Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
А.Жұбановтың 120 жылдығына арналған әдеби-музыкалы...

А.Жұбановтың 120 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш өтті

17.04.2026

139

А.Жұбановтың 120 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш өтті - adebiportal.kz

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен көрнекті композитор, дирижёр, музыка зерттеушісі, Қазақстанның халық әртісі, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Ахмет Жұбанов – қазақ халқының мақтанышы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Кешті белгілі композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Жоламан Тұрсынбаев жүргізіп отырды. Алғаш болып сөз алған Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Сейітова Күміс ханым былай деді

«Бүгін біз қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті композитор, дирижер, ғалым әрі академик Ахмет Қуанұлы Жұбановқа арналған әдеби сазды кешке жиналып отырмыз. Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен жүргізілген ғылыми экспедициялар нәтижесінде мыңдаған халық әндері мен күйлері жиналып, зерттелді. Осы арқылы ол қазақтың дәстүрлі музыкасын сақтап қана қоймай, оны ғылыми жүйеге түсіріп, келер ұрпаққа аманат етті. Оның бастамасымен құрылған Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі күй өнерін жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық музыканы кеңінен насихаттады, көптеген дарынды шәкірт тәрбиеледі. Бүгінгі кездесуге Ахмет Жұбановтың шөбересі, пианист әрі ұстаз Карина Измаилова қатысып отыр. Осындай тағылымды әулеттің ортамызда болуы – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш. Кітапхана қорында А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары», «Музыка әліппесі», «Құрманғазы» атты еңбектері және «Би» күйі жазылған күйтабақтар және кітапханамыздағы Хамит Ерғалиев қорында Ахмет Жұбановтың «Құрманғазы» (1960 жылы) кітабы өзінің қолтаңбасымен сақталғанын айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар, Қазақстандық Ұлттық Электронды Кітапханасында А. Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы, еңбектерінің құндылығы туралы мақалалар, «Ахмет Жұбанов және Қазақстанның өнертану ғылымдары» республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары, әндер, романстар, хорлар, ноталар және CD материалдардың электрондық нұсқалары енгізілген. Бұл еңбектер қазақ музыкасының тарихы мен теориясын ғылыми тұрғыдан терең зерттеуге мүмкіндік беріп, оқырманға ұлттық музыкалық мұраны жан-жақты танытады. Сонымен қатар, олар өнер әдебиеттері қорын байытып, жас зерттеушілер мен өнер сүйер қауым үшін құнды дереккөз болып саналады» деді.

Сонымен бұл іс-шараның мақсаты – қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушы Ахмет Жұбановтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау арқылы ұлттық мәдениет пен өнерге деген қызығушылықты арттыру. Шынымен-ақ Ахмет Жұбановтың қазақ музыка мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Оның шығармалары жанрлық және мазмұндық тұрғыдан ерекше бай. Айталық Латиф Хамидимен бірлесе жазған «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) опералары ұлттық опера өнерінің классикалық туындыларына айналды. Сонымен қатар «Қазақ билері», «Тәжік биі», «Абай сюитасы» шығармалары да қазақ музыкасының алтын қорынан орын алды. Әйгілі «Құрманғазы» операсын (1970) композитордың қызы, белгілі өнер қайраткері Ғазиза Жұбанова аяқтаған еді. Кеш гибридті форматта (офлайн және онлайн) ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымға кеңінен қатысу мүмкіндігін де ұсынады.

Әдеби-музыкалық кешке мәдениет және өнер саласының белгілі өкілдері мен мамандары қатысты. Олардың қатарында белгілі композитор Құрмет Сахай, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті проректоры, профессор Раушан Сабыржанқызы секілді өзге де өнер өкілдері өз ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар іс-шараға Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мемориалдық музейінің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кітапхана оқырмандары және ұлттық мәдениетті қадірлейтін көпшілік қауым қатысты. Кеш аясында композитордың шығармалары орындалып, тағылымды естеліктер айтылып, Ахмет Жұбановтың қазақ музыка өнеріндегі тарихи орны жан-жақты сараланды.

 

Біз осы шара барысында белгілі композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Жоламан Тұрсынбаевтың Ахмет Жұбанов жөнінде оқылған  баяндамасын толық жариялағанды жөн көріп отырмыз.

 

Замана тұлғасы, немесе Ахмет Жұбанов туралы бір үзік сыр

 

Ахмет Қуанұлы Жұбанов бабалар атының тұяғымен Ұлы дала төсіне жазып кеткен ауыздық шежіре-мұрасын түпнұсқалық қасиетінде ұрпағына жеткізіп, оның рухани тірегіне айналдырды.

Ақанның өмірі мен шығармашылығына арналған үлкенді, кішілі еңбектерден біз кенде емеспіз. Дегенмен, бұл жанның өмір сүріп өскен-өнген ортасы, достары, әріптестері, рухани-ұстамдық қағидасы, көксеген мақсат-арманы, демек, ұлы тұлғаның жан әлеміне, үнемі алыстап-тартысқан өткен өмір жолына үңілу – бүгінгі отырыстың мақсаты болар.

Қазан революциясы, кеңестік социализм құрылымы қазақ халқына адам айтқысыз азап жылдарын әкелгенін тарихтан жақсы білеміз. Қолдан жасалған ашаршылық қасіретінен 3 миллионға жуық адам құрбан болса, артынан, «елім» деп еңіреп туған ұлт зиялылары асқан жауыздықпен өлтірілді.

Осындай қара түнек заманда мейлінше жемісті де жеңісті еңбек еткен Ақанның басынан 1953 жылдың сәуіріне дейін елімнің қара бұлты сейілген, толастаған емес. 

Бір сәт ойланайықшы, егер «феодализмнің құлдықтарын уағыздау аспаптары» домбыра мен қобыздан оркестр құрып, «барымташы-ұры» Құрманғазыны халқының қасиетті перзенті еткен «асқынған ұлтшыл» Ахмет Жұбанов, 1938 жылы «халық жауы» болып атылған ағасы Құдайбергеннің тағдырын қайталаса ше? Не болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты…

Қазақстан композиторлар Одағының қолжазба қорында 1966 жылы Ахмет Қуанұлының өз қолымен өмірбаяны сақталған екен. Біз де соның ізімен жүріп, кейбір жорта жазылған оқиғаларға тоқтала кетсек.

Ахмет 1906 жылы 29 сәуірде бұрынғы Орал облысы Темір уезі Темір-Орқаш болысындағы Құсайқтам мекенінің №8-ші ауылында (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы) Жұбанов Қуанның шаңырағында дүниеге келді. Бұл шаңырақ бақыт-береке қонған, көп балалы құтты мекен болған. Жұбан келіні Бибішынар 14 құрсақ көтерген ана. Отағасы Қуан балаларын оқу-біліммен айналысқанын қалаған. Арабша сауаты бар ол қазақ жеріне көшіп келген переселендермен араласып, орыс тілін меңгерген. Қазақ арасында алғашқылардың бірі болып, егін шаруашылығымен айналысқан.

Ахмет Қуанұлы музыкаға баулып, өмірлік бағыт берген алғашқы ұстазы Құсайын Әжіғалиевтің есімін үлкен ілтипатпен атайды. «Ол білімдар, өлең жазатын, скрипкада, мандолинада, балалайкада, домбырада ойнайтын, ноталық сауаты бар және озық ойға ниеттелген адам болатын», – дейді.

Балғын Ахметтің әдебиет пен ғылым әлеміне құштарлығын оятқан Уфа медресесінің шәкірттері – ағасы Құдайберген мен оның досы Жиенғали Тіленбергенов ерекше аталады. Олар жазғы каникул кезінде Ахметпен бірге ауыл балаларын қазақ, араб, парсы тілдеріне оқытып, сауаттарын ашады. Құдайберген мен Жиенғали бірлесіп Жаяу Мұсаның «Мақпал-Сегіз» дастаны негізінде пьеса жазып, соны және Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегін» ауыл сахнасына шығарады.

1919 жылы Ақтөбе облысында сүзек ауруы халықты қынадай қырады. Бұл трагедия Жұбановтар шаңырағын теңселтіп жібереді – әкесі Қуан осы дерттен көз жұмады. Сүйікті әкеден, сол жылғы жұттан бар малынан айырылған отбасының бар ауыртпалығы буыны қатпаған 13 жасар Ахметтің иығына түседі.

