Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Азамат Нұрмұхан. «Шырылдайсың шаршамай, Шырылыңды...

Азамат Нұрмұхан. «Шырылдайсың шаршамай, Шырылыңды ұғар кім?»

29.10.2025

3181

Азамат Нұрмұхан. «Шырылдайсың шаршамай,  Шырылыңды ұғар кім?» - adebiportal.kz

Азамат Нұрмұхан - ақын,  Халықаралық Түрксой жазушылар одағының, Жетісу «Janr» әдеби клубының мүшесі. «Алғыс», «Ым»  жыр жинақтарының авторы.  Қазіргі таңда, Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясы, Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі.

Беу, Дүние

Беу, Дүние - дүрбелең,

Дүрбіңді салып маған бір.

Іңірде көзін ілмеген...

Орамал ойға орандыр.

 

Дүбірге толы дүрмекте,

Дүрліккендерге сал қамшы.

Аппақ көңілді кірлетпе,

Өтпелі өмірде алдамшы.

 

"Керуен көшер, ит үріп" ,

Төңірек түрер түндігін.

Таңдайға қатып шикілік,

Ұртымда ериді шындығым!

 

Ақ пенен қара алмасар,

Қызыл да жасыл базарда.

Таудың да басын қар басар,

Етекті де алар назарға.

 

Жүрейін жалын от берсең,

Көз жазбай өлең жұбымнан.

Кеудемнен ұшып кеткенше,

Балдан да тəтті шыбын жан... 

Беу, Дүние!

 

Жақсы ой

Сергімейсің, сейілмей тұман ішкі,

Алаң, алға бастырмай тұрады істі.

Желден жүйрік уақытқа ілесе алмай,

Әр сәтіңнен іздейсің, қуанышты.

 

Салыстырып алтынға жақұтыңды,

Күйбең тірлік ұрлайды уақытыңды.

Жайғасардай төріңе өзі келіп,

Әрлі күннен күтесің, бақытыңды.

 

Өмір солай өтеді мерекелі,

Ақ пейілің көңілді көл етеді.

Әміріне әлсіздік танытсаң да,

Тәңіріңнен тілейсің, берекені.

 

Мерзімінде боларға сәл асығып,

Қиялыңды қоясың таң асырып.

Көңіліңе кірбің кеп ұяласа,

Жақсылықты аңсайсың, аласұрып.

 

Күні - көктем, жаз сынды бөтенге айы,

Мен де сендей пендемін, шекерлі ойы.

Қуаныштың, 

Бақыттың, 

Жақсылықтың,

Жақсы ойыңда екен ғой... мекенжайы!

 

Премьера

Сол қойылым,

басты рольде сол əртіс,

ештеңе жоқ өзгерген.

Пайымдары сахнадан болар тыс,

уайымдары көзде өлген.

 

Сомдап жүрген 

ойындары жасанды,

ішкі ойларын білсін кім?

Көрермендер 

шыдар екен қашанғы?!

Мен де терең күрсіндім.

 

Күнде сатып 

аламын да билетті,

жыртуға оны қимаймын.

Ширек ғасыр 

шаштарын да сиретті,

сақалдарын сыйлаймын.

 

Бұл өмірді 

солар "айтыс-тартыс"  дер,

айтып жұртқа жиі ақыл.

Өзгергенмен 

ұсақ-түйек əртістер,

өзгермейтін Театр.

 

Бүгін тағы 

сол баяғы қойылым,

басты рольде сол əртіс.

Шебер сомдап 

аяқтапты ойынын,

шапалақты соғар тұс.

 

Ақ бастарын 

игендері жасанды,

ештеңеден жасымай.

Ешкім білмес 

жалғасарын қашанғы,

Спектакль осылай?!

 

Көл

Бір өзіне, 

бар Өзенді құйдырып,

Кең маңдайын 

Күнге жиі сүйдіріп.

Тоғыз секунд 

толмай қалса арнасы,

Жағаны ұрар 

толқындары шүйлігіп.

 

Ал, Өзендер жанталасып ағады,

Үлгермейді айырып ақ, қараны.

Құрбандығы жан бітіріп қурайға,

Жылдамдығы күрсіндірді даланы.

 

Бұлақтардың бұрайды кеп құлағын,

Құрақ қалың біледі іштей тынарын.

Тамырына нəр бере алмай Балдырлар,

Тағдырына алаңдайды Тұманың.

 

Қайнардың да бүлкілдеуін қарашы,

Үмітінен үрей басым, шамасы.

Табу үшін Көл көңілін төрт мезгіл,

Сағынышын сарқып болды жағасы.

 

Жаңбыр жауып сөндіре алмас от мұңын,

От мұңына өртенумен өтті күн.

Жер бетінен Көл кеткенше құрдымға,

Өзен, 

Бұлақ, 

Тұмаларға жоқ тыным.

 

Бір өзіне, 

бар Өзенді құйдырып,

Кең маңдайын,

Күнге жиі сүйдіріп.

Көп көзіне 

жазықсыз боп Көл жатыр,

Құшағына жер-жаһанды сыйдырып!

 

Бозторғай

Шырылдайсың шаршамай,

Шырылыңды ұғар кім?

Қарғалардан болшы абай,

Бəсі басым бұлардың...

О, Бозторғай, Бозторғай!

 

Бұлбұл неге жылайды?

Қарлығаш та көңілсіз.

Қолдамайды Құмайды,

Қырандардың көбі үнсіз...

О, Бозторғай, Бозторғай!

 

Сауысқандар ұшады,

Қырғи мінез танытпай.

Құрқылтайдың құшағы,

Жылылығын дарытпай...

О, Бозторғай, Бозторғай!

 

Жарқанаттың ұсқыны,

Жапалақты үркіткен.

Сыртқа апарып ішкіні,

Сескенбейді Бүркіттен...

О, Бозторғай, Бозторғай! 

 

Аққу-Қаздар тізбегін,

Алаңдайсың бұзды деп.

Тырналардың іздерін,

Тырнағандар - мұз жүрек...

О, Бозторғай, Бозторғай! 

 

Құнсыз қылып құндыны,

Ділді қайтем бүлінген?

Менің үнім бұл күні,

Егіз сенің үніңмен...

О, Бозторғай, Бозторғай!

 

***

Тəтті қиял кеткенде таңға сіңіп,

Тəтті арманнан түн ұйқым алды ашылып.

Түршіккенде жарылса бүршік кеуде,

Тағат таппай тұрамын, 

Тауға асығып!

 

Маңдайымнан сыйпаса самалы ескен,

Білтелі үміт тұтанып жанады өшкен.

Тау қадірін біле ме...

Тауда тумай,

Қабатты үйдің баласы қалада өскен?! 

 

Міні басым мұң артып, талғанда иық,

Көз алдымда кетсе де жалған күйіп.

Тарау-тарау жолымнан адастырмас,

Ай тұмарлы арманым... 

Таудан биік.

 

Мазаласа жаныңды жалғанда елең,

Шабыт қонып, қаламнан жауған ба өлең?!

Арғымағы арманның мөңкіп кетіп,

Құлатпаса болғаны...

Таудан төмен.

 

Тəтті қиял кеткенде таңға сіңіп,

Тəтті арманнан түн ұйқым алды ашылып.

Таңырқамай, биіктен қарашы бір,

Төмендегі тірлікке...

Тауға шығып...

Адам көзімен

 

***

Иә, менің,

Өлеңім - мол егістік, миялы егін.

Шырмауығы гүлденіп тербеледі,

Кеңістіктің көркейтіп қия, белін.

 

Егістігім...

Самалына тербелген жер үстінің.

Жанарыма қаяу мұң түсе қалса,

Күнгейіне күйдірер терістігін.

 

Миялысы,

Кермек татқан көк шалғын қиял іші.

Жалбыз болып жанымды жазбаса да,

Мен үшін ол - желектің зиялысы...

 

Егін өлең,

Ақиқаттың жете алмай шегіне мен...

Шырқырадым, не таптым шындықты іздеп?!

Сылқ-сылқ күліп жалған тұр жерімеген.

 

Ішімде - мұң,

Баспай алға қойғанда ісім менің.

Миялы өлең жанымды жегідей жеп,

Маза бермей жатады түсінгенім!

 

Батылдық 

Оңашада оң қолды жаққа сүйеп,

Батқанда ойға маған мін тақпас иек.

Ақты ақ деп айтамын кім болса да,

Жағымпаздық - жаныма, жат қасиет. 

 

Жандайшаптар жақтырсын, жақтырмасын,

Тасадан тас лақтырсын, лақтырмасын...

Ақты ақ деп айтамын кім болса да,

Кердеңдесе елемей көптің жасын. 

 

Жаншып таптап жаны бар жердегіні,

Тауға биік теңесе белдегіні.

Ақты ақ деп айтамын кім болса да,

"Көке" деуден аулақпын кеуделіні. 

 

Әумесерлер жүрсе де кекшіл көріп,

Бұл өмірден өтермін көпшіл болып.

Ақты ақ деп айтамын кім болса да,

Өзегімнен тебе алса тепсін келіп. 

 

Әрсіз сөзбен әр жолы былғанса да,

Жалын атқан жасанды жыр қаншама.

Кектен мейлі, сен мені жек көр мейлі,

Ақты ақ деп айтамын кім болса да!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan