Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қоғамымызда қызу талқыланып жатыр.
Зиялы қауымның да, көзі қарақты оқырманның да рухани сұранысына жол ашар қаулының қоғамымыздың алға қадам басарына зор мүмкіндік тудырғалы тұр. Иә, солай болғай!
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы жанындағы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінде Президент жарлығын талқылауға арналған басқосу өтті. Кеңес төрағасы, белгілі жазушы Қанат Қайым Мемлекет басшысының қаулысындағы бастамаларды түсіндіріп, әріптестерін пікір алаңына шақырды. Балалар әдебиеті өкілдерін алаңдатқан мәселе – сала кітабын дұрыс шығаруға байланысты екен. Ойланып қарасақ, үлкен мәселе, зор сұрақ. Президент қаулысы да ел үміті балалар мен жасөспірімдерге бағытталған. Ендеше, мына мәселе сол болашақ үшін уақыт күттірмей шешілуі тиіс түйткіл...

Қазақ қоғамында балалар мен жасөспірімдер әдебиеті туралы әңгіме айтылғанда, көбіне шығарманың мазмұнына ғана назар аударылады. «Қандай идея айтты?», «Қандай тәрбие берді?», «Тілі қандай?» деген сұрақтар қойылады. Бірақ кітаптың тағдырын көбіне жазушы емес, полиграфия шешетінін біз әлі толық түсіне алмай келеміз. Баланың кітапты қолына алуы, оны соңына дейін оқуы, қайта ашуы – мұның бәрі қағаздың сапасынан бастап, қаріптің өлшеміне, мұқабаның психологиясына дейін байланысты. Яғни балалар кітабы – тек ішінде мәтін толы жазу емес, ол тұтас визуалды-психологиялық кеңістік.
Қазіргі қазақ баспаларының үлкен қателігі – балалар кітабын ересектер кітабы сияқты шығара салуы. Қою түсті мұқаба, ауыр мәтін, сапасыз қағаз, көзді шаршататын қаріп, арзан бояу, қисынсыз иллюстрация… Мұндай кітап баланы оқуға жетелесе, одан бала жалығып, мезі болады. Өйткені бала кітапты алдымен көзімен оқиды. Содан кейін ғана санасымен қабылдайды.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап полиграфиясының ең басты талабы – жас ерекшелігіне бейімделу. Мысалы, 3-6 жастағы балаларға арналған кітаптарда қағаз қалың әрі қауіпсіз болуы керек. Себебі бұл жаста бала кітапты тек оқымайды, ұстайды, бүктейді, иіскейді, кейде тістеп те көреді. Сондықтан экологиялық таза бояу мен улы химикатсыз материал қолданылуы – эстетикалық қана емес, биологиялық қажеттілік. Мұқабаның бұрышы өткір болмауы тиіс. Балаға арналған кітап – ойыншық пен білімнің ортасындағы мәдени зат.
Ал бастауыш сынып оқушыларына арналған кітаптарда қаріп мәселесі ерекше маңызды. Қазақ баспаларының көбі әлі күнге дейін ұсақ қаріппен кітап шығарады. Бұл – үлкен қателік. Баланың көзі шығарма мәтінімен күреспеуі керек. Керісінше жазуы көп мәтін оны ішіне тартуы қажет. Әлемдік тәжірибеде балалар әдебиетінде 12-14 pt көлеміндегі ашық қаріптер жиі қолданылады. Жол аралығы кең болады. Себебі визуалды тыныс деген ұғым бар. Егер бетте ауа болмаса, бала кітаптан қашады.
Иллюстрация мәселесі тіпті маңызды. Қазақ балалар әдебиетінің ең әлсіз тұсы осы. Бізде көбіне сурет кітап үшін емес, есеп үшін салынады. Кейде сурет бір беттік мәтіннен де көп нәрсе айтады. Баланың қиялын дамытатын кітапта иллюстрация кинематографиялық ойлаумен жасалуы керек. Түстердің психологиясы ескерілуі қажет. Мысалы, тым қараңғы немесе ауыр палитра баланың эмоциялық қабылдауын тежейді. Сондықтан балалар кітабында жарық, жылы, қозғалысы бар композициялар маңызды.
Жасөспірімдер әдебиетінде полиграфия мүлде басқа деңгейге көтеріледі. Демек дизайн да интеллектуалды болуы керек. Мұнда артық «балалық» элементтер кері әсер береді. Қазіргі жасөспірім визуалды мәдениетпен өмір сүреді: Netflix, TikTok, Marvel, аниме эстетикасы, digital-дизайн. Егер кітаптың мұқабасы сол әлеммен бәсекеге түсе алмаса, ол кітапты сөреде шаң басып қалады. Сондықтан жасөспірімдер кітабының дизайнында минимализм, стиль, графикалық айқындық маңызды.
Полиграфиядағы тағы бір үлкен мәселе – қағаз сапасы. Қазақстанда балалар кітабының көбі арзан офсеттік қағазға басылады. Бұл көзді шаршатады. Балалар кітабына жоғары сапалы офсеттік қағаз қажет. Өйткені кітап – баланың эстетикалық тәрбиесінің құралы. Егер бала кішкентайынан сапасыз кітап ұстап өссе, оның талғамы да жұтаңданады. Бүгінде әлемде балалар кітабы жай әдеби өнім емес, креативті индустрияның негізгі бағытына айналды. Мысалы, Жапонияда манга мәдениеті, Оңтүстік Кореяда визуалды кітаптар, Еуропада интерактивті поп кітаптар миллиардтаған нарық қалыптастырды. Олар кітапты тек оқылатын дүние ғана емес, тәжірибе, танымдық кеңістік ретінде ұсынады. Ал біз әлі күнге дейін балалар кітабын тендер есебін жабу үшін шығарамыз. Нарық үшін емес...
Қазақ баспалары балалар әдебиетіне өндірістік емес, идеологиялық көзқараспен қарайды. Балаға тәрбиені ең алдымен сапа береді. Әдемі кітап көрген балада кітапқа деген қызығушылық оянады. Ал сұрықсыз кітап көрген ұрпақ қолындағы смартфон экранына қарап, кітаптан безіп қашады.
Сондықтан балалар мен жасөспірімдер кітабының полиграфиялық талабы дегеніміз – жай техникалық стандарт емес. Бұл – ұлттық болашақтың эстетикалық стандарты. Егер біз кітаптың иісінен бастап мұқабасының түсіне дейін ойламасақ, онда біз оқырман тәрбиелей алмаймыз. Балалар әдебиетінің дағдарысы кейде жазушыдан ғана емес, баспаханадан басталады. Осыны да ескеру керек.
Қазақ қоғамы бір нәрсені түсінуі керек: балаға арналған кітап – ең жауапты кітап. Өйткені ересек адам жаман кітапты жауып тастайды. Ал бала сол кітап арқылы әлемді таниды... Осы айтылған мәселе құзырлы орган тарапынан шешімін тапса, бек қуанған болар едік, - дейді балалар жазушылары.
