Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Алпамыс Файзолла. Сағынышым – тауда көшкін көшкенд...

Алпамыс Файзолла. Сағынышым – тауда көшкін көшкендей

28.11.2025

4218

Алпамыс Файзолла. Сағынышым – тауда көшкін көшкендей - adebiportal.kz

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА – ақын, әдебиеттанушы, аудармашы. «Жүрек-аспанымның жұлдызы» (2022) жыр жинағының және «Аудармалар мен сұхбаттар» (2023) тәржіме кітабының, сондай-ақ, «Теңізден тамшы» (2024) әдеби-танымдық мақалалар мен зерттеулер кітабының авторы. Жазушылар одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әлі атындағы медальдің иегері (2022). Ол – республикалық «Алтын тобылғы» байқауы «Жылдың үздік поэзиясы» номинациясының лауреаты (2023), т.б. көптеген республикалық мүшәйраның жүлдегері. Сондай-ақ, әдебиет саласында «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ұлыбританиядағы Абердин университетінің Ағылшын тілі мен әдебиеті бойынша Гуманитарлық ғылымдар магистрі.

МАЗДАҚ МҰҢНЫҢ МӨРІН БАСТЫҢ ЖҮРЕККЕ...

Бұл өлең өзім оқыған қала Абердинге арналғанмен, 

онда жалпы Шотландия шаһарларының сипаты бар.

02.11.25.

Өзгеше өлке күн мұңайып, түн күлген,

Роберт Бөрнстер өткен жерде жүрдім мен.

Сұп-сұр қала шұғыласын шашты ғой,

Сұр түсте де шуақ барын кім білген!

 

Құс ән салған – сиқырлы әуез, мақпал үн,

Сағындырды өзіңде өткен шақтарым.

Жүрегіме жалын құйды теңізің,

Кім біліпті теңізде де от барын!

 

Қара нөсер ақ жауын боп көрініп,

Қара бұлтын ақ мамыққа телідім.

Шотландтың ойлы-қырлы жеріндей,

Кедір-бұдыр боп отырмын көңілім.

 

Саф ауасы таңғажайып нуыңның,

Хош иісі ерекше еді гүліңнің.

Теңізіңді сағындым да –

Балықтай – 

Шағала-мұң тұмсығына іліндім.

 

Уиллиям Уоллес ел қорғаған замандар,

Сэр Уолтер Скотт жазған ғажап романдар –

Көне күннің көрсететін киносын

Ғимараттар, ескерткіштер, алаңдар.

 

Іштегі өзен көкірегімді баурап тым,

Ақтарылды селі сынды тау жақтың.

Ұйқыдағы жанартауым бар еді,

Арманыма шоқ тамызып, лаулаттың.

 

О, Абердин, ғылым-білім ұясы,

Көкті сүйген қырандардың қиясы.

Маздақ мұңның мөрін бастың жүрекке,

Сарайымды күйдіреді сиясы...

 

КӨНЕ ШАҺАР, ЖАС ҚАЛА

Кеше Манчестерге келгенбіз. Қала айрықша ұнады. Әсерленіп, өлең жаздым. 

Бұл жыр Манчестерге арналғанмен, жалпы Англия шаһарларының сипаты бар.

26.08.2025.

Бұл шаһарды көнекөзге телиді ел,

Заманалар қырау салған шашына.

Ақсақалдай аңыз айтад(ы) көне үйлер,

Жел-жауыннан әжім түскен тасына.

 

Дария-кеуде абыз сынды түр-түсі,

Бүгілгенмен, бейнесі тұр кішірмей.

Көне үйлердің «қартайыпты» кірпіші,

Сарғайыпты, қарияның тісіндей.

 

Сал дәуренін еске алып кешқұрым – 

Самалы да әфсана айтып, еседі.

Ондағы ескі нысандардан естідім,

Англияның даңқты күнін кешегі!

 

Жаңа үйлер де сап түзеген қаламда,

Таңданумен тағатымды тауыстым.

Жарқыраған ғимарат та көп онда,

Көзді арбайтын құйрығындай тауыстың.

 

Зәулім, әсем ғимараттың не түрі,

Есіңді алар мың құбылған перідей

Сылаңдаған сұлу сынды кейбірі, 

Енді бірі кербезденген серідей.

 

Жұлдыздарға ұмтылады таласып, 

Қыран құстың заңғардағы күйіндей.

Ғимараттар көз тартады жарасып,

Сері менен хас сұлудың биіндей!

 

Бір қарасаң, қазыналы ақсақал,

Бірде әнге, қуанышқа мас қала.

Бұл Манчестер – Шекспирдей қарт шаһар,

Һәм Ромео-Джульеттадай жас қала.

 

***

Шыңға асық, көкке ғашық қыран ем,

Кеудем толы – бұлт секілді жаумаған.

Асқарлардан асқақтықты сұрап ем,

«Әкеңнен ал!» – деді бірақ тау маған.

 

Қалықтауды аңсағанда қанатым,

Лап етердей шоқтанам.

Найзағайдан от сұрадым жанатын,

Күркіреді: «Әкеңе бар!» – деп маған.

 

Жігерімді өткірлеген қайрағым,

Жер жүзінде атағың тұр дүрілдеп.

Арыстаннан сұрап едім айбарын,

«Әкеңде бар!» – деді маған гүрілдеп.

 

Қалың ну да айтты сондай өсиет,

Қойнауымнан шыққан жырды құт қылып.

Әкемде екен барлық асыл қасиет,

Әкемде екен кіреукедей мықтылық!

 

Алдым одан бәрін – өрлік, айбаттың.

«Әке» деген Алатаудай ұлы ұғым.

Қорқаулардан қаймықпайтын қайраттым,

Тармақталған мүйізіндей бұғының.

 

АНАҒА ЕҢ ҮЛКЕН СЫЙЛЫҚ

Көк теңізге «Анам үшін» деп едім,

Тереңінен алып шықты жауһарын.

Қара жерге «Анам үшін» деп едім,

Қойнауынан алып берді гауһарын.

 

Алтын күнге «Анам үшін» деп едім,

Шаттандырды шуағынан тәж сыйлап.

Бұлбұлдарға «Анам үшін» деп едім,

Тамсандырды тамылжыта саз сыйлап. 

 

Сұлу айға «Анам үшін» деп едім,

Сәулесінен жасап берді жүзікті.

Ал далама «Анам үшін» деп едім,

Ең әдемі қызғалдағын үзіпті.

 

Ғаламшарға «Анам үшін» деп едім,

Сыйлай салды гүлзарлар мен бақтарды.

Жүрегіме «Анам үшін» деп едім,

Мәңгі өлмес осы өлеңді ақтарды.

 

Барып едім тартуыммен нешеме,

«Ұнар ма?!» деп көңілімде көп алаң.

Сыйлығымды ұсынғанда, шешеме,

«Ең үлкен сый – сенсің, балам», – деді анам.

 

БҰЛТТЫҢ МӨЛДІР МОНШАҒЫ

Зау биікке көзім салдым қызығып,

Ұлылығы сұлулықпен жарасқан.

Бұлт моншағы бытыр-бытыр үзіліп,

Мөлдір-мөлдір шашу шашты көк аспан.

 

Шаттанамын, шарықтаймын, тамсанам,

Көл бетінде шортан сынды шоршыған.

Алақанға жинадым да, 

Мен саған,

Алқа тақтым күміс, кәусәр тамшыдан.

 

Көкірегіме қуат құйып тамшы-күш,

Өлеңіммен жар салам.

Көмейінен алтын төкті әнші құс,

Сол алтыннан сырға тақтым мен саған!

 

Бұл махаббат мәңгілікке ұласқан,

Жанарыңда шапағат бар, гүл, нұр бар.

Моншағыңа сыйып кеткен ұлы аспан,

Ал сырғаңа ұя салған бұлбұлдар!

 

Жұматайдай жырламайын мен неге,

Сезім бағы ұсынғанда жүзімін.

Шұғылаңды шаштың менің кеудеме,

Жүрегіме тағып алған жүзігім.

 

ОРАМАЛЫН ЖЕЛПІГЕНДЕ СҮЙГЕНІМ...

Сезім деген – үмітіңе жылыну,

Шын ғашықтар дәмін білер шырын, у.

Қандай ғажап мынау ғазиз ғаламда,

Сені күтер жанның барын ұғыну.

 

Сезім деген – арманыңа кезігу,

Бір жанды ойлап, ояну һәм көз ілу.

Қандай ғажап мынау ғазиз ғаламда,

Сені күтер жанның барын сезіну.

 

Сұп-сұр қала көрінеді көркем боп,

Кешегі күн елестейді ертең боп.

Жер дегенім – алпауыт бір кеме екен,

Ал төбемде – аспан емес, желкен көк.

 

Күймес халде қызуына жалынның,

Сағаттан да жаңылдым.

Желді күні желбірейді жапырақ,

Жарасымды жаулығындай жарымның. 

 

Жарқыратып жіберердей Жер шарын,

Жүрегімде жанды алапат шамша мұң.

Ақ қайыңның қабығындай ажарлы,

Ақ жүзіне ауды менің аңсарым.

 

Күндей күліп, сосын түндей торықтым.

Бір жадырап, бір қарадай қамықтым.

Көктен түскен тамшы тілін түсініп,

Шағаланың шаңқылынан ән ұқтым!

 

Сағынышым – тауда көшкін көшкендей,

Жан баласы ұқпас оны еш мендей.

Жел жүзіме жылы тиді

Сүйгенім

Орамалын желпігенде, ескендей...

 

ҚАЛАМЫМНАН ТАМҒАН БАЛ

Әуелден жаным сүйді жыр жазғанды, 

Елітіп әуеніне жалын-күйдің.

Жалықпай араладым гүлзарларды, 

Гүлдердің шырыны мен нәрін жидым.

 

Жұпарды хош аңқыған сүйіп анық,

Іздеген сұлулықты Арамын мен.

Сиямды гүл нәрінен құйып алып,

Қағазға бал тамыздым қаламыммен.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan