Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Астанада қаламгерлер Конституция жобасын талқылады...

Астанада қаламгерлер Конституция жобасын талқылады

04.02.2026

4110

Астанада қаламгерлер Конституция жобасын талқылады - adebiportal.kz

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қалам мен қоғам:  Конституцияның жаңа жобасына қаламгерлердің көзқарасы қандай?» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық етіп, қаламгерлердің саяси реформа мен Конституцияның жаңа нұсқасы бойынша пікір алысуға  жиналып отырғанын жеткізді. 

Дөңгелек үстелде Сауытбек Абдрахманов,  Шәрбану Бейсенова,  Роза Мұқанова, Қуаныш Жиенбай, Есберген Алауханов,  Камал Әлпейісова, Жолтай Әлмашұлы,  Ұларбек Дәлей секілді  қаламгерлер  Ата заңның жобасына қатысты  ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Құрамында  Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары басшылары, мәслихат төрағалары, өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері, сарапшылар енген Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия қазір белсенді жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Конституциямыз басқаша жазылып жатыр, талқылауға ұсынылды. Әрине, кейбір баптарға қатысты сұрақтар туындап жатыр. Кейбірімізге ұнамайтын, артық деп есептейтін баптардың барлығы өз уақыты келгенде өздігінен шешіледі деп ойлаймын. Әсіресе өз қазағымыз еңсесін көтеріп, өз тілінде сөйлеген кезде бүгінгі үлкен сұрақ болмайды деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім. Сіздер де өз ойларыңызды айтсаңыздар. Әлі нүктесі қойылған жоқ, ұсыныстар мен талқылаулардың нәтижесінде 80 пайызы қайта қаралып жатыр, - деді  Мереке Құлкенов. 

Жиын барысында қатысушылар Конституция жобасының негізгі бағыттары, ел дамуының болашақ бағдарлары, шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілік мәселелері төңірегінде ой бөлісті. 

«Қазақта «Заман басқа, заң басқа» деген сөз бар. Заман өзгергенде, қоғам өзгергенде, адам өзгергенде соған сәйкес заңның да өзгеруі табиғи дүние. 1993 жылғы Конституция да, 1995 жылғы Конституция да өзінің міндетін атқарып шықты. Ол жамандығынан, жете ойластырылмағандығынан емес, сол заманда сондай Конституция керек болды. Мысалы, жаңа Конституцияда жалпы ұлттық бірлік мәселесінің арнайы көрсетілуі өте маңызды. Бізде ұлт сөзіне нақты аталым берілмеген. Тіліміз қанша бай болса да нация мен национальность деген сөзді бір сөз деп аламыз. Абайдың қалың кітабының ішінде ұлт деген сөз жоқ. Абай ел болуды, жұрт болуды айтты. Ұлт сөзі ХХ ғасырда алаш зиялыларының лексиконында алғаш рет қолданылды. Ал қазір біз осы ұлт сөзін национальность дегенмен шектейтін болсақ аясын тарылтып жібереміз. Ол этнос ұғымынан да, халық ұғымынан да жоғары.  Әлемдегі ең беделді ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы. Әлемдегі ұлт деңгейіне көтерілген мемлекеттер. Өзінің территориясындағы барлық этносты бір ұлтқа жиыстыра алғандар.  Біз сол биікке жақындап келе жатырмыз. 

Сондай-ақ 12 баптың 3 тармағында «ҚР азаматында қос немесе көп азаматтық болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы, ҚР азаматтығын тоқтатуға негіз болады» деп жазылған. Екінші сөйлемде күмән бар. Ол өзге елдің азаматтығын алу мүмкін болса, ҚР азаматтығынан бас тартуға дайын тұратын адамдар табылмайды деп кім айта алады. Бұл оны тек сайлауға қатысу құқынан ғана айырады. Ал ол «өздерің-ақ сайлау өткізе беріңдер» дей салады. Бұл арқылы Қазақстанда өзге ел азаматтарының тұруын Конституциялық тұрғыдан заңдастыру қаупі бар. Сондықтан осы екі сөйлемнің соңына «Өзге ел азаматтарының азаматтығы болуы тиісті заңдармен бекітіледі» деген сөйлем қосса. Олар дипломатия өкілдер, бірлескен кәсіпорын қызметкерлері екендігін нақтылап көрсетілсе», – деді Сауытбек Абдрахманов.

«Конституцияның жаңа жобасын қарап шықтым. Маған ерекше ұнағаны шығармашылық еркіндік, зияткерлік, цензура, мемлекет және дін. Біз осы  зияткерлік меншікте көп зиян шегіп келдік деуге болады. Себебі зияткерлік меншікте нақты мемлекеттік органдардың заңға сүйенетін, біздің міндетімізді, құқымызды қорғайтын заң тетіктерінің жоқтығынан ақын-жазушылар, композиторлар, суретшілер тіпті өнертапқыштар көп зиян шегіп жүр. Енді осы олқылықтың орны толып, Әділет министрлігі тағы да жетілдіре түседі ғой деп ойлаймын», – деді жазушы Роза Мұқанова. 

«Конституцияның жаңа жобасындағы тіл туралы бапты қалай қыламыз деген пікір талқыланып жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары 39 пайыз ғана қазақ үшін «орыс тілі мемлекеттік тілмен тең» деген сөзді қолданған дұрыс болған шығар. Қазіргі уақытта да орыс тілі бізге жат емес. Бірақ қазіргідей қазақтың саны 75 пайызға жеткен кезеңде тілдің мәселесін көтеруге болады ғой деп ойлаймын. Бұл орыс тілін алып тастайық деген сөз емес. Тым болмаса мемлекеттік органдарда, өзін-өзі басқару мекемелерде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді қолға алсақ», – деді жазушы Жолтай Әлмашұлы.

Қаламгерлер басты құқықтық құжаттың мазмұнына қатысты өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, руханият пен заңның өзара сабақтастығына ерекше назар аударды. Қаламгерлердің бұл ұсыныс-пікірлері Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияға жіберілетін болды. 

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan