Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Арзу» – интеллектуалды деңгейде жазылған роман...

«Арзу» – интеллектуалды деңгейде жазылған роман

24.11.2025

3747

«Арзу» – интеллектуалды деңгейде жазылған роман - adebiportal.kz

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Арзу» романы мен «Жалғыз жолаушы» атты хикаяттар мен әңгімелер жинақтарының таныстырылымы өтті. 

Бірі «Arna-b» баспасынан, екіншісі «Атамұра» баспасынан биыл жарық көрген қос кітапта қалың көпшілікке арналған. 

«Арзу» романында қазақ елінің қазіргі жай-күйі, ғарышты игеруі, жеріміздегі сирек металл мен дейтерий суы, оған қатысты әлемдік алпауыттардың тойымсыз пиғылы, діни наным-сенімнің етек алуы сияқты мәселелер қамтылады. 

Ал туындының атауындағы «Арзу» сөзі парсы тілінен енген. Мағынасы арман-тілек, қалау-ниет, құштарлық дегенді білдіреді. Адамның жан дүниесіндегі аңсар мен сағынышты меңзейтін поэтикалық мәні де бар.

Автордың «Жалғыз  жолаушы» кітабына бірнеше хикаяттар мен әңгімелер топтастырылған. «Мәңгілік формуласы», «Жалғыз жолаушы», «Жаңа туған ай», «Баланың ісі», «Кермек дәм», «Бойжеткен», «Құрсау» секілді шығармаларында кейіпкерлердің сан қырлы тағдыры баян етіліп, бүгінгі күннің бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі шебер суреттелген. Әңгіме кейіпкерлері өмірдің сан түрлі сынағынан өтіп, өз жолын табуға ұмтылады. 

Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің кавалері Әділбек Ыбырайымұлының қос кітабының таныстырылымына келген қаламгерлер мен ғалымдар өз естеліктерімен жазушының қаламынан туған бұған дейінгі кітаптары туралы да өз пікірлерін білдірді.  

Кітаптың таныстырылымын белгілі ақын, Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырып, «Әділбек қазаққа, ең әуелі, тамаша ақын ретінде танылды. Кейін проза жанрында да өнімді, көлемді дүниелер жазып, қос жанрды қатар алып жүрген қаламгерге айналды. Өткен жылы «Семсер жүзіндегі серт» кітабымен мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Бүгін де соңғы жылдары жазған екі бірдей кітабын қаламгерлер талқысына ұсынып отыр. Сондықтан Әділбек Ыбырайымұлының жалпы шығармашылығы мен бүгін таныстырып отырған қос кітап туралы пікір білдірсеңіздер», деп жиналған қаламгер қауымға сөз кезегін ұсынды.

«Мен әдеби сыншы емеспін, сондықтан кітаптың көркемдігі, жазу шеберлігі, тілі туралы өз саласының мамандары айтар. Мен тек Ұлттық ғылым академиясының академигі ретінде, бір топ ғалымдардың атынан бір ауыз пікір білдіргім келіп отыр. Әділбек Ыбырайымұлы мына көркем туындысы арқылы ғылымды дәріптеп отыр. Сонысымен де салмақты дүние деп айтар едім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғылым мен білімді екінші орынға қойған ел ешқашан бірінші орынға көтеріле алмайды» дегенді айтқан еді. Әділбек те «Арзу» романында өзінің әдеби кейіпкері арқылы қазіргі ғылымдағы біраз мәселені көтеріпті. Күнделікті қолданып жүрген суымыздың өзі ертең үлкен қаруға айналуы мүмкін екенінен бастап, қазба байлығымызда өте сирек кездесетін металл туралы, оны қайда, қалай қолданылатыны туралы айтып отырғанда Әділбекті ақын-жазушы емес, ғалым екен деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Себебі кәнігі ғалымдарша бәрін дәл айтады. Сондықтан бұл кітапты жүрген жерде айтып, насихаттап жүрген дұрыс», - дейді академик Кәрімбек Арыстанбекұлы.

Жазушы Жанат Елшібек қаламдас інісі Әділбек Ыбырайымұлының шығармашылығы, оны журналистикадағы және поэзиядағы орны мен еңбегі туралы толымды пікір айтты.  

«Сексенінші жылдардың соңында «Лениншіл жастың» бетінен алдаспандай жарқ етіп көрінген Әділбектің аты-жөнін оқи бастадық. Университет қабырғасында-ақ екі жанрда бірдей қалам тербеп жүрген балғын қалам иесін «Лениншіл жастың» шаңырағына өзім іздеп барып таныстым. Жазу-сызудың қилы-қилы соқпағында талай өткелекті белестерін бастан кешірген талантты бауырымның шығармашылық жолы менің көз алдымда. Тосын да тың ойларымен әрдайым дараланып жүр. Тіпті, талай рет ол туралы қалам тартуға оқталғаным рас. Көптің ықыласын аударған трилогиясы төңірегінде ағалық пікірімді білдіруге соншалық құлшынғаным бар. Соның сәті түсіп, Шерхан аға ұстазым айтқандай «Талтүсің – алпысың» арындатып жеткенде бауырымның шығармашылық әлемі хақында эссе-толғаныс жаздым. «Бүгінде көркем ой мен көркем әдебиет жасап жүргендердің қатарында кімдер бар?» дегенде, алғашқылардың бірі болып, Әділбектің есімі ойға оралады. Қазақтың соңғы ханы Кенесары жөніндегі «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы оның әбден қалыптасқан жазушы ғана емес, аса шебер майталман екенін көпшілікке танытты», – деді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты жазушы Жанат Елшібек.

Белгілі жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлының қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдеби сын туралы айтқан пікірі көпшіліктің ойындағысын айтқандай болды. 

«Қаламгер болу – өзіңді өзің азапқа жегу. Мен сөзімді әдеби сыннан, көркем сыннан бастағым келіп отыр. Сын – қаламгерді тану деген сөз. Қазір кітаптың шығуы аз емес, мемлекеттік тапсырыспен де, жеке баспалар арқылы да кітаптар шығып жатыр. Бірақ сол кітаптардың оқылуы, насихатталуы, жақсылы-жаманды пікірлердің айтылуы, сарапқа салыну жағы осал болып тұр. Оның себебін сыншылар: «қаламгерлер сынды қабылдай алмайды. Сыннан кейін қырын қарап, кей жағдайда балағаттауға дейін барады» деп түсіндіріп жүр. Меніңше, орынды, ойға қонымды сын болса, қаламгер қабылдай білу керек. Бірақ біздегі кейбір сын қаламгердің барлық еңбегін жоққа шығарып, енді ештеңе жазбай-ақ қойсын дегенге дейін апарып, төпеп тастайды немесе асыра мақтап, жоқ жерден керемет классик жасап Әуезов, Кекілбаев, Мағауиндердің қатарына қосып қояды. Соған қарағанда біз сын мәдениетін сақтамайтын секілдіміз. Менің ойымда сын – шығармаға ену. Жазушының өзіне тән ерекшеліктерін байқай білу, сезе білу. Тақырыбы қалай, оқиғаны өрбітуі қалай, суреттеуі қалай деген секілді жан-жақты саралап беру. Мәселен, Тургенов деген орыстың ұлы жазушысы бар. Егер салыстырып қарайтын болсаңыз, Достоевскийдің ойы керемет болғанымен тілі сол Тургеновке ілесе алмайды. Бірақ әлем Тургеновке қарағанда Достоевскийді көбірек мойындайды. Немесе, өзіміздің Ғабит Мүсірепов те керемет сұлу жазады. Әр сөзін қашап жазатын жазушы, бірақ әсерлеу жағынан, әлемдік деңгейге шығу жағынан келгенде Әуезовке ілесе алмайды. Әуезовтің де кей сөзінде шұбалаңқылық болу мүмкін, бірақ Әуезовтің артықшылығы байқампаздық деңгейде, қаламгерлік деңгейде, адамзаттың санасына, ішкі жан-дүниесіне әсер ете алатын деңгейде жазатыны. 

Қазір бізде «Меценат» деген сыйлық тағайындалып жүр. Алғашқы жүлдесі Шархан Қазығұлдың романына берілді. Романға қатысты біраз сын айтылды. Тіпті қатты айтылған сындар да болды. Мен де сын айттым. Бірақ роман бар. «Сынау деген осы екен» деп бәрін жоққа шығаруға болмайды. Жалпы жазушыға «мына тақырыпты, мына романды неге жазасың, енді жазба» деп кесіп айтуға ешкімнің қақысы жоқ деп санаймын. Осы сыйлықты жақында Әлихан Жақсылық деген жас баланың романы жеңіп алды. Көлемі шағын болса да бірнеше роман жазған екен. Оқып шықтым. Миф дейсіз бе, утопия дейсіз бе, абстракты дейсіз бе, әйтеуір жаңаша бағытқа біздің жұдырықтай баламыз барған екен. Бірақ тағы да сол, жерден алып, жерге салған біржақты сындар айтылды. Меніңше сын тек сыншылардың ғана емес, бәріміздің жұмысымыз. Бәріміз сын-пікір жазуымыз керек. Мен де жиырма жазушының әңгімелері мен романдары туралы мақала жаздым. Қазір осындай сынға, пікірге зәру болып жүрген қаламгердің бірі осы – Әділбек Ыбырайымұлы. Кейде осы Әділбекке «жылда кітап шығарасың, қалай көп жазасың?» деген пікір айтылады. Мен осыны түсінбеймін. Джек Лондон деген жазушы қырыққа жетпейтін жасында жиырма роман жазған. Оның ішінде әлемдік деңгейдегі романдар бар. Ал Чехов 44 жасына дейін жеті жүздей шығарма жазған. Солармен салыстырғанда Әділбек, сен өте аз жазып жүрсің. Бірақ мен арық атты қамшылағандай төпеп жаза бер деп отырған жоқпын. Сапаға да мән беру керек.

Мен Әділбектің поэзиясымен жақсы таныс емеспін, ал прозалық жанрдың қай-қайсысына барса да жақсы жазады. Әңгіме жазса да, повесть жазса да өзіне тән айтар ойы, түйіні бар. «Ұяластар» деген романын оқып, кезінде өзіне де пікірімді айтқанмын. Бастауы да, өрбітуі де, тілі де жақсы, бірақ композициялық селкеуліктер бар, тілінде публицистикаға бейімдік бар. Алайда бұл менің жеке пікірім. Ал пікір – абстракты дүние. Кенесары хан туралы көлемді дүние жаздың. «Жазушылар тарихи тақырыпты жазбау керек, тарихпен тарихшылар айналыссын» деген пікір айтылады. Меніңше, жазушыға кейіпкер таңдауда ешкім шектеу қоя алмайды. Ол дәрігерді, етікшіні немесе маскүнемді, дін өкілдерін кейіпкер етіп алуы мүмкін. Біз ол жазушыға «неге бұлар туралы жазасың» деп айта алмаймыз ғой. Себебі сол кейіпкерлер жазушының жанына жақын. Сол секілді кей қаламгерге тарихи тақырыптар жақын болады. Әділбек «Семсер жүзіндегі серт» кітаптарында Кенесары хан арқылы оның айналасында болып жатқан біраз дүние туралы айтты ғой деп ойлаймын. Тарихи шығармалар жазылса тарихшылар қуану керек. Себебі тарихи шығарма арқылы тарихи кейіпкерлердің жан-дүниесі, болмысы ашыла түседі», - деді жазушы Жолтай Әлмашұлы.

Басқосу соңында сөз алған жазушы Әділбек Ыбырайымұлы өзінің «Арзу» романы туралы қысқаша пікір білдірді.

«Арзу» – менің соңғы үш-төрт жылдағы еңбегім және туынды интеллектуалдық проза деңгейінде болуы қарастырылып, сол тұрғыда жазылған. Бірақ, ондай шығармалар қазақ прозасында бар да шығар. Бұл жерде алуан түрлі тақырыптар қозғалып, су соның бір субстансиясы болса, екінші бір романның көкжиегі ол ­­– ғарыш мәселесі. НАСА-ның астронавт Бенджамин деген ғалым марстан магнит өрісін, толқынды энергияны игеретін кеңістік тауып, оны «АБАЙ» деп атапты. Бірақ Абайды білмейді, ол үшін қысқарған сөз. Толық атауы «Астрономиялық Байланыс Айлағындағы Йель» (АБАЙ). «Йель» координат деген мағынаны береді екен.  Мұны мемлекеттік құпия ретінде ұстап отырып, Бенджаминды Қазақстанға астыртын жібереді. Өйткені марсты игеру үшін өте қатты, ыстықты қабылдамайтын, керемет атмосфералық қысымға шыдайтын металл керек. Қазақстан ол металды әлдебір мүддені көздейтін күштің ықпалымен екінші мемлекет арқылы Қытайға сатып жатыр. Қытай мен Америка екі ғарыш державасы, бір-бірімен бәсекеге түсіп отырған ел. Ал, осмий Америкаға көбірек керек.  Осыны көздеп Бенджамин Қазақстанға келе жатқанда жолда «АБАЙ» деген кітапты оқып отырған бір әйелді ұшыратады. Шошып кетеді. «Біздің мемлекеттік құпиямыз мына жай қарапайым елдің қолына түсіп кеткен бе, бұ қалай?» деп, сезіктене ой кешеді. Сонымен Қазақстанға келіп Абайды оқиды. Осындай амалмен Абайдың қара сөздерін шығармаға енгіздім. Сөйтіп Абай категориясын ғарыштық деңгейдегі ой категориясына айналдыруға тырыстым.  Қазақстандағы сирек материалдың тағы бір түрі ол – су. Біз суға су деп қана қарасақ, су дейтерий, тритий деген түрлерге бөлінеді. Су тегі бомбасын білесіздер дейтерий су түрінен жасалған, оны «ауыр» су деп те атайды. Енді америкалық ғалымдар дейтерий суын отын көзіне айналдырып, сол арқылы марсқа ұшатын зымыранды жарақтандырмақ. Осыны да олар Қазақстаннан табады. Осы жақтан суды әкету жолдарын қарастырады. 

Кітап сол жөнінде жазылған. Бүгінгі күн суреттеледі. Оқиға 2022-жылдан басталады. Қазақстан және қазіргі әлемдегі қым-қуыт оқиғалар, «соның ортасында Қазақстан қалай келе жатыр?» деген мәселенің жауабын көркемдік тұрғыда іздеуге тырыстық. Бұл ғылыми кітап емес, бірақ ғылым негізгі тақырып. Ал егер біз осы ғылымды адамдық, азаматтық идеяларға бұрып, имандылық жолға бағыттамасақ , ол ­– ең үлкен қатер, мәселе осында боп тұр. Осыны біз кітапта айтуға тырыстық», - деді автор.  

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan