Кемеңгер Мұхтар Әуезов жайлы толғанғанда «Дана Мұхтардың дара шәкірті» атанып, бүкіл саналы ғұмырын ұлылар елінде ұстаздықпен өткерген Кәмен Оразалин ойыңызға оралады. Қарапайым ғана қалпын сақтап, Қарауылдан ұзамай, туған еліне аянбай еңбек еткен адам. Талантының тарлығынан емес, ұстазы Мұқаңа деген құрметінен. Әрине, Мұхтардай асыл тұлғаға шәкірт болу үлкен құрметпен, жауапкершілік қажет етеді. Сол жүкті иығына салып, абырой биігіне көтерілді. Биыл М.Әуезовтің сүйікті шәкірті, халық жазушысы Кәмен Оразалиннің туғанына 100 жыл толып отыр.
Ел ішінде отырып, көнекөз қариялардың ауызынан Абайға қатысты әңгімелерді жинақтап, қазақ әдебиетінің жауһары - «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылуына айшықты үлес қосты. Жазушы Кәмен Оразалиннің осы еңбегінің өзі қазақ руханиятына сіңірген өлшеусіз үлес. Кейде осындай еңбектер елеусіз қалып, айтылмай жатады. Бұл қаламгерге жасалған қиянат болар еді. Еңбекқор талант мұнымен де шектеліп қалмай, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Абайдан соң» атты роман тетрологиясын жазып шықты. Осылайша, Әуезовтың шәкірті ретінде, оған арнап роман жазған жанкешті жазушы ретінде, саналы ұрпақ тәрбиелеген ұстаз ретінде есімі тарихта қалды.
Кеңестік кезеңде әдебиет социализм орнатудың қиындығымен бірге күрделі дамуға өтті. Осыған қарамастан адамдардың жаңа өмір үшін күресін, азаттық жолындағы арпалысын, биік арман-мақсатын жеткізуде біршама жаңа сипатқа ие. Жаңашыл күрескердің дара бейнесін жасауға ұмтылды. Адамзатты алға жетелейтін жарқын бағытты бетке алып, жалпы адамзаттың рухын көтерер бағыттағы дәстүр қалыптастырды.
Осы кезеңде өмір сүрген Кәмен Оразалин әдебиетімізде өзіндік жолы бар көрнекті тұлға. Роман, повестерімен әдебиетіміздің өркендеп дамуына зор ықпал етті. Жазушы өз заманына сай кесек шығармаларды өмірге әкелді. Соғысқа қатысқан майдангер жазушы «Жексен» («Солдат махаббаты») повесі арқылы өзі көрген зұлмат ұрыстың шындығын оқырманға жеткізсе, «Ақ жазық» туындысы тың игеруде жасаған жұмыстарының бейнесіндей. «Көктем салқыны» қазақ ауылдарын ұжымдастыру кезеңіндегі таптар арасындағы тартысты, ондағы құйтырқы істерді барынша шынайы суреттеген ірі шығарма. Байқасақ, шығармаларының бәріне өзек болған оқиғалар қаламгердің өз көзімен көрген жайлары. Сондықтан болар өте шынайы, шытырман, қызықты оқылады.
Қаламгердің әрбір кейіпкері дараланып, есте сақтап қалардай айшықталған. Жазушы туындыларының қайсысы болса да танымдық-тағылымдық, тәрбиелік мәні зор. Әсіресе, деректілігімен ерекшеленеді.
Өмірінің кейінгі кезеңі толықтай бір тақырыпқа ойысқан. Жасынан көріп-білген, шежіре қарттардан естіп, жинақтаған мағұлматтары негізінде жазып, 35 жылын арнаған, өзі аға, ұстаз тұтқан жазушы Мұхтар Әуезов жайлы «Абайдан соң» романы. Тереңге тамыр тартқан шығарма. Мұнда тек Мұхтар бейнесін беріп қоймай, «Абай жолы» романындағы бірнеше кейіпкерлер прототиптерін береді. Шығарма Мұхтар туралы дегенмен, романда негізінен жазушының балалық шағы, өмір сүрген ортасын молынан суреттейді. Барлығы бала Мұхтардың көзімен пайымдалған.
Кәмен Оразалыұлы 1920 жылы 16 маусымда Абай ауданындағы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында туған. Азан шақырып қойған аты – Кәмәли. Анасы еркелетіп «Кәмен» атаған. Әкесі Оразалы ақсақал Шыңғыс жеріндегі білгір шежіре, Абай өсиетін насихаттаушы адам болыпты. Жастайынан солардың ел-жер туралы әңгімесіне қанып өскен жазушы өлең, әңгімелер жаза бастаған. Тұңғыш «Күзетте» деген өлеңі Семейдегі «Екпінді» газетінде шыққан. Кейін әртүрлі әңгімелері мен мақала-очерктері де жариялана бастайды. 1939 жылы әскерге шақырылып, Красноярскте жауынгер атанып, ұрыс-талас өткен Хасан көлінде болады. Кенеттен, 1941 жылы әскери міндетін өтеп, елге қайтқалы тұрғанда жойқын соғыс жүріп кетеді. 41 жылы бастан жараланып, госпитальге түседі. Бірақ 42-жылы жауынгерлік қатарға қайта қосылады. Ақыры көп ұзамай, тағы да екі аяғынан ауыр жараланып, елге оралады. Содан бастап бүкіл өмірін әдебиетке арнайды.
Мұқаңнан жанарынан жас көрдім, сұмдық...
Ал, жазушы болып қалыптасуына Мұхтар Әуезовтің ұстаздығы зор ықпал еткен. Ұлы жазушымен таныстығына қаламгердің елге келуі себеп болады. Жазушының ұлы Елдар Оразалы ағамыздың айтуынша: «М. Әуезов 1943 жылы туған жеріне келеді. Аягөз, Құндызды, Шет аймақтарында болып, елмен жүздеседі. «Абай» романының жалғасын жазып жүргендіктен елдегі қариялармен жүздесіп, мәлімет жинақтауды мақсат етсе керек. Жанында ақын С. Бегалин, сыншы-ғалым Е. Ысмайылов, Қ. Мұхамедханов және Полоцкий бар. Елі ерекше ықыласпен күтеді. Сол жолы Мұхтарды жас жазушы алғаш рет көріпті. Өзінің айтуы бойынша: «Соғыс уақыты. Жаралы көңіл. Бірі кемсеңдеп, үнсіз көзінен жас ағады. Барлығы да Мұқаңа мұңдарын шақпақ. Мен Мұқаңды қайтіп көрсем деп тұрған едім, Мұқаң көліктен түсті. Сонда ғана жақындап көз алмадым. Қоңыр жүзінен жас көрдім... Өзімнің қайтіп жылағанымды аңдамай қалдым, барша соғыста көрген азабымды жанымдағылар бірге көріп тұрғандай сезіндім. Кісі көп, киіз үйге сыймады, әкем де, шешем де, жеңгем де барған болатын, көпшілігіміз қайтып кеттік» дейді. Сөйтіп, Кәмен аға ұлы жазушыны көрген әсерімен үйіне келеді. Бір уақта Тоққазы: «Сені Мұхтар шақырды» дейді. Тегі, Мұқаң әңгіме арасында ауыл тынысымен таныса келіп, «Елде өнерлі жастар бар ма?» дегенде Қали Мақажанов ұстаз Кәменді айтады. Мұны естіген Мұқаң шақыртқан. Кәмен аға: «Жүрегім атқақтап, не болар дедім. Мұхтар аға шақырады!? Бұл ойламаған іс болды, бұлай болады-ау демедім..» дейді. Сол жолғы сапарда жазушымен бірге жүріп, тұрады. Елден қайтып, Алматыға барған соң сапар жайлы Мұқаңның газетке «Ақын ауылында» атты очеркі шығады. Сол очеркінде Мұхтар аға Оразалы қарт жайлы, оның зерек ұлы Кәмен аға жайлы тоқталып өтеді. Мұхтардың осы бағасы жазушының шығармашылығына жол ашады. Кейін Мұхтар аға «Абай жолын» жазу барысында Кәмен ағадан романға керекті мағұлматтарды елдегі көнекөз қариялардан сұрастыруды және жекелеген адамдар жайлы керекті деректерді сұрап тапсырмалар беріпті. «Абай жолы» романының жазылуына септі тигеніне қуанып: «Мұқаңның осы тапсырмаларын орындай келіп, көп нәрсеге қанықтым» деп отырады екен.
«Данышпан іздесең, қасыңда Абай жатқан жоқ па?»
1948 жылы жазушы соғыс тақырыбындағы «Жексен» повесін тәмамдап, Алматыға келеді. Сонда Мұхтармен хабарласып, кеште үйіне барады. Аман-саулық сұрасып, ел-жұрттың, үй-іштің жағдайын білгенсін шәй ішіп, біраз әңгімелеседі. Бірде Мұқаң: «Жазған жаңа шығармаңды әкелген боларсың» дейді. «Иә» деп, Кәмен аға «Жазғаным қалай болар екен?» деген ішкі тебіреніспен Мұқаңның қолына береді. Шығарманы оқып шығып Мұқаң телефонмен: «Елден келген інім бар еді. Шығармасын өзіңе апарып береді. Көз қырыңды салып жүр" - деп Ғабиденге тапсырады. Сөйтіп енді ғана шығып жатқан «Абай» кітабын қолтаңбасымен тарту етеді. Тұңғыш кітабы 1950 жылы соғыс тақырыбына арнаған \»Жексен\» повесі жарық көреді. Сол еңбегін Мұқаңа бермек болып Алматыға келеді. Сәлем-саулықтан кейін кітабын беріп, көңілдегі ойын айтады. «Әкеңнің сәлемін айтшы» –дейді Мұқаң. Сонда Кәмен аға: «Ағаңмен кеңес, мүмкін сол Алматыда қаласың» дейді. Мұқаң ойға батып: «Е, мұнда не бар? Барша керек қасиетті дүние елде ғой?! Сен Абайдың жерінде отырған адамсың, дана Абай жатқан жоқ па жаныңда? Егер тілімді алар болсаң, елде боп, қарттарды тыңда, көп дүниені солар біледі. Талантыңды танып отырмын. Сондықтан елде отырып жаз. Осы тілекті орындаймысың» депті Мұхтар аға күлімсірей қарап. «Орындаймын, аға!» дейді. Осылайша, туған еліне барады.
Мұхтар Әуезовтың соңғы хаты, жазушының шәкіртіне айтқан ақырғы аманаты...
Мұхтар ағаның ықыласы ауып, шәкіртін ешуақытта назарынан тыс қалдырмаған. Оған Мәскеу емханасында жатып, қайтарынан 40 сағат бұрынғы Кәменге жазған соңғы хаты айғақ. Хатында: "Қадірлі Кәмен! Мынау Мұрат Әуезов менің ұлым. Мәскеу университетінде оқуды. Әзір Семей, ары қарай әкесі туған Абай ауданына елді-жерді көруге барады. Өзіңе, Балташқа жібердім. Осыған ауылды таныстыруға, елді, жерді аралап көрсетіп, өзің бар, Балташ бар көмектесулеріңді сұраймын. Өз үйіңе түсірсең. Мен ауырып Мәскеу емханасындамын. Жайымды Мұрат жеткізер. Үйіңе көп-көп сәлем. Балташқа жайды ұқтырып, өзің апарарсың. Елдегі барша ағайынға мың сәлем. М.Әуезов. (25 маусым 1961 жыл)" деп жазылған. Осылайша Мұратты аманаттай тапсырып отырып, ақырғы жазып қалдырған сөзі екен. Туған еліне жолдаған сәлеммен қолынан қаламы түсіпті. Мұқаң жазған сол соңғы хат Алматының ұлттық мұражайында, көшірме Бөрілі мұражайында сақтаулы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.