Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Астанадағы «әдеби» көшелерді біле жүрейік...

05.07.2017 7995

Астанадағы «әдеби» көшелерді біле жүрейік

Астанадағы «әдеби» көшелерді біле жүрейік - adebiportal.kz

Астана – әдеби қала! Елорда көшелеріне қазақтың ақын-жазушылары мен әдеби кейіпкерлерінің есімін беруде Астана әкімшілігі айтарлықтай жұмыс атқарды деуге болады. Қазақ әдебиетінің алыбы – Абайдан бастап, Жұмекен Нәжімеденов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндерге де көше берілді. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетінің кейіпкерлері Алпамыс батыр, Еңлік-Кебек, Айман-Шолпан сынды көшелер де көптеп саналады. «Әдебиет порталы» Астана күнінде осындай «әдеби» көшелерді бір шолып шығуды жөн көрді.

 

Сонымен, Астанадағы Абай даңғылы К. Күмісбеков көшесінен басталып, Пушкин көшесінде аяқталады. Ол Сарыарқа, Жеңіс, Республика даңғылдарын және Желтоқсан, Бейбітшілік, Ә.Бөкейхан, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Ш.Уәлиханов, Ә.Сембинов, Б.Бейсекбаев, А.Жұбанов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы 5280,6м. Абай даңғылында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, ақынның ескерткіші, «Ramada Plaza Astana» қонақ үйі, «Мегаспорт» сауда үйі, «Жаннұр» сауда орталығы және басқа да көптеген сәулетті ғимараттар орналасқан.

 

https://www.youtube.com/embed/xZnZM3LHEH0

 

Абайды айтқанда орыс халқының ұлы ақыны Пушкиннің еске түсуі заңдылық. Сондықтан Астанадағы Александр Пушкин көшесі туралы айтпай кетпеске тағы болмайды. Бұл көшенің бұрынғы атауы А. Можайский болған, одан кейін біраз уақыт Л. Гумилев көшесі болды. Қазір А. Пушкин аты берілген. Бұл көше Манас көшесінен басталып, А. Жұбанов, Жәнібек тархан, Кенесары көшелері мен Абай даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы - 4917,2 м.

 

 

Александр Сергеевич Пушкин (1799-1837) - орыс классикалық әдебиетінің негізін қалаушы, ақын. Ол дворян отбасында туып, балалық шағын Мәскеуде өткізген. 1811-17 жылдары «Еркіндік», «Чаадаевка», «Деревня» секілді өлеңдерін, «Руслан мен Людмила» атты түңғыш поэмасын жазды. Қазақ даласында А. Пушкин мұрасына алғаш айрықша көңіл аударып, қазақ халқына танытқандардың қатарында Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев болды.

 

Ш. Құдайбердіұлы даңғылы. Бұрынғы атауы Жаңа Абай даңғылы делініп, кейіннен осы Абайдыңғ ізін жалғастырушы шәкіртіне берілген. Ш. Құдайбердіұлы даңғылы А. Пушкин көшесінен басталып, 12-магистральда аяқталады. І.Жансүгірұлы, Мақтымқұлы, Қ.Рысқұлбеков, Ғ.Мүсірепов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы - 2602 м.

 

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) - ұлы ақын, ойшыл, композитор, аудармашы. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абайдың қолында тәрбиеленеді. Бұл жағдай Шәкәрімнің дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер етті. Ол жастайынан орыс, араб, парсы, түрік, тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиеттерін терең білді. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды. Шәкәрім - қазақ поэзиясында оның философиялық саласын дамытқан тұлға. Ш.Құдайбердіұлы «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» дастандары мен «Айсұлу-Нартай» поэмасын жазды. Сонымен қатар «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты» атты еңбектерін жарыққа шығарды.

 

Бұл үш ұлы ақыннан кейін жыр алыбы – Жамбылды айтпай кетуге тағы болмайды. Астанадағы Жамбыл Жабаев көшесі «Железнодорожный» тұрғын алабындағы көше. Қарағанды-Астана тас жолынан басталып, Ақмешіт, Иманақ, Екібастұз, Керегетас көшелерімен қиылысады. Ұзындығы - 3973 м.

 

 

Жамбыл Жабаев (1846-1945) - ұлы ақын, жыршы. Жамбылдың Жаныс, Айкүміс, Сара, Сарбас, Құлмамбет, Доспамбет, Шашубаймен айтысқан айтыстары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Жамбыл Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.

 

А. Байтұрсынов көшесі Шыңтас орамынан басталып, Қарасай батыр, Конституция, М.Дулатов, Абат-Байтақ, С.Қожахметов, М.Жәлел, Шақпақ көшелерімен қиылысады. Ұзындығы - 2447,8 м.

 

Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) - қазақ халқының XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қоғам және ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы.

 

 

Б. Момышұлы даңғылы бұрын 13-магистраль деп аталған. Бұл даңғыл Сарайшық көшесінен басталып, Абылай хан даңғылында аяқталады. М. Жұмабаев, Тәуелсіздік даңғылдарын және Қызыларай, Сырымбет, Қордай, М.Төлебаев көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы - 3958,7 м.

 

 

Өздеріңіз білесіздер, Бауыржан Момышұлы (1910-1982) - әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры. Ол 1932 жылы әскерге алынып, мергендік өнерді игереді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен генерал-майор И.Панфиловтың басшылығымен Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанады. Батальон, полк командирі болған Б.Момышұлы соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. 1956 жылы демалысқа шығып, шығармашылық қызметпен айналысады. Б.Момышұлы шығармаларын қазақ, орыс тілінде жазып, қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалады. Жазушы шығармаларының басты тақырыбы Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің тұлғасын жан-жақты суреттеп сомдау болды. Осы шығармашылық мақсаттың айғағы ретінде жазушы қаламынан туған «Офицер жазбалары», «Артымызда Москва», «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап», т.б. туындыларын айтуға болады. «Ұшқан ұя» кітабы үшін жазушы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

 

Бұл даңғылда Бауыржан батырға қойылған еңселі ескерткіш, «Астанаэнергосбыт» мекемесі, «Тұран» мейрамхана кешені, «Меруерт» бизнес орталығы және басқа да құрылыстар орналасқан.

 

 

Орыс алқының тағы бір атақты жазушысының атына берілген А.Чехов көшесі М.Дулатов көшесінен басталып, М.Жәлел көшесімен қиылысады. Ұзындығы - 1239,1 м. Антон Павлович Чехов (1860-1904) - орыс жазушысы. 1884-1885 жылдан дәрігерлік қызметтен айналысып «Ресейдегі дәрігерлік жұмыс» атты еңбегін жазды. Тұңғыш әңгімелер жинағы - «Мельпоменаның хикаялары» 1884 жылы шықты. Еңбектері: «Сахалин аралы», «Жуан мен жіңішке», «Қасірет», т.б. Чеховтың шығармалары дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылып, әлем әдебиетінің алтын қазынасына қосылды.

 

 

Бейімбет Майлин көшесі - Бұрынғы атауы М.Вавилов көшесі. Б.Майлин көшесі Қ. Сәтбаев көшесінен басталып, Тәуелсіздік даңғылында аяқталады. Ұзындығы - 3246,2 м. Бейімбет Майлин (1894-1938) - жазушы, драматург. Ол Қостанайдағы орыс-қазақ мектебінде, Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған. Оның алғашқы шығармалары - «Мұқтаждық», «Көңіліме» өлеңдері мен «Шұғаның белгісі» повесі. Драма саласында жазған «Неке қияр», «Шұға», «Майдан», «Жалбыр» атты пьесалары бар. Б.Майлин - қазақ сөз өнерінің публицистика саласына мол үлес қосқан қаламгер.

 

Жалпы Астана көшелеріне ат қоюда Тілдерді дамыту басқармасы тарихи тұлғалардың бір-бірімен сабақтастығын, бір заманда өмір сүріп, бірінің ұлы ісін бірі жалғаған адамдардың рухани байланысын қала көшелері арқылы шебер ұштастыра білген. Мәселен, Абылай ханның ізін жалғастырушы, Абылайдан кейін үш жүздің басын қосқан ұрпағы ретінде тарихта қалған қазақтың соңғы ханы Кенесарының құрметіне берілген көше Абылай хан даңғылының жалғасы. Абайдың шәкірті әрі ізін жалғастырушы Шәкәрім болса, Астанадағы Абай даңғылының да жалғасы Ш. Құдайбердіұлы көшесі деп кете барады. Сол сияқты бір жылда өмірге келіп, қазақ әдебиетін көз жетпес биіктерге көтерген, өмірде де бірге жүріп, бақиға да бір жылда аттанған қос алып Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин құрметіне берілген көшелер де бір-бірімен жарыса, қатар жатыр. Ғабит Мүсірепов көшесі - Абылай хан даңғылынан басталып, Ш.Құдайбердіұлы даңғылында аяқталады. Ұзындығы – 650 м. Ал Ғ.Мұстафин көшесі де -Абылай хан даңғылынан басталып, Ырғыз, Сілеті, Хантау, Қаратау, Қозыбасы көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1230,1 м.

 

Дулат Бабатайұлы көшесінің бұрынғы атауы – Пролетарский көшесі. «Көктал» тұрғын алабында орналасқан бұл көше Алмалық көшесінен басталып, Н.Тілендиев даңғылында аяқталады. Ардагер, Жаңақоныс көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1144,6 м.

 

 

Жүсіпбек Аймауытов көшесі Сәкен Сейфуллин көшесінен басталып, Ықылас Дүкенұлы көшесінде аяқталады. Қарағанды, Әліби Жангелдин, Иван Панфилов көшелерін, Бөгенбай батыр даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы - 1100,9 м.

 

 

Жұмекен Нәжімеденов көшесі жаңа әкімшілік орталықта орналасқан. Ұзындығы - 5524,9 м. Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов (1935-1983) - көрнекті ақын. Тұңғыш кітабы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. «Жоқ, ұмытуға болмайды» поэмалар жинағы үшін 1967 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алды. Өлеңдерінің көбі белгілі бір сюжетке құрылған. Нәжімеденовтің «Келін», «Көзсіз батыр», «Қанды сүт», «Соңғы махаббат» поэмалары, «Кішкентай», «Ақ шағыл» романдары бар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының авторы.

 

Мағжан Жұмабаев даңғылы Абылай хан даңғылынан басталып, Айнакөл көшесінде аяқталады. Б. Момышұлы даңғылын және Қажымұқан, М.Төлебаев, Сұлутөбе, Талғар, Обаған, Жанкент, Балқантау, Таскескен көшелерін қиып өтіп. Ұзындығы - 3197м.

 

 

Мағжан Жұмабаев (1893-1938) - Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. Медреседе оқып, Шығыс халықтарының тарихын, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Низами секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. 1912 жылы ақынның Қазанда ақынның «Шолпан» атты түңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. Ақын Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді Алаш қайраткерлерімен бірге «Қазақ» газетіне өз өлеңдерін жариялап отырады.

М.Жұмабаев тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты үстанды. Ол Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны «хакім» деп атады. М. Жұмабаев «Қазағым», «Мен жастарға сенемін», «Қазақ тілі», «Тұркістан», т.б. өлеңдердің және «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы» атты дастандардың авторы.

 

Бұл даңғылда Еуразия гуманитарлық институты, «Арасан» демалыс орталығы, А.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Студенттер үйі» орналасқан.

 

 

Мұхтар Әуезов көшесі А.Иманов көшесінен басталып, Ә.Молдағұлова көшесінде аяқталады. Кенесары, Абай даңғылын, Ж.Омаров, С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин, Бөгенбай батыр даңғылын, Ы.Дүкенұлы, Мәскеу көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы - 2716,8 м. Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) - қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, ғалым, ҚР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор. Шығыс Қазақстан (Семей) облысының Абай ауданында дүниеге келген. Алты жасынан атасы Әуездің үйретуімен Абайдың өлеңдерін жаттап өскен. «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы қазақ әдебиетін әлемге танымал етіп, ұлы ақынның көркем бейнесін тұлғалауда теңдессіз шеберлік танытқан қаламгер. Қазақ көркем прозасының, оның ішінде роман жанрының, драматургияның дамуына зор үлес қосқан классик. Өз заманының ең жоғары сыйлықтары - КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Лениндік сыйлықтың иегері. Бұл көшеде Украина елшілігі, Соғыс ардагерлерінің ауруханасы, Орталық сөйлесу пункті, Баспочтампт, №2 балалар ауруханасы, «Перизат» мейрамханасы, Австрия Республикасының консулдығы орналасқан.

 

Астанада Ілияс Есенберлинге арналған көше де бар. Бұрынғы атауы Ақжайық болған. Бұл көше Конституция көшесінен басталып, Республика даңғылында аяқталады. Мыңарал, Александр Затаевич, Біржан сал, Жеңіс даңғылын, Ыбырай Алтынсарин, Бейбітшілік көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы - 1391,1 м.

 

Ілияс Есенберлин (1915-1983) - Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Қазақ тау-кен және металлургия институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, «Жазушы» баспасының директоры қызметтерін атқарған. «Айқас», «Қатерлі еткел», «Ғашықтар», «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары мен «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогиясын жазды. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

 

 

Ілияс Жансүгірұлы көшесі Абылай хан даңғылынан басталып, Мақтымқұлы көшесінде аяқталады. Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылымен қиылысады. Ұзындығы - 1218,2 м.

 

Ілияс Жансүгірұлы (1894-1938) - ақын. 1925 жылы Мәскеудегі Журналистика институтына оқуға түсіп, 1928 жылы бітіріп шығады. Сол жылы «Сағанақ» атты тұңғыш жинағы басылып шықты. Ол «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмаларын жазды. Бұл шығармалар Жансүгіровтің эпикалық жанрдағы ізденістерінің сәтті жемісі. Ілияс Жансүгірұлы драматургия жанрында да жемісті еңбек етіп, «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет», т.б. пьесалар жазды.

 

Сәкен Сейфуллин көшесі К.Күмісбеков көшесінен басталып, Ә.Сембинов көшесінде аяқталады. Сарыарқа, Жеңіс, Республика даңғылдарын және Бейбітшілік, Ш.Уәлиханов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 4166,2 м.

Сәкен Сейфуллин (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. «Бірлік» ұйымы басшыларының бірі болды. 1914 жылы Қазанда «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы шықты. «Домбыра», «Экспресс», «Көкшетау», «Қызыл ат», «Альбатрос», «Аққудың айырылуы», «Сыр сандық», т.б. өлеңдер мен поэмалардың авторы.

Бұл көшеде С.Сейфуллиннің мұражайы мен ескерткіші орналасқан.

 

Сәкен мұражайы_1.JPG

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Астанада халық ауыз әдебиетінің кейіпкерлерінің аттары қойылған көшелер де жетерлік. Енді солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік.

 

Айман-Шолпан көшесі. Бұрынғы атауы № 2І02 көше. «Комсомольский» тұрғын алабы. Айман-Шолпан көшесі Қарашаш ана көшесінен басталып, Ақбаян көшесінде аяқталадьі. Айғаным, Қыз Жібек көшелерімен қиылысады. Ұзындығы - 766,2 м.

 

«Айман-Шолпан» - қазақ халқына кеңінен тараған лиро-эпостық жыр. Алғаш жазып алып баспаға ұсынған - Ж. Шайхисламұлы. Жырда адамның бас бостандығы, ел тыныштығы, жұрт ынтымағы көтеріледі. Құрылысы, бейнелер жасау әдісі, тіл ерекшіліктері жырдың ескі поэтикалық дәстүрде туғанын көрсетеді. Ежелгі жыр, айтыс үлгілері кеңінен пайдаланылады. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» жыры бойынша жазылған музыкалық драмасы бар.

 

Алпамыс көшесі Арасан, Үлкен, Г.Әлиев көшелерімен қиылысады. Ұзындығы - 385,1 м. «Алпамыс» - қазақ халқының қаһармандық эпосы. «Алпамыс батырла» халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар эпикалық әсірелеу заңдылығымен берілген. Алпамыс - халқымыздың ең асыл қасиеттерін бойына жиған, отаншыл, адал, ер. «Алпамыс жыры» -ежелден сақталып келе жатқан көркем жыр. Эпоста халықтың тұрмыс-күйі, әдет-ғұрпы мен дүниетанымы көрінеді.

 

 

 

Еңлік-Кебек көшесі. Бұрынғы атауы Садовый көшесі. «Көктал» тұрғын алабы. Еңлік-Кебек көшесі Болашақ көшесінен басталады. Ұзындығы - 1188,8 м.

«Еңлік - Кебек» - екі жастың махаббатын жыр ететін, XVIII ғасырдан бастап кең тараған дастанның бірі. Бүгінде жыр түрінде жеткен «Еңлік-Кебек» дастанының екі нұсқасы белгілі. Оның біріншісі - Абайдың айтуымен Шәкәрім жазған нұсқа. Екіншісі — Мағаұия Абайұлы жазған нұсқа. «Еңлік-Кебек» - М.Әуезовтің белгілі шығармасы.

 

 

 

 

Сондай-ақ, «Ат – ер қанаты» деп атам қазақ айтып кеткендей, Астанада Қобыланды батырдың тұлпары Тайбуырыл құрметіне қойылған көше де бар екен. Бұрынғы атауы Курский көшесі. Тайбурыл көшесі Ақсеңгір мен Үшқоңыр көшелерінің қиылысқан жерінен басталып, Игілік көшесінде аяқталады. Ағадыр, Майтөбе көшелерімен қиылысады. Ұзындығы - 2570,2 м.

 

 

 

Әрине, елордадағы барлық ақын-жазушылар мен әдеби кейіпкерлердің есімдері берілген көшелерді бір мақаланың ішіне сыйғызу мүмкін емес. Біз шамамыз келгенше негізгілеріне тоқталуға тырыстық. Арасында қалып қойған көшелер болса, Елорданы аралап жүргенде өздеріңіз де назар салып, қазақ қалхының бай әдебиетімен, сол әдебиетінің айнасындай болған әдеби Астанамен мақтана, масаттана жүріңіздер.

 

adebiportal.kz

 

дереккөз: "Астана көшелері" /Құрастырушы: Е. Тілешев, О. Сүлейменов. Алматы: 2008

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар