Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-шығармашылығына арналған конференция өтті

Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-шығармашылығына арналған конференция өтті - adebiportal.kz

2026 жылы 22 қыркүйек күні сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында көрнекті жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы және әуезовтанушы Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт жады және тарихи таным: Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-шығармашылық мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Еңбегі сан салалы шығармашыл тұлға Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-шығармашылық мұрасын кешенді зерделеу, оның алаштану, абайтану, әуезовтану, әдебиеттану және архивтік зерттеулер бағытындағы еңбектерінің ғылыми маңызын айқындау, ұлттық тарихи жадыны сақтау мен оны болашақ ұрпаққа жеткізудің қазіргі ғылыми бағыттарын талқылауға арналған бүгінгі іс-шараға орай кітапханада «Ұлт мұрасын ұлықтаған тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылған екен.

Көрмеге ғалымның көркем шығармалары, романдар мен хикаяттар жинағы («Құнанбай», «Жер-бесік», «Іздеу», «Күйініш») Алаш қозғалысы, Алаш зиялыларының тағдыры мен мұрасын зерттеуге арналған іргелі еңбектері («Ұраным – Алаш!», «Бейуақ», «Талқы» т.б.), Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық зертханасын зерделеген ғылыми еңбектері («Бесігіңді түзе!», «Күйесің, жүрек... сүйесің», «Дулыға», «Сүре сөз». т.б.) сондай-ақ өмірі мен шығармашылық жолын, қазақ және әлемдік мәдениетке қосқан тарихи үлесін танытатын басылымдар қойылған екен.

Белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, БАҚ өкілдері, журналистер, ЖОО-ның магистранттары мен студенттері, жазушының шығармашылығын жіті қадағалап оқып жүретін оқырмандары қатысқан ғылыми-тәжірибелік конференцияның тізгінін әлихантанушы ғалым, халықаралық журналист, филология ғылымдарының кандидаты, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы ұстады.

Алғашқы сөз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахметовке берілді: «Армысыздар, зиялы қауым! Мынау игілікті шара құтты болсын! Осының алдында Тұрсын ағамыздың туған күнінде Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтауын жолдадық. Үлкен-үлкен мемлекеттік марапаттардың басы-қасында болдық. Бүгінгі іс-шарға арнайы біздің архив комитетінің де құттықтауын жеткізуге рұқсат етіңіздер! 

Құрметті Тұрсын Құдагелдіұлы! Сізді жетпіс бес жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ әдебиеті мен ғылымына, ұлттық руханият пен тарихи сананы қалыптастыруға қосқан өлшеусіз үлесіңіз айрықша! Ғалым, ұстаз, жазушы әрі қоғам қайраткері ретінде ұзақ жылдар бойы елдің рухани дамуына қызмет етіп келесіз. Ұлт тарихы мен әдебиеттің күрделі мәселелерін зерделеп, құнды зерттеулер мен көркем шығармалар арқылы кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырдыңыз. Сіздің ғылыми ізденістеріңіз бен азаматтық ұстанымыңыз әсіресе Алаш тарихы мен қазақ зиялыларының мұрасын зерттеудегі еңбегіңіз ұлттық руханият үшін аса маңызды. Сізге зор денсаулық пен отбасыңызға амандық, шығармашылық ізденістеріңізде толағай табыс тілейміз. Қаламыңыз қарымды, ғылыми ізденістеріңіз жемісті болып, ел игілігі жолындағы абыройлы қызметіңіз жалғаса берсін! Сізбен бірге, бір кемеде, бір кітапханада, бір ғылым ордасында жұмыс істегенімізді үлкен абырой санаймыз! Барлығы құтты болсын!»

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов сөз алып, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын оқып берді: «Құрметті Тұрсын Құдагелдіұлы! Сізді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігі мен өз атымнан жетпіс бес жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің бүкіл саналы ғұмырыңыз сақтар мен ғұн тарихынан бастап, Абай мен Алашқа дейін зерттеген ғалым ретінде көпшілікке жақсы таныс. 

Кез келген адамның қанына біткен тектілігімен қатар, еліне, халқына деген сүйіспеншілігі мен еңбегі жұрт жадында мәңгі сақталмақ. Қаламгер, ғалым, ұстаз ретінде ұлттық әдебиетіміздің тарихы зерделеп, Алаш мұрасын танытуға және тарихи жадымызды жаңғыртуға лайықты үлес қосып келе жатырсыз. Алаш азаматтарын ақтауға атсалысқан азаматтық ісіңіз бәрімізге үлгі. Сондықтан сізді тек ғалым ғана емес, ел мәдениетіне зор үлес қосқан қайраткер ретінде де бағалаймыз. Сіздің есіміңіз қазақ халқының рухани әлемімен, әсіресе Абай, Шәкәрім, Әуезов әлемімен, олардың бай мұраларын зерттеумен тығыз байланысты екендігі көпшілікке мәлім. Ұлылар мұраларын зерттеп, зерделеудегі ізденістеріңіз қазіргі таңда көпшілік қауымның қазынасына айналуда. Бұл ғылымға ғұмырын арнаған ғалымның шынайы табысы деп білеміз. Ұлт тарихы мен әдебиетіне деген азаматтық ұстанымыңыз, табанды ізденісіңіз бен парасатты пайымыңыз жас ғалымдар мен қаламгерлер үшін тағылымы мол өнеге. Құрметті Тұрсын Құдагелдіұлы! Деніңізге саулық тілеп, ел абройын асқақтатуда аянбай еңбек ете беріңіз дегім келеді! Ізгі ниетпен, министр Саясат Нұрбек.» Ербол Тілешов мырза Тұрсын Жұртбайдың ұстаз ретіндегі өз әулеті үшін ерекше орны барын, әкесі, өзі, баласы әр жылдары Тұрсын Құдагелдіұлының алдынан сабақ алғанын айтып өтіп, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық жетістіктер тіледі. 

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп оқып берді: «Құрметті Тұрсын Құдагелдіұлы! Сізді 75 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Дүйім жұрт өзіңізді саналы ғұмырын ғылымға және шәкірт тәрбиесіне арнаған асыл азамат ретінде жақсы біледі. Сіз ұзақ жылдар бойы Абай, Мұхтар және өзге де ұлт қайраткерлерін тереңдей зерттеп, құнды еңбектер жаздыңыз. Жастайыңыздан архив деректерін зерделеп, қалың оқырманға беймәлім болған талай ақтаңдақтарды аштыңыз. Сондай-ақ өзіңіз баптаған, тәрбиелеген талай шәкіртіңіз бүгінде еліміздің дамуына қызмет етіп жүр. Алдағы уақытта да терең біліміңіз бен қажыр-қайратыңызды тәуелсіз еліміздің дамуына арнап, ұзақ ғұмыр кеше беріңіз! Сізге зор денсаулық, баянды бақыт және шығармашылық жолында шалқар шабыт тілеймін. Ізгі ниетпен, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек». 

Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы оқыды: «Құрметті Тұрсын Құдагелдіұлы! Сізді Қазақстан Жазушылар одағының атынан және жеке өз атымнан мерейлі 75 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз қазақ әдебиеті мен ғылымында өзіндік орны бар көрнекті қаламгерсіз. Сіздің «Жүрегімде жұмыр жер», «Бес қарагер», «Дара тұлға», «Жер бесік», «Бейуақ!», «Дулыға», «Кетбұға», «Бесігіңді түзе», «Талқы», «Ұраным – Алаш» сияқты көркем және ғылыми-зерттеу еңбектеріңіз қазақ әдебиеті мен ұлттық тарихтың өзекті мәселелерін терең зерделеуімен ерекшеленеді. Әсіресе Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеп, архивтік деректерді ғылыми айналымға енгізудегі еңбегіңіз ұлт тарихын тануға айрықша үлес қосты. Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылығын зерттеуге қосқан үлесіңіз де айрықша. «Бейуақ», «Бесігіңді түзе», «Толық адам» секілді еңбектеріңіз арқылы ұлттық ой-сана, тарихи жады, рухани құндылықтар мәселелерін кеңінен қозғадыңыз. Қаламгерлік пен ғылыми ізденісті қатар алып, әдебиет пен ғылымның арасын жалғаған еңбегіңіз кейінгі буынға тағылымды мектеп қалыптастырды. Сіздің әдебиет пен ғылымдағы еңбегіңіз ел тарапынан да жоғары бағаланып, І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталуыңыз шығармашылық жолыңызға көрсетілген зор құрметтің айғағы. 75 жас – толымды шығармашылық жолдың, терең ізденіс пен тағылымды еңбектің мерейлі белесі. Осы жылдар ішінде сіз қазақ әдебиеті мен ғылымына өлшеусіз үлес қосып, қаламгерлік пен зерттеушілікті қатар алып келе жатқан көрнекті тұлға ретінде танылдыңыз. Құрметті Тұрсын Құдагелдіұлы! Мерейлі 75 жасыңызбен құттықтай отырып, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін! Ізгі тілекпен, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов».

Тұрсын Құдагелдіұлының құрдасы, белгілі қаламгер Әлібек Асқаров сөз алып, өзінің ыстық ықыласын білдірді: «... Тұрсын екеуміз сонау 19-20 жаста бастап кездескенбіз. Бір бөлімде отырдық. «Бiлiм және еңбек» деген журнал бар еді, сонда біршама жыл бірге қызмет істедік. Сонда жүргенде Тұрсынның «Қоңырқаз» деген шағын кітабы шықты. Ол кезде бір кітап шықса, әдеби өміріміздегі кәдімгідей жаңалық болатын. Тұрсынның сол кітабы жаңалық еді. «Міне, өмірге үлкен интелектуал ақын келді, келді», - деп бәріміз мәз болып... Ол кезде Жәнібек Кәрменов бар, Несіпбек Айтов бар, міне, Сәулебек отыр көзі тірі, біраз азаматтар бар атап өткен едік. 

Сол кезде біз Тұрсын үлкен ақын болады деп ойлағанбыз. Мен екі адамның сол ақын-жазушылықтан бұрылып, ғылымға кеткенін білемін. Бірі – өзімнің бастығым Ақселеу Сейдімбек. Бәрін тастады. «Бұл беллетристикадан ештеңе де таппаймын» деді де, Саған керек болса, бәрін берім», - деп бәрін итере салды да, өзі зерттеуге кірісті ғой. «Қазіргі кезде бізге беллетристика керек жоқ, халықты оятатын дүниелер керек, мақалалар керек», - деп Ақселеу солай бағыт алды. Сол тұрғыда біздің Тұрсын да осылай жолға түсті. Сосын не көп, ғалым көп қой, бірақ солардың ішінде шынайы ғалым, шын ғалым деп кезінде Мәскеудің мүйізі қарағайдай ғалымдары, зиялыларының өзі «Жабайхан сөйлейді, «Жабайхан Әбділдин сөйлейді» деп тұратынын көзіміз көрген әйгілі Жабайхан Әбділдиндерді айтушы еді ғой баяғыда. Біздің Тұрсын да сондай таза ғалым. Ештеңені араластырмаған, жаманаты шықпаған ғалым. Соны мақтан етеміз, өйткені екеуміз тау-таста, Алтайдың тауында да, Алатаудың тауында да талай жерде жүрдік. Сондағы әңгімесінің өзі қандай ғажап. Жалпы Тұрсының өмірі, тірлігі салмақты, байсалды тірлік болды. Жетпіс бес жасың құтты болсын! Құдайға шүкір, саған жас берсін! Тоқсан беске, жүзге жет! Қанша қалжыңдап жүрсек те, сенің азамат екеніңді, ғалым екеніңді, тіпті жасыңда керемет мөлдіреген өлеңдер жазған ақын екеніңді біз ұмытқан жоқпыз! Мықты бол!»

Жазушының курстасы Сәулебек Жәмкенов сөз алды: «1974 жылы филфактың журналистикасын елу бес қыз бен жігіт бітірген едік. Бұл бір керемет факультет қой. Одан мемлекет қайраткерлері де, жазушылар да, ғалымдар да шығады. Мен сол факультетті бітірсем де прокурор болып кеттім. Біздің Тұрсынымыздың жолы бөлек. Жанболат Аупбаев Тұрсын туралы «жанкешті» деп керемет жазды. Мен де «Тұрсын – тұлпар» деп жаздым. Бұлар университетті бітірмей тұрып ғылымды бастап кетті. Бақытжан Майтанов, «Құтты білікті» өзі аударған Асқар Егеубаев, журфакты басқарып, кейіннен проректор болған Намазалы Омашев... Солардың ортасында біздің Тұрсынның орны бөлек. Жалғыз эпизодты айтайын. Бұл Тұрсын ертеректе он алтыншы жылғы көтеріліс туралы «Бейуақ» деген кітап жазған. Содан мұны албан елі шақырып құрметтейді ғой. Ол кезде жап-жас жігіт. Қолтықтап тұрып астына ақбоз ат мінгізген ғой. Сосын бұл: «Ал, енді халайық! Осы атты маған бердіңдер ме?» - деп сұрайды. «Берік қой, бердік. Не істесең де өзің білесің, Тұрсын!» - дейді ғой. «Онда былай істейік!» - деп аттан түсіп, ер-тоқымын, жүгенін сыпырып алған да: «Шүу, жануар! Сен бостандыққа жаралған жануарсың ғой! Саған бостандық бердім!» - дегенде, ақбоз ат арқырап жіберіп құйғытқан ғой. Райымбек шыққан аруақты ел ғой, албан да: «Аруақ! Аруақ!» - деп Тұрсынға құрмет көрсеткен екен. Енді қызығы, содан бір жылдан кейін-ақ өзіміз тәуелсіздік алдық. Міне, ғажап! Өмірде сондай бір қызық болған»

Түркияда тұратын тарихшы ғалым бейнежазба арқылы Әбдіуақап Қара өзінің сәлем жолдап, Тұрсын Жұртбайдың алаштанушылық жолына ерекше тоқталып өтті. 

Бұдан соң сөз ағлан Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев, ақын, «АЛЖИР» музейінің директоры Дәулеткерей Кәпұлы, ЕҰУ, филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы, Абайдың ұрпағы Ләйла Баймағамбетқызы ғалым, ұстаз, жазушының адами қырларына тоқталды.

Ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан Тұрсын Жұртбай шығармашылығы турасындағы «Қар астындағы көбелектен Алашқа дейін» тақырыбындағы танымдық талғамды мақаласын оқыды. Ақын өз мақаласының соңында Тұрсын Жұртбайдың өмірі мен шығармашылық жолына негізделген ән-толғау клипін тыңдатты.

Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы «Тұрсын Жұртбайдың ұлы міндеті мен ұлт алдындағы парызы» тақырыбындағы баяндамасын жасады. 

Бұдан соң Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы, абайтанушы ғалым Сұлтан Ыбырай, «Білте» әдеби агенттігінің негізін қалаушы Едіге Қожахмет, ақын Сұраған Рахметұлы сөз алып, Тұрсын Жұртбай тұлғасының әр кезеңдегі іс-қызметі туралы естеліктерін, ойларын айтып өтті.

Модератор Сұлтанхан Аққұлы: «Осы күні қазақ қоғамында, қазақ ғылымында әдебиетшілермен, филологтар мен тарихшылардың ортасында. «Алаш тақырыбын зерттеуге кім көбірек үлес қосты?» - деген сұраққа қатысты дау-дамай бар. Бірақ ешкімнің ешқандай күдік-күмәні жоқ: Алаш тарихын, бүкіл тарихи мұраларын біздің Тұрсын аға бастаған филологтардан артық зерттеп жарыққа шығарған ешкім жоқ деп айта аламын. Ал Алашты зерттеуге сол филологтардың арасындағы ең көп үлес қосқан адам – ол мен үшін ұстаз Тұрсын Жұртбай ағамыз. Жазушы, абайтанушы деп жатамыз. Мен үшін Тұрсын ағаның ең жақын қыры – алаштанушылығы», - деп филологтардың, соның ішінде Тұрсын Жұртбайдың алаштанудағы еңбегін ерекшелеп атап өтті.

Бүгінгі жиынға қатысқан зайсандық қарт қаламгер, отандық тұңғыш сөзжұмбақ кітабының авторы Қалибек Алтыбаев өзінің Абай туралы кітаптарын жазушыға тарту етті. «Қазақтың тарлан тарихшысы» дей отырып, Тұрсын Жұртбай шығармашылығын сөзжұмбаққа арқау еткен екен. 

Конференция соңында Тұрсын Құдагелдіұлы сөз алды

- Қадірлі ағайын! Бауыр-қарындас, жеңгелер, немерелер келіп отыр екен. Шындығын айтайын «Сен» дейтін бір адам, екі адамым қалды. Дүниенің бетіндегі қызықтың барлығы жердің астына түсіп кетіп, таңертең біреуі еске түссе, кешкісін басыңды көтеріп алсаң, әлі жүрсің, алқынды болып. Сондай бір мұғжизалы, өмірдің табалдырығында тұманының ішіне кіріп кеткен сияқтымыз. 

Сондай ақылың ашыған у, ойың кермек болып өз қадірің, өз ойыңмен жүргенде осындай бір назарға ие болғаныңа немереңнің иісіндей, жүрегің тәп-тәуір жылып сала береді екен. Өйткені, барлықтарың да таныссыңдар, жақынсыңдар. Бірақ баяғыдай еркін ой, еркін жүріс, еркін әзіл өз бетінен, өзінен-өзі тұсалып қалған сияқты болады екен. Сондықтан да бүгінгі жетпіс бес жасың деп, ескеріп-елеп, осыншама жұрттың басын қосып: «Ай, мынау да бір жанкешті екен», - деп жатқандарыңызға рақмет! Осы күнге дейін 134 кітабым шығыпты. ... Соған қарап отырып, менің миымның өзі ашып кетеді. Абай туралы докторлығы бар, академигі бар,  62 диссертация қорғалыпты. Оның ішіндегі әр сөзді, мысалы, бір-ақ сөзді іздеудің өзі бір адамның ғұмырына жететін, ары қарай зерттейтін тақырып. Соған барғанда өзіме таңғалдым. Адам іздесе жетеді екен. Ал енді мен соған 75 жыл жүрдім ғой. Оның ана қайда екенін біліп, әйтіп-бүйтіп, алай-алай, алай деп амалын тауып әйтіп-бүйткенше қаншама өмір өтеді? Бұл бір – сондай жанкештілікпен өткен өмір екен. Кейде өзі де  жетімдіктен жарытпап еді, Алла-Тағала, жаңа Оңайгүл айтқандай: «Қар астындағы көбелек тағдырды» талдағанда, өмір де өмір бойы азаппен өтіпті ғой», - деп ойлаймын. Оның өтеуі – бір-ақ нәрсе. Қарап шығасың, ойлайсың. Өз басымның қамын ойлап, өз мүддем үшін бір ауыз сөз жазбаппын, қарап шығыңдар кітапты. Не десем де, осы елдің, үлкейтіп айтайыншы, ұлттың жарасында дауа болса екен деп іс еттім. Сондағы айтарым: 

Мен өзім болсам, досы көп шайыр, 

Қасым да көп, оған да қайыр. 

Болашақ үшін күреске түссең, 

Дұшпансыз адам – адам ба тәйір! - 

дейтін, Махмұд Әбдірахмановтың өлеңі бар ғой. Осы өлеңде айтпақшы, менің де дұшпаным бар шығар. Маған бәрібір. Егер дұшпаным болып, қазақтың мүддесін қорғайтын болса, оны мен ең ыстық досымнан да жақсы көремін. Сондықтан да патшаға қарсы шығатын Чаадаевтің сөзі бар: «Мені барлығымен, барлық нәрсемен айыптауға болады: кісі өлтiрдi деңдер, ұрлық жасады, әйтті-бүйтті деңдер. Бәрімен айыптауларыңа болады, қарсы болмаймын, - дейді. – Жер аударыңдар, атыңдар. Бірақ бір-ақ нәрсе айтпасаңдар екен. Мен бірде-бір сөзімде де өзімнің халқымды, ұлтымды алдаған жоқпын, өтірік айтқан жоқпын. «Өтірік айтты», - дей көрмеңдер! Болды, қалған жаланың бәрін жабыңдар!» - дейді. Маған да бәрін жабуларыңа болады. Бірақ, жұртын, елін алдап, жалған сөз айтты дей көрмеңдер! Мен де өзімнің осы кітаптарымның ішінде барынша адалымды айттым. Осы нәрсеге өзім қанағаттанамын!

Жазушы әр жылдары шыққан кітабын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Күміс Қарсақбайқызына тапсырды. 

Сөз түйінін ғұлама ғалым өзі жасады

Ал, ағайындар, мен әкемнің бес өсиеті бар, сонымен өмір сүрдім. Әр кезде менің алдымда жатады. Сол әкемнің айтатын бір сөзі былай еді: «Елдің бәріне болсын деп тіле, қарағым! - дейді. Болсын, болсын, болсын! Болмасын деген оңбасын! Бірақ, мынау есіңде болсын: елдің барлығы бай болса екен. Бай болсын, бірақ бай екенмін деп, мені менсінбей қоймасын екен. 

Екінші, елдің барлығы әкім болсын деп тіле, патша болсын деп тіле! Бірақ әкім болса да, патша да болса, сені, мені басынбаса екен деп тілеймін!

Үшінші, елдің барлығы ғұлама, данышпан болсын! Бірақ мені де сауатсыз екен деп есептемесе екен!»

Мен осы принциппен өмір сүрдім. Бәрің де бай, әкім және сауатты болыңдар! Рақмет! 

Осылайша көрнекті жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы және әуезовтанушы Тұрсын Жұртбайдың 75 жасқа толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өз мәресіне жетті. Тұрсын Жұртбайдың шығармашылығына арналған мұндай ғылыми, танымдық, тартымды, ғибратты іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табатыны бүгінгі жиында айтылды.

Фотосуреттерді ҚР Ұлттық-академиялық кітапханасының баспасөз қызметі ұсынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan