Жабыққан жалғыз жүректер
Аягүл бізге дүниені сырттай бақылаушы емес, оны жүрегімен қабылдайтын адам ретінде көрінеді. Дүниені қатты сезінбеген адам оның әділетсіздігіне де соншама қиналмайды ғой, ал Аягүл Мантайдың қайғысы дүниені тым терең сезінуінде жатқандай.
Негізі, осы «Уақыттың көз жасы» өмірді қайта сүюге қалай оралуға болатыны туралы шығарма еді… бірақ, автордың өзі оралмады…
Жақында Аягүл Мантайдың «Уақыттың көз жасы», «Жүрекке оралу», «Қарғыс» әңгімелерін қайта оқып, осы үш әңгімені Аягүлдің шығармашылық болмысын түсінуге мүмкіндік беретін дүниелер деп қарастыруға болады екен дедім. Себебі оқып отырғанда, жазушының өз өмірі мен көркем мәтінінің арасы тым жақын сезілді. Әрине, автор өзінің ішкі күйін, өз басынан өткенді баяндап отыр деуден аулақпыз, бірақ оның дүниеге деген қарым-қатынасы, жалғыздықты сезінуі, адамнан жылу іздеуі, әділетсіздікке қарсылығы мәтіннің өн бойында тұрады. «Уақыттың көз жасындағы» қызға қарасақ, ол өмірден ештеңе күтпейтін адам сияқты, бірақ оның мұңының өзі өмірге деген үлкен талаптан туған, дүниеден мейірім күтеді, сол күткені ақталмаған сайын жараланады.
Үшеуінде де адамның ішіндегі арпалысқа маңыз бергені көрінеді, бір шығармадағы ой екіншісінде жалғасып, үшіншісінде басқа қырынан ашылады. Үшеуінде де өлім туралы ойлар бар, бірақ жазушыны өлімнің өзін айту емес, адамды өлім туралы ойлауға не жеткізеді деген сұрақ қызықтырып, ойландыратын сияқты. Оның кейіпкерлері өмірді жек көрмейді, керісінше өмірге тым мұқтаж. Үш шығармада да Аягүл Мантайдың бір ғана сұрақты әртүрлі формада қайта-қайта қойғанын байқадым: адамды осы дүниеде не ұстап тұрады: махаббат па? Қиял ма? Отбасы ма? Арман ба? Құдай ма? Мейірім бе? Әлде адамның өз ішіндегі өмір сүруге деген инстинкті ме?
Жазушы оған жауап бермейді, кейіпкерлерін сол жауапты іздеп жүрген күйінде қалдырады. Құдай тақырыбы олардың жанындағы соңғы тірек. Үш шығармада да Құдай кездейсоқ пайда болмайды. Бұл кейіпкерлер дүниеден жауап таба алмай қалған кезде жоғарырақ мағына іздейді. «Жүрекке оралуды» Құдайды іздеу бар. «Қарғыста» өмір Құдай берген сый екені айтылады. «Уақыттың көз жасында» адам өмірінің мәні, өлім, рух, адамның дүниедегі орны секілді сұрақтар көтеріледі. Кейде оның кейіпкерлері Құдайға күмәнмен, ренішпен, сұрақпен келеді. Оның шығармаларындағы Құдай дегеніңіз адам өзін мазалаған бүкіл сұрағына жауап алып болған соң барып баратын мекен емес, керісінше, жауап таба алмай қалған кезде іздейтін соңғы мағына. Бұл сөзімізге діндарлар шошып кетуі мүмкін, маған автордың сауалы ұнайды, Аягүлді қабылдаймын, меніңше, шынайы рухани ізденіс ешқашан енжар, сылбыр жүрмейді. Ол жерде кешірім тақырыбы да көтеріледі, кешірім Аягүл Мантайда моральдық жағынан әдемі үйлесім ғана емес, психологиялық азаттық. Кешірмеген адам өткен оқиғаға байланып қалады, кешірген адам өткенді жоққа шығармаса да, оның бүгінін басқаруына жол бермейді.
Аягүлдің көтеретін тақырыбы – адамның өз жүрегін жоғалтпай, өмір сүруі.
Үш шығармада да кейіпкер өзін өзі бақылаумен өмір сүреді, өздерін көп зерттейді. «Мен неге бұлаймын?» «Мен неге оны ұмытпаймын?» «Мен неге жалғызбын?» «Мен неге өмірден шаршадым?» «Мен неге Құдайды іздеймін?» деп өздерін тоқтаусыз талдайды. Бұл өзін тануға ұмтылу сияқты әрекет көрінгенімен, екінші жағы бар: өзін шамадан тыс бақылау адамның өмір сүруіне кедергі келтіруі мүмкін. Әр сезіміңді талдай берсең не болады? Мысалы, бақытты сәтте бақытты болудың орнына, «мен қазір бақыттымын ба?» деп өзін бақылай бастайды, махаббатта өзіне еркіндік берудің орнына, «бұл шынайы махаббат па?» деп мазасыз күй кешеді. Оның кейіпкерлерінде осы интеллектуалдық сергектік пен эмоционалдық шаршау қатар жүреді.
Автордың Андерсенді мысалға алатыны бар. Өйткені Андерсеннің ертегілері сырттай қарағанда балаларға арналған қарапайым дүниелер болғанымен, астарында жалғыздық, мейірім, әділетсіздік, адамның қоғамдағы орны, бақытқа деген аңсар секілді күрделі мәселелер жатқанын Аягүл түсінеді. Ол және өзін Андерсеннің өмірі арқылы оқып отыр. Бұл жерде әдебиеттің табиғаты да көрінеді. Біз кейде кітапты оқимыз деп ойлаймыз, шын мәнінде, жақсы әдебиет бізге өзімізді оқытады.
«Уақыттың көз жасы»
Осы әңгімесі біразға дейін ойымда жүрді. Ең алғаш естігенде атауы да елең еткізген. Шығармадағы қыз… жанары мұңды, бірақ жыламайды. Арманы да, үміті де жоқ, ешкімді күтпейді, ешкімді сағынбайды, біртіндеп сезіну қабілетін жоғалтып бара жатқан адам. Сыртқы дүниемен тіл табыса алмай, жанына жылылық пен мейірім іздеп жүргендей көрінеді. Шығармада уілдеп тұратын бір мұңды сарын бар, ол жай көңілсіздік емес, адамның мына дүниеде өз орнын таба алмай қиналып жүргенін көрсете ме…. Неге олай дедік?
Әдетте адамды өмірге ұстап тұратын екі нәрсе бар: өткеннен қалған мән және болашаққа деген үміт. Бұндағы кейіпкердің өткенінде жылу жоқ, болашағында да анық мақсат жоқ, сол себепті ол уақыттың ішінде ғана қалып қояды. Өмір сүріп жатқан сияқты, бірақ шын мәнінде өмірдің сыртында тұр. Дүниеге қарайды, адамдарды көреді, сезінеді, бірақ оған толық араласып кете алмайды.
Қыздың «барар жолдан емес, қайтар жолдан адасам» дейтін жері бар. Ойлап көрсең, дәл осы сөз шығарманың кілті деуге болады-ау… Өйткені адам өмірінде бір нәрсеге ұмтылып, бірдеңе іздеп алға жүре алады, бірақ кері қайта алмай қалуы мүмкін. Өзіңе, балалық шағыңа, ата-анаңа, адамға деген алғашқы мейіріміңе, сеніміңе қайта оралу деген қолдан келе бере ме?
Қыздың үлкен пәтер жалдап, бөлмелердің түсін өзгертуі де өзінің ішкі дүниесін өзгертуге жасаған әрекеті. Қызыл, күлгін, көк, жасыл, сары, ақ бөлмелердің әрқайсысы оның өткен өмірінің бір есігін ашады. Демек, ол ешқандай жаңа үйге көшкен жоқ, өзінің ішкі әлемінің бөлмелерін аралап шықты деген сөз. Және ол әр бөлмеде өзін емес, басқа адамдарды есіне алады. Бір бөлмеде бес жасар өзін көреді, Жібекті есіне алады, Күләйша кемпірді ойлайды, ата-анасын… яғни адам өзіне үңіле бастағанда, біртіндеп өзінен өзгелерге қарай шығатын жол ашылады. Бұл жерде Жібек туралы эпизодтың орны ерекше. Бала кезінде қыз Жібектің ауруын, кедейлігін, дәрменсіздігін түсінбейді, себебі ол кезде өзінің жыртық етігін ғана, өзінің мұңын ғана ойлайтын. Жылдар өткен соң барып оның алдында бір шындық ашылады: адам өз қайғысының ішінде жүргенде, басқа адамның қайғысын түсіне бермейді екен. Сондықтан оның Жібектің аруағынан кешірім сұрауы жай өкініш емес, адам ретінде есейгенінің белгісі. Бұрынғы «мен» мен қазіргі «меннің» айырмашылығы осында. Күләйша туралы эпизодта да осы нәрсе жалғасады. Бала кезінде жұртпен бірге ол да кемпірді «қорқынышты адам» деп қабылдаған болса, кейін оның әрекетінің арғы жағындағы қорқынышты түсінеді. Күләйша жалғыздықтан қорқып, осы үйге сіңісуге, осы үйге керек болуға тырысқан. Оның қаталдығының ар жағында жалғыз қалудан қорқуы мен қажет болуға деген мұқтаждық жатыр.
Шынымен де, егер адамды сыртқы әрекетімен ғана бағаласаң, ол үстірт, қате болады, мысалы, бір адам ылғи қатал, ашулы жүрсе, оны сондай қылған қорқынышы болуы мүмкін, сырт көзге сондай адамдар көбіне-көп өз ішінде жалғыз, сырт көзге сабырлы адамның ішінде қаншама арпалыс жатқанын білмейміз. Өйткені, автор айтпақшы, «Біз бәріміз бір-бірімізге өз «айнамыз» арқылы қараймыз». Шынында, жаны қатыгездеу адам айналасынан тек дұшпандық көреді, қанағатсыз адамға өмірі бірдеңе жетпейді, өзі мейірімді адам дүниеден мейірімнің белгілерін байқайды.
Есіңізде болса, сары бөлмедегі «қоғам вирусы» туралы ой да осыған байланысты. Кейіпкер қоғамдағы тәртіпсіздікті, әділетсіздікті, адамдардың рөл ойнауын көріп, бәрін түзеткісі келеді. Бірақ бір мезетте өзінің ішкі дауысы оған: «Сен әлі қоқыстан утопия іздеп жүрсің» дейді. Қоғамды өзгертуге ұмтылған жақсы, бірақ жүйе деген нәрсенің күші сұмдық орасан, адам оған төтеп бере алмай, сыртқы әлемдегі барлық зұлымдықпен күресемін деп өз ішіндегі мейірімді өлтіріп алуы мүмкін. Міне, осы жерде кейіпкердің неге шаршаулы екенін түсінесің. Ал ақ бөлме автордың өзі акцент беріп отырған рухани шарықтау нүктесі. Ол бөлмеде анасын есіне алады, анасының оның колготкиін жуып, жабысқан ұсақ жіптерін тазалап отырғанын көруі өте қарапайым тұрмыстық деталь сияқты болғанымен, дәл осы қарапайым нәрсе шығармадағы ең үлкен сезімді тудырады. Қыз анасының махаббатын ерекше оқиғадан емес, күнделікті ұсақ әрекеттен көріп, түсініп отыр, былай қарасаң, анасы үшін бұл мың шаруаның бірі ғана, ал қыз үшін кейін үлкен мағынаға айналады. Қыздың «анамды сағыныппын» деуі оның өз жүрегіне қайта орала бастағанын білдіреді. «Жыласа, көзінен бір тамшы да жас шықпайды» деп басталып, «Бұл жас торығу мен мұңаюдан әлдеқайда әдемі, жан дүниені тазартқан тамшыдан түзілген моншақ еді» деп аяқталушы еді ғой соңында. Көрдіңіз бе, «Уақыттың көз жасы» деген өткенді түсінген кездегі адамның көзінен шыққан жасы. Қараңызшы, уақыт өтіп жатыр, бірақ оның ішінде қаншама жоғалған сезімдер, айтылмаған сөздер, орындалмаған армандар қалып жатыр. Өткенді қайтара алмайсың, бірақ оған басқа көзбен қарай аласың. Уақыт өтіп кеткен болса да, сол уақыт ішінде өзінің бұрынғы «Меніңді» қайта танып, кешіріп, қабылдай алатының күшті. Адамның жоғалтқаны, өкінгені, айта алмағаны, сүйе алмағаны, түсіне алмағаны уақыттың ішіне жиналады.
Тағы айтайық, Аягүл Мантайдың осындағы кейіпкері дүниеден мүлдем безген адам емес. Керісінше, ол өмірді тым қатты жақсы көргендіктен, оның әділетсіздігіне, суықтығына, адамдардың бір-біріне деген немқұрайдылығына төзе алмайды. Оның ішкі қарсылығы өмірден бас тартудан емес, өмірдің басқаша болғанын қалауынан туындап отыр. Ол мейірімді, әділетті, адамға жылуы бар дүниені аңсайды. Кей адамдар әділетсіздікті көріп, өтіп кете алады. Аягүлдің кейіпкері олай істей алмайды, ол адамның қылығына, жалғыздыққа, мейірімсіздікке, өмірдің мағынасыз болып көрінуіне тым сезімтал. Сондықтан ол бір жағынан өмірге өкпелі, бір жағынан сол өмірге іңкәр. Осы қарама-қайшылық оның прозасын ерекшелейді. Жеріну мен ұмсыну, жалғыздық пен жақындыққа аңсар, мұң мен үміт, өмірден түңілу мен өмірді түсінуге деген құштарлық қатар жүреді. (Осы жерде жазу деген мінез, керек десеңіз, тағдыр деген қисын ойға оралады). Осы тұста жазушының өз табиғаты да сезіледі. Құрбысы Айгүл Сейілдің әңгімесі бар, ақын Салтанат Мадиярқызы мен Бану Оңдасынның «Әдебиет порталындағы» Ықылас Ожай жүргізген «Жансусар» бағдарламасында айтқан естелігі бар, Аягүл бізге дүниені сырттай бақылаушы емес, оны жүрегімен қабылдайтын адам ретінде көрінеді. Дүниені қатты сезінбеген адам оның әділетсіздігіне де қатты қиналмайды ғой, ал Аягүл Мантайдың қайғысы дүниені тым терең сезінуінде жатқандай.
Негізі, осы «Уақыттың көз жасы» өмірді қайта сүюге қалай оралуға болатыны туралы шығарма еді… бірақ, автордың өзі оралмады…
«Жүрекке оралу»
«Қаламгер» баспасы, редакторы Айжан Табарак өзі жүріп, Аягүлдің барында «Жүрекке оралу» деген кітап шығарды. Атауына қараңызшы, магиясы бар, ол Аягүл Мантай прозасындағы бүкіл қозғалысты береді. Адам қанша адасса да, қанша шаршаса да, қанша рет өзінен қашса да, соңында қайтадан жүрегіне оралуы керек.
Мұнда да Аягүл Мантай кейіпкерінің өлімге, өзіне қол жұмсаған адамдарға, өмірден баз кешкен ұлы тұлғаларға деген көзқарасын әдейі күрделі береді. Ол оларды бірден айыптамайды. «О дүниедегі емтиханда қазылар алқасының мүшесі емеспін» деген ойы арқылы адамның тағдырын соңғы үкіммен бағалауға болмайтынын көрсетеді. Себебі тірі адамның өзі кейде өз жанындағы қараңғылықтың себебін түсіне алмаса, онда сырттағы адам оның шешіміне қалай төрелік айта алады? Бірақ осы жерде өте нәзік қайшылық бар. Кейіпкер өлім туралы көп ойлайды, алайда оның бүкіл әңгімесі өмірге деген орасан зор сезімге толы. Мейірім жайлы толғанатын, адамның мінезіне үңілетін, Андерсенді еске алатын, мысықтарды тамақтандырып жүрген кемпірдің жүзінен тыныштық іздейтін, балалық шағын есіне алып отырып, қарағашты, теректерді де сағынатын, өзінің сүйген адамын қиялында сақтайтын (ол адамға емес, өзінің қиялына ғашық) оның әрбір деталі өмірге жабысып тұрған адамның жан дүниесін көрсетеді.
Сенбесеңіз, өзіңіз қайта бір оқып көріңіз. «Жүрекке оралуда» Санаттың сөзіне тереңірек қарасақ, кейіпкер қиялындағы адамды үйшікте ұстап отыр. Онда кейіпкердің өзі бар, арманы, идеалы, махаббат туралы түсінігі, жалғыздығы, ешкімге бергісі келмейтін ішкі әлемі бар, бірақ әлгі адамның өзі жоқ… «Оны қиялыңдағы үйшіктен шығар» деген сөз, шын мәнінде, «өзіңді өзің жасаған психологиялық тұтқыннан шығар» деген сөз. Шынында да, адам өзінің сезімін, қиялын, арманын, ренішін, намысын, махаббатын қорғаймын деп жүріп, солардың тұтқынына айналған. «Мен оны жақсы көремін» дегеннің өзі кейде «мен өзім жасаған оның бейнесін жақсы көремін» дегені, ол нақты адамды емес, өзінің санасында жасаған идеалды образды жақсы көреді, содан да сүйген адамымен кездескісі келмейді. Өйткені шынайы адам қиялдағы адамға сәйкес келмеуі мүмкін ғой. Бұл жерде қиялы оның құтқарушысы сияқты.
«Қарғыс»
Кезінде сонау тоқсаныншы жылдардағы жасөспірімдердің психологиясын, дүниетанымын беретін «Қара гүл», «Бөрте», «Депрессия» деген әңгімелерін оқығаннан бастап, Аягүл Мантайдың сыртқы оқиғадан гөрі адамның ішкі әлеміне көп үңілетін жазушы екенін шама-шарқымызша түсінген де едік. Сізге айтайын, «Аягүл Мантай соңғы жазғандарында суицид туралы айтады» деп түсіндіру оның әңгімелерінің ең терең қабатын ашпайды, себебі ондағы кейбір ойлар өмірден бас тартудың эстетикасы емес, адамның өмірдің мәнін жоғалтып ала жаздап, қайтадан өмірдің құндылығын түсіну шегі ретінде алынған. Осы ойыма жіп байлау үшін «Қарғыс» әңгімесіне тоқталайын.
Александраның отбасындағы тылсым жағдайлар қарғыстан сияқты көрінеді. Атасының бір қыздың обалына қалуы, кейін оның қыздарының психологиялық күйзеліске ұшырауы, әкесінің осыны қарғыспен байланыстыруы оқиғаны мистикалық арнаға бұрады. Бірақ бұндағы адамның жасаған күнәсінің келесі ұрпақтың санасында өмір сүруі, ұрпақтан ұрпаққа берілетін қорқыныш, «біздің отбасымызға қарғыс тиген» деп сену, болашақты алдын ала қайғылы, қасіретті болады-ау деп қабылдау, біреудің күнәсі үшін әлі дүниеге келмеген адамның өзін кінәлі сезінуі – міне, осы нәрселер қарғыстың өзінен асып кетіп тұр.
Александра қырыққа толған жоқ, бірақ өзінің болашағынан алдын ала қорқады. Яғни ол болмаған тағдырдың азабын қазірден бастап тартып жүр. Ол әлі жынданған жоқ, бірақ «түптің түбінде мен де жынданып кетемін» деген ой оның бүгінгі өмірін улайтын сыңайлы. Сондықтан «қарғыс» адамның тағдырынан бұрын оның санасына түседі. Александраның суицидке баруы осы қорқыныштың шегі. «Бір күні жанымды жегідей жеген ойдан арылғым келді» дейді. Шындығында, ол өмірдің өзінен емес, өзінің басындағы ауыр ойлардан құтылғысы келеді. Отбасылық трагедия, өз өміріндегі сәтсіздіктер, болашақтан қорқу, «қарғыс» туралы ойлары оның санасын тұйық шеңберге айналдырған. Оның өлімге ұмтылысының түбінде өмірге деген өшпенділік емес, азаптың тоқтағанын қалау жатқанын түсінуге болады. Александра дәрі ішеді, ұйқыға кетіп бара жатады, сол кезде: «Өзіңді өлтірме!» деген дауыстарды естиді. Мұнда автор өте қызық әдеби тәсіл қолданған. Біз оның шынымен арғы дүниеден келген дауыстарды естігенін нақты біле алмаймыз, бұл түс те болуы мүмкін, сананың соңғы қарсылығы болуы да мүмкін, өмір сүру инстинктінің оянуы болуы да мүмкін, діни тұрғыдан қарағанда, Құдайдың ескертуі ретінде де қабылдауға болады. Өйткені Александраның «ыржиып күліп тұрған құбыжық бейнесіндегі ібілісті» көруі оның діни дүниетанымымен байланысты екені анық. Біресе ол Александраның бойындағы қорқыныштың, үмітсіздіктің, өз тағдырын алдын ала қараңғы деп қабылдаудың бейнесі сияқты. Бірақ соңында Александра өлімнен кейін өмір туралы басқа түсінікке келеді, өлімге жақындаған кезде өмірдің құнын түсінеді. Басында ол: «Біздің отбасымызға қарғыс тиген» десе, кейін: «Өзіне қол жұмсап өлген адамдар арғы дүниеде азап шегеді», өмір қандай қиын болса да, оны тағдырдың сыйы деп қабылдау керек» дейді. Хостелге қайтып келе жатқанда Александраның саябақтағы жұпар шашып тұрған раушан гүлдеріне тамсанатын жері бар еді ғой, бұл күшті деталь, демек, оның басындағы жағдай сейілмесе де, өмірдің ішінде әлі де сұлулық бар екенін көрсетеді.
Ол бір кезде Фейсбукте жай пост емес, пост емес кәдімгі салмақты мақала жазып, әсіресе, өз еркімен өмірден кеткен ұлы қаламгерлер туралы қайта-қайта оралып отырды. Бұл жерде тақырыпқа қызығушылықты жай ғана танымдық ізденіс деп қабылдау жеткіліксіз сияқты. Меніңше, Аягүл осы тақырыпқа қайта-қайта бару арқылы адамды осындай шешімге не әкелетінін түсінуге тырысқан, мысалы, «өмірдің мәнін іздеген, үлкен ой айтқан адамдардың өзі неге түңіледі» деген сұраққа жауап іздеген сияқты.
Аягүл Мантай суицид жасаған адамды жай ғана «күнәһар» деп айыптамайды. Сонымен бірге «Өзіміздің адам өлтіруші екенімізді, оның сондай қадамға баруына мәжбүр еткенімізді мойындағымыз келмейді» деп суицидті жеке адамның ғана трагедиясы ретінде қарамайды, оның артында қоғамның сөзі, адамның біреудің тағдырын талқылауы, айыптауы, қорлауы, моральдық қысым жасауы болуы мүмкін екенін көрсетеді. Яғни «Неге ол өзін өлтірді?» деген сұрақтың алдында: «Біз оған қалай өмір сүргіздік?» деген сұрақ тұруы керек.
Адам біреудің өмірін сыртынан талқылайды, тағдырын сынайды, өзін ақылды, моралң дұрыс адам ретінде сезінеді. Бірақ өзінің сөзінің басқа адамның жанын қалай жаралап жатқанын ойламайды. Автордың бұл шығармасы суицидті тек жеке психологиялық проблема емес, адамдар арасындағы мейірім мен жауапкершілік мәселесі ретінде көтеріп отыр. Асықпай, мән беріп оқысақ, «Қарғыста» сұрақ көп: «Адам неге өмір сүргісі келмей қалады?» «Оны өмірден не алыстатады?» «Адамның үмітін кім өлтіреді?» «Тағдырға сену адамды әлсірете ме, әлде күшейте ме?» «Адам өзіне-өзі үкім шығаруға хақылы ма?» Автор осы сұрақтарды қоя отырып, өмірдің құнын өлімнің шекарасы арқылы зерттегендей көрінеді.
***
Осы мақаланы жазарда Аягүлдің парақшасын қарап шыққанымда мынадай ойын оқыдым. Бәріміз білетін, күн сайын қозғалып жүрген әңгіме десек те, бұл жолдардан Аягүлдің жан айқайын көрдім.
«…Білімді, мәдениетті, қоғамының жақсы жаққа өзгергенін қалайтын адам өз еліндегі саяси жүйеге көңілі толмаса, хаосты сезінсе, өзінің туған жерінде өзін бөтен сезінсе, айдалаға кетіп қалғысы келеді. «Қашқанша неге қоғамын өзгертпейді?» дерсіз? Өз қоғамын шын өзгерткісі келетін, ары мен ұятының тұтқынына айналған әр адам шамасы келгенше күреседі. Қоғамы оның білімін, талантын, потенциалын қажет етпей, қоқысқа лақтыра салғанда, ол өзін-өзі құтқарғысы келеді. Бұл – табиғи заңдылық. Өз еліңде өзіңді бөтен сезіну сезімі – өте ауыр сезім… қорқынышты сезім… Өз елінде өзін бөтен сезініп, қоғамына қажет болмай, депрессияға түсіп, өзін құтқара алмай, қаншама талант өзіне қол жұмсап өлген…
…Қаншама «алтын бастарымыз» шетел асты. Оларды өз елін шексіз сүймейді, патриот емес деп кім айтты? Олардың патриоттығы тілінде емес, жүрегінде! Себебі, олар интеллектуалдар. Елге оралса, оларды «қалыпқа салғысы келіп» басып-жаншып тастайды. Бәлкім, олардың сыртта жүргені де бір жағынан жақсы шығар..» депті ол.
Қазақ қоғамы – хаос. Біздің қоғамның о баста сыртқа шыққан жарасы ішке түсіп кетті. Ішке түскен жараның оңайлықпен жазылмасын бәріміз де білеміз. Бірақ ол – біздің ғана қоғамымыз. Оның диагнозын өзіміз ғана білеміз. Мәселе: сырқат қоғамды қалай емдейміз? Рухани құлдырауға ұшыраған қоғамымызды ауруынан қайтсек айықтыра аламыз? Парақорлыққа, жемқорлыққа батқан жүйе өзгермей, ештеңе өзгермейді..»
