Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
"Байрағы биік байтағым" мүшәйрасы қорытындыланды...

09.07.2024 1199

"Байрағы биік байтағым" мүшәйрасы қорытындыланды 12+

"Байрағы биік байтағым" мүшәйрасы қорытындыланды - adebiportal.kz

Бесінші шілдеде Астана күніне орай «Жастар» театрында  “Байрағы биік байтағым” ақындар мүшәйрасының қорытынды марапаттау салтанаты өтті. Мүшәйраны ұйымдастырушылар Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы болған республикалық ақындар мүшәйрасының биылғы жылғы тақырыбы ретінде Жошы ұлысы құрылуының 800 жылдығы алынған екен. 

Мүшәйраны жүргізушілер іс-шараның кіріспесінде: «Ұланғайыр даланың төсін тұлпардың тұяғымен дүбірлеткен ұлы өркениеттің мұрагері – Қазақ елі. Сондықтан да бүгін біз Жошы ұлысын ұлықтай отырып, елдік, ерлік пен егемендікті жырлаған жақын жырларға куә боламыз. Ақын қалауынан туған әр өлең жолында ғарыштық сәуле, ғаламдық күш-қуат пен халқының құдіретті қасиеті бар, ақын сөзі қашанда ақиқат. 

Биылғы «Байрағы биік байтағым» республикалық ақындарының мүшәйрасына Жошы ұлысының сегіз жүз жылдығын жырға қосқан бәйгеде, поэма, толғау, баллада жанрлары сынға түсті. Ұлы ұлыстың сегіз жүз жылдығын жасындай жырмен бейнелеп, сұлу сөзбен суреттеген үздіктердің есімдерімен танысатын боламыз», - деп аңдатып өтті.

«Байрағы биік байтағым» ақындар мүшәйрасының жүлделері қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің есімімен аталған екен. Яғни Ақселеу Сейдімбек, Кәкімбек Салықов, Несіпбек Айтұлы, Фариза Оңғарсынова, Қонысбай Әбіл, Ерік Асқаров, Көпен Әмірбек атындағы, әрқайсысы 300 мың теңгелік жеті жүлде лайықты деп көрілген жеті ақынға табысталды. Жүлдені табыстау рәсіміне жоғарыдағы жеті тұлғаның отбасы мүшелері, етжақын туыстары  қатысты.

«Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы жүлдені» табыстау сәтінде ақын, композитор Елена Әбдіхалықова салмақты да, тұщымды ой қозғап былай деді: «Армысыздар, қадірлі ағайын! Біздің Елордамыз жыл сайын осынау Астана күні  қарсаңында елдің қалам ұстаған талай таланттарына арнап осындай арнайы үлкен республикалық байқау ұйымдастырып, қомақты жүлде тағайындап, бір шабыттандырып тастайтын дәстүрі бар. Осы игілікті іс үшін қаламыздың әкімдігіне, өнерге қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға мың да бір рақмет айтқымыз келеді. “Осы іс-шараның басында әу баста кімдер тұр” деген де, көз алдымызға Ақселеу, Несіпбек ағалармыз, Фариза апамыз келеді. Осы бір ұлтсүйер жандар Ақмола Астана болған алғашқы  жылдарда  жастарға осылай жүлде табыстап тұратын еді. Заман аунап, енді ол кісілердің атындағы жүлдені тағайындау біздерге бұйырып тұр екен. Қазақ өлеңі десе, Фариза апамның аты ерекше ғой. Қазақ поэзиясына бір кісідей еңбек сіңірген, өнерге адал болған Фариза ақынның өнерге адалдығын, еңбекқорлығын кейінгі жастарға  тілеймін. Осыған орай, бүгінгі республикалық жазба ақындары жүлдесінің «Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы сыйлығын лайықты деп танылған үміткердің есімін атауға рұқсат етіңіздер!" - деп жүлдені ақын Қарлығаш Қабайға  табыстады.

Ақындық дарынның әлеуетін танытып, ұсынылған туындылар арасында жолдаған жыр жазбасы жоғары бағаланған танымал ақын Маралтай Райымбекұлы «Байрағы биік байтағым» жыр бәйгесінің бас жүлдесіне  ие болды. Бірінші орынға ақын, ғалым Жанат Әскербекқызы лайық деп танылды. Ал екінші орынды ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы мен Бақытбек Бәмішұлы бөлісті. Үшінші орынның үш жүлдесіне ақындар Маржан Ершу, Бауыржан Қарағыз және Жанат Жаңқашұлы  ие болды.

Ақын, Қазақстанның Жазушылар одағының басқарма мүшесі, мүшәйра қазылар алқасының жетекшісі Дәулеткерей Кәпұлы өз сөзінде бұл игілікті іс-шараның мән-мазмұны туралы кеңінен тоқталып өтті: “Армысыздар, қадірлі Астана тұрғындары! Қош келдіңіздер, Елордамыздың құрметті қонақтары! Сіздердің бүгінгі «Байрағы биік байтағым» атты мүшәйраға жарқырай келіп жайғасқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Жаңа мүшәйраның ашылуында  жалпы бағытымыз туралы айтылды. Былтыр ғана көзіміздің алдында жарқырап, асқар таудай болып жүрген Несіпбек ағамыз осы мүшәйраны он екі жыл қатарынан үзбей, өзі бастап өткізіп келген еді. Несіпбек ағамыздың жатқан жері жарық болсын. Елордаға келіп, Астананың қалыптасуына, руханиятымыздың кемелденуіне қызмет жасаған үлкендеріміз: Кәкімбек, Ақселеу ағаларымыздың, Фариза апамыздың руханияттағы орны айрықша еді. Көп жылдардан бері мүшәйра өткізу бастамасын үнемі қолдап келе жатқан Астана қаласының әкімдігіне көптен көп рақмет! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзі: «Жошы - қазақ хандарының атасы, Жошы ұлысының сегіз жүз жылдығы»,- деп үлкен мән беріп отыр. Соған байланысты түрлі институттар құрылып, зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл - екі алып мемлекеттің ортасында отырған бүгінгі Қазақстанның, кезіндегі Алтын орданың қара шаңырағы екендігі жөніндегі айтылуға тиісті әңгімені, ақиқатты ақындардың тілімен айтып, жеткізіп жатқанымыз деп біліңіздер!”

Қазылар алқасының төрағасы, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай өз сөзінде былай деп атап өтті: “Армысыздар, құрметті жыр сүйер қауым! Бүгін Астанамыздың керемет тойы қарсаңында қазақтың қасиетті қара өлеңінің үлкен салтанатын өткізіп жатырмыз. Мүшәйра биыл өткен жылдардағыдан сәл ерекше. Себебі, бұрын Алматыда тұратын қаламгерлерді қазылар алқасына Несіпбек аға шақырып тұратын еді. Бүгін енді ол кісілердің өзі өткен шақ аңызына айналды. Биыл сол ағамыздың эстафетасын қабыл алып, қазылар алқасына келіп қалдық. Жошы тақырыбындағы шығармалар бойынша бір жарым ай жұмыс жасадық. Ешкімнің аты-жөнін, фамилиясын білген жоқпыз. Жиырмадан көп поэма түсті. Мүшәйраның өзінің әртүрлі критерийлері бар, соның кеше ғана дауыс беру арқылы соңғы шешімін шығардық. Мүшәйраны ұйымдастырушыларға және оған қолдау білдірген қала әкіміне, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы бастаған бастамашы азаматтарға көп-көп рақметімізді айтамыз.”

Астана қаласы әкімінің орынбасары Байкен Есен ресми биліктің мүшәйраны өткізу жалғасын таба беретініне сенім білдірді: “Армысыздар, қадірменді сара сөздің майталмандары, мәдениет қайраткерлері, жиналған қауым! Баршаңыздың жылдағы дәстүр бойынша осындай аламан дүбірге, сөз бәйгесіне қатысып отырғандарыңызға қуаныштымыз. Шынымен де, он екі жыл қатарынан дәстүрлі түрде жыл сайын Елорда күнін тойлау аясында осы шараны ақиық ақынымыз, аудармашы, журналист Несіпбек Айтұлы ағамыз ұймдастырып, өткізіп келген болатын. Осындай керемет іс-шаралар Елордамыздың рухани өмірінің бір жарқ ететін мезеттері болып саналады. Бүгін осындай іс-шара барысында керемет рухани кештің куәсі болып отырмыз. Жалпы шынайы ақын өз халқының қуанышы мен қызығына шаттанса, қайғысына көз жасы мен көкірек шерін төгеді. Шығармаларыңыз, жасаған еңбектеріңіз елдің игілігіне қызмет ете берсін! Қаламдарыңыз ұштала берсін, құрметті жазарман қауым! Елордамыздың дамуымен қатар руханиятымыз да дами берсін деп тілеймін. Мереке құтты болсын! ”

Іс-шара барысында Астана қаласындағы «Жастар» театрының артистері мен Айзат Қарабек, Шерхан Арыстан, Өзгеріс Шерікбай, Кенжебек Жанәбілов сынды әншілер өнер көрсетті. Екінші, бірінші, бас жүлде алған ақындар өз туындыларынан үзінді оқып, көпшілікке жырдан шашу шашты.
Жыр мерекесі алдағы жылдарда да жалғасын тауып, ақындарымыздың жеңіске деген ынта-жігерін жани түсері сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар