Баяғыда жасөспірім шақта ауылда оқитын ештеңе таппай қолымызға түскенді оқи беретінбіз, қазір керісінше кітап көп, өзің сатып алатының бар, портал болғасын авторлардан да кітаптар келіп жатады, және оның бәрін талғаусыз оқи бере алмайсың, бірін жаның қалап оқисың, бірін жұмысың қажет еткен соң оқисың.
Егер кейіпкері көп болса, бір-біріне мүлдем ұқсамаса, оқиғасы сала-сала болып өрбіп, өріліп, сол оқиғаның, соғыстың не өрттің ішінде жүргендей, сол кейіпкерлердің ғұмырын бірге кешіскендей сезіндірсе роман деген ғажап нәрсе ғой (бұл пікірдің тарихи дүниеге қатысы жоқ), дегенмен, өзім үшін жанрдың төресі – әңгіме. Шағын дүниеге автор ой-сезімін қалай салады, оқиғаны жалықтырмай қалай жеткізіп береді, басы бар, аяғы бар, көркемдігі, психологизмі толық жұп-жұмыр дүние жасап шығудағы тәсілі қандай... оның бәрі қызық.
Жақында Қызылжардан автор Сағындық Рахымжанның «Сағыныш дәптері» атты кітабы қолыма тиді. Әр адамның кітап оқудағы әдісі болады, мысалы, жаяу жүрген кезде тыңдайтын шығармалар бөлек, ұйықтар алдында оқитын кітап бөлек деген сияқты. Сағындықтың кітабы ауыл есіңе түскенде, балалық шағыңды сағынғанда оқитын кітап екен.
«Василек»
Сағындықты «Василек» әңгімесі арқылы білуші едік. Бұл әңгіме ауылдың иісі шығып тұрғаны үшін ұнаған. «Василек» сондай бір сезімталдықпен жазылған қазақы әңгіме. Ондай мөлдір әңгімені жылқы баласын шын жақсы көрген адам ғана жазатыны анық. Аттың жүрісі, қойшы тірлігі, ауыл адамдарының сөз ләмі, қысқы ауыл, шөп, қора, ескі ер, осының бәрін суреттегенде автор ештеңені әсірелемейді, пәлсапа соқпайды, бірақ қарапайым детальдардың өзінен үлкен мұң шығарады. Ол не мұң дейсіз бе? Теңіздің тағдыры арқылы бүтін бір өтпелі кезеңде жоғалып кеткен қазақ ауылының үнсіз адамдарын көрсетіп отыр. Ішінде дауыл тұрып жатса да, сыртына сыр білдірмейтін Теңіздің өмір бойы өзін қорғай алмағанын көргенде эмоция билейді, неге ғана өмірге икемсіз, тым жұмсақ болып тудың екен дейсің. Әсіресе өтпелі кезеңдегі ауыл психологиясы өте дәл берілген. Адамдардың дөрекілігі, әлсізді жаншу, ішімдік, күйзеліс, бәрі табиғи көрінеді. Құттыбай мен Шеге ортаның қатігездігін бойына сіңіріп алған адамдар ретінде көрінеді. Василекке мінгеннен кейін Теңіздің өзгеруі өте жақсы берілген. Бұрын бүкшиіп жүретін бала енді бойын тіктейді, елмен араласа бастайды, қыз жайында ойлайды, өзін адам сияқты сезінеді. Яғни ат оның жанын оятқан. Демек, Василек жай ат емес, Теңіздің еркіндігі, жастығы, арманы, тіпті еркектік намысының символы сияқты. Сондықтан әңгіменің соңындағы Василектің сойылуын Теңіздің ішкі дүниесінің күйреуі деп түсіну дәл.
«Сағыныш дәптері» осы «Василектен» басталыпты. Сағындық жылқы көрсе, жалына қол тигізгенше тағат таппас атқұмар болып көрінді, өйткені «Сағыныш дәптерінде» тек «Василек» емес, «Жұлдыз» деген ат, «Еркежирен», «СС» таңбалы тағы бір жылқы, «Барымтаның аты» да жүр екен.
Ол ауыл басқа еді...
Сағындықтың кітабында баяғы біз көрген ауыл бар. Қайнатқан құрттың, үстінде бір сызығы бар тәтті құрттың, доп-домалақ ащы құрттың дәмі аузыңа келіп, шыжықтың иісі мұрныңа келіп, текеметтің үстінде аунап, түтін иісіне танауыңды қуантып, бір сәтте ойша балалықтың ауылына заулап барып қайтар едіңіз. Автор үшін ауылдың шошаласына дейін ыстық екенін көресіз. Оның ішіндегі әрбір заттың қай жерде тұрғаны, қалай ілініп тұрғаны, қандай иісі бары, бірін қалдырмайды. Музейді таныстырып жатқан сияқты.
«Ішінде не жоқ дейсіз ғой, ашып қалғанда дәл ортада ыстауға қойған ет ілініп тұрады: жылқының, қойдың, ешкінің. Үрленген қарын да сонда. Оң жақ апамдікі болатын. Қазан, леген, шелектеріне арналған сөре бар. Ұзындығы бір метрден асатын қара астау да сонда. Оған апам соғымның қазыларын тұздайтын. Жанында кебеже тұрады. Ана бір жерде ойық бар, оған сүт, қаймағын қоюшы еді. Сол қабырға атама тиесілі. Бірінші шегеге жіптер ілінеді, екіншісіне сым. «Ақ сым, қара сым» дейді, ол да керек дүние. Одан кейінгілерге жүген, ноқта, қамшы, қамыт, доға, сейдолка (ершікті солай атайды), айыл секілді ат әбзелдері тұрады. Төрге қарай атамның қара шалғысы ілінген. Қайрағы мен төстігі жанында».
Қолдан тіккен күпі киіп көргендердің соңы Сағындық шығар деп отырдым.
Кейде біздің ең әдемі, ең таза шақтарымыз сол естеліктерімізде қалады. Біз соларға оралу арқылы өзімізді қайтадан тауып алатын секілдіміз. Біз кейде бір сәт бала сияқты болып көре алсақ қой! Балалар ғана артық ештеңені уайым қылмайды, балалар ғана дүниеден тек кереметтерді күте алады.
Адам деген бір қарасаң жасампаз, технологияны дамытты, тұрмысын жеңілдетті, бірақ жанын тыныштандыратын қарапайым сезімдерден алыстап барады. Қазіргі адамның трагедиясы да осында. Иә, бұндағы ауыл да, атаның иісі де, жылқы да, ескі күпі де сыртқы деталь емес, адамның өзін жоғалтпай ұстап тұратын рухани белгілер.
Тәтті естеліктер
Бір жағы бұл кітап автордың өз күнделігі іспеттес. Дүниеге қалай келген кезі есінде қалмаған шығар, бірақ ес білгелі көрген, куә болған дүниесінің біреуін де қалыс қалдырмаған, оны «Үзіктерден» де, басқа әңгімелерден де көресіз. Сағындық ата-апасының баласы, қариялардың мейіріміне қанып өскен, бірақ, шаруаға да ерте араласқан. 10-11 жасынан малдың, шаруаның жайын білген. Мысалы, «Сағындым, ата иісіңді» деген бөлімді алсақ. Кей оқырман үшін мұндағы шығарманың дені әңгімеден гөрі эссеге жақын көрінуі мүмкін, мысалы, «Атам еккен үш ағаш». Бірақ, мәселе оның шынайылығында. Адамға деген ықыласын, сағынышын алғаусыз жеткізуімен ерекше. Әсіресе, «Қара қамзол» әңгімесінде қазақтың әр шаңырағының құты болған апалар, әжелердің бейнесі бар. Бүкіл тілеуін, өмірлік қуатын бала-шаға, немересіне төгетін аналар бүкіл жер-дүниені шуағымен, жарығымен аялап тұрса да, сонысын бұлдамайтын күн секілді.
«Түс көремін. Түсімде көк биенің маған бәсіре атаған қара құлыны тай болыпты. Амангелді ағам әкеліп берген ақ қайыстан жасалған жүгенді кигізіп, Сафуан ағамның қып-қызыл былғары ер-тоқымын салып мініп жүремін».
Қазіргі балалардың да атасын жақсы көретініне күмән жоқ, бірақ ауыл баласының атасын жақсы көруі ерекше. «Тайдан-тайдан, құлынтайдан айналдым, кішкентайым, сүйенішім, сағынышым» деп айналатын атасын немересі де қуаты жер-дүниені шырмап алар ғажайып сағынышпен еске алады, сіз де автормен бірге ере жүріп оның атасының жүрген жолымен жүрер едіңіз, зиратқа да соғар едіңіз. Бұл әңгіме өте бір мөлдір сезіммен жазылған, табиғат та, автордың өзі айтпақшы ауылдың романтикасы да бар, мейірімге мелдектеп тұрған дүние.
«Апамның ем-домы» дегенді күліп отырып оқыдым. Немересі тұмауратса, емнің неше атасын жасайтын әжелердің әр әбігер, әр қимылы, әр уайымында көл-көсір мейірім жатады.
Автор үйдің бетін көрмей далада ойнап, атқа шауып, қырықтыққа барып, ауыл агрономдарымен бірге жүріп, ранетка мен боққарақат теріп, тасаттық берген үлкендердің әңгімесін тыңдап өскен бала екен. Одан әрі есеюі, одеколон жағып, жігіт болып, алғашқы махаббат… кейін осының бәріне ойша оралып, сол сәтте кім не деп еді, сол сәтте қандай сезімді кешіп едім дегеннің өзі өмірдің әр сәтін бағалау.
Тоқсаныншы жылдардың балаларына «Пуховик», «Монтана бәтеңке» дегендер таныс. Автор мақсатты түрде бір тақырыпты көтерейін демейді, бірақ, өзің тірелетін ой бар: адамның өмірді шын мәнінде түгесіле келгенде қадірлегісі келетіні сияқты, біз балалықтың қадірін бала күнімізде білмейміз, ауылдың иісін ауылда жүргенде аңсамаймыз, адамның жан жылуын қасымызда отырған кезде бағаламаймыз, уақыт бәрін алыстатқан соң ғана қарапайым көрінген дүниелердің шын мәнінде жанның тірегі болғанын түсінеміз. Автордың бүкіл әңгімесінде осы бар. Адам уақыт өткен сайын болашақты емес, өткенін паналай бастайтын секілді. Өйткені өткен шақта біздің ең шынайы қалпымыз қалып қояды. Балалыққа оралғысы келетін адамның шын қалағаны ауыл емес, өзінің жоғалтып алған таза болмысы.
Робот... жар болып жарытпас
Кітапта әңгімелер жетерлік, олардың бәрінде де кейіпкер ауыл адамдары. Осының ішінде ерекшелеу «Сезім» деген шап-шағын әңгімеге тоқталайын. Жанна есімді келіншек күйеуінен ажырасқан, жалғыз болмайын деп робот күйеу сатып алады. Әсет деген өңді «жігіт» әйелдің көңілін табады, бірақ онда махаббат, ынтызарлық сезім жоқ. Әйелге көңіл бөлетін уақыты да белгілі бір программаға негізделген. Бірде Жаннаға бұрынғы күйеуі Мақсат хабарласып, екеуі кафеде жолығады. Ол да өзінің Меруерт деген робот әйел алып, онымен көп «отаспай» қайтадан дүкенге тапсырып жібергенін айтады. Түсінгеніміз, робот әйел сүйкімді еді, бірақ сонша мінсіз, соншама жып-жылтыр болғанымен, тірі адамның эмоциясын бере алмай, ақыры жалықтырған. Мінсіздік бар, тәртіп бар, бірақ адам беретін жылу жоқ.
Күйеуі бұрынғы әйеліне «мен сені жақсы көремін, қажет десең мінезімізді бірге түзейік» дегендей ұсыныс айтады, бірақ бұрынғы ерлі-зайыптылар одан әрі әңгімелері үйлеспей, қоштасып екі жаққа кетеді. Жанна үйге келгенде бұрынғы күйеуінің иісін сағынғанын, аңсайтынын түсінеді. Ол иіс роботта жоқ еді. Әсет Жаннаға қамқор, бірақ, адамға тек қамқорлық емес, өзін түсінетін тірі жүрек керек қой. Ол Әсеттің өзін тыңдайтынын, бірақ шын уайымдамайтынын біледі. Жанна жалғыз. Оның күйеуі Мақсат та жалғыз. Ерлі-зайыптылар неге жарасып кете алмайды, бір-бірін жақсы көріп тұрғанда не кедергі? Бұл адамдардың өзімшілдігі, менмендігі. Олар ортақ мәмілеге келу үшін бір-біріне бұрылып, бір-біріне құлақ түру керегін білмей ме, әлде өздерін жеңе алмай ма... ойланып қаласың.
Ия, ойланасың, автордың «Сезім» әңгімесі жай фантастика емес, адам табиғаты туралы шығарма. Роботтар бұл жерде техника жетістігі ретінде емес, бір кезде бір-бірінен жалыққан, оңашалыққа ұмтылған, тірі адаммен өмір сүру қиын болған соң, мінсіз серік іздеген адамдардың енді келіп жалғыздықтан қашқаны көрінеді. Сонда адам ешқашан өзіне қарсы келмейтін, ренжімейтін, шаршатпайтын, бәрін уақытында істейтін роботты қызықтағанымен, бірақ уақыт өте келе мінсіздіктен жалығатын болып тұр ғой.
Солай адам шын нәрсені іздейді. Шынайы махаббаттың ішінде тосындық, қателік, мінез, қызғаныш, реніш, кешірім деген дүниелер болады. Адамды адамға байлайтын да сол тірі сезімдер. Автор Жаннаның бұрынғы күйеуінің иісін сағынуын бекер келтіріп отырған жоқ, иіс деген жай физиологиялық нәрсе емес, ол естелік, жақындық, адамның тірі екенінің белгісі. Робот байғұс тек адамның рөлін ойнайды, бірақ адамның өзін алмастыра алмайды.
Қазір ажырасу көбейді, некені үш қабат шынжыр, тұйық шеңбер көретін қыздар көбейді, өйткені, бүгінгінің адамына сабыр мен төзім жетпейді. Жұп болып өмір сүру деген бүгінгі тілмен айтқанда өз эгоңды жеңу, біреуге бейімделу, кешіре білу екенін түсінгісі келмейтін қазіргі адамдар шын мәнінде бір бірінен емес, бір бірінің мінезінен қашып жүр. Бірақ адамды сүйдіретін де дәл сол мінез, дәл сол кемшілік. Автор осыны созып отырмай өте нәзік жеткізген.
