«Қазақты – қазақ басқара алмайды деген кімдер еді?» деген атпен шыққан мақала қоғамда қызу талқыға түсіп жатқалы біраз болды. Авторы алаштанушы, жазушы, ф.ғ.д Тұрсын Жұртбай. Ғалым «...Егер тарихқа әділ баға бергіміз келсе, 1924-25 жылдары «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деп Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллинді неге айтпаймыз? Аттарын неге атамаймыз? Біреуінің 37 бет, екіншісінің 47 бет хаты бар. Екеуі де Сталиннің қабылдауында болғандар. Содан екі жарым айдан кейін Сталин Голощекинді Қазақстанға жіберді емес пе? Рысқұлов Мәскеуге кетті, Сейфуллин Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметіне алынды. Міне, тапқан пайдалары...» деп жазады. Енді автор айтқан әділдікке жүгіне отырып, алдымен С.Сейфуллинге қатысты тұстарына тоқталайын. Біріншіден, Т.Жұртбай айтқандай, С.Сейфуллин 1924-25 жылдары Сталинге хат жазып, соның арқасында Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметіне алынған жоқ. Ол бұл қызметке үш жыл бұрын 1922 жылы желтоқсанда кіріскен. Екіншіден, Сейфуллинді қызметтен алдыртқан Голощекиннің өзі емес пе? Үшіншіден, Сәкен қызметтен кеткенде орнына Н.Нұрмақов қалды. Неге екені белгісіз, ғалым ол хаттың қай мұрағаттың қай сөресінде тұрғанына сілтеме жасамайды. Мақала соңындағы kaz.365info.kz деген жазуға қарағанда, бұл материалды редакция интернеттен көшіріп баса салған болу керек. Қолдан қолға көшіп жүргенде қателік кетті ме, әлде басқа мәнісі бар ма, әйтеуір бұл мәліметтерде біршама қателіктер бар. Қазақстанның, Омбы, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Қазан архивтерін сан мәрте сүзіп, сәкентануға алпыс жылдан аса ғұмырын арнаған, С.Сейфуллин туралы оннан артық кітап жазған ф.ғ.д., профессор Тұрсынбек Кәкішұлы «Мұрағаттардан Сәкеннің біреуді қаралап жазғаны, болмаса мансап үшін ұлтына қиянат жасағаны жайлы ешқандай мәлімет табылған жоқ. Сәкенді қаралаудың көкесін менің көзім кеткен соң көресіңдер» дейтін. Көкеміз көрегендікпен айтыпты. Тұрсекеңнің «...Көзі тірісінде де, ақталғаннан кейін де Сәкен Сейфуллин төңірегіндегі әңгіме толастаған емес. Бұл оның бақыты да, соры да. Бақытты болатыны - оның мұрасы, іс-әрекеті архивке тапсырылмай, күні бүгінге дейін мемлекеттік-әлеуметтік тірлігімізге араласып жатуында. Ал соры болатыны - ылғи қаңқу сөздің ортасында болатындығы. Ол көлденең көк аттының да, азулы арыстанның да, ештеңеден хабары жоқ наданның да, тұрақсыз кеудемсоқтың да аузында бірде мақталып, бірде датталып жатуында...» деп жазғаны есімізде. (Т.Кәкішев «Халық кеңесі» №143, 28.09.1994 ж)
Мақаладағы жайтқа келер болсақ, бұл баяндау хатта «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деген сөз бен орталықтан адам жіберіңіз деген өтініш мүлде жоқ! Онда Сәкеннің жиырмасыншы жылдары коммунистік партияға өткен «оңшылдар» мен «солшылдар» жайлы көзқарасы мен академияда білімін жетілдіруі туралы жазылған. Ал ол кезеңде мемлекеттік істер төңірегінде партиялар арасында әртүрлі пікірлердің айтылуы заңдылық. Аумалы-төкпелі заманды қойып, қазірдің өзінде саяси партиялар бірін бірі «жерден алып, жерге салып» жатқан жоқ па? Сәкендер советтік идеялармен елді жақсы өмірге жеткізгісі келді. 1917 жыл 2 қарашада большевиктер партиясының шығыстың барлық мұсылман халықтарына үндеу жасап, езілген ұлттарға өзін-өзі билеу құқұғын береміз дегеніне имандай сенді. Олар сол кезде Советтік жүйенің түпкі мақсатын, қанды қақпанын сезді, білді деу қиянат болар. Әрі бұл Сәкен мен Тұрар ғана емес, жарты әлем сенген жүйе болатын. Арыстар армандаған социализм теңдік, бостандық орнаған қоғам болу керек еді. Көксеген социализмге жетуге жоғары жақ еш мүмкіндік бермесе, алғашқы бағыттан ауытқып кетсе, ол арыстардың кінәсі емес қой. Алғашқыда айтылған өкімет басына халық билігін орнатып, халықтың жоғын жоқтаймыз, барлығын тең құқылы қыламыз деген сынды жалынды ұрандар талайды сендірмей қоймады. 1920 жылы Орынбор комитетіне арыз жазған Ахмет Байтұрсынұлы «Азат етілген қазақ халқы дүниежүзілік революция арқасында ғана бақытқа жете алады... Бұл тек коммунистік партияның қолынан келеді» деп түйіндеді. Коммунистік партия күш алып кеткен соң, сол арқылы қазақ мүддесін қорғамақ болып партияға өткен Ахаңдар да, қызыл сұңқарлар да сценарийдің соңын білсе басқаша болар ма еді. Өздері таңдаған жолмен халықты бақытқа кенелтеміз деп мақсат қойған тұлғалар идеялық тартыстар кезінде тартынып қалған жоқ. Совет үкіметіне құлай сеніп, еңбекші таптың жарқын болашағы үшін барын салды. Өзгелер де солай. Идеялар арасында аласапыран айтыс-тартыс жүріп жатты. Сол кезде құр айтысты қойып, қатаң бұйрық беріп, қатал шешімге барған тұлғалар аз ба? Ол жайлы басқа емес Т.Жұртбай ағамның өз аузынан естіген едім. Бірақ солардың арасынан әсіресе Сәкенді бөліп алып, қайта-қайта оққа байлауда не сыр бар? Сталиннің қабылдауында болғандар, хат жазғандар жетерлік. Сәкен қабылдауда болғанда былай депті дейтіндей дерек еш жерде тіркелмеген. Ешқандай айғақ болмаса да, біреудің қолымен «от көсеуді» қалай түсінеміз? Қазіргі күнде хат бірқатар оқырманға таныс болғанымен, нақты түпнұсқаны көрмегендіктен, кейде бұл Мәскеудің әдейі ұйымдастырған құйтырқы әрекеттерінің бірі емес пе екен деген де ой туады.
Аталмыш хат жайлы тарих ғ.д., сәкентанушы, архивтен тың материалдар тауып, ақынды тыңғылықты зерттеген ғалымдардың бірі, «Сакен Сейфуллин – Председатель Совета народных комиссаров Казахстана» кітабының авторы Марат Абсеметов былай дейді:
«Бұл материал белгілі. Кезінде Тұрсынбек аға жазған. Бұл жерде таптық күрестің нәтижелері көрініп тұр. Бірақ Сәкен үзілді-кесілді орыс большевик жағында болды деп айтуға болмайды. Мендешовтың орыс жағына кетіп қалғанын жақтырмай жазған. Әлихан Алаш идеясымен, Мұстафа түрік идеясымен, Сәкен совет идеясымен қазаққа бақыт әкелеміз деді. 70 жыл қазақ оқыды, өнеркәсібі дамыған елге айналды. Жақсы жағы да болды. Ол хатта Сәкеннің сұрағаны Академияда оқу туралы. Ал қазақтан басшы болмасын деген сөз жоқ».
Сәкентанушы, ф.ғ.д. Күләш Ахмет: «Қазақ, қазақ деп шырылдап, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойып, сол жолда құрбан болған Сәкенді, «Қазақстанды қазақ басқара алмайды», - депті деу көп жаланың бірі. Қазақ тілін төменнен емес жоғарыдан бастап қолға алуымыз керек деп, алдымен үкіметті қазақша сөйлеткен Сейфуллин болатын. Сәкеннің аузынан қазаққа қарсы сөз шығу мүмкін емес, ондай сөз еш жерде жоқ».
Осы тұста С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов жайлы бұрынырақ айтылған пікірлерге тоқтала кеткен жөн болар.
«...Жиырмасыншы жылдары Сәкен Қазақстанда Голощекин жүргізген саясатқа ашық қарсы болған адамның бірі. Ол тіпті Голощекиннің қабылдауына бармай кеткен, онымен кездесе қалса теріс айналып кететін болған. Сәкеннің бұл мінезін кек тұтып, «өркөкірек» ақынды жуасытып алу үшін Голощекин оған қарсы мақалалар ұйымдастырып, партиялық тазалаудан өткізген.» («Сәкен туралы жаңа сөз». С.Қирабаев, академик. Қазақ әдебиеті, №38, 23.09.1994ж)
«...Шығыс қайраткерлері ең алдымен отаршылдыққа қарсы шықты. Ол үшін жергілікті ұлт өкілдеріне сенім көрсетуді талап етті. Панисламизм дегенді желеу етіп, оларға ұлтшылдық айдар тағудың ешбір орынсыз екендігін көрсетті. Т.Рысқұлов тобы В.И.Ленинге орыс отаршыларына арқа сүйеген орыс коммунистерімен отаршыл жүйені құртуға болмайды деп санайтындарын жеткізді.
...В.И. Ленин Шығыс көсемі Т.Рысқұловты өзінің кіндік кескен жерінен, елінен жұлып әкетті. Кеңестік шығыс большевизм концепциясын басшылыққа алып, саны көп, нәтижесі ауыр эксперименттер жолына түсті. Қазақ сахарасына Сталиннің қолшоқпары Голощекин келіп, зар жылатты. Елге қиын кезде аға болған, пана болған, дана болған ағартушы, демократ күрескер, ұлы суреткер, жалынды да айбынды халық перзенті С.Сейфуллин дәл сол кезде қуғынға түсті, ұлтшыл атанды.
«Алаш» жетекшілерінің 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі позициясын Тұрар, Сәкен т.б түсінбеді деп кінәлау қиын. Тұрар, Сәкен, Жүсіпбек, Бейімбет дүркірей көтерілген қалың халықпен болды, оның трагедиясын көзімен көрді. Олар отаршылыққа қарсы шыққан қалың елмен болды. Ол большевиктік үгіттің нәтижесі емес еді. Ол атадан балаға мұра болған жол еді. Ал Қазан төңкерісінен кейін Ресей қоғамы екіге бөлініп, екі ұдай атысып, шабысып жатқан уақытта әділдік тек ақтар жағында болды деп айту қиын. Егер Анненков келіп, орыс-қазағын қырып, әйелін қорлап, қызын зорлап, малын тартып қанжығалап жатса, ал «Алаш» осы Каледин мен Колчакпен бірлесіп жатса, Колчактың ажал вагонында отырған Сәкен қалай оларды аялауы керек? Ендеше біз өткенді саралағанда диалектикалық өлшеммен қарағанымыз абзал. Сөз жоқ Алаш ұстанған реформалық бағыт стратегиялық жағынан дұрыс. Оны тарих көрсетті. Бірақ сол дәуір оны дәлелдей алмады...» («Ғасыр қасіретін арқалаған арыстар». М.Қозыбаев, академик. «Егемен Қазақстан», №125 12.08.1994 ж)
«...Сәкенді 1928 жылғы компеске-тәркілеуге, колхоздастыру науқанына, отаршылар үшін жасаған индустриялауға, 1932-33 жылғы аштық салдарына, 1937-38 жылдардағы қазақ зиялыларын құрту науқанына еш араластыра алмаймыз. Сәкен Қазақстан үкіметін басқарған уақытта бірнеше игі істерге мұрындық болды. 1923 жылы «Қазақты қазақ дейік, қатені түзейік» деген айбатты мақала жазып, орыс тарихында, тілінде қырғыз, Киргизия болып келген елдің 1925 жылы Қазақстан аталғаны рас болса, онда Сәкен ұлтжандылығының үлесі жоқ деп кім айта алады? Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу жайында «Еңбекші қазақ» газетіне тоғыз мақала жазғанын, Халком төрағасы ретінде талайларға бұйрық бергенін, КирЦИК–тің шешуші жиналысында тізеге салып орындатқанын кім жоққа шығарар екен?» («Сәкеннің тарихтағы орны хақында». Т.Кәкішев. «Халық кеңесі», №143, 28.09.1994 ж)
«...Сәкен Сейфуллин 1922 жылдың желтоқсанында Үкімет басшысы болып тағайындалғаннан кейін бір ай өтер-өтпесте «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» (15.02.1923) деген ащылығы удай мақала жазады. Сәкен: «Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» дейді. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан қарап, тұмсығын кекірейтіп, пысқырып «киргиз» дейтін болды. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда «ах, ты Палкан, киргиздан да жамансың» дейтін болды. Кеңес өкіметінің өзі ресми түрде қазақ елін Ленин қол қойған құжаттың өзінде «Киргизская республика» деп атады емес пе? Біздің өзімізде де бар, қазақпын дегеннің орнына көбінесе «қырғызбыз» дейміз, әйтпесе «Қызыл Қазақстан» журналы орысша неге «Красный Киргизстан» болуы тиіс? Шовинистік пиғылдан қалыптасқан осындай жағдайға тойтарыс беретін мезгіл келді емес пе деген ойды ортаға салып, бұл біздің әлсіздігімізді көрсетеді. Егер де біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді. Біздің әр қазақ жігіті «киргиз» дегенді тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек» дейді.
...Совнарком басшысы Сәкен Сейфуллиннің батыл араласуымен халық шаруашылығын қалпына келтіру бағытында біраз жұмыстар істелді. Өнеркәсіп саласында елеулі ілгерілеушілік байқалды. Халық шаруашылығының Қазақ орталық кеңесі біраз мекемелерді – «Кожмехтрест», «Илецксоль», «Павлодарсоль», «Ақжалзолото», «Каззолото», «Казахсаксаултрест» және басқа кәсіпорындар біріктірілді. Одақтық маңызы бар өндірістер жұмыс істей бастады. «Эмбанефт», «Алтайказполиметалл», «Атбасцемент» трестері құрылды. Мұнай, алтын, жез, түсті металлдар өндірісі дами түсті. Қазақ жерінде автомобиль, темір жол, әуе қатынасын өркендету ісі қолға алынды. Үкіметтің экономика саласында атқарып жатқан жұмыстарын ақын «Еңбекшіл қазақта» мақала, кейде поэзия түрінде үзбей жариялап тұрды.» (Амантай Кәкен. Сәкен Сейфуллиннің «Егемен Қазақстандағы» қолтаңбасы 19.11.2017 ж Егемен Қазақстан)
«...Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне «быв.пред. Совнаркома Киргизии» (Қазақ Республикасы үкіметінің бұрынғы төрағасы) деп қағазға түскен. Екеуара қандай мәселе қозғалғанын дөп басып айту қиын. Сәуегейлік жасау абырой әпере қоймас.» («Сталиннің қабылдауында болған». Зарқын Тайшыбай, профессоры. 13.04.2016ж Егемен Қазақстан)
Көрнекті ғалымдар нақты айғақтармен Мемлекет және қоғам қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург, публицист, әнші-сазгер, ұлтжанды ұлы суреткер С.Сейфуллиннің тарихтағы орнын осылай көрсетеді. Ақынға арналған көркем шығармалар, ғылыми еңбектер, ұлы тұлғалардың естеліктері қаншама. Осының бәрі халықтың аяулы перзентіне деген махаббатынан туған. Өйткені Сәкен құрметке лайықты тұлға! Дәлелдеу керек болмаса да, қарапайым оқырмандарға түсінікті болу үшін Сәкен Сейфуллин атқарған істерге тағы бір қысқаша тоқтала кетейін. Сәкен 1922 жылы Совнарком кезінде «Алаш» көсемі Ахмет Байтұрсыновты Наркомпросқа төрағалыққа ұсынған, қызметке алған. 1923 жылы Орынборда үкімет мүшелерінің қарсылығына қарамай, «Қазақ халқын бай мен кедейге бөлмей намысын бірдей жыртты, жоғын бірге жоқтады ...», деп айырықша құрметтеп Ахаңның 50 жас мерейтойын өткізіп, «Еңбекші қазақ» газетіне үлкен мақала берген. Іле-шала қарамағындағы Ішкі істер халкомы Әбдрахман Әйтиев, үкімет басшысы Сейфуллин кешегі Алашордашы Байтұрсыновты дәріптеді деп баспасөз бетінде айыптайды. Бірақ Сәкен екінші рет «Степная правда» газетіне «Тағы да Ахаң туралы» деп Ахаңды ұлықтап мақала жазады. Бұл тұңғыш мерейтой, Ахаңның бойындағы көл-көсір білімді ел игілігіне жұмсау мен жастарға үлгі ету мақсатында жасалған шара еді. Сонымен бірге сол жылы 22 қарашада Орталық Атқару комитеті Сәкеннің пәрменімен қазақ тілінде кеңсе істерін жүргізу туралы декрет шығарған. ҚАЗАҚ деген (кейбір үкімет мүшелері қарсы болған) тарихи атымызды қайтаруға орасан зор үлес қосқан. «Архив және мұражай істері туралы» нұсқаулық шығарып, тарихымызға қатысты мәліметтерді сақтап қалған. Сол кезде 28 – ақ жастағы тұңғыш үкімет басшысы іскерлікпен халық шаруашылығының, өнеркәсіп саласы мен экономиканың, әлеуметтік саланың, көптеген жаңа жобалардың ілгерлеуіне тікелей ықпал еткен. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне өңдеу жұмыстарын жүргіздірткен. «Қазақтың 1000 ән-күйін» жинаттырған. Сол еңбегі үшін А.В.Затаевичке «Республиканың халық артисі» деген алғашқы мемлекеттік атақты бергізген. Жер-жерлерден қазақ мектептерін аштырған. 1922-24 жылдары үш мыңдай шәкіртақы тағайындап, қазақ жастарының тегін білім алуына мүмкіндік жасаған. Қазына қаржысының тең жартысын халықты сауаттандыру мақсатында оқу-ағарту ісіне жұмсап отырған. Қанша талапты жасты өз үйінде тұрғызып, оқытып, талай бұлақтың көзін ашқан. «Үкімет басқарған Сәкеннің сөзі мен ісі әрқашан бір жерден шығып отырды. Сол кезде үкімет қаулысымен халық шаруашылығы, мәдениет, денсаулық сақтау, тағы басқа салалар бойынша мемлекет қаржысы есебінен мұғалімдерді, мал дәрігерлерін, зоотехниктерді, ақша-қазына, заң, милиция, әскери қызметкерлерді, салық инспекторларын, т. б. көптеген мамандарды жаппай даярлау ісі қолға алынды. Мәселен, Сәкен басқарған үкімет белгілеген шәкіртақымен Петербургте Әлкей Марғұлан мен Мұхтар Әуезов, ал Томскіде Қаныш Сәтбаевтың білімін толықтырғанын айтсақ та жеткілікті болар». (Амантай Кәкен 19.11.2017 ж. Егемен Қазақстан.) Ұлтжандылығының бір көрінісі, Нарком мүшелерін түгелдей ұлттық кадрлармен алмастырған. Бұл С.Сейфуллиннің Т. Жұртбай меңзеген жылдары жасаған еңбегі ғана. Бұдан кейін мемлекеттік істерден шеттетілген Сәкен жазушылық, ағартушылық қызметке ауысты. Шығармашылықпен айналысты. Ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинады. 1931-35 жылдары «Ескі әдебиет нұсқалары», «Билер дәуірі әдебиеті» жинағын, «Қазақ әдебиеті» оқулық-хрестоматиясын, «Батырлар жыры» жинағын құрастырды. «Ақан сері» өлеңдер жинағын, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастанын, Ы.Алтынсаринның, Ж.Жабаевтың және Ақмола өлеңдер жинағын кітап қылып бастырды. ЖОО - да фольклор жинау экспедициясын ұйымдастырды. 1931-32 жылдары Голощекинге қарсы ашық түрде қызыл үкіметті оңдырмай сынаған «Қызыл ат» поэмасын, «Біздің тұрмыс» драмасын жазады. Аталмыш шығармалары сол кезде-ақ газет-журналдарда жариялана бастады.
«...Үкімет әлде бізді «көрме» деп пе еді?
Саған – «тек көкке заула, өрле» деп пе еді?
Алдаушы белсендіге ерік беріп:
«Малды құрт, тез титықтат, жерле...» деп пе еді? (С.Сейфуллин. «Көкшетау». 267 бет. 1994 ж. Жазушы баспасы.) Дәл сол кезде «Қу жаққа» мұндай соққыны басқа ешкім берген жоқ. Бұл нағыз ерлік еді! Сол үшін Голощекин Сәкенді қанша рет оққа байлады. Кәсіпқой театр өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Қазақстан Жазушылар одағын құрды. 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақтың көркем өнері мен әдебиетінің он күндігінде ұлт мұрасын Одаққа танытуға жанын салғандардың бірегейі болды, көркемдік жағын басқарды. Сәкеннен қолдау көрмеген өнер иелері кемде-кем. Құр сүлдері қалған Мағжанға көмек қолын созды. Басын қанша қауіп - қатерге тіге жүріп, ұлтына қалтықсыз қызмет етті. «Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге біреу ұлтшыл деп айтады» деп қаймықпай сөйлеген Сәкен «енді бір жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіру керек, қазаққа оқу бұрын бір мәрте керек болса, енді мың мәрте керек» деп айқын мақсат қойды. Өлеңдерінде ескіліктің сарыны бар, әрі Алашордашыл деп жиі сыналып, партиялық тазалаудан өтті. Әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесі ұшан теңіз. Ол тек шығармашылықпен айналысқан адам емес. Қым-қуат мемлекеттік істерді атқара жүріп соңына ауқымды әдеби мұра қалдырды. Өлеңдері қазақ поэзиясына жаңа форма әкелді, әндері ұлттың үніне айналды. Қазақ баспасөзінің өркендеуіне зор үлес қосып, «Қазақстан баспасөзі» деген мақаласында ұлттық журналистиканы өркендетуге бағытталған он үш түрлі шараны тәптіштеп көрсетті. Баспа ісін дамытуға атсалысты. Осының бәрі бір адам үшін аз еңбек пе? Айтылмағаны қаншама. Мемлекет болып қалыптасуымызда Сәкен араласпаған, ақынның шапағаты тимеген сала жоқтың қасы. Небәрі қырық үш жасқа дейін қазақ үшін осынша қыруар істер атқарған Сәкенге «қазақты қазақ басқара алмайды деген» деп жала жабу қандай қисынға сияды? Қайран арыс, 43-ақ жыл өмірінде қаншама іс тындырған! Қалай үлгерген? Ал бүгін келіп Сәкен жасаған еңбектің жүзден бірін істемегендер алаш арысын бір сөзбен тарихтан сызып тастағысы келеді. Бір түсінбегенім автор сөзінің соңын «егер де қазақты – қазақ басқара алмайды дегені рас болса, онда ол кісілерге деген құрметім жоғалары анық» деп бітіреді. Сонда қалай, «...рас болса» дегеніне қарағанда, ол кісі өз пікіріне өзі күмәнмен қарай ма? Жалпы жалғыз Сәкен ғана емес, барлық ұлт қайраткерлері жайлы осы тектес дәйексіз әңгімелер, әсіресе әлеуметтік желілерде қаптап кеткен. Ақыр әңгіме басталған екен, Тұрсын ағаммен бірге желіні шулатып жүрген басқаларға да өз ойымды айта кеткенім жөн болар. Арасында ғалымсымақтары бар, ғылымға түкте қатысы жоқтары бар, жалпы тарихи тұлғаларды ойыншық қылып алғандарға қайран қаламын. Кешегі Желтоқсан, Қызылағаш, бүгінгі жер, тіл, дін, офшордағы қаржы т.с.с. өткір мәселелерде үні шықпағандар аруақтармен атысуға келгенде алдыңғы шепте. Парадокс! Жауап бере алмайтындармен айтысу оңай ма, әлде атын шығаруға ұтымды тәсіл ме, аруақ аттайтындар көп-ақ. Өкінішке орай, Сәкенді Сталин, Әлиханды Колчак деп түсінетіндердің сандырағы назарға тез ілігеді. Ол заманда болсам Голощекинді есекке теріс міңгізер едім, әттең, сол замандағылар ұсақ болған ғой дегенге ұқсас пікірлер өріп жүр. Егер қажет болса, ондай «батырлықты» бүгін де сынауға барлық мүмкіндік бар. Айтамын десе бүгінгі күннің ащы шындығы да жетіп жатыр. Басқа халықтар тұлғаларының кемшіліктерін ашық айтады дерсіздер. Бірақ олар кемшілігін айтқанмен, бүкіл еңбегін жоққа шығарып, түкке алғысыз қылып тастамайды. Қазір қазақта келер ұрпақ үлгі тұтатын адам қалды ма? Бәрін қаралап болдық. Тіпті жас ұрпақ қазақ болудан жиренетін жағдайға жеттік. Әділ бағалаудан гөрі трайбализмнің таңбасы басылған «ақиқаттар» басым. Кейде айтулы ғалымдардың өзі көпшілікті адастырып қояды. Тарихшы-ғалымдардың міндеті шындықты айту екенін белгілі. Бірақ еспсіз «шындықтардан» басымыз айналатын болды. Елдің бәрі оқымысты емес. Не оқыса соны ғана дұрыс деп қабылдайды. Себебін, салдарын іздеп жатпайды. Сондықтан оқырманға тек түбегейлі зерттелген дүниелерді ұсынған жөн. Онсыз да қажып жүрген жұрттың ақ қарасын анықтап, архив ақтарып отыратын мүмкіндігі жоқ. Қалайық, қаламайық, солардың соңы аңызға бергісіз Әуезов анандай болыпты, Бөкейханов мынандай болыпты, Сейфуллин сондай екен деген сияқты жел сөздерге ұласып жатыр. Осылардың көбі қысыр есепті сыңаржақ пікірлердің салдарынан туады. Өз басым жастар арасынан «пәлеше қайраткер сатқын, түгеншесі қанішер болыпты ғой» дегенді талай естідім. Ал, ұрпаққа кімді үлгі тұтамыз? Алаштану ғылымын алалау ғылымы деп түсінетіндер көбейген сияқты. Кейде маған тарихшылардың өздері білетін «бомбаның» формуласын жалпақ жұртқа жарияламай-ақ қойғаны жөн болып көрінеді. Себебі ұлттық идеологиясы жоқ біздің елде әзірге бұл «бомбалар» «жарылысқа» ұласып кері әсерін беруде. Онсыз да тілі, діні, рухы әлсіреп кеткен қазақ көп нәрсені қорта бермейді. Мысалы, аса үлкен қайраткер тұлғаның «Өлсек орыспен көріміз бір...» деп келетін пікірі, «Үш жүз» партиясын құрған драматург, публицист, баспагер Көлбай Төгісовтің трагедиясы, «большевиктерді қорғағандарды атыңдар...» деген пәрменді бұйрық секілді көптеген жағдаяттар тарихи шындық болғанымен, дәл қазір соларды айғайлап айтқаннан жараланған рух асқынбаса емделмейді. Бүгінгі көзбен қарағанда қателік, ол кезеңдегі көзқараспен қарағанда қажеттілік болған көптеген шындықтар оба ауруы көмілген қабір секілді. Ол жерде қасырет барын білгенмен, абайлап қозғамаса обаның өлмейтін вирусы сияқты аса қауіпті. Тарихи тұлғаларға қатысты сөйлегенде басқа да жағын ойлап, тек бір жақты сілтей бермей не әділін айтайық, не көрде тыныш жатқызайық. Сөзге арқау болып отырған Тұрсын ағамның мақаласы ма, сұхбаттан үзіндісі ме, әйтеуір бұл да дәл солай. Оқыған адам Тұрар мен Сәкен Сталинге хат жазғаннан басқа ештеңе бітірмеген деп ұғады. Әлеуметтік желілерде ақтардың жауыздығын Әлиханнан, қызылдардың қатыгездігін Сәкеннен көріп шешенситіндер осындай шала тұжырымдарды шала түсініп алғандар. Кірлеп жатқан көсемдер. Әлихан бастаған Алаш Орданың, әлеуметтік-саяси негізі жоқ Кеңес үкіметімен күресу үшін ақтармен қосылуға мәжбүр болғанын күнде айтып жатса да, Әлиханға ұлт көсемі дегенді көп көретіндер бар. Мына бір интернет, әлеуметтік желі дегендер қиын болды. Мұнда ой еркіндігі, сөз бостандығы бары рас, бірақ ақиқаты шамалы, өсек-аяңы көп әлем. Интернеттің заманы туған соң икемделмеске тағы шара жоқ. Қазір кітап, газет-журнал оқитындардан желіде отыратындар жүз есе көп болар. Желідегілердің көпшілігі алаштану мен сәкентанудағы ірі ғалымдардың сүбелі еңбектерін емес, білгіштердің сандырағын ұрандатып отырады. Сөздерінің төркінін іздеп сілтеме жасаған тұсын қопарсаң, көбіне бір ғалымның асығыс айта салған пікіріне барып тіреледі. Содан кейін-ақ жел тұрып, соңы жершілдіктің дауылына, рушылдықтың нөсеріне айналып кете барады. Желіде қараланбаған қазақ қалған жоқ. Қайсысын алсаң да қылмыскер, «халтуршик», халық жауы. Қаңқу сөзден аман қайраткер таппайсың. Кейбір елдер ұрпағын ұлтжанды қылып өсіру үшін ұлыларын қолдан жасап жүр. Бізде керсінше бар дүниесінің өзін жоққа шығарып, ит терісін басына қаптай салады. Тұрар мен Сәкен ғана емес, кез-келген бір тұлға жайлы айта бастасаң, біреу тұрып ол «опасыз» болған дейді ғой деп желіден оқығанын алға тартады. Ол былай болған деп ақиқатын айтсаң, әлгі «зомби» өліп кетсе өз ойынан айнымайды. Өткеннен сабақ алу үшін тек шындықты айтайық дейміз. Бірақ бір нәрсе жайлы айтқан жүз ғалымның жүз түрлі «шындығы» елді ру мен жүзге бөлуге қызмет етіп жатыр. Ғалымдардың бірін бірі мойындауы қиын ба, тоқтау салар ортақ тұжырым болмаған соң айтысамыз да жатамыз. Ел игілігіне айналмаса ғылымнан не пайда, ғалымнан не қайыр? Талай толағай іс тындырған кейбір ағалардың ара тұра арзымайтын «дүмпу» жасайтындары несі екен? Тарихта әркімнің өз орны бар. Тырнақ астындағы кірді апарып арыстарға жағу жетістік болмас. Кейбір мәселелерде аға буын жан-жаққа тартпай, артқы дөңгелекке түзу із салып берсе, ауызбіршіліктің ауылына апарар жол сол болар еді. Тарихқа қатысты тыңғылықты зерттелген қаншама том-том еңбектер бар. Бірақ бұра тартқан бір пікір сол құнды дүниелерді әп-сәтте құнсыздандырып жібереді. Дақпырты желіге жеткен кезде нәтижесі белгілі, жер бетінде ең опасыз ұлт - қазақ болып шығады. Жастардың тәрбиесіне желінің әсері өте күшті екені жасырын емес. Бұл әлемнің тоқсан пайыз «қаһармандарында» жөн сөзге тоқтау деген түсінік жоқ. XXI ғасырдағы ұлтсыздану процесінің қауіпті сипаттарының бірі осындай екенін ұмытпайық.
Жиырмасыншы - отызыншы жылдары бізде сыртқы және ішкі факторлардың әсері өте күшті болғаны баршаға аян. Орталық шекарамызды белгілеуге мүмкіндік бергенмен, қазақтың табағынан тегін ас ішіп отыруды күн тәртібінен алған жоқ. Отар елде білікті басшы болу қазақтың өзге республикалармен салыстырғанда әлдеқайда үлкен, майлы табағынан құр қалумен бірдей еді. Сондықтан кезең-кезеңімен саясат сахнасынан Әлихан, Тұрар, Сәкен сынды көптеген серкелер ығыстырылып, орталыққа ыңғайлы «ләппайшылдар» билік сатысына көтерілді. Сталиннің басты қарсыластарына бүйрегі бұрғандар диктатордың қаһарына ілікті. Қудаланды. Қысымға көсемдер төзгенімен, «көшерлер» төзе алмады. Табаны бүрсіздердің тайғанақтығы орталықтың пайдасына шешілді. Жан сауғалаймын деп «жансызға» айналып кеткендер серкелердің соңына түсті. Жеке басқа табынушылардың кесірі жалпыға тиді. Халықтың да саяси сауаты көтерілмеген кез. Орталық ойындағысын істеп отқа май құя берді. «Алаш» қайраткерлері жаппай қудаланып, ниеттес болғаны үшін Сәкеннің де басы саудаға түсті. Осындай төрт тараптан үзбей дауыл соққан аласапыран кезеңге бүгін оп-оңай төрелік айтып, бар кінәні бір-екі адамға арта салу – барып тұрған әділетсіздік! Осы тұрғыда дау тудырған хат жайлы бірінші рет айтылып жатқан жоқ. Сөз басында айтылғандай, мұнда жиырмасыншы жылдары коммунистік партияға өткен «оңшылар» жайлы Сәкеннің ащылау пікірі бар. Бірақ мына адамдарды атып тастайық, болмаса қалай да Голощекин сынды біреуді жіберіңіз деп, Сталиннен қазаққа басшы сұраған жері мүлде жоқ. Оны өзгертіп алып, байбалам салып жүрген кейінгілер. Сөзге іліктірген тұстары себепсіз емес шығар. Бәлкім, Сәкен кеше ғана ақтармен одақтас болған адамдардың кейбіреуіне әлі де сене алмаған болар. Бәлкім, өзінің үстінен жазылған домалақ арыздар сене алмауына себеп болған шығар? Бұл қалыптасу кезеңі екенін ескерсек, бәрі де мүмкін. Сәкен үкімет басында отырған жылдар қазаққа жайсыз болған жоқ. Аштық салдары жойылып экономика ілгерлей түсті. Солай бола тұра, екі жылда қыруар істер атқарған Совнаркомды орнынан кетіруге кімдер мүдделі болды? Ауыз біршілігі жоқ саяси элита жабылып қызметтен кетірмесе мүмкін Голощекин келер ме еді, келмес пе еді. Дегенмен, сәуегейлік жасағаннан гөрі мына жағдай әлдеқайда көңілге қонымды. Аштықты қолдан жасап, қанша миллион адамды қырғынға ұшыратқан Голощекиннің Қазақстаннан тыныш кетіп, Мәскеуде қайтадан жоғары қызметке орналасуы күдік тудырмай қоймайды. Ең ауыр жазаға лайық адамның аман кетуін Сталиннің арнайы сценарийлерінің бірі демеске лажың қайсы. Соны біле тұра, «қу жақты» ақтап, күнәсін кінәсіздерге аударамыз. Кім не десе де, бұл геноцид - орман жұртының қазақ жерін орысқа босату саясатының сәтті орындалған бір тармағы болған.
Шындығында Сәкен Сейфуллинді қудалау сол жиырмасыншы жылдардан басталған. Өкінішке орай, оның әр жазған шығармасын өлермендікпен сынап, «күні кешеге дейін ұлтшылдықты, ақсүйектікті жырлады» деп шуылдағандар қазақтан шыққан белгілі тұлғалар. Ол сындарын ВКП(б) Орталық Комитетінің өкілі Е. Ярославскийдің қолына тигізіп, Сәкенді ұлтшылдықпен ауырған коммунист дегізіп, күдікке ілінуіне себепкер болған да қазақтар. Ол айыптауды жиі еске алып, мақалаларында көсілте жазып, Ф. Березовскийдің 1936 жылы Минскіде өткен жазушылардың I пленумында Сейфуллинді қаралауына мәлімет берген де өзіміздің ағайындар. Ақыры 1937 жылы шілденің 28-інде «Қазақ әдебиетінде» газетінде «Авербахшылдықтың қалдығын жою керек» деп мақала жазып, 16 қыркүйекте «Казахстанская правда» газетінде «Выкорчевать национал-фашистскую мразь из Союза писателей Казахстана» деген мақалада Сәкен Сейфуллинді «ол – ұлтшыл, алашордашылармен ауыз жаласқан, қоғамға жат элемент» деп, ақиық ақынды 24 қыркүйекте ұстатып жіберген де өз қандастары. Қабірі қайда қалғаны белгісіз азаматтың асылын қазіргі күнде жанталасып жарыса қорлап жүргендер де қазақтар. Біз өзі қандай ұлтпыз? Тарихтан сабақ алса, қазақ алса керек еді...
Бір кездері, Сәкен көп адамды қаралап жазыпты, оны бір жазушы бір жазушының үйінен көріпті, бірақ ол қағаз сақталмапты деген ешқандай дәлелсіз «жаптым жала, жақтым күйені» де естігенбіз. Егер рас болса, ол арыз үш әріптің мұрағатында жатса керек еді, бірақ ол бір жазушының қолында жүріпті мыс. Әлде ол жазушы НКВД – ның жансызы болған ба? Осы жайлы сұрағанымда Тұрсынбек аға, Сәкендер ұсталғаннан кейін ертесінде-ақ «халық жауларының» отбасын қуып шығып, үйіне кіріп алған жазушылар болған. Кейін олар ақтала бастағанда, сол әсіре белсенділер өздерін ақтап алу үшін қай-қайдағыны ойлап тапқан деген болатын. Ұлттық мұрағатты жеті жыл басқарып, әр сөредегі әр құжатты жатқа білетін М.Абсеметов те, Кәкішұлы айтқандай, Сәкеннің біреудің үстінен арыз жазғаны жайлы архивте ешқандай мәлімет жоқ екенін айтады. Ал «Тар жол тайғақ кешу» мемуарлық романын алға тартатындарға айтарым, жақында романның түпнұсқасы жайлы үлкен мақала жарыққа шығады. Авторын сөзге қалдырған әйгілі шығарма авторды ақтап шығатынына сенімдімін. Сынаушылар мұнымен де тоқтай қоймас. Кеше ғана өзі коммунистік партия қатарында болғандардың біразы Сәкен мен Тұрардан басқа ешкім коммунист болмағандай өзеурейтіні белгілі. Рысқұловтың жайына келсек, ел сыртынан сөйлеуге қаймығатын шақта Сталинге қазақ халқын ашаршылыққа ұшыратқанын айтып, тайсалмай хат жазған теңдессіз ерлігін қалай ұмытамыз? Басын басқа емес қазақ үшін бәйгеге тікті емес пе? Енді коммунистік партияда болған деп қана кеудесінен итереміз бе...
Жетпіс жылдық Кеңестік кезеңді жаппай мансұқтап жатырмыз, десек те, қазақтың ұтқан тұстары аз болған жоқ. Ең бастысы Кеңес үкіметі автономиялық республика болуымызға мүмкіндік берген кезде белгіленген шекараның негізінде Тәуелсіз Қазақстанның шекарасын бекіттік. (Шекараң болмаса шірену қайда) Біраз өңірлерді картаға кіргізе алмай қалсақ та, арыстарымыздың жанкештілігінің арқасында осы бір ұлы істі Кеңес тұсында жүзеге асырдық. «Мың өлдік, мың тірілдік», тарих солай шешті.
Өз басым Сейфоллаұлы мінсіз болған деуден аулақпын. Кез-келген пендеге тән кемшіліктері болған шығар, бірақ күстаналайтындай ауыр күнә жасамағанын айтқан көрнекті ғалымдардың пікірін келтірдім. Жүсіпбек Елебеков «Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, М.Әуезов бастаған топ Сәкеннің үйінде жиі бас қосатын, мені шақырып ән салдыратын», - дейтін деп, Қазақстанның Халық артисі Қ.Байбосынов үнемі айтып отырады. Сәкеннің ұлының атын Аян деп М.Әуезов қойған. Әлімхан Ермеков «Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізге қарағанда әлдеқайда ұлтшыл еді» дейді екен. Сәкенді орнынан алған кезде Ахаң да өз еркімен қызметінен кеткен деседі. Бір-біріне деген құрметті осыдан-ақ байқауға болар. Олардың сыйластығын жоққа шығарып, жауластырып жүрген кейінгілер. Биыл қазақтың тұңғыш-демократиялық Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл, Сталиндік жаппай қуғын-сүргін зұлматына 80 жыл. Қазақ елінің болашағы үшін күрескендер, құрбан болғандар, бәрі қазақтың сүт бетіне шығар қаймақтары. Таптық күрес кезінде айтқан артық-кем тұстары болғанымен, бәрінің мұраты елді бақытқа жеткізу болды. Қайраткерлердің қай-қайсысы болмасын жеке мүддесі үшін емес, ұлтын сүйгені үшін атылып кеткені анық. Ұлтым деген адам орталыққа жаққан емес. Солардың бірі Сәкен Сейфуллин. Ол оқтаулы мылтықтың аузында тұрса да, жан сауғалап елден қашқан жоқ. Елі үшін туды, еліне қызмет етті, елі үшін құрбан болды. Жайлы орын іздесе табар еді ғой. Ендеше туған ел алдындағы парызын еңбегімен, қанымен өтеп кеткен жандарға екінші рет жала жауып, оқ атардай не көрінді? Білгеннің жөні осы екен деп, көр басында кезек-кезек үкім шығарғаннан, құлпытасқа қайта-қайта саңғығаннан не табамыз? Сол заманда өмір сүрсе кімнің қалай сайрап жүрерін кім білсін. Оларға мін тағарда өзім не бітірдім деп бір сәт ойлап қойған артық болмас-ау. Әу бастан «зияндыларды» тазалауды жоспарлаған Сталиннің екі қазақ хат жазды екен деп (сондай мағынада болса бір сірә), амалсыз Голощекинді жіберді деу қай сасқанымыз? 1923 жылы РКП(б)-ның XII съезінде барлық күш-жігерді жергілікті ұлтшылдықпен күресуге бағыттау қажет деген ұсынысын өткізе алмаған Сталин, кейін бар билік өзіне тиген кезде Голощекин сынды жендеттерін іске қосты. Ол оның ежелгі жоспары, оқшантайда сақтаған оғы болатын. 1937-38 жылдары КСРО бойынша тәулігіне орта есеппен 1200-1300 адамды атқызып отырған дүлей диктатор біреуді тыңдай қояр. Қалай болғанда да, орталық қазаққа отаршылдықтың шеңберін сызып қойған. Қазақ тұрмақ өз ұлтын, өз жақын - жуықтарына дейін қырғынға ұшыратқан Сталиннің қанқұмар болмысы «Тазалау» бұйрығына дейін де қан ішпесе тұра алмаған. Кейбір ғалымдардың айтуынша өмірінде 55 миллиондай адамның ажалына себепкер болған тиранды есі дұрыс адам ақтай қоймас. Енді келіп қазақтың ғана емес, адамзаттың маңдайдағы соры болған бас жендеттің қаныпезерлігін қос арыстан көріп, әрі екеуін Голощекинмен сыбайлас қылғымыз келеді. Иә, шаш ал десе бас алатын белсенділер, сатқындар біздің саяси элитада аз болмаған. Бірақ олардың қатарына ұлы істер атқарып, ұлты үшін құрбан болған Сәкендерді қоса алмаспыз. Бұл менің Тұрсынбек Кәкішев сынды ғұлама ғалымдардың еңбектерімен жақсы таныс болғандықтан жасаған тұжырымым. Ал Сәкенді Кәкішевтен артық білемін дегендер болса, мархабат, дәлелдесін. Егер Т.Рысқұлов жайлы азырақ айтып жатсам, бұл тұлға туралы жалпылама білетін менен гөрі, тұрартанушылар сөйлегені жөн болар дегенім.
Құрметті менің Тұрсын ағам! Сіздің еңбектеріңізбен 1980 жылдардан бері, өзіңізбен 1992 жылдан бері таныспын. Талай қасыңызға ердім, дәмдес болдым. Мен келтірген деректерді Сіз мен тумай тұрып та білген боларсыз. Өнер саласында жүрген мен тұрмақ, қазіргі күнде өзіңізбен сөз таластырар ғалым кемде-кем. Алаштанушылардың алдысыз. Дегенмен, ол хатта Қазақстанды қазақ басқара алмайды деген сөздің мүлде жоқ екенін біле тұра, «жаңалық» ашқаныңызға қайранмын. Жоғарыда ірі ғалымдардың, академиктердің айғақты деректерін, пікірлерін қоса жаздым. Олардікі білместіктен айтылған десеңіз тағы өз еркіңізде. Осы уақытқа дейін жауап беретін тиісті орындар бар ғой деп күткенмін. Бірақ біраз оқырман көрнекті ғалым айтқан соң ақиқат деп ойласа керек, күн өткен сайын Сәкен солай депті, Тұрар бұлай депті деген берекесіз әңгіме «отыз рулы елге» тарап кетті. Ал, өшіріп көріңіз.
Мен бұл жолғы мәлімдемеңізді «жаңылмайтын жақ болмайдыға» баладым. Сізбен бірге осы мағыналас сөз саптайтын басқаларға да айтар уәжімді қағазға түсірдім. Қалғаны оқырмандардың құзырында.
«Тарихи тұлғалардың тағдырын парықтағанда олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуі тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы» деп Ақселеу ағамыздың айтқаны әрі әділ, әрі ел берекесіне негізделген нағыз парасатты пікір екен ғой.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.