Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Ажалын жоғалтқан адам» романының тұсауы кесілді...

«Ажалын жоғалтқан адам» романының тұсауы кесілді

13.02.2026

4039

«Ажалын жоғалтқан адам» романының тұсауы кесілді - adebiportal.kz

11 ақпан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы және «Амангелді Иман» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  ақын, жазушы Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» атты романының тұсаукесері өтті. Аталған тұсаукесерге қатысқан жазбамызды төменде жариялап отырмыз. 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ерейментау және Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы Сайлау Байбосын есімі – оқырмандарға таныстырып жатуды қажет етпейтін сөзсіз. 

Сайлау Әшенұлы Байбосын – ақын, жазушы, өлкетанушы, шежіреші, айтыскер, термеші. Қазіргі қоғамның ұтқыр да ұтымды үнжариясы болып отырған әлеуметтік желіде де өзінің елдік тұрғыдағы елеулі ойларын белсенді бөлісіп жүрген азамат.

«Рух» (2008), «Қызылтау» (2015) өлеңдер жинақтарының, «Ерейментау» (2008), «Қызылтау – құтты қоныс, киелі аймақ» (2011), «Қанжығалылар» (2015), «Есімдері жүрсін деп ел есінде…» (2016), «Қорғалжын» (2018) тарихи-танымдық кітаптарының, «Депутаттың бәтіңкесі» (2016) сатиралық әңгімелер жинағының, сондай-ақ «Ажалын жоғалтқан адам» романының авторы. Ақынның «Сүмбіле жұлдыз туғанда» атты жыр жинағы 2026 жылы мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар тізіміне енген. Қазіргі уақытта Павлодар облыстық «Ақбеттау» және «Алтын тамыр» журналдарының редакторы қызметін атқарады.

Астаналық оқырмандар мен зиялы қауым өкілдері және Павлодардан, Ерейментаудан келген ел азаматтары қатысқан іс-шараның тізгінін «Тамаша» ойын-сауық отауы құрамындағы өнерімен қалың көрерменге кеңінен танылған өнер иесі Сағаділдә Үсібәиев ұстады. 

Сондай-ақ тұсаукесер рәсіміне бүгіндері өткен тарихқа айналған Талдыкөл ауылының тұрғындары да молынан келіп қатысты.

Іс-шараны жүргізуші Сағаділдә Үсібәлиев мырза өз сөзінде: «Ағамыздың өзі туып өскен солтүстік өлкесін өзге ешкім сезіне қоймас деп ойлаймын. Ағамыздың мінезінің де жұмсақтығын байқап отырмыз. Драматургия заңдылығында кейіпкерді аямау бар. Кейіпкерді неғұрлым аямай қойған сайын, оның оқырманы көп бола түседі. Ал бірақ ағамыз өзінің кейіпкерін аямайды: суыққа да салды, аязға да салды, бомж қылып та жіберді. Алаяқ қыздың жанына да ертіп жіберді. Бірақ сөйтіп отырып, оқырмандарын қатты аяп отырады. Алдын ала ескертіп отырады. «Өстіп бастық болып отырған адам алдынан тағы да бір сұмдықтың шығарын білмеді», - деп әр оқиғаның жанында аяп отыратыны бар. Бұл өзінің жүрегінің жұмсақтығынан деп ойлаймын», - дей отырып, алғашқы сөзді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовке сөз берді. Кітапты асықпай оқып, індете талдау жасаған филолог ғалымның сөзін біршама ықшамдап беріп отырмыз: 

- Қадірлі қауым! Бұл Сайлау бауырымыз, өзі – ақын, өзі – шежіретанушы, өзі – елтанушы, өзі – кезінде аламанға қатысқан айтыскер, сегіз қырлы азамат. Енді міне, тура алпыс сегіз жасында роман жазып ұсынып отыр. Мен романды бастан-аяқ оқып шықтым. Сайлау Сарыарқаның сары белінде туса да, жүрсе де, Алматының архивтерінде айлап жүреді. Сонау сақ, ғұн заманынан бергі деректер іздейді. «Ерейментау» деген деректі еңбек жазды. Қазір Ерейментау елі күлімсіреп отыр. Өзі әулиелі Қызылтауда туған. Ол жерде Жүсіпбек Аймауытов, Мәшһүр Жүсіп, Қадыр Тайшықов, «Қызылтау – құтты мекен, киелі аймақ» дейтін үлкен деректану шежірелік еңбекті шығарған. Баянауыл елі күлімсіреп отыр, қазір. Одан кейін «Қорғалжын» тарихи-танымдық кітабын  жазды. Оның сыртында «Едіге би» деген еңбек жазды. Қорғалжын елі күлімсіреп отыр. Өткен жылы шілденің бесінде «Қанжығалы Қарт Бөгенбай, Саққұлақ шешен, Сәдуақас Ғылмани туралы үлкен конференция өткізіп, елдің бәрі мәре-сәре болды. 

Ал бұл роман туралы көп дүние айтуға болады. Роман жазу деген – оңай емес. Әдебиетімізде роман жазудың шебері ретінде Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Мәжит Дәулетбаев, Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Сәкен Жүнісовтерді атаймыз. Осы ретте айтарымыз: Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» романы Нобель сыйлығына татиды, әлі күнге дейін. Одан кейінгі бір елеулі дүние – «Қан мен тер». Нағыз романдардың үлгісі. Мұны айтып отырған себебіміз, жоғарыда «Сәкең кейіпкерлерін аямайды» деп модератор бауырымыз айтқанындай, Әбекең де «Қан мен терде» кейіпкерді аямайды: отқа да салады, суға да салады. Сайлау да солай. Мен туындысын оқып: «Сайлау осы уақытқа дейін неге роман жазбай жүрген?» - деп таң қалдым. Бұл роман туралы талдау жазбам жуық арада жарық көреді. Бұл – қасіретнама, тағдырнама. Асылдықтың, арлылықтың жолында, тағдырдың кермесіне душар болған дейсіз бе, тағдырдың уын ішкен дейсіз бе, тағдырдың бет қаратпас сойқанына тауы шағылған дейсіз бе, төзім мен сабыр сарқылып, жігері құм болғандықтан дейсіз бе немесе тағдырдың жазғанына мойынұсынғандықтан дейсіз бе, романды оқи бастағанда-ақ ес-түсінен жаңылған, есеңгіреген, сандырақтаған мүшкіл күйге түскен нәуетек тірі өлік, әулекі, көксоққан маскүнем, қаңғыбастың сұрқай тірлігіне куә боламыз. Шошынасың, күйзелесің.

Романда оқиғаның өрілуінде, баяндалуында мін жоқ. Олпы-солпы, шұбалаңқы нәрселер жоқ. Жинақы, бәрі рет-ретімен табиғи жазылған. Артық сөз жоқ. Монологқа да шебер. Бұл – ұлт трагедиясына арналған шығарма. Бұдан кейінгі ғұмырыңды романға арна!

Бұдан кейін белгілі қаламгер, жазушы, аудармашы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мәди Айымбетов сөз алды. Жазушының да сөйлеген сөзін ықшамдап беріп отырмыз:

- Серік бәрін түгелдеп, талдап айтып шықты. Тамаша талдау жасады. Мен өзім Сайлауды ақын ретінде таныдым. Махамбетке арнаған өлеңі бар. Бұл – ғажап өлең. Атырауда жыл сайын Махамбет атындағы сыйлық беретін дәстүр бар. Осындай сыйлыққа лайық туынды. Сайлаудың шежіреге, тарихқа қатысты дүниелерін де үнемі оқып жүремін. Бірақ мына романның орны ерекше. Мен туындының атын оқығанда селк ете қалдым: «Ажалын жоғалтқан адам!» Атының өзі оқырманды бірден ойландырады. 

Романды оқып шыққанда кеңестік дәуірдің 70-80 жылдардан кейінгі кезеңі елестейді. Дәстүрлі романға қойылатын талаптардың бәріне сай туынды дер едім. Және бір айтарым: бұл туынды – дайын сұранып тұрған киносценарий. Қиындықтар, оқиғалар, зобалаңдар, Сібір ормандары, түрмедегі жағдайлар, бірге оқыған сыныптасқа деген адалдық т.б. әсерлі тізбектеліп өтеді. Жазушының шеберлігі де анық аңғарылады. Бір айта кетерлігі: роман екі жүз ғана данамен шыққан екен. Мұндай кесек туынды аз тиражбен таралып, елеусіз қалып кетпеуі керек, еңбек  ескерілуі керек. Ең бастысы – кітап оқырманның қолына тиюі керек. Кітап оқымайтын заманға тап келдік қой, қазір. Құтты болсын!

Еуразия ұлттық университетінің журналистика және қоғамдық ғылымдар факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлы сөз алып, өз ой-пікірін былай деп білдірді: 

- Сайлау ағамыз өзінен кейінгі інілерін бауырына тартып жүретін ағамыз ғой. Ағамызды ақын ретінде бұрыннан танимын. Өлеңдерін оқып келе жатырмыз. Фельетоншы ретінде де жақсы танимыз. Әзіл-сықақ дүниелерін ертеден оқып тәнті болғанмын. Бұл кісі – мықты фельетоншы. Айтыс өнеріндегі өрнегі бір бөлек. Бұл қасиеттердің бәрі қайдан келген десем, қазақ фельетонистикасының, қазақтың фельетон жанрының негізін алғаш қалаған ұлы жазушы Жүсіпбек Аймауытов шыққан киелі Қызылтаудан екен ғой, ағамыз. Мұны кейіннен, ағамызбен жақын араласып жүргенде естігенім. Жүсіпбек Аймауытұлының соңынан Қадыр Тайшықов шықты. 

Отыз жеті жасында ұсталып кетсе де, алғашқы қазақ-совет баспасөзіндегі фельетон жанрын дамытқандардың бірі – Қадыр Тайшықов болатын. Қадыр Тайшықов – өзінің бағасын әлі толық алып үлгермеген тұлға. Қадыр Тайшықовтың өмірі мен шығармашылығын өте жақсы білетін адам – Сайлау ағамыз. Сәкеңнен кейінгілер – бұл кісінің жазғандарын қайталап жүр. Қадыр Тайшықовтың туған інісі Насыр Баспақұлы да Қазақстанға белгілі журналист болды. Бұлардың барлығы Қызылтаудағы әулиелі Қызылтаудан, күлік елінен шыққан. Осындай топырақтан осындай қаламгерлер шықпауы мүмкін емес. «Ажалын жоғалтқан адам» кітабы – өзінің детектив жанрындағы төл тұлғасын тапқан роман деп айтуға болады. Қазір детектив жанрындағы романдар жоқ қой. Сол жоқ орынды басып тұрған шығарма. Жалпы бізде «Меценат.кз» дейтін жыл сайын берілетін әдеби сыйлық бар ғой. Соның екі-үш жыл қатарынан сарапшылар комиссиясы қатарында болып, бірқатар романдарды оқыдым. Көп шығарма түседі. Олардың ішінде жап-жақсы дүниелер де бар. Сонымен қатар қарапайым талаптарға жауап  бере алмайтын дүниелер де түседі. Романдардың көпшілігі шикі. «Ажалын жоғалтқан адам» романы – солардың барлығынан көш ілгері, әлдеқайда биік тұр. Кейбір жүлде алған шығармалардың өзін талапқа түгел сай деп айта алмаймын. Ал осындай жақсы шығарма жазған жазушы Сайлау Байбосынның сол сияқты әдеби байқауларға қатысса, жүлделі орын алатыны анық. Сондықтан, Сәке, бүгінгі романыңыз құтты болсын! Роман жазуды  осыдан жиырма жыл бұрын бастап кетсеңіз де ешкім таңғалмайтын еді. Әлі де кеш емес. Роман жазатын уақытыңыз деп ағалар айтқандай, роман жазыңыз. Өйткені детектив жанрындағы мұндай дүниелер жоқ. Саусақпен санарлық. Романның тартысы, көркемдігі жоғары. Барлық көркемдік критерийлерге жауап беретін, талаптарға сай жазылған шығарма. Өте сәтті шыққан. Шығарманың оқиғасы оқырманды үйіріп әкететіні көрініп тұр. Оқырманын тапсын. Шығармашылық табыстар тілеймін!

Бұдан соң сөз алған ҚР Парламент Сенатының депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Нухұлы да тұсаукесер рәсімі барысында толымды сөздер айтты:

- Армысыздар, қадірлі қауым! Жақсы-жақсы пікір айтылып, жан-жақты талдаулар жасалуда. Романның терең, шұрайлы тілмен жазылғандығын көрсетіп отыр. Мен Сәкеңнің басқа бір қырын айтсам деп едім. Баянауылдан екенін білемін, бірақ қай ауылдан екенін ешқашан сұрамаппын. Қызылтау дегенде жүрегім солқ еткендей болды. Себебі, менің анам сол Қызылтауда туған еді. Бір Қызылтау қаншама қасиетті адамдарды шығарды. Мәшекеңнен бастап, Жүсіпбек Аймауытұлынан кейін қаншама асылдарымыз бар. Шын мәнінде қазақтың мамандандырылған, алғашқы романы «Қартқожаны» жазып шыққан – Жүсіпбек Аймауытов. Бір Қартқожаны сипаттай отырып, қандай керемет қасиетті тілімен жазылған роман екеніне және Жүсіпбектей роман жазатын адамның бүгінгі күнге дейін де әлі бар ма, жоқ па деп айтуымызға тура келеді. Жүсіпбектей қасиетті тұлға шыққан жерде туған Сәкеңнің, Сайлау Байбосынның да осындай тамаша роман жазбауы мүмкін емес. 

Шын мәнінде мен Сәкеңмен Павлодарда ректор жүрген кезімде жақыннан таныстым. Көп жылдан бері жинақтап жүрген «Баянауыл» он томдығы амандық болса, шығады деп отырмыз. Мұндағы Баянауылға байланысты көптеген материалдарды Сәкеңнің еңбегінен алдық та. Және Сәкең сол жинақтарға жазып қана қойған жоқ, жауапты редакторы ретінде көп атсалысты. Себебі мен Сәкеңнің негізгі әлеуетін білемін. Тілінің шұрайлылығы, шешендігі – барлығы бар. Ұлт мақтанышы болған тұлғаларды Баянауыл аз берген жоқ. Солардың бірі – Қаныш Сәтбаев. Қанекеңнің мынадай бір тамаша сөзі бар: «Қандай биікте болсаң да, қандай жоғары лауазымда жүрсең де үш қасиеттен жаңылмағайсың. Біріншісі – еңбекқорлықтан, екіншісі – адамгершіліктен, үшіншісі – сыпайыгершіліктен. Адамгершілік мәселесі – мына кітапта Арғын мен өзінің жеке басы басты кейіпкерде толығымен ашылғандығынан көрінеді. Сәкеңнің: «Жүсіпбектің туы жығылмасын» деп, оның тұлғасын, еңбегін қазақ халқына кеңінен насихаттау мәселесіне келгенде, үлкен жұмыстар да жасап жүр. Оған бір мысал: барлығымыз арнайы түрде Шымкентке барып, Жүсіпбек Аймауытовқа бүгінгі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің бас ғимараты қабырғасына Жүсіпбек Аймауытовтың Шымкент елінде педагогикалық колледждің директоры болғандығы туралы мемориалдық тақтаны ашқан болатынбыз. Онымен ғана тоқталып қойған жоқпыз, Жүсіпбектің әдемі үлкен кеудемүсінін ескерткіш ретінде әдейі Қарағандыда жасатып апардық. Солардың барлығын да Сәкеңмен бірге барып аштық. Атасына деген құрметін, өзінің бойындағы ризашылығын Сәкең қай жағынан болсын, лайықты көрсете білді. Сол материалдардың барлығы бүгінгі күні Сәкең мынау өзі басқарып отырған Ертіс-Баян өңірінің бас журналы «Ақбеттаудың» бетінде жариялап келе жатыр. Бұл кісінің еңбегі тек қана Баянауыл ғана емес, Ерейментау, Қорғалжынға да қатысты. Осы елдердің құрметті азаматы. Ерейментау еліндегі қаншама шежірелі дүниелердің барлығын өзінің шұрайлы керемет тілімен бүгінгі күні жеткізіп жүрген Сәкеңнің еңбегі қай жағынан болсын, зор. Өлкетанушы, шежіреші ретінде, ақындығы өз алдына, жазушылығы жағдайынан алғанда да, барлығын қамтып отырған Сәкеңнің бүгінгі еңбегі өзіне сәйкес, өзіне қажетті дүниесі деп санаймын. Сондықтан да Сәкең жаңағы мен айтқан Қаныштың үш сөзінің барлығынан шыға білген азамат. Еңбекқорлығы өз алдына. Адамгершілік қасиеті зор. Қайсыбіреулерше балақтан тартып, жеңге жармасатын әдеті жоқ, таза жүретін адам. Ұсақ-түйек әңгімеге жоқ. Қандай биікке шықсаң да, сен өзіңнің сыпайыгершілігіңді, адамгершілігіңді жоғалтпау – жақсы қасиет. Адамның биік қасиеті осындайдан білінеді. Қасиетті тұлғаларымызды биіктен көрсетуге ешқашан шаршамаңыз!

Іс-шараға қатысқан ақын, тіл жанашыры, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса да қаламгерге ізгі тілегін арнады:

- Ассалаумағалейкум, ағайындар! Қабырғалы қаламгер Сайлау Байбосын ағамыздың кітабының тұсаукесері болып жатыр. Алдыңғы жазушы ағаларымыз кітапты толық оқыған. Ол кісілер толық баға берді ғой деп ойлаймын. Кітаптың атын «Ажалын жоғалтқан адам» деп айттыңыздар ғой. Қарасаңыз, осының өзі адамды селт еткізеді. Шындығында оқитын шығарманың тақырыбының өзі тартып тұруы керек қой. Осыған байланысты журналистика мамандығында: «Тақырып деген – жарты мақала» дейтін бір жақсы сөз бар. Соған саятын болсақ, кітаптың тақырыбы тамаша. Кітаптың көркемдік әлеуеті, баяндау тілі ең алғашқы басталатын екі сөйлемді оқығаннан-ақ белгілі болады: «Есін сәл жиса, ет сүйегінен өткен ызғардан тұла бойы жапырақша қалтырап, екі бүктеле бүрісіп, қос тізесі діріл қаққан иегіне тиіп жатыр екен.» Не деген сурет! Менің негізгі мамандығым – суретші. 

Оның қос тізесі діріл қаққан иекке тиіп жатса, ол адамның қаншалықты бүктетілгенін елестетіңіз! Адам не үшін соншалықты бүктетіледі? Соншалықты суық ызғарда қалтырап жатқанын суреттеу арқылы сезінеміз. Ал одан да сұмдық бар, екінші сөйлемде: «Өзінше тұрамын деп қарманып еді, шашы жерге жабысып қалса керек, бырт-бырт үзілді», - дейді. Шашыңның жерге жабысып қалып, қай жерде жатқаныңды білмей жату деген: бұл сұмдық қой! «Бырт-бырт үзілді» дегенде, шаштың үзіліп жатқанын құлағың еститін, бүрісіп жатқанын көзбен көрген сияқты сезіледі. Мұны не үшін айтып отырмын. Бұл – суреткерлік. Ол суреткерлік қайдан келген? Оны жаңағы алдыңғы ағаларым, Алтекең құрдасым айтып кетті. Ол – қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытұлынан басталған жол. Жүсіпбектен басталған сөз. Өзім ақын болғаннан кейін, Сәкеңді азулы ақын ретінде білемін. Әлеуметтік желі арқылы да жақсы білеміз. Бұл кісі ұлттық мүддені қорғауда үнемі атсалысып отырады. Кітабыңызға ақ жол тілейміз!

Журналистика ардагері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, қаламдас ағасы Бадуан Имашұлы да өз ыстық ықыласын білдірді:

- Мен бұл жерде маған дейін сөйлеген жолдастар романың жай-жапсарын айтып кетті. Мен қатардағы оқырман ретінде пікірімді білдіремін. Сайлау бауырымыздың шығармашылығымен өз басым, сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан таныспын. Өлеңдері, сықақ әңгімелері, скетчтері Ақмола облыстық газетте жиі жарияланатын. Жұрттың біреу біледі, біреуі білмейді, ұзақ жылдардан кейін Ақмола облысында болған ақындар айтысының алғашқы бас жүлдегері болды. Одан соң Сайлауды өз басым ақын, сықақшы, айтыс ақыны, термеші ретінде жақсы білемін. Енді мінеки, оқырмандарына кесек туындысын – романын ұсынып отыр. Оқырман ретінде айтарым: өзінің жүгін лайықты көтеріп тұрған шығарма. Мұндағы кейіпкерлер Клавка, Кулактардан бастап, шынайы көрініс тапқан. Қазақ даласының, Сібірдің табиғаты, көшіп келе жатқан қандастардың жол-жөнекей бастан кешкен сюжеттері өте тартымды. Өз басым, романды бір демде оқып шығып, пікірлескенде: «Шығармаң тартымды екен, жалғасы қалай болады?» - деп өз ойымды айтқанмын. Мына пікірді алдында да айтқанмын, осында да айтып қояйын: соңына таман роман келте аяқталып қалады. Осыған байланысты ой-пікір болды. Өзіне де айттым. Болашақта айтылған жайларды қосып ұсынса, тіпті ғажап болар еді. Оқырман ретінде Сайлауға шығармашылық табыс тілеймін. Сайлаудың шығармашылағына лайықты жағдай жасап жүрген үйдегі Гүлнәр келініме рақметімді айтамын! Бәрі құтты болсын!

- Бұл кітаптың ішіндегі оқиғадағы жанның сірілігі үшін бір бөлек фильм түсіруге болатындай. Қашып келе жатқандағы шытырман оқиғаларға бір бөлек фильм түсіруге болады. Құралайдың шешесінің менсінбей қойғанының өзі Қозы Көрпеш-Баян сұлудан бастап, бөлек шығарма болып жатыр. Осының барлығы бір кітаптың ішіне сыйып тұр. Тіпті анау соңындағы анда-санда келіп кететін өзінің әпкесі ғана ашатын, шегелеп тастаған үйдің есігі қайта ашылып, ошақта қайта от жанғанының өзі қазақтың небір аштық, қиындықты көріп, ақыры тәуелсіздік алып, қайтадан ошағының жанғанын астарлаған-ау деп байқап отырмыз, - дей отырып, жүргізуші Сағаділдә Үсібалиев келесі сөзді Екібастұз қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабаевқа берді:

- «Жұлдызға» шыққаннан кейін, ондағы жауапты адамдар: «Бұл туындыны ары қарай жалғастыру керек болар» деген екен. Содан бұл кісі қолым тимейді деп жүрді де, толық кітапты жазып ұсынды. Кітап бойынша Павлодар өңірінде, университетте, облыстық орталық кітапханада, Баянауыл ауданында оқырмандар кездесуі өтіп, халық жылы қабылдады. 

Бір оқырманның: «Анау кейіпкердің аты кім еді? Сол кейіпкерді тауып берші. Мен өзім барып сөйлесейін онымен!» - деп айтқаны бар. Детектив жанры соңғы кезде кенжелеп жүрген сала. Бұл – киноға сұранып тұрған кітап қой. Американың детектив кинолары көп, қазақтыкі – жоқтың қасы. Егер киноға шығып жатса, жақсы болар еді. Шығармашылығың арта берсін!

Келесі сөз кезегі жазушы, драматург, аудармашы, әдебиеттанушы ғалым Айгүл Кемелбаеваға берілді:

- Қазыбек аға екі ғана сөйлемнен үзінді кетірді ғой. Мен әлемдік классик Рюнеско Акутагаваның қысқа ғана дүниедегі суреткерлігі есіме оралды. Өңірлерде әдебиетте мықты-мықты тұлғалар бар ғой. Неміс тілінен керемет аудармашы Рауза Мұсабаева аударма аталымынан «Айбоз» алған еді. Сол Рауза: «Біздің өңірдегі, Ерейментау, Екібастұз, Павлодардағы әдебиеттің тұтқасын ұстап тұрған жазушы. Әрдайым шындықты айтып жүретін болғандықтан, бастық адамдарға жаға бермейді. Өмірі байыздап отырмайды, үнемі ізденісте жүреді. Өлкетануға қатысты барлық істе үлгеріп жүреді», - деп Сайлау ағаны ылғи керемет жоғары бағалап айтатын еді. 

Осы жерде айтылған пікірлерге қарап отырып, менің көз алдыма үлкен үш жазушының шығармашылығы елестеді. Біріншіден, мұндағы кейіпкер Гюгоның атақты «Алыс қалғандар» романындағы Жан Вальжан сияқты кейіпкер екен. Одан кейін тек туралы да айтылып жатыр ғой. Қазақтың аса ірі жазушысы, бірақ өз деңгейінде бағаланбай жүрген Медеу Сәрсеке ағамыз Баянауылдан шыққан екі тұлғаны ЖЗЛ-ға жазды ғой. Медеу ағаның да сарыны елестеп кетті. Үшіншісі – Акутагава. Жалпы оқырманды қамшы салдырмай жетелеп отыратын романдар біздің қазақ әдебиетіне өте керек және оны ақын жазып отырса солай болуы тиіс. Сайлау ағаның мықты ақын екенін мен де білемін. Оқып жүремін. Қазақ қоғамына байланысты кесек дүниелерді көп жазады. Құтты болсын, аға кітабыңыз!

Осы іс-шараны ұйымдастырып отырған «Амангелді Иманов» қорының орынбасары, ұлт жанашыры, кәсіпкер Еркін Сейітжанов мырза сөз алды:

- Сайлау ағамен таныстығым көп болған жоқ. Бір дастарқанда үш-төрт сағат араласу барысында қазақтың керемет асыл азаматтарының бірі екенін таныған едім. Содан бері туған ағамдай болып араласып кеттім. Осы кітапты, қолжазба кезінде ең бірінші болып оқығандардың бірімін. Сол кезде: «Сайлау аға, осы кітапқа қолдан келгенше демеушілік жасайық», - деп айтқанмын. Сол бойынша осы кітапты шығаруға шамамызша өз үлесімізді қостық. Бұл кітаптағы оқиғалар – бүкіл бір халықтың басынан өткен трагедия сияқты. Мен энергетика саласының маманымын. Бірақ жүрегіміз қазақ деп соққандықтан, қазақтың қасиетіне, руханиятына қолымыздан келгенше үлес қосып жүрген ұлдарыңыздың бірімін. Менімен бірге «Астанаэнергода» Қуаныш деген азамат істеген еді. Ол кісі кезінде арнайы қызметте болған екен. Мына туындыдағы оқиғалар дәл сол кісінің басынан өткендей екен. Мен сол кісіге қоңырау шалған едім. Сайлау аға, мынау тағдыр қаншама қазақ жігіттерінің басынан өткен ортақ тағдыр. Жаңағы Қуаныш ағамыз: «Негізінен Совет үкіметі кезінде арнайы қызметке қазақтың жігіттерін алатын еді. Неге? Себебі қазақтың жігіттері – шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін батырлар еді», - деп айтатын еді. Сондықтан, мұндағы кейіпкердің қайраттылығын, төзімділігін суреттеу бекер емес.

Сайлау ағамыз – текті жердің азаматы, «бетегеден биік, жусаннан аласа» деген ұстаныммен жүретін сырбаз азамат. Өзінің өнері бетегеден биік болып тұрса да, өз-өзін жусаннан аласа ғана көрсететін қасиетті ағамыздың бірі. Бүкіл Павлодар, Баянауыл, Ерейментау өңірлерін тарихи тұрғыдан зерттеп жүрген ғалым адам ретінде өз басым санаймын. Жаза беріңіз, болашақта Сайлау ағамен экспедиция жасаймыз деп үміттенемін! Әлі де қолымыздан келгенше, қол ұшын беруге дайынбыз!» 

Іс-шарада Ерейментау ауданының құрметті азаматы, Үмбетей жыраудың ұрпағы Жеңіс Бөдешұлы сөз алды:

- Аңыздар елі, абыздар елі, батырлар елі, жыраулар елі, би-шешендер елі, қол бастаған көсемдер елі, дін иелері, хазірет-қалпелер елі, қасиетті Ереймен жерінің төл тумасы Сайлау Байбосынның бүгінгі «ажалын жоғалтқан адам» деген кітабының тұсаукесеріне келіп отырған сіздерге көптен көп рақмет! 

Қадірлі ағайын! Кітапты бәріміз оқыдық. Бірінші рет оқығанда өзіміз Ерейментауда беташарын жасадық. Сонда оқығанда, менің ойыма сонау жетпісінші жылы бала кезімде ауылдағы кітапханадан алып оқыған Кемел Тоқаевтың «Сарғабанда болған оқиға» деген детективтік романы, Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген кітабы болатын, солар түсті. Солардан кейін жазылған детективтік шығарма – осы «Ажалын жоғалтқан адам». Олай болатын болса, жаңа жазушылардың өзі де айтып жатыр, біз көзі қарақты адамдармыз, ауылда жатқан адамдар болсақ та  журналымыз, газетіміз алдымызда. Оқимыз. Олай болса, біздің Сайлау неге әдеби жүлделерден өтпей қалып жатады? Өйткені тілі ащы, жағымпаз емес. Олай болса, баяғыда биікте отырар еді. Бауырым, Ереймен жерінің төл тумасысың. Ата-бабаларың Қызылтауда туып-өскен. Екі қасиетті жердің баласы сен жаман болмайсың! Екі елді тел емген ұрпақсың сен! Алла жар болса, қарт Бөгенбай батырдың аруағы қолдасын! Өзімнің атам Үмбетей жырау Тілеуұлының аруғы қолдасын! Әумин!

Келесі кезекте Қазақ радиосының жүргізушісі Әсет Жақсыбай сөз алып, сөз соңында жұртшылыққа Сайлау Байбосынның «Ақындар» өлеңін оқып берді. Ерейментау өңірінен келген Майдан апа жүрекжарды сөз сөйлеп, Сайлау інісінің арқасына ел атынан шапан жапты. «Қарашаңырақ» қоғамдық қорының төрағасы Тұрар Саттар да қаламгер ағасына арнаған өз ізгі тілегін білдірді.

Іс-шараны түйіндеген қаламгер Сайлау Байбосын бүгінгі тұсаукесер рәсімін ұйымдастырушылар мен қалың жұртшылыққа алғысын білдірді: 

- Бұл кітап туралы телефоннан, тікелей әр кез: «Бұл романға негіз болған оқиғаларды қайдан алдың, прототипі бар ма?» деген сияқты сұрақтарды көп сұрайды менен. Бұл бір аяқ астынан болған жағдай еді. 1997 жылдар – қиын кезең еді ғой. Сол кезеңде бір жігітпен болған әңгімеден туындаған идея еді. Мен әңгімелескен орыс жігіті – Ресейдің Алтай Республикасындағы Қосағаштың жігіті екен. Сол жігітпен сөйлескенде, ол маған біраз  әңгімелерін айтты. Содан көкірекке түйген оқиғаларды жазу ойда жүрді.

Бір жыл жұмыссыз қалғаным бар. Адам кітап жазу үшін жұмыссыз қалуы керек екен ғой. Содан лейтмотив қылып басын алдым да, осы кітапты жаза бастадым. Бәрін тастап 2023 жылы кірістім. кез келген шығарманы жоспарлағанда тектоникасы деген болады. Романның тілі күрделі емес, жеңіл оқылатындай таңдадым. Мұны өзі «Бердібек Соқпақбаевтың тілі» деймін. Кітап шыққаннан кейін Павлодардың оқу орындарында, кітапханаларда кездесулер өткізіліп, талдау-талқылаулар жасалды. Үлкен қызығушылық туды. Бұл өзі бұрындары Павлодарда болмаған жағдай еді. Содан кейін университет студенттерінің қолына тиді. Олар да қызығушылық білдірді. 

Екі университеттің студенттерімен, мектеп оқушыларымен кездестім. Оқыған адамдардың барлығы жақсы пікірлерін білдіріп, лебіздерін айтып жатқанына ризамын. Алматыға бірер сыншыларға жіберіп едім, ол кісілер де дұрыс пікірлерін айтып жатыр. Алда осы кітапты талқыға саламыз деп. Бүгінгі кешті ұйымдастырып жатқан «Амангелді Иманов» қорының төрайымы Толқын Сұлтанова қарындасыма, Еркін ініме, актер Сағаділдә бауырыма, алыс-жуықтан келген барлық қауымға көптен көп алғыс-ризашылығымды білдіремін!

Осылайша, «Ажалын жоғалтқан адам» романының тұсаукесер рәсімі Астана жұртшылығы алдында сәтті өтті. Қаламгерге алда да айтулы шығармашылық табыстар тілейміз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan