Зор істерімен өзінің болашақ ескерткішінің тұғырын қалап кететін тұлғалар болады. Сондай тарихи біртуар тұлға, сөз жоқ, ол – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан.
Әлихан Бөкейхан – тарих жасаған, өз дәуірінің шынайы қаһарманы. Тумысы бөлек жанның өмірге келгенінен соңғы демі таусылғанша «Қазағым!» деп өтуінің өзі – құбылыс. Тарихи құбылыс!
Иә, құбылыс дедік қой, ендеше, ескі сөздікке жүгінейік: феномен (грек. Phainomenon – «көрініс», «ерекше құбылыс») – белгілі бір тарихи кезеңде ерекше қабілетімен, көпқырлы қызметімен, қоғамға тигізген ықпалының ауқымдылығымен дараланып, жалпы құбылыс деңгейінен асып, тарихи-мәдени феноменге айналған тұлға немесе құбылыс. Ғылыми тұрғыдан феномен ұғымы белгілі бір адамның немесе идеяның өз дәуіріндегі қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін тарихи құбылысты білдіреді.
Мақаламыздың әлхамында айтқандай, қазақ тарихындағы сондай феномен тұлғалардың бірі де бірегейі әрі «құбылыс» деген анықтамаға толыққанды жауап беретін әйдік азамат – аяулы Әлекең, Әлихан Бөкейхан. Оның феномендігі бір ғана саяси қызметімен немесе қоғамдық белсенділігімен шектелмейді. Ол – сан қырлы санаткер-тін, мәселен, бір қыры саясаткер, мемлекет қайраткері, ғалым, экономист, публицист, аудармашы, этнограф және ұлттық қозғалыстың стратегиялық идеологы болған сирек тұлға.
Әлихан Бөкейханның феноменінің ең басты қыры – оның қазақ халқының саяси санасын жаңа деңгейге көтеруі. ХХ ғасырдың басында Ресей империясының құрамында отырған қазақ қоғамы саяси тұрғыдан бытыраңқы, мемлекеттік басқару жүйесінен шет қалған күйде еді. Осындай жағдайда Әлихан Бөкейхан ұлт тағдырына қатысты мәселелерді ғылыми негізде саралап, қазақ қоғамына жаңа саяси бағдар ұсынды.
1905 жылғы Бірінші орыс революциясы кезеңінде ол Қарқаралыда (Қоянды жәрмеңкесі) қазақ зиялыларының басын біріктіріп, ұлттық мүддені қорғаудың саяси жолдарын қарастырды. Кейіннен бұл қозғалыс Алаш ұлт-азаттық қозғалысына ұласып, қазақ тарихындағы тұңғыш ұлттық-демократиялық қозғалысқа айналды. Әлихан Бөкейхан осы қозғалыстың саяси жетекшісі әрі идеологы болатын.
1917 жылы құрылған Алаш ұлттық автономиясы – қазақ халқының ХХ ғасырдағы алғашқы мемлекеттік тәжірибесі еді. Алаш Орда үкіметінің төрағасы болып сайланған Әлихан Бөкейхан ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалауға ұмтылды. Бұл оның тек саяси қайраткер ғана емес, мемлекет құру идеясын стратегиялық тұрғыдан ойлаған тұлға екенін көрсетеді.
Әлихан Бөкейхан феноменінің тағы бір маңызды қыры – оның ғылыми қызметі. Ол Санкт-Петербургтегі Орманшаруашылығы институтын бітірген кәсіби экономист әрі статистик болды. Ресей империясының ғылыми экспедицияларына қатысып, қазақ даласының экономикасы, жер мәселесі, мал шаруашылығы т.б. салалары туралы аса құнды ғылыми еңбектер жазды.
Әлихан Бөкейхан қазақ жерінің экономикалық мүмкіндігін ғылыми тұрғыдан зерттеген алғашқы қазақ ғалымдарының бірі саналады. Оның еңбектерінде қазақ даласының табиғи ресурстары, жер пайдалану мәселесі, отарлық саясаттың салдары терең талданды. Ғалым ретінде ол қазақ қоғамының болашағын тек саяси тәуелсіздікпен ғана емес, экономикалық дербестікпен де байланыстырды. Оның ойынша, ұлттық мемлекеттің тірегі – білімді халық, дамыған шаруашылық және әділетті басқару жүйесі болуы тиіс еді.
Әлихан Бөкейхан – қазақ публицистикасының да ірі өкілі. Ол «Дала уалаятының газеті», «Сибирские вопросы», «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Ақ жол», «Темірқазық», «Жаңа мектеп» т.б. сияқты басылымдарда жүздеген мақала жазып, қазақ қоғамындағы маңызды мәселелерді көтерді. Оның публицистикасындағы негізгі тақырып: жер мәселесі; ұлттық білім жүйесі; қазақтың экономикалық дербестігі; ұлттық мәдениет пен тілдің сақталуы турасында болатын. Әлихан Бөкейхан қазақ қоғамына жаңаша ойлау мәдениетін енгізген реформатор. Оның мақалаларында ұлттық мүдде, демократиялық құндылықтар, заң үстемдігі, азаматтық жауапкершілік сияқты ұғымдар кеңінен талданды.
Әлихан Бөкейхан феноменінің тағы бір ерекшелігі – оның ұлттық идеяны стратегиялық деңгейде түсінуі. Ол ұлттың болашағын тек тәуелсіздік пен азаттық ұранымен емес, нақты институционалдық жүйемен байланыстырды. Алаш бағдарламасында: заң үстемдігі, жердің халық меншігі болуы, білім беру жүйесінің дамуы, ұлттық әскер құру, демократиялық басқару жүйесі сияқты идеялар ұсынылды. Бұл – ХХ ғасыр басындағы қазақ саяси ойының ең жоғары деңгейі еді.
Әлихан Бөкейханның феномендігін айқындайтын тағы бір қыры – оның тұлғалық қасиеттері. Ол аса білімді, бірнеше шет тілін жетік білетін, еуропалық саяси мәдениетті меңгерген эрудит әрі интеллектуал білімпаз болған. Сонымен қатар, ол ұлт тағдырына адал қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Туған інісі Смахан төренің жазған естелігіне сүйенсек, «Әлекең «оқыдым» деп басына пайда қылмаған, мал жимаған, үй салмаған, үй тігіп, бие байлап, қымыз ішіп, қазақша дәурен сүрмеген. «Қазағым! Елім!» деп кеткен. Пара алмаған, қазақтың елін, жерін аралап көрген». Анығында, ұлт бағына туған ер Кенесары хан, Наурызбай, Сартай сынды дүние-мүлік жимаған, өзіне сарай салдырмаған, ұлтына ақысыз-пұлсыз қызмет еткен жан еді.
Совет билігі кезеңінде қуғын-сүргінге ұшырап, ұзақ жылдар бақылауда өмір сүрсе де, өзінің ұлттық ұстанымынан ешқашан бас тартқан жоқ. Оның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі оның азаматтық философиясын дәл сипаттайды.
Әлихан Бөкейхан – қазақ тарихында жаңа типтегі ұлттық көшбасшының үлгісін қалыптастырған тұлға. Оның феномендігі бірнеше фактордан тұрады: мысалы, ұлттық саяси қозғалыстың жетекшісі болуы немесе ғылыми және экономикалық зерттеулер жүргізген ғалымдығы. Сондай-ақ, қазақ қоғамында жаңа саяси ой қалыптастырған публицистикасы мен ұлттық мемлекет идеясының стратегиялық концепциясын ұсынуы. Сондықтан Әлихан Бөкейхан тұлғасы қазақ тарихында тек бір кезеңнің қайраткері емес, ұлттық жаңғырудың символына айналған тарихи феномен ретінде бағаланады.
Әлихан Бөкейхан феномені – қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлттық ояну дәуірінің көрінісі. Ол ұлттың саяси санасын оятқан, мемлекеттілік идеясын қалыптастырған, ғылым мен ағартушылықты ұштастырған тарихи тұлға.
Хош, ұлтымыздың саяси көсемі атанған Алаштың Әлиханының бүгін, нақтырақ айтсақ, 5 наурыз туған күні. Шаһбаздың туғанына мерейлі 160 жыл. Қазақ деген қорғансыз ұлттың тағдыр талайымен тікелей байланысты бір жарым ғасырлық өмір шежіресі. Қалай десек те, азапты, мехнатты тағдыр. Абай хакім сөзімен сабақтасаң, «Тағдырға тәбділ болар ма?!». Болмайды екен! Өкініш – осы.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақ мемлекеті жағдайында Әлихан Бөкейхан мұрасы тек өткен тарихтың жәдігер белгісі емес, ұлттық мемлекет құру идеясын түсінудің интеллектуалдық негіздерінің доктринасы болып, идеологиямызға айналуы тиіс.
Елдос Тоқтарбай
