Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Алмас Нүсіп. Түтінің өшпесін! ...

16.01.2019 5387

Алмас Нүсіп. Түтінің өшпесін!

Алмас Нүсіп. Түтінің өшпесін!  - adebiportal.kz

(әңгіме)

Өкінбе әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
МҰҚАҒАЛИ.

Кештің батқанын асыға күтетін. Қаншама жылдан бері солай. Төсінен жұпар аңқыған от құшақ арудың уәделі қойнына бозбала осылай асығатын. Болмаса, алғашқы неке түнін тағатсыздана күткен жігіт батып болмайтын жайбасар күнге дәл осылай жазғыра қарайтын. Ал, ол... Оның асығы мүлде басқа. Иә, қойны жұмақ, құшағы мейір ару – өзінің қосағы бар. Бірақ, оған бола емес. Оған асықпайды. Жасы қырыққа кеп қалды – жерінгеннен емес, – ақыл тоқтатқан, сабыр тапқан шақ, – әр нәрсе өз орнымен. Жер тарпып тұрған жиырма бес өткен. Басқа бір тараптан табысқан жас ойнастың көз тұманытып, тағат тауысар күлім көзі мен балғын денесі де емес. Ол – тәртіпті еркек. Әйелінің айдауына жүріп, айтағына үріп үйренген момын, «ақылды» отағасы дейтіндей емес, өз тізгініне берік. Мен-мен деген кез-келген он сегіздегі бойжеткенге бергісіз, осы отыз бесіне алғаш қосылған жиырмалық уылжы ажарымен жеткен Бибісі бар. Жолдан жолығысар жолбикелерге көз сүзер жөні жоқ. Кеш бата жетер жақсы хабар арқалаған ешкімді күтпейді. Бостандыққа асығар тұтқын емес. Басқа. Мүлде басқа.

***

Тым-тырыс. Жоқ, бұл салыстырмалы түрде ғана. Күндізгі у-шудың бәсеңсігені құлақ жарған тыныштықтан кем көрінбейтін. Тынымсыз тырбанған жұмыр бастардың барақат тауып, тыным алатын кезі. Түнгі сағат он бір жарым. Күні бойғы арқасын аямай таптап баққан екі аяқтылардың тынымсыз күйбеңінен бір сәт арылған Алматы түн дейтін қызылды-жасыл көрпесін бүркене түсіп, талықсып кеткендей. Ұйыған тыныштықты ара-тұра тіліп өтетін көліктердің гүрілі – ұйқыдағы алып қаланың ыңыранғаны сияқты.
Көк түтінді құныға бір сорып қойды.
Еее, адамдар оңайлықпен тыным таппайды. Әне, тағы бір машина. Әлде үйіне, әлде үйінен асығып барады. Бағдаршамның қызыл көзіне қарамай, осы уақта менен басқа кім жүрер дейсің дегендей құйғытып өте шықты. Атқа мінгеннің алты қап желі болатыны рас-ау. Қазір алдынан қызыл жағалылардың қызыл таяғы жылт етсінші... Пыс етіп желі шығып, әке-көкелеп жан-дәрмен жалынып жатқаны бәтшағардың. Әй, адамдар-ай!.. Қызық, қанша адам көшеде жүр екен дәл қазір. Санап көрер ме еді?! Қол жайған қайыршы, сабалақ қаңғыбастардан бөлек. Аз емес-ау. Жас кездерінде түн баласы бұлар да тыным таппаушы еді ғой. Бұл жақта күндізгі қайнаған тірлік тоқтап, тыныштыққа бөге түссе, түнгі клуб, ресторан, кафелерде қан базар енді қайнап жатыр. Әрине, әр жастың өз қызығы бар. Бастары бұла, қолдары бос кезде сайранды салып қалсын! Ертең-ақ бәрі көрген түстей тұманға сіңіп, жоқ болады. Табиғат заңы солай. Егер, жас кезінде қазіргідей үй күшік күйге түссе мұның жағдайы не болар еді? Үйлену былай тұрсын, жасына жетпей алжып, арса-арсасы шығып, адамдық кептен ауытқып кетпейтініне кім кепіл? Әлдеқайдан естіп қалған әлгі бір әңгіме...
Күлімсіреп қойды.
Ауылда болса керек, көшеде жүрген бір топ жігітті ауылдың жалғыз тыныштық сақшысы ұстап алыпты. Жайдан-жай шүйілмейді. Еріккен немелер тыныш жүре ме, әлімжеттік көрсетіп, кішілерге салық салып дегендей... Кейде тіпті ушығып та кететін. Біреудің тісі түскен, біреудің басы жарылған. Көшедегі жініккендердің төбелесінің шуынан тұрғындар ұйықтай алмаған, немесе біреудің ағаш шарбағы сынған. Шағынып келіп жатады әлгінің алдына. «Жұмысыңды дұрыс атқара алмасаң несіне жүрсің?» деп дікеңдейтіндер де бар. Амал жоқ, араласуға, жиналған тобырды көрген жерде таратуға тырысатын бейбақ.
– Бұл не жүріс? – дейді салған жерден.
– Жай. – дейді әлгілер.
– Жеті түнде көшеде нелерің бар, жатпайсыңдар ма тыныш үйлеріңде. – депті, ескертпесіне айылын да жимаған тобырға қарап.
Сол кезде жиналғандардың ішінен біреуі мырс етсе керек. Артынша:
– О, көке, жас болса мың жарымға келді, көшеге шықпаған да, огородта жүріп үйленеміз бе? – деген көрінеді.
Заңды қойылған бұлтартпас сұрақ. Мектеп оқушысы емес, зіңгіттей жігіттің айтып тұрған сөзіне инспектор да тоқтаса керек.
Басын шайқап миығынан күліп қойды. Дұрыс, жүріп қалсын. Көп ұзамай іздегендерін табады да, жатады үйлерінде.
Сұқ саусақ пен ортан қолға қыса ұстаған «Қазақстанды» ерніне апара беріп, бөгеліп қалды. «Тфуй, атаңа нәлет!» – деп лақтырып жіберді. Қашан да осы. Балконға сүйене ойға беріліп тұрып, ұмытып кетіпті. Өздігінен жанып біткен тұқыл бесінші қабаттан төмен қалықтап бара жатты. Сонша тағатсыздана күткен сәтінің әсерсіз өкінішіндей жерге құлдап бара жатқан ағараңдаған нүктеге бір қарады да, бүгіндік міндеті өткерілген, енді оның өтеуіне берілген тымырсық түннің тыныштығына бөге түсіп, пыс-пыстап жатқан өзі сияқты пенделердің қатарын толықтырмаққа теріс айналып кетті. Жұмыр жердің жарығында жан дәрмен тырбанған жұмыр бастардың сапында тыраштанып баққан. Енді ертеңгі күйкі тірлікке сақадай-сай тұру үшін ұйқыны қандыру керек.
***
Қанша әуреленсе де ұйықтай алмады. Қайдағы көр-жерді ойлап, ары да, бері де аунады. Сықыр-сықыр, сықыр-сықыр... Бітпейтін бір сықыр. Астындағы торлы темірі созыла бастаған ескі кереуеттен емес, ойылып бара жатқан жамбас сүйегінен шығып жатқандай. Соңғы кезде көргені осы. Шала ұйқымен жұмысқа барады. Маужырайды да жүреді. Кеш бата «әй, бір ұйықтамасам ба» деп үйге келеді. «Әй, бір ұйықтамасам ба» деп төсекке жатады. Сол баяғы сықыр-сықыр. Ой дейтін ой да жоқ. Бытысқан, берекесіз бірдеңе. Не ойлағанын өзі де білмейді. Аунақши-аунақши таңға жетеді. Сағатқа қарауға қорқады. Қабағы ауырлап, көзі талып, өлдім-талдым дегенде көз іледі. Іле-шала оятардың сүйкімсіз, сұңқылдақ даусы. Көз аша салып алғашқы ойы: «Қанша сағат ұйықтадым екен?». Есептеуге батпайды. Екі сағатқа жетер-жетпес екенін біледі. Соңғы кезде жабысқан ауру. Ұйқысыздық. Тек, демалыс күндері түске дейін ұйықтайды. Оған да шүкір, әйтпесе жынданып кетер ме еді! Шала ұйқы, қызарған көзбен үйден шығып бара жатады. Шаршаңқы жүз, кіреуке жанармен үйге кіріп келе жатады. Жартылай өмір сүріп жатқандай. Өзі ылғи ұмытып кетіп, өздігінен жанып бітетін темекінің тұқылы сияқты. Еш нәрсе әсерсіз. Күлсе – шын жадырамайды. Ашуланса – жорта мінез көрсетіп, өтірік қабақ түйеді. Адамдық міндетін амалсыз өткеріп жүрген секілді.
Тағы да сықыр-сықыр. Және пыс-пыс. Сықыр-сықыр өзінікі, ал, пыс-пыс... Қасындағы қаперсіз ұйықтап жатқан Бибінікі. Жастыққа басы тиісімен басталатын пыс-пыс таңға дейін миын шағып, бір толастамайды. Неше рет ыңыранды, неше рет ұйқысырап сөйледі, санайды да жатады. «Қандай бақытты!» дейді жек көре тұрып.
Сықыр-сықырға қиқ-шиқ дыбыс қоса орнынан тұрып кетті. Өзі жынданудың аз алдында жатқан адам, басқаның ұйқысын бұзып алам-ау деп абайлап қайтсін, дүңк-дүңк басып терезе алдына келді. Арт жаққа құлақ түрген. Пыс-пыс... Мырс етті басын шайқап. Неткен бақытты жандар! Әйелі жаққа жазғыра қарап қойды. Ол да өзі сияқты азаптану керек сияқты. Ең болмағанда орнынан тұрып, сенделіп жүрген бұған жанашырлық танытуға тиіс тәрізді. Маңдайынан сипап, әлдилеп отырып ұйықтатса... «Еее» деп қойды ыңыранып. Терезеден тысқа көз салған. Қала шамдары сирей түсіпті. Жұрттың бәрі пыс-пыстың астында жатыр, тек бұл ғана... Шіркін, дәл қазір ұйықтай алмай жүрген бір адам... бір-ақ адам болса өзінен бөлек. Бас сап құшақтап, бетінен шөпілдете сүйер еді-ау. Қандай жақсы болар еді. Мұң шағып, бұл азаптан құтылудың жолын қарастырар еді екі жақтап.
– Құдай-ау, адам деген өстіп қартаяды екен ғой.
Қолы терезе жақтауындағы қорап темекіге қалай барып қалғанын байқамай қалды. Бір талын суыра беріп, орнына қайта қойды.
– Жоқ, болмайды. – деді күбірлеп. Бүгінге арналған бір талы жаңа ғана балконнан төмен құлдап кеткен. Сарғыш қорапқа қимай қарап ұзақ тұрып еді.
***
Егер, сіз осы балконға қарама-қарсы немесе көрші тұрсаңыз, және түнгі сағат он бір жарымда балконыңызға шыға қалсаңыз, әлгі балконға көзіңіз түсер еді. Әрине, шыққан соң құр тұрмайсыз, алдымен қарсы жақты, іле асты-үстіңізді бір шолып шығасыз. Өзіңіздей адам қылтиып тұрған балконға көзіңіз еріксіз аялдайды. Ал, оған қарамауыңыз мүмкін емес. Қараңғыда сұлбасы анық көрінбесе де, шылым шегіп тұрғанын біле аласыз. Және, ойға бөгіп тұрған көршіңіздің шылымын ерніне ара-тұра ғана апаратынын байқайсыз. Әлбетте, жіті бақыласаңыз. Егер, өзіңіз де көк түтінсіз тұра алмайтын пақыр болсаңыз, және дүкен атаулы жабылып қалған уақта, өз темекіңіз таусылып, әлдебір үміт жетегімен балконға шыққан сормаңдай болсаңыз... Әлгі көршіңізден басқа темекіші көзіңізге түспесе, онда шын сормаңдай болғаныңыз. Күдеріңізді үзіңіз. Темекі сұрайсыз. Сөз жоқ, «жоқ» деген жауап күтіп алады. Көңіліңізге қараса, соңғысы еді деп алдарқата салуы мүмкін. Болмаса, үзілді-кесілді – ЖОҚ! Сіз шегісейік дей алмайсыз. Себебі, бөліп тартатындай бірге тұрған жоқсыз, аралық әудем жер, сіз үйіңізден шығып (мұрныңыз жыбырлап, қаңсып барасыз, берем десе тоғызыншы қабатта тұрсаңыз да төменге түсетініңізге бәс тігем), жетем дегенше, қызыл шоқ саусаққа жақындап, тіпті сөніп үлгеруі мүмкін. Оның үстіне ол... Шегіспейді. Ешкіммен. Ешқашан. Сараң болмауы мүмкін. Рас, Шығайбайға жиендігі жоқ. Өзіндік басқа себептері бар. Түсінбейсіз. Соңына дейін оқып көріңіз, түсініп қаларсыз.
***
Әсіресе, үйіне қонақ келгенде қызғыштай қоритын бір заты бар. Мұндай кезде, сарғыш қорапты «Қазақстан» өзінің үйреншікті орны терезе жақтауынан ауысып, қоңсылас төсектің бас жағына сүңгіп кетеді. Болмаса, жұмыс көстюмінің төс қалтасына. Қайда болса да, әйтеуір ешкім көрмейтін бір жерге. Түнгі сағат он бір жарымда қонақтар кете қоймаса, сол орнынан қозғалмайды. Сопақша шылымның бір талы азаймайды. Қонақтар кетпей – түгел. Сосын, ел аяғы басылған соң, жатар алдында ғана бірін суырып алып, көк түтінге айналдырады. Бір күнге уақыты ауысқанмен, әдетінен жаңылған жоқ. Оның үстіне уақыт маңызды емес. Әйтеуір жатар алдында болса... Бастысы – сол. Түтін түтеу керек. Бұл – басты қағида. Әкеден балаға ауысқан жора.
Бір тәулік – бір тал шылым. Бір тал ғана. Он үш жылдың жүзі болды, бұлжыған емес. Өзіндік ләззаты бар. Таң атқаннан кеш батқанға дейін сарыла ойламаса да, миының әлдебір қатпарында бұғады да жатады. Көшеде, яки жұмыста біреу-міреудің түтіндетіп тұрғанын көрсе еріксіз есіне түседі. Кеш батқан соң ол да... Белгісіз бір қуаныш түнге асықтыра жүр-жүрлеп тұрғандай. Қолы қалт еткенде тұра қалып будақтатып, сыртына шыға иістеніп, ысталған тіспен ысылдай сөйлер ағайындарынша есі кете құнықпады. Жұмыс бөлмесі, үйі көз ашытар көк тұманға толып көрген емес. «Негізі аз шегем, көбіне тамақтан соң ғана татам, кейде бір нәрсеге ашуланғанда, не ерекше толқыныс үстінде ғана үсті-үстіне тарта берем» дейтіндердің қатарынан аулақ. Өзінше жол тапқан. Өзіндік тастай ереже мен міндеті бар. Күніне бір тал. Бұлжымас заң тұрған жерде, көзге ұрар зиянды әрекеттер орын алмағанмен, өзіндік қиындықтар болмай тұрмайды. Кейде өкінетін. Осыған бекер кірістім-ау дейтін. Не жоламау керек еді, – түтін сормай-ақ, жер басып, көштен қалмай жүргендер бар емес пе? Не, ешқандай ережеге салмай-ақ, көңіл-күй ауанымен қалаған кезінде бұрқырата беру керек еді. Жұмыс кезінде, не басқа бір жерлерде елдің темекісіне қарап құлқыны құритыны да ештеңе емес. Төтенше қиындық басқа тараптан туған. Адам болған соң, оның ішінде қазақ болған соң анда, мұнда қонаққа бармай тұрмайды. Аннан, мұннан қонақ келмей тұрмайды. Кеш бата барып, түн ауа оралатын «құтты болсындар» ештеңе емес, қоналқыға тоқтаған, яғни жата-жастана барар, келер қонақтар. Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады дегенмен, қонаққа өзі барғаннан, біреудің өзіне қонаққа келгені оңай көріне бастаған. Үйді қойшы, қонағыңды ұйқыға жайғастырған соң, балконға шық та бұрқырата бер, Ал, біреудікіне барып, қонуға бекіндің делік. Сенің ерекше, тіпті, тұрпайы әдет-салтыңнан ешкімнің хабары жоқ. Түн болса түтінсіз тұра алмайтын шылымқор екеніңді білмейді. Жатар алдында сыртқа беттедің. Сөзсіз, үй иесі ере шығады. Өзім шығып келем, отыра бер деудің реті жоқ. Қатты қысылатын. Мұның күтпеген жерден темекіқұмар бола қалғанына таңданысын жасыра алмай жатады көлденең жұрт.
– Ее, аздап... кейде енді... өститініміз бар. – дей салады міңгірге жуық.
Әлгі үй иесі «ааа...» деп қоя салмай, тақ-тақ етіп, тақымдап қоймай бара жатса, күнделікті әдет екенін жайып салуға тура келеді. Кейбірі тіпті, бұл әдеттің сырына үңіліп, тергеуге ала бастайды. Мұндайда аузына түскен әлдебір себепті алға тарта салады. Немесе, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберетін. Сонда да, қызығушылығына тоқтау сала алмаған тергеушісі бұған бір, қызыл шоққа бір қарап, көпке дейін бас шайқаумен болады.
Ақыры, мұның «ерекше қасиетін» алыс-жақын ағайын-туыс, дос-жаран, тамыр-таныс түгел біліп болған. Таңырқаса да түсіністікпен қарауға тырысқанымен, сыртынан сан-саққа жүгіртіп жататын. «Өзіне берген серті бар көрінеді. Бұрын тоқтамай шегеді екен, ақыры ұшынып тыныпты. Содан бері жарықта темекінің түрін көрсе, ауырып қалады екен. Ол – ол ма, таң атқанша бір қорабың түк болмай қалады-мыс, иісі мұрнына бір барса өзін тоқтата алмайтын көрінеді, әйелі байғұс әреңдеп жүріп жатқызады екен».
Бұл дықпыртты естіген аузының желі, құлағының қотыры бар кейбір сумақай әйелдер мұның әйелін айналдырып, сұрақтың астына алған күндер де болған. Қуанарлығы сол, Бибісі аузына берік, бір тоға. Күледі де, қояды екен. «Е, өздерің де біліп болыпсыңдар, енді түнге қарай күйеуімді ұйықтатуға көмекке келіңдер» депті.
Тіпті, бәзбіреулер мұны әулие дәрежесіне жеткізіп, көкке шығарып қойыпты. «Осындай да, осындай, кісісі бар екен дейді. Түнде, тәулік ауысар сәтте (уақытын қалай дәл біліп алған десеңші) әлдебір қара кісі (ақ киімді аруақ, көк түтін сыпатты адам...) келіп, түртіп оятады екен де, тысқа шақырады екен. Сосын, өз қолымен бір тал шылым ұсынатын көрінеді. Қашан тартып біткенше қарап тұрады-мыс. Бәлду-бәлду, бытпырық-бытпырық...
– Оттай береді екен ғой бұ жұрт! Менде не шаруалары бар екен?! Иии... – дейтін бұл қарадай күйініп.
Әйелі күлетін:
– Жақсы емес пе? Тау қопарып, жер оймай-ақ аңызға айналып жатырсың. Алда қаншама өмір бар, әлі даңқың артып, атағың аспандай түседі. Тарихта қаласың. Темекінің жынымен жолдас болған әулие деп... – сықылық-сықылық, сылқ-сылқ. Еріксіз бұл да қосыла күлетін.
Мұның әкесін білетін, көзін көрген көне көздер ғана үнсіз бас шайқасатын. Сонда да, кейбір керауыз кемпірлер пыш-пыштап, көк есекке теріс мінгізіп жататын:
– Қайтсін байғұс, еліктегені де!..
***
Алматының орталық аудандарының біріндегі көп қабатты үйлердің бірінің бесінші қабатында ноқат қызыл шоқ жылтырайды. Тәулік ауысар тұс.
***
Тырс-тырс. Әлсіз сарын естіледі. Шығын арықтардағы қар суының болмашы ағысының үні. Дәл тұмсығының астында түнгі тұманға бөккен ақ қайыңдар сыбырласа, баяу тербеледі. Бір-біріне көктем келіп қалды деп сүйіншілеп тұрғандай. Қыстағы кір-қоңымыздан, қоқыр-қоқсығымыздан арылайық, тазарайық дейтіндей. Қуанып тұрғандай.
Жаңа өмір басталмақ.
Сарғая қурағанына қарамастан ағаш басында қыстап қалған жапырақтар көктемнің келгеніне қуана қоймайтындай. Жерге әлі де биіктен қарай тұрғысы келетіні анық. Өз орнының кезекті жас жапыраққа бұйыратынын ойлап, бұрынғыдан бетер бүрісе түсетіндей. Он сегіз мың ғаламға ортақ бұлжымас заңдылықтың өзін айналып өтпесін де сезер. Бүгін, болмаса ертең, тіпті арғы күні топырақпен қауышары даусыз. Ұзаққа бармайтын қаусаған кәрі. Жаңа өмірден үмітсіз. Мүмкін, көктемгі күзеу кезінде, жаздағы жаңбырда, ең болмаса қарашадағы қара дауылда үзіліп кетпегеніне налып тұруы да ғажап емес. Әйтеуір, ойы он сақты шарлап, шаршап тұрғаны ақиқат. Ал, ақ қайың ше? Ол құлпыра түсуді көксейді. Қандай жағдайда да жапырақ жлқтыққа айналады. Бұл – нағыз шындық.
Адам тағдырының көшірмесіндей. Алдымен жастық өтеді, ажар тозады. Өмір озады. Ұрпақ алмасады. Буын ауысады. Әр буынның өз заңы, өз заманы бар.
«Қызық, әкем өлерінде өкінді ме екен? Жарық дүниені енді қайтып көрмейтініне қынжылды ма екен? Әлі жап-жас, бар ғұмыры, бар қызығы алда тұрған бұларға, жастарға қызыға, қызғана қараған шығар. Өмір тәтті ғой. Бірақ, армансыз көз жұмды жарықтық. Өзі айтқан».
Ол көңілді еді бүгін. Ұшпаққа шыққан жоқ. Аты бәйгеден келген жоқ. Шіркін-ай дерлік ештеңе болған жоқ. Сонда да. Сергек, қунақы жүрді. Түнде қатып ұйықтапты. Өзінде жоқ әдетпен ұлы мен қызына ертегі айтып берді. Білмесе де, естігендерін жиып-теріп, құрау-құрау қызғылықты оқиғалар тізбегіне өзі де елтіп отырып, ұзақ сөйлеген. Онға кеп қалған қызы сөзді бөле береді. «Ана тілде» олай жазылмаған дейді. Мамам басқаша айтқан дейді. Мейлі, бұған бәрі бір еді. «Ертегілер ұқсай береді, бұл басқа ертегі» деген де, көсіле берген. Есесіне, мектепке биыл ғана барған ұлы аузын ашып тыңдады. Көзі бақырайып, мұның аузына кіріп кетердей емінеді. Өзінен... жоқ, атасынан аумайды. Көзін көрмесе де, «Атамның баласымын» деп жүр. Өзі үйреткен. Алғашқы қыздан кейін араға төрт жыл салып, аса уайымдатпаса да, көңілге алаң ендіріп, жүректі күпті қылып барып туған жалғыз ұл. Қыздың жөні басқа, әлде жаңа отау құрған шақ, онша мән бермеді ме, тұңғышы туғанда бұлай қуанбап еді. Ал, мына бала... Қатты қуанған. Ұл келіп еді өмірге. Ұрпақ жалғасады. Әкесі марқұм көрінде бір аунап түскен шығар сол күні. Сол, «Атасының баласы» үшін айтқан.
Ұзыншақ шылымның ортан белінен өткен қызыл шоққа қарап қойды. Бітпеші, түгесілмеші дегендей. Әлсіз, қараңғыда мүлде өлеусіреген жіңішке, ирек сызықты түтін көзге көрінер-көрінбес болып аспанға жол тартуда. Көктегі аруақтарға жердегі тірілердің тіршілігінен хабар беруге асыққан елші сияқты.
Жұрт жек көреді осы темекіні. Әуестігі жоқтардың жөні бөлек, мұнсыз тұра алмайтындар да, тіпті күніне бір қораптан асыра сілтейтіндер де жек көреді. Жек көре тұрып тартады. Атаңа нәлетті қоя алмай жүргендерін айтады. Қоюға тырысып көрмесе де солай дейді. Атаңа нәлетті...
Бұл жақсы көретін. Ел аузында дықпырт болып жүрген өзінің ерекше әдетіне бола шығар. Әлде басқа. Өзінің де басы жетпейді. Әйтеуір жақсы көретін. Құмарлығы шамалы. Әлі күнге басы айналады. Дың-дың... Рахат күйге ене тұрып, небір ойларға берілетін. Әкесін ойлайтын. Шешесін еске алатын. Бірінің соңынан бірі жүре берген. Жасы келсе де сырғақтап бойдақ жүріп алған мұны әкесінің көзі тайысымен, шешесі асығыс үйлендірді. Бол-болдың астына алған. Мұның өзі әкелмесе, өзі-ақ табатынын айтқан. Өзінің де ойында жүрген, тек әкесінің жылын күтпек еді, оған қаратпады. Сезген ғой. Жетім күйеу атандырмай құдалықты бастан-аяқ тең дәрежеде өткерді. Бибінің қолынан тура бір ай шай ішті. Ақылын айтты. Ауырмай-сырқамай ұшып түсті де, бірден бетін арыға бұрды. Айналасы бір маусымда екеуінен бірдей айрылған. Екеуі де бақытты екен, тіршілігінде шәй деспей өтіп еді, ешқайсысы тұл қалмай қатар кетті.

Балалық шағы есіне түсетін. Тентек болды. Сабақта озат болғанымен, екі күннің бірінде жағасын жыртып келетін. Уызынан жарыған, топ-томпақ бала, үлкен сыныптың балаларымен төбелесетін. Шешесі тәк-тәктағанымен, әкесі бетінен қағып көрмепті. «Ақылсыз емес, ес кіре келе қояды» дейтін, «мына балаңа тәйт демеймісің» деген шешесіне. Біледі екен ғой. Ақыл айтып, жөн сілтеп, басын ауыртып көрмепті. Тек, кейде ғана атасы туралы айтып беретін. Сондай бол дейтін. Қатты әсер ететін еді. Өзін төргі үйдің қақ төріне ілінген суреті арқылы ғана танитын, көкірегіне орнаған Қаһарман атасына еліктеп жүріп ер жетті. Ештеңе тындырып тастамаса да, ешкімнен кем қалған жоқ. Әжептәуір қызметке де жетті. Алыс-жақынға үлкенді-кішілі жақсылығы да өтті. Қатарластары сыйлайтын. Үлкендер де ризашылығын білдіріп жататын. Бірақ, тоғайып, кекірейіп көрмепті. Атасы қарап тұрғандай. Атамның баласымын деп ержетіп еді, ата аруағы назаланбасын деп, қылдан тайып көрмепті.
Әкесінің темекі тартатынын білмейтін. Қалай білсін, бұған көрсеткен емес. алғаш көргенде таңырқаған.
Сол күні ерте ұйықтап қалып еді. Тынымсыз ойын титықтатса керек. Қысқы тоқсандық демалыс кезі. Үшінші сыныпта оқып жүрген. Күні бойы сырғанақ теуіп, аққала жасаған. Ауладағы шұрылдақ бала-шаға түгел атсалысқан. Шыңылтыр аяз сынып, күн жылт еткен шуақты күні жібіскі, жабыспақ қардың үстінде армансыз асыр салған. Қас қарая үйге кіре салып, ашқан қарынды тойдырып алып, буыны кетіп, жып-жылы үйде маужырай берген. Қай уақ екені белгісіз, оянып кетті. Өзіне тиесілі төсегінде, ұйықтағанда киетін киімімен жатыр. Қашан, қалай жатқаны есінде жоқ. Көйлек-дамбалшаң орнынан тұрған. Мамасы жатып қалыпты. Қасында көкесі жоқ. Ұйқылы көзбен іздеп кетті. Балконда тұр екен. Терезеге арқасын бере, теріс қарап тұр. Таңырқай қарап сәл тұрды да, жақындай берді. Сықыр етіп есік ашылғанда, әкесі селт етіп, жалт қараған. Сол кезде көрді, көкесінің оң қолында шоғы жылтыраған темекі. Бұл аңтарыла қарап тұрып қалған. Әкесі де. Ұрлығының ашылып қалғанда қипақтап тұрған сияқты. Жымиып күліп еді сосын.
– Оянып кеттің бе, батыр? Бері кел. – деп қолын соза бауырына тартты. Құшағы сап-салқын. Бірақ жағымды. Танауына темекі түтінінің иісі келді. Ол да жағымды. Басқа ләм-мим тіл қатқан жоқ. Жылдам-жылдам, үзіліссіз үш-төрт мәрте сорды да, қызыл шоқты төменге ытып жіберді. Мұны жетелей үйге кірген.
– Қарның ашты ма? – деді бетіне үңіле.
Бұл үнсіз бас изей салды. Қарны ашпаса да. Тамақ туралы ойламаса да. Екеуі қарама-қарсы отырып шай ішті. Тамағынан түйір өтер емес.
Сол күннен бастап әкесін аңдуды шығарды. Не үшін екенін өзі де білмейді. Кеш қалай батады, солай әкесінің балконға шыққанын күтеді. Әйтсе де, бұл ұйықтамай көкесі ол жаққа аттап баспайды. Әлгі түннен кейін бірде бір рет көре алмаған. Бір күні темекісін тауып алды. Бір қорап тола. Анығында тауып алған дәнеңесі жоқ, әке-шешесінің жатын бөлмесінде керегеге жабыса қойылған шағын кітап сөресінде, мұның қолы жетпейтін биікте тұр. Астына биік орындықтардың бірін қойып, қолына алып көрген. Орнына қайта қойды. Содан бастап белгісіз бір күш сол жаққа тартты да тұрды. Әр күн сайын қолына алып көру әдетке айналған. Тиіспейді, қолына алып көреді де, қайта қояды. Сол ғана. Күн өткен сайын азайып, бітеді де, орнына іші толы жаңа қорап пайда болады. Сөйтіп жүріп... Сәті түскен бір күні бір талын суырып алып, қалтасына салып алды. Енді балконға шығу керек. Сіріңкенің жарасы жеңіл. Ас үйден, газ пешінің жанынан талай көрген. Тек, ыңғайы келсін. Оның орайы бұл күткеннен тіптен оңай келе кетті. Көкесі жұмыста. Бұл сабақтан жаңа келген. Түскі асын ішіп отырғанда аузына еркелете барын тосып отырған мамасы дүкенге баратынын айтып қалды. Бұрын бірге баратын. Ананы әпер, мынаны әпер... Қиғылықты салып бағатын. Мамасы қолын қаға қоймайды. Бұл үшін мерекеден бір де кем емес. Бармаймын деген. Бармайды. Басқа жұмысы бар. Мамасы сәл таңырқаған да, өзі кеткен. Себебін сұрамады. Ақылы кірген ғой десе керек. Ақылы кірген. Яғни, үлкен жігіт болған. Иә, ақыл кіріп еді. Ақыл болғанда қандай!
Үйде бір өзі. Жүрек лүп-лүп. Дегбірі қашып, неше күннен бері қайда барса да қалтасынан тастамай, сары майдай сақтап жүрген темекіні қолына алды. Үйде өзінен басқа ешкім жоқ екенін біліп тұрса да, ұрлана басып ас үйден сіріңке алған. Үйдегі бүкіл мүлік, кереге, төбе, бұрыш..., бәрі мұның әр қимылын төбесінен төне, үнсіз бағып тұрғандай. Қазір ғана әлдебір қалтарыстан көкесі, ия мамасы атып шығатындай. Жан-жағына анталаған үрейлі, қатал, ашулы заттарға жалтақ-жалтақ қарап, балконға шыққан. Көшедегі жұртқа көрінбестей жайланып отырып алды. Қолы дір-дір. Быж етіп сіріңке тұтатқанда селт ете түсті. Абиыр болғанда, қол мен ауыз мұның еркінен тыс, бәрін өздері атқарып жатқан. Алғаш сорғанда ащы көк түтін тамағына кетіп, қиқылдап-шиқылдап қақалды да қалды. Көзінен жас шығып кетсе де көптен көкейіне қонақтаған ісін жалғастыра берген. Келесі сәтте-ақ ебін тауып алды. Абайлап сорады да үрлейді. Сорады. Үрлейді. Сақтықты ұмытқан. Үууп... Пүууу... Үууп-пүууу. Бітті –ау ақыры. Терең күрсіне бір дем алып қойды. Қалдығын әкесіне еліктеп төмен ытып жібермек ниетпен орнынан көтеріле берген. Жер-дүние шыр-көбелек айналып ала жөнелді. Мең-зең. Басы солқылдайтын сияқты. Жүрегі айнитындай. Қалдықты қайткені есінде жоқ, жан-дәрмен үйге жүгірген. Қорқып кетіп еді. Әйтеуір, сіріңкені орнына қойғанын біледі. Төсегіне жете сұлап түскен. Дың-дың, күңгір-күңгір... қалықтап жүргендей. Өлетін шығармын деген тұңғиыққа батып бара жатып.
Мамасы оятты. Қатып ұйықтапты. Таңдайында әлгі... жағымсыз дәм әлі тұр. Жиіркене тыжырынып жүріп, баппен жуынған. Аузын ұзақ шайқаған. Иісін сезіп қоя ма деп сақтық жасағаны. Иісін де сезбеді, ештеңе де демеді. Күндегі мамыражай тірлік. Әйткенмен, қуыстанып отырып, тамақ батпаған. Мұндағы өзгерісте ешкімнің шатағы жоқ.
Ертеңіне өзін жақсы сезініп еді. Жеңісіне масаттанғандай. Ешкімге ештеңе сездірмей, үлкен істі тындырып тастаған өзіне дәе риза. Бірақ, әлгі қорапшаға қайта жақындауға жүрегі дауаламады.
Ши бұл күтпеген күні, ойламаған жерден шықты. Әнеу күнгі қылмысын өзі де ұмытып кетіп еді. Біреудің аяусыз жұлқылағанынан шошып оянды. Не болып жатқанын ұғып та үлгірмеді, көзін ашқанда көргені көкесінің өрт сөндіргендей түрі. Алқынып кетіпті...
– Тұр орныңнан! Иттің баласы...
У-шу, берекесіз ырду-дырду, атыс-шабыс болып жатқандай. Мұның керіліп-созылғанын күтпей-ақ, жағасынан жұлқи тартып тұрғызып алды да, дедектеткен күйі өз бөлмелеріне сүйреп әкелді.
– Мынаны танисың ба?
Не болғанын сонда ғана ұққан. Хәлінің тым мүшкіл екенін де ойлап өтті. Іші қалтырап кетті. Аяғынан әл кетіп қалған, дір-дір етеді.
Көкесі көз алдына темекінің бос қорабын тосып еді.
– Танисың ба деймін?!
Бұда үн жоқ. Жәутеңдеп мамасына қараған. Араша түсер деген. Ол да үнсіз, сазарып алыпты.
– Иттің баласы! Неғып тиісесің а? Ұрлық дасауды кім үйретті саған а? Қашан, қашшан алдың дейм мен саған? Бедіреюін иттің баласының...
Оң жақ құлақ шекені шыңылдата, көзінің отын жарқ еткізе шапалақпен осып өтті. Сонда ғана мелшиіп тұрған бұл шырр ете түскен. Сонда ғана сазарып отырған мамасына тіл біткен:
– Алдымен сұрасаңшы... – деп еді батылсыз.
– Ашып қалсам бос тұр. Кеше бітіп қалғанын да байқамаппын. Бүгін бітеді, ертең алам ғой деп жүрсем – деген дауыстарын естіген өз өксігінің арасынан.
– Дұрыстап есептеп пе едің? Мүмкін кеше біту керек болған шығар? – Мамасының күмілжіңкі даусы.
– Әәй, сен де! Мені алжыды деп пе ең? Бүгін соңғы күн болған. – Бұған қайта шүйілген. – Қашан алдың? Айт жаныңның барында.
Бұл дір-дір етеді. Көз жасы тарам-тарам. Көз жасын сүртпекке қос жұдырығын апара беріп еді, көкесі сілкіп тастады. Білегін ауырта қысып алыпты. Мұндай қатал екенін кім білген?
– Қашан алдың деймін? Қашшшан?!
– А... ан...
– А?!
– Анн анада... – деген міңгір етіп.
– Анада? Неғып аласың? Оны қайда қойдың?
Бұл көзімен жер сүзе, төмен тұқыра береді.
– Ейй, сен де! – Амалы таусылғандай бетіне қарап сәл тұрды да: – Тарттың ба? – деді баяу ғана. Шарасы таусылған адам осылай сөйлейтін.
Жерге кірердей болып тұрып, білінер-білінбес бас изеген бұл.
Көкесі ызалана мырс етті. Тағы ұрар деген, – ұрмады. Ұрысқан да жоқ. Тек:
– Енді қайталанады екен... – Тістене,ысылдай сөйлегені қандай қорқынышты. Сол сәт сұмдық қорқынышты еді. Білегін босатты да: – Жоғалт көзіңді! –деді.
Бұл жасқана шегіншектеп барды да, батылы қалай барғанын Құдай білсін:
– Кеш-шір, көк-е... – деген үзіп-үзіп естілер-естілмес.
Ешкім ештеңе демеді. Мамасы да, көкесі де. Күнде айғайлай кіріп, дабырлай шығатын есіктен салбырай басып шығып кетті. Келе өз төсегіне етпеттей жығылған. Бүк түсіп алып, үнсіз, тістене ұзақ жылады. Солқ-солқ... Әлдеқайдан көкесі мен мамасының күбір-күбір дауыстары естіледі. Көкесінің даусы өктем шығады. Кейде тіпті қатты шығып кеткен сайын бұл дір ете түседі.
Солығы басылған сияқты еді. Ұйқылы-ояу хәлде жатқан. Сол құлаған қалпы. Жастыққа бетін баса, жарыққа қарай аунап түсуге дәті шыдамай...
Басынан сипағандай болды. Жұп-жұмсақ алақан. Көрмей-ақ таныды. Мамасы. Бетін бұрып, өзіне қаратпақ болып еді, бұл басын көтерместен мамасының жуан белінен орай құшақтап, бауырына тығыла түсіп, еңкілдей жөнелген. Ып-ыстық құшақта ып-ыстық жас толассыз ағып жатыр, ағып жатыр.
– Ақымағым-ай. – Еңкейіп келіп, желке тұсына ернін басқанын сезді. Ып-ыстық. – Ақымағым менің. Ақыл қашан кірер екен саған?

Мамасының құшағында жатып көп нәрсе айтқысы келген. Ендігәрі ондайды қайталамауға, тәртіпті, ақылды болуға, балалармен төбелеспеуге уәде бергісі келген. Айтқан жоқ. Ешқандай уәде берген жоқ. Екеуі де тіл қатпаған. Үнсіз ұғысқан екен-ау.
...Қызыл шоқ бағана сөніпті. Жылап тұр екен.
***
Сол оқиғадан кейін шынында өзгеріп еді. Баяғыдай шексіз еркелік жоқ, тентектік жасамайды. Кітап сөресіне қарай аттап баспайды. Үлкендерше сөйлейтін болған. Мамасына қолғабыс жасайды. Дүкенге барып келеді, ананы-мынаны әперіп жібереді. Елгезек балаға бәрі сүйсіне қарайтын. Ойын да күрт азайған. Бас алмай сабақ қарайтын. Мамасының нұсқауымен түрлі кітаптар оқитын болған. Көкесінің қалауымен күрес секциясына жазылған. Берекелі, шуақты күндер орнап еді.
Санасына қатты әсер еткен, щолжаң мінезі мен балаң түсінігін мүлде басқа, тың бағытқа бұрып жіберген темекі оқиғасын бала кезінде де талай еске алған. Естелігінің өзінен тітіреп кететін. Содан кейін аузына алмаған. Ақыл тоқтатып, азамат жасына жеткенде күле отырып еске алатын. Расында, бір тал темекінің кемдігін байқамай, білмей қалуы мүмкін емес екен. Күніне бір тал ғана. Есебінен жаңылуы мүмкін емес. Үйде бұдан өзге күдікке ілінер ешкім жоқ. Із жасыру жайлы ойлаудың өзі ақымақшылық екен ғой.
Неге бір тал ғана? Неге одан көп емес? Неге мүлде жоқ емес? Күніне бір талдан шекпей-ақ қойса қайтер еді? Университет қабырғасында жүргенде күмілжи отырып осыны сұраған көкесінен. Бұл ойлағандай терең мәні жоқ болып шықты. Бар болғаны көкесі бұрынырақта темекіні көп тартады екен. Сосын өкпе сыр берген. Темекіден ғана емес, суық тиген. Ажалдан әрең қалдым дейді. Дәрігер темекіге тоқтау салған көрінеді. Көкесі ең болмаса күніне бір тал шегуге рұқсат сұрапты. Бірден тастап кетуге жүрегі дауаламаса керек, бастапқыда уақыт созып, өзін бір талмен алдарқата тұрып, қойып кетпек болған екен, кейіндеп әдетке айналып кетіпті. Өкпесі де қайта мазаламапты.
– Бар болғаны сол. – деген күліп.
***
– Үйлен балам, – деген бұл университет бітірер-бітірместе. – Біз әкеден ерте айрылдық. Шешемді көрген емеспін. Мен жасқа толғанда обадан кетіпті. Әкем мен мектеп бітіріп, партия қатарына өткен күннің ертеңіне сұлап түсті. «Сенің ат жалын тартып мінгеніңді көрдім, арманым жоқ. Ессіз емессің, отымды, атымды өшірме!» – деді де жүре берді. Одан кейін қала жағалап, жалаң аяқ, жалаң бас жүріп жұмыс істедік, тиіп-қашып оқыған болдық. Баспанасыз қайда асығам, біреудің қызын аштан өлтіріп алармын деп отызға дейін салт жүрдік. Енді міне, немере сүйіп, иісінен мастанып, ертегі шертіп отырар елуден асқанда сол бос жүрісіме өкініп отырмын. Қиқаңдайтын жөнің жоқ, үйің бар, жағдайың жаман емес, үйлен енді. – деп еді бір оңашада.
Бұл онша құнттай қоймаған. Әкесі де қаузамады. Тек содан төрт жыл өткенде сол әңгімеге тағы бір айналып соққан. Жиырма жетіге аяқ басса да, әне-мінемен жүріп алған баласына ренжіген де. Бұл биылдан қалмауға уәде берген. Үлгере алмады.
Соңғы кезде ескі сырқаты қайта қозып, төсек тартып жатып қалып жүруші еді. Ақыры алып ұрды. Көп жатқан жоқ. Ақыл-есі орнында, түзге өзі шығып келер қауқарынан айрылмаған күйі кетті. Абыроймен, өз отының басында, аманатын айтып, өсиетін қалдырып кетті. Жақсы өлім деуші еді үлкендер. Сол. Жүрерінен бір күн бұрын шақырып алған.
– Атаң туралы көп айтқам. Жөргегіңнен қанықсың. Сол кісінің басты аманаты сен едің. «Артыңда жолыңды ұстап қалар ұрпақ қалдырмай – өлме» – деп еді, марқұм. Адамға соңында қалар тұяғын көріп, ұрпағы бар екеніне сеніп көз жұмудан асқан бақыт жоқ екенін біледі екен ғой жарықтық. Армансызбын деп еді. Шын армансыз екен. Енді міне сол атаңның жолымен кетіп барам. Мен де армансызбын. Сен барсың. Атаңның әулетін жалғар сен барсың. Атаңның аманатын орындадым, саған жеткіздім. Ата жолынан тайған кезім жоқ. Осалдығымды көрсеткем жоқ алдыңда. Азамат болдың ғой, айтпағымды түсінуге тиіссің. Әлгі атаңның аманатын балаңның баласына айтып кет, көрімде тыныш жатайын. Алқымын басып сәл бөгелді. Қыстыға дем алып сәл жатқан соң: – Біраз жүрдің, жетеді! Бас құра! Адамша тірлік қыл. Одан асқан бақыт жоқ. Адам ұрпағымен мың жасайды дегенді атаң қазақ еріккенен айтты деймісің. Біз болған адамбыз. Ендігі кезек сенікі. Түтінімді өшірме, балам! – Сеп-сергек, сап-сау қалыпта солай деген. – Түтінімді өшірме!
«Бара бер» дегендей басын изеген. Дәл қазір бірдеңе деу артық екенін іштей түйген. Іші жидіп бара жатса да, күрсіне дем алып, көзі боталый теріс айналған.
Көкесін жер қойнына табыстап келген күннің кешінде баяғы кітап сөресіне келген. Ешкімнен тығылмай-ақ. Еркін. Жартылай ашық қорапты қолына алған. Бір талы кем. Әкесі тартқан. Қалғанын түгесуге ғұмыры жетпепті. Әкеден қалған мұраны киелі заттай аялай ұстап аз тұрды да, біреуін суырып алды. Оттығына дейін қасында тұр. Әкесінің көзі. Екеуі де. Балконға беттеген.
– Түтінің өшпейді, әке! – деді күбірлеп. Не ойлағанын кім білсін, күлімсіреп қойды.
***
Алматының орталық аудандарындағы көп қабатты үйлердің бірінің бесінші қабатында ноқат қызыл шоқ жылтырайды. Тәулік ауысар тұс.
Ұрпақ жалғасып жатыр. Әкелердің жаққан оты мен аты өшпек емес. Бабалар аманаты да – сол!

27.01.2012
Алматы, Шаңырақ-2.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар