Арайлы Жақсылық - 1995 жылы 15 қыркүйекте – Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылында өмір есігін ашқан. Республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. Өлеңдері республикалық «Жыр маржаны» атты 10 томдық ақындар антологиясына, «Дала дарыны» сериясымен жарық көрген «Әулиеата әуендері» жинағына, «Өрімтал» атты Жамбыл облысының жас ақындар жинағына шыққан. «Авангард» поэтикалық жобасының, «JAS» жыр жинағының авторы.
* * *
Қай хәлімнің ағытайын тиегін?
Өз отымның жалынына күйемін.
Дегбірді алған дәурен өтіп барады,
Сені әлі сүйемін.
Қалың қалай?
Ақыл жасап дұшпандық,
Тым алапат бұла күйден тыс қалдық.
Құшағыңа кейде сыймай кете ме?
Құрып кеткір құштарлық?!
Кешір сосын үнсіздікпен сынасам,
Үнсіздікке үкім кесіп сыр ашам.
Мен ботадай боздап қалам ішімнен,
Сен хәлімді сұрасаң…
Ғашық күйді баламайтын обалға,
Қисыны жоқ қия жолдар көп алда.
Хақ ісінде болмаса да қателік,
Сен хәлімді сұрауыңды доғарма…
21.10.2025
* * *
Он жыл өтті,
Ой ескі, көңіл тұнық.
Аспан жаққа барамын көп ұмтылып.
Көзімді ашсам жас кешіп жалтақтайды,
Жадау-жадау жаныма жолым сұлық…
Гүлге көміп жазған жол бұралаңын,
Тағдырымның тұрлауын құп аламын.
Жанарымнан құлаған сағыныштың,
Жылдарымнан сұрағын шын обалын.
Он жыл өтті,
Алдыңа келіп тұрмын,
Желіккім де келмейді, желіктіргім.
Иығыңа басымды сүйейінші,
Иесі болса дағы ерік кімнің.
Сен бермеген құшақты таң қылып гүл,
Сарсаң етіп санамды сан күдік жыр.
Біз кешпеген күйлердің күрсінісі,
Жүрегім мен жадымда жаңғырып тұр.
Арыз айтып, алжасып сый өмірге,
Сүйенерім жоқ сынды, сүйерім де,
Саған келдім сонда да, именбедім,
Сені сүйген шерлі тым күй өңім бе?!
Сенделген ой сен болып сетінеген,
Ой мазарда көп өлең шетінеген.
Сенсіз өмір кескілеп қанатымды,
Буынымды қатайтты бекімеген.
Тар жадымды жарысқан жарықпенен,
Құдайдың бір алары анық менен.
Сәби - өлең, жанымды әлдилеші,
Жүрегіңе құндақтап салып берем.
Талақ етіп ессіздеу ғұрыптарды,
Ұрын ойлар сезімге құрықталды.
Сәби күйде сүруге сұм өмірді,
Басқа жолдың барлығы тұйықталды.
14.10.2025
* * *
Бар құдірет құрдымға кетер еді,
Сағынышың болмаса құтқаратын...
(авторы белгісіз)
⠀
менің жадым –
сенің жаза алмай кеткен жырларыңның иесі,
жүрегім – сүйе алмағаныңның нышаны,
мыңжылдықтар сайын қайталана беретін күй – осы
маңдайымды өбіп, миятсыз, мұңсыз құшады.
⠀
жалқылық үшін жарым ойлармен күресіп
күн кешу маған мың жыл бұрынғыдай баянсыз.
ал сен мың жыл бұрынғыдай күлесің,
бар арман шерің кеудеңде өлген соң аяусыз.
⠀
айығып кетер алаңсыз ойлар емес бұл
аспан құлаған,
қара жер сендей жетімек,
мың жыл бұрынғы жүрегіңменен кеңестір,
құлдық ұрмаса «сағыныш өлді» деп қу көкірек.
⠀
мың жыл бұрынғыдай сүю үшін де, қадірлім,
әрбір мезетте мың өлдім,
қайта гүлдедім.
бар құдіретіне қарсылық еттім Тәңірдің,
от тілім талай дұға қыларда күрмелді.
⠀
жан иесінің бәрі төзеді Құдайдың қорына
алданар және сәбидей шебер алдасаң,
саған жат боп тынған жалқы үмітімнің жолына
ойраны шыққан ой-жадым үшін жармасам
мың ғасырға дейін...
Дилемма
Хәл сұрықсыз,
Жауабы жоқ хатымдай.
Сағынышым —
Құдайға айтқан датымдай.
Тіршіліктің оңып кетті сүйкімі,
Маңдайыңа жазылмаған атымдай.
Көкке сіңіп киесі жоқ дерегің,
Көптен бері желкені жоқ кемемін.
Өңге айналған ақиқатын жадымның,
Өлермендеу өрлігіңнен көремін.
Кімге мақтан еркелігім, ерлігім?
Тағдыр сүймес қылық болды кеңдігім.
Ертең менің биіктейді тұғырым,
«Құдай» болып тұрғаныңмен сен бүгін.
Есім кірмей басылмай тұр аптығым,
Саған медет шорт кесілген шаттығым.
Есіңе ал соқпай қалса сағатың,
Есігімді жауып кеткен қатты кім?!
Мән табатын сенің ғана барыңнан,
Кез бола ма құлан таза арылған?
Қасіретті көзімдегі қайтемін?
Қасиетті сенен іздеп жаңылған…
Ең қысқа өлеңім
Қай арманның жетегінде келемін?
Қай теңіздің етегінде өлемін?
Қаймана ойдан қайыспаған тал шыбық
Қайғы келсе аялайтын өлеңін…
Жан ауырса қайда, кімге барамын?
Жазам десем қансыраған жара мың.
Күйбең күннің сүреңіне сүйсініп,
Алданатын мен емеспін, қарағым…
Кімді іздеймін, көлбеңдесе кешегім,
Өшігем бе, естіп елдің өсегін?
Жалғыздығым…
Жанам десем жанамын,
Жалғыз мұңым, өшем десем өшемін.
Жанталас
Жан бағатын таба алмай ар бағарға,
Сайран сауық сарқылды алданарға.
Алпауыт күн түн тұсап ауып барад (ы)
Жармасатын жар таппай қарманарға.
Өзегіме ел көшті еңкілдеген,
Сәби өлді санамда желкілдеген.
Самсап барад сары қаз самғау көкте
Кеудемдегі баса алмай өртімді әрең.
Келем іштей бәрін де кешіріп ақ,
Тар жадыма уақыттың есі құлап.
Теңіз кешіп қайтемін, аспан асып,
Жебір ойдың шер болса шешімі нақ.
Көлден іздеп көлгірсіп көктегіні,
Жердегіге жем болып жетпеді үнім.
Жаным сақ боп жүргенде, таңым шат боп,
Ар аттының құлапты текке құны.
Саябырсып сан сала санам ізгі,
Құлқын ойдан қу жаным қараны үзді.
Үмітіме үркін мұң үкім айтып,
Қою дертке малтыдық қара күзгі.
Барлығына барымта - жаным тарам,
Тар жадымды жарлы оймен жарылқаған.
Тірлікке бұл жан талас, арың талас,
Шерің барда қайтпайтын қарымтадан.
Бір «ізгі» ой таба алмай кектенерге,
Жұлқынамын жетем деп жоқ кемелге.
Құлқынымның қай «жоғын» жеткіземін?
Құдай барын ұмытып кеткен елге.
***
Сен жүріп өткен бұйра да бұралаң жолдардың,
Арайы солғын, аспаны сұрғылт таңдардың,
Сабағы нәрсіз, ажары әрсіз гүлдердің,
Айлары аптап, күндері күңгірт жылдардың,
Жазықсыз ойлар мен мейірден мақрұм шақтардың,
Ақ көбік толқынын бір өзің кешкен теңіздің,
Сауықта талай риясыз төккен лебіздің,
Көзіңмен үнсіз алысқа ұзатқан бұлттардың,
Тәңірмен тілдесіп, алаңсыз мұң кешкен сәттердің,
Жүзіңе жас бүркіп, кеудеңді шерлі еткен «әттеңнің»,
«Еркіндік-ессіздік» – еркіңе түскен сызаттың,
Тағдырға таңылып, тұрлаусыз қалған мұраттың,
Жадыңа жалқы жаныңды жегіп бергенде,
Жүрегің көкке жаудырған сансыз сұрақтың,
Санаңды әркез әлдилеп тұрар үміттің,
Ғибраты аздау ғасырға өгей ғұрыптың,
Дертіңмен ескі егескен ессіз ойлардың,
Іңкәрлік үшін ақылың салған ойранның,
Ақырғы және ең сұлу нәркес нүктесі
Менің кеудемдегі:
Өзегіне ғаламның наласын сіңірген,
Өзіне бөтен боп, сағатқа үреймен үңілген,
Үмітті үздіксіз мұңы мен жырынан жазбаған,
Жұдырығын жайғанда алақанындағы сан арман,
Күмәнсіз ғана жеті қат көкке көтерген,
Уытты уақыттың ұқыпсыздығына еті өлген,
Тек қана теңізге іңкәрлік танытқан,
Бәрінен, бәрінен жалыққан –
Менің жүрегім екенін білсемші!
Дүрдараз
Мен тұйықталам.
Жолдарыма жас бүркіп күйік тарам.
Шер мен жердің арасын өлшемей Ой,
Маған қарай басады бүлік қадам.
⠀
Қысылады өкпем,
Қармап демді жүректің тұсына жеткен.
Өр көңілім арды ойлап қуыстанар,
Жай түскенде тым азат құсыма көктен.
⠀
Қорланамын,
Кір қоңына бүккен ел,
Күл, қарағым!
Кәріп қылса Құдайым қасиеттен,
Сезінбей көр кеудеңнің мұздағанын.
⠀
Бұлданамын,
Бұйым көрмей жастықтың гүл-дарағын.
Байтақ менің Отаным алда-жалда,
Құлатардай боп тұрад(ы) құл қамалын.
⠀
Түк ұқпаған,
Жад(ы) алдында жат болып сұрыпталам!
Құдай сүймес қылықсыз құрбым сынды,
Бүлдіріп ап бүлк етпес бүлік қоғам!
⠀
Сезіледі,
Елден ерек тұрпайы «еңіреуі»,
Мені сондай дүмбілез заман кейде,
Мазақ қылып тұрғандай көрінеді.
