2 шілде - қазақтың көрнекті ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері, ұлттық рух пен әділет жолындағы күрескер тұлға Мұхтар Шахановтың дүниеге келген күні. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы мәдениет жөніндегі арнайы өкілі болды.
Шаханов поэзиясында елдік, адамгершілік, ұлт мәселесі, махаббат пен руханият кеңінен жырланады. Оның "Өркениеттің адасуы", "Шыңғыс ханның пенделігі", "Жазагер жады космоформуласы", "Төбе би", "Махаббат заңы" сынды туындылары – тек көркем шығарма емес, терең философиялық ой-толғамдар.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ жастарының ақталуына байланысты Мәскеудің қыспағына қарсы бірден-бір шындықты айтқан зиялы ретінде халық жадында қалды. Сонымен қатар Арал тағдыры, ұлт тілі мен руханиятының тағдыры секілді күрделі мәселелерді халықаралық деңгейге көтеріп, қоғамның көзін ашуға үлес қосты.
Мұхтар Шаханов — қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлт рухының тірегі саналған тұлға. Оның шығармашылығы мен азаматтық ұстанымы әлі де талай буынға үлгі болары анық.
Бүгінгі буын Мұхтар Шахановтың поэзиясын тек оқулықтағы бір тарау ретінде емес, сананы серпілтер, ойды оятар рухани күш ретінде қабылдауы тиіс. Ол өлеңнің емес, уақыттың таразысына түскен тұлға. Оның поэзиясы қандай дәуір келсе де, өзекті болып қала береді. Себебі оның жырлары бүгінгі күннің емес, ұлттық мәңгіліктің мұратына арналған.
Желтоқсан тағылымы
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайратым, жас өркені халқымның!
Арманыңның атын,
Жігеріңнің отын
Өшіре алмас асау желі уақыттың.
Егер кім қанша
Уайымсыз болса,
Нақ сол адам құнын білмес бақыттың.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
****
Жігіттің екі сипаты
Кім қайратты
Кім кімге асқар тұлға,
Мүмкін бе екен тағдырдан бас тартуға?
Неткен ғажап,
Биіктен құлаған тас
Сынғанымен қалады тас қалпында.
Құзар шыңда,
Ойпаңда,
Бұралаңда,
Талайларды сын күтіп тұрады алда...
Быт-шыт болып кетпей ме қам кесектер
Кіп-кішкентай жырадан құлағанда.
Алуан тағдыр берілген бұл адамға
Есегінен ез жігіт құлағанда
Жұбатыңдар,
Аяңдар,
Өйткені оның,
Құм боп кетер жігері жылағанда.
Алуан тағдыр берілген бұл адамға,
Тұлпарынан ер жігіт құлағанда,
Жұбатпаңдар!
Ер адам от-жігерін
Намысына жаниды жылағанда.
*****
Жалын
Өтудесің,
Өтесің замандарым,
Құпиям көп ұқпаған, түсінбеген.
Әкем менің жек көрген адамдарын
"Жалыны жоқ сорлы" деп мүсіркеген.
Алдан іңкәр үміттің жолын көрем,
Жолын көрем,
Жанымнан жалын көрем.
Мүсіркетпе тағдырым мені ешкімге,
Мүсіркеген адамның қолында өлем.
Ғасырына он берген,
Ерлер аз бап шапағатын ел көрген,
Жас шағында-ақ заманының заңғар ойын меңгерген.
Керісінше, сақал-шашын күнге ағартқан қарттар бар,
Жасы жүзге келгенмен.
Даңқы шырқау ел рухын айқындайтын деңгейдің,
Жас кезінде жалыны жоқ жігіттің,
Жас кезінде дарыны жоқ жігіттің
Ертең ерлік жасарына сенбеймін.
Иә, жастық тақ бола алмайды ешқашанда жарлы ұғым,
Аяу керек
Жастық отын ерте өшіріп алғандардың барлығын!
****
Махаббатты қорғау
КIРIСПЕ ЯКИ ҒАШЫҚТАР ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН
I
Бiз екеумiз жолықтық,
Бipaқ тым кеш жолықтық,
Достасудан от тұтап, қоштасуға қорықтық.
Маған құйды жарығын сенiң көңiл-терезең,
Арқамызда - құзар шың,
Алдымызда - өр өзен.
Өр өзеннен өтуге кiм бередi қайықты,
Кiм бар бiздi түсiнер, қане, кiм бар байыпты?
Ал қайықшы - қиқар шал,
Жалынғанмен, не бiттi?
Қайығына қабаған итiн байлап кетiптi...
Япырай, бiз соншама дәрменсiз боп тудық па?
Бойымызда жоқ екен иттi алдайтын қулық та.
II
Көбелектiң "кеселi" -
Тұрақсыздық деседi.
Гүлден алған шапағатты ceзiмi
Келесi бip гүлге жетпей өшедi.
Өз мiнeзi өзiне үкiм кеседi…
Менiң саған айтпағым да осы едi!
III
Амал бар ма, махаббатқа жан пидалық ете алмадың,
Аққу-арман жалт бергенде, қуып көрдiң, жете алмадың.
Жете алмадың, көлеңкеңнен алыс ұзап кете алмадың,
Жанар майын жағып бiткен машинадай от алмадың.
Epкiң қайда,
Сертiң қайда, (бөркiң қайда, құрып қалғыр?)
Ең шешушi кез келгенде, тiлiң тiстеп тұрып қалдың.
Еңселiм деп ойлаушы едiм,
Еркелеушi ем ерге балап,
Ең шешушi кез келгенде тұрып қалдың жерге қарап.
Артық қорлық бар ма әлемде сенгенiңнен безiнуден,
Құлай сүйген адамыңның осалдығын сезiнуден...
Көз жасымды көрсетпеуге тырыстым мен саған бipaқ,
Сен деп шыққан сенiмiмнiң биiгiнен барам құлап.
Махаббатқа жан пидалық етпедiң бе,
Бәрi бекер!
Ендi қалған қызығыңның нарқы кемiп, мәнi кетер.
Өзiнiң ең қасиеттi әнiн қорғай алмаған жан -
Басқа icтe де қабiлетсiз... бағы мәңгi жанбаған жан.
Cipә, бағың жана қоймас, басқан iзiң кеттi кейiн,
Әйтсе де, мен жылап тұрып, жолың болсын деп тiлеймiн.
IV
Бақшадан алма ұрлаған баладай нақ
Кеудемде үркек сезiм салады ойнақ.
Отыздың орманында жүргенiмде
Алдымнан шықтың, айнам, ағатайлап.
Сен мендiк бар шаттықтың төресi ме ең,
Жүр едiм өткен шақтың елесiмен.
"Мұнда кел, мұнда кел" деп қол бұлғадың
Жиырманың көк балауса белесiнен.
Селк еттiм дауысыңнан шошығандай,
Жүр едiм өз мұңымды өшiре алмай.
Жиырмамда алдап кеткен махаббаттың
Kүнәciн әлi күнге кешiре алмай.
Сен болып қайта жанды-ау сағынышым,
Бәлкiм, тар маңдайымның бағымысың?!
Бәлкiм, сен менен қашқан махаббаттың
Ойланып қайта соққан шағымысың?!
Сол болсаң, қолыңды бер, жүр, қарағым,
Сен барған жерге мен де бip барамын.
Көл едiм тасымаған, тасыттың ғой,
Бақша едiм бағы тайған, гүлге орадың.
Кәнеки, жалыныңа жалға менi,
Күтiп тұр пәк махаббат, арман елi.
Өмiрде менi алдаған адамдар көп.
Тек қана сен алдаушы болма менi!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.