Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Ақын жүрегін жаулаған арулар...

Ақын жүрегін жаулаған арулар

09.03.2026

61

Ақын жүрегін жаулаған арулар - adebiportal.kz

Әдебиет тарихына көз жүгіртсек, ұлы поэзияның тууына көбіне бір нәзік сезім, бір тылсым шабыт себеп болғанын байқаймыз. Ақын жүрегін тербетіп, жан дүниесін отқа орайтын сол сезімнің ар жағында көбіне бір арудың бейнесі тұрады. Әлем әдебиетінде мұндай мысалдар аз емес. Мәселен, Данте мен Беатриче, Петрарка мен Лаура. 

Данте Беатричені алғаш рет тоғыз жасында көреді. Флоренциядағы бір мерекеде қызыл көйлек киген кішкентай қызға көзі түскен сол сәт жас баланың жүрегінде өшпес әсер қалдырады. Кейін ақын бұл кездесуді өзінің әйгілі La Vita Nuova («Жаңа өмір») шығармасында өміріндегі ең маңызды рухани сәттердің бірі ретінде еске алады.

Беатриче де сол кезде сегіз жаста ғана еді. Бірақ Данте үшін ол жай ғана қыз емес, жер бетіндегі сұлулықтың ерекше бейнесі болып көрінеді. Ақын кейінгі өмірінде оны сирек көргенімен, жүрегінде сол алғашқы әсерді мәңгі сақтап қалады.

Қазақ поэзиясында да ақындардың жүрегіне от жаққан, жырларына шабыт берген музалар жоқ емес.

Сондай бейнелердің қатарында Естайдың Қорланы, Абайдың Тоғжаны, Мағжанның Гүлсімі, Жұматайдың Ләйләсы, Тұрдықылыштың Нурикамалы ерекше аталады. Бұл есімдер уақыт өте келе жеке тағдырдың ғана емес, қазақ поэзиясындағы сұлулық пен сағыныштың символына айналды.

Қазақ ән өнеріндегі ең мұңды әрі ең көркем махаббат хикаяларының бірі – Естай мен Қорлан арасындағы сезім.

Арқа ән мектебінің көрнекті өкілі Естай жас күнінде той үстінде Қорлан атты сұлу қызға ғашық болады. Алайда қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік пен дәстүрлі орта олардың қосылуына мүмкіндік бермейді. Қорлан бай жерге ұзатылып кетеді.

Сол айырылысудың күйігі Естайдың жүрегінде мәңгілік сағынышқа айналып, қазақ музыкасының інжу-маржандарының бірі – «Қорлан» әнін дүниеге әкеледі.

Бұл ән тек бір қызға арналған сағыныш емес. Ол – жетпеген махаббаттың, жүректе қалған арманның символы. Қазақ даласында «Қорлан» әні орындалған сайын, Естайдың жүрегіндегі мұң да бірге жаңғырып тұрғандай әсер қалдырады.

Ұлы ақын Абайдың да өмірінде ерекше із қалдырған арулардың бірі – Тоғжан еді.

Жас Абайдың жүрегін алғаш толқытқан да осы қыз. Бұл сезім қазақ әдебиетінде көбіне Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы арқылы кеңінен танылды.

Абай мен Тоғжан арасындағы махаббат – қазақ қоғамындағы дәстүр мен рулық қатынастардың салдарынан жүзеге аспаған нәзік сезім. Бірақ сол жастық шақтағы мөлдір көңіл ақын жүрегінде өшпес із қалдырды.

Абай поэзиясындағы нәзік лиризм, жастық шақтың тәтті мұңы, жүрек толқыныстары сол алғашқы сезімнің сәулесін аңғартатындай.

Алаш поэзиясының аса сыршыл ақыны Мағжан Жұмабаев жырларында да әйел бейнесі ерекше нәзік әрі жұмбақ сипат алады. Сол бейнелердің бірі – Гүлсім.

Гүлсім Кемалова – Петербургтегі ақсүйек қыздардың педагогикалық институтын тәмамдаған білімді татар қызы. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда медбике болып қызмет етіп, кейін тағдыр айдап Қызылжарға келеді.

Осы жерде Мағжан оны алғаш көреді. Сұлулығы мен тәкаппар мінезі ерекше бұл әйел ақын жүрегінде бірден орын алады.

Мағжанның дәптер бетіне табан астында жазып кеткен өлең жолдары:

Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім ханым,

Әр жерде өткізсек те өмір таңын.

Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,

Ойнайды аласұрып неге жаным?!

Бота көз, сиқырлы сөз ханым Гүлсім,

Көктегі Күн күлмесін, Гүлсім күлсін.

Гүлсім – Күн, көкте ақырын жүзе білед,

Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!

Бұл қысқа кездесудің өзі ақын жүрегінде үлкен сезім дауылын тудырады. Кейін Гүлсім Қызылжардан кетіп қалған соң, Мағжан «Кетіпсің Қызылжардан, ханым Гүлсім», «Айырылғанда», «Гүлсімге» сияқты өлеңдерін жазады.

Осылайша Гүлсім бейнесі Мағжан поэзиясында жете алмаған махаббаттың символына айналады.

Қазақ лирикасында ерекше нәзік әлем қалыптастырған ақындардың бірі – Жұматай Жақыпбаев. Оның поэзиясында жиі кездесетін бейне – Ләйлә.

Ақын оны алғаш рет би кешінде көреді. Сол сәттен бастап Ләйлә Жұматай жырларында сұлулықтың, нәзік сезімнің символына айналады.

Қасы да керік, қара алмас көзді ай қабақ,

Мойныңа жұқа алқызыл шарф байлап ап,

Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,

Алыстан тұрдың көзқарасыңмен аймалап.

Жұматай үшін Ләйлә – нақты адамның ғана бейнесі емес, поэзиядағы асқақ сұлулықтың көркем символы.

 

* * *

Тынып ем, тұнайын деп тыныппын ғой,

Сен мені көрмеген соң ұмыт­тың ғой.

Жанымда мұң бар еді мың бәлелі,

Мен соған түсе-түсе құнықтым ғой.

 

Мен қазір көз салмаймын айналаға,

Ләйлә дертін жазар деп, Ләйлә ғана.

Елден ерек бұл не бұл?

Тәкаппар ұл көп ойлап,

қиялиға айнала ма?

Бұл мінез ұят болды.

Ұят болса,

Мен енді қашайын ба айдалаға?

 

Бозбала ақын, қай жөнді ес білемін,

Бір арман көкейімді тесті менің!

Көрінгеннен сұрадым, көрінбедің,

Эфирлерден жыладым, естімедің.

 

* * *

Ғажайып сәттің туарын сезіп те керім,

Күн мінез Ләйлә, күлімдеп кезіккен едің…

Ерке жүректі, ер кеуде, ессіз құсыңның

Естімедің бе: «Ләй-лә», – деп ежіктегенін?!

 

Ойламай жүріп жан бар деп жалғанда керім,

Әлемнен мынау көңілім қалғанда менің.

Өзіңді көріп өспірім, көзіңді көріп,

«Ақын болсам, – деп, – атақты», –

армандап едім.

 

Жанымды жаншып жылатқан

өкшең де… керім…

Басқаны көңілім бас алмай

көксер ме менің?!

Арманым, саған атың мен затыңа лайық,

Мәжнүн болып көрнекті,

жетсем деп едім.

 

Тағдырға маған оңай бақ

әперме деуші ем,

Ойлаушы ем жұрт­тың бәрін де

әкем деп өңшең…

…Гүл іздеп жүріп күнінен

айырылып қалған,

Әпенде көрсең, сәлем айт, әпенде көрсең!

 

* * *

Қара алмас көзді, қасың да керік,

Қадалмас саған жан қайда?!

«Хамсадан» біздің ғасырға келіп,

Қалып ең қалай паң, Ләйлә?!

 

Жүрегім бүйтіп бүлінбес еді,

Кетпес те еді ес-түсім.

Хиссадан шыққан күніңде сені,

Көрдім мен биде кешкісін.

 

Жарқылдап жүзің, жайнады өңің,

Қарасам, қайта жоқ бопсың.

Өлеңнен келген Ләйләны менің,

Өлеңім қалай тоқтатсын?!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan