Заман өтті алағай да бұлағай,
Қазағым деп күңіренді ұлы Абай.
Талай асыл өтіп кетті фәниден,
Тар қапастың қорлығына шыдамай.
Ел тағдыры қыл үстінде шешілген
Күндер өтті ізгі тілек кесілген.
Адалдардың тоны тозып, аты арып,
Алға шықты арамзалар есірген.
Дұшпан болып бірге ас жеген табақтан,
Іні шықты ағасына оқ атқан.
Жағаласқан жау жағадан алғанда,
Шәуілдеген канден тартты балақтан.
Салт-дәстүр де трактормен жаншылып,
Бір қуысқа қамап қойды таршылық.
Кеткенінше кеудесінен жан шығып,
Жұрттың көбі көрсетпеді қарсылық.
Мезі болған бос уәде, сөздерден,
Бүгін қазақ жастары да өзгерген.
Өз елінде өгей болып жүрген соң,
Несібесін теріп жейді өзге елден.
Көбейгенде қошемет пен «алақай»,
Жер асты мен үсті болды талапай,
«Тоқта!» дейтін жан табылмай қойды ғой,
Елдің ішін бүлдіргенде ала тай.
Заман өтті алағай да бұлағай,
Көсем шықты шатып-бұтқан, шалағай.
Шешен шықты кісімсінген, қыртиған,
Сөз сөйлейтін алды-артына қарамай.
Тірлігіне болған көптен наразы,
Сенделіп жүр енді дала қазағы.
Кім біледі не күтерін алдынан,
Барлығына болсын Тәңір таразы.
***
Қасқыр аман сақтап жүрсе үйірін,
Тарқата ма адам істің түйінін.
Кейбіреулер саулығы үшін басының
Беруге әзір бір бүйрегін – бүйірін.
Қойшыбайға қой бақтырып Николай,
Құл қып жұмсап жүргендігі батады-ай.
Қасқырды ешкім үйрете алмас қарғыға,
Ал адамға ноқта салу оп-оңай.
Қазақ жері түсіп жатса телімге,
Қойдай болдық тұяқ серіппес бүгінде.
Тірі күйде сыпырса да терісін,
Көкжал қасқыр шығармаған үнін де.
Көздің жасы қалай ғана құрғайды,
Жолдасына қасқыр қастық қылмайды.
Жабырқатар көрген жәбір жолдастан,
Ер басына келіп жатса мың қайғы.
Көкжалмын деп жүрген бүгін төс керіп,
Қаскүнемдер жатыр кімді ескеріп.
Арадағы қой терісін жамылған
Қасқыр жайлы айта алар ма естелік?!
Қасқыр сынды емін-еркін жүрмейміз,
«Хайуансың!» – деп біреулерді тілдейміз.
Мәз боламыз адамбыз деп көзі ашық,
Сол хайуаннан неміз артық, білмейміз.
***
Көзін сүзіп қарап тұрған отбасы,
Өмір деген шахматтың тақтасы.
Король жалғыз, сарбазы көп болса да,
Белгілі ғой олардың да жақтасы.
Тізгін бермей өз еліне сай ұлға,
Кім өмірді айналдырған ойынға.
Талабымыз тасқа тиіп кетілді,
Кеме-сынды тоқтап қалған қайырда.
Ферзі құлап, төрге шығып пешкілер,
Қой азайса көбейеді ешкілер.
Біз де біраз қалғандаймыз шау тартып,
Әлде мезгіл келді ме екен ескірер?!
Қараға да бояу жағып, ақ қылдық,
Гросмейстер болып алды сатқындық.
Ақ пен қара жағаласқан тақтада
Ақырында адалдарды мат қылдық.
Таусылғанда патшаның да тірегі,
Уәзір болса көп сарбаздың біреуі,
Есті сөзге құлақ асар жан болса,
Орындалар, бәлкім, халық тілегі.
***
Ағаш бар ма мәңгі жасар шірімей,
Қоғам бар ма тұрған мүлде ірімей.
Тереңдікті түсінбейтін таяздар
Бруноны отқа жаққан тірілей.
Колумб та шатыстырған жағаны
Кейбіреуге болған екен бағалы.
Сөзі сұйық тарихшының көбісі
Болған жайды бүркемелеп жазады.
Атқа шауып, оқ атқанды жігіт деп
Жатқанда да айта алды ма біліп көп.
Діннен безген деген жала жабылып,
Шындық үшін шейіт болған Ұлықбек.
Елдің ішін жайлап алып күйкі мұң,
Жалмауыздар асап жатса жейтінін,
Басы тәннен бөлек жатты қанша жыл
Ел қорғаны Махамбет пен Кейкінің.
Өзегіне теуіп тұрып өз елін,
Опасыздар жасағанда дегенін,
Арыстандай арпалысқан дұшпанмен
Қапылыста басы кеткен Кененің.
Мұстафаны дәті жетіп улаған,
Әлі толып жүрген-сынды көр, надан.
Талай құқай көрген сорлы қазақтың
Күні бар ма көз жасының құрғаған?
Атқан, асқан, қапқан, алған жағадан,
Азғындар да шыққан екен арадан.
Ішке кіріп мүләйімсіп жүр бүгін
Сол жандардың ұрпақтары тараған.
***
Тілек айтсақ тым ұзақ ғұмыр тілеп,
Қартайған шал бола ма бүгін тірек?!
Ел алдында айтатын сөзі басқа,
Ойына алған жасайды ісін бөлек.
Алжыған шал ойлайды ұлымын деп,
Елге сыйлы пенденің бірімін деп.
Фәнидегі қызыққа әуейленіп,
Айта алмайды: «Құдайдың құлымын!» – деп.
Еңбек еткен адамға алғысы жоқ,
Аты шыққан пейілі тар кісі деп.
Қара басын күйттеген зымиянның
Ел-жұртынан естіген қарғысы көп.
Жақын қалып тұрса да көрі мүлде,
Дәрмені жоқ бұрылып, шегінуге.
Мезгілінде өлген де жақсы екен ғой,
Абыройы болады өлімнің де.
***
Замананың көшіне ере білген,
Төрде отырған сықиған төре кілең.
Біреуі отыр ақшаның көмегімен,
Біреуі отыр ұлының беделімен.
Замананың көшіне ере білген,
Төрде отырған сықиған төре кілең.
Біреуі отыр жағынғыш «өнерімен»,
Біреуі отыр мықтының демеуімен.
Қойдың басы келгенде алдарына,
«Қайтемін?!» – деп қарайды жан-жағына.
Шұқып жейді асты да шанышқымен,
Ұқсамайды баяғы шалдарыма.
Қазақ аты болғанмен атасы нақ,
Өскен жандай аулақта жат асырап.
Тост айтады үйренген әдетімен,
Әуре болма олардан бата сұрап.
Күн өтеді күйбеңмен, әбігермен,
Жақсылықты күтемін тағы кімнен?!
Болса екен деп ел-жұртым аман-есен,
Таңда тұрып тілеймін Тәңірден мен.
Қадір білген ағалар көңіл жықпай,
Ізет көрген інілер қашып-бұқпай,
Құрбы-құрдас тел өскен жас кезімнен
Таза болып жүрсе екен таңғы шықтай.
Жолды кесіп өтпесе қара мысық,
Амандасса көршілер құрақ ұшып,
Алыстағы ағайын сәлемдесіп,
Құда-жекжат кеп тұрса сағынысып.
Асыр салса үйімде немерелер,
Бақ қондырса басыма өлең-өнер.
Арман бар ма фәниде дер едім ғой,
Біреу келіп сұраса менен егер.
***
Ия, Алла!
Барлық сырым саған мәлім,
Түсіндім сен арқылы өмір мәнін.
Сенім бер, ғидаят бер, білсем қадір,
Сабыр бер залымдардан көрсем жәбір.
Талап бер бойда қуат-күшім барда,
Бастай көр жұртқа жаққан ісімді алға.
Жан-жақтан залал көріп, қысылғанда,
Қорғай көр қауіп төнсе мұсылманға.
Бас аман, түзу болса есім егер,
Күн көрер ел қатарлы несібе бер.
Кесірлік жасаған да кездерім бар,
Әулекі қылығымды кешіре көр!
***
Өмір көрдім... Кәрі емес. Жас та емеспін,
Көп жанмен дос та емеспін, қас та емеспін.
Мән-жайды ұқтырса да мына жалған,
Мен Өзіммін! Өзіммін! Басқа емеспін!
Ілініп жүрсем-дағы сөзге не бір,
Өзіммін! Болсын деймін өз дегенім.
Бар алда ойлағаным, көздегенім,
Еліме адалмын деп сөз беремін!
Өзіммін! Өз мінезім, өз үнім бар,
Қайрат бар! Намысым бар! Төзімім бар!
Өзімді түзу ұстап жүру үшін
Ия, Алла!
Мені-дағы көз қырыңа ал!
***
Тез бітсін күніміз деп босқа қамар,
Күтеміз әр күн сайын басқа хабар.
Алладан шыныменен бұйрық келсе,
Аспаннан жауын емес, тас та жауар.
Болмасын өтіп жатқан күнде кемдік,
Мақтан қыл ісің болса үлгі етерлік,
Алладан шыныменен бұйрық келсе,
Кетеді кемені де жел көтеріп.
Жатқанда бізден түрлі сынақ алып,
Жалынып неге жәрдем сұрамадық?
Алладан шыныменен бұйрық келсе,
Тауды да жермен-жексен қылары анық.
Дұғамыз шипа болса көбімізге,
Сау болсын деп тілейік деніміз де.
Алладан шыныменен бұйрық келсе,
Құрдымға жібереді теңізді де.
Апатты көзбен көрсең – есің шығар,
Дұрысы сабыр қылып, тосу шығар.
Алладан шыныменен бұйрық келсе,
Күн туар жалбарынып, кешу сұрар.
***
Түрлі жерде, әр өңірде тусақ та,
Мұсылманбыз – барлығымыз бір сапта.
Бірақ, неге тұра алмаймыз алаңсыз
Сәби-сынды жатқан бейқам құрсақта?!
Бай мен кедей, жасымыз бен кәріміз
Илһам кидік – бірдей болдық бәріміз.
Жерге иілді биіктегі басымыз,
Жерге тиді тізедегі қолымыз.
Қара жерден несібесін табады ел,
Соңғы төсек болатын да қара жер.
Көрген түстей мына фәни жалғанда,
Жалған сырын түсінетін сана бер!
Ақылбек Шаяхмет ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және тәуелсіз «Алтын қалам» сыйлығының иегері.
