Уақыт
Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны
бүкіл әлемді жылыта алар еді.
Бірақ,
оның
ескі суреттерді өртеп жібергісі келді.
Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны
бүкіл әлемді жылыта алар еді.
Бірақ,
ол
шылым тұтатты.
Ол қолындағы соңғы шырпыны
Күнге ұқсатқысы келді.
Бірақ,
шырпы сөніп қалды.
уақыт ішіндегі уақыт
1
бір күні біз
қар үстінде қалдырған іздерімізді сағынармыз.
сол кезде
жүріп өткен жолдарың мен
аспан тесіліп қалғандай көрінген сәтті
есіңе ал.
үздіксіз жапалақтаған ақ мамық
аспанның жерге жолдаған сәлемі секілді
үйлерге,
ағаштарға,
адамдардың сырт киімдеріне
барып қонады.
мен сонда
ауада қалқыған қардың
уақытқа бағынбайтынын түсіндім,
маған да бағынбайтынын түсіндім.
іздерімнің үстінде жаңа іздер,
іздерімнің үстінде жаңа қар.
2
қар үстіндегі іздер жоғалғанға дейін...
күт.
ауада қалқыған қар
түнгі ойлармен соқтығысып,
төмен қарай
баяу сырғып барады.
байқаусызда шашылып кеткен
жастық мамықтарының арасында
уақыттың өзі
ұйықтап қалғандай көрінеді.
көше шамының жарығы
қардың өз көлеңкесінен қашқанын
бақылап тұр.
әр жауған сайын
алғашқыдай сезілетін,
бетіне ешбір із түспеген қарға
біреу келіп,
әлдебір жаққа қарай із салып кетер, бәлкім.
іздерімнің үстінде жаңа іздер,
іздерімнің үстінде жаңа қар.
уақытты тірілту
1
оның бойына тараған темекі түтіні
ішіне жасырған
барлық сырларын жинап алып,
ауаға сіңіп кетті.
киіміне сіңген
темекі иісі ғана
оның үнсіз қалған естелігі секілді.
2
автобус терезесінің бетінде ағып бара жатқан
жаңбыр тамшылары
өткен күннің естеліктерін ұрлап бара жатқандай.
3
біздің үйдегі
суреттер,
жазулар,
бояулар -
бәрі де уақытқа сіңіп қалған.
уақытқа сіңіп қалған естеліктер
әлдеқашан
бізден бөлек өмір сүре бастаған.
біз сәттерге сіңіп кеткенбіз.
Мама
1
Мама,
сенің үйіңнің қабырғасы құлапты.
Ол енді ауылдың топырағына сіңді.
Қабырғаға салған суретіңді көргенім есімде жоқ.
Сол үйдің төбесінде
апамның әңгімелеріндегі жас қыздың
сурет салып отырғанын елестеткім келеді.
Қаланың әлдебір бұрышында
картиналарының
мүлде бөлек өмір сүріп жатқанын
елестеткім келеді.
2
Мама,
бұл қала әр жыл сайын
туған күніңді
жаңбыр,
қар
немесе тұманмен қарсы алады.
Бірақ, менің
есіме жиі оралатын жалғыз естелік:
ауылдағы көл,
жаз,
үрлемелі қайық үстінде -
сен және мен.
Көзімді жұмсам,
толқындар сыбырлайды.
Көзімді ашсам,
аспанды көрем.
3
Мама,
сен маған
"Адамды дұрыстап сал" - деп ұрсатын едің.
Ал, мен әлі де сызықтармен салғанды ұнатам.
Бір дөңгелек пен бес сызық.
Бірақ, неге олар сондай қиын?
Менің сөздермен сурет салғым келеді.
Естеліктерімдегі
ауылдың аспаны секілді
ақшыл көк түсті өлеңдер жазғым келеді.
Шексіз көп
бір дөңгелек пен бес сызық
оларды оқиды деп сенем.
Солай ғой?
таң атты
түнгі тыныштық құшағындағы қалада
аппақ қар жауған түні
мен ұйықтап жаттым.
бұл жолы да оята алмаған сөздер
перде арасынан сығалай түскен жарық секілді
қараңғылығымды
бұрыннан мазалап жүр екен.
түнде жауып қалған қар сияқты
байқалмай келген сезім
ендігі ери бастапты.
себебі, мен кеш ояндым.
Көздерге Ода
1.
алыста қара нүкте кетіп барады.
оның көздері тұнық еді.
көздерінде бүкіл әлем бар еді.
көздерінде жүз жылдық тыныштық жасырынғандай еді.
қап-қара тұңғиық
қара нүктеге айналды.
оның көздері тұнық еді.
2.
ол бүгін тағы да
айнадағы көздерге алданды.
3.
ол өмірдің мәнін іздеді.
бірақ, өмірінің мәні – көздерінде екенін білмеді.
ешқашан білмейтін де шығар...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.