Бүгін 3 қараша – қазақтың ақыны, аудармашы Қасым Сәрсенұлы Тоғызақовтың дүниеге келгеніне 115 ЖЫЛ.
Қасым Тоғызақов 1910 жылы 3 қарашада Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында Айрауық деген ауылда туған.
1926 жылы жетіжылдық мектепті бітіріп, Қостанайдағы педагогика техникумында оқыды. Оны бітірген соң, 1930 жылы Ленинградтағы А.И.Герцен атындағы педагогика институтының орыс тілі мен орыс әдебиеті факультетіне түскен.
1934 жылы Алматыға келіп, Қазақстан Жазушылар одағында аударма бөлімінің меңгерушісі болып істеген. 1936 жылы халық ақыны Жамбылдың жеке әдеби хатшысы болып, онымен бірге Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне барады. Ақынның айтқан өлеңдерін жазып алып, редакциялаған және оның сол кезде шығарған негізгі шығармаларын сөзбе-сөз орысшаға аударған.
Мәскеуден келген соң ұсталып, Сібірге айдалып кетеді. Қасым Тоғызақов үшінші рет РСФСР-дің қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11 баптарымен айыпталып, ұзақ мерзімдік жазамен сотталады. Түрмеде 1941 жылдан бастап 15 жыл отырып, 10.10.1956 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының Жоғарғы сотының Тергеу комитетінің шешімімен қылмыстық әрекетінің дәлелденбеуіне байланысты ақталады.

«Сібір Омар» атты өлеңмен роман жазған, жазушылардың бәрі ол кісіні «Сібір Омар» дейді екен. Шапшаң қимылдайтын, шақар мінезді адам болыпты. Айдаудан ашынып келген, ащы суға үйір Қасым Тоғызақов мастықпен абайсызда әйелін пышақтап өлтіріп қояды. Сөйтіп, он жылға сотталады. Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаевтар Қонаевқа, одан Брежневке дейін хат жазып, түрмеден шығарып алғысы келгенмен, сотты жібіте алмайды. Сотталғанына үшінші жылға аяқ басқанда Қасым Тоғызақов түрмеде өледі. Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаевтар сүйегін түрмеден алып шығып, Алматыдағы жалғыз қарындасының үйінен жерлеуге шығарады.
Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі шалдың рөлін ойнаған актер Ерболат Тоғызақов – осы Қасым ақынның баласы.
Шығармалары:
1934-1940 жж. М.Лермонтовтың «Демон», «Мцыри», «Хаджи Абрек», «Ақынның өлімі», «Тамара», т.б. шығармаларын, А. Пушкиннің «Бақшасарай фонтаны», В. Маяковскийдің «В.И.Ленин», Н.Некрасовтың «Орыс әйелдері» поэмаларын, Н.Гогольдің «Үйлену» пьесасын, А.Чеховтың «Шағаласын», А.Толстойдың «Алтын кілтін» қазақшалаған. А.Твардовскийдің «Василий Теркин», А.Мицкевичтің «Тукай», П.Антокольскийдің «Ұлым» атты поэмаларын, сонымен қатар Д.Бедныйдың, Лебедев-Кумачтың, Безымянскийдің, И.Вазовтың, Я.Колостың, Я.Купаланың, басқа да ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. И.Шуховтың «Өшпенділік» атты романын, Х.Есенжановпен бірге Бальзактың атақты «Шегірен былғары» романын тәржімалады.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» операсына либретто, «Сібір Омар» атты поэма жазды.
Шығармалары: Сібір Омар. Өлеңмен жазылған роман. А., «Жазушы», 1967; Омар Сибирский. Роман в стихах. А., «Жазушы», 1968; Таңдамалы. А., «Жазушы», 1980.
Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі шалдың рөлін ойнаған актер Ерболат Тоғызақов 1948 жылдың 29 наурызында туылған. Тексіз жерден емес. Әкесі Қасым Тоғызақов ақын, аудармашы, шешесі Зияда Әлімбекова Абай атындағы опера және балет театрында әнші болған.

Қостанайлық Нәзира Жәрімбетова Алаш арыстарының жарларының тағдырын зерттеп жүрген журналист. «Егемен Қазақстан» газетіне ілгеріде (30 мамыр 2009 жыл) «Ахаңның жары Бадрисафа» атты мақала жариялаған болатын. Сонда Қасым Тоғызақовтың Байтұрсынов атылып кеткенде, оның жары Бадрисафаға (Александра Ивановнаға) қамқорлық көрсеткен деген деректерді келтіреді. Қостанайлық қария Есімхан Тұрлыбеков журналистке былай деп баяндайды: «1945 жылдың аяғы ма екен, әлде 1946 жылдың басы ма екен, әйтеуір, қыс айында өзіміз Кәшу деп атап кеткен ағам, кәдімгі ақын, аудармашы Қасым Тоғызақов біздің үйге кешке, қас қарайып кеткенде жүдеп-жадаған орыс әйелін ертіп әкелді де менің шешеме қатты тапсырды. «Қапиза, бұл өз бетімен көшеде жүрген әйел емес, қуғында қашып жүрген кісі, үлкен кісінің, өзіміздің ағамыздың әйелі. Осыны паналата тұрыңдар. Сенің етің тірі ғой, Қапиза, тек саған сеніп әкеліп отырмын. Біреу тиісіп немесе ұстап әкетіп жүрмесін, қазір аямайды. Не айдап жібереді, не атып тастайды. Алда ептеп жеңілдік заман болса, жөнін табады ғой. Ешкім білмесін. Өзіңе сенемін», – деді де, өзі түнделетіп кетіп қалды. Қасым Тоғызақов өзіміздің ауылдың адамы, бізбен рулас ағайын болатын, сосын менің шешеммен нағашылы-жиендігі бар еді. Сол кезде ол Қостанайда газетте істейді деп еститінбіз. Өзінің де айдаудан келген кезі білем. Қасым ертіп келген әйелдің атын Александра деп атаңдар деді. Сонымен шешем дереу монша жағып, Александраны суға түсіріп алды, тамақтандырды. Қасымды сыйлағандықтан, әлгі әйелді екі сөзге келмей алып қалды. Әйтпесе, соғыстан кейінгі жоқшылықтан өзіміздің де ырғатылып, жетісіп отырмаған кезіміз. Заман да жаман, үйіне халық жауының әйелін паналатпақ түгілі, бір келі бидайға соттап жіберетін уақыт қой. Мен сол кезде 12-ден 13-ке қараған баламын. Таңертең тұрысымен шешем маған: «Әй, жетпегір, Кәшудің келгені, Александраны әкелгені туралы тісіңнен шықпасын, айдалып кетеміз!» – деді. Қорқыныштан денем дірілдеді». Бұл деректен байқайтынымыз, Қасым Тоғызақов Алаш зиялыларына жақын жүріп, солардың аманатына адал болған.
Сыншы Құлбек Ергөбек Қасым Тоғызақовтың көзін көргендердің бірі. Ол кісіге хабарласқанымызда: «Жамбылдың жырын бізге жеткізген осы Қасым. Өзі де ақын. Кезінде Мұхамеджан Қаратаев екеуі Жамбылды Грузияға апарып келген. Ұмытпасам, 37-жылдары жиырма жылға сотталып, Сібірге жер аударылған. Бәрі сол жеке басқа табынушылықтың кесірі ғой, Тоғызақовты «жапон шпионы» деп қаралаған. Поэзиясынан гөрі, аудармашылығы мықты болған. Сібірге барып келгендер ащы суға құмар болушы еді ғой. Сол шайтан судың кесірінен әйелін жиі сабаған. Бірде жазатайым таяқ тиіп, Тоғызақовтың үйіндегі жеңгей мерт болады. Содан түрмеге жабылып, қайтыс болған. Тағдыр оның маңдайынан сипамаған. Тоғызақов жайында бар білерім осы. Оны білетін адам да қалған жоқ-ау, өзінің бала-шағасы болмаса. Ол Сырбай Мәуленовке, Ғафу Қайырбековке, Мәриям Хакімжановаға жақын жүрген», - деген деректермен бөлісті.
«Қ.Тоғызақов орыстың классик ақын-жазушыларын қазақ тіліне аударған. Жамбыл Жабаевтың тұңғыш жеке әдеби хатшысы болған. 1936 жылы Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне Жамбылмен бірге болып, ақын өлеңдерін сөзбе-сөз орысшаған аударған адам. Мәскеуден келген соң ұсталып, Сібірге айдалып кетеді. «Сібір Омар» атты өлеңмен роман жазған, жазушылардың бәрі ол кісіні «Сібір Омар» дейді екен. Шапшаң қимылдайтын, шақар мінезді адам болыпты», - дейді Т.Тәшенов.

Ұлы Ерболаттың өзі балалық шағын былай деп еске алады: «Мен туылған жылы әкем қуғынға ұшырып, Красноярскі өлкесіне жер аударылған. Шешем «халық жауының» әйелі деген атты жамылып, ешбір жер оны жұмысқа алмай қояды. 1951 жылы қыста шешем үш жасар мені жетектеп, әкемді іздеп жолға шығады. Бала болсам да, сол кезде жол жүріп қиналғанымыз әлі күнге дейін көз алдымда. Ол жерде қазақтардан бөлек неміс, еврей, грузин ұлтының өкілдері болды. Солардың балаларымен ойнайтынбыз. 1954 жылы репрессияға ұшырағандарды елдеріне қайтару туралы Хрущевтің бұйрығы шықты. Соның арқасында отбасымызбен Алматыға оралдық. Менің бір ғана өкінішім бар – өз ана тілімде еркін сөйлей алмаймын. Әке-шешем жұмыс істейді, ал жан-жағымдағы достарымның барлығы орысша сөйлейтіндер, өзге ұлттың балалары. Тіпті, анам марқұм орысша білмейтін. Дүкеннен нанды әрең сұрап алатын. Бірнәрсені орысша айтып алады да, «дұрыс айттым ба?» деп менің бетіме қарайтын.

Сол анам сөйлеген тілде сөйлей алмайтыныма қынжыламын. Мен қазақша сөйлей бастасам, елдің бәрі күледі. Бір сөзді қате айтып қойдым ба деп ыңғайсызданам. Сосын қате айтқанша үндемей отырғаным дұрыс шығар деп тыйыла қоямын». Бұл Ерболат Тоғызақовтың ақтарыла айтқан сыры. Ана тілінде.
Ерболаттың екі бауыры бар. Інісі Әділбек. Ол Алматыда тұрады. Балалы-шағалы, немере тәрбиелеп отыр. Әкелері Қасым Тоғызақов екі рет шаңырақ көтерген. Бірінші жары орыс қызы Раиса Ивановнадан Бақытжан есімді ағалары бар екен. Ол жеті жасында шешесімен бірге Ленинградқа кеткен. Бүгінде хат-хабарсыз. «Менің әкемнің туыстары көп. Хабарласып тұрады. Ұяламын ба, білмеймін, мен інімнен басқа туыстарыммен араласпаймын, бармаймын», – дейді ол.
Есбол Асылбеков
Фотосуреттер автордың фейсбук парағынан және ашық ғаламтор көздерінен алынды.
