Қатал қыстың уысынан босап, көктемнің уыз нұрына жеткенде елдің арқасы кеңіп, күллі дүниенің дүр сілкінетіні бар. Жаңа өмір басталып, жасампаз әлем ештеңе болмағандай әп-сәтте құлпырып шыға келеді. Көктегі күн елжіреп, жердегі жан жадырасар, қырдағы мал жамырасар шақ. Күн мен түн теңелетін, бар жаратылыс жасанып, қуанышқа, ырысқа кенелетін осы бір мезгілде асқақ Алатаудың бауырында өскен жауқазындай жарық дүниеге Тұманбай аға келген екен. Шыр еткен сәбидің үні өлең боп өрілгенге ұқсайды. Ана сүтімен бойына табиғаттың бар мейірімін сіңірген талант балалығы соғыс жылдарына тап келіп жетімдікпен тағдырдың бар теперішін көрсе де сол таза, сол мөлдір қалпынан айнымады. Ақын жасынан жасандылық пен жалған пәлсапаға бармай өзінің кешкен тағдырын, жүрек жарлығын ақ қағазға түсірді. Көптің көңілін көктем шуағымен әлдиледі. Таңның аппақ нұрына бояды. Ізгіліктің, адалдықтың, мөлдір махаббаттың жарқын жыршысына айналды. М. Әуезовтың батасын алып, әлемге кең құшағын ашты. Елмен бірге еңсесін қайғы езсе де есін ерте жиып, үкілеген үмітті жырларымен жарқын өмірге жетеледі. Қазақ поэзиясын жаңа бір биікке көтеріп, нәзік иірімі мол қайталанбас өлең өрнегін салды. Тұмағаңның жырымен қалықтап «қанатына көктемді ілестіріп қайтқан қаздар», «көктемді қанатына қондырып» қайтадан туған жеріне оралып жатты.
Сірә, жазған дүниеңнің, жазылған тағдырыңмен тылсым байланысы бар-ау... Тұма жырына сүйінген халқы Тұманбайын алақанына салып аялады. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында әдебиетке келген буынның алды болды. Көктемді, мәңгілік жастықты жырлап «махаббат ақыны» атанды. Сүйген сыңарын іздеген ынтық жүректерге оның жырлары сезім тұмарына айналды. Махаббатты жырлауы да ешкімге ұқсамады. Ақынның даралығы осында болса керек.
«Көктем таңы», «Жиырма бесінші көктем», «Қош, көктем» атты жинақтарынан-ақ ақынның көктемге ерекше ғашықтығын аңдаймыз. Бір өлеңінде:
Кімсің сен сонша мені мазалаған.
Бейнең бір секілденді жазалы адам.
Кәдімгі көктембісің қайта оралып,
Көңілімнің кетпес шаңын тазалаған.
Тұманбайдың жырлары көңілдің күнін жайнатып, тоңған жүректі жылытады. Үзілген үмітті жалғайды. Сеніміңді жоғалтудан сақтап, асыл арманға асықтырады. Сылдырап аққан күміс бұлақтай жаныңды тазартады. Зерделі оқырманға ақын жырларының осы қасиеті анық байқалса керек.
Кез-келген жинағына үңілсек те ағынан жарылған жүрек сырын, таза болмысын көреміз. Аңқылдақ ашықтығымен де, нәзік сыршылдығымен де жанымызға жақын. Нені жазса да, төгіле, жеріне жеткізе жырлады.
1957 жылы жарық көрген «Студент дәптері» атты тұңғыш өлеңдер жинағынан бастап 2017 жылы «Ан Арыс» баспасынан шыққан 24 томдық таңдамалы туындыларына дейінгі аралықта ақын жырларынан терең ізденісті, үздіксіз өсуді көреміз. Осы жойқын еңбек оны: бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули және Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтарына жеткізді. Қазақстанның Халық жазушысы атағына ие болды. «Жүректегі жазулар» атты өлеңдер жинағы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Ақын жырлары шынайы тебіреністен туды. Жанына жақын әдемілікті, жарасымдықты жырлады. Адам жанының сұлулығын іздеді. Жыл мезгілдерін жырлай отырып, көңіл-күйімен астастырды.
Арман көп-ау жетпей жүрген жетем деп,
Туған елге қайтсем қарыз өтелмек.
Үйден шығам, үйдей жүкті мойнымнан,
Бүгін тағы түсіріп қайтсам екен деп.
Ешбір жалғаны жоқ, табиғи көрініс. Биік адамгершілік мұраттарды дәріптеп жырлауда бәрінен оза шапты. Жырларымен жүректерге ізгілік дәнін екті. Сондықтан да болар қай кезде де ақын жыры өзекті. Бүгін үшін де, болашақ үшін де құнды мұра. Мұны өзі жақсы білген. Азаматтық ұстанымы да сол.
Адал жанға оқ атпасам деп жүрем,
Ақ жүрегін қанатпасам деп жүрем,
Онсыздағы қасіреті көп өмірде
Қасиетімді жоғалтпасам деп жүрем,
Пайым-парасатымен ертеңгі ұрпақтың керегіне жарасам деген тілек "Айтшы, Алатау" атты өлеңінде анық аңғарылады. Өмір атты сапарда, қайда жүрсең де адамдық қасиетіңді сақтап қалу басты парызым деп білген ақын:
Бүгін дырдай көрінгенмен, күні ертең
Мен сендерге бола алам ба мақтаныш?- деп, өзін-өзі сынға алады. Мойынына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қай өлеңін алсақ та терең ой, нәзік сезім жатады. Көктегі нұрлы күнге, жарық айға, жымыңдаған жұлдыздарға ғашық. Көңілі көктемді, жаны мәңгілік жастықты, махаббатты аңсайды.
Тұманбай ағаны өмірінің соңына қарай Жидебайға, Абай рухына тағзым етіп келген сапарында көрдім. Семей қаласындағы педагогикалық институттың студенті едік. Бір топ шығармашыл жастармен жүздесті. Ақын Жұлдызай Ысқақ екеуміз алдында тебірене өлең оқып, батасын алдық. Сол бір кезеңде Абай атамызға қатысты түрлі қауесет шығарып, бір топтардың қарсылығы жүріп жатқан уақыт еді. Мен «Абайды қорғау» деген өлең оқыдым. Сонда жайсаң аға:
- Ой, қаһарман (аға еркелеткен адамына солай дейді екен), Абай деген көктегі күн ғой, күнді саусақпен жабуға бола ма? -, деп көзін сәл сығырайта күнге қарап жымиып еді...
Міне, бүгін уақыт дәлелдеді. Абай қайда, онымен күрескен топ қайда? Тұмаш ағаның осы бір ауыз сөзі жадымда жатталып қалыпты. Күндей шуақты адамның жанында әңгімесін тыңдаудың өзі қандай ғанибет еді. Бұл ақынның Абай еліне жасаған соңғы сапары болса керек. Өмірден өтер алдында жүрегімен Абайға жүгініп іштей сырласты ма екен, кім білсін? Көңілде тек ыстық сағыныш қана...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.