(Әңгіме)
– Айығып келесің! Жанарыңда жарқыл пайда бола бастады. Бәрі қалпына келеді! Ертең тағы да, арғы күні де, одан кейін де, қашан адам қатарлы ойлап, ас ішіп, ұйықтап, күліп, тіпті жылап қалыпты өмір сүре бастайсың, соған дейін ем алуың керек!
«Адам қатарлы» деді Сағым іштей мәнсіз қайталап. Әрі қарай ойлауға зауқы соқпады. Зауқы болмаған соң, үнсіз басын изеді. «Келмеймін» десе де, Нұрлы мен Ізгі бәрібір қоярда-қоймай сүйреп әкелетінін біледі. Оларға «жоқ» деуге аузы бармайды. Бастапқыда не айтса да «жоқ» деген. Кімге, неге қитығып тұрғанын өзі де білмейді, әйтеуір құлықсыз. Екеуі де көңілдеріне алмады. Қайта бұны адам қатарына қосуға өршелене кіріскен.
– Кім келсе де, қайтымын күтпей, жақсылық жасадың. Жаратқанның есебі түгел, жолыңа Ізгіні жолықтырғаны соның өтеуі болар.
Жайшылықта көп ашыла бермейтін Нұрлының ақтарыла сөйлегенін алғаш көруі. Жаны ашып, елжіреп тұратын аңғал-саңғал жандүниесін енді танығандай аң-таң. Көңілі қалғанға, қайта илікпейтінін байқаған. Жан сарайына жақпағанды жақауратып жатпайтын. Ондайда тілі де ащы, күліп отырып, әзілімен-ақ сойып салады.
Таңғалғаны – Нұрлы мұның талайдан бергі бар ісіне дәл бағасын бергені болды. Жанында жүргендей, берідегінің бәрін айтып отыр. Кей сәтте өзінен жасырып қалғысы келген ниеті мен ойына дейін тап басып танып алған. Сағым бір сәтке Құдайдан басқа бүкіл ғұмырымды бағып отырған біреулердің барын ойлап, қуанғаны не қорыққаны белгісіз, жаны түршікті.
Нұрлы кеткен соң, алып-ұшып Ізгі жетті. Алқын-жұлқын асығып жүретін әдеті. Бір қызығы, келісіп алғандай, алма-кезек осылай қатар келеді.
– Адалдың – серігі жалғыздық. Ниеті мен амалын түзеген адам пенделердің арасынан жанына жалау болар жан таппайды. Содан да саяқ жүреді. Іздегенің қылаусыз көңіл екенін білемін. Кейбіреулер жасаған жақсылығыңды басқаша түсінеді. Бас-терісі солай жаралған болса, қайтесің. Ізгіліктен де зәлімдік іздеп тұратыны содан.
Ізгінің айналасын қабылдауы бөлек. Көңілің күткенді айтып мүсіркеп, емексітіп отырмайды. Қай ісіңнің де екінші жағын ашып беріп, алаңғасарлығыңды бетіңе басып, сынап салады. Сөйтіп отырып-ақ қайрап, қайтадан жігер беріп кетеді.
– Иә, дұрыс, ойлағаның жақсылық. Кісіге көмектестің, қысылғанда қасынан табылдың. Оған сөз бар ма?! Алайда, кісінің қолтығынан демеп, есіктен бірінші өткізіп жіберіп жатқаныңда, басқа біреуді жолынан бөгеп қалғаныңды ұмытпа! Сен өмірге осы қырынан да қарап көрші. Бір жақсыға демеу болсын деп, сөзін сөйлейсің. Құдайдың құты түсіп, әлгінің жолы болып қызметте өсіп кетеді. Бірақ ол жерге өзін лайық көріп жүрген тағы біреу табылатыны күмәнсіз. Дегеніне жетпеген соң, кесекөлденең шыға келгенді аяқтан шалып жібергендей сезінеді. Дұшпаны санайды. Ал сенің ниетің түзу, тек кісіге болсын деген пейілің Жаратқанға ғана аян.
Сағым Ізгінің өзін демеу үшін келгенін, әлде жазғырып отырғанын түсіне алмады. Ешкіммен жарысқан емес, дұшпаным жоқ деп жүрген осы күнге дейін. Айтып тұрған сөзінің жаны бар. Бірақ оны ойлауға қазір құлықсыз.
Асығып-аптығып келіп, ұзақ бөгелмей тез кетті. Аз уақытта көп нәрсе айтып үлгерді Ізгі. Жайшылықта басқамен сөз таластырып отырар еді. Үндемеді.
Соңғы уақытта осы бір күйден арыла алмай қойды. Селт етпейді. Ізгі мен Нұрлы келгенде де тілсіз жандай мәңгіріп терезеге телміріп қарады да отырды. Бір жағынан әлдене деуге, оларды жоғалтып алудан өлердей қатты қорқады Сағым. Бәрінен баз кешіп тұрып, ішкі бір үні «кешегі айналаңда дуылдаған көптен қалған екеу ғана, Құдайдың саған қалдырған таянышы осы шығар» деп құмыққан. Қарсыласуға да, қамшы басуға да зауқы жоқ. «А, Құдай саған салдым, не көрсетсең де өзің біл», деп күбірлеп, үнсіз екеуінің айтқанын істеп, соңынан ере берген...
* * *
Бүгін кезек күткендер көп екен. Жеті ай дегенде айналасына көз тоқтатып, мән беріп қарайтын болғанын байқады. Бұл жерге өзінен басқа жанына дауа іздеп келетіндер көп екен. Әнеу біреуі еліріп біресе айқайлап, біресе жылап қалады. Мәнсіз мәңгіріп отырғандар да бар.
Сағымның көзі өзімен қатарлас отырған жігіт ағасына түсті. Жағдайы ауыр секілді. Жау келіп басып қалардай, айналасына алақ-жұлақ етеді. Орнынан атып тұрып, жанында отырған қырықты орталап қалса да, қылығын жоғалтпаған әйелінің тасасына тығылды.
Күйеуі белгісіз дертке шалдыққалы жанына жалау болар деп талай есікті қаққаны қажыған жүзінен байқалады. Табанынан таусылса да, азып-тозбаған. Маңдайына, қой көзінің айналасына үйірілген майда әжімдері тереңдей қоймапты. Кешегі күнге дейін күтіммен шалқып өмір сүргенін сырт көз аңғармай қала алмайды.
Кісі аяғы көбейіп, дабыр-дұбыр үдеп, қақпа да сықырлап жиі ашыла берді. Темір есік тарс жабылған сайын, әлгінің дегбірі қашып, бүкшеңдеп қалады. Бірнәрсеге назары ауса, көз алмай, ұзақ қарап отыру – Сағымның әдеті. Жаңа келгендер де қас қылғандай, әлгі еркек отырған жердегі бос орындықтарға жайғасып жатыр. Кісі қарасы көбейген соң, әлгінің тіпті мазасы қашты. Аяқ тықыры таянса, тұла бойы еркіне бағынбай қалшылдап, әркімге бір жаутаң-жаутаң қарап, жыларман күйге түседі. Екі иығына екі кісі мінгендей, ортадан жоғары бойы бүрісіп, боранды күні қақпақыл қаққан қаңылтыр жабын секілді қалтырап тұрған күйеуіне үмітсіз қарап, әйелі ауыр күрсінді. Ол одан бетер тыпыршып, табанының астына үңілді. Тап қазір жерден бір тесік табыла қалса, ойланбастан кіріп кеткісі келгендей.
Ойлану... Бұл жерге келетіндердің әлденені ойлауға мұршасы да жоқ. Бәрі бір жанына дауа тапсақ дейді. Кеше кім болғанын ұмытқан. Ертең не күтіп тұрғанын тағы білмейді. Үзілмейтін үміттер үздіктірген бір күй іздейді. Құдай салды, мен көндіктім дегенге көне қоятын көңіл бар ма?!
– Не болғанын, қайдан ғана мұндай күйге түскенін ешкім тіс жарып айтпайды. Айта қалса ғой, дертіне шипа іздеген бейкүнә бейнелердің арғы жағында қаншама бақай есеп, бәрінен үстем болсын деген менмен көңілді көрер еді. Монтиып отырған момақан жандардың кісі ақысын жеп, кісімсіген болмысы ашылар еді. Қызғаныш пен зұлым ойдың жетегінде жүріп, талайдың тағдырын тас-талқан еткендер де бар шығар. Сол тәлейлі тағдыр иелері де осы жерде отырмасына кім кепіл?! – деді Нұрлы.
– Айтылса ғой, Құдайдың қаншалықты әділетті екенін бәрі көрер еді! Қылдай қиянаттың есебі қалай боларын, Тәңірі таразысы қалай таразыларын біз білмейміз. Айыбыңды тірінің алдында ашып бермейтін Жаратқанның бұл да бір ақиқаты шығар?!
Ізгі бірден бәрін кесіп айтар әдетіне басты. Сағым Нұрлы мен Ізгінің қасына қашан, қалай келгенін аңғармай қалыпты. Аузы ашылып екеуіне алма-кезек қарады. Іле артынша айналасына көз салған. Ешкім сампылдап сөйлеп жатқан екеуді естіменгендей. Естімейтіндей.
– Әшейінде аяқтыға жол бермей, ауыздыға сөз бермей «Жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де өзіңнен» деп жарысып айтамыз ғой. Осындайда бір мысалын көрсетсе ғой, тәубемізді ұмытпайтын едік.
Қай жерде жүрсе де, күлдіріп отырып, тілмен шағып қалатын Нұрлы тағы үндемей тұра алмады. Жорта сызылуды білмейтін Ізгі саңқылдап кеп күлді.
– Сен әлгі, анау тәмсілді білесің бе?! Біреу Құдайдан «Жаратқан маған әділдігіңді көрсетші», депті ғой.
– Кім сұрапты? Қайда барып, қалай тілдесіпті? Айтқан соң, бәрін тізіп айтсашы, біліп жүрейік біз де.
Нұрлы құрбысын сөзден ұстап, зілсіз тағы шымшып өтті.
– Өй, мені білесің ғой, деректеп-дәйектеп жатпаймын, естігенімнің ішінен негізгісін ғана іліп айтамын. Тыңда, одан да. Содан Құдай пендесін бір өзеннің жағасына әкеліпті де «Қара!» - депті. Сәлден кейін өзенге қолында атбасындай алтыны бар бір жігіт келіпті. Иен далада өзен жағалап кім келе қояр депті де, алтынды киіміне орап, өзі өзенге түседі.
– Жаздыгүні болған-ау деймін. Күн ыстық па екен?
Нұрлы шыдамай тағы сөйлеп қалды.
– Солай шығар, қоя тұршы. Әп-әдемі әңгімемнің құтын қашырмай. Содан бір уақытта тура әлгі жерге бір соқыр жігіт келіп, жағалауда аяғын суға малып, демалып отырады. Көзі көрмеген соң, біреудің киімінде де, ораулы жатқан алтында да шаруасы жоқ. Артынша жағалауға тағы бір адам келеді. Жан-жағына мұқият қарап, қамсыз отырғанның соқыр екенін байқап, ораулы жатқан алтынды алып, тайып тұрады. Өзеннен шыққан жігіт алтынын таппай аласұрып, «сен, алдың», деп соқырды өлтіреді.
– Қолында бар ма, жоқ па, қарамай ма, әуелі. «Қайда тықтың», деп сұраса қайтеді? Сонымен, әрі қарай не болады?
Әділетсіздікке жаны қас Нұрлы сөзге тағы килікті.
– Сонымен бітті. Әлгі адам Құдайдан дәл сен секілді «Сонда әділдік қайда қалды?» деп сұрамай ма? Естіген жауабы мынау болыпты: «Алтынды тауып алған жігіттің атасы тауып алғанның әкесінің еңбегін жеген. Ал соқыр жігіттің әкесінің мойнында алтынын ұрлатқанның әкесінің қаны бар».
Біраз уақыт екеуі де үнсіз қалды. Үнсіз күрсінді. Ауыр ой еңселерін басқандай.
Темір қақпа сарт ашылып, дабырлап тағы біреулер келді. Шашы қысқа қиылған, сәнді киінген орта жастан асқан әйел алдымен айналасына жағалай көз жүгіртіп шықты. Біреуді іздеген секілді. Әлде таныс біреу-міреу кездесіп қалар ма екен деген сақтығы ма? Өз жандарымен әлек болып отырғандардың ешкімге мән бермесіне көзі жеткен соң, сылаң қағып, таңнан бері кезек күтіп отырғандарды көзге ілмей, кірер есікке тіке тартты.
– Танымады, - деді Нұрлы.
– Танымаған секілді, - деді Ізгі.
– Кімді, - деген бұл.
Сылқым әйел дәл есіктің алдына барып тұра қалды. Осы сәтті күтіп тұрғандай-ақ іштен көмекші шығып, есіктің сол жағында екіленіп, екі иығын жұлып жеп отырған әйелге «Сізді, қабылдамайды, босқа күтпей, қайта беріңіз», - деді.
Есі кіресілі-шығасылы отырса да, соңғы үміті ізіліп бара жатқанын жандүниесімен сезінген бейтаныс әйел ышқынып орнынан атып тұрды.
– Неге қабылмайды? Қазір менің кезегім!
Басындағы сарғыш орамалы жерге сырғып түсті. Бейбақтың оған қарайтын шамасы да жоқ. Өршеленіп есікке қарай ұмтылды.
– «Бұл Құдайдың ісі, Тәңірінің ісіне шара жоқ. Жаратқанның жазғанына қарсы келіп, кісіге сиқыр жасағанды қабылдамаймын», деп айтты молда, - деп көмекшісі ішке қайта кіріп кетті.
Есін осы сәтте жиғандай болған бейшара өшін кімнен аларын білмей, есіктің алдындағы сылаң қаққан әйелдің жағасына жармасты.
– Бәрі сенің кесірің! Танымай қалды деп ойладың ба?
Төңірегіне төбеден қарап, тәкаппарланып тұрған әйел орнынан ыршып түсті. Дөңгеленген қара көзі шарасынан шыға жаздап, айналасынан көмек күтіп, тыпыршыды да қалды.
– Сенсің! Жеті түнде көрсем де, сені жазбай танимын. Бәріне кінәлі сенсің. Ай аралатып, апта салып, жылап-еңіреп алдыма талай келгеніңді ұмытып қалды ғой деймісің! «Жолым болмай қойды, алдымды орап жүрген мынау», деп әркімнің суретін әкеліп, ақшаңды тықпаладың емес пе? Қызылға қызығып, қандай күйге түскенімді көр, енді! Өзің де алысқа бармассың! Жағалап мұнда да келгенің бекер емес. Дегеніңе жетпе! Жеткізбе, а, Құдай!
Молданың сөзінен есі ауысқандай күйге түскен әйел долданып, өз шашын өзі жұла бастады. Ертіп келген қызы болса керек, жанарын жерден алмаған күйі қолынан сүйрегендей қып, ауладан алып шығып кетті.
Бір пәледен құтылғанына қуанар-қуанбасын білмей, абдырап тұрып қалған сылаңкөз басын төмен салып, қақпаға қарай асықты.
Есік тағы ашылды. Көмекші екен. Асықпай басып, Сағымның қасына келді.
– Молда «сізге қайта берсін, ем аяқталды», деп айтты, - деді күлімсіреп.
Жаңағы көргенінен шошып қалған Сағым жалма-жан: «Неге?» - деді түкке түсінбей.
– Бәрі жақсы! Қорықпаңыз! Алла жазса, жағдайыңыз бұдан да жақсара түседі! – деп кері бұрылды.
– Айтып ауыз жиғамыз жоқ. Осыны көрсетейін деген ғой, Құдай! «Міне, әділдік! Міне, жауап!» деді ме?!
Ойына келгенді айтып салғанша асығып тұратын Ізгі көмейіндегіні ірікпей тағы да ақтара салды.
– Меніңше, таныған секілді! Таныды деп ойлаймын!
Нұрлы көріп-куә болғанына сенер-сенбесін білмей басын шайқады.
– Таныса, таныған шығар! Кім біледі?! Құрысын кеттік. Сағым, бізді жеткізіп саласың ғой. Қалай, көлігіңнің тілін түсініп қалған шығарсың?
Сампылдаған Ізгі алға түсті. Нұрлы мен Сағым соңынан ерді...
* * *
Үстелге шынтақтай жатқан күйі көзі ілініп кетіпті. Қолынан сусып түсіп бара жатқан қаламын біреу жерге түсірмей қағып алғанын сезіп, оянып кетті. Ағасы екен. Қасына келгеніне біраз уақыт болған секілді. Күлімсіреп тұрғанынан жазғанын оқып шыққанын түсінді. Қаламды ыңғайлап ұстап, соңғы сөйлемдегі нүктенің қасына тағы екеуін қондырды.
– Тура сіз әңгімелеп бергенді қағазға боямасыз түсіре алдым ба, білмеймін. Аға, сонда бұл болған оқиға ма?
– Болған-болмағанынан бұрын жазылуы тиіс оқиға.
– Әрі қарай не болды екен?
– Кімге?
– Сағымға?
– Оны енді көрерміз!
Ағасы бос ақ парақты алып, Сағымның алдына қойды.
– Әрі қарайғысы осындай тап-таза ақ қағазға жазылады. Нұрлы мен Ізгі де бәрін тізіп жазып отыратынына күмәнің болмасын!
– Екеуі сондай таныс. Ес білгелі жанымда жүргендей.
– Өзі де солай ғой! Жүр, кеттік, жеңгең шайға шақырып жатыр.
Қаламын қолына қайта ұстатқан ағасы бөлмеден шығып кетті.
Сағым өң мен түстің арасын ажырата алмаған жандай ойланып отырып қалды. Неге екенін кім білсін, соңғы кездері өмірінің бір кезеңін ұмытып қалғандай әрі-сәрі күйде жүр. Мына жазғандары да өзіне таныс жағдай секілді. Тура осындай хал кешкендей, кейде ұйқыдан шаршап оянады...
Тараз қаласы.
