Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Атсейіс Сүбебай (Ботамойын). Амалнама дастанынан ...

Атсейіс Сүбебай (Ботамойын). Амалнама дастанынан үзінді

22.03.2026

68

Атсейіс Сүбебай  (Ботамойын). Амалнама дастанынан үзінді - adebiportal.kz

Екінші бөлім: Наурызнама


Саумалық
(Наурыздың көкек айына хаты)


Жарылқай көргін жаңа айым,
Есіркей көргін ескі айым!
Күн көзіндегі әулие сөзін нақтайын,
Жер-жүзіндегі серулер даңқын мақтайын,
Сексен сегіз құмарлым,
Сол иығың үкілім,
Оң иығың тұмарлым!
Табибна кітабынан бастайын...

* * *
Уа, аталы сөзді аруақ,
Самаладай саулат, жамырат,
Таңның райы манаурап нұрмен атқан күн,
Жеті арпа дәнін бақылап,
Ондада көп аруақ,
Жеті қат көкке тоқсан толғауын айтқан күн.

Азулығы екі елі,
Қашқан қоян шекелы,
Қызылы тептіріп, жолбарыс шұбарды мінген күн.
Алтындаулы төсегі,
Алғадай күні осы еді,
Балпаң да балпаң басатын, бақыты оянған дүрлердің.

«Алуа асап, бал ішіп,
Жайа шайнап, жал жесіп»,
Күн бейнелі жалауға эпос жазған күн.
Даңқың қалды, сен кетіп,
Жалғыз қалдым - «мен» кетіп,
Өмір ағашының жапырағында жанған – жалған күн.

Алғау жырын айта соқсын,
Қайырыла қайта соқсын,
Оттың ұлы көлеңкесі көкте ойнар.
Көк алқауын жанға сепсін,
Көп алқауын ойға сепсін,
Колпар көңіл бұлағындағы көк қайнар!

* * *
Жайлауыңа жар сап жүрдім,
Қыстауыңа қар сап жүрдім,
Жауланбай-ақ, жеткен жарғыш – жарық боп.
Әндігендей – әндігерлерім шалқытқан;
Табибна сарындарын әдіптеп;
Баба түкті шашты әзизбен, қорқыттан.
Басқы күні келер жылдың;
Соңғы түні бітер жылдың;
Екі жағымнан екі дария ағып кеп –
Бір құдірет аралында толқытқан.

Жылқы жылы, 21-наурыз (Тәңіртау-Бөрілі) 


Наурызша 
(Тағы да жылқышы құсқа арнаймын!)

I


Наурызша. Қисапсыз ағылған,
Адасқақ бояулар үйірі.
Уақ ұшқындарының алып қоңырауға соғылған,
Бүлкілдеп жатыр бүйірі.

Құп-құла буды жасырып қойнына,
Шетінен сөгіп, бұлт себер.
Көктемнің алғы сөз орнына –
Құлайды қалың нүктелер!

Өзінен - «өзі» кеткендей шығып,
Бір тұнжыр сәттің елеңі.
Әппақ нүктелер орнынан тұрып,
Сөйлей жөнелгісі келеді.

II

Айта жөнелгісі келеді, түсінем
Бұлқынды ол, не демек боп.
Астынан алақанымның және ішінен,
Ұшады көбелек боп.

Тұрғанмен ебелектеп
Бұлт көшкен қоңыржайдан ұзамайды.
Бүкіл жерден өзіне «керемет» боп
Бір күдік сығалайды.

Жақсы сөз таппақ болып
Кідіріп. Құмығады
Есігін әрбір үйдің қақпақ болып,
Сүрініп жығылады.

Белі, мойны секілді қисаятын
Саусағы ауа қармап.
Айтам деп өлараның хикаясын
жүргенін кім ұғады, өле жаздап.

III 

Ақ сәлемге орап наурызша әнін,
Созады делбеп ой, тәйір!
Наурізек әлі-ақ, айтады бәрін,
Қалғанынан саған не қайыр...

IV

Суық торғайдың тұмсығындай ғана қаттыдан –
Көзгелдек мұз тамшы құлады,
Және де зәрсіз қара аңызақ гулеп.
Болашақ музейлерде тұрады:
«Қарғаның тұяғын шалған ақ тұман»
Салынған сурет.


Жылан жылы, 27- наурыз, түн. (Тәңіртау –Үрімжі)


Наурыз көк келдің бе?
(Наурыз жыры)


«Алты арқар айдай туып,
Күндей батып.
Бағзы бабалардың жұлдыз шағын,
Ат сауырын көбік қып –
іздейді уақыт».

Бірінші тақта

Қаралдысы қалт етіп,
«Наурыз көк келдің бе...»
Сағыныш жырын салт етіп,
«Саумалық» оқып бердің бе.

«Наурыз шешек» дүр етті...
Самалды бойлап өсетін.
Өнеде бойым дір етті,
«Наурызша» жауды кеше түн.

Құйылып көктен сөзге нұр,
Көлеңке бойы кеңескен.
Ен салынбаған менде бір,
«Наурыз төлі» емес пе ем...

«Тартпай да тумас тегіне»
Айтуға мұны хақылы ем.
Баршынғалидан кейін өзіңе,
Амандасқан алаш ақыны ем.

Екінші тақта

«Наурыз көк келдің бе» жетіп,
Белгісі бөтен таңбалым.
Қобызды толғап, дегбірім кетіп,
Тоғыз күй тарта алмадым.

Елес айтады:
«Айнала отын мол жағып,
Алқа-қотан отырып.
Сексеуіл шоқты сөз жанып,
«Саумалық» сонда оқылып.
Наурыз көк білсеңіз _
Сенің тегің нұр болған,
Менің тегім дүр болған... 

– Дегенде ақындар болған,
Жұлдызы биік тұрғанда.
Шарт кеткен ашулар болған,
Дауысы сіңген құмдарға».

Үшінші тақта

Мұнартқан тынып көл бетін,
Наурыз көгім айнала ұш!
Баяғы жетім, сол жетім,
Баяғы дауыс, сол дауыс.

Баяғы дауыс, сол намыс...
Жаңғырығынан гүл өскен.
Ертегі ғана алданыш –
Жылқы құйрығын ту еткен.

Күнде сол, ай да төбемде,
Ел де сол.… Сол, сол –
Сол бөтен.
Біздің тек жылқы дегенге,
Кім сенер, өзің сенбесең.

Шежірелі өмір баяны,
Шешендеу бүгін 

 «күй масаң».
Асауда қазақ баяғы,
Аттан түскелі қашан...

Наурыз көгім келдің бе,
Шақырдым ырым жолымен.
Махаңның ізін көрдің бе,
Біздің жәй осы сонымен...

Төртінші тақта

Салтанат құрып түсімдегі абат,
Тасаттық қорғандарында.
Ағаман ақсақалдарым қарап,
Тұрғандай... ормандарым да.


Барыс жылы, 22 – наурыз (Үрімжі)

 

Наурыз жұмбақ

(Бірінші жұмбақ) 


Мұзқабыршақ жан салған бұлақтағы,
Көбігі тарамай жатып, сезілген толқын;
Тазарып тұңғиықтан шыққан сол күн;
Сұйылып қара тастан су аққалы.

Көкшіл тасты үлпілдек тұман басып,
Мөрлі жазу көргенін биік жардан,
Уақыт сағымынан сілкіп алған -
Жұмбағын жасырады ол оқып жатып:

Кілең күрең киініп, торы мініп,
Орман шеті... ұландар сап тұзеген,
Шақырады (мың елес, мың керуен),
Миығында қырық төрт ғасыр күліп.

Жеті дәнге жылқы атап, салдама оқып,
Түлен түртсе, тіл тартпас ұзандары,
Еһ, Тәңірхан сол алыс қылаңдағы,
Ғұн аспанын жіберген күңірентіп.

Күн бейнелі жалаумен шықты ойқастап,
Жар салды: «көк аспаннан;
Көк құртқа дейін, мадақ жаратқаннан;
Гуілдеп әз өткенше, жаз салмақтап!

Айт ұзан! Өлең тізіп араларға,
Күз жорығы жеткенше, гүлге қонған,
Ат қара тіл болғанша, шілде толған,
Гүл-шөпті жаз, мадақты соған арна!»

Түсі жұлдыз түсінен айнымаған,
Боздағы бозторғайға үн қосылып,
Дем-тынысы бірде ыршып, бірде тынып,
Қайғысыздан жасапты қайғылы адам.
 

(Бірінші жұмбақтың соңы)
Жылқы жылы амал айының 1-жұлдызы (Тәңіртау- Жоңғария)

 
Наурыз шешек


Жер үсті көксіл мұнар, ақ торғын бу,
Бір доға егістікке идіреді;
Маңдайын маужыр кешке сүйдіреді;
Көрінген аннан-саннан ақаба су.

Тәңіриям! жел үні ызбалаған,
Қалғанда саз самалын желпіп шағи;
Есінеп қояды әне, көктем сәби;
Кіршең жаялық үстінде іңгәлаған.

Билей ме? дірілдей ме? сағым біткен,
Құшақтап қуанышын лақтырады;
Түу... алыстан бір ылғал бетке ұрады;
Ұшқан құс салмағындағы ауырлықпен.

Ауелеп көлге қонар сары ала қаз,
Қарсылап бозаң дала, бозғылт тұман;
Сезілер жылы шуақ бұлт астынан;
Аһа...һой... алдымызда көңілді жаз!   

Жылқы жылы, 19-наурыз (Тәңіртау-Бөрілі)


    Наурыз бата


Тарихтағы құстардың қиқулы үні,
Бәйтерекке оралғын мұнаралы!
Тәңірі иісе, дүркірер жылқы жылы,
Уа, алаштың өрдегі бұла бағы.

«Ер сүйінер іс қылса, сенде оны сүй»
Хакім сөзі қыбылаң – алтын тұғыр.

Жақсысына қазақтың сеніп ғұмыр;

Ұйысса ұлыс, райыс үстіндегі үй.
 

Ай туғанның сапары айдай туар,
Жолаушымыз жортқанда жолды болсын,
Не тілегі жолдының оңды болсын,
Жақсылыққа іс көбейсін шөп сындырар!

Жылқы жылы, 20-наурыз (Тәңіртау-Бөрілі) 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan