Қаратайдың Бейсегінен Балуан Шолақтың «Ғалиясына» дейін...
«...Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар».
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Сонымен, Қаратайдың Бейсегі кім?
Қаратайдың Бейсегі жайлы мардымды дерек ұшырата алмадым. Тапқаным тек төмендегі сайттың сілтемесі ғана болды.
Сайттан көріп отырғандарыңыздай, Қаратаев Бейсеке 1894 жылы туған деп көрсетіліп тұр.
Туған жері Қызылтау. Қызылтау – қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы, Кәрім Мыңбаев ауылдық округінің орталығы.
Өз кезеңінде Сәкен Сейфуллин секілді ұлт зиялыларымен жолдас болған Қаратайдың Бейсегі 1929 жылы Жаңаарқа аудандық атқару комитетінің алғашқы төрағасы да болған.
Кейін Жаңаарқада, Қарсақбайда, сондай-ақ Ақмолада прокурор, сот, адвокат секілді түрлі қызметтер де атқарған.
1934-1937 жылдар аралығында Алматыда адвокат болып қызмет істеп жүрген жерінен тұтқындалып, 37 жылдың 12 желтоқсанында «халық жауы» деген жаламен Талғар түрмесінде атылған.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жарлығымен 1994 жылы толықтай ақталған.
Міне, бұл тұлға туралы білетін дерегіміз осы ғана.
«Тақиялы періште» фильмінің прототипі кім?
Сөзіміздің басын неге Қаратайдың Бейсегінен бастадық? Себебі бұл есім жайлы айтпасақ, жазбамыздың мәні де болмайтын еді.
1969 жылы түсірілген «Тақиялы періште» деген фильмді бәріңіз де білесіздер ғой. Киноның режиссері атақты Ш.Айманов екендігі де мәлім. Енді Қаратайдың Бейсегінің «Тақиялы періште» фильміне қандай қатысы бар?
Осы жайында өздеріңізге аз-кем мәлімет бере кетсем деймін.
«Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия дауаласын,
Ауған түйе секілді бейімделсең.
Қайырмасы:
Ойпыр-ай, жан сәулем,
Ғалия-ау, бетіңнен,
Әппақ қардай етіңнен.
Бір күн ауру, бір күн сау,
Жазылдың ба дертіңнен?
Айдың көзін жалт етіп бұлт алсын,
Бүйте берсең жүйкемді құрытарсың.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың.
Қайырмасы:
Нұр сипатың Ғалия – жамалыңыз,
Ешбір жанға тимесін залалыңыз.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Әлдеқандай болады заманымыз».
Әйгілі Балуан Шолақ алты нұсқадан тұратын осындай алапат ән арнаған атақты Ғалия осы Қаратайдың Бейсегінің аталас апайы болса, әйгілі опера әншісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық әртісі Шабал Бейсекова – бұл кісінің туған қызы. Шабалды мысалға тартуымыздың мынадай да себебі бар. Біз «Тақиялы періште» фильмінің тарихы туралы көп жайды аңдамаған екенбіз. Бақсақ, жанры комедия демесеңіз, бұл нағыз жан ауыртатын трагедияның өзі екен. Сонымен Шабал Қаратайдың Бейсегінің қызы дедік.
Екінші жағынан, Шабал Бейсекова белгілі актер, опера әншісі Кәукен Кенжетаевтың жары. Ал Кәукен Кежетаев Шәкен Аймановтың туған інісі екендігі көбіңізге мәлім.
Кенжетаев өзінің «Асылдар мен Ардақтылар» кітабында біз айтып отырған оқиғаға жанама тоқталып өтеді.

Ендеше дерегі қағазға түскен бұл қандай оқиға болды.
Бірде Шәкен Айманов інісі Кәукеннің үйіне алыстан (Шабалдың анасы) Айнагүл келді дегенді ести сала амандық білу мақсатында арнайы келеді ғой. Сөйтсе, құдағиы Шәкеннің амандық-саулықтан кейін айтылатын «не жаңалық?» деген сұрағына былай деп сөйлеп кетеді ғой.
– «Мына кіші ұлым Сакко мүлде үйленбей қойды. Жасы да өтіп барады. Қолынан жетелеп апарып, таныстырмаған адамым жоқ. Әйтеуір, бір жөні болмай-ақ қойды» деп таусыла сөйлейді. Айнагүлдің былайша ұлын жетелеп алуан қызбен таныстыруының себебін «Аймановтың Танасы мен Тайлағы» атты мақаласында марқұм Айгүл Аханбайқызы былай дейді.
«...Әкесі атылып кеткен соң Сакконың бойында үрей қалады. Кілең қыздың ішінде өскені бар, үйге ер адам кіріп келсе, қорқып бөлменің түкпіріне қарай қашады екен. Басқа бауырларындай емес, мінезінде өзгешелігі бар Сакконың бозбалалықтан өтіп, жігіттіктен де асып бара жатса да, қыздың бетіне тіктеп қарап сөйлей алмайтын жасықтығы жасы келген анасының жанына батады. Шаруаға аса қыры жоқ, босбелбеу болып өскен кенжесінің аяқтанбай жүргеніне алаңдаған анасы алыс-жақыннан «пысық қызы бар» деген хабар құлағына тисе болды, жауып тұрған қар, соғып тұрған боранға қарамай, басындағы орамалын шарт байлап, келін іздеп көшеге шығуды әдет қылған екен» дейді.
Қысқасы, Сакконы ана қызбен де, мына қызбен де таныстырып еш нәтиже шығара алмаған Айнагүл құдағиының осы әңгімесі Шәкен көкірегіне бірден «Тақиялы періште» фильмінің дап-дайын сценарийі болып қалана қалған ғой. Сөйтіп, ол 1969 жылы киноға айналып қалың көпшілікке жол тартады.

Қайыра айтайық, киноға себепкер болған Сакконың кермек тағдыры еді.
Ал Сакко санасының терең қатпарында, кешегі халық жауының перезенті ретінде нышан тастаған 1938 жылдың үрейі жатқандығын ол кезде кім бағамдады дерсің. Кино жанры комедияға арналып түсірілгенімен, шын тарихына үңілсек, ет жүрек езетін нағыз трагедия деп айтып отырғанымыздың да себебі осы-тұғын.
Сонымен, құрметті оқырман қауым, прототиптер тек әдебиетте ғана емес, көркем кинода да бола береді екен. Енді есімдерін жекелей жіліктеп айтар болсақ, кешегі Әлімғазы Райымбеков сомдаған Тайлақ образының өмірдегі шын кейіпкері – Сакко Қаратаев болса, атақты Әмина Өмірзақова ойнаған Тананың порототипі – 1937 жылы «халық жауы» атанған Қаратайдың Бейсегінің жары Айнагүл, ал Шолпан Алтайбаева сомдаған Айшаның образы Сакконың сүйген жары Бихан апамыз екен.
Бұл орайда осы әулетке қатысты мына бір қысқаша мәліметті де келтіре кетейін. Бүгінде есімі елге мәлім ірі кәсіпкер, «Сеймар» компаниясының негізін қалаушы, «Альянс Банк» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Марғұлан Сейсенбаев осы Айнагүл апамыздың Шабалдан кейінгі қызы Раушаннан туады. Ал Сакконың өз қызы Әлия Балапанова бүгінде саясаттану ғылымдарының докторы, профессор атанып отыр.
«Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен...»
Жоғарыда Ғалияны Қаратайдың Бейсегінің апайы дедік. Ендігі сөзді әйгілі Балуан Шолақ әнінің бас кейіпкері Ғалияға берейік.
Академик Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде бұл ән туралы: «Сөз жоқ, «Ғалия» – әннің төресі. Үлкен жүректен, шын сезіммен шыққан ән. Бастаған жерден-ақ асқан ынтықтық бары сезіледі... Бірақ бабына келтіріп орындау көрінгеннің қолынан келе бермейді», – дейді.
Балуан Шолақтың әні «Ғалия». Орындаған Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеев
Осы жерде айта кетерлік бір дүние бізге Ғалияның екі суреті жеткен.
Біріншісі – 1990 жылдардың басында белгілі кәсіпкер Марат Нәбиев тапқан Ғалияның сирек суреті болса, екіншісі – тарих ғылымдарының докторы, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов 2007 жылы Омбы өлкетану музейінен тапқан төмендегі сурет.

Суреттен көріп отырғандарыңыздай, Ғалия – аққұбаның бәдендісі.
Ғалияның әкесі Тілеудің үйінде пәтер жалдап тұрған Еркебұлан Бекмаханов деген адам өлкетанушы Қарта Қаңтарбаевқа берген ауызекі естелігінде: «Ғалия орта бойлы, аққұбаның әдемісі, әппақ бетінде әдемі ойып салғандай дерттің қалдық белгілері бар. Кескіні нұрланып тұрушы еді» деп естелік айтады.
Балуан Шолақтың ән қайырмасында әуелететін: «Ойпырмай, Ғалия бетіңнен, аппақ қардай етіңнен...» деп келетін өлең жолдары осы естеліктің өзін риясыз растап тұрғандай.
Суретті белгілі фотогроф Константин Шахов түсірген. Шаховтың осы бір зор еңбегіне мадақ. Ақмола өңіріне қатысты біздің тарихи суреттердің дені осы Константин Шахов есімімен тікелей байланысты.
Сонымен, Ғалия дедік...
Ғалия ғұмырында үш рет отасқан екен. Алғаш тұрмыс құрған Біржан деген жігітпен аз ғана отасып, дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен. Ажырасу ісі сот бұйрығымен шешілген. Біз осы деректерден-ақ ең алғаш сотқа жүгініп, сот арқылы басын арашалап алған сауатты қазақ әйелінің бірі де осы Ғалия болғандығын көріп отырмыз.
Одан кейін Есенжолдың Қанапиясы деген кісіге тұрмысқа шығып, Қанапиямен де ұзақ отаса алмай ажырасып кеткен Ғалия үшінші рет Семейдің аса ауқатты адамдарының бірі Құрақбайдың Ғалы деген азаматының етегінен ұстап, екінші әйелі боған.
Өкініштісі, Ғалия пұшпағы қанап бала көтермеген адам екен.
Сонымен, қария деректерге үңілсек, қазіргі «Конгрес-Холл» ғимараты орналасқан жерде кешегі атақты «Қараөткөл» базары болған. Арқаның ауқатты адамдары жаз шыға баққан малдарын, бір жағы қымыз бен құрт-майын саудалаған «Қараөткел» базары тек сауданың ғана емес, сал-серілердің де өнер көрсететін мәдени мекені болған екен.
Міне, Ғалияның әйгілі Балуан Шолақпен таныстығы да осы кезден басталса керек. Ғалияның әкесі Тілеу Жаңаарқа жерінен Ақмолаға шамамен 1880 жылдары қоныс аударған. Бұдан шығатын қорытынды, Жаңаарқаның әйгілі қымызының дәмін Қараөткел топырағына жайған да осы Ғалия десек артық айтқандығымыз емес. Осылайша Ақмолада алғаш қымызхана ашқан Ғалияның тағы бір ерекшелігі ісмерлігі екен.
Журналист Жәнібек Әлиман «Асылзада» атты мақаласында Ғалияның осы шеберлігіне қатысты былай дейді.
«Қазақ даласында түріктің ұлттық баскиіміне (феска) ұқсатып, алғаш бөрік тігіп, айды аспанға шығарған да – осы Ғалия апамыз. Арқаның сол кездегі мен деген мырзалары Ғалияның қолынан бөрік тіктіріп кию үшін кезекке тұрады екен. Бір кездері ауқаттылар мен атақтылар ғана төбесіне тұтқан бұл баскиімді бертінге дейін атақты Мәдидің жиені, Қазақ ССР-інің тұңғыш Жер шаруашылығы наркомы болған Әшімбек Бектасов, Сәкен Сейфуллиннің бажасы, театр өнерінің майталманы Асқар Тоқпанов сынды қайраткерлер киген. ...Әшімбек Бектасов қайбір жылы жаңаарқалық жазушы Асан Жұмаділдинге: «Мына бөрік Балуан Шолақтың киетін бөркінің үлгісімен тігілген. Төбесінде бұлбұл түйме, әм жібек шашағы бар…» деп хат жазып, өзінің бөрік киіп түскен фотосуретін салып жіберген», – дейді.
Осылайша, Балуан Шолақтың ғажайып әніне бас кейіпкер болған Ғалия 48 жасында дүниеден озған. Сүйегі қазіргі Астана қаласы, «Жастар» шағын ауданы аумағында орналасқан көне зират ішіне жерленген.
Құлпытас бетіне «1922 жылы 23 апрельде. Руы Қалыбек. Ғалия Ғалы жамағаты, Тілеуқызы 48 жасында фәниден бақиға рахат айлады. Алла Тағала рахмет айлап, жанын Жәннаттан айласын. Қалғандары аруағына бір дұға еткізді», – деп жазылған.
Құлпытасты басына күйеуі Ғалы Құрақбаев орнатқан. Бұл көне зират көпшілікке әйгілі Кенесары сарбаздарының мүрдесі жатқандығымен мәлім. Тарихы шамамен 1609 жылдардан басталатын осы аумақ ішіндегі жалпы 1408 құлпытас есепке алынып, соның 1015 адам есімі арнайы хатқа түскен екен.
Тасқа бәдізделген, бірі тып-типыл жоғалып енді бірі мүлде көмескі тартқан бұл құлпытастардағы көне шағатай тілдері мен төте жазуларды оқып, хатқа түсірген қаламгерлер Ұларбек Дәлейұлы мен Ахат Әшуұлы екендігінде арнайы айта кеткеніміз жөн. Әрине, бұл, білген адамға үлкен еңбек.

«Ғалия» әні, шын мәнінде, ғашықтық ынтызарлық жағынан, кешегі Біржан салдың «Ләйлімі», Әсеттің «Мақпалынан» бір мысқал да кемдігі жоқ ғажайып шығарма. Мінекей, бір ән, оның ішінде бір әулеттің кермек тағдыр-тәлайына қатысты сөз еткен жазбамызды осы жерінен тәмамдасақ дейміз.
