Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Ақылбай Құлымша. Музыка жазушысы жетпіс жаста...

02.06.2025 948

Ақылбай Құлымша. Музыка жазушысы жетпіс жаста 14+

Ақылбай Құлымша. Музыка жазушысы жетпіс жаста - adebiportal.kz

Бүгін  Бейбіт Оралұлының туған күні. «Әдебиет порталы» көрінекті сазгерді мерейлі 70 жасымен арнайы  құттықтай отырып, мәдениеттанушы, Ақылбай Құлымшаның төмендегі  мақаласын оқырман назарына ұсынады. 

Музыка – адамзат эволюциясының алғашқы кезеңінен пайда болып ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан адам сана сезімінің рухани құбылысы. Музыкаға нақты анықтама беру мүмкін емес. Данышпан, композитор, зерттеуші, орындаушы, тыңдарман анықтама ретінде өз тұғырынан көрінетін көзқарасын ұсынады. Адам ақыл-ойына бағынбайтын тәуелсіз әлем. Адам баласының өз өміріне, ортасына, қоршаған әлеміне іңкәр сезімінен туындайтын үндер, дауыстар, дыбыстар, ырғақтар, әуендер, әуездер кеңістігі. Алғашқы музыкалық аспаптардың бірі адамның көмекейі десем, еш қарсылық бола қоймас. Адам баласы үн арқылы, дыбыс арқылы өзінің көніл күйінен хабар беріп отырған. Және де сол көңілінен шыққан ұнамды үндерді, дыбыстарды, ырғақтарды жадында сақтауға тырысқан. Міне, осы ойды нақтылайтын болсақ, музыкалық аспаптардың қажеттілігі де осы себептерге байланысты туындаған. Қандай да болмасын музыкалық аспап, әсіресе шекті аспаптар бірінші кезекте белгілі бір әуендік дыбыстың кілтін (тональность) сақтау үшін жасалған, яғни ежелгі музыкалық аспаптардың көпшілігі дыбыстарды кез келген сәтте қайта жаңғырту үшін жасалған құралдар. Мәдени эволюция барысында көмекей, музыкалық шекті аспаптарды үйрету келешек ұрпаққа қолжетімді болу үшін келе-келе музыканың әліппесі нота түрлері пайда болған. Осы айтылған мәселелерге қатысты айтысуға дайынмын. Музыка – адам сөзінің мүмкіндігі жетпеген жерге жететін тіл. Бірақ барлық ұлт тілдеріне ортақ. Адамзаттың жасампаздық табиғаты осы музыканы жасау үшін, жарату үшін, дамыту үшін өркениеттің даму деңгейіне жарасымды дәрежеде үйлестіріп отыруға сан алуан ақыл-ой, амал-тәсілдерді жетілдірген. Өнер эволюциясының барысында адамзат мыңдап саналатын аспаптарды дүниеге әкелген. Ал музыка төңірегінде ойды одан әрі өрбіту үшін, танымал музыка маманын тілге тиек ете отыра жалғастырайық. Біріншіден, кәсіби музыкалық үндермен сурет салушы. Кәсіби суретшіден «мына туындыңды қашан салдың, қалай салдың деп» сұрамайды, «қашан жаздың, қалай жаздың» деп сұрайды. Ал шебер әдебиетшілерді суретші дейтіні тағы бар. 

Біздің кейіпкеріміз де музыканың жазушысы – Бейбіт Оралұлы. Өзінің әлемі бар. Ол іңкәр сезімдердің суретін дыбыстар жарасымдылығымен көркемдеуші, сазгер, композитор, ақындығы да бар, оның өзі бір төбе. Дыбыстардың бәрі іңкәр сезімді елестете бермейтіні анық. Ал оны тану үшін талғам керек. Талғам адам ағзасының қай жеріне жасырулы екенін айту қиын. Біреу жүрегімде дейді, біреу қалқиған құлағымда дейді, біреу өне бойымда дейді. Қалай болғанда да адам тағдырымен біте қайнасқан қасиет. Қарапайым адамның ақыл-ойына тәжірибе барысында орныға қоймайтын мүмкіншілік. Әркімнің де өнерге бар таласы, дегенмен біреудікі асыл, біреудікі жасық. Біреу сағынышын, біреу арманын, біреу салтанатын, біреу қайғы-мұңын музыка тілімен суреттейді. Ал суретшінің досы - талант. Талант болмаса қатардағы қызығушының бірі болып қала бересің. 

Ежелгі грек философиясының дамуы өркениет деңгейінің жазу яғни сауаттылықтың жетілуімен тұспа тұс келген. Жазу ауызша мәдениетке қарағанда ақыл-ойды тереңдете түскен. Ал музыка тілін нәрлендіру үшін дыбыс символикаларын нотаның бетіне жарасымдылығын сақтап орналастыру қажет. Бұл тек жазушы музыканттың қолынан келеді. Жазуға төселген, нотаға қарап отырып терең ойлана алатын жасампаз адамның қабілеті. Абайдың да ойшыл ақын атануы осы жазуға құштарлығының арқасы. Бейбіт Оралұлы - ойшыл сазгер. Бала кезімізде ата-анамыз кейбір домбырашыларды тартысына сүйсініп «домбыраны сөйлетеді екен» деп отыратын. Бейбіт ағамыз нота арқылы музыканы сөйлететін адам. Сондықтан болса керек конкурстарда өзі дайындаған әншілер басты жүлдегер атанатыны. 

Міне, осы мысалдардың желісімен айтқым келгені кейіпкеріміз – музыканың жазушысы. Әрбір өнерпаз адам өз заманының тынысын суреттейді. Уақыттың бейнесін, көңіл-күйін сол уақытта билеп төстеп тұрған құндылықтар аясында көркемдеп баяндайды. Кейіпкеріміздің сазгер ретіндегі басты ерекшелігі кез келген мелодияның тартымдылығын арттыру үшін нотаның кілттерімен бояуын келтіріп суретін салады. Суреттің яғни композицияның бояуы қанығып, көркемдік маңызына ие болған кезде орындаушысын сайлап, сахнаға немесе тыңдарман талғамына лайықтап жарасымдылығын жетілдіреді. «Кез келген сазгер солай жасамай ма» деп ой тастайтын адамға айтарым. Әрине реттілігі солай. Бірақ бұл сазгердің ерекшелігі жазуында. Қағаз бетіне бес параллель сызықтарды сызып жіберіп есеп шығарып отырған математик тәрізді буындарды, жылдамдықтарды, тыныстарды, дыбыстарды, барабан ұрыстарын есептеп, қорытындысын халық даналығының, халық талғамының өлшеміне келтіреді. Бұл – тыңдарманның сана сезімін асқақ армандарға жетелейтін әуен. Бұл – жасампаздықтың ең маңызды мақсатын көздеген ойдың нәтижесі. Ньютонның басына алма түспес бұрын оның физикадан хабары болған жоқ десек ұят болар еді. 

Бейбіт Оралұлы ауылын ән-күймен тербеткен талғамын, шеберлігін ел іші мойындаған өнері басым өнерпаз отбасында дүниеге келген. Жақсы әншіні немесе күйшіні ауылы әлдилемесе, ауылы қоштамаса жанбай жатып сөніп қалары анық. Ауылынан тұтандырған шырағын алаулатып Алатауға бет алған жігіт бүгінде 70 жасқа келді. Ғұмырбаяны ғаламторды ашқан адамға аян. Ол жөнінде алып қосарым жоқ. 

Өнер мен өнерпаздың тағдыры жөнінде әңгіме өрбітуді жөн көрдім. Өнер – қазақ эстрадасы, кеңестік дәуір кезеңіндегі заманауи музыканың даму бағыты. Өнерпаз сол дәуірдегі саяси және мәдени көзқарастардың ұстанымын, бағдарын, бақылауын ескере отырып шығармашылықпен шұғылданушы қоғамның қатардағы азаматы. Бүгінгідей «жұлдыз» атымен жоқ. Сол кезеңдерде кенестік дәуір тыңдарманы жаһандық эстраданың көркемдігін түйсінуге, түсінуге, терең бойлауға шектеу болғандықтан,  толық мүмкіндігі болмағандықтан сұранысы да әлемдік деңгейді меңзей қоймады. Шәмші ағамыз қазақ халқын вальспен тербетіп жүрген шақта әлемді электрондық музыка сілкіндіріп жатты. Ал көп ұзамай елімізде электрондық музыканың жалын тартып мінгендер махаббаттың еркін тақырыптарын, ритмді ырғақтарын сахнаға шығаруға рұқсаты болмады. Эстрада халықтың дәстүрлі өнерімен тығыз байланыста өрістеуіне тура келді. Себебі сол баяғы әлемдік эстрадамен қанып сусындамаған тыңдарман талғамының деңгейі ауыздығын шайнап тарпынып тұрған эстрада еңбеккерлерінің әлемдік деңгейдегі биікке көтерілуіне мүмкіндік бермеді. Жаңа заманның өнер түрлері саяси мәдениеттің бақылауында болды. Тағы маңызды мәселе, кеңестік дәуірдегі Қазақ эстрадасының көтерген жанрлары «дәстүрлі мәдениетті жаңғырту» аясында өркен жайды. Таза еркін тақырыпты халық қабылдамады. Оның себебі халық Кеңес одағы дәуірінде ілінген «темір перденің» ішкі кеңістігіндегі тынысы тар өркениет  құрсауында болды. Дегенмен жасампаздық кез келген құрсауды да, шектеуді де мойындамайды. Халықтың сұранысын еселеп қайтара білді. Талантты жастар халықтың рухын көтеруге құлшына кірісіп, сана-сезімін, адамгершілік сипатын оята білді. Сүйкімді, көркем тақырыптарды таба білді. Бейбіт Оралұлы махаббат, сағыныш, ауылға сағыныш, туған жерге махаббат, еркіндік т.б  сезімдерін іңкәр әуендермен көркемдей білді. «Бейбіт Оралұлының 100 әні» кітабынан үзінді келтірсек: «Ауыл – менің әндерімнің өзегі, тағдырымның тынысы. Ауылыма жиі барып тұрамын. Жем бойы атақты Қобыланды батыр өткен жер, қазақтың қайраткер ғалым-ойшылдары Құдайберген және Ахмет Жұбановтар туған жер. «Ауылға», «Сағындым ауылымды», «Жем бойы», «Жүрші сәулем, ауылға», «Мұғалжар», тағы басқа көптеген әндерім Жем бойында өткен балалық шаққа арналған. Сол кездерді, балалық шақ-бал дәуренді бүгінде қатты аңсаймын». Алғашқы әндерім де осы мектеп қабырғасында дүниеге келді. «Гүлнарым», «Айналдым», «Нұр көктем», «Бір қызға» деген әндерім аудан жастары арасында кең таралып кетті. «Гүлнарым» әнін кейін әнші Рахат Тұрлыханов ініміз қайтадан өңдеп сахнаға шығарды. 

Бейбіт Оралұлы ағамызбен замандас сазгер, ақын, әнші, орындаушы болып саналатын шығармашыл буынның басты миссиясы халықтың рухын, адамгершіл сипатын, даналығын өнер туындыларының болмысында сақтап  басқа үлттың өнеріне еліктеп, жетегінде кетпей халықтың қасиетін, өзгешелігін қоғамның жадына сіңіріп насихаттап отырды. 

Аталмыш кітабында Бейбіт Оралұлы: «Бізге тыңдарманның жетегінде кететін ән емес, тыңдарманды жетелейтін әндер керек. Әнге деген жеңіл көзқарас ұшпаққа шығармайды. Ән, музыка – әр дәуірдің үні, бет-бейнесі, келбеті. Ертең біздің балаларымыз «Алдыңғы буын қандай музыка тыңдады екен?» дейтіні анық. Сондықтан да есер әннен есті әніміз көп болсын» деген ойлары бар. 

Бейбіт Оралұлы Кеңес одағында саяхаттап немесе қыдырып келген адамды тамсандырған Алматы қаласына айтарлықтай жас кезінде келген. Сөйте тұра ауылды ұмытып қала тынысына беріліп орысша сөйлеп сіңісіп кетпеген, елді, туған жерін, ауылын ұмытпаған. Бар шығармашылығын ауылға сағыныш тақырыбында өрбіткен. 

 «Жастар шетелге қатты еліктеп жатыр. Кавер-версиялар басымдық алды, қазір әншілердің 70-80 пайызы кавермен айтады. Жас әншілер түріктің, өзбектің, қырғыздың, т.б. елдердің әндерін көшіріп алып, ашықтан-ашық плагиатқа көшті. Тұтынушылық қоғамның сұранысына солай бейімделеміз деп, тыңдарманның талғамын төмендетті. Жалпы, әннің сарыны – оның соғып тұрған жүрегі. Әрбір елдің әуені сол ұлттың жүрегінің соғысын, түпкі болмысын білдіреді. Өзге халықтың әуенін ұрлаушылар бізге жат, бөтен ырғақты біздің халқымыздың санасына сіңіргісі келеді, сіңіріп те жатыр. Мен, әрине, оны қабылдамаймын, оған қарсы ұлттық иммунитетім бар. Ал 14-15 жастағы балалар бұны қабылдайды, үлкен сахнадан, теледидардан айтылып жатқан соң бәрі дұрыс деп ойлайды. Біреудің әуенін ұрлау деген қылмыс қой. Бұл әншілердің жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Өтпелі құбылыс, әне-міне өтеді де кетеді дейін десек, жастарға теріс әсер етіп жатыр. Сондықтан плагиатқа заңмен тыйым салу керек» деп болашақтың киер бөркінің маңдайын оңды беталысқа бұрудың жолдарын ойластыру жөнінде ойларын ортаға салған. 

Бейбіт Оралұлы ағамыз махаббатты сана шеңберінен бөліп алып жекелей жырлаған жоқ. Міндетті түрде халықтың өнегесімен бірлестіріп өмір мелодияларымен қоса суреттеді. «Бейбіт Оралұлының 100 әні» кітабында сан алуан музыка жанрларын ұстанып, әндерді, композицияларды дүниеге әкелгендігін былай деп баяндайды.

 «Қазіргі уақытта эстрадалық әннің түрлі жанры пайда болды, синтез басым. Этнорок, этнофольк, этноджазрок секілді көне музыкамен бүгінгі музыканы ұштастыру бағыты маған да жат емес. Менің дәстүрлі музыкамыздың сарынында жазылған ән-толғауларым да, заманауи стильдегі әндерім де уақыт тынысынан туған, тыңдарманның сұранысына сай дүниелер. Әрі олар қазақи дәстүрден тамыр алғандықтан да өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Мәселен, Роза Рымбаева айтқан «Домбыраның үні» атты әнім ұлттық сарында жазылған және көпшіліктің ықыласына бөленген туынды».

Бейбіт Оралұлы ағамыздың ғұмырбаянын оқи отыра, өзімен жеке сұхбаттаса отыра шығармашыл тұлға ретіндегі бейнесі туралы көзқарас қалыптастырдым. Әрине әр қазақтың Бейбіт Оралұлы туралы түсінігі әр түрлі болуы мүмкін. Өз көзқарасым бойынша айтар болсам. Батыл адам. Жасандылықты жаны сүймейтін өр мінезді жігіт. Сабырлы, асығыс шешім қабылдай қоймайтын байыпты мінезі бар. Сұхбат барысында айтып отырған сөздеріңнің төркінін шахмат тақтасына қарап отырғандай зер салып қалыпты әдептілігін сақтап әңгімесін өрбітіп отырады. Өзін қай ортада болмасын еркін ұстайды. Көздерінен жігітке лайық сұстылықпен қоса мейірімділікті сезініп отырасың. Сөйте тұра қанша жерден сұсты ер болса да жүзін күлімдетіп, дидарын жадыратып маңайындағы жандарға өздерін емін-еркін ұстап отыруға шақырып отырғандай кейіп танытатын әдеті қалыптасқан. Бауырын жазып кең даланың жазығымен бір айналып орғытып келетін арғымақ сияқты ауыл, ел туралы, өнер туралы әңгімелерін айтып аздап сөйлесе де мәз қылып отырады. Әрбір әннің шығу тарихын айтып, көркемдік маңыздылығын ортаға салып ойландырып  сезімдерді қалай суреттеу керек екендігіне шолу жасайды. Жас өнерпаздардың ән айтуын тыңдап отырған сәттерде байқағаным, қандай октава, дыбыстық деңгейі туралы айтқанда нотаның  тілімен сипаттайды. «Ұнады, ұнамады» деген сөздерді көп айта бермейтін адам. Ән жазу барысында қолданатын тәсілдерінен мысал келтірсем. Әнді дыбыстаған күйі қағазға нота тілімен түртіп алып, әннің ырғағын, жылдамдығын, баяулығын, мұңдылығын, салтанатын, шаттылық  деңгейін жазып нотаның бетін айдақтатып  тастайды. Қағаз бетіне түскен мелодия тайға таңба басқандай көрініс тауып кіндігі кесіледі. Әрі ол әнді еңбектетіп, тәй-тәй басқызып, тәрбиелеп, тартымды жақсы мінезін көркейтіп тыңдарман сынағына жолдама береді. Әншінің танымал әнші болайын деп тұрғанын танитын қасиет кез-келген адамға берілмейді. Ол үшін көп жылдық тәжірибе, сауаттылық, шеберлік, көрегендік қажет. Әннің темпераментін, қамтитын масштабын, сәнін ести сала бас ұрмай ой елегінен өткізіп, маңыздылығын айқындап беру сахна төрінде әндерімен әбден шыңдалған талғамды сазгердің құзырында екендігін ескеру керек. Ол бір ғана хит болған әнімен жайлауда желіп жүрген  орындаушы емес. Оның жүзден астам ел аузында, халық жадында жүрген әндері бар.  Жарық көрмей ой мұрағатында жатқаны қаншама десеңізші. Орындаушысын күтіп сарғайған қағаз бетінде сақталғандары да айтарлықтай көп. Бейбіт Оралұлы «Ән қысқа болса да үлкен кітаптың мазмұнын қамтитын болуы тиіс» деп есептейді. Сондығымен ән көпшіліктің көңілінен шығып ой-арманын биікке самғатады. 

Осыған дәлел ретінде мына сөзін мысалға келтірген жөн: Ән деген өзінше бір сахналық қойылым, тұтас бір спектакль. Ән бірнеше бөлімнен тұрады, бастауы, шарықтау шегі, түпкі ойы мен соңғы нүктесі бар күрделі дүние. Ән дегеніміз – композитордың жан сыры, сезімі мен сағынышы, арыз-арманы. Тебіренісі мен толғанысы. Үш аккордқа сыйғызып, күрделі мазмұнды бір ән шығару екінің бірінің қолынан келмейді. Оның өзі үлкен өнер, асқан шеберлік.

 «Бейбіт Оралұлының 100 әні» кітабында кәсіби белсенділік танытқан жылдардағы өнер жолындағы өзінің тағдырын былай деп баяндайды. 

1970-80 жылдары вокалды-инструменталдық ансамбльдерде (ВИА) жетекші болдым. Кәсіби және өнерпаз музыканттардан тұратын мұндай ВИА-ларға кез келген әнші немесе аспапшы қабылданбайтын, тек үздіктердің жолы болатын, сондықтан да бұл топтар талай атақты музыканттарды танытқан мықты шығармашылық ортаға айналды. Кейін келе Алматыдағы Теміржолшылар сарайында «Жас дәурен» ансамблін құруға да атсалыстым. Тікелей практикамен көп айналысқанның әсері болар, эстрада жанрында жазылған әндерім көпшіліктің көңілінен шығып, республикаға кең тарай бастады. Қазақ телевизиясында алғаш «Алтыбақан» жастар бағдарламасы шыққан кезде көптеген талантты жастың өнердегі тұсауы кесіліп, қанаты жазылды емес пе. Сайлау Нұрбергенов және басқа әнші-композитор достарыммен бірге мен де осы хабарға қатынастым, халыққа танымал болуымыз да осыдан басталды. «Алтыбақан» сол жылдары қазақ телевизиясындағы ұлттық сипаттағы тұңғыш әрі халықтың зор ықыласына бөленген бағдарламаның бірі болды, танылмаған талай талантқа жол ашты.1980 жылдары Алматыда вокалды-аспапты ансамбльдерде жұмыс істеп жүрген кезімде көптеген әндердің иесі болсам да өзімді композитор ретінде көрсетуге ұмтыла қоймаған едім. Өзімнің бұрыннан әдетім – ән туған соң оны жарыққа шығаруға, әншілерге беруге, сахнадан айтқызуға асыға қоймаймын. Кейбір әндерім тартпамда жылдап жатып қалатыны да болады.
Сонымен 1996 жылы бизнесті жылы жауып, өнеріме қайта оралдым. Ол кезде жаңадан жеке студиялар құрылып, жұмыс істеп жатқан. Бірден белгілі музыкант, композитор Тасқын Оқаповқа барып, бірнеше әнімді ұсындым. Тасқын 21 әніммен танысқан соң біраз үнсіз отырып қалды. Сосын көзілдірігін сүртті де, «Кешке үйге келсеңші» деді. Әндерім ұнағанын ол осылай білдірді.Тасқынмен кездесуім Роза Рымбаевамен танысуыма алып келді. Мені композитор ретінде көпшілікпен қауыштырған да Роза. Сол жолы Роза бірден менің «Нұрбейнең», «Махаббат дастаны» және тағы екі әнімді жаздырып, үлкен сахнаға алып шықты. Ән әншінің, әнші әннің бағын ашты. Әнге, өнерге оралуым тән дертінде емдеді, бойы бусанған анадай тәнім де, жаным да рахаттанып, шығармашылық өмірдің ләззаты бәрінің дауасы болды. Розамен шығармашылық тандеміміз жемісті болып, 20 шақты ән жаздық. Алматыда өтетін «Азия дауысы» фестивалінің дүркіреп тұрған кезінде қатарынан 7 жыл бойы лауреат болып, «Үздік композитор» атандым. 1997 жылы ҚР Президенті жүлдесін иелендім. 
 «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» атты Тәуелсіздікке арналған республикалық байқауларда он жыл бойы бас жүлдені ешкімге бермей еншіледім. Кейінгі жылдары конкурстардан бас тартып, жастарға жол берейік деп өзімізді тізгіндедік. 
Розамен шығармашылығымыздың сәттілігінің арқасында мен сол кезде әншілер арасында үлкен сұранысқа ие болдым. Конкурстық әндер жазуменде есімім көпке танылды. Бақтияр Тайлақбаев, Мақпал Жүнісова, Майра Мұхамедқызы, Гауһар Қаспақова сынды үздік әншілермен жұмыс істедім. Одан кейінгі буындағы жастар да осы үрдісті сәтті жалғастырды. Менің әндерімді орындаған жас әншілер Алтынай Жорабаева, Гүлнұр Оразымбетова, Тахмина Әшімбекова, Нұрғали Тұрлыбеков, Өмірқұл Айниязов, Аллаберген Жақсыбаев көптеген шетелдік және республикалық байқауларда жүлделі орындарды иеленді және әнші ретінде үлкен сахнаға жолдама алды. Қазіргі танымал әнші Жанар Дұғалова 13 жасынан бастап әндерімді айтты. Осылайша Роза бастап берген сәтті жол талай жастың сахнаға жолдама алуына алып келді. Жастармен шығармашылық байланыстың тағы бір бағыты – менің атымдағы әншілер байқауы. «Бейбіт Оралұлы атындағы халықаралық ән байқауы» деп аталатын бұл өнер сайысы алғаш рет 2011 жылы республика көлемінде өтті. Одан кейінгі жылдары халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Біртіндеп дәстүрлі өнер сайысына айналып, тұрақты түрде өткізіліп жүр. Кеңес Дүйсекеев ағамыз бірде: «Менде жоқ байқау Бейбітте бар деп қызғанып отырмын»,- деп әзілдегені бар. Дарынды жастардың балапан қанатын ұштайтын, биікке самғауына түрткі болатын мұндай байқаулар өнер үшін көптік етпейтіні анық».

Бейбіт Оралұлының айтуынша: «Боз жорға» әнінің жарық көруінің тарихы көпшілікті қатты қызықтырады. Ақмола қаласының Астана статусына көшу қарсаңы, қаланың алғашқы тұсаукесері басталарда Астана халқы қазақ әнін айтуы туралы, дұрыс, оңды шешім қабылданған. Осы бастаманы жүзеге асыру Ресей эстрадасының азулы продюсері Бари Алибасовқа тапсырылған. Ол бір ай бойы лайықты ән іздеген. Бейбіт Оралұлы ағамыз бен Шөмішбай Сариев шығармашылық тандем құра отырып жазған әндерін ұсынған. Бірақ ол көптеген әндердің ішінен қанша таңдаса да бір тоқтамға келе алмағандықтан соңғы күні оған «Боз жорға» әнін тыңдатқан. Бари қатты қуанып әнді бірден қабылдап, әуелі қаланың тұсаукесерінде, содан кейін сайлау науқанында да сахнаға қайта-қайта шығарып қаланың да, әннің де тұсаукесерін жасағаны белгілі тарих болып қалғаны аян. Дегенмен Боз жорға әнін алғашында халық әншісі Мақпал Жүнісова атқа мініп орындап шығуы жоспарланған. Бірақ ән жерлесіміз Бари Алибасов жетекшілігімен құрылған Ресейдің атышулы На-На тобының орындауына бұйырғаны белгілі. Міне әннің де өз тағдыры болатындығына осы оқиға мысал бола алады. 

Бари Алибасов бір сөзінде «Бейбіт, егер сен консерватория бітіргенде осындай әндер жазбаған болар едің» деген екен. Міне осы сөзді мәдениеттану теориясының сараптамасына салып көрейік. Біріншіден балалық, бозбалалық, жеткіншек, ержеткен еркіндік шағын ауылында өткізген  жігіт қаймағы алынбаған рухани қоры бар арманшыл тұлға. Оны қала тіршілігі қалыпқа салған емес, ауылда еркін өскен, жадында ауылының болмысы, көрінісі жайнап тұр. Классикалық музыкалардың бір қасиеті теңіз тәрізді терең бойлаған сайын, яғни үйреніп игерген сайын тұздылығы басым болғандықтан өзен жағасында өсіп, бойда ұялаған тұщымды сезімдерді шайып кетеді. Жасаған бейнелі тұжырымым осы. Егер Бейбіт ағамыз консерваторияға түсіп шығармашылығын жалғастырғанда эстрада емес классика жанрында туындыларды жасаған болар ма еді. Бұл мақаладан тыс қаншама баяндалмаған, жазылмаған, айтылмаған өнер адамының бастан кешкен тарихының көлемді ауқымы бар екенін оқырман түсінеді және біледі деген ойдамыз…

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар