Шынайы кеңістіктен мистикалық әлемге: М.Омарованың «Ғажайып көл» повесінің нарративтік поэтикасы

Әдебиет порталының редакциясына Ләйлә Мұратқызы жазушы М.Омарованың «Ғажайып көл» повесіне арналған мақаласын жолдапты. Автор зерттеуінде шығарманың мистикалық табиғатын, реалды және иррационалды кеңістіктің арақатынасын, ұлттық мәдени кодтар мен кейіпкерлер жүйесінің көркемдік қызметін талдайды. 

80

Шынайы кеңістіктен мистикалық әлемге: М.Омарованың «Ғажайып көл» повесінің нарративтік поэтикасы - adebiportal.kz

Қазіргі қазақ прозасындағы көркемдік ізденістердің бір арнасы – шынайы өмір мен иррационалды әлемді ұштастыру, мифтік, мистикалық және фантастикалық элементтерді бүгінгі кейіпкердің дүниетанымымен сабақтастыра суреттеу. Қазіргі шығармаларда тылсым құбылыс тек тосын оқиға туғызудың амалы ретінде қолданылмай, кейіпкерді басқа кеңістікке жетелейтін, оқырман сана-сезімін өзгеріске түсіретін әрі шығармаға динамика беретін көркемдік механизмге айналады. Мадина Омарованың прозасына да қалыпты тұрмыс жағдайы мен жұмбақ, түсініксіз құбылыстың қатар өрілуі тән. Жазушы шығармашылығының бұл сипаты қазіргі қазақ прозасының көркемдік ізденістердің санқырлылығын танытады. Осы тұрғыдан жазушының «Ғажайып көл» повесі назар аударуға лайық. Шығармада бастапқыда қалыпты өмір кеңістігінде көрінген жасөспірім кейіпкерлер бірте-бірте табиғаты жұмбақ әлемге енеді. Оқиға ілгерілеген сайын реалды және иррационалды кеңістік арасындағы шекара көмескіленіп, кейіпкерлердің алдында бұрынғы өмір заңдылықтарымен түсіндіруге келмейтін құбылыстар пайда болады. Шығарма желісінде Хан сарайы, орындалуы тиіс тапсырмалар, Зұлпықар қылыш, қара домбыра мен жасырылуы қажет кітап тәрізді заттар мен ұғымдардың енгізілуі шығарманың бастапқы реалистік өрісінің мүлде басқа сипатқа ауысқанын аңғартады. 

«Ғажайып көл» повесіндегі мистикалық кеңістік пен сюжеттік динамиканың байланысын анықтап, реалды дүниеден тылсым әлемге өтудің нарративтік тәсілдерін және ұлттық мәдени кодтардың осы құрылымдағы көркемдік қызметін талдау мақсатында өз тұжырымдарымызды ұсынар болсақ, повестің басты поэтикалық ерекшелігі – мистиканың сюжетке сырттан қосылған элемент емес, оқиға қозғалысын ұйымдастырушы көркемдік механизмге айналуында екенін көреміз. 

Повестің композициялық құрылымындағы маңызды ерекшелікке тоқталар болсақ, оқиғаның бірден мистикалық жағдайда басталмауы. Керісінше, автор алдымен оқырманға таныс, қалыпты дүниені көрсетеді. Басты кейіпкер Зере – он төрт жастағы қала қызы. Оның алғашқы арманы мен мақсаты да қазіргі жасөспірімнің дүниесіне жақын: ағылшын тілін жетілдіру, Лондонға бару, музыкамен айналысу, әнші болу. Алайда әкесінің шешімімен Зере тоғыз жасар сіңлісі Саримен бірге ата-әжесінің ауылына аттанады. Осы сапардан бастап шығарманың кеңістіктік жүйесі өзгере бастайды. Автор бұл ауысуды күрт жүзеге асырмайды. Тылсым әлемге біртіндеп енеді. Соның алғашқы белгілерінің бірі – жол үстіндегі түс. Шығарманың басы өзге сарында басталғанымен, оқиға желісі мүлде басқа арнаға бұрылып, оқырманын шығарманың өн бойында тырп еткізбей, сол эмоцияны соңына дейін сақтап қалады. Яғни автор оқиғаның мүлдем оқырман күтпеген арнаға ауысуының алғашқы белгісі ретінде жолдағы Зеренің түс көруімен басқа бір шытырманның басталуын меңзейді. Осы жерде түс мотивін жеке қарастырған жөн. Жол үстіндегі Зеренің бір бөлмелі үйді, аласа дөңгелек үстелді және тоқтаусыз тамақ жейтін мешкейді көруі жай эпизод ретінде қалмайды. Дегенмен қарапайым логикаға сыймайтын бұл көрініс сол сәтте толық түсіндірілмейді. Бұл тәсіл мистикалық прозадағы маңызды нарративтік амалдың бірі – алдын ала белгі беру қызметін атқарады. Автор болашақ оқиғаны толық ашпайды, бірақ оқырман санасына белгісіз қауіп пен жұмбақтың алғашқы нышаны ретінде көрсетеді. Сөйтіп шығарманың мистикалық атмосферасы тылсым кейіпкердің кенет пайда болуынан емес, қалыпты дүниеге түсініксіз белгілердің біртіндеп енуінен қалыптасады.

Шығармада қала мен ауылдың қарама-қарсылығы мұнда географиялық айырмашылықпен ғана шектелмейді. Қала – Зереге таныс қазіргі өмірдің кеңістігі болса, ауыл – бірте-бірте өткеннің, өркениеттің соңында қалған, мәдени жады мен тылсым құбылыстың кеңістігіне айналады. Осы себепті ауылға сапарды шығарманың алғашқы шекарадан өтуі деп қабылдауға болады.

Повесть атауындағы көл образы шығарманың кеңістіктік жүйесінде ерекше маңызға ие. Көлді тек табиғат пейзажының бөлшегі ретінде қабылдау шығарманың көркемдік табиғатын толық ашпайды. Оқиғаның дамуына қарай ол белгісіздікпен, құпиямен және кейіпкерлердің қалыпты тіршіліктен өзгеше кеңістікке бет алуымен сабақтасады. Сондықтан көлді повестің реалды және иррационалды әлем арасындағы шекаралық кеңістік ретінде қарастыруға негіз бар. Бұл тұста шекара/портал ұғымының өзі маңызды. Өйткені мистикалық шығармада кейіпкер бір дүниеден екіншісіне өткенде бұрынғы әлемнің заңдары әлсіреп, жаңа кеңістіктің ережелерін қабылдауға мәжбүр болады. «Ғажайып көлде» де осы құбылыс байқалады. Алғашында ауыл өміріне келген Зере мен оның айналасындағы балалар кейін өздері түсіндіре алмайтын жағдайлардың қатысушыларына айналады. Шығармада тылсым әлемнің өз жүйесі, қауіпі мен талаптары қалыптасады. Хан сарайына жеткізіліп, сол жерде тапсырма алатыны туралы хабар және бұл тапсырмалардың оңай болмайтыны жөніндегі ескерту оқиғаның жаңа фазасын танытады. Демек кеңістіктің өзгеруімен бірге сюжеттің заңдылығы да өзгереді.

«Ғажайып көлдің» ең қызықты ерекшеліктерінің бірі – оқиға динамикасы. Повестің басында баяндау салыстырмалы түрде бірқалыпты. Автор кейіпкерлерді таныстырады, отбасы жағдайын көрсетеді, ауылға сапарды, ата-әже ортасын, Мәди сияқты жаңа кейіпкерлермен танысуды баяндайды. Бұл бөлімде оқырман көркем әлемнің қалыпты заңдылықтарына сенеді. Алайда белгісіздік күшейген сайын баяндау сипаты да өзгереді. Осы ретте шығарма құрылымын шартты түрде: қалыпты өмір → сапар → белгі → жұмбақ → шекарадан өту → тылсым кеңістік → қауіп → тапсырма → сынақ → шешім инициация моделі арқылы көрсетуге болады. Осы тізбектегі әр жаңа оқиға алдыңғы жағдайды күрделендіреді. Кейіпкерге ақпарат толық берілмейді. Оқырман да Зере білетін көлемде ғана біледі. Нәтижесінде ақпарат тапшылығы интрига тудырады, ал интрига оқиға қозғалысын жылдамдатады. Мұнда автордың маңызды тәсілі бір жұмбақтың шешілуі келесі жұмбақтың басталуына ұласуы екенін байқаймыз. Мәселен тылсым кеңістіктің бар екендігі айқындалған сәтте «ол бар ма?» деген сұрақ маңызын жоғалтады. Оның орнына «бұл әлемнің заңы қандай?», «кейіпкерлерден не талап етіледі?», «олар кері қайта ала ма?» деген жаңа сұрақтар пайда болады. Осылайша мистикалық элемент сюжеттік динамиканың генераторына айналады.

Шығармадағы мистикалық құбылыстарды қабылдауда Зере бейнесінің қызметі ерекше. Оқиғаның едәуір бөлігі оның қабылдауы мен сезінуіне жақындатылып беріледі. Сондықтан оқырман тылсым әлем туралы дайын ақпарат алмайды, оны кейіпкермен бірге біртіндеп таниды. Бұл тәсіл жасөспірімдерге арналған фантастикалық және мистикалық прозаның табиғатымен де сабақтас. Зере бастапқыда тылсым әлемге тиесілі адам емес. Оның қызығушылығы, арманы мен танымы қазіргі қалалық жасөспірімнің өміріне жақын. Сондықтан ол белгісіз құбылыстарды бірден қабылдамайды. Таңдану, күмәндану, қорқу мен түсінуге ұмтылу сатыларынан өтеді. Тылсым ортада кейіпкердің еркіне әсер етуге бағытталған жағдайлар да пайда болады. Мәселен Ханшайыммен байланысты эпизодта Зере өзінің ықпалға түскенін сезіп, қара домбыраның әсерінен есін жиғандай күй кешеді, содан кейін өзіне сөз беруге мәжбүрлеу болғанын ашық айтады. Бұл эпизодтағы қара домбыраның қызметі айрықша назар аудартады. Ол жай музыкалық аспап қалпынан шығып, кейіпкердің өзіндік санасын сақтауға көмектесетін магиялық қасиетке ие болады.

«Ғажайып көлдің» көркемдік ерекшелігін тек жалпы фэнтези модельдерімен түсіндіру жеткіліксіз. Повестегі тылсым әлемнің маңызды компоненттері қазақ және түркі-мұсылмандық мәдени кеңістіктің белгілерімен сабақтасып жатыр. Шығарманың бастапқы бөлігінде-ақ Зеренің домбырамен байланысы көрсетіледі. Атасының қара домбырасымен «Әлқисса», «Ерке сылқым», «Адай» күйлерін орындауы, атасының немересіне «күй қоныпты» деп баға беруі кездейсоқ тұрмыстық деталь емес. Бұл эпизод кейінгі мистикалық оқиғалардағы қара домбыраның қызметіне семантикалық негіз дайындайды. Сөйтіп домбыраның мағынасы сюжеттің дамуымен өзгереді: музыкалық аспап → атадан жеткен мұра → ұлттық мәдени белгі → тылсым кеңістіктегі магиялық құрал. Мұндай трансформация повестің маңызды поэтикалық ерекшелігі саналады. Бұл жерде сөз құдіреті, күй құдіреті деген қазақтың ұлттық санасында берік сақталған архетип түсінік жатқанын және соның нәтижесінде домбыраға магиялық қасиет дарытуы біздің ұжымдық бейсанамызда жақтан дүниелерден туындайды. 

Тылсым әлемге енгеннен кейін ұлттық және діни-мифологиялық семантика одан әрі қоюланады. Зұлпықар қылыштың Мәдиге берілуі, қара домбыраның Зереге тиесілі болуы және кітаптың ерекше мән иеленуі мәтінде тікелей көрінеді. Ақсақалдардың балаларға көмектесетін заттарды тапсыруы бұл нысандарды жай декорация емес, алдағы әрекетке қатысатын сюжеттік құралдарға айналдырады. Осыдан шығармада қызықты модель қалыптасады: қазіргі жасөспірім, дәстүрлі мәдени белгі, мистикалық сынақ. Яғни өткен мәдениет мәтінде музейлік мұра ретінде тұрған жоқ. Ол жаңа буынның әрекетіне араласып, сюжеттік қызмет атқарады.

Мистикалық кеңістікке ену кейіпкерлердің сыртқы сапары ғана емес, олардың ішкі жандүниесінің өззеруіне себеп болады. Тағы бір қызықты дүние – Зеренің көзқарасы. Оқиғаның жасөспірім кейіпкердің қабылдауы арқылы берілуі тылсым құбылыстарды бірден объективті ақиқат ретінде қабылдатпайды. Повестің алғашқы бөлігіндегі Зере мен кейінгі күрделі оқиғалардың ортасында жүрген Зере арасында айырмашылық анық байқалады. Бастапқы кейіпкердің ой әлемінде жеке қызығушылықтар мен жасөспірімге тән армандар басым болса, сынақтар барысында таңдау жасау, қауіпке қарсы тұру, өзгелермен қарым-қатынас қажеттілігі алға шығады. Мұнда инициациялық сюжетке тән белгілерді байқауға болады. Кейіпкер үйреншікті ортасынан ажырайды, шекарадан өтеді, белгісіз дүниеге түседі, түрлі сынақтарға тап болады және сол тәжірибеден кейін трансформацияға ұшырайды. Алайда шығарманы тұтасымен «инициациялық повесть» деп анықтауға асықпаған жөн. Дәлірек айтқанда мәтінде инициациялық модельдің элементтері мистикалық-ертегілік сюжетпен ұштасады. Осы тұста Зеренің инициациядан өтуінде Саридің орны ерекше екенін атау керек. Әрі шығарма барысында көп оқырманның фовариті болған да осы Сари. Жалпы әлемдің әдебиеттануда қарапайым кейіпкердің инициациялыя, яғни қаһарман болуы жолындағы барлық қиындықтар мен кедергілерді жеңуге көмектесетін қолдаушы кейіпкердің болуы мифологиядан қалыптасқан көшпелі сюжеттерден де белгілі. Міне бұл шығармада Зеренің қаһарман болуына бірден-бір септігін тигізген кейіпкер Сари болмақ. Оны біз, әу-баста, өте сабырлы әрі байсалды мінезінен, ауылға келгенде де еш шағымсыз тек кітаптар оқуы, Зеренің көлге кеткенде артынан домбырасын беріп, қарап жүр деп әжесінің жіберуі, шығарма өн-бойында дұрыс шешімдер айтып, жол көрсетіп, қысқасы керек кезде Зеренің жанынан табылатын қолдаушы кейіпкер ретінде танимыз. Осы жерде тағы бір ескере кететін жайт бар, біз айтып отырған кейіпкерлер архетип сын тұрғысынан талдар болсақ, әр кейіпкердің шығармадағы миссиясы мен жасырын, астарлы жақтары да бар. Міне повестегі Сариді адамның «ішкі ақылы мен даналығы» деп қабылдаған жөн. Оны тіпті шығармада үнемі кітапқа құштар қылып қоюы, кітаптың даналық пен ақылдың символы болуы да тегін сәйкестік емес екенін көреміз. 

Шығармада ерекше айта кететін кейіпкердің бірі – Еркебай. Тіпті Зере оны сипаттауда қанша жанында жүрсе де, жалпы бет-пішіні, көзі, құлақтары болса да, нақты сипаттай алмайтын, түсініксіз әрі ұғынықсыз деп көрсетеді. Осы тұста, әлемдік мифологиядағы «трикстер» образымен бір сабақтастықты аңғаруға болады. Бұл туралы М.Бодкиннің зерттеулері бар. Жалпы трикстер дегеніміз не адам емес, не жануар емес, түсініксіз жаратылыс. Ол екі әлемде де жүре беретін, әу-бастағы міндеті адамдарға көмектесу болғанымен, үнемі сол жолда бір қолайсыз жағдайларға тап болып, көмектен гөрі зияны көп тиетін образ ретінде сипаттайды. «Ғажайып көл» повестіндегі Еркебайда дәл осы сипаттар барын аңғарамыз. Тыңдамай жолдастарынан бөлініп кетуі мен артынан іздейміз деп достарының бастарының бәлеге қалуы, Қара молда әкесімен кездескендегі достарына қарсы екінші тарапқа өтіп кетуі немесе екі әлем арасында еркін кіріп-шығып жүруі сияқты дүниелер соның айғағы. 

Еркебай туралы айтқанда әкесі Қара молда туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Жалпы біздің қоғамда «молда» түсінігі сакралды мәнге ие болғанымен, ел ішінде «молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген қағидаттың растығына куә боламыз. Өйткені оқыған, археолог Еркебайдың анасының түнде айдалада түнеп, кейін есі ауысып, тіпті балалы болғанын әрі оның кімнен екенін білмеуі қыздың кінәсі емес. Бұл жерде Қара молданы автор сиқыршы деп бекер айтпаса керек, яғни бейкүнә қызды сиқыры арқылы пайдаланып, кейін тіпті түнде баласын да алып кетіп отыруы, біздің қоғамдағы біраз келеңсіз жайттарды астарлай отырып жеткізгенін аңғаруға болады. 

Повестегі Айтоқты бейнесі де ерекше алынған. Махаббаттың құрбаны болып дүниеден өткен кейіпкердің бойынша жапон халқына тән қатқылдықты аңғаруға болады. Себебі бұл шығарманы жазу барысында автор жапон анимесін негізге алғанын да тілге тиек еткен болатын. Осы тұста біз Фумико Энтидің «Цитадель» романындағы бас кейіпкердің болмысымен сабақтастықты, жапон қыздарына тән төзімділік пен өз сертіне адал әрі өз-өзіне өте қатал әйел бейнесін көреміз. Яғни өзгенің бақыты үшін күресуден гөрі өзін сырып қойып, құрбан болуы да ерекше ерлік пен батылдықты талап етеді. Ал оның көңіл күйіне байланысты көйлегінің түсінің құбылуы да авторлық ерекше шешім. 

Шығармада қазақ мәдениеті мен өркениетіне тән барлық сән-салтанатты: алтынмен апталған, күміспен қапталған сарайлар, адамдардың киім үлгілерінің әсемдігі барлығы тамаша сипатталған. Ал қазіргі заман лебін де жоғалтпай түрлі бренд атауларын беруі әрі бойжеткендерге тән барлық іс-әрекеттерді көрсетуі шығарма шынайылығын арттырып, оқырманды сендіре білген. 

Қазақи дүниетанымды сақтауда тағы бір ерекшелікті атау маңызды. Балалардың екі тапсырманы орындау барысында да қарсыластарымен мәмілеге келуі де ерекше шешім. Өйткені қазақ халқында жаугершілік заманның өзінде гуманизм басты орынға шығып, елшілерге тиіспеген, ал әлемдік мифологиялық шығармалардан бастап, қазіргі фэнтези шығармалардың барлығында тапсырманы орындау барысында тек қырып-жою, қан төгіспен аяқталып жататыны белгілі. Повесте балалар екі тапсырманы орындау барысында да (Қара молда мен Айтоқты) қарсы жақтың позициясын, әр тараптың өз шындығын тыңдап, байыбына барып отырғанын көреміз. 

Жалпы шығарма мистикалық повес деп алынғанымен, үнемі қазіргі біздің тепе-теңдік бұзылған, әділетсіз қоғамның көрінісін аңғаруға болады. Бәлкім автор шығармадағы басты Хаостың орын алуы өмірлік заңдылықтардың, баланстың сақталмауы дей отырып, біздің қазіргі қоғамды меңзегені болар. Мистика шығармада тек қорқыныш немесе таңғажайып әсер туғызу үшін қолданылмаған. Ол бірнеше поэтикалық қызметті қатар атқарады: кеңістікті өзгертеді; жұмбақ қалыптастырады; оқиғаны жылдамдатады; кейіпкерді сынаққа түсіреді; мәдени кодтарды жаңа контексте белсендіреді; реалды және иррационалды дүниелерді бір сюжеттік жүйеге біріктіреді. 

Мадина Омарованың «Ғажайып көл» повесі қазіргі қазақ прозасындағы мистикалық-фэнтези бағындағы ізденістерді танытатын шығарма. Повестің көркемдік ерекшелігі тылсым оқиғалардың молдығында ғана емес, сол мистикалық элементтердің шығарманың тұтас нарративтік құрылымын ұйымдастыруында. «Ғажайып көлдегі» мистикалық әлемді шынайы өмірге қарсы қойылған бөгде кеңістік деп қана қабылдау жеткіліксіз. Ол – қазіргі жасөспірім кейіпкердің өзі бұрын толық танымаған мәдени жадымен бетпе-бет келетін көркем алаң. «Ғажайып көлді» қазіргі қазақ прозасындағы мистикалық-фэнтезиді зерттеу үшін маңызды көркем мәтін ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

ЕҰУ, Абай академиясы, 

Ләйлә Мұратқызы, PhD

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan