Белгілі қаламгер, кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаты болған Алтыншаш Жағанова — 1990 жылы Егемендік декларациясының қабылдануына тікелей куә болған тұлғалардың бірі.
Сол тарихи сәттің атмосферасы мен қабылданған шешімнің мәні туралы біз Алтыншаш апайдың өзінен сұраған едік.
– 1990 жылдың 25 қазаны — қазақ мемлекеттілігінің жаңа беті ашылған күн ғой. Сол күні Жоғарғы Кеңестегі атмосфера, көңіл күй қанай болды?
– Еліміздің болашақ тәуелсіздігінің негізі болған Егемендік декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуы – ең мәртебелі мереке. Біз бұл мерекеге жеткенімізге қуаныштымыз. Себебі, 1990 жылы Ельциннің: «Берите столько суверенитета, сколько сможете проглотить!» деген сөзінен кейін одақ құрамындағы елдер не істерлерін білмей абдырап қалды. Қоғам, саясат, экономика енді қалай боларын білмей, санамызда хаос орнады. Бірақ, тәуелсіздіктің лебі сезіліп тұрды. Сол кездегі Совет Одағы экономикасының 8-ақ пайызы бізге тиесілі еді. Сондықтан осы декларация қабылданғанға дейін біраз әңгімелер болды. Декларация бізге оңай келе қойған жоқ.
– Декларация қабылданар алдында депутаттар арасында пікірталастар, күмәндер немесе келіспеушіліктер болды ма?
– Қаншама пікір қарама-қайшылығы, айқай-шу болды. Біреулер конфедерация Мәскеумен болсын деп айқайласа, енді біреулер Ислам мемлекеті болайық, арабтар бізге көмектеседі десті. Ал енді біреулер Түркістан мемлекеті болайық деп жатты. Мұстафа Шоқай айтқандай, декларация қосымшасы да болды. Кейін ортақ мәмілеге келіп, бүкіл дүние жүзінің демократиясы орнап жатқанда біз басқа жолмен кетпейік, біз де зайырлы мемлекет болайық деп осы декларацияны қабылдадық.
Алайда Парламентте осы декларацияға қарсы шыққандар да болды. Осындай Қазақстан тарихы үшін күрделі кезеңде Мемлекеттік туралы декларацияны қабылдау үлкен қиындықтармен жүзеге асты. Сол кездегі білікті заңгерлер мен жұмыс тобының құрамындағы ұлт жанашырларының табанды еңбегінің арқасында әзірленген құжат бекітілуде тәуелсіздікті аңсаған бабаларымыздың тар жол тайғақ кешулерін, «Алаш» боздақтарының трагедияға толы тағдырын еске алып, көзімізге жас алдық. Бұл еліміздің тәуелсіздігін, егемендігінің негізін қалаған шешуші құжат еді.
Осы «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» деп аталатын құжатты Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаттары біздер қабылдадық. Сол депутаттардың арасында қаламгерлер көп едік. Атап айтар болсам, солардың қатарында Әнуар Әлімжанов, Камал Смайылов, Әбіш Кекілбай, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Нұрлан Оразалин, Қалдарбек Найманбаев, Мұрат Әуезов, Қуаныш Сұлтанов сынды ақын-жазушылар, журналистер болдық.
– Сол декларацияның нақты баптарында егемендіктің құқықтық негізі айқындалды ғой...
– Иә, аталмыш құжаттың құндылығы өте жоғары. Ата-бабаларымыздың азаттық пен еркіндік үшін сан ғасырлардан бергі күресі осы құжатпен түйінделді. Декларация 17 баптан тұрды. Онда республиканың өз бюджетін қалыптастыратындығы айқындалып, ел аумағының біртұтастығы мен оған жат көзқарас, қарсы әрекет болмайтындығы бекітілді. Сонымен қатар мемлекетіміз «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқылы бар» тәуелсіз, егемен ел екендігі анық көрсетілді.
Бір сөзбен айтқанда, декларацияда еліміздің егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Мұндағы әр бапта халқымыздың басты құндылықтары мен ұлттық мұраты да айқын көрсетілген еді. Сол кезді еске алып айта берсек, ұзақ әңгіме. Десек те, бұл жылдар оңай жол болған жоқ.
Егемендік Декларациясы қабылданған тарихи уақытта еліміздегі демографиялық ахуал қазіргіммен салыстыруға келмейтін. Ел дамуы мен өркендеуінің өзегі ғылым-білім екеніне тоқталсақ, Мемлекетіміздің Тәуелсіздігі туралы декларация қабылданған 35 жылдан бері аталмыш сала айтарлықтай қарқынды дамып, үлкен жетістіктерге жетті. Көптеген қиындықтарды артқа тастап, бүгінде біздің мемлекетіміз терезесі тең, талай мықты мемлекеттердің қатарында жүр. Сондықтан біз мұнымен мақтануымызға болады. Бұл енді тарих қой. Сонымен қатар, басқа салаларда да бірқаталай реформалар жасалынды. Осы реформалардың арқасында біздің халқымыз, Құдайға шүкір, жақсы өмір сүріп жатыр деуге болады. Оның дәлелі – бүгінде қаншама жастар шет елде білім алып жатыр, кәсіпкерлікпен айналысқандар өз кәсібін дамытуда. Әр шаңырақта атаулы күндер қалауларынша аталып өтіп, тойланылып жатыр. Мемлекеттік жеңілдіктер негізінде баспаналы болып жатқан жастарымыздың қатары көп.
Құдайға шүкір, қазақтың дастарханы кеміген жоқ. Мемлекеттік реформалардың арқасында еліміз үшін, халқымыз үшін өте маңызды қыруар шаруалар жасалынып жатқанының куәсі болып жүрміз. Десек те, кейде шалғайда жатқан ауылдардың да жағдайына айрықша көңіл бөлу керек пе деп қаламын. Урбанизация деп қалаға қатты назар аударып, қазағымның қаймағы бұзылмаған ордасы ауылымызға мән берілмей қалған сияқты. Ауылдастарымызға керегі – ауыз су, газ, жол, мектеп, денсаулық саласының мекемелері ғой. Соларды реттеуге күш салсақ деймін. Сосын ауылды жерлердегі шағын кәсіпкерліктің дамуына жол ашсақ, мегаполиске ағылған жастардың қатары азаяр ма еді. Мені бүгінде қатты толғандырып жүрген мәселелер осылар.
Сондай-ақ бүгінде жасанды интеллектіні де қолға алып жатырмыз, ол – үлкен іс. Денсаулық, ақпарат, білім және құрылыс салаларында да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Оның бәрін көріп-біліп жүрміз. Біз тамыршымыз ғой. Осы жасалып жатқан қыруар істер халыққа дұрыс жетпей жатқанын байқаймын. Мемлекеттік тұрғыда жасалынып жатқан жұмыстарды халыш біліп отыруы керек. Бүкіл тіршілік ел үшін, халық үшін жасалынады. Айта берсек, осындай мәселелер баршылық.
– Республика күні – ел рухын асқақтатар мереке ғой. Осы күнге орай жұртыңызға, оқырмандарыңызға жылы лебізіңізді білдірсеңіз...
– Ата-бабамыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен аманаттап кеткен ұлан-байтақ жерімізде бүгінде 120-дан астам ұлт пен ұлыс береке-бірлікте өмір сүрудеміз. Біздің ішкі күш-қуатымыз – ата заңымыз болса, бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізін қалаған декларациямызға 35 жыл толған мерекелі күн бәрімізге құтты болсын! Ұлылығымен ұйытқан ұлықты еліміз аман болсын! Бейбіт өмірімізден береке кетпесін!