Ол үш ауылдың кеңес хатшысы қызметін атқарып, тіршілік қамы үшін ат соқамен жер жыртып егін екті, шөп шапты, жағар отын жинады, мал өсірді... Алдын ала айтайын, оның осы қайырымдылық, дархандық, қамқорлық қасиеттерін, атақты ел қайраткері болғанда шәкірттері, достары, әріптестері оның бұл жақсылығын толығынан көрді. Қысқаша айтсақ, ардақты атамыз қолы ашық, көмекке асық, нағыз атымтай жомарттың өзі еді!

А.Жұбанов өміріндегі елеулі құбылыс – 1928 жылы Ақтөбе қаласында партактив курсында оқыған кезінде болды. Варшава консерваториясының түлегі, кәсіби жоғары білімі бар скрипкашы П. Чернюк оның музыкалық сауатын ашты: сольфеджио, гармония, музыка теориясы және скрипка сабағында ойнау сабақтарынан жүйелі тәлім берді. Бұған қоса, болашақ композитор математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, тарих пәндерін өз бетімен меңгеріп, экстернмен емтихан тапсырып, орта мектепті тамамдады.

Жеті жас үлкен ағасы Құдайбергеннің інісі Ахметке деген ықылас-ниеті, ықпалы ерекше болатын. Ол 1929 жылы Ленинград қаласында А. Енукидзе атындағы шығыс тілдері институтының аспирантурасында оқып жүріп, Ахметті қолынан жетектеп, осы қаладағы консерваторияның гобой аспабына, профессор Павел Ниманның сыныбына түсіреді.

Ал, Ниман, консерваториядағы қызметіне қоса, Ленинградтағы атышулы Андреев атындағы орыс халық аспаптарының көркемдік жетекшісі және бас дирижері болған.

Студент Ахмет осы ұжымның репетицияларына үзбей қатысып, ондағы дыбыстық-интонациялық иірімдер құдіретін, оркестрдегі әр аспаптың өзара қауышу сіңімділігін, гармониялық, полифониялық дамыту тәсілдерін, музыкалық қақтығыс драматургиясын, дыбыстардың сан алуан артикуляцияларын – сезімтал жүрегімен бойына сіңірді.

«Қазақ әндерін, күйлерін неге осындай етіп алпауыт оркестр үніне түсірмеске! Қасиетті дала кеңістігінде туған қазақ музыкасы осындай тылсым да дүрсіл үнге сұранып тұр емес пе! Жеке батыр болып асқақтайтын домбыра мен қобыздың, сыбызғы мен сырнайдың үндерін бір жерге тоғыстыру – алдағы атқарар жұмысым болсын!» – деген тұжырым Ахаң көңілінің көк дөнені болып шапқылайды...

Ахмет Жұбановтың Ленинград консерваторияда оқыған 1929–1932 жылдары өмірінің ең сәулелі, ең бақытты кезеңі деп бағалауға болды. Ұшқыр ойлы, құштар сезімді Аханға орыс музыка өнерінің небір атақты ғалым-ұстаздары дәріс берді.

Консерваторияда оқып жүріп, ол Ленинградтың тарихи-лингвистикалық институтындағы лекциялардың тұрақты тыңдаушысы болды. Ендігі жерде Ахметтің КСРО Ғылым академиясының фоноархивіндегі материалдармен жұмыс істеу мүмкіндігі туып, мұнда музыкалық шығармаларды нотаға дәлме-дәл түсіру техникасын жетік меңгерді. Музыкалық ғылымға, оның ішінде фольклорға деген Ахметтің көңіл қошеметі осы кезден басталады.

Бес жылдық консерваторияны төрт жылда үздік тамамдаған Ахметке осындағы Өнертану академиясының аспирантурасына жолдама берілді. Бұған қоса, оның неміс, француз тілдерін зор құлшыныспен меңгеруі басталады.

Ленинградта оқып жүріп, Ахметтің бар арманы қазақ жастарына жаппай музыкалық білім беру еді. Осы мақсатта ол уақыт зәрулігіне қарамастан «Музыка әліппесі» оқу құралын 1932 жылы жарыққа шығарды. Бұл қазақ тіліндегі тұңғыш музыка оқулығы еді.

Аханның 25 жыл бір сәт кідірмей, тынымсыз жасаған ғылыми-дерістік еңбегі осы «Әліппеден» басталады. ХХ ғасырдың ортасында қазақтың кәсіби өнері үлкен абырой мен атаққа ие болды десек, оның ұшар басында кемеңгер Ахмет Қуанұлы Жұбанов тұрды.

Табиғатынан көңілі дархан, жаңалыққа тез бейімделгіш, қулығы жоқ сенгіш халыққа сталиндік «жаппай колхоздастыру, индустриализациялау» саясаты асқан зорлық-зомбылықпен, қатыгездікпен өткізілгені баршаға аян. Бұл науқанға елінің саналы ұлдары қасқайып қарсы тұрып, өмірлерін қиды.

«Оян, Қазақ!» – деп шырқай самғаған ақын Міржақыптың жыр жолдары:

«Алыстан «Алаш» десе аттанамын,
Қазақты «Қазақ» десе мақтанамын.
Болған соң әкем Қазақ, шешем Қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!» – осы кезде туған.

Тіл білімінің негізін қалаушы, түркітанушы, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессоры, әлемнің 16 тілін жетік меңгерген, «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы» ғылыми-зерттеу еңбегін жазған, «ән», «би», «бақсы», «жыр», «домбыра», «күй», «қобыз», «сыбызғы», «толғау» атаулардың этимологиясын ашқан кемеңгер Құдайберген Қуанұлы Жұбанов болды. Оған 38 жасында «халық жауы» деген айып тағылып, 1937 жылы 23 желтоқсанда ату үкімі шыққанда, ол ақырғы сөзінде былай деді:


«Наши руководители кричали о вражеских кознях баев, о сопротивлении байства социалистическому переустройству… Забывали при этом, что байство – цвет и сила казахского народа, давали государству скот, мясо, шерсть, кожу и хлеб.Теперь когда конфисковали байство, пустили по ветру неисчислимые богатство нашей страны, развалили веками» сложившееся хозяйство Казахстана, оставшись у «разбитого корыта» начали кричать о переибах... Это значит – смерть значительной части казахского народа, и только казахского народа. Русские в Казахстане не голодали и не умирали... Все это происходит на глазах Советской власти. Таким образом, казахский народ и явился жертвой социализма. Надо освободить его от этого социализма; а это мы можем добиться только путем создания независимого буржуазно-демократического государства...»

Ленинград қаласында оқып жүрген студент Ахмет Қазақстанға Сталиннің Голощекин қолымен жасап жатқан қастандық қасіретін жақсы білді. Сондықтан 1933 жылы ақпан айында Оқу-ағарту халық комиссары Сейітқали Меңдешев оны Алматыда жақында ашылған музыкалық театр техникумына жұмысқа шақырғанда бірден келісім бергені – туған халқының басына түскен тауқымет трагедиясын өнер арқылы жеңілдетіп, езгіліп кеткен еңсесін көтеру еді. Ленинград Өнертану академиясы оған бір жылға академиялық демалыс бергенімен, оның ақтық деміне дейінгі бар өмірі туған еліне жанкештілікпен еңбек ету үрдісінде өтті.

Ақаң Алматыға келгеннен соң, оның талап-тілегіне сай 1933 жылы үкіметтің қаулысы шығып, Қазақтың ұлттық музыкалық театр техникумының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды, шәкірттер саны көбейтіліп оларға стипендия бекітілді, музыкалық-эксперименталдық шеберхана, халық музыкасын нотаға түсіру және өңдеу кабинеті ашылды.

Ұстаздық қызметке композиторлар Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, музыкалық аспаптар жасау шеберлері Борис және Мануил Романенколар шақырылды, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Иса Байзақов, Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов, Ғанбар Медетов орындауларында халық әндері мен күйлері нотаға түсірілді.

Мәдениет өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі – мұнда домбыра мен қобыз сыныбы ашылды. Бұған дейін қызыл белсенділер домбыра «феодализмнің идеялдық қаруы», қобыз «шаманизм апиыны» болып, тек еуропалық аспаптарды техникум шәкірттеріне үйрету тәртібі болатын. Ақаң, домбыра мен қобызда ойнайтын 17 оқушыдан ансамбль құрып, репертуарына ұтымды да ұтқыр шығармалар енгізіп, оны Оқу-ағарту халық комиссары қызметкерлеріне тыңдатқызды да алған бағытының дұрыс екендігіне көздерін жеткізді.

Ақаңның ендігі мақсаты – халық аспаптарынан оркестр құру еді. 1934 жылдың маусым айында бұл ойы іске асырылды: ұжым Бүкілқазақстандық халық өнері слетінде халық күйлері «Кеңес», «Қарабас», «Би күйі», «Айжан қыз» және «Балқурай» мен «Қарғаш» әндерін тұңғыш рет орындап, оркестр үнінің қазақ музыкасына етене жақын екендігі дәлелденді. Сондықтан 1934 жылдың 25- маусымы Алматы музыкалық-драма техникумы жанында құрылған ҚазЦИК атындағы оркестрдің мұрагері, бүгінгі академиялық Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дүниеге келген күні болып есептелінеді.

1935 жылы құрылған Қазақстандағы бірінші концерттік ұйым – филармонияның құрамына осы халық аспаптары оркестрі еніп, оның директоры болып А.Қ. Жұбанов тағайындалды. Халық оркестрі тұңғыш рет Шымкенттің қорғасын-мырыш зауытында, Ащысай шахтерлері, Атырау мұнайшылары, Каспий балықшылары алдында өнерлерін көрсетіп, олардың шексіз ризашылығына бөленді.

Қазақ музыка өнерінің ғажайып құдіреті танылған сәт – 1936 жылдың мамыр айында Мәскеу қаласында өткен Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің Бірінші декадасы болды. Мұнда Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» опералары көрсетіліп, алғашқы КСРО халық артисі атағына ие болған Күләш Байсейітова «Қазақ бұлбұлы» атанды. Орыстың ұлы әншісі Антонина Нежданованың Күләш туралы «Чудо!» сөзі осы тұста айтылды.

Ал, екінші «чудо» А. Жұбановтың басқаруындағы құрамында 40 орындаушылары бар ҚазЦИК атындағы халық аспаптары оркестрінің Декаданың қорытынды концертінде өнер көрсетуінде болды. Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Серпер», «Балбырауын», «Көбік шашқан», Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлері және халық әні «Қызыл бидай» әні (орындаушы – Жамал Омарова) орындалды. Оркестр музыканттарының музыкалық сауаты болмағандықтан, туындылар нотасыз ойналды. Бірақ дирижер құдіретінің арқасында ұлы даланың жусан иісі аңқыған аршын төсі, сағым қуған тұлпарлар шабысындай қуаты дүбірі, күн сәулесін қанатына ілген аққулар қиқуы... бәрі-бәрі қазақ музыкасының жаны, тәні, сәні болып Үлкен театр сахнасынан көрініс тапты! 

Сталин қатысқан бұл концерт ғаламат қасіретті басынан кешкен қазақ еліне рухани желпініс әкелгендей болды. Ахмет Қуанұлы болса, «Құрмет белгісі» орденімен және «Республиканың еңбек сіңірген артисі» атағымен марапатталды. Осы жылдың күз айында оның «Халық композиторы Құрманғазы» атты ғылыми-зерттеу еңбегі жарық көрді. Айта кету керек, артынша Құрманғазы тақырыбы Ақаң шығармашылығының тұпқазығына, күретамырына айналады: ұлы композитордың 60-тан аса күйлерінің жинағы, өмірі мен шығармашылығының монографиясы жарық көруі, 1944 жылы қазақ халық аспаптары оркестріне, 1945 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына Құрманғазының есімі берілуі, Хамит Ерғалиевтің либреттосына үш актілі «Құрманғазы» операсының жазылуы осыған айғақ.

Ағасы Құдайберген 1938 жылы «халық жауы» атанып атылғаннан кейін, Ақаңа «халық жауының інісі» деген айып-таңба басына қара бұлттай үйіріліп, сейілмейтін болды.

1939 жылы Қазақстан композиторлар одағы құрылды. Бұл ұйымның дүниеге келуіне Ахмет Қуанұлының қосқан үлесі ерекше болды. Ол халық композиторлары Естай Беркімбаев, Кенен Әзірбаев, Манарбек Ержанов сынды ХХ- ғасырдың сал-серілерін одақ мүшелігіне алудың қажеттілігін тұжырымды дәлелдеп, олар композиторлар Одағының толыққанды мүшелері атанды. Артынан, өткен 60-80 жылдарында, бұл тамаша дәстүр өзінің жалғасын таппады, яғни халықтың аяулы перзенттері Әблахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиевтер жоғары музыкалық білімдері жоқ деген сылтаумен бұл шығармашылық ұйымның мүшелері бола алмады...

Ахмет Жұбанов пен оның түйдей құрдас әріптесі, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Латиф Абдулхайұлы Хамидимен бірлесіп жазған 4 актілі «Абай» операсы ұлттық опера өнерінің классикалық туындысы болды. Мұхтар Әуезовтың либреттосы бойынша жазылған «Абай» операсының Абайдың ариясы, Ажар мен Айдардың дуэті, «Қарлығаш» хоры 1943 жылы өткен Орта Азия республикаларының ІІ-ші музыкалық Декадасында көрсетілді. Абайдың ариясын – Ришат Абдуллин, Айдарды – Әнуарбек Үмбетбаев, Ажарды – Күләш Байсейітова орындады.

Бұл өнер додасы, өзінің мағынасы жағынан Мәскеу Декадасынан кейінгі дүбірлі де күмбірлі уақиға болды. Қазақ опера өнері Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан республикаларынан биік тұрғанын танытты. Бұл көрініске ерекше қанаттанған композиторлар оны 1944 жылдың қазан айында толық бітіріп, осы жылдың 24 қарашасында опера және балет театрының сахнасында көрсетілді. Міне, осы күнді біз кәсіби ұлттық операның туған күні деп есептегеніміз абзал.

Мен музыкамыздың үлкен тұлғасы, жаны – қазақ, әні – қазақ, ұлты – татар Латиф Абдулхайұлы Хамиди туралы өткен 80-жылдары қазақ радиосына музыкалық хабарлар циклын дайындау үстінде онымен біраз сыр алысқаным бар.Мен оның құрдасы, жан досы Ахаңа деген адалдығына тәнті болдым. «Бұрынғы өткен батырлардың, билердің, хандардың, әнші-күйші, жыраулардың бойындағы асыл қасиеттері бір Ахмет Жұбановтың бойынан табылатын» – деуші еді, жарықтық. Ахаң арқылы қазақ елін, жерін, музыкасын жанындай жақсы көріп, осы құт мекенде өзінің рухы, мұрасы қалатынын тебірене толғайтын.

Сонда «Абай» операсының аяқталып, опера театрының көркемдік кеңесінде талқыланған кезінде болған мына бір уақиға туралы айтқан сөзі жақсы есімде.

«Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Евгений Брусиловский, Василий Великанoв, Қанабек, Күләш Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, тағы басқа өнер және мәдениет қайраткерлері бірауыздан жағымды пікірлерін айтып, «Абай» операсын қабылдау керектігін айтып, дауысқа салған кезде, бұған дейін ауыз ашпай отырған Брусиловский сөз алып, «опера жанрының тиісті компоненттері сіздер жазған операның 13- актісінде іске асады» – деп кекете қайырғаны бар емес пе! Мен аң-таң болып, «Аха, операда 13 акті болмайды ғой» – десем, «Латиф, үндеме, артынан түсіндіремін» – деді сыбырлап. Басым көпшіліктің қолдауымен, «Абай» операсы ешқандай өзгеріссіз сахнаға қойылатын болды. Көңіліміз көктем күніндей жадырап, жүрегіміз атша тулап, театрдың жанындағы саябақтың орындығына келіп жайғасқаннан соң, Ахаңа Брусиловскийдің жұмбақ сөзін түсіндіріп беруін сұрадым. «Әй, Латиф, сен қалай түсінбейсің?! Ол опера жазу сендердің қай жорықтарың, қолдарыңнан келген емес, келмейді де! Қазақша айтсам, қолын көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма – дегені ғой, оның!».

Міне, «Абай» операсының сахнадағы өміріне 80 жыл уақыт өткен екен. Әлі күнге дейін бұл туынды қаншама тыңдарман ұрпағының құлақ құрышын қандырып, рухани әлемінің асыл дүниесіне айналды! Бұдан кейін де Ахаң мен Ләтекеңнің шығармашылық достығы жалғасын тапты, олар 1947 жылы Мұхтар Әуезовтың либреттосы бойынша 4 актілі «Төлеген Тоқтаров» операсын дүниеге келтірді.

1951 жылы белгілі композитор, өнертану ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның халық артисі, опера театрының жетекші дирижері Ахмет Жұбановтың басына тағы қара бұлт үйірілді...

Брусиловский, Аравин, Ерзакович, Мессман Жұбановқа қарсы «Казахстанская правда» газетіне көлемді мақала ұйымдастырып, оны Мұқан Төлебаевтың атынан шығарды.

Мұқан Төлебаев болса Брусиловскийге оның шағыстыру, арандату, көре алмаушылық тірлігіне 1955 жылдың желтоқсан айында өткен Қазақстан композиторларының ІІ – съезінде, орыс тілінде былай деген болатын:

«Евгений Григорьевич постоянно себя переоценивает, он воображает, что он один воплощает в себе музыкальную культуру Казахстана, что история музыкальной культуры Казахстана есть история Брусиловского... Когда я приехал из Москвы, он встретил меня словами: «Ты великолепный, а Жубанов никуда не годится!» Если сравнить его с московскими композиторами, то он середнячок, хотя себя таковым не считает. Ему не нравятся Шостакович, Прокофьев. А мы знаем творчество этих композиторов! Он и половины не стоит Шапорина! Он соединил народные песни в оперу и присвоил себе авторство. Как только он от этого отходит, так – провал, как случилось его операми «Гвардия, алга!», «Золотое зерно», которые оказались негодными произведениями...»

Ахмет Жұбановқа «марксистік-лениндік эстетиканы аяққа басушы, жайдақ социологизмді дәріптеуші, кенесаризмнің жақтаушысы, ұлтшылдық идеяны насихаттаушы» деген айыптар тағылды. Әбден титықтаған адамға енді қолданатын ақырғы соққы, оны түрмеге жаптырып, үнін біржола өшіру еді. Барлық басшылық, ұстаздық, ғылыми қызметтерінен алынған ол Мәскеуде оқып жатқан балалары Ғазиза мен Болатқа барып бас сауғалаудан басқа амалы болмады. Артынан Ақаңды қатты сыйлайтын, КСРО композиторлар Одағының төрағасы Тихон Хренников оған ұзақ мерзімге «Руза» шығармашылық үйінде пәтер бергізіп, шығармашылықпен айналысуына жағдай туғызды.

«Батырды ұзақ соғыс қартайтады» депті Қожаберген жырау. Міне, оның өмірі осынау зар, тар заманда өтіп, интеллектуалдық шығармашылық күш-қуатын айтыс-тартыста өткізуге мәжбүр болды. Осындай «тар жол-тайғақ кешу» жолында жасаған ғажайып еңбегінің мәйегін тата алмағандығы – шындық. Мұндай жағдай оның ұлы замандастары Қаныш Сәтбаевтің, Мұхтар Әуезовтің де басында болды. Енді ол бар күшін композиторлық еңбекке жұмсады. Осы тұста композитор қаламынан 50 шақты әндер, романстар, «Абай», «Исатай-Махамбет» симфониялық поэмалары, фортепианоға арналған 10 тәжік, 8 қазақ билері, қобызға, виолончельге арналған «Ария», «Романс», «Күй», «Көктем», «Вальс» туындылары, «Амангелді», «Райхан» кинофильмдеріне, «Абай», «Махамбет-Исатай», «Сары», «Бақыт таңы», «Азат қыз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльдерінің музыкасы лег-легімен туып жатты.

1953 жылы, Сталиннің өлімінен кейін, Ахмет Жұбанов толық ақталып, барлық марапат – атақтары қайтарылды.

Ғасырлар бойы көшіп, өшпеген, найзасының ұшына жау мінгізген халқының текті ұрпағы Ахмет Жұбанов қайтпас қайратымен, еселі де еңселі еңбегімен ғаламат жеңіске жетті! Оның «Ғасырлар пернесі» (1958 ж.), «Құрманғазы» (1960 ж.), «Мұқан Төлебаев» (1962), «Музыкадағы бірінші қадамдар» (1962 ж.), «Қазақтың халық аспаптары» (1963 ж.), «Замана бұлбұлдары» (1963 ж.), «Ән-күй сапары» (1976 ж.), «Өскен Өнер» (1985 ж.) еңбектері осыған айғақ. Олар ұлттық музыка өнерінің қасиетті шежіресі, сарқылмас байлығы. Қазақ елінің төлтума музыка мәдениетін сақтап дамытуда өмірін сарп еткен Ахмет Қуанұлы Жұбановтың есімі мәңгілік елмен бірге жасап, туған халқының көңіл төрінде мәңгі сақталары хақ.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan