Италияның атақты опера композиторы Джузеппе Вердидің «Риголетто» атты операсының мәтінін Франческо Мария Пьяве операға дайындаған болса, негізгі тұпнұсқасын француздың атақты жазушысы Виктор Гюгоның «Патша көңіл көтеруде» (Le roi s’amuse) атты драмасынан алған еді. Виктор Гюгоның драмасы 1832 жылдың қарашасында «Комеди Франсэз» театрында сахналанды. Алайда алғашқы қойылымнан кейін-ақ, министрлер кеңесінің шешімімен пьеса репертуардан алынып тасталды. Кеңес пьесаның көптеген тұстарын «Имандылыққа қарсы, ар-намысқа тиеді» деп тапты.
Сонымен қатар, үкімет шенеуніктері пьесадан революциялық республикалық идеялардың лебін байқады. Авторға пьесаның кейбір тұстарын жұмсартуды ұсынды, бірақ Гюго ешнәрсені өзгертуден бас тартпады, соның салдарынан пьесаға тыйым салынды.
Репертуардан алынып, сахнадан шеттетілген бұл пьеса әдеби шығарма ретінде өмір сүруін жалғастырды және бір айдың ішінде бес рет қайта басылып шықты. Алайда, Гюго үкіметтік цензураның бұл зорлығымен келіспей, театр дирекциясына қарсы коммерциялық сотқа шағым түсірді. Халық көп жиналған сотта Гюго ашулы сөз сөйлеп, үкіметті конституциялық құқықтарды бұзды деп айыптады. Алайда пьесаны сахналауға салынған тыйым алынбады.
«Патша көңіл көтеруде» драмасы «Комеди Франсэз» театрында алғаш қойылып, тыйым салынған күнінен тура елу жыл өткен соң, 1882 жылдың 22 қарашасында ғана Францияда қайта сахнаға шықты. Ал Францияда цензура салдарынан тыйым салынған бұл драма Верди 1850 жылдары осы пьесаның тақырыбына ерекше қызығып, оны операға айналдыруға бел байлайды. Ақыры бүгінгі әлемдік опера сахнасына «Риголетто» атты опера өмірге келеді.
Астана қаласындағы мемлекеттік «Астана опера» театры жаңа маусымның алғашқы премьерасы осы Джузеппе Вердидің әйгілі «Риголетто» операсымен ашпақшы. Премьералық қойылым өнер сүйер қауым үшін ұмытылмас шығармашылық оқиға болмақ. Қойылымда драма, музыка, психологиялық шиеленіс пен тарихи көркемдік көрініс терең тоғысады. Режиссердің айтуынша, «Риголетто» – жай ғана музыкалық туынды емес, ол ішкі күйзеліс, адами қайшылықтар мен трагедияға құрылған шынайы психологиялық драма.

«Астана Опера» директоры Александр Совостьянов «Риголетто» операсының не себепті театр афишасынан орын алғанын айтып өтті.
«Өйткені бұл – әлемдік театр репертуарындағы мызғымас классика. Бұл – әлем мойындаған, мәңгілік құндылыққа айналған туынды. Вердидің «Риголеттосы» – нағыз шедевр. Бұл опера – сәттілікке жеткен, керемет табысқа ие болған туынды.
Опера – Джузеппе Вердидің шығармашылық өміріндегі «Алтын кезеңінің» жемісі. Аталған туындыны театр сахнасына шығаруға әбден лайық деп есептейміз.
Біздің театрдың мақсаты – көрерменге тек жоғары деңгейдегі спектакльдер ұсыну. Біз – білім беруші әрі ағартушылық миссияны арқалаған ұжымбыз. Театрымыздың іргесі қаланған сәттен бастап, бұл бағытты барынша ұстанып келеміз. Бұрынғы «Күләш Байсейтовава атындағы» ескі театрымызда барлық қойылымдар орындала бермейтін. Оған театрдың мүмкіндіктері шектеулі болатын.
Біз сонау кезден бастап өзімізге мынадай мақсат қойдық: әлемдік деңгейде жасалған ең үздік туындыларды елімізде көрсету. Құдайға шүкір, қазіргі таңда еліміз дамып келеді. Бізге өз ісінің хас шеберлерін – үздік режиссерлер мен сценографтарды шақыруға мүмкіндік бар. Олар – әлем бойынша сұранысқа ие, бос уақыты жоқ майталмандар. Ал біз оларды өзімізге тарта алудамыз. Бұл – үлкен жетістік», – деп театр директоры сөзін түйіндеді.

«Астана Операның» бас дирижері, қоюшы дирижер Алан Бөрібаев композитор Джузеппе Верди туралы ағынан ақтарыла былай деді:
«Верди – жай ғана композитор емес. Ол – опера өнерінің символы. Опера дегеніміздің өзі, шын мәнінде, Вердимен астасып жатыр. Қарасаңыз, біздің театрда оның бірнеше операсы қойылды: «Аида», «Травиата», «Набукко» сынды туындылар қойылып жүр. Біз жиі оның шығармаларынан үзінділер орындаймыз. Енді, міне, «Риголетто» операсы да сахна төріне жол тартты.
Көрерменге сырттай қарағанда бәрі оңай көрінуі мүмкін – «Бұл операны бұрыннан біледі, тәжірибелері жеткілікті», – деп. Бірақ, шын мәнінде, бұл опера бізге үлкен сын, үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі Верди бұл операны жәй ғана жазып қоймаған, ол оны өзінің жүрек күйзелісінен, жан толғанысынан туған шынайы партитура ретінде өмірге әкелген.
«Риголетто» – жай ғана рөл емес. Бұл – трагедия. Бұл – екіжақты сезімдегі адам. Бір жағынан – махаббат пен қамқорлық, екінші жағынан – қоғамнан уланған сана. Бұл – психологиялық тұрғыдан өте ауыр бейне. Ол өзінің қызына деген шексіз махаббатымен бірге, ауру қоғамға қарсы тұруға мәжбүр. Бұл – ішкі қайшылық пен рухани жарылыс. Бұл паранойя. Бұл – рухани азап.
Міне, осы күрделі образды біздің дарынды әншіміз – Талғат Мұсабаев сахнада шынайы түрде сомдайды. Бұл оңай емес. Ол – ауыр рөл. Ал спектакльдің режиссері Арно Бернар – қоғамның рухани азғындауын сахнада керемет көрсете алған.
Оны жай ғана техникалық дауыспен айту мүмкін емес. Оны жүрекпен айту керек. Бұл музыка – жанның жарылысы. Бұл – вулкан. Бұл – Вердидің ішкі әлемінің айқайы. Ол бұл операны өте қысқа мерзімде жазып бітірген, цензурамен күресіп жүріп, қысым астында отырып жазған.
Мұндай үлкен туындыны осындай кәсіби командамен бірге сахналау – үлкен бақыт. Біздің әр әртіс бұл операда өзінің рөлін терең түсініп, кейіпкерінің ішкі жан-дүниесін зерттеп, әр минутты жүрекпен тірі күйде ойнап шығуы керек.
«Мен кіммін? Мен не үшін осы сахнадамын? Менің мотивациям қандай? Менің өзге кейіпкерлермен қарым-қатынасым қандай?» – деген сұрақтарға жауап тауып, көрерменге шынайы бейне ұсыну – нағыз өнердің шыңы», – деп сөзін тәмамдады.

Операның басты кейіпкерін сомдайтын Талғат Мұсабаев бұл партияның ерекше жауапкершілік жүктейтінін жасырмады.
««Риголетто» партиясын орындау – үлкен жауапкершілік, биік талап. Себебі бұл рөл – баритондар үшін ең мықты, әрі ең әсерлі партиялардың бірі. Ол тек вокалдық жағынан ғана емес, эмоционалдық тұрғыдан да өте күрделі.
Бұл образда – қуаныш та, азап та, өкініш пен үміт те бар. Кейіпкер өте терең, түрлі реңкте көрінетін бейне. Сондықтан оны сахнада шынайы жеткізу – әр әртістен үлкен дайындықты, жан-тәнімен беріле жұмыс істеуді талап етеді.
Арно Бернармен бұған дейін де бірлесіп жұмыс істегенбіз. Біздің театрда ол қойған бірқатар қойылымдар бар. Сол себепті бізде өзара жақсы байланыс, түсіністік қалыптасқан. Осы жолы да алғашқы репетициядан-ақ қай бағытта жұмыс істеу керек екенін бірден түсіндік», – деді театр әншісі.

Қоюшы режиссер Арно Бернар:
«Бұл жолы Астанада қойылатын «Риголетто» операсы – мен үшін ерекше маңызға ие жоба. Неге десеңіз, бұл осы спектакльдің елордада алғаш рет қойылуы. Сондықтан да бұл қойылымға назарымды барынша шоғырландырдым, ерекше көңіл бөлдім.
Мен өз таңдауымды дәстүрлі негізге сүйеніп, классикалық бағытта қоюға шешім қабылдадым. Себебі біздің мықты мәдени негізіміз, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарымыз бар.
Менің жеке режиссерлік стилім – кинематографиялық стиль. Операны мен әрдайым кино сияқты көремін. Музыка – бұл фильмнің саундтрегі іспеттес. Кейіпкерлер де сол фильмнің ішінде өмір сүретіндей, өз оқиғасын бастан өткеретіндей көрінеді.
Верди музыкасы – нағыз сиқыр. Ол өзінің шынайылығымен, экспрессиясымен таңғалдырады. Бұл музыка тіпті орта ғасырда дүниеге келгендей әсер қалдырады. Сондықтан мен актерлерден жоғары дәрежеде артистизм талап еттім. Олар өз рөлін тек айтып қоймай, шынайы өмір сүріп, сезіне білуі керек.
Сахналық шешімдерде мен италиялық өнерден – дәлірек айтсақ, қылқалам шеберлерінің туындыларынан шабыт алдым. Мысалы, найзағайлы сахна – белгілі суретшілердің жұмыстарынан алынған образдарға негізделді.

Сондай-ақ, мен костюмдер бойынша әріптесім Аннамен бірге италиялық суретші Джованни Баттиста Моронидің шығармаларын негізге алдық. Оның портреттерінде қараңғы реңктер мен жарықтың ерекше ойыны байқалады. Бұл сахнада шамның жарығы арқылы көрініс беретін Караваджо стиліне жақын.
Мен бұл қойылым арқылы тек классикалық костюмдерді қайталау емес, көрерменге шынайы оқиғаны айтып беру мақсатында жұмыс істедім. Біздің аудитория – тек опера тыңдаушылары ғана емес, киноны жақсы көретін көрермендер де бар. Сондықтан олармен визуалды әрі эмоциялық деңгейде байланыс орнату мен үшін маңызды», – деп сөзін аяқтады.
Вердидің бұл операсында ешбір кейіпкер тек жақсы немесе тек жаман бейнеде емес. Олардың барлығы – тірі адамдар, күрделі мінездер мен қарама-қайшылыққа толы тұлғалар. Әке мен қыздың арасындағы нәзік байланыс, сатқындық пен өкініш, әділетсіздік пен қарғыс – бұл оқиғаны бүгінгі күнде де өзекті деуге болады.





