Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Ақын Сабыр Адай 65 жаста...

Ақын Сабыр Адай 65 жаста

30.09.2025

1145

Ақын Сабыр Адай 65 жаста - adebiportal.kz

Бүгін қазақтың танымал ақыны Сабыр Адай мерейлі алпыс бес жасқа толды. 

Қазіргі қазақ поэзиясында елдік рухты, ұлттық болмысты өзінің өршіл жырларында шынайы айшықтай білген қаламгерлердің бірі – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың және Халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Сабыр Адай (Сабыр Шеркешбайұлы Адай). Ақынның шығармалары тәуелсіздік дәуірінің рухани айнасы болып қана қоймай, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ жыраулық дәстүрін жаңа заманға лайық жаңғыртқан әдеби құбылыс ретінде бағаланады. 

Көрсетпе,

Құдай, сен енді – 

Ноқталы жаттың жетегін!

Асыр сап Асыл ұл-қызым,

Сүйдірсін гүлге етегін.

Әр Қазақ – 

Менің Жалғызым!

Жалғыздың тілеп тілегін...

Жалғаннан мәңгі кетемін, - 

деп жырлаған ақынның бүгін алпыс бес жастық мерейлі күні. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген сөзі –қалың алаш баласының аузында бір-біріне деген жанашырлық-мейірінің, сағыныш-қимастығының нышанына айналған Сабыр Адай ақын – нағыз халықтық рухтың жыршысы. 

«Жыршы», «жырау» демекші, ақын Сабыр Адайдың туған, өсіп-өнген өлкелері – қазақтың жыраулық дәстүрін, жыршылықты бүгінгі ғасырға дейін жеткізіп, қастерлі қазына ретінде сақтап келе жатқан байтақ. Сондықтан да болар, Сабыр Адайдың өлеңдерінен халық ауыз әдебиетінің, жыраулық дәстүрдің, эпикалық сарынның лебі анық есіп тұратындығы. 

Қазақтың қаймағы кілкіген қара сөзінен қалқып алып халықтық жырлар жазатын Сабыр Адай ақынның өлеңдері – кешегі мен бүгіннің ажырамас байланысын танытып тұратын соқталы сарын. Ақын өлеңдері – нақыл өлеңдер, дидактикалық нұсқаға бейім ақылмандық жырлар. Ақылмандық дегенде, бас салып ақыл айта жөнелмейді, оқығанның жүрек қылын терберліктей, тыңдағанның құлақ құрышын қандырарлықтай терең ойлы жырлар. 

Қайратсыз болса – ашу тұл, 

Тұрлаусыз болса – ғашық тұл, 

Шəкіртсіз болса – ғалым тұл, – 

деп зарлаған Абай да, Соқыр мен саңырау қарай ма!? 

Ол күндегі – он надан, 

Бұл күндегі – мың надан, 

Абайды сүйсе сабай ма!? 

Ақынның сұрағына жауап – мына ғұмырда сан сақтан табылып жатқан жоқ па? Ең бастысы – мынау жаһанның өкпек желі екпіндей соққан заманда ақын жырын бағалайтын, оқитын халықтың қарасы кемімесе болғаны. Сонда ақындықтың да өрісі тарылмайды, рухты жырлардың ғұмырлы боларына деген сенім де арта түседі. 

Бүгінге дейін жиырмаға жуық жыр жинақтары, кітаптары жарық көрген алаштың арынды ақынын алпыс пен жетпіс арасындағы талтүсімен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілейміз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan