Ақтілеу Қалдыбай – 1998 жылы 9 маусымда Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, филология факультетін бітірген.
Жансебіл
Жүрегімнен жыр бүрлеген күндерім,
Қаламымды қайда көміп кеткенмін?
Санам семіп,
көкірегім күрмеліп,
Жанарымның шарасына шөккен мұң.
Күпір сөздер күбірлеген ернім,
Періштемнің ерте қиған кекілін.
Өзендердің табанына тастадым,
Бұла күннің бөлшектелген қиқымын...
Жалғызаяқ жолдарыма соқпаймын,
Балалығым қалған менің аялы,
Қарашықтан қара сия ақпайды,
Төгіп алғам ойларымның бояуын.
Жеңілістер жан-дүниемді жаныштап,
Тамағыма тырнақ салды нетемін,
Уақытқа еріп,
жылдарында тамшылап,
Құмға сіңіп кетемін...
***
Оң жағалау.
Оңаша ой кеземін,
Жырға қостым жанымның қай кезеңін…
Түн қойнынан тыныштық таба алмадым,
Шерін жұтып шылқыған Ай-көзенің.
Ізіне ілесе алмай ізгілердің,
Жүректі үміт қажап үздігермін,
Есім ауып барғанда Есіл жаққа,
Жанары жасаураған күзді көрдім.
Басыма бақыт құсы қонар қай күн,
Тамырын терең тартқан томар қайғым,
Жусан-жүрек жайқалған жал құмдарға,
Неліктен қайта айналып соға алмаймын?!
Жол көрмедім жадағай-жайдақ келген,
Тағдырымды көшірдім қай дәптерден,
Маңғаз дала кетерде маңдайыма,
Нарқоспақтың шудасын байлап берген.
Содан кейін көргенім ызғын сүргін,
Содан бері жүз құлап, жүз сілкіндім,
Бітеу жара жарылды, енді міне,
Көзін сүртіп отырмын күз сылқымның.
***
Мезгілдің тербеп бесігін,
Қалаға тағы күз келген,
Жыл құсы қайтты кешігіп,
Көне жолдағы іздермен.
Тағдырың тылсым,
жан - сағым,
Тіршілік көші жарысың,
Ортайып көңіл,
аңсадым,
Сыралғы достың дауысын.
Қауырсын ғалам құбылар,
Күз келген қалам өзгерген,
Кезең бе осы ұғынар,
Шалдардың сөзін көз көрген.
Жұмыр жүректер дірілдеп,
Шымырлайды екен толса мұң,
Санаңа сонда бір үн кеп,
Сыбырлайды екен жыр-сарын.
Келмеске кеткен дәуірлер,
Жапырақтарға көмілген…
Күз деген өлең Тәңірдің,
сағыныш сөзі төгілген.
Автопортрет
Көзін сатып күнәға,
Құдайды да тілдеген,
Жалғыз қалса мүбәда,
Жымысқы ойы гүлдеген,
Көкжиекке құлаған,
Шарап шайқап жүрегін,
Күмән қолы сылаған,
Түпсананың түнегін.
Азаттығын алыстан,
Тұтқынға алған тас қала,
Арманы да ауысқан,
Өлең-сөзден басқаға.
Түн әлеті анықтар,
Енді қайда жортарын,
Таласынан жалыққан,
Тым ақылды ортаның,
Өтірікке алданып,
Ақиқаттан безінген,
Мәнсіздікке малданып,
Өзін ақын сезінген,
Жалғыз мен шығармын…
Historia de un amor
Сөйлегенің, сенің шеккен шылымың,
Билегенің, қан жүгірткен қылығың,
Бәрі есімде, жан еліткен жанарың,
Қызыл көйлек, тарқатылған бұрымың.
Бұрылыста бұлаң қаққан жүрісің,
Деміктірген, дірілдеген тынысың,
Алай-дүлей алаулаған сезімім,
Айғыздаған астаң-кестең түн ішін.
Жұлдызды аспан иығыңа таматын,
Кездесулер ұйқыны ұрлап алатын,
Сырласқанда сен екеуміз үздігіп,
Сыртымыздан сұқтанатын ала түн.
Асылым-ау, неге өзіңнен адастым,
Қаңыраған ғаламымда қапас тым.
Бейуақтарда бағытымнан жаңылып,
Шат-шәлекей шындығымнан шатастым.
Қазір жоқсың, аласұрып іздедім,
Іздедім де күйін кештім кезбенің,
Сен кеткелі сүйкімі жоқ қалада,
Сыйлап жүрмін көктемге жыр, күзге мұң.
Араларсың астананың көшесін,
Жалғызілік ай сәулесін кешерсің,
Саған ғашық жігіт біткен жан қиып,
Жолыңа деп жүректерін төсесін.
Сәулешім-ау, жалт еттіңде жоғалдың,
Саусағымда сені күткен солар гүл,
Кездеспей-ақ көшесінде шаһардың,
Түсіме кеп сыбырлауды шығардың...
Мен күтемін сертке берік сопыдай,
Сол күндерім оралар ма, о, Құдай,
Бұрылыста бейсауат бір жолықшы,
Үлбіреген Торғайлық қыз тотыдай.
***
Жоғалған жолдардан жөн сұрап,
Бағытсыз сенделген бəдəуи секілді.
Тізесін құшақтап жылаған түндердей
қыңсылап,
Адасқақ ойларым мазамды кетірді.
Сынық ай əлемге шашылған сəулесін
жинауға ұмтылған,
Ол солай түндердің тұнығын бүлдірген,
Мүмкін ол парақ па қасиетті кітаптан
жыртылған,
Түзеуге келмейтін кім білген?
Тəкəппар қаланың қақпасын ашуға тырысқам,
Жауынгер сияқты арудың жұпарын аңсаған,
қажыған ұрыстан,
Жатудан шаршаған көшелер қарсылап,
Кəрі үйлер шығарып салады қуыстан.
Тағы бір ауыр түн өткенде бұл қала
қалар ма дымсыз,
Пенделер ұйқыға кеткенде ең ұлы Суретші үнсіз!
***
Қар жауған кештерден кейін де,
Асаулау жүректі құшақтап құлағам масаңдау күйімде,
Асыл дүриясын тасада ұстаған Ай-ару, иілме,
Ажал да пəлсафалық кітаптарды
көп оқығандығынан шоқынбағандарға үйір ме?!
Даланың елесі қаңғиды қалалық көшеде,
Балалар қалғиды шаштары ағарған.
Білініп қалады əр басар қадамнан,
Өлімнің иісі аңқиды адамнан.
Біз жүргенде барлығын Табиғат-анадан үйреніп,
Сезіміміз жылап тұрды ғой күйреуік,
Аспанның самсаған жұлдызды жанарына
қараймын именіп,
Ол тұрар еді күнəһарлардың сатқындық сорына иленіп.
Үміт пен үрейдің арасын жасырып қойды ғой ғасырлар,
Бəрі де күшінде,
Бір бірақ, бəрі де уақыттың өлуі үшін бе?
Мен қашан оянам түсімде,
Əлде, Құдай ма ерінген түсуге?
Адамдар өмірдің ішінде,
Өлімнің ішінде кеңістік.
Күн мен түн жердегі елесі жұмақ пен тозақтың,
Түн туса, жылауық жалғыздық,
Күн туса, мейірлі махаббат ұзақ тым,
Мен тағы да бір кешті ұзаттым.
Қар жауған кештерден кейін де,
Кірлеген жүрегім үшін мен жылаймын,
Қар жауған кештерден кейін де,
Сығалап қараймын түріне Құдайдың!
