Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ФОЛЬКЛОР
/
Қазақ эпостарындағы ерлік жыры...

Қазақ эпостарындағы ерлік жыры

08.05.2026

309

Қазақ эпостарындағы ерлік жыры - adebiportal.kz

 

«Батыстықтар уақыт туындысы болса, көшпенділер кеңістік туындысы».

Р.Генон

 

Жалпы адамзат нәсілі жекелей қауым болып қалыптасқаннан кейін  мынадай негізгі үш жіктелім қызметінде тұрған еді. Олар – «әскери топ», «дін қызметкерлері» сондай-ақ «саудагерлер мен қолөнершілер» иерархиясы. Енді осы үш негізгі жіктелімнің қоғамдық қызметіне қарай, олардың өзара бір-бірінен айырмашылығын анықтайтын ережелер жиынтығы пайда болды. Айталық ілкідегі үндістандағы кшатрийлер (әскерилер), брахмандар (діндарлар) кастасы, қазақ қоғамында «қожа», мен «төре» статусы ретінде бертінге дейін өз фуникциясын атқарып келді. Осы тұрғыдан келсек, кешегі көш­пелі тайпалардың барлығы дерлік жауынгерлік руха жасақталған тұтастай әскери әулет болды десек асыра айтқандығымыз емес. 

Түркі ұлысының бұрынғы және одан кейінгі  тарихын зерттеген ғалымдар көшпелілерге қатысты өз еңбектерінде «әскер-халық» деген терминді көп пайдаланғанына көзімізді жеткіземіз. Бұған бұлтартпас дәлелдер жыр-аңыздарымызда шаш етектен. Айталық, жауынгерлік рух бүкіл жыр-дастандарымызда айырықша адақталып,  былайша  үн қатады. 

«Беркініп садақ асынған, 

Біріндеп жауды қашырған. 

Қорамсапқа қол салған.

Қозы жауырын оқ алған. 

Қақ жүректің тұсы деп, 

Өлер жерің осы деп, 

Шірей тартып қалады...».

Енді сол батырларымыз мінген  хас сәйгүліктердің жер танабын қуырған шабысын жыр-дастандарымыз бүй деп салтанатын асыра жырлайды.

«Құбылып Буырыл гуледі, 

Табаны жерге тимеді. 

Көлденең жатқан көктасты 

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі... 

Ол төбенің тозаңын

Бұл төбеге қосады...». 

Мұны Махамбетше айтсақ, «Қозы жауырын оқ алмай, Атқан оғы жоғалмай, Балдағы алтын құрыш болат, Балдағынан қанға боялмай, Асыл туған ер жігіт, Түсінен шошып оянбай… «Ерлердің ісі бітер ме!?». 

Осы іспетті батырлық дәстүрдің ұлы баянын Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» эпостық жырларынан да анық аңғара аламыз. Бұл жырлардың бәрі түп тамыры тереңнен таған тартқан, біздің бұрнағы бабаларымыздың ғасырлар бойы дұшпанмен кескілесіп, азаттық үшін арпалысқан жортуыл-жорықтарының рухани жылнамасы десек те болады. Батырлық пен рух дегенде жыраулар поэзиясынан аттап өте алмасымыз анық қой. «Жыраулар поэзиясының ең биік шоқтығы – Шалкиіз» депті Мұхтар Мағауин.  Жалпы адам баласының ең үлкен үрейі өзіне төнген ажалды жеңу. Ал осы ажалдан үрейленіп, бас тартуды айтпағанда,  оған бетпе-бет келіп, қарсы тұруды қалай түсіндіріп беруге болады. Шалкиіздің мынабір өлең шумағы осыған дәлел.

...Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,
Кешу кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр,
Жалаңаш барып, жауға ти,
Тәңірі өзі біледі,
Ажалымыз қайдан-дүр! 

Осы жалаңаш жауға шабуды көрінекті қаламгер, мәдениеттанушы  Таласбек Әсемқұлов ілкідегі сал-серілер өмірімен байланыстыра келіп былай дейді.  

«...Сал-серілер - өз еркімен тұтас­тай өлімге кесілген әскер. Бүкіл тарихы ат үс­тінде, қанкешу - соғыс үстінде өткен ел­дің қатыгез әскери заңы. Оқырман, бұндай қатыгездік не үшін керек деуі мүмкін. Тұтас бір шерік әскердің жауға сауытсыз шабуы - қалған әскер үшін, ат жалын тартып мініп, алғаш рет қан майданға шыққан көкорай жас ұрпақ үшін ерліктің теңдесі жоқ үлгісі. Қол бастап тұрған кәрі батырлар: «Әне, сал-серілер жауға сауыт кимей шапқанда, сауыт киіп, темір құрсанған сен неден қорқасың?» деп қаннан шошынып тұрған жас ұландардың көңілін демдейді екен» дейді. 

Біздің  бұл шағын жазбаны қағазға түсірудегі бар мақсатымыз батырдың сыртқы сипатынан гөрі ішкі мазмұнына үңіліп, сол турасында айту еді. Қазақ батырлар жырында көп кездесетін  «Отқа салса жанбайтын суға салса батпайтын» мотиві дәл қазіргі біздің сана үшін хас батырды әсіре көтермелеу мен адақтау секілді қабылданары хақ. Осы бір «отқа жанбау» оқиғасының Тәурат пен Інжіл парағында да дерек іздері бар. Бұл көбіне Авраам (исламда Ибраһим) пайғамбар өміріне тиесілі. Көне хисса-аңызда пайғамбар қарсыластары ішіне ақсөңке ағаш жағылып, әбден нарттай қызарған ор ішіне Ибраһимді лақтырғаны баяндалады (Аталған оқиға Құранның «Әнбия» сүресінде де айтылады). Бір қызығы, жоғарыдағы кітаптардың барлығы да бір ауыздан Ибраһим пайғамбардың сол отқа жанудың орнына, керісінше тісі-тісіне тимей дірілдеп тоңғандығын, әрі аталған «қияметтен» аман-сау құтылғанын алға тартады.  Бұл жердегі от ұғымын, оны жеңген адам рухын дәл хиссада баяндалған жағдайда емес, өзге өлшемде бағамдағанымыз жөн секілді. Бұл қалай десек те тура мағынада түсінетін ұғым емес, астарын ашалап ұғатын символика екендігі  анық. 

Көне Мирдад кітабындағы бір ғақлия: «Сіздің әр ойыңыз аспанда жалындаған үлкен әріптермен жазылып, ол әр адамға көрінеді деп ойласаңыз, шындығында да дәл солай болады», – дейді.  Ендеше батырлар болмысына қатысты айтылатын «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» ұғымы әсіре сөз емес, адам рухының алапаты мен мүмкіндіктері туралы пайым. Сол үшін де біздің ілгерідегі бабатаным жау жапырған адамнан гөрі рухы мен ынсабын игерген жандарға ғана БАТЫР деген айырықша атау берген. Сонымен батыр дегеніміз көбімізге советтік сана сіңірген қарсыласын жаппай жайратып салған қара күш иесі емес, ол өз рухын шыңдаған кемел тұлға.  Қазақтың «Аюды жеңген - жарты батыр, Ашуын жеңген - толық батыр» түсінігі де осы түсігімізе етене жақын келеді. Жапон пәлсапасында жиі ұшырасатын СЕМСЕР мен ГҮЛ үйлесімі де батырдың шын образы. Бұл батырдың сырты семсер секілді сұсты, суық болғанымен іші гүлдей нәзік болуы керек дегенді ишаралағаны.  

Біз өкінішке қарай, рухтың мұндай жетілімдерін осы отыз жылда елімізге енген ваххабизм індетінен кейін «бақсылық» пен «жын-пері» деген атаулар айналасында ғана қарап, белінен сыздық та салдық. Қысқасы, кешегі коммунистік жүйеден әбден қансырап шыққан қазақ танымын осы отыз жылда орныққан ваххабизм идеясы біршама отап тынды. 

Жалпы ваххабизм мен большевик идеясы бір-бірімен қойындас еш айырмашылығы жоқ түсініктер десек те болады. 

Ең өкініштісі біздегі сәләфизм идеясы астыртын діни индексте ғана емес, ол бейсаналы түрде санамызға жаппай жайылып үлгерді. Айтқымыз келгені, қазақ танымындағы батыр мен бақсы, кие мен рух секілді түсініктер айырықша нәзік танымдар еді. Әруақ ұғымы да дәл солай болатын. Біздегі кешегі коммунистік бұлғақпен сәләфизм індетінен кейін кие мен аруақ атаулы арқамыздан біржола ауынап тынды десек те келетіндей. Жалпы аруақ феноменіне бір бойламайынша кие мен тылсым ұғымдарының нарқына жету де еш мүмкін емес. Қобыландынының «Төрт бұлты» мен Ер Жәнібектің «Қос бөрісі», Сүйінбайдың «Қызыл жолбарысы» мен Кемпірбайдың «Көкала үйрегі», сол секілді Қорқыт пен Қазанғап күйлеріндегі тылсым, қамырықты үнді түсінуге қолбайлау болып отырған дүниелер де міне, осы жойдасыз бұтарланған санамыздың жарақатында жатыр… Оны жаңа уақыт тезінде қайыра зерделеу мен оңдаудың парадигмаларын  келесі бір жазбаның еншісіне қалдыра тұрайық.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan