Ардақты абайтанушы
Қанипаш Мәдібаева зерттеулерінің негізгі ерекшелігі – Абай поэзиясын ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тұтас даму үдерісімен байланыстыру. Бұл кезең қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік және рухани құрылымында үлкен өзгерістер жүрген уақыт еді. Дәстүрлі хандық басқарудың жойылуы, отарлық әкімшілік жүйенің орнығуы, жер мәселесінің шиеленісуі, ел билеу тәртібінің өзгеруі әдебиетке жаңа мазмұн мен жаңа идеялық бағыттар әкелді.
Абайтану – ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын жинау, жариялау және насихаттаумен ғана шектелмейтін, өзіндік дерекнамасы, тарихы, мәтінтану жүйесі мен ғылыми әдіснамасы қалыптасқан іргелі ғылыми сала. Оның дамуында Абайдың өмірбаянын нақтылау, шығармаларының түпнұсқа мәтінін анықтау, әдеби ортасын зерттеу, өлең құрылысын, тілін, дүниетанымын және ақындық мектебін ғылыми тұрғыдан бағалау сияқты өзара сабақтас бағыттар бар. Осы бағыттарды ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихи даму заңдылықтарымен байланыстыра зерттеген ғалымдарымыздың бірі де бірегейі – танымал әдебиетші, филология ғылымдарының докторы, профессор, сыншы Қанипаш Қайсақызы Мәдібаева.
Тұрсынбек Кәкішевтей ғұламаның ғылыми мектебінен түлеп ұшқан ғалымның негізгі зерттеу нысаны – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті, зар заман ағымы, Шортанбай, Дулат, Махамбет және Абай поэзиясы болғандықтан, оның абайтануға қатысты ізденістері тұтас әдеби дәуірдің көркемдік эволюциясын тануға негізделеді. Қанипаш Мәдібаеваның ғылыми қызметіндегі басты бағыттар қатарында Абай поэзиясының көркемдік көкжиегі мен ХІХ ғасыр әдеби үдерісін зерттеу аталады.
Қанипаш Мәдібаева зерттеулерінің негізгі ерекшелігі – Абай поэзиясын ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тұтас даму үдерісімен байланыстыру. Бұл кезең қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік және рухани құрылымында үлкен өзгерістер жүрген уақыт еді. Дәстүрлі хандық басқарудың жойылуы, отарлық әкімшілік жүйенің орнығуы, жер мәселесінің шиеленісуі, ел билеу тәртібінің өзгеруі әдебиетке жаңа мазмұн мен жаңа идеялық бағыттар әкелді.
Ғалым Абайдың ақындық жаңалығын осы тарихи үдерістен бөліп түсіндіруге болмайтынын көрсетеді. Абайға дейінгі және онымен тұстас поэзияда заман, қоғам, адам, иман, мінез, ел билеу, білім мен надандық мәселелері кеңінен жырланды. Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Махамбет Өтемісұлы тәрізді ақындардың шығармаларында дәуір қайшылықтары әртүрлі көркемдік сипатта көрінді. Абай осы тарихи-әдеби тәжірибені қабылдап қана қоймай, оның мазмұны мен бейнелеу жүйесін жаңа сапаға көтерді.
Қанипаш Мәдібаева Абай жаңашылдығын бұрынғы әдеби дәстүрді теріске шығару деп емес, керісінше, оны ішкі жағынан түрлендірген, дамытқан саф өнер деп таниды. Абай ақын дәстүрлі қазақ өлеңінің елдік және әлеуметтік мазмұнын өзгертіп, шешендік-поэтикалық қуатын көтеріп, адам мінезін даралап көрсету тәсілін жасап, насихат пен ғибрат айту арнасын өзгертіп, ар, иман, адамшылық туралы ұғымдарын жаңа жазба әдебиеттің көркемдік талаптарына бейімдеді. Осы тұрғыдан Абай поэзиясын ауызша әдебиеттен жазба әдебиетке бұрынғы көркемдік тәжірибенің тарихи тұрғыдан жетіліп, авторлық поэзияның жаңа үлгісіне айналуы ретінде бағалаған.
Қанипаш Мәдібаеваның абайтануға арналған негізгі зерттеулерінің бірі – «Абай және Абай дәуіріндегі қазақ өлеңі» атты оқу құралы. Еңбек 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасынан жарық көрген. Кітап «Абайтану» арнаулы курсына арналған көмекші құрал ретінде дайындалған. Еңбектің ғылыми маңызы Абай шығармашылығын дара күйінде емес, ақын өмір сүрген әдеби ортаның поэзиялық қозғалысымен сабақтастыра талдауында. Мұнда Абай дәуіріндегі қазақ өлеңінің тақырыптық ауқымы, жанрлық құрамы, тілдік-көркемдік сипаты және өлең жасаудағы дәстүрлі тәсілдер қарастырылады. Зерттеуші Абайдың ақындық даралығын анықтауда екі жақты салыстыру тәсілін қолданады: бірінші, Абай поэзиясы өзіне дейінгі ақын-жыраулар мұрасымен салыстырылады. Екінші, Абай өлеңдері онымен тұстас ақындардың шығармашылық тәжірибесімен салғастырылады. Осының нәтижесінде ақын енгізген жаңалықтардың нақты тарихи және көркемдік негізі айқындалады. Абайдың қазақ өлеңіне әкелген өзгерісі тек жаңа ұйқас немесе шумақ түрлерімен шектелмейді. Ол өлеңнің ішкі мазмұнын, авторлық позициясын, психологиялық тереңдігін, лирикалық субъект табиғатын және сөздің мағыналық жүктемесін жаңартты.
Бірде, Abai TV арнасынан («Абай жолы» телебағдарламасы) Қанипаш Мәдібаева Абай шығармаларының текстологиялық мәселелеріне арналған дәрісін тамашалаған едім. Ғалымның бұл бағыттағы ұстанымы қолжазба және алғашқы басылымдар толық салыстырылуы, мәтіндік айырмашылықтар жеке-жеке тіркелуі, сөздің Абай дәуіріндегі семантикасы анықталуы, өлеңнің ырғақтық және синтаксистік құрылысы ескерілуі, кейінгі редакторлық түзетулер авторлық мәтіннен ажыратылуы, әр мәтіндік шешім ғылыми түсініктемемен негізделуі қажет деген тұжырымға саяды. Осы талаптар Абай шығармаларының академиялық басылымын әзірлеуде мәтінді механикалық көшіруден сақтап, әр нұсқаның тарихын зерттеуге мүмкіндік беретінін жан-жақты дәлелдеген-тін.
«Архив және шығармашылық» деген сүбелі мақаласында Абайдың өмірбаянына қатысты Семей, Омбы, Қазан және Петербург архивтерінде сақталған құжаттардың ғылыми маңызын көрсетеді. Бұл құжаттардың ішінде ресми басқару орындарының анықтамалары, арыздар, тергеу материалдары, сайлау мен жер дауына байланысты жазбалар және Абай ортасындағы адамдар туралы мәліметтер бар. Ғалым архивтік құжатты ақын шығармашылығын тікелей түсіндіретін дайын жауап ретінде қарастырмайды. Ресми құжат белгілі бір әкімшілік мақсатпен жасалғандықтан, оның тілі мен бағалау жүйесі де сол ортаның ұстанымына тәуелді болады. Сондықтан архивтік материал пайда болған тарихи жағдайымен; құжатты жасаған мекеменің мақсатымен; басқа деректермен сәйкестігімен; Абай шығармаларындағы оқиға немесе тұлғамен байланысымен бірлікте зерттелуге тиіс деген тың тұжырым жасаған. Бұл әдіс Абай өмірбаянын аңыздық баяндаудан да, ресми құжатқа шектен тыс тәуелді етуден де сақтайды. Архив ақын өмірінің деректік негізін толықтырады, ал көркем шығарма сол тарихи тәжірибенің рухани-психологиялық көрінісін танытады.
Қанипаш Мәдібаева екеуімізді байланыстыратын ортақ қызығушылық – Абай һәм Алаш, Ілияс Жансүгірұлы шығармашылығы. Оқымысты апайым Ілияс Жансүгірұлының 1923 жылы «Тілші» газетінде жарияланған «Абай кітабы» рецензиясы туралы жазған зерттеуін айрықша атап өтеуге болады. Ғалым бұл мақаланың ұзақ уақыт абайтанудың ғылыми айналымынан тыс қалғанын атап көрсетеді. Ілияс Жансүгірұлының шағын рецензиясы ХХ ғасырдың басындағы Абайды қабылдау деңгейін, ақын шығармаларын жариялау мен бағалау мәселелерін танытатын маңызды дерек ретінде қарастырылады Бұл зерттеудің маңызы – абайтану тарихын тек кең танылған іргелі монографиялармен шектемей, мерзімді баспасөзде жарияланған рецензиялар, шағын мақалалар мен ғылыми пікірлер негізінде толықтыруында. Осындай материалдар Абай мұрасының әр кезеңде қалай қабылданғанын көрсетеді.
Кең арналы әдебиеттанушы Қанипаш Мәдібаеваның әдіснамалық жаңалығын, негізгі ғылыми ұстанымдарын былайша жүйелеуге болады. Біріншіден, тарихи тұтастық қағидасы. Абай шығармашылығы ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойының жалпы даму қозғалысында қарастырады. Екіншіден, дәстүр мен жаңашылдық бірлігі. Абайдың поэтикалық жаңалығы бұрынғы әдеби тәжірибені жоққа шығару емес, оны жаңа көркемдік деңгейге көтеру ретінде түсіндіреді. Үшіншіден, мазмұн мен түр тұтастығы. Өлең құрылысы сыртқы техникалық қалып емес, ақын ойы мен психологиялық күйін жеткізетін мағыналық жүйе ретінде зерттеді. Төртіншіден, ауызша және жазбаша дәстүр сабақтастығы. Абай поэзиясының ұлттық сипаты ауызша әдебиеттің көркемдік тәжірибесімен, ал авторлық даралығы жазба поэзия мәдениетімен байланыстырды. Бесіншіден, дереккөздерді ғылыми сыннан өткізуі. Архив құжаты, естелік, қолжазба және баспасөз материалы пайда болған уақыты мен мақсаты ескеріле отырып бағалады.. Алтыншыдан, текстологиялық жауапкершілігі. Абай шығармаларындағы әрбір мәтіндік нұсқа салыстырылып, ұсынылған түзету тарихи тіл, мағына, ырғақ және синтаксис тұрғысынан негіздеді. Бұл ретте профессор Тұрсын Жұртбаймен бірлесе дайындаған академиялық зерттеуін ерекше бағалаған жөн. Жетіншіден, абайтану тарихын толықтыруы. Ғылыми айналымнан тыс қалған мақалалар мен баспасөз материалдарын қайта жариялау арқылы Абай мұрасын қабылдау тарихының көмескі кезеңдері жаңғыртылды.
Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан ғалымның түрлі бағыттағы зерттеулерін тұтас талдап өту мүмкін емес. Әдеби сынның байрағын тік көтеріп, көркемдік талап көзімен жазған өрелі сын мақалалары қандай! Қанипаш ұстаз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде қажырлы қызмет қылып, нешелеген талаптың жастың шырағын жақты. Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас абайтанушы ғалымы болып, «инемен құдық қазғандай» үлкен зерттеу жұмыс жүргізіп жатыр. Оған көзқіарақты жұрт куә.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардақты абайтанушы ғалым Қанипаш Қайсақызы апамыз мерейлі 75 жасқа толға екен. Жүрегіне, қаламына қуат тілейміз!
