бықси берді, 
Түтін тұтып, 
Көзімді қайта жұмып-ашқанымда:

Жаңа күн,
Жаңа ғасыр,
Жаңа заман, 
Сабылған әрлі-берлі қалада адам. 
Домалап қаңбақ кетіп барады алда, 
О, тоба, әлі де еріп барам оған.

Тыныстап, сол-ақ екен, бой жазғаным, 
Келгені-ай әркімге бір ой қозғағым. 
Тұсымнан өткендерге:
«Қаңбақ емес, 
Қадырдың басы ғой бұл!» – дей жаздадым.

Жолымды жүйткіп аққан тасқын бөгеп,
Демімді бағдаршамда бастым. 
Кенет...
Жоқ болды әлгі қаңбақ:
– Сол қазанға, 
Қарап қой, пісіп жатқан жоқсың ба? – деп…

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan